Ақан сері — Сәкен Жүнісов

Аты: | Ақан сері |
Автор: | Сәкен Жүнісов |
Жанр: | Роман |
Баспагер: | Жазушы |
Жылы: | 2002 |
ISBN: | 5-605-01808-6 |
Кітап тілі: | Қазақ |
Жүктеп алу: |
Бет - 1
Көрнекті жазушы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сәкен Жүнісовтің «Ақан сері» романы оқырман қауымға кеңінен белгілі. Бұл басылымға романның бірінші кітабы еніп отыр.
БІРІНШІ БӨЛІМ
СЫРЫМБЕТ САЛАСЫНДА
«Лашынға лайық қарағым-ай, Бөктергіге қор болып барасың ба?» Ақан сері
1
Биыл қыстай Мезгіл, Шалқар, Жыланды болысындағы атығай-қарауыл елі ішінде тебіндегі жылқы малына бықбырттай тиген құйрығы бір тұтам шолақ қасқыр аңызға айналды. Ана ауылда да, мына ауылда да әлгі қасқыр малды қырып кетіпті; өзі де анау-мынау емес тайыншадай, тіпті кішігірім жабағыдай екен; боран-шашыныңа, ашық-жабығыңа, күн-түніңе де қарамайды, кейде тайдай тал түсте неше жылғы ту биелеріңді алып ұрып жәукемдеп, жылқышылар қиқуды салып қуғанша нағыз шиманды үлпершек майын қалпынша қылғытып тайып отырады. Не бір жүйрік сәйгүлікпен соңына түскен жылқышылар біраз қуа түсіп қарасын да көрмей қалады; тегі бірішек болса керек. Ондай Бөрілердің өкпесінде көрігі болады дейді, қанша шапса да шабысынан бір танбайды. Сонысымен қоса арланның күшінде қисап жоқ. Сақ жүрген талай жылқышы тазыларын қосып та көрген екен, маңайлай берсе-ақ бір-ақ қағып кете барады. Тіпті, тәуір иттерден тұқым қалар емес.
Және өзінің бір ғажабы, бүгін бір ауылдың малын жарып кетсе, арасына бірер күн салып екінші бір алыстағы ауылды қан қақсатады. Бір құныққан жердің малына қадала бермейді. Із тастап, бір ай шамасында қайта соғады. Үстіп жүрген адамнан айлалы бөріні қайтіп аңдырсың, қай жерден күтерсің?
– Өзі қорқау қасқыр емес пе екен – дүрдиген түрі жаман: желкедегі қара қылының өзі аттың жалындай, алқымы ана-мына тайынша бұқаның алқымындай, кеудесі алқам-салқам, шапқандағы екпіні үй жыққандай – бұрын-соңды көрген бұл жақтың аңы емес, тегінде жолбарыс, не арыстанмен шатысы бар кәпірдің, итала қаздың інге салған оныншы жұмыртқасынан жаралған малға ауызданған дала құмайы болуы да ықтимал,- десіп, көрмегендер де көргендей жыр ғып, ертегіге айналдырды.
Малынан шашау шыққан талай байлар, қасқыр соғуға кәнігі аңшылар тісін қайрап, қаншама сайланса да бір бөріні ала алмай, осынау жалпақ елдің үстінде тайраңдатып қойды.
Жақында тағы бір суық хабар естілді. Шынында да бұл суық, әрі үрейлі жаманат еді.
Күн борасындау болса керек. Ыға бастаған табынды қайырып жүрген бір жылқышы буы бұрқырап жайрап жатқан семіз байталдың үстінен шығады. Жан- жағына қараса, анадай жерде селтиіп қарсы қарап тұрған жалғыз қасқырды көреді. Аттың басын солай қарай бұрып алып, қамшыны басады. Дәл жанына
келгенше шімірікпеген арлан «ал көрейін, соңыма түсші» дегендей, айбат шеге бір қарап, жорта жөнеледі. Бой салып қашпайды да. Жылқышы құйғытқан бойы жете беріп, қарына ілген ұзын құрығын алып сілтей береді. Өзінің де киімі күржиген қалың болса керек, ебедейсіз байғұстың бөрінің мойнына қарай лақтырған құрығы жонына былқ еткенде қасқырдың да тісі сақ етіп, көз ілестірмей құрықты жұлып алады. Жылқышы атын бұрып қайта келгенше өзі қарсы қарап, көзінен от шашып қозғалмай жатады. Жылқышы да қасқыр соғып жырынды болмаған балаң жігіт болса керек, енді не істерін білмей, таралғыны ағытып, темір үзеңгіге қолды сала бергенде аттан қалай ұшып түскенін де аңғармайды. Тек көзі қанталаған бөрінің астында жатқанын бір-ақ көреді. Жан дәрмен бе, әлде бұрын аңшылардың айтқаны есінде ме - екі көзін көкжалдың көзінен алмайды. Айғайлайын десе, үні шықпайды. Құдайдың сақтауы ма, әйтеуір зілде қасқыр екі иығынан тырп еткізбей бар салмағымен басып тұрды да, бір мезетте бір-ақ атылып қас пен көздің арасында жоқ болады. Сол екі ортада тырағайлап шауып, басқа жылқышылар да жетіпті. Жас жігітті орнынан тұрғызып алса, тіл жоқ, тұла бойы қалтырап, есі шығып кеткен, екі көз ғана алақтайды. Содан төсек тартып ұзақ жатады. Жақында ғана тілі шығыпты. Тегі кекеш боп қалатын түрі бар деседі.
Бұрынғы бұрынғы ма, малды қойып, енді адамға да шаба бастаған қасқырдан жұрт шын сескенейін деді. Қайтсе де бұл бірішек кәпірдің көзін құртпай тыныштық болмайды. Қанша әккі, күшті дегенмен адамнан жеңілмейтін хайуан жоқ.
Осыдан былай ол Бірішек атанды.
Наурыздың орта кезі еді. Бұл айда жылдағыдай ұдайы түтейтін ақ боран болмағанмен, жиі-жиі қар жауып ашылып, желсіз тымық күн маужырап тұрады да, ойда жоқта жел көтеріліп алдап соғады. Ақпан-қаңтардағы ызғарлы боран емес, жабысқақ, жауа еритін жылы май боран. Осындай боранның бірінде Бірішек арлан жылқыға тиіп, буаз торы биені жер қаптырған. Ішін жарып жіберіп, ішек - қарынын ақтара тартқанда, биенің жатыры жыртылып, әлі түгі жетіле қоймаған, бүк түсіп тыныс алған шалажансар, қызылшақа, жылы құлыншақ тырбаң етіп бірге шықты. Қанша малдың қанын жүктеп жүріп, тап мынадай ғаламатты көрмеген Бірішек ыр етіп бас салды да, қауып-қауып асай бастады. Қызылшы бөріге қаны сорғалаған жас еттің бәрі дәмді, бірақ тап мынадай жұмсақ, тәтті етті көрген жоқ. Шайнамай жұта берді. Анда-санда «ғыр-ғыр» етіп құныққан үннің қай көмейінен шығып жатқанын ашқарақ көкжал аңғармады да. Құлыншақтың аппақ шеміршек тұяқтарына жеткенде барып, сала құлаш тілімен омырауына баттасқан, езуіне шашыраған қанды ұзақ жалап кетірді де, желдің өтіне қарап ырылдап, тырнауыштың тісіндей ырсиған азуларын ақситып, есінеді. Арандай аузына ұсақ қиыршық қар тигенде барып есіне түскендей жалма-жан ұлпа қардан асап-асап алды. Содан соң екі-үш рет аунады да, созыла керілді. Қалың көк ала қылшықты арқасына, жонына жабысқан сықпа қардың әр жері жентектеле ашылғанда, дүр етіп қатты сілкініп-сілкініп қалып, бабына келген Бірішек енді бұл арада аялдамай, сөлеңдеп жорта жөнелді.
Торы биенің иесі желінің құты боп саналатын қасиетті малын боран ашылған соң тауып, шашын жұлды. «Неге ғана жылы қорада ұстамадым екен» деп шөбі аз биылғыдай жылы қыс бойы ұстау қиын екенін біле тұрса да, бармағын шайнады. Кәрі биенің етін ауылға алып келіп, итке беруге де қимай жерге көміп еді, Бірішекті соғуға жұлынып шыққан аңшы қайтадан алдырып, бұрынғы орнына апарғызып тастады. «Неше жерден ақылды қасқыр болса да, бөрі бөрілігін жасамай қоймайды, қайткен күнде ол өлімтік жатқан жерге екі, не үш күннен соң қайырылып соғады, басқа аң жеп кетсе амал жоқ»,-деген.
Аңшының айтқаны келді. Үшінші тәулікте, түні бойы Бірішек ұзақ жортып өлімтікке оралды. Қасында қаншығы бар. Салаңдап соңынан еріп келеді. Арланның қасында қаншық сияқты емес, әлі үйіне жетпеген бөлтіріктей. Жылқылы елдің сөзімен айтқанда, Бірішек қазір құлынын ерткен бие сияқты.
Таң жаңа сарғайып ата бастаған. Дала әлі ұйқыда. Түн ортасына дейін қыламықтап жауған қар ескі шымыр қардың үстін жұқа ақ мамық көрпемен бүркеген. Екі бөрі ақша қарға жаңа айқын мөр басып, өлімтіктің қасына сықырлата кеп тоқтағанда жапан түз тым-тырыс үңірейе қалды. Үстін ұлпа басқан теңкиген қоңыр өлімтікті көргенде, сілекейі шұбырып ұмтылған қаншық арланның кәрлі қиыс көзінен қаймығып, жұтынып, қипақтай берді. Өлімтіктің жатысынан секем алған әккі Бірішек маңайда аңдушы жоқ па деп, тоғай жаққа ұзақ қалшиып сезіктене қарап тұрады да, мүмкін өлтіретін бірдеме сепкен шығар дегендей тұмсығын жақындатпай жиі тартып алып, өлімтікті алыстан иіскелейді. Торы биені екі-үш рет айналып шыққан Бірішектің өзі одан әрі шыдай алмады. Екі күндей жапан түзде, терең сай ішіндегі тау-тау биік үрдісін қардың арасында ұйығып, қатты ойнақ салып қарындары қабысқан аш бөрілер бір кезде лап беріп кірісіп кетті. Үш күн далада жатып қатқан өлімтіктің үстіне шығып, табандарымен басып, торы биенің қабырғаларын шірей тартып айыра бастады...
Бірішек пен молақ қаншықтың бір-бірімен табысқанына биыл үшінші қыс. Ең алғаш екеуі осы арадан үш-төрт жүз шақырымдай жерде жырақ жатқан Теке көлінің маңында кездескен.
Қаншық үйіне жетіп, толысып, жаңа ғана беймаза бір күйге еніп, әлденеден мазасыздана бастаған еді. Тұла бойы ұйып, жиі-жиі есіней берген қаншықтың соңынан бір күні топ қасқыр түсіп, ұзақ күнге қалмай қойды. Бәрі де өзінің ұяластары. Қаншық сәл бөгеле қалса, қасқырлардың әрқайсысы жанамалай беріп бір иіскеп кетеді. Алғашқыда әлденеден қыдығы келген қаншық жақтырмай арс етіп, қайсы бірін қауып тастап жүрді. Сүйтсе де олардың ешқайсысы ашу шақырып, қаншықты зәбірлеп көрген емес. Тек бір -біріне айбат шегіп, ырылдап, кейде өзара таласып қалады. Бірақ талас ұзаққа бармайды, орнынан жылжи берген қаншықтың соңынан тағы да жұбын жазбай еріп, сөлең-сөлең жорта береді. Үстіп жүріп арландардың әрекетіне қаншықтың да еті үйрене бастады. Бұрынғыдай емес, енді алды-артынан ойқастап, жанасып, аузынан, жонынан жалаған бөрілерге айбат шекпей, үнсіз тұрып қалады. Әйтсе де тым бойы үйрене келе, кейбір ұяластары еркінсіп асыла бастағанда, қаншық жақтырмай тағы да ілгері оза береді. Ұяластардың осы бір әрекеті күшік кездеріндегі асыр салып асылып ойнағандарына ұқсамайды. Бұрын ойнап жүріп, жанына аса батырмай қауып
алып, қыңсылатып та қоятын. Ондайда күшік мұңын шағып, енесінің бауырына тығылып, ұзақ қыңсылап жататын да, артынша-ақ ұмытып кететін. Қазіргі күйі одан бөлек. Ұяластардың ойыны да бөлек. Олардың көздері қызыл шоқтанып айбат шекпейді, әлденеге мүләйімсігендей жасаурап, бірдеме дәметкендей болады. Алды-артын орағытып еркелетіп, орталарына алып, жортса, алдына шықпай, тек соңынан ерген ұяластардың ішінде өзінің беделінің артқанын аңғарды. Бір енеден шыққан ұялас күшік қана емес, енді өзінің ұрғашы - қаншық екенін сезді.
Қаншама әуре-сарсаңға салып, екі-үш күн ұдайы жортып, бір топ қасқырды соңынан салпаңдатып қойған қаншықтың қарны қабысып аштық біліне бастады. Қызылшыл аңның есіне ет түскенде ашығып, тамақ іздегендей болса да, ештемеге зауқы соқпайтындай, аузын арандай ашып есіней береді. Күннен-күнге іші өртеніп, әлдебір қызыл жалынның өткір ұшы тұла бойын жалап барады. Сілекейі сор татып, шөліркеген қаншық енді бір кезде беті мұздақ қабыршық қарды жалап - жалап алады да, аузын сақ еткізіп қиыршық қарды өршелене асап-асап жібереді. Іштегі жалын одан сайын күйдіре түсіргенде шиыршық атып, өз құйрығын өзі тістеп шыр көбелек айналады.
Не істерін білмей аласұрған қаншық үшінші тәулікте тұмсығымен қарды тесіп, қорылдата біраз тартып, иіскелеп тұрды да, жан ұшырып, алдыңғы екі аяғымен бұрқыратып қаза бастады. Артын борандатып жіберген қаншық қар астындағы өлі шөбіне жеткенде барып дамылдап, дымқыл жерді ұзақ иіскеп, әлденені енді өзі шын дәметіп, іздеп, исініп, сұлық тұрып қалды. Осы сәтті күткен ұяластардың бірі бөксе жағынан келіп асыла бергенде тұла бойы дір етіп тітіркенген қаншық басын көтеріп алып, бұлтың етті. Жонынан сырғып түскен ұялас қайта ұмтылып асылғанда қаншықтың манаурап, буалдырланған көзіне оң қапталдан құйғытып келе жатқан арлан түсті. Зу етіп жеткен көк шулан жат арлан әлгі ұяласты кеудесімен қағып жібергенде әлсіз жас қасқыр екі-үш домалап барып, аяғынан зорға тұрды.
Бұл келген Бірішек еді.
Ойда жоқ жерде тап болған омыраулы, биік көкжалға басқа ұяластар ұмтыла бере қаймығып, тосылып қалды. Сіңірлі аяқтары бала қайыңдай сом, белі бүкіш, мойны жуан, алқымды - бар бітімі ерекше Бірішек әй-түйге қарамай қаншыққа асыла түсіп еді, төтеден келіп өңмеңдеген бөтен бөріні жатсынған нәзік аш қасқыр бұратылып, танауын тыржитып, қайырыла берді. Арлан ұяластардай емес, аса қайырымсыз екен, арс етіп желке тұсынан азуды салды да, сілкіп -сілкіп қалды. Tic тиген жер тыз еткенде тұла бойы шымырлап қарауытқан қаншық әлуетті күшке мойын сұнып, тілерсегі дірілдеп, буын-буыны қалтырап, жонын бұра бергенше ойран-топан болды да кетті. Әлгінде зәбір көрген ең ашулы, қайратты ұяластың бірі Бірішектің алқымына қарай атылып еді, қалғандары да тарпа бас салды. Арылдап, ырылдап алысқан бөрілер ұмар-жұмар боп, қар құйындатып, борандатып жіберді. Қайсысы қайсысын талап жатқаны белгісіз, шаң-шұң. Екі-үшеуі қыңсылап, сытылып шыға берді. Бірішек ә дегенде-ақ екі- үшеуін домалатып түсіріп еді, қатты айқасқа әлі тәжірибесіз болса да, жонына, сауырына кірш-кірш қадалған жас бөрілердің тістері етін удай ашытып, шын
ашуға мінді. Алғашқы ұялас қос аяқтап тік қарғығанда Бірішек арандай аузымен алқымнан асай алды да қираң еткізді. Екі-үш рет толғап, мытып-мытып жібергенде тынысы тарылған ұяластың шошаңдаған құйрығы да жығыла берді. Жағы қарыспай тұрып аузын тез босатқан Бірішек желкесіне жабысқан тағы бірін оқыс сілкіп қалып, жұқа шап етін алмастай азуымен жарып жіберді. Өзі оның үстінен тез қарғып, сытылып шығып, қайта бұрылды. Шалқасынан үйелеп, әлі құрып жатқан ұяласқа қайтадан міне түсіп, түгін қалдырмай паршалап талады, талаған сайын құнығып, арылдап, жемтік жегендей өлерменденіп, кесек-кесек етін жұла берді. Қызыл ала қанға бөккен жас арланды көргенде жас бөрілер де тағылығын жасамай тұра алмады. Бәрінің көзі қанталап, бас салып, өз ұяластарының денесін парша-парша етіп, бөліп-бөліп әкетті.
Анадайдан мағынасыз қараған қаншық не істерін білмей, біраз уақыт есеңгірегендей мәңгіріп тұрған. Аздан соң өз бетімен мақсатсыз жортып, көз ұшындағы жотаға қарай кете барған. Осы кезде ғана қаншықты аңғарған Бірішек маңындағы бөрілерді тастап, соңынан құйындай ұшты. Қаншықта зәре жоқ. Көзі жасаурап, жалтақ-жұлтақ етеді. Бірішек зор тұлғасымен күдірейіп, алдын кес - кестеп тұра қалғанда құйрығын шабына тығып, шоңқиып отыра кетті. Бірішек екі- үш рет айналып келіп шабынан иіскегенде әр түгіне дейін қалтыраған қаншық мүләйімсіп, басын созды. Бірішектің құйрығының дәл жуан тұсын шайнап тастаған, бір тал шеміршекке ілініп, салбырап, үзілейін деп тұр. Бүкіл денесінде тіс тимеген жер қалмапты. Қаншық енді осы жараларды қалай жалай бастағанын өзі де аңғармай қалды. Әлден уақытта ұмтыла беріп Бірішекке бата алмай артта қалған ұяластарын біржола тастап, әлеуетті, айбынды арланның қасына ілесіп, шоқырақтап келе жатқанын бір-ақ сезді. Сол түні жапан түзде екеуі алғаш рет ұйықты да...
Содан бері Бірішек пен қаншық жұбын жазған жоқ. Үлкен таласқа түсіп қатты жараланып, күшпен тартып әкеткен жас қаншық аса ыстық. Әйтсе де тым асыр сап ойнап, еркелетіп, бойын үйретпейді, үнемі суық, салқын. Қатал арлан өне бойын жаралап, туғалы алғаш рет талаған дала бөрілеріне де кәрлі. Олармен үйір қосып бірге жүрген емес.
Бір тал шеміршекке ілінген құйрығы тілерсегін соғып бөгет болып, оның үстіне қара қотырланып жазыла бастағанда қатты қышып, мазасын алған. Бір ашулы күні қайраңға шыққан шабақтай қайырыла беріп, оқыс қауып алған да, үзіліп түскен өз құйрығын өзі шайнап-шайнап тастаған. Содан бері бір тұтам ғана құйрықпен қалды. Көктем шыға Жамансорға асқан Бірішек тұзды суды екі-үш рет жалдап өткенде денесіндегі жаралары да сорығып, қабыршақтанған қотыр түлеген жүнмен бірге түсіп, орны қылшықтанып, тез жетіліп кетті.
Содан былай екі жыл қатарымен қаншығын қасына ертіп, бейғам елдің малын қыра берді. Тау-тасы аз тоғайсыз жалаңаш адырлы жалпақ түзде ойларына келгенін істеді. Жылпос қаншықта арланның қасында ысылып, малдың қай жағынан шығып аңдуға, қуғыншы болса қалай қашып құтылудың амалына төселіп, әбден тәсілденіп алды.
Қанша дегенмен, «көп жүрген жылан да аяғын көрсетеді», кейінгі кезде қос бөрінің соңына түсіп, ізін аңдушылар да көбейіп кетті. Алғашқы күшіктері жаңа
ауыздана бастағанда шетінен сетінетіп, бірер айдың ішінде түгел соғып, көзін құртты. Келесі жылы шүпірлеген сегіз күшік те құтаймады. Бауырларын көтеріп, жарғақ құлақтары жаңа қатая бастағанда үш -төрт аңшы келіп, түтін салып, шашалып-қақалып аспаннан шұбыра шыққан бөлтіріктердің тілерсегін қиып, қапқа салып әкеткен.
Екі аяқты адам баласына әбден өшігіп, ауыл түбіндегі малдарына дейін жарып кетіп жүрген қос бөрі бір күні шын бақытсыздыққа тап болды. Бұлар қалың шіліктің арасымен жайбарақат келе жатыр еді. Қаншық ит жон оппа қардың үстінде өліп жатқан қоянды көрді. Әшейінде арланнан бұрын қимылдамайтын жасқаншақ қаншық түлен түртіп қоянға ұмтылды. Бара аузын сала берем дегенше ақсақ ойылған қар астынан әлдебір суық нәрсе оң аяғын сақ еткізіп қауып алды. Зәресі ұшқан қаншық аузындағы жемін тастай беріп, қан кетіп көкке қарғығанда салдыр-гүлдір етіп күртік астында жасырынған темір қақпан бірге шықты. Жанталасып бұлқынып, қайраңға шыққан балықша бүктетіліп аласұрған қасқырды шынжырлы азу жіберер емес. Қысқан үстіне қысып, тартқан сайын қайырымсыз болат тісін батыра түседі. Жігіттің жігіті ғана табанымен басып тұрып зорға ашатын сом шаппа сүйегіне дейін жеткенде қаншық бар даусымен қыңсылап жіберді. Жапанды жаңғыртқан ащы дауыс арланның жынына тиді. Жан-жағына алақтап ашуланған Бірішектің зәрлі көзі шегірейіп, жалы тікірейе берді де, өзі аяғынан ілініп, ғарып болған қасқырды бас салып домалатып, талап тастады. Өз кінәсін мойындағандай қыбыр етпей жатып, жалбарынышты үнмен болар-болмас қыңсылаған ұрғашысын тастап кетуге қимаған ашулы арлан олай-бұлай шауып келді де, бір кезде қақпандағы аяққа салды ауызды. Аяусыз шайнап-шайнап тастады. Әлден уақытта оң аяғы жеп- жеңіл боп шыға келген қаншық шоқаң-шоқаң етіп қиралаңдай жөнелді. Ақ қардың үстінде дірдектеп аққан қан жосылып келеді. Шіліктің қалың жеріне жетіп құлаған қаншық шолақ аяғын ұзақ жалап, аянышты үнмен тұншыға қыңсылай берді...
Содан былай қаншық шолақ боп қалды.
Үш аяқпен шоқырақтаған ол Бірішекке енді серіктікке жарамай масыл бола бастады. Екі рет аңшылардың қолына түсіп қала жаздаған қос бөрі ақыры бұл жақтағы адамдардан зәрезап боп, тауы шағылып, күздің қара суық, қатқақ кезінде, өліараның қараңғы қарлы-жауынды түні ұзақ жолға шығып, жер ауған.
Бірнеше күн нәр сызбай, күндіз жатып, түнде жортқан қасқырлар ақыры Сырымбет, Имантау, Айыртау, Сандықтау, Зеренді, Бұқпантау, Жыланды жерін жайлаған ағашты, тау-тасты елге жетіп паналады. Бұл өңірде де мыңғырған мал, бұл жақта да еркін жайылған жылқы, анда-санда жеке шыққан саяқтарын жеп кетсе аса іздеп, аттан салмайтын марғау жұрт, кең халық. Бірақ адамға өшігіп, кектеніп алған ашқарақ бөрі ондай сыпайылықты қайтсін. Бейғам елдің малына келе ауызды салды. Салған сайын құныға түсті. Аз күнде тиген жерін алатайдай бүлдірді.
Қалың ағаш арасындағы неше жылғы шөбі шіріген ескі шөмелені қуыстап, екеуі үйшік еткен. Бірішек күнде бір жерден мал жеп қайтады да, артынан
қаншығын ертіп, өлімтікке сілейте тойдырып алып қайтады. Қауіпті кезде ертуге запыс болған...
Міне, қазір де сол әдетімен бұдан екі-үш күн бұрын жығып кеткен малдың үстіне қос бөрі өлермендене түскен.
Бір кезде етке тойып езуін жалай бастаған Бірішек басын оқыс көтеріп алды. Екі құлағы тікірейіп, кеудесін кере ұмтылып, көзі шегірейіп, әлденені тесіп жіберердей алысқа қадалып тұр. Қаншық та қалшиып, қыраулы кірпігін жиі қағып, арланына бір, алға бір қарайды. Бірішектің құлағына маңқ етіп үрген ит үні шалынды. Жер астынан талықсып шыққандай әлсіз. Бірішек таза ауаға тұмсығын төсеп біраз тұрды да, алыстан жеткен жат иісті сезді. Таңғы ауада дабырлап сөйлеген адам үні де құлағының түбінде дүңгірлегендей болды. Танауы жыбырлап тыржия бастаған Бірішек алдыңғы аяғымен қарды тырмалап, ызалы қыңсылады да, өлімтікті бір айналып, бағанағы келген жағына қарай жорта жөнелді. Қауіп атаулыны арланының әр қимылынан, көзінің жанарынан ұғатын молақ қаншық зып етіп алға түсіп, шоқырақтай жөнелді.
Алғашқыда үздік-создық бірінен-бірі озып отырған екі қасқыр бір қыр асқан соң, бір топ қурай түбіне сарыды да, оңға қарай күрт бұрылып, бірақ көсіле шапты. Алқымына қар кептелген, іші күртік ағаш арасына кірмей, алаңқаймен келеді. Арлан алдында.
Бұл кезде күн де көтерілді. Аппақ қардың бетіндегі сан мыңдаған ұсақ жұлдызшалар жалт-жұлт етіп, неше құбылып, көзді аштырмайды. Ерегіскендей күнде тынымсыз соғатын жел де жоқ. Шапқанда сыза түсіп отырған тырнақ ізіне дейін сайрап жатыр. Қос қасқыр қалың ағаштың тасасымен өте бергенде тоғайдан шыға, үркіп кері қайтқан қоян ізін, бір-екі жерде шоқырақтап секіріп, ұшып кеткен сауысқан ізін көрді. Таң сәріден тұрып ін-іннің арасында жортатын ақ тышқанның қыбырлаған ұсақ ізі де жатыр. Әншейінде тарбиып жататын қасқыр ізі, жосылып жататын елік іздері жоқ.
Екі-үш қыр асқан соң қос бөрі бейғам күйге ауысып, әдеттегі жайбарақат жортысқа түсті. Қарны тоқ молақ қаншық сөлең-сөлең бүлкілдеген Бірішекке еркелеп бір-екі рет асылып, ойнағысы да келді. Ондай кезде күдіс арлан күжірейіп тоқтай қалып, көзінің астымен жақтырмай қарайды да, мойнынан сырғып түскен қаншығын кеудесімен қаға-маға алға озады. «Асықпа, алысатын уақыт алда, әуелі мекенімізге жетіп алайық» дегендей тағы жортады.
Бұл кезде екі ит ерткен, өңкей қаншырдай қатқан жарау ат мінген бес аңшы өлімтіктің қасына жеткен. Өлімтікті жартысына дейін жеп, қалғанының да әр жерін қажалап, маңайдағы қарды опыр -топыр шиырлап кеткен қос қасқыр ізі келген ізімен қайта шұбатылып, сайрап жатыр. Келгендегі іздерінің арасы жақын, қайтқан іздерінің арасы алшақ.
Аңшылар көп аялдаған жоқ, сүйреткен сойылдары қар сызып, жеңіл шоқырақпен аң соңынан салдырта жөнелді. Қасқыр алып әбден үйренген иттер жылмың қағып, жиі-жиі жер иіскеп, оқтай атылып аттылардың алдына шығады.
Суыт жүрген аңшылар күн тұсау бойы көтерілген кезде көз ұшында кетіп бара жатқан екі қарайғанды көрген. Олар да сезіп қалса керек: шоқ ағаштың тасасына түсіп, ғайып болды.
Бірішек құлағын тікірейтіп артқа бір қараған да, көсіле тартқан. Бұл белгіні білетін молақ қасқыр алдына түсіп алып зымырай жөнелді. Үш аяққа әбден төселіп алған. Жарымжан аяғын көтеріп ап зытқанда кез келген қуғыншыға қапелімде жеткізе қояр түрі жоқ.
Бірішек енді адымын қысқартып, жеңіл шоқырақтап аялдай берді. Мұнысы қаншығы мүгедек болғалы істеп жүрген әдісі. Молақ көз көрім жерге ұзап, қуғыншылар жақындап қалғанда арлан жалт беріп, бір бүйірге қиыс тартты. Талай рет осы айламен аңшыларды алдап, соңына түсіріп, қаншығын құтқарып қалған.
Жоқ, бұл жолы олай болмады. Біраз жерге ұзап барып, артына бір қайырылып еді, аттылар тура қаншығы екеуі айырылысқан тұсқа жұптарын жазбай жеткен екен. Тізгіндерін тартып кідірді де, көлденеңдей бұрылған кері аттың үстіндегі біреу қолын сілтеп, қасындағыларға бірдеме дегендей болды. Содан соң-ақ аңшылардың үшеуі молақтың соңына түсіп, екі ит ерткен екеуі осылай қарай құйғытты. Бірішек өзіне сенімді. Онша қауіп ойламайды. Бірақ қаншығының күні не болады. Қуғыншылар да, жобасына қарағанда, жолай кездесіп қызық қуған жүргіншілер емес, әдейі сайланып шыққан аңшылар сияқты. Көп сұрқылтайды көрген көзі жіті, тәжірибелі арлан аттардың түр -түсіне дейін, үстіндегі адамдарының киім киісі, сүйреткен сойылдарына дейін анық көрді. Әсіресе туа қастасқан қас жауы иттердің түс тұлғасын анық байқады. Бірі тұрқы ұзын күдірейген сары ала ит те, екіншісі мүше бітімі жинақы қара қасқа ит. Екеуі де ауыл ішінде мықтымсып көп үретін барқылдақтардай немесе қасқырға айтақтаса-ақ көрсін-көрмесін арсылдап, далақтап жарыса шабатын майбасар төбеттердей емес, иелеріне қарап, солардың сыңайын аңдып, бұйрығын күтетін есті, алғыр иттер тәрізді. Бірақ олардан да онша жүрегі шайлығып, ыға қоятын арлан жоқ.
Бірішек тағы да бағытын өзгертіп, қайтадан қаншық кеткен жаққа қабырғалай салды. Не де болса оның ізінен адастырып, бар аңшыны өзіне бұрып алмақ.
Көз ұялтатын шағырмақ қардың бетіне түскен ұлылы-кішілі аңдардың ізі көбейіп қалыпты. Түнгі ұйқыдан соңғы жауған қардан кейінгі күндегі тіршілік.
Ойқастай шауып біраз лекітіп-лекітіп алған Бірішек аз уақытта қаншығының қарасын көрді. Алғашқы шабысынан болжырап қалған екен. Бағана түлкідей құлдырап жөнелгенде аяғының ақсақтығы сезілмегендей еді. Енді қанша жан ұшырып баққанымен басы қалтаңдап, артына әлсін -әлсін жалтақтап, шоқырақтап барады. Екі-үш жыл серік болған молаққа арланның жаны ашыды. Бірақ енді көмек етер дәрмен жоқ. Қиқуды салып қуған үш атты жан-жағынан қаумалап, жақындап қалған. Бір амалын тауып, жалтарып ағашқа еніп, жол тауып кетпесе, төнген ажалдан енді құтылуы неғайбыл.
Үстіп келе жатқанда Бірішек өз соңынан дүрсілдеген ат тұяғын сезді. Мойнын бір бұрып қалып еді, қазір соғып алатындай қолындағы сойылын оңтайланып, әудем жерде ұшыртып, таяп қалған күрең қасқа аттыны байқады. Кер атты соңында - алысырақ келеді. Түстері сұсты. Екі ит те тым айбарлы.
Денесі сәл қызынып, буын-буыны жазылып, бабына келген Бірішек енді бұдан әрі жақындатудың қауіпті екенін сезіп, көсіле тартты. Ә дегенде-ақ қанатты құстай ұшқан арлан қуғыншыдан сытыла жөнелген. Енді артына бұрылған жоқ.
Бауыры қарға тиер-тимес боп, күзендей бүктетіліп шапқан бөрі өзінің күшін бір байқайын дегендей, түс ауғанша тоқтамады. Шапқан сайын қарқыны үдеп, екі құлағының түбінен жел гу-гу етеді.
Көкше жерінде ит мұрыны өтпейтін қалың қарағайлы, шақпақ тасты кішігірім әсем таулар қанша көп болса, айдын көлдер, жайылма, қара сулар, шалшық, томарлар да қисапсыз. Қары қалың, жауыны мол жылдары ойдым - ойдым шіліктің маңы да суға толып, кейде күзге дейін тартылмайды. Жерден су көп сияқты көрінеді. Бірішек қазір көгілдір мұзды айдын көлдерден, шоқ-шоқ қызылдан, үстінен қалың қар жүрген сай-жыра, қара сулардың талайынан айналып өтіп, ирелеңдей берді. Қаншығынан айрылып жалғыз қалғандай сезініп, бар өшін жер танабынан алатындай қуырып келеді. Не де болса бұл маңнан ұзағырақ барып, ұрғашысының қайғысын алыстағы бір ауылдардың малымен өтемек.
Ойдым-ойдым өскен шоқ қайыңдардың ара-арасымен құйындай ұшып, шұнақ көкжал кең жазыққа шықты. Алыста Сырымбет тауы бұлдырайды. Дәл төбесіне дейін сыңсыған қарағайлы көгілдір таудың бауырында арлан талай рет болған. Қысы-жазы тынбай тас арасынан бүлкілдеп ағып жататын ақ бұлақтың кәусар суын талай малшылаған. Оң қапталындағы қалың қамысты көлдің ығындағы қолдың саласындай ақ балтыр қайыңның арасы жыпырлаған қоян. Арлан анда-санда қоян да аулап, талайының таңын айырып, қан-жоса қылған. Әсіресе көжектері қандай тәтті. Бас сүйектерімен қоса бытырлата жегенде дәмі ауыздан кетпейді. Көмей суырады. Осыны ойлағанда Бірішектің езуінен сілекейі шұбырды. Таң ата жеген өлімтіктің тоқтығы тарап, енді қарны шұрқырағандай болды.
Түс ауа арлан Сырымбеттің бергі сілеміне ілікті. Тау да алыс емес. Енді асықпаса да болады. Жау қарасын үзгені қашан. Оның үстіне өрге қарай көтерілгенде, жол ауырлап, ықтасынға түскен күртік қардың кей тұсы ақсақ ойылып, Бірішектің құлағының түбі жіпсігендей болды.
Қалың тоғайдың шетінде өскен жалғыз қайыңның түбіне омбылап барып, бір айналып аяғын көтере берген арлан көзі шатынап тұрып қалды. Шын ба, өтірік пе? Қалың қырау басқан сирек кірпігін қайта-қайта қағып, келген жағына үрке қарады; басын қалың ұлпа қар көмген меңіреу тоғайдың бауырынан қылт еткен бағанағы кер аттылы аңшы ұшыртып келеді. Қасында сары ала иті де бар. Бірішек шала сарып, бұтына ағызып -тамыза жөнелді, тумысында зәресі ұшып қатты үрейленгені. Осынша ұзақ шауып, қара үзіп кеткенде соңынан бір елі қалмаған қуғыншыны кездестіргені осы.
Арлан жан дәрменде қайта қарқындап, тоғайдың тасасына айнала тартты. Бұл жолы құлағының қалай жымиып кеткенін де аңғармады. Аңшының сұсы жаман. Осынша жерге қажымай жеткен ат пен иттің тұқымы басқа болар. Сасқалақтап қалған қасқыр тоғайдың дәл түбінен өте бере, бір қырындай келіп, оң жағына ышқына қарғыды. Сирек өскен екі -үш түп ағаштың бауырындағы
күртікке түскен бөрі тағы қарғып барып, екінші тасаға түсіп, құйындай ұшты. Бұл — ізінен жаңылдырардағы қасқыр әдісі. Із қуып аңқылдатып жеткен аңшы, әдетте, аттың басын күрт тоқтата алмай, екпінімен өте шығады. Қайта бұрып келгенше, не іздің өзін жоғалтады, не үзілген іздің ұшығын таба алмай лағып кетеді. Ең болмағанда, қашан тапқанша, сол арада айналшықтап, ұзақ күйбіжіктеп, бөгеліп қалады.
Бірақ Бірішектің бұл әдісі де сәтсіз болды. Жалт бұрылып бағытын өзгерткен Бірішек енді ойға қарай тоңқаңдай шапқанда, артында ажал елесіндей боп қалмаған кер аттыны тағы көрді.
Бұл жолы Бірішек аянған жоқ. Қайтсе де құтылудың қамын ойлап бар күшін салды. Ғұмыры бұлай зымырап көрген жоқ шығар. Еңкейе бастаған қысқы қызыл күнге қарай қар боратып құйындай ұшты. Ұзақ шапты.
Жоқ, бәрібір кер атты қалар емес. Қайта бұрынғыдан аралары жақындап, тақымдай бастады. Сары ала ит қана артта ұзаңқырап қалды.
Өнe бойы түгел бусанған Бірішек енді бір кезде терлей бастағанын сезді. Ана жылы көп бөрінің ортасынан шыққанда осылай бір малшынып еді. Жараларын жалап отырып, аузына келген кермек ащы дәмнен тұшырқанып, қайта-қайта қар асап шөлін басқан. Енді бір кезде тура сол ащы дәм тіліне тигендей болды: тұла бойынан аққан тер көзінің түбінен де саулай бастаған екен.
Әлден уақытта таңдайы кеберсіп, өз тілі өз аузына симады. Аузын арандай ашқанда сала құлаш тілі жантәсілім берердегі сиырдың тіліндей салбаң етті. Бірішек енді сәл жүгірсе қызылмай боп алқынып қалатын ауылдың сабалақ иттеріндей қайтып тілін жинай алмады. Ол ол ма, аздан соң жүрегі дүрс-дүрс соғып, басы айнала бастағандай болды.
Ат тұяғының дүрсілі күшейіп, жақындап қалған сияқты. Аңшы мен екі арасы уақыт өткен сайын қысқарып, тарылып келеді. «Осынша ұзақ шабысқа қажымайтын мұндай да дүлдүл мал болады екен-ау. Қандай ұшқыр аттардың өзі бас салып қуғанда құйрық тістесіп келсе де, біраздан соң шаңын көре алмай шатқаяқтап қалушы еді. Ал мына албасты шапқан сайын үдей бере ме, қалай...». Бірішектің көзі алайып оң жағына үрейлене қарады. Кер ат басына бой бермей ала-ала қашып, қапталдап келіп қапты. Тіпті озып барады.
Жоқ, Бірішектің өзі екен ойыса бастаған. Басы-көзін тер жуған арлан енді өзінің шауып келе жатқанын, немесе биік жарға шыға алмай тырбаңдап, өрмелеп келе жатқанын түсінбеді. Жүрісі өңдімей қойды. Тілерсегінің сіңірі тартқандай адымы тарылып, буын-буынынан әл кетіп, талықси берді.
Көкжиекке жақындаған қып-қызыл күн біресе оң жағынан, біресе сол жағынан шыққандай боп, көзі бұлдыраған Бірішек енді бір кезде тілі салақтап шоқырақтаған сары ала итке тұра салып келе жатқанын көрді. Сонда ғана өзінің қашаған малдай бұлтыңдап, кер аттылының айдағанына көніп, бір арада шыр көбелек айналып жүрген мүшкіл халіне көзі жетті. Қатты қысылып шын ышқынған арлан жан дәрменде жалт бұрылып, ақтық күшін салып, жақын арадағы тоғайға төтелей тартты. Кер атты ағып өтіп, басын қайта бұрғанша қалың омбы қарлы қызылдың ішіне қалай қойып кеткенін де аңғармай қалды.
Жал-жал күртікті кеудесімен сүзіп, бір-екі қарғып, шоқаңдап, омбылап, ағаш ортасындағы алаңға әлсіреп шыққан Бірішек қуғыншы жаққа қарсы қарап жатып алды. Ендігі жаулықты қайтсе де осы арада күтіп алмақ. Бұдан әрмен қашуға мұрша жоқ. Екі өкпесін соғып, тілі салақтап, ентігіп жатыр.
Ұзақ шауып, еті қызып, еліріп алған кер ат есік пен қарлы қылтадан өтпей үркіп, ауыздығымен алысып шыр көбелек айналады. Қасқыр жаңа аңғарды. Қысқы жүні қалыңдаған кер құла жас мал. Мұндай жылқының жұмсақ етін талай жеген арлан оның жас мал екенін бірден айырды. Екінші ата жауы - сары ала ит. Ол кер аттай емес, алқынып, шаршаған. Қазіргі өзінің халі секілді. Төрт аяғы төрт жаққа кетіп, қолбаңдап жаңа жетті. Ат үстіндегі иесі ағаш ішін сілтеп, «ал, Басарала, ал?» деп даусы саңқ еткенде, ол да қалың қардан шоқырақтап, малтығып өтіп, тайсалмай тұра ұмтылды.
Аз да болса тыным алған арлан сәл сейіліп, сергіп қалған сияқты. Бойына қуат біткендей серпіліп, гүр етіп түрегелді. Күн шыққаннан бергі қасқырдың қарасынан көз жазбай қуып, мүлдем өшігіп, зығыры қайнаған алпауыт сары ала иттің екі көзі от шашып қанталап кеткен. Сырт түріне қарағанда әлді төбеттерге де, қарны қабысқан биік тазыға да ұқсайды. Омырауы алқам-салқам, күдірейген жуан мойын, арт жағы шөмиіңкіреген, белі күдіс, аузы жырта қарыс ит алдында кесе-көлденең жолбарыс тұрса да қаймығып, іркілетін түрі жоқ. Бұрын тап мұндай өлермен итпен ұшырасып көрмеген Бірішек бір қырындап ығысып, орнынан жылыса бергенін өзі де сезбей қалды. Мысы басқан ит алдында тайқақсып жасықтық жасап алғанына ызаланған арлан лезде бойын жинап, атылайын деп келе жатқан азулы ажалға қарсы бұрылды. Бұлшық еттері жиырылып, жалы тікірейіп шиыршық атқан Бірішек сәл бүгіле беріп, үстіне төніп қалған алпауытқа қарсы қарғыды. Екеуінің әдісі де бірдей екен. Кез келген жауын бір қаққанда жұлындай ұшыратын темірдей қос кеуде бар екпінімен кеп серіппедей соғылғанда, екеуі де шалқалақтап барып қайта түзелді. Ар-ар еткен ызалы үн шығарған қос дұшпан енді алдыңғы аяқтарымен тік шапшып бірін-бірі кеудеден, алқымнан тіреп, қосаяқтап тұрып қалды. Ауыздарын арандай ашып ұмтылғанмен бастары жетпейді. Іштен шыққан ыстық лептері ғана беттерін шарпыды. Екеуінің де сояу-сояу ырсиған аппақ азулары бірдей. Сәл мүлт жіберсе, алмастай өткір азу кәдік. Тиген жерін орып түседі. Осыны аңғарған екеуі де садақтың оғындай өткір, зәрлі көздерін бірінен-бірі алмайды. Біреуі сәл жасықтық жасап, көзін бұрса, екіншісі қағып тастамақ. Бірішек те, Басарала да тегін жаумен кездеспегендерін ә дегеннен-ақ ұқты. Саусақтары салалы, сіңірлі аяқтары да бірдей. Оңай берісетін дұшпандар емес. Екеуінің де бүгін түгі қалмай талануы хақ. Бірақ біреуі өлуі керек. Ажалсыз айырылысуға жол жоқ. Бұл - екі сырттанның арасындағы бітіспейтін жаулық заңы.
Бір-бірінің қапысын аңдыған қос арлан бірдей қимылдады. Алдыңғы аяқтарымен көз ілестірмей қаққанда екеуі екі жаққа ұшып, қайта атылды. Бұл жолы ұмар-жұмар боп ұзақ алысып кеткен Басараланың тамағына ұмтылған Бірішектің аузы қара езуге ілікті. Бірақ терең қамти алмады. Қалың шеміршекті шайнап, қасқырды тұқырта беріп еді, жыланша бүктетіліп шиыршық атқан Бірішек жауырынмен қағып, ұшырып жіберді. Омақаса барып тұра берген
Басараланың үстіне сасық күзенше атылып жабысқан бөрінің азуы желкеге тиді. Бұл жолы қапсыра тістеді. Бір аяғын иттің үстіне артқан Бірішек жерден мықты тиянақ таппай, дұшпанның кең қолтығына әлгі аяғын тығып жіберіп адамша шалып алды. Басарала үстіне қонжиған қасқырдың шабына қарай мойын созып еді, желкеден сығып толғаған азу босатар емес. Батып барады. Басарала жерге жабыса бере көкжалды үстінен асыра лақтырды. Бір айналып барып дік етіп, қайта бұрыла берген бөрінің шабынан алып, тағы да көтеріп тастады.
Ағаш арасындағы қардың беті шыңылтыр да, асты күпсек. Кесек-кесек қар томырылып, әлгіндей болмай опыр-топыры шықты. Кей тұсы қара жеріне дейін көрініп, жұлынған жүн, аққан қанмен мидай араласып қара-қошқыл түске айналған.
Кер дөненнің ақылды, үлкен көзі бадырайып, үрейленіп, шылбырын үзердей жұлқынып, үрке берген соң, аңшы оны алыстау апарып байлаған да, ағаш арасында тұрып, қан майданды бақылаған. Басында иті жеңіп бара жатса, «иә, сәт!» деп ұмтыла түсіп, қасқырдың азуы тисе үрейленіп, Басараласын аяп тұрса, біраздан соң үнсіз мелшиіп қалды. «Қайсысы жеңсе де, әйтеуір, тең айқас. Шіркін, жекпе-жекке келіп, өз теңімен алысып өлгенге не жетсін» деп, ойлы қараған жігіт бір кезде табиғаттың ғажабына қайран қалды. Бұл екі арада шаңырақтай үлкейген кешкі күн балқыған темірдей қызарып, дөңгелей домалап көкжиекке құлаған. Селдір тоғай арасынан шашырай түскен өткір сәуле дүниені қып-қызыл бояуға малып алды. Қарсы беттегі селдір қарағайдың ара-арасында әдейі қолмен еккендей араласа өскен көп терек бар. Күзде үзіліп түспей әрі бұтағына ілініп аман қалған бірең-сараң қызыл жапырақтары күн сәулесіне шағылысып, шоқтай жайнады. Қожырмағы аз қайыңның аппақ балтырлары, ақ қар, сұр қасқыр, сары ит — бәрі де оттай жанып, қан-қызыл түске енді. Қып-қызыл от ішінде арсылдап, жыланша бұратылған қос арлан дауыл ішінде дүрілдеп кеп ұмар -жұмар айқасып, бүктетіліп, қайта шапшыған биік жалын сияқты. Сумаңдаған жалын отты тілімен бірін-бірі жалап, лап етіп шалқып, қауып-қауып алады. Бір сәт жерге сылқ етіп құлап, шиыршық ата домалап, қайта шалқиды. Дүние қызыл от, қып-қызыл қан. Дәл ортасында тіршілік үшін жан алысып, жан беріскен қос арлан. Үлкен ойлы көзін қадап, қайың арасынан бақылаған аңшы:
Дүние жалын, дүние от,
Дүние ыстық, дүние шоқ,-
деп әр сөзін қайталап, бөгеле берді: «Дүние жалын, дүние от...».
Күні бойы шауып зорыққан ит пен қасқыр жекпе-жек кездескенде бойларына қуат бітіп, ашуға мініп лезде ширығып алған еді. Бірінің етін бірі жаралап, қалың терілерін қарулы тістерімен шүберекше жыртып ұзақ алысқан арландар бір кезде алқынып, тілерсектері қалтырай бастады. Құлақтан, езуден, жұқа шаптан дірдектеген қан әлсіретіп тастады. Бірін -бірі оңайлықпен ала алмаған соң, көздері бұлдырап, енді айлаға көшкен.
Неше бір әдіс жасап бірінің астынан бірі сытылып жүргенде Басараланың аузы Бірішектің тамағына тиді. Ең соңғы күшін салып асай қапқан ит сіресіп
жіберер емес. Енді босатса осы халге өзінің келетіні айдан анық. Көзіне өлім елестеген Басараланың әр түгіне дейін қалтырап, қасқырдың кеңірдегін қыса түсті. Бірішек ақтық рет бұлқынып еді, тамағынан ыстық қорғасындай басқан зілдей салмақ төмен қарай тұқырта берді. Тынысы тарылып, қылғынып, көзінің алдындағы қызыл от күреңітіп сөне бастаған арланның алдыңғы аяқтары шалысып, жас талдай майысып барып гүрс етіп құлады. Бір-екі рет ышқына серпілген аяқтары, әлден уақытта жан-жаққа тарбия жайылып, қимылсыз селтиіп қалды.
Бұл кезде күннің қызыл бояуы ағаштың ұшар басына қарай асыға өрмелеп, ысқаяқ көк күмбезге сіңіп, лезде ғайып болды. Серейген рабайсыз ұзын көлеңкелер де ақ қардың үстімен қара жыландай жер бауырлай жылжып, ұмтылған сайын асығып барады. Әлден уақытта бар көлеңке бас қосып, бүкіл алапты қоңыр сұрқай көрпесімен бүркей салды. Әлгінде ғана жалындай шапшыған Бірішек арлан да, шоқтай жайнаған терек жапырақтары, бар алап сөніп күлге айналғандай бозара қалды.
Басараласы мауқын бассын деп, маңына жоламаған аңшы екі жол өлеңінің жалғасын жаңа тауып, басын біріктірді:
Тіршілік нәрін сепкен күн –
Дүние жалын, дүние от, Тіршілік бойдан кеткен күн – Сөнген шала, өшкен шоқ.
Бұл – атығай-қарауылға, бүкіл Көкшетау өңіріне аты жайылған аңшы, саятшы сері жігіт, өз жанынан шығарып айтатын әнші, суырып салма ақын, Қорамсаның Ақаны еді. Азан шақырып қойған шын аты Ақжігіт. Үй іші, ауыл- аймақ еркелетіп Ақан деп кеткен.
Содан бері ел Ақан дейді.
Таң атқалы ат үстінде отырып тершіген Ақан Басараласы майдан салып жатқанда қанжығаға бүктеп байлаған жеңіл ықшам қасқыр ішігін алып үстіне жамылған да, басындағы жұқа малақайын ауыстырып, ердің жырымына байлаулы жасыл шибарқыттан тыстаған қырдың қызыл түлкісінен тіктірген жекей тымағын киген. Саптама етігінің қонышынан асатын ағаш ішіндегі қарды омбылай, Бірішектің тамағына аш күзенше қадалып, жағы қарысып қалған итінің қасына келді. Титықтап шаршаған Басарала иесін сезер емес. Тыныштық алып, қалғып кеткен сияқты. Әйтеуір, кеудесінде жаны барын қар соғып қимылдаған сыптырықтай қысқа құйрығынан, толғап-толғап жұтынған тамағының бүлкілінен ғана айыруға болады.
– Жә, жетті, Басарала. Жарайсың, Басарым, енді дем ал!- деп иесі итін еркелетіп, жүресінен отырды да, желкесінен, жонынан сипалады. Жынын құстырып, бабымен жаратқан иттің денесінде бір жапырақ арам ет жоқ. Салалы, ұзын саусақтарымен аңшы бұлшық еттерін ұстап еді, буылтық-буылтық болып тастай қатып қалыпты. Ақан ұзақ сипап, тартылған сіңірлерін, буын-буынын жұмсақ алақанымен уқалап, босата берді. Әлден уақытта барып қарысқан жағы ашылған Басарала тәлтіректеп тұрып, екі-үш аттап сүрініп, жата кетті. Денесінде сау-тамтық жоқ. Тумысында алғаш рет қатты жараланған маң төбет қатты
әлсіреп, есеңгіреген. Талықсып, басын көтере алмайды. Иесі шолақ тонның кең қалтасында шүберекке ораулы бір кесек құйрық майды зорлап жұтқызды да, қасқыр ішігін үстіне жауып, тер қатпасын деп қымтап тастады.
Алып Бірішектің созыла түсіп жатқан ғажап ірілігіне таң қалған Ақан біраз уақыт көзін алмай тұрды да, «ауылға осы күйінде жеткізсе» деп құйрығынан көтерді. Қырда еркін жүріп, ойына алған малдың аппақ қардай семіз, борықтай жұмсақ етін жеп сүйегі ағарған арлан зілдей екен. Аттың үстіне екі-үш адам болмаса, көтеріп салу да қиын. Бірақ жәй ойлағаны болмаса, ұсақ аң емес, сойылмаған бітеу қасқырды атқа өңгерсе, жүйрік аттың бағы қайтады дейтін ырымды білетін аңшы қынындағы кездікті суырды...
* * *
Ақанмен аңға шыққандар бағанағы күрең қасқа атты төре тұқымынан Жұпының Әлжаны мен оның жылқышысы, ақынның қасынан соңғы кезде бір елі қалмайтын қалжыңқой серігі Шәкей, әнші жігіт Сұлтанмұрат еді. Түнеугүні Бірішектің жайратып кеткен малы – осы Әлжан байдың құтты биесі. Зығыры қайнап, талай сайланып шыққанмен арланды ала алмай мысы құрыған бай Ақанға қолқа салған. Бір жетсе Құлагер мен Басарала жетер деп үміттенген. Heшe күндей аттарын жаратып, иттерін баптаған аңшылар қазір қасқырдан да, қуғыншы Құлагер, Басараладан да көз жазып, орта жолда қалды. Бағана молақ қаншықты қуған Шәкейлер онша қиналған жоқ-ты. Мүгедек ақсақ қасқыр қара үзіп ұзай алмай, қарулы, әдісқой Шәкейдің қақ сойылымен тұмсықтан бір ұрғанынан қалмай, әліп боп түскен.