Menu Close

Ақан сері — Сәкен Жүнісов

Аты:Ақан сері
Автор:Сәкен Жүнісов
Жанр:Роман
Баспагер:Жазушы
Жылы:2002
ISBN:5-605-01808-6
Кітап тілі:Қазақ
Жүктеп алу:
VK
Facebook
Telegram
WhatsApp
OK
Twitter

Бетке өту:

Бет - 7


Жақында байдың көңілін сұрап, сәлем бере келген Бекболат, Көбен билер Сүтемгеннің қайғы отына май құйғандай, бұрынғыдан бетер еселеп кетті.

Елдің игі жақсылары әдейі ат басын тіреген соң Сүтемген аса сыр білдірмей, жылы ұшырап қарсы алған.

Қылды қарауыл Көбен бас қосқан жерде көрінгенге тиісіп, аузымен орақ орып ұрынып отыратын ұшқалақтау еді. Аурудың көңілін сұрап, ел арасының жайын біраз әңгімелеген соң енді Сүтемгенді көңілдендірейін деді ме, әлде әшейіндегі алаңғасарлығы ұстады ма, ұрынарға қара таба алмай бос сөзге көп үйірлігі жоқ байсалды Бекболат биге тиісе бастады. Ретті, ретсіз жерде сөзбен іліп-қағып сайқымазаққа салып, момын Бекболаттың әбден мойнына мініп алды.

Ел арасында түтін шықса елеңдеп, сылтау іздеп қымыз ішетін, тоқ жерді сағалайтын бір-екі қартаң адамдар Сүтемген ауырғалы жиі келуге бата алмай жүр еді. Қонақтарды сылтауратып, осы үйге бас сұғып, тамақ аңдып айналшықтап отырған. Көбейдің уытты сөздеріне мәз боп, көздері жыртия күліп, қолпаштап қояды.

Көбей бір кезде Бекболаттың өткен қыста іш тастап, жұтқа ұшыраған малына тиісті. Былтыр көк салпақта, қара жауын жауып, артынан біраз күн үскірік соғып, соқталанған қалың қар көк мұздаққа айналған. Тебінде жүрген үркердей аз жылқы шашасы қиылып, аузы жарып оттай алмай жүдеп, буаз биелер шетінен құлын тастаған. Шағын шаруалы Бекболат елден ала-бөтен жұтап, кедейлікке тап болды. Көбен осыны табалай сөйледі.

  • Беке-ay, Беке,- деп ыржалақтай күлген Көбен соры қайнап Бекболатты ащы мысқылдады,- биыл өзіңіз тым жақсысыз. Қыс ішінде қымыз ішіп шекеңіз қызарыпты. Биелеріңіз ерте құлындаған соң семірейін дегенсіз бе қалай?!

Бекболат та шыдай алмай мырс етіп күліп жіберді. Қанша ашуға мінсе де, биязы тілмен, жұмсақ сөйлей отырып, қанын шығармай бауыздайтын тапқыр шешен би басын оқыс көтеріп алып:

  • Дұрыс айтасың, Көбен,- деп өткір көзін қадап, тақпақтай жөнелді,- жер қарада даланың сызы болды, қар кетерде екі елі мұзы болды. Мұз болған соң биеде іш бола ма, ішті болған жалғыз-ақ Қылдының қызы болды.

Шалдар жымың етіп тыйылды. Көбен төбесінен жай түскендей көгеріп кетті: осы өткен қыста Күләйім деген қызы оң жақта отырып жүкті болып, өз үйінің шымылдығында босанған. Жұрт мұны түгел біледі. Бекболат тап осы масқараны айтар деп ойламап еді, Көбен би қара жердей боп түтігіп, басқа жауап қайтара алмай, асқа да қарамай, тез арада аттанып кетті. Тура сөзге дау айта алмай, іштей күйініп, кектеніп кетті.

Бекболаттың мысқылы Сүтемгенге де туралап атқан оқтай, жанды жеріне тиді... Болашақ келінін тұспалдап айтқандай көрініп, жүрегі өртеніп, бұл да сызданған қалпында қалды.

Қонақтар жөнелісімен Сүтемген екі-үш жігітті жан-жаққа аттандырып, баласына іздеу салған. Оның үстіне Қоскөл жақтан келген жансыз адам жеткізген суық хабарға мазасызданып, ұйқы-күлкіден қалған.

Бүгін орнынан ақ балақ кәрі бүркітше түрегеліп, түнеріп алыпты. Мүйізбен оюлаған ағаш төсекте, артына үш-төрт жастық тастап, шалқалай отыр. Ұшы қып- қызыл бетінің қаны сұйылған, жағы суалып, үлкен қой көзі шүңірейіп, ерте ағарған күмістей ақ сақалы сирей түскен сияқты. Ірі, сұлу денесі де кішірейіп, еті таралған. Көзінің қиығымен ғана қарап, босаға жақта малдас құрып жер шұқыған баласына зеки сөйлеп отыр.

─ Miнe, табаны жалпақ үш ай болды, үйіңнің қарасын көрмей кеттің. Бүкіл елге бобылық жариялап, ат шаптырып, тінту салып зорға тауып алдық. Өзіңді ойламасаң да, жалғыз әкеңді, ата-бабаңды сыйласаң еді. Кім бар бұл Арқада менің аруағымды аттап, бетіме келген. Сен ғана ат атандырып, сүйек сындырып отырған,- дегенде төрдегі ағасы Шәлтік бай, оның үлкен баласы Сапа, ауылдың екі-үш ақсақалы Жалмұқанға көзінің астымен үнсіз түйілді. Әкесінен аумайтын ат жақты, қызыл шырайлы, шалғысы ұзын қияқ мұртты Жалмұқан басын көтермеді. Әшейінде әкесіне ерке сөйлеп, еркін жүрсе де, мұндай ашу үстінде қарсыласпауды жөн көрді.

─ Жаман Бақтыбайдың қызын тапқан өзің. Мен зорлаппын ба сені. «Ақ тоқтыдан, ақ лақтан басқаны алмаймын» деп құдайдың зарын қылып көкке ұшып, жерге түскен өзің емес пе едің. Әйтпесе ана Шыңғыс әулетінен Жүсіп төренің қызын да, болысыңның, оязыңның қызын да әпермес пе ем. Енді төрдегі басымды есікке сүйредің. Бақтыбай кім? Қашан оның терезесі менімен тең келіп еді. Қайбір ол кісі танып, қадір білетін адам. Қолындағы жалғыз қызына билігі жүрмеген сұмпайы сорлы менімен құда боп қалай теңеспек.

Жалмұқан қозғалақтап, қызарақтай бастады.

─ Қыз құтырды екен деп, ауыл сыртынан қайтып тентіреп кеттің. Көтенге өкпелеген құл болармысың.

  • Сонда тартып әкел деп отырсыз ба, әке?

Жоқ, тартып әкел, алып қаш деген кім бар. Сәмен тұқымына кезінде қыздарын жұрт өзі әкеп беретін. Ал, сен болсаң, құса боп, ел кезіп кеттің. Ләйлі мен Мәжнүн болармысыңдар. Сені мен ынжық, жасық етіп өсірген жоқ ем. Қорамсаның ұлы қырындады екен деп құйрығын шабына тыққан үй күшікше ауылға зыттың. Жүйрік ат өрге салған сайын өршелене шабушы еді. Шын болат қайраған сайын өтеді. Пайғамбар жасына жеткенше сағым сынбап еді, енді Сүтемгеннің келіні оң жағында жүкті болыпты деген атаққа сен қалдырайын деп пе ең!

  • Әке!- деп қалған баласының жүзіне де қарамаған Сүтемген үнінен булығып, өңі қуарып, қаһарлана түсті:
  • Сендей қылшылдаған жігіт күнім болса, тізгінімнен тартқызып, кеудемді басқызбақ түгілі, ала шылбырымнан, атымның қыл құйрығынан ұстатпас ем тірі жанға. Енді қалыңдығыңа мен баруым керек пе? Ана, Ақан дей ме, көкіген екен. Ел әнін айтып, сөзін сөйлегенге бойы жетпейтін жерге ауыз сала бастаған екен. Оның әні де, тұқым-жұрағаты да енді мен көз жұмғанша бұл ауылдың жауы. Қартайғанша көрем бе деген қызығымды ойрандамаққа қасақана килігіп отыр. Бұдан өткен дұшпандық бар ма? Қорамсаның ұлы басынатындай Жалмұқан шірік болса да, мен алдыма шығара алмадым. Басындырармын. Тірі болсам, есесін қайтармай қоймаспын. Ал сен, құдай қосқан қосағың, қырық жетіні қырқа матап берген қалыңдығыңды осы босағадан аттатпай көзіме көрінбе. Содан соң көк есекке көлденең салып, тор төбелге теріс қаратып төркін жұртына қайтарып жіберсең де өз еркің.
  • Енді маған қайт дейсіз. Ертең әкелейін бе?- деп дүңк ете қалды өзі де намыстан жарылардай боп жүрген баласы.
  • Маған ертеңің керегі жоқ. Күйеу боп барып, құдай жолымен күйеу боп әкел. Сүтемгеннің баласы далада қаңғырып жүрген біреуді көлденең басып, атқа өңгеріп әкелмейді. Әуелі мына жігітті тыңда. Сені таптырып алғаным да осы хабаршының сөзінен. Әй, жігіт, мына ынжық күйеуге айтшы, не сұмдық естіп келдің.

Жалмұқан басын көтеріп алды. Ақтоқтыға бірдеме боп қалған жоқ па деп үрейленіп отыр.

Сопақ бет сары жігіт - осы ауылдың тыңшысы. Қорамсаның ауылына барып, жансыз жүріп, бүгін суық хабар әкеп отыр. Жігіт сайрай жөнелді.

  • Ақтоқты көптен бері Еркімбай деген жездесінің үйінде, ту, ту Ащылы, Жекебояқ жайлауында екен. Бақтыбай Ақандардан запыс болған соң, ешкімге

сездірмей сол жаққа жіберіпті. Жанында аңдушылары да бар дейді. Соны Ақандар естіп, қазір жолын тосып жүрген көрінеді. Осы ертең, арғы күндер Ақтоқтылар елге қайтады деп естідім. Ақандар жолда алып қашпақшы көрінеді. Жігіттері онша көп емес, сосын...

─Жарайды, жетті. Бар енді, жүре бер... Естідің бе? Егер қалыңдығыңды жолда алып кетсе - қолыңнан тартып әкеткенмен бірдей. Бақтыбай сен үшін қызын ұстап отыра алмайды, оған құдіреті де жоқ. Бүгін ел азаматтарын жиып, сайлап қойдық. Түнделетіп жетіңдер. Егер қыздан айырылсаңдар, бүкіл ауылын шабыңдар. Аузыңды ашып ай қарап отырғанда жұрт сені тірідей көміп, басыңа намаз оқудан таймайды. Намысыңды қорға. Әкеңді дұшпанның табанына салма. Бастаған екенсің бір ойынды, қызығын өзің көр, өзің аяқта. Қалғанын көре жатармыз. Бар, жолың болсын!

Жалмұқан бірдеңе дейін деп оқтала беріп еді, шал сіңірлі қолын бір сілтеп, теріс қарап жатып алды. Басқалары да сөз қосқан жоқ. «Байлау осы дегендей» үнсіз түнеріп шығып кетті.

8

Түні бойы суыт жүріп отырып, жолда үш-төрт жерге аялдап, қалың ағаш бауырында ат шалдырып, қоржындарындағы тоңжелін етпен тамақтанған жолаушылар еш ауылға бұрылмастан келесі түнде Жекебояқтағы Еркімбайдікіне жеткен.

Тастан, Бақтыбай, Дәмелілердің ақыл қосып, тапқан амалдары еді бұл: «Былтырғы Бірішек сияқты жалғыз шабатын қасқыр Ақан бір қапысын тауып, Ақтоқтыны алып қашудан таймайды», - деп үрейлері ұшқан олар құда жақтан хабар болмаған соң, «Ақтоқты да мүлдем қажып, жүдеп кетті. Бүйте берсе, ауруға шалдығар. Біраз уақыт көз көрмес, Еркімбай ауылына жасырын жібере тұрайық. Ақботаны сыйлаушы еді. Апасы бізден көрі сыр айтысып, қоян қолтық сөйлесе алады. Мүмкін, райынан қайтарып, ақыл салып балалықпен желіккен жел көңілін тияр. Ақтоқты да бөтен елде сергіп, біраз желпінсін»,- деп ұйғарған.

Ақтоқтыға желпіну қайда... Көресіні осы ауылдан көрді. Жалмұқанның ұрын келіп, масқара боп кеткенін түгел естіген Ақшасордан мойны алыс ел Бақтыбайдың қызы келісімен пыш-пыш әңгімені гулетіп жіберді. «Ойбай-ау, әлгі Ақтоқты келіпті», «Өңі жүдеу көрінеді, мұрнының үстіне ноқта түсіпті», «Өзінің іші көрінбейді, бәтір-ау», «Бірінші балада көбінше солай болады. Әлі тар құрсақ емес пе», «Мүмкін түсік тастаған шығар», «Мұнда неге келді екен, тегі, Сүтемгеннің баласы алмайтын болған ғой», «Әй, өзі де Ақтоқты десең дегендей - ақ, Есілдің талындай таралып, сұлу боп өскен екен», «Сорлы баланы Ақан да мазақтап, тастап кеткен екен-ау, шіркін, серінің серігі болар-ақ адам» дескен жұрт, күні-түні жоқты сылтауратып Еркімбайдың үйіне ағылды. Өзіне сынай қараған, тұла бойын тіміскіп тінте қараған неше бір сұм көздерден қорланған Ақтоқты ел ішіндегі бозбалалардан да көрді көресіні. Бұрын қос тұлымы желкілдеген титімдей күнінде талай рет жездесінің үйіне келген қызға ауыл

балалары қонақ деп қадірлеп қараушы еді, енді бір-екі рет бастаңғы, алтыбақанға барғанында ел ішіндегі өсекке қанған кез келген қылжақбас жігіт орынды, орынсыз қалжыңдасып, ақмаралдай сұлу қыздың бойынан бір жеңілтектік іздейді. Бәрі де өздерінше үміткер, дәмелі. Отыра қалған жерде алаңғасар бозбалалар тарқылдап күліп, жөн-жосықсыз тиісіп, тіпті кейде қолын жүгіртіп ойнағысы да келеді.

Ақтоқты өткір тілімен беттерінен қайырып тастайын десе де, сөзді қор қылып, ушықтырғысы келмей, көп бөрінің ортасына түскен тоқтыдай көзі жаудырап іштен тынады. Ақыры көп тәлкекке түсіп, мазаққа шыдамаған абұйырлы, намысқор қыз бұл ауыл көшесіне де қайтып шықпай қойды.

Келген бетте өзінің бойынан бәлендей өзгеріс таппай көңілі орныққан апасына жеке отырып бар сырын жасырмай түгел ақтарған.

  • Өңің жүдеу ғой, бір жерің ауыра ма?- деп алыстан орағытқан Ақботаға:
  • Өңім жүдеу болмай қайтейін. Өңшең балық көз надандардың ортасына қамалған соң, амалым не? Бірақ өңім жүдеу болғанмен, жүрегімде тұтанған үміт оты сөнген жоқ, Ақбота,- деп сөз сыңайын түсінген Ақтоқты да тура жауап берді.

─ Тоқтым менің, қайтейін, әлі баласың ғой, сендей кезімде мен де біраз әуреге түсіп, ғашықтық жолында өзімше өлердей болғамын, әлі бәрі ұмыт болады,- деп әке-шешесінің тапсырмасын ә дегеннен орындауға көшкен Ақбота, ақын, серілерше айшықтап сөйлеген сіңлісінің сөзіне онша мән бермегенсіді.

— Жоқ, Ақбота, мен өле-өлгенше ұмытармын деп ойламаймын. Тіпті одан басқаға барармын деген ой да жоқ менде. Өзің есіңе түсірші, ғашықтық деген қандай болады. Meн бұрын түк түсінбеуші едім. Әлі де сөзбен айтып жеткізер мұрша жоқ. Неге екенін өзім де білмеймін, Ақанның қасына ерсем, бар дүниені ұмытып, жұрттың өсегін де елемей, бірге жүре бергім келеді. Қайта ел көрсе екен деп көңіліме бір мақтаныш, қуаныш оралады. Ол көзіме түспегелі бір күннен бip күн ұзақ көрініп, бүгінгі сағынышым кешегіден басым тартып, бірде оның көзі, бірде қасы, кірпігі, мұрты, күлгенде көрінер тісі көз алдыма елестеп, соны ойлаумен жақсы күнді өткізем. Ер адамға мұнша қызығармын, сүйермін деп ойлаппын ба?- деп екі көзі мөлдіреп, аппақ жүзіне қан жүгіріп, Ақанның бұрама сақинасын сипап отырып қалды.

-Түсінемін, жаным, сенің жаныңды мен түсінбегенде кім түсінеді, Тоқтым,- деп бірден шошытпай, сіңлісінің көңілін жықпаған ақылды, әдісқой келіншек Ақтоқтыны құшақтап маңдайынан сипады.- Бірақ сен мынаны ойлап көрдің бе? Сол Ақанды не үшін осынша сүйдің, несімен қадірлі ол саған. Рас, Ақан серідей көрікті, сөзге де, әнге де ұста, сегіз қырлы жігіт ілуде біреу болмаса, жиі кездесе бермейді.

─ Мен тіпті соның көркін де, өнерін де басқамен салыстырып көрген емен. Оның бойындағы бар қасиеті әйтеуір, маған жұғымды, ұнамды. Бәрі-бәрі өзімді шын баурап алған жұмбақ сыр. Кейін бір жайлауда жеке кездескенімізде Ақан:

Есіңде ме, жаным, сен екеуміз Тастан үйіндегі шілдеханада қатар отырғанда қалың қарағай ішінде бір-біріне сүйене өскен қос қайыңдай едік. Тек сенімен отырғанда ғана өзімді бұрын болмаған бір сиқырлы күйге, жайсаң күйге еніп, көңілім Көкшенің күніндей өсіп отырады» дейді. Менің көңілімде де тілмен жеткізгісіз осы ой бар еді, соның дәл үстінен түсті. Ендігі жерде қатар бүршік жарар егіз қайың сол Ақандай ғана көрінеді.

Бұдан әрі Ақбота талай қиқалаққа салып, көңілін суытатын талай әдісті сөздерге ауысты.

«Егер сен ұзатылып қоймасаң, жағдай басқа. Сүтемген елі, қала берді қазақ ғұрпы мұныңды дұрыс дей ме»,- деп бір көрді де:

  • Ақан сері сенімен ғұмырлық жар да болмайды, кейін жел көңіл ақын басқа сұлуға ауысып, саған салқын тартары хақ. Оған жазғыруға болмайды. Үйтпесе әнші, сері де болмас еді.

Басқасын былай қойғанда, әйелі өліп, екі баламен қалған адам қалай, Сүтемгендей шалқып отырған байдың ұлына барып, дүниені сапырып отырған қалай, ғашықтық та жақсы, бірақ түбін де ойлаған теріс емес. Бұл жерде ешкім жоқ, ана шешеміз бен әкеміз тең бе? Бірақ одан анамыз не қысастық көрді, өмір бойы ішкені алдында, ішпегені артында, Құдайға шүкір біздей ұрпақ өсіріп, өрісін кең жайып отыр.

Егер олай-бұлай болып кетіп, Жалмұқан сені алмаса, әкеңнің қалған ғұмыры итшілікпен өтеді. Сүтемген жұрты кек алмай тұрмақ емес. Тым құрмаса, сорлы әкеңді аясаң етті.

Сосын, Жалмұқан кімнен кем... Жігіттің төресі. Түр десең түр, ақыл десең ақыл бар. Бойға да, ойға да қораш емес. Ол да қыз менсінбей, таңдап жүрген жігіттің бірі. Ақылы болмаса, түнеугүні қалыңын төлеген басы байлы қалыңдығым еді деп, сені басқа-көзге төпелеп алып кетпес пе еді. Ондай аусар, есалаңдар да көп. Көзі соқыр, басы таз емес, тап -таза мүрсіндей бала. Осында Жанәбіл дегеннің қызы қыпшақ елінің бір байының без тамақ ұлына да барып отыр. Айта берсең ондайлар көп. Әрине, ондай жарымжан, жарыместерге сені ешуақытта қимас ем. Өзім-ақ ара тұрар ем. Ал мынадай ердің басын қорламас болар. «Асты қорлама, құстырар» деген сөз бар.

Есіңде болсын, бұл - қорқытқаным емес. Жақында бір суық хабар естідім. Қожамбеттен тараған бүкіл мықты елдің атқа мінер еркек кіндікті ер -азаматы зығыры қайнап, Ақанға кіжініп отырған көрінеді. Бір сәтсіз күні зақым қылуы да мүмкін. Сен екеуіңді қосып, қол қусырып отырар дейсің бе? Тым құрмаса, осыны ойла, Ақан - саған ғана емес, бар жұртқа керек Ақан. Шын сүйгенің рас болса, серіні ая. Оның әлі де талай айтып, еліне, нәсіліне қалдырар әні, өлеңі мерт болмасын. Мезгілсіз қаза бар өнерді, бар жақсылықты ешкімге бұйыртпай суық көрге ала кетерін білесің ғой. Тек бетін аулақ қылсын. Күйеу елінің сұсы жаман деседі. Пышақ жүзімен тілдерін тіліп ант етіскен намысқой жігіттер бар көрінеді, сенен әулие қыздар да қазақ салтына түк қыла алмай арманда өлген. Айға шауып, 98

мерт боп қайтесің,- деп Ақбота бүгінше осы да жетер дегендей, Ақтоқтыны аз сөйлетіп, сөзді дауға айналдырмай ғана, талассыз доғарып, тысқа шығып кеткен.

Содан бері сіңлісінің миына ақылды сыздықтап құйып, күнде бір күдер үзер сөздер айтып сіңіріп қояды.

Ақыры Ақтоқты қарсы сөйлер дәрмені болмай, көп сөзден, көп кеңестен басы айналып, есалаң күйге түсе бастады. Ақбота үйі де, жайлаудағы бөтен ел де жонын теріс бұрған жат мінезге ауысып, он жетідегі жас қызды жабырқаңқы күйге ұшыратты. Енді қайда барып паналар.

Бұл кезде Көкше даласы да көркінен айрылып, кең далада күз желі азынай бастаған. Ауыл маңының сарғайған шөбі жапырылып, көп тұсы тақырға айналыпты. Үйілген тезек, күл аралас көшенің шаңын суыра соққан қара жел, кейде дауылдатып, құйындатып, ашық есіктен үйге кіріп, жын-ойнақ салып өтеді. Бауыры сиырдың құйқасындай бұйраланған қарала бұлттар тырс-тырс еткізіп, ірі тамшыларымен желпілдеген түндіктерді шертіп, жақында ұзақ жауамын, қамсыз болғаныңа рахымым жоқ дегендей түнере түседі. Ақтоқтының да көктем базары тарқап, көңіліне жалбыр бұлтты, ызғарлы күз түскендей қамығып, «не болса да, енді осы әурешілік тез бітсе екен» деп өмірден, қызықтан торыға берді.

Үстіп жүргенде Қыпшақ еліне барып, астан үлкен атақ, зор абыроймен оралған Ақан сері, Әлібектің жер жарған даңқы ауыл-ауылға лезде таpaп, Жекебояққа да жетті. Yш жүз аттан озып серінің Құлагері үздік келіпті. Оған «Үркеккер» деп ат қойыпты. Онысы несі екен? Көкшенің балуандары да белдескенін шетінен жығыпты деп гу-гу етеді. Бұл хабарды осында жеткізген Су Құсайын. Бұл жолы асығыс жеткен ол, «әуелі осы ауылдан бастаймын, түнеугүні Еркімбайдың қонағасын жей алмай кетіп едім, енді соның үйінде отырып түгел қызықты айтамын. Еркімбайдай тыңдай алмайсыңдар, ол отырған жерде сөз өз - өзінен туындап, иесін табады» деп шеткі бір үйден сәлем айтып жіберіпті. «Еркімбайдың құлағының құйма алтыны бар ма екен, оның құлағы да қалқиған кәдімгі жұқа шеміршек» дегендерге, «солайы солай -ау, бірақ тамақты Ақботадай етіп дәмдеп беретін бұл өңірде әйел заты жоқ» деп сырттан көпшік қоя сөйлеп, жол тауыпты.

Су Құсайынның бұл сөзінде де есеп бар. Оны ешкім сезбейді, ішкі пікірі ішінде: Ақтоқтының осы қайтатынын естіп, бірақ тап қай күні шығатынын біле алмаса керек. Содан осы Су Құсайынды «сен ел аралап, үйреншікті болған сезіксіз адамсың, бүгін барып, қашан қайтатынын, қасында неше жігіт барын қыбын тауып біл. Біз жол тосып жата тұрамыз» деп жіберген. Ақаннан сөз үйреніп, оны жанындай жақсы көретін Су Құсайын оған сөз қайырған жоқ. Оның үстіне Ақтоқты жайында біраз ғайбат сөйлегеніне іштей ұялып, немен жуып- шаярын білмей жүретін. «Екеуінің қосылуына өртке қанатымен су сепкен қарлығаштай себебім тисе жарар еді» деп қуанған Су Құсайын кәрі шабдарын тебініп бүгін жеткен. Басқа жүрдек ат мінуге көзі үйренген жұртқа сезікті болар деп қорықты.

Ақтоқтының кейінгі кезде Ақанды да, басқаны да ауызға алмай, үнсіз жүргеніне «е, күдер үзген екен, әлі бала ғой, алғашында түсінбеген ғой, енді ұққан екен» деп қуанған Ақбота, үй шаруасымен айналысып жүріп, сіңлісіне ертең келін боп түскендегі неше түрлі құйтырқыларды, енеге, атаға, күйеу, қайындарға қандай инабат көрсету керек екенін үйретіп, салт-сана әдетке сіңген көп жоралғыларды ұғындырумен әлек.

«Бір жылдай ата-енеңе жүзіңді көрсете бермей, далаға шыққанда басыңа ылғи сарт шапан жамылып шығасың»;

«Үйдегідей еркіңмен ұзақ ұйықтамай, еріңнен қашан да бұрын оянып, шаруаңа тұрып кетесің»;

«Төсек жиғанда бәрінен де аяқ қабына ұқыпты бол. Шұлығың, не іш киімің шашылып жатпасын. Артығы болса аяқ қапқа салып, мұқият бол»;

«Қайындарыңа өзің лайықтап ат қой. Бадырайтып атымен атап жүрме. Атаң аты Сүтемген екенін білесің ғой. Оның есімін аңдаусызда атап қалма. Сүт деген сөзді айтқың келсе қашанда «ақ» немесе «сүме» деп, «бұзау емді», «құлын емген» дегенді «бұзау сорды, құлын жұтты» деген сияқты сөздермен жаттыға бер».

«Жат жерге келін боп түскен соң бәрі, бәрі сын: сөйлеген сөзің, артық күлкің, біреуге қарасың, шай құйысың, ең арты жүріс-тұрысыңа дейін сын. Ақтоқтым, үлгі-өнегеден кемсін емессің. Әйтсе де, қашан үйренісіп кеткенше «ақырын жүріп, аңдап бас...».

Әшейінде ұғымтал Ақтоқты талай рет шешесінен естіген мына сөздерге құлақ қоймаса да, әшейін бас изей береді.

Таңда Ақтоқты еліне жүрмек. Бүгін жөнелу жоралғысына Еркімбай семіз тай сойған. Көңіл жақын туыстарды шақырмақ. Жайрап жатқан етке шаң түспесін деп, шағын қос - ас үйде етті мүшелеп болған Ақбота Ақтоқтыны жетелеп әкеп, соңғы сабағын пысықтап отыр:

— Мынау қазы, қарта, жал, жая - бұларды білесің ғой. Жылқының ең қадірлі мүшелері. Он екі қазы ішекке салғанда алты қос қазы делінеді. Мынау - жығылар жағы. Мынау-белдеме - омыртқа мен жаяның арасы, бұл - алтыға бөлінеді. Мына жатқан екі талдан төрт кіші қабырға - тасты. Кейде бұл қазы орнына салынады. Міне - бұғана. Бұл да еті қаттылау болғанмен қадірлі мүше - құдаға салады. Ал мынау - омыртқа. Жылқыда он жеті омыртқа болады. Бұларды қашанда іркіп, сыйлы қонаққа бір-бірден салып отырады. Көптен дәм татпай өкпелеген адамның «үйіңнен бір омыртқа жегем жоқ» дейтіні осыдан шыққан. Омыртқа таусылса, оны төспен алмастырады. Мына қабырғаның басы қазының омыртқадан шығатын жағы, мұны қатаған басы дейді. Қатаған басын ішекке қазымен бірге салады. Ал жілік санда үшеу, қолда үшеу. Сандағы ортан жілік, асықты жілік, жамбас. Жамбасты да жілік деп санап, табаққа жеке салады. Қолдағы - тоқбас, кәрі жілік, жауырын. Жауырын да жілікке саналады. Бұл мүшеге жүреді, бірақ етті көбейту үшін салатын жанама мүше. Қазының шетін телшік дейді. Мұны жылқы сойған

күні салады. Телшіктің ұшын кесіп алады. Оны мықын дейді. Мынау төс қазы. Жас малда, арық малда етегі болмайды. Семіз жылқы болмаса бұған май ілікпейді. Сондықтан қонаққа жарамайды. Мынау қарын, мына жатқан бұдырмақсыз тәттісін қара қарын, бұдырмақтысын жай қарын дейді. Қартаға таяу қадірлі қарынды жіңішке қарын дейді. Ішек - жуан ішек, жіңішке ішек болып екіге бөлінеді. Жуан ішекке қазы айналдырады. Жіңішке ішектен шұжық істейді. Бауырға жабысып тұратын мына бір жұмсақ етті жетім бауыр дейді. Мынау қолқа. Сабағы барын тұздап, айналдырып, құдандалы адамға сақтайды. Ал сабағы жоқ жүрек қолқасы - бала мүшесі. Айтқандай, жамбас үшке бөлінеді. Ортада шұқыршағы қалады. Екі жақ кемік басын қадірлі қонаққа береді. Кәрі жіліктің басын білесің бе? Мұны толарсақ басы дейді. Мұны «етігің қисаяды» деп балаларға, «толғағың қатты болады» деп әйелдерге бермейді. Мына жатқан өкпе. «Өкпе жетер көпке» дейтін осы. Бұл қуырдақтан басқаға жарамайды. Сондықтан сойған күні келген адамға мол ғып қуырады. Мүшелі тамақ емес. Мынау – жалбыршақ қарын. Мұны қазір итке тастаймын. Жалбыршақ, көкбауырдың бәрін «жау жұмыр» деген сөз содан шыққан,- деп келін боп түсер Ақтоқтыға ас-су ұстаудағы жөн-жосықты үйретіп жатқанда, тыстан күйеуі кірді.

Су Құсайынның осы үйге қонақ болғысы келетінін Еркімбай осы еттікте отырып, әйеліне жұмсарта жеткізген.

Ақбота Су Құсайынның атын естігенде ытырынып, көкке ұшып жерге түсті:

  • Сағынып отыр ем жаманғатты. Ол суайтты енді төрім түгілі, осы үйдің маңына жолатармын ба? Кетсін әрі. Қарай гөр, ұялмай тағы келем деуін, - деп күйеуіне ұрсып тастады.- Сен де желігесің де отырасың, бар, тыңдағың келсе. Өтірікке жаның құмар ғой.

Араға Ақтоқты түсті. Су Құсайын Ақанмен бірге асқа барыпты дегенді естігенде, «апырмай, серім туралы бірдеме айтар ма екен» деп елегізіп, апасына жалынды:

— Ақбота, Су Құсайын ел ақтап, тілімен күн көріп жүрген жетім адам ғой. Оның сөзін ауыр алып керегі не. Айтса ол, шындықты айтады. Аздап тұздықтайтын шығар, қайтсін байғұс. Осында келгелі әбден зерігіп өлетін болдым. Тым құрмаса, сөзін тыңдап көңіл көтерейінші. Келсін, ертең кететін адаммын ғой. Мені де ренжітпе, енді бір-бірімізді көріскенше кім бар, кім жоқ,- деп сөзінің аяғын ауыр бітірген соң:

─ Тек олай деме. Жарайды, Еркімбай, шақыр. Бірақ ол суайтқа қалай қолымнан ас берем. Қап, сен болмағанда,- деп қынжылды.

Шам жаға үйге «Кеш жарық, қойың сарық, тоқтың арық, ассалаумағалайкүм» деп күлімдеп кірген Су Құсайын, көтеріп келген ер -тоқымын босағаға гүрс еткізіп тастап, төрге өтті.

— Қойың сарығы нес!- деп жақтырмай теріс бұрылды ыдыс-аяқ сүртіп отырған Ақбота.

─ Бұл жаңа шыққан сөз. Сарық деген қойдың жаңа түрі бар, Атбасар базарына казак-орыстар әкеледі екен. Кейбір жұрт «сәрік» дейді. Итім білсін. Әйтеуір жаңа шыққан сөз. Өй, сен қайдан жүрсің,- деп қара көлеңкеде жаңа аңғарған Құлмаққа таңырқай қарады. Қасында үш -төрт жігіт бар Құлмақ Ақтоқтыны алып кетуге келген.

  • Қарауылдың қарауылдары,- деп Ақтоқты кекете күліп еді, Су Құсайын түсінбей қалды.
  • Қарауыл екенін білем ғой, бұл жақта не ғып жүр дегенім де.
  • Сіз неғып жүрсіз, сіз жүрген жерде біз жүре алмаймыз ба?- деп бір жігіт жөнін айтқысы келмей жалтарды.
  • Е, айналайын, жүре бер, жер де, ел де көтереді. Мен болсам ел жаңалығын айта келген адаммын. Жұмыссыз құр селтеңдеулерің келіспейді дегенім де.

Су Құсайынның бұрынғысын ұмытып, тағы да еркінсіп отырған қышыма тіліне зығыры қайнаған Ақбота бір тұқыртпай көңілі көншімеді:

  • Суеке, сізді осы үйге шақыртқан мына Ақтоқты, әйтпесе сыбағаңызды бір оңдап берем ғой деп жүр едім,- деп ызалана күлді. Су Құсайын да есесін жіберген жоқ.
  • Білем ғой, күнім, сенің сыбағаны оңдап беретініңді. Әуелі, онда, Ақтоқтының сыбағасын жейік, асықпа, сосын сенің сыбағаңды жермін бұйыртса,- деп үйді бір күлдіріп желпінтіп алды...

Кешке тай сойған үйге көп адам жиналған. Шақырылмаған кейбір пысықша сұғанақтар да келіпті. Қазақ жұртында мұның айыбы жоқ.

  • Арада үш-төрт қонып таулы, тасты Жыланшыққа да жеттік. Өңшең көк қыл-қыбырдан шапан, құндыз бөрік киген, кілең ақ боз атқа мінген өрімдей сал жігіттер сырнай-кернейлетіп, шоқ қарағайдың бауырына қаз -қатар тіккен үйлердің ең ортасындағысына кілем үстімен өткенде, он екі дуанның азаматы тамсанып, ауыздарының суы құрыды,- деп масаттана сөйлеген Су Құсайын, Қарасал деген марқұмның қажылыққа сегіз жыл қатарынан барғанын, артында тоғыз ұлы, жер қайысқан малы қалған байлығын, жүз он үш жасқа келген Хакім ақсақалдың асты басқарып, көрсеткен сый -сыйпат тәрбиесін, Ақанға ерген Сұлтанмұрат, Бәтжан, Аяған, Жанділдә, Шәкей, Нұралылардың елді аузына қаратқан әншілігін ұзақ жыр ғып, күресті біраз баяндады:
  • Бізден, барған жерін орып тастайтын малтабар Ожымбай, дөңгелек, көркем Көбей Қойкүзет, ақ табан атанған балуан Ошандар ортаға шығып отырды. Бір кезде он жігіттің ортасында жұлынып, өкіріп, үсті -басы қап-қара жүн дәу шықты. Бұл Қарабұқа деген қыпшақ елінің балуаны екен. Қарсы қарап Ожымбайды     көргенде    бір    кезде аю алған батыр атанған Қарабұқа

маңындағыларға «апыр-ай, денем қалтырап бара жатқаны несі» депті. Бас балуан да осы екеуі еді. Ол жақтың күресі де қызық екен. Кезекпен ұстасып, күш сынасады екен. Бірінші кезек Қарабұқаға тиді. Ожымбайды келе бүрген алпауыт олай лақтырды, бұлай лақтырды. Ожымбай дік-дік түсіп бой алдырмады. Кезек Ожымбайға тиді. Қарабұқа да сіресіп міз бағар емес. Екеуінің де мерзімді уақыты бітіп, енді бірдей қимылға көшті. Биенің екі сауымындай алысқан екеуі әбден титыққанда, Ожымбай «Малтабар» деп ақырып кеп, көтеріп әкеп иықтан асыра бергенде Қарабұқаның жамбасы сынды... Одан кейін шыққан Қойкүзет те, Ошан да жықты,- деп тағы да біраз сырлап, тойды мәнерлеген Су Құсайын келесі күнгі ат жарысты ұзақ жырлады...

─ Сонымен не керек үш жүз аттың алды боп, Құлагер келді. Бірақ бір кеселі сол, жапа-тармағай ұмтылған қалың нөпірден үріккен ат, басына мінген алпамсадай Шәкейге бой бермей, қарақшыдан әрі бұрылып, тауға қарай ала қашты. Әлібектің ұшқыр қара бедеуіне мінген Ақан жанамалай салып, ысқырып шақырады. Құлагер үш келіп, үш кетті. Жұрт шулап тұр. Сол кезде ұран сап екінші ат, одан кейінде де берген үйдің Қызбел деген аты, Қарабурыл қарашыдан өтті, қып-қызыл дау осыдан басталды. Жұрттың жарымы «бас бәйге кері аттыкі» десе, жарымы бой бермейді: «Жоқ, ол қарақшыдан өткен жоқ, қиыс лағып кетті» деп жосықсыз қиянат салып, дүрліге жөнелді. Қып-қызыл төбелес. Сарт-сұрт етіп, бірін-бірі сабаған ел шаңды аспанға көтерді. Бірді бір айырып болар емес. Кімді кім ұрып жатқанын да аңғару қиын. Қым -қуыт қызыл кеңірдекке салып, той ішіне мен де қойып кеткем. Қылыштарын жалаңдатып стражник, өредниктер де шырылдап жүр. Байқаймын, бәрі де патша киімін киген Әлібекті жақтайтын сыңайлары бар. Әлібекте шыдай алмай, білегін түріп жіберіп, дырау қамшымен ат үстінде кез келгенін шықпыртып, ысқырып келеді. Ғұмырымда төбелесіп көрмеген мен де қиғылықты салып, Әлібекті арқаланып, алдыма түскенін тымақша лақтырып, баудай түсіре бердім. Әлден уақытта тура қара құсымнан диірменнің тасындай бірдеме сарт ете қалғанда, есімді жия келсем, киіз үйде айнала қоршаған өзіміздің жігіттер отыр. Көзімді ашып алғанда бәрі ду күлді. Сүйтсем, ет қызуымен кез келгенді басқа-көзге төбелеп келе жатқан Әлібек екен, мені бөтен біреу деп гүрзідей жұдырығымен ұрған. Есім кіре сұрағаным, «Құлагер бәйгені алды ма?» бопты ғой. «Алды, алды» деп шу ете қалды. Тағы да талықсып, құлай бердім. Келесі күні жұрт Құлагердің атын «Үркеккер» қойып кетті. Қарақшыға таяна берген Шәкей қызбалықпен қамшы басқанда, байқамай қанды бұтқа ұрған екен. Жаңа кестірілген Құлагердің ала қашып, басына бой бермей тулағаны сол екен. Содан не керек, бар бас бәйге біздікі боп мерейіміз өсті. Батыр Әлібек болмағанда Құлагерге бас бәйгені беруі неғайбыл еді. Көріне көзге қиянат жасамақ. Сүйтіп, Ожымбай медал балуан атанды. Құлагердің кекіліне жарқыраған алтын медал тағылып, хүкіметтен атты күтіп баптау қазнадан болсын деген қағаз алып, екі-үш күн тағы да той-думандатқан соң, өлеңдетіп елге оралдық.

  • Қазнадан деймісіз. Онысы кім?
  • Қазна дегені қазіргі болыс, ояздар да.
  • Әй, қойыңызшы, Құсеке, аздап қосып жібересіз-ау.
  • Қосқаны несі! Айналайын, сенбесең мен сені сендірейін деп зорлап отырғаным жоқ. Тыңдамайды екенсің, жөніңмен жүре бер. Шырқ бұзба, қарағым!- деп Су Құсайын шамданып қалған соң, жас жігіт кешірім сұрап, әлхалдап зорға құтылды.

Су Құсайынның түн ортасына дейін айтқан қызық, дәмді әңгімесін үнсіз тыңдап, бас шұлғысқандар енді жапа-тармағай сұрақ жаудырып жатыр:

  • Әй, бәйгені қайттіңдер, кім алды!
  • Бәйге бір үйірлі жылқы еді. Ақан мен Әлібек «асқа мал жия келгеміз жоқ» деп; үш ту биені үш жүздің үш ақсақалына берді де, қалғанын Бәтжанның алдына салды. Бәтжан төрт жыл бойы сүйген қалыңын ала алмай, қайын жұрты қызын «басқа біреуге береміз» деп жүр екен. Ақан: «Қалың беріп қыз алғанды суханым сүймеуші еді, амал не, сүйгеніннен айырылып, арманда қалма» деді.
  • Пау, шіркін, cepi десең cepi-ay!
  • Бір үйірлі жылқыны жалынан ұстата берді ме, ай?
  • Е, ұстатпағанда ше? Ол түгіл соңынан ерген сал жігіттер киімді қайдан киді дейсің. Қорамса сауда адамы. Үйінде Қызылжардан әкелген тай -тай мата көптен жатады екен. Ақан әкесіне қолқа салып, Шұңғыршаның тамам қызын отырғызып қойып, бір күн, бір түнде тіктіріпті.

— Ал саған керек десең!

— Өзі дүниенің ажарына қарамайды екен-ау!

— Ондайы жомарт болмаса, cepi бола ма?

Ақтоқты осы тұста қызарақтап, саба түбіндегі апасының қасында ыңғайсызданып, ұялып отырған. Еркімбайдың туыстары Ақан аты естілгенде жөткірініп, қозғалақтап, әңгіме бетін басқаға бұрғысы келіп қибыжықтаған. Әлгі сұрақты беріп отырғандар, серіні мақтасқандар - төтеден қосылған келгінбайлар. Солардың бірі тағы да Су Құсайынды тақымдап, Ақтоқтыға көзінің астымен ұрлана қарап қойып:

─ Aқан серінің көңілі көтеріңкі екен ғой. Елге шалқып, толқып келген екен сабазың сол. Қазір қалай, қуанышты ма? - деп сөзді тірілте түсті.

— Е, бәйгеден аты келіп, үш жүзге мағлұм болған адамның көңілі өспеуші ме еді.

─ Құлгердің тұлпар шығайын деп тұр екен, өткен қыста Бірішекті алғанынан-ақ сезіп ем,- деп Еркімбай жағы сөзді тағы басқаға бұрып еді, Су Құсайын осы арада қыздың жүрегін де бүлк еткізейін деп, әңгімені қайтадан иіп әкелді.

  • Құлагерге бәріміздің де көңіліміз тасыды-ау. Бірақ Ақан астан қайтқанда бір түрлі ұнжырғасы түсіп, көңілсіз оралды,- деп бастап:
  • Ас пісіп қалды, ендігісін кейін айтарсыз,- деп орнынан тұра берген Ақботаға қарамай сыдырта жөнелді.

─ Жолда ұйқы жоқ, уһілей береді. Жүзінде қайғы бар. Жолда түскен жерде мұңайып, айдалаға жеке тентіреп кетеді. Бір күні кешкі мезгіл еді, ортасы қалың қоға, шеті айдын бір көлдің қасына кеп түнегенбіз. Аттарды отқа қоя беріп, биелерді сауып жүргенде, Ақан тағы да қол жағасына шапанын жамылып жалғыз кетті. Біраздан соң Әлібек ымдаған соң, екеуміз соңынан бардық. Ту сыртынан келген бізді аңғармады. Көл жағасындағы ұсақ малта тастарды уыстап алып, бір- бірлеп суға секірте тастап, ыңылдап отыр екен. Уілдеген даусында мұң бар. Тымық көлдің беті де шолп еткен тасқа шымырқанып дір ете қалады. Тас түскен жер де жасын сығып алған ботаның көзіндей сақиналанып барып жұмылатын сияқты. Қасына кеп отырған Әлібек: «Шырағым, Ақан, сенде осы не сыр бар, тым тұнжырап кеттің ғой, айтсаңшы»,- деді. Біздің соңымыздан ілби басып, басқа жігіттер де жеткен екен. Бәрі де іштен тынып Ақанға үнсіз егіле қарайды. Бәрінің де жандары ашитын сияқты. Ақан ұзақ үнсіз отырып, «Шәкей, домбырамды әкелші. Әлеке, көптен бері көңілімді бір ән мазалап жүргені» деп жабырқаңқы жүзі күліп, сәл жымиғандай болды. Бәріміз де Ақанды қоршап, көл жағасына отыра кеттік. Сері домбырасын бос бұрап, шерлі баяу үнмен «Тағыбырың» деген бәйітті күн батқанша ұзақ айтып берді. Жас жігіттің ғашығына қолы жетпей жүргендегі зарлы арманы екен. Күрсіне түсіп қоңыраулатқанда, майда жұмсақ үн жүрегіңді қозғағандай. Күн бата жігіттердің күреңіткен жүзі жадау тартып, бәрі де мұңға батты. Жолбарыс жүректі Әлібекке дейін үнсіз тыңдап, бәйіт аяқталғанда орамалымен көзін сүртті.

Алыстағы белгісіз бір айдынның жағасында күрсінген серінің, суға басын иіп мұңайған қалың қоғаның түсі көз алдына келгенде, Ақтоқтының көзінен де бір тамшы жас үзіліп түсіп, сырт айналды.

  • Өлеңі қалай сонда, сөзін білесіз бе, айтыңызшы,- деді үнсіз тыңдаған келгінбайдың бірі.
  • Сөзінің жалпы сүйегі есімде. Бірақ бұзып айтқым келмейді. Ақан ондайды ұнатпайтын ақын ғой. Кейін жазып алып, таратармын. Ал, бірер ауызы жадымда, айтып көрейін.

Су Құсайын Ақанша ыңылдап отырып, орта тұсынан бастады:

Райхандай безіп өстің гүл бау шарбақ, Гүл жүзің, зифа бойың, етің шәрбат.

Әуелден көңілімді бердім саған,

Нәзік бел, қиғаш қасты, қалам бармақ...

Сәулем ең жат пиғылдан аман жүрген, Жоқ болсын уағдалы сөзден қалмақ. Әшейін анау-мынау сүймесіңді Жіберген емес пе едің сөзбен алдап, Тұңғиық шыға алмасақ кеттік суға, Тәуекел дариясына түстік жалдап, Жас күнде қызылға қол көп сермедім, Бір жеуге өлексені дерт көріп ем... Бұл күнде көңіл суып, қызық тозып, Таза жүрек, шын сөзбен серт беріп ем. Нәпсіме жүрегімді сұлтан қылып, Тоқтатып өз бойыма ерік беріп ем. Жолыққан таңдап жүріп таңдағаным, Сен едің бойға лайық қамдағаным... Көрікті сіздің гүлді бек жаратып, Басқаға өзіңе аян қонбағаным, Зат біліп, ырық берсең мен де сендік. Көргем жоқ пиғылыңнан қазір кемдік. Сізден соң басқа қызық керек емес, Егерде осы жолы кетсе теңдік.

  • Осы тұстары ғана есте қалыпты.
  • Ойпырмай, мына сөзіңе қарағанда, шын құмартқан адам ғой!
  • Өмірлік жар етуді қалаған ғашықтың сөзі, - деп үйдегілер сыбырласып кетті.
  • Содан елге келген соң, Әлібек «Айналайын Ақан-ай, менің Ақшабағым да, Ғайнижаным да бір адамға татитын, еpгe серік болатын-ақ қыздар. Қайтейін, ант­су ішіп, ата жолымен беріп қойған жерлерім бар. Әйтпегенде таңдағаныңды алар ең, енді тым құрмаса өкіл күйеу бол» деп, ұшқыр қара бедеуін, Қараторғай деген қыран бүркітін алдына тартты.
  • Өй, ерім-ай!
  • Батыр ғой.
  • Бірақ қыздарына билігі жүрмегені қалай?

Ата жолын, қазақ салтын бұзатын ақымақ деп пе ең. Және батыр бір айтқанынан қайтқан ба?

  • Жарайды, тұра тұрыңдар, Ақанның ол қыздарды ала қоятынын қайдан білдіңдер,- деп гүпілдескендерді тоқтатқан Су Құсайын Ақтоқтыға аңдаусыз ғана бір қарап қойды.- Ақан Әлібек үйінде отырып, атығай шалдарына, «Ішінде Орта жүздің жүрмін шалқып» деген өлеңін айтып берді. Құлагерін сипаттай кеп:

Бәйгеде үш жүз аттан озып келдің, Артыңнан жете алмаған талай тұлпар. Астынан сен жалаудың өтпеген соң, Ат қойған Үркеккер деп тәмәм жұрттар, Зілғара Әлібегі ырза болып, Бір бедеу сыйға берді және сұңқар... Аттанып соныменен кейін қайттық, Ән салып, сырнай тартып, қызыққа іңкәр,- деп жұртты әнге тойдырды. Ал енді астарыңды әкеле бер,- деп әңгімесін тәмәмдаған Су Құсайын жастыққа қисая кетті.

Су Құсайынның аузынан көптен бері шын әңгіме естіп, алыс елде мерейі үстем болған ағытай-қарауыл елінің өнеріне сүйсінген жұрт ас ішіп, кеш тарады...

Түн жарымда Су Құсайынға қалың құс төсекті көпірте салып, киіз үйдің оң жағына жатқызған. Қашанда өлік шығаратын жаққа ұйықтағысы келмей зырылдап тұратын көсе, бұл жолы қарсылық білдірген жоқ. Ақтоқтымен қалай оңаша сөйлесудің қыбын ойлаумен болды.

Үй ішінің әлі жататын түрі жоқ. Келген қонақтарға да төсек салынбады. Бақтыбай ауылының жігіттері даладағы аттарына кеткен. Еркімбай, Ақбота, Ақтоқтылар да көрші ас үйге кіріп-шығып ұзақ уақытқа дейін келмеді.

Бүгін бір жақсы әңгімеге өзінің де айызы қанып, тамаққа мелдегінен келе тойып алған Су Құсайын кебеже үстіндегі май шамға қарап жатып, көзі ілініп барады екен. Ақырын күңкілдеген дауыстан оянып кетті. Көзін ашып алғанда байқағаны Еркімбай әйелімен екеуі екі-үш қоржынды ортаға қойып, Ақтоқтыға соңғы ақылдарын айтып жатыр.

Су Құсайын көзін тарс жұмып, ыңырана аунап, теріс қарап жатты. Күңкілдеген сөздер анық естіледі. Тыңдаған сайын жүрегі мұздай берді: Ақтоқты таң жарығымен еліне жүріп кетпекші.

Бір кезде есікті сықырлатып сырттан Құлмақ кіріп еді:

  • Аттарыңды әкелдіңдер ме?- деді Еркімбай.

Су Құсайынның жүрегі зірк етті.

  • Алысқа ұзап кеткен екен, жақын әкеп, көлдің қабағына тұсап жібердік,- деп Құлмақ босағада ілулі қамшысын алды. Сыртта басқа жігіттер қамыт - саймандарды салдыратып, арбаны есік алдына қарай сүйретіп, дабырласып жүр.

Кеше де ұйықтамап едім. Көзіме ұйқы тығылып тұрғаны. Ертең жайланып жүрмейміз бе, таң қараңғысында от ала келгендей асығып не әкетіп барады осы,- деп Құлмақ кейіп еді.

  • Ештеме етпейді, айналайын. Жас жігітке ұйқы деген ит? Мынау ауыл иттерін бөріктірмей-ақ, ешкімге көрінбей жөнелгендерің дұрыс қой. Аттарың тың, алла амандық берсе ертең-ақ ел орынға отыра жетіп қалмайсыңдар ма? Жүрдек аттарға қоналқы жер. Ана жақтағылардың да жүрегі күпті боп отырған шығар,- деп Ақбота қиылғандай сыбырлап сөйледі.

«Ауыл иттері» дегені ауыл адамдары ма, «ана жақтағылары» Бақтыбайлар ма, әлде Сүтемгендер ме- оны ойлап жатуға мұршам келмеді, «ойбай, жеген етке, ұйқыға мәз боп ауызымды ашып жатыр екем ғой, енді қалай үлгердім» деген Су Құсайын шошып оянғандай, жалма-жан атып тұрды. Көрпесін серпіп тастап, шалбарын, аяқ жақтағы етігін асығып -үсігіп, жау кеп қалғандай киіп жатыр.

Көздері бақырайған үй іші түк түсінер емес. Су Құсайынның ойынан да бейхабар.

  • Ау, Құсеке, түсіңізден шошып ояндыңыз ба, мұныңыз не?!- деп таңырқаған Еркімбайға үн қатпастан, мұрны пысылдап жүріп мұздай киінген Су Құсайын:
  • Ойбай, сұрама, көптен жас етті сағынып жүр едім, тайдың етін көп жеп жіберсем керек, ішім бүріп әкетіп барады,- дегенде, ұйқы қысқан басқалары да, үйді басына көтере күлді.
  • Ішіңіз ауырса, шапаныңызды жамылып, желбегей-ақ шықсаңыз да болмай ма?

- Жоқ, қарағым, мен алысқа барып отырамын. Ішімді жел қармап қалады,- деп, белбеуін шірене тартып, тымағын бастыра киді де, босағада жатқан ер-тоқымын алды.

Үй ішіндегілер одан сайын күлді.

  • Құсеке-ау, ұйқысырап жүрген жоқсыз ба? Ер -тоқымның керегі не, жаяу-ақ баратын жер емес пе?- деп Еркімбай үнсіз бүкшеңдеген қонағына қарап, түк түсінбей, көзі жыпылық атты.

Бұған қалай жауап беруді ойланбап еді, Су Құсайын да көзі жыпылықтап, ерні алдына өңгерген күйі ыржалақтай берді. Сүйте тұрып табан аузында сылтау таба қойды:

  • Жаңа жатқанда есіме түсті. Түнеугі асқа барғанда қыпшақтың бір жігітіне көп ертек айтып, бір аттың құнындай күмістеткен әдемі шақшасын қалап алып ем. Сол түсіп қалыпты.
  • Ойбой-ау, оны енді қараңғы түнде қайдан табасыз. Ішім ауырды дегенше соныңызды айтпайсыз ба?
  • Білем түскен жерін. Жолда атымды шалдырып, далада біраз мызғып алған ем, сол жерде қалтамнан сусып түсіпті.
  • Е, онда ертең күн жарықта барып аларсыз.
  • Ә, қуын қарашы, менен бұрын барып тауып алайын деп тұрсың ғой,- деп көзі күлімдеген Су Құсайын үйден шығып кетті.
  • Қайтсін байғұс, қатын ала алмай жүрген салт басты адамдар дүниеқор келеді. Жетім бейбақ қой,- деп қала берген Еркімбай көңіліне еш түйткіл алған жоқ.


Бетке өту: