Қазақстан тарихы для 5 класса — Кумеков Б.
Аты: | Қазақстан тарихы для 5 класса |
Автор: | Кумеков Б., Жұмағанбетов Т., Игілікова К. |
Жанр: | Школьный учебник по истории Казахстана |
Баспагер: | Атамура |
Жылы: | 2017 |
ISBN: | 978-601-306-753-7 |
Кітап тілі: | Қазақ |
Жүктеп алу: |
Бет - 9
§24. ДАЛАЛЫҚ ТАЙПАЛАР БІРЛЕСТІКТЕРІ МЕН ОЛАРДЫҢ ҚОНЫСТАНУЫ
Дәуір тоғысындағы Орталық Азия жері. Археолог-ғалымдар ежелгі ескерткіштерді зерттеумен қатар, Қазақстан аумағынан б.з.б. VIII-ІІІ ғасырларға жататын бақташылар мәдениеттерін тапты. Осы археологиялық мәдениет аймағын парсы, грек жазба деректерімен салыстыра отырып, бірнеше тайпалық бірлестіктердің, аумағын анықтады. Бұл аумақтық мәдени бірлестікті иран тілінің шығыс диалектісінде сөйлейтін, еуропеоид өңдес тайпалар құрған.
Олар жайылымды, өрісті мал шаруашылығымен бірге аң аулау, суармалы егіншілік, балықшылық кәсібімен де айналысқан.
Қазіргі уақытта бұл бақташы тайпалар өзара жақын - сақ, тохар-юечжий, массагет, савроматтарға жатқызылады.
Сак тайпаларының қоныстануы. Б.з.б. VII—IV ғасырларда Дон өзенінен Оралдың оңтүстігі, Мүғалжар таулары мен Жем өзеніне дейінгі даланы малшы-савроматтар мекен еткен. Олар ірі тайпалық бірлестік құрды. Бұл кезеңде Арал мен Каспий теңізінің аралығын дахтар мекендеді. Солтүстік-шығыс Арал өңіріне жартылай отырықшы Жетіасар археологиялық мәдениетін құрған ежелгі қаңлылар қоныстанды. Қола дәуірінің соңында қаңлы, аорс, дах тағы басқа да Сырдың төменгі ағысынан Үстіртке дейін жайлаған тайпалар ірі массагет бірлестігін құрды. Ерте темір дәуірінің бас кезеңінде бұл тайпалық одақ ыдырады.
Б.з.б. VIII III ғасырларда Сырдарияның орта ағысы мен Жетісу жерінде «шошақ төбелі баскиім киетін» тиграхауда сақ бірлестігі қалыптасты. Орталық Қазақстанды исседондар, Алтай мен Оңтүстік-батыс Сібір жазығын аримаспылар мен аргиппей- лер мекендеген. Жетісу мен Орта Азия аумағында хаумаварга тайпалары тұрған. Хаумаварга (хаома) атауы парсы тілінен аударғанда сусын ішушілер дегенді білдіреді. Хаумаваргалар сақ тайпасының отырықшы-егіншілік кәсібімен айналысатын бір бөлігі, алайда олар ешқашан ірі тайпалық бірлестік құрмаған. Кейінірек оларды «соғдылар», «хорезмдіктер» деп те атаған. Сақтардың бұл тобы қазіргі Орта Азия аумағының жазира- лы жерлері Зеравшан мен Мұрғаб өзендері аралығын жайлаған.
Қоғамдық құрылымы. Б.з.б. IV-III ғасырларда Қазақстан аумағында бақташы тайпалардың мемлекеттік бірлестігі қалыптаса бастады. Бұл қоғамда ерлер мен әйелдер тең құқылы саналды. Б.з.б. VI ғасырда массагеттерді Томирис патшайым басқарғанын атап өттік. Сақ-массагет үш топқа: әскери көсемдер мен рубасыларынан тұратын ақсүйектер, абыздардан құралған екінші топ және қатардагы қауым мцшелері малшылар (үшінші топ) болып бөлінді.
Сақ қоғамы үш топқа қандай негізде бөлінген?
Қоғамның үш топқа бөлінуі бұрынғы туысқандыққа негізделген ұжымдық-қауымдық шаруашылық дәстүрін ыдырата бастады. Әр топтың киімі түсіне қарай ерекшеленді. Тайпа көсемдері мен әскер басшылары қызыл, абыздар ақ, қатардағы қарапайым малшылар мен егіншілер сары мен көк түсті киім киген. Көсемдер - тайпаның әміршісі құдайлар әлемі мен халықтың арасын байланыстырушы тұлға, бас абыз саналды.
Ірі тайпалық одақтар мен ру бірлестіктері орналасқан аумақтарда мал шаруашылығының көші-қон бағыты реттеле бастады. Маусымдық көші-қон мен жайылымдықты пайдалану жүйесі тәртіпке келтіріліп, басқа да жерге қатысты мәселелер өз шешімін тапты.
Ру-тайпалардың көсемдері ел басқарумен қатар бас қолбасшы, сот билігі және абыздың міндетін де атқарды.
Тайпа көсемі қауымдастары арасында мал жайылымдарын бөліске салып, көші-қон бағытын, әркімнің жер аумағын белгілеп отырды. Бұл тайпаның ішкі бірлігін сақтау, өзара әскери қақтығыстарды болдырмау, жер пайдалану жүйесін қатаң қадағалау мақсатында жасалды. Көсем әскери жорықтарды ұйымдастырып отырды. Көсемдердің әлеуметтік мәртебесі Есік қорғанынан табылған алтын киім мен таңба белгісінен анық байқалады.
- Картадан Қазақстан аумағындағы сақ тайпалары қоныстанған аймақтарды көрсетіңдер.
- Сақ қоғамы қандай топтарға бөлінді? Сақтардың қоғамдық құрылымына сипаттама беріңдер.
- Сақ топтарының негізгі айырмашылықтарын атаңдар.
- Ру және тайпа көсемдері қандай қызмет атқарды?
Жұп болып талқылаңдар.
Ерте темір дәуірі мен қола дәуірінің қоғамдық құрылымын салыстырыңдар.
Қосымша тапсырма
Сақ патшайымы Томирис туралы әңгіме жазыңдар.
Жазбаша тапсырмага қойылатын талаптар:
- Тақырыпты ашуда маңызды ақпарат пен деректерді іріктеп алу.
- Тақырыпты жүйелі түрде баяндау (қорытынды жасау).
- Қосымша материалдарды пайдалану.
- Жұмыстың дербес орындалуы.
§25-26. СОЛТҮСТІК ЖӘНЕ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ МАЛ ӨСІРУШІЛЕРІ
Көсемдердің қабірлері. Алтай тауларында, Ертіс өзені мен оның салаларындағы жазықтардан көптеген сақ обалары табылды. Алғашқы зерттеулер обалар көп шоғырланған Шілікті жазығынан басталды. Обалардың құрылысы жер ерекшелігіне қарай әртүрлі болып келеді. Таулы аудандарда тас көп бол- ғандықтан оба үйінділері тастан қаланған. Жоғарғы Ертістің бойындағы үйінділер малтатас араласқан топырақпен, Ертістің орталық бөлігіндегілер тек топырақтан тұрғызылған.
Шығыс Қазақстанды мекендеген ар- гиппейлер «алтын қорушы самұрық тай- палары» деп есептеледі. Үзақ уақыт аңыз ретінде айтылып келген бұл атаудың негізі бар екенін Алтай қорымдарындағы қазба жұмыстары дәлелдеп берді. Үнді- иран тайпаларының тарихында ерекше орын алатын ескерткіштер - Берелдің тоң басқан обалары мен Пазырық қорымы. Шілікті алтын қорымдары да жерлеу дәстүрі жағынан соларға ұқсас болып келеді.
Тарихшылардың пайымдауын- ша, Алтайдағы көсемдердің алып қорғандарын салушылар табиғат жағдайын ескеріп, оны қабірді тонаушылардан қорғау үшін пайдалана білген. Біріншіден, алып обалар теңіз деңгейінен 1100 метрден кем емес биіктікте орналасқандықтан, оны қазу оңай болмаған. Екіншіден, бүл биіктік тоң жүретін қабатта болғандық- тан, қабірде мүз қатып, суық температура сақталынған. Соның арқасында сүйектен, ағаштан, теріден жасалған заттар бүлінбей, мумияланған адамдардың мәйіті мен жылқылар бізге дейін жеткен.
Енді қайтыс болған көсемді қалай жерлегенін елестетіп көрейік.
Тайпа көсемі қайтыс болғаннан кейін ру ақсақалдары жедел кеңес шақыртқан. Тайпаның беделді адамдары: абыздар, әскербасылар, көсемнің туыстары бірігіп, жерлеу мәселесін ақылдасқан. Кеңес көсемнің қайда, қашан жерленетінін шешкен. Жазда қайтыс болса, тайпа мүшелерінің алыс жайылымдарда қоныстанғандары да ескерілген. Руластары көсеммен қоштасуы үшін мүмкіндік керек еді. Сондықтан көсемнің мәйітін белгілі бір бағытпен ұзақ шақырымдық соңғы сапарға алып жүрген. Көсемнің денесі қоштасу сапарында бүлінбес үшін абыздар денені мумиялаған. Сонан соң ашық арбаға салып руластарын аралатып, жерлеу орнына апаратын бағытты белгілеген.
Бұл кезде арнайы іріктелген ағаш кесушілер бөренелерді кесіп, кептіріп, жалпақ тақтайлар әзірлеген. Қауым мүшелері таудың биігінде көсем үшін терең лақат қазған. Тас плиталар төселген шұңқырдың түбіне ағаш астау-табыт орналастырылған. Оның беті шірімес үшін ерекше сұйықтықпен өңдеген. Жанынан жіппен байлап қабірге түсіру үшін құлақшалар жасалған.
Саркофаг өлген көсем мен оның жұбайының жерленуіне, бір не екі мәйітке арналып жасалды. Берел қорымының бір обасындағы табытта көсем мәйітінен кейін әйел жерленгені анықталған. Астау тәріздес саркофаг екі бөліктен тұрады. Біреуінде мәйіт жерленсе, екіншісіне қыштан, ағаштан, металдан жасалған ыдыстар,
еңбек құралдары мен қару-жарақ қойылды. Алтын мен күмістен жасалған бұйымдармен бірге басқа жақтан әкелген әшекей бұйымдар да кездеседі. Саркофаг- тың сыртқы жағында әбзелдері сән-салтанатпен әсем безендірілген жылқы сүйектері жатыр. Өлген иесіне о дүниеде қызмет етуі үшін жылқылар да бірге көмілген. Үстіне жота тәрізді тас оба үйілген. Қысқа қарай оба мұзбен көмкеріліп, құрылыс қатып қалған.
Астау-табыт — саркофагтың қақпағында төрт құстың қоладан құйылған шағын мүсіні бейнеленген. Самұрықтың мүсіндері марқұмның жаны мен денесін жаман рухтардан қорғайтынына сенген.
Ежелгі гректер осы жерлеу ғұрыптарын білгендіктен, «алтын қорушы самұрық құс» туралы аңыздарды ойлап тапқан болуы керек.
Алтай обаларының құрылымы. XX ғасырдың басында Алтайдың ресейлік бөлігіндегі Пазырық қорымында үндіиран тайпаларының обалары зерттеле бастады. Бірінші Пазырық обасы шұңқырының тереңдігі 4 м, ал жалпы көлемі — 52 м2. Тас үйіндінің астындағы ағаш сағананың қосарланған қабырғалары, едені, төбесі бар. Төбе алты жуан діңгекпен бекітілген сырғауылдармен жабылған. Сағананың іші тақтаймен бөлініп, сырты бөренемен қиюластырылған. Ашық жерлеріне қиыршық тастар толтырылған. Сағананың төбесінен қабір шұңқырының жиегіне дейін 300-ден астам бөрене салынған. Жер бетінен биіктігі 2,2 м, диаметрі 47 м үйінді тұрғызылған.
Оба ертеректе тоналғанымен, ондағы металдан, ағаштан, теріден, жүннен жасалған бұйымдар мен сүйек, шаш жақсы сақталған. Жерлеу орны тау басындағы мәңгілік тоңға айналған. Тонау кезінде бұзылған қабірге күзде су аққан, ал қыста ол қатып, мүз қабатына айналған, жазда еріп үлгермеген.
Ағаш табытта ерекше ыждағатпен мумияланған ер адам мен әйелдің мәйіті болған. Ғалымдардың болжауынша, ер адам атақты қолбасшы не тайпа көсемі болуы ықтимал, ал әйел күңі болса керек. Мәйіттердің ішкі органдары мен бұлшық еттерінің орны құрғақ шөппен нығыздалып, жылқы қылымен тігілген. Әр қабірде үштаған (мосы) үстіне беті жібек матамен жабылған, дала шөптерінің тұқымдары салынған тегене қойылған. Бұл жағымсыз иістен арылту мақсатында қолданылды. Қабірден жақсы сақталған жылқының қалдығы табылды, оның ішінде тұрқы аласа монгол аттары да кездеседі. Обалардың бірінен онға жуық жылқы табылды. 4 жылқының басына мүйізі бар тері бетперде кигізілген. Мүйізді бетперде сыңар мүйізді сәйгүлікті бейнелеген.
Үлкен бесінші Пазырық обасынан табылған жәдігерлер ерекше қызығушылық туғызды. Археологтер обадан өте жақсы сақталған парсы кілемін, салт атты адамның бейнесі салынған киіз төсеніш тапты. Обадан жиналмалы шатыр, арба бөліктері мен жегілетін төрт жылқы, қытай күймесі және Үнді мүхитының үлу қабыршықтарынан жасалған әшекейлер табылды.
Алтайдың қазақстандық бөлігінен археолог С. Черников ашқан Шілікті «алтын» обасы ғылымға ежелгі тұрғындардың мәдениеті мен өнері туралы қызықты жаңалық әкелді. Обаның диаметрі — 66 м, биіктігі — 6 м. Оба ертеректе тоналғандықтан, құрылымы мен жерлеу дәстүрі туралы толық мағлұмат алу мүмкін болмады.
Саркофаг шүңқырының тереңдігі - 1 метр, ал көлемі - 57 м2. Ағаш табытқа екі адам жерленген.
Қабірден табылған бұйым көп, олардың ішінде 13 қола жебе, бұғы не жылқы терісінен жасалған қорамсақтың жұрнағы шықты. Қорамсақ тарамыспен тігіліп, бұғы бейнесіндегі қаптырмамен безендірілген. Бұғының аяғы ішке бүгіліп, мүйіздері артқа қайырылған. Көздері мен құлақтарына көк ақық тас (бирюза) орнатылған.
Бүркіт, бүктетілген қабылан мүсіні киімді безендіру үшін қолданылған. Қанатын жайған құс, геометриялық пішіндегі қаптырмалар көркемдігімен ерекшеленеді.
Берелдің №11 обасынан археолог-ғалым 3. Самашевтің зерттеуі барысында ғажайып жәдігер табылды. Б.з.б. VIII ғасырға жататын патшалық жерлеу орнын З-Шілікті қорымының №1 обасынан белгілі археолог-этнолог, профессор Ә. Төлеубаев ашты. Ол сақ дәуірінің жарқын ескерткіші саналады.
Солтүстік Қазақстан сақтары. Тобыл мен Есілдің далалық аймақтарын сақ тайпалары мекендеді. Сақ тайпалық одақтарының археологиялық мәдениеті б.з.б. VIII ғасырдан б.з.б. I ғасырға дейінгі аралықты қамтиды. Олар өздерінен кейін обалар мен қоныстар қалдырған. Солтүстік сақ көсемдерінің оба лары Алтай мен Жетісу обаларындай алып емес. Олардың биіктігі 4 метрден аспайды. Обалардың көпшілігі төбелері ағашпен жабылған қарапайым төрт-бұрышты лақаттар. Онда қарапайым қауым мүшелері бастары батысқа қаратылып жерленген. Мәйіттің қасына қажет заттар: қыштан жасалған ыдыстар, ат әбзелдері, жебе ұштары қойылған. Әйел қабірлерінен аяқтары оймышталып өрнектелген тас құрбандық үстелдері жиі кездесті. Құрбандық ошақтары мен ішінде ұнтақ заттары бар құмыраға қарап, абыз әйелдер жер ленген деуге негіз бар. Олар көсемдерін айрықша дәстүрмен жерлеген.
Жердің бетіне бөренеден қиюластырылған 1 м биіктіктегі сағана тұрғызылған, оның жоғары жағынан көлденең тақтай орнатылып, мәйітті сол арқылы қабірге түсірген. Мәйіттің қасына қыш ыдыстар, ат әбзелдері, қола айналар мен жебе ұштары қойылған. Бөрене үй жартылай өртеліп, үстін топырақпен бастырып, оба үйіндісін тұрғызған.
Обалардан табылған бұйымдар арқылы Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстандағы сақтардың Үндістан және парсы елі, Қытаймен сауда жасағанын білуге болады.
- Картадан сақ кезеңінің ескерткіштерін белгілеңдер.
- Алтайдағы сақ обаларының құрылысын сипаттаңдар.
- Солтүстік Қазақстан сақ обаларының ерекшелігі қандай?
- Жерлеу дәстүрінің жалпы ұқсастықтары неден көрінеді?
- «Қазақстан аумағындагы сақтар» сызбасын толтырыңдар.
Орналасу аймағы | Тайпа атаулары | Мәдениеті мен ерекшеліктері |
Жұп болып талқылаңдар.
Алтай мен Солтүстік Қазақстан археологиялық ескерткіштерінің қандай ұқсастық, айырмашылықтары бар?
Қосымша тапсырма
«Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан сақтарының архео- логиялық ескерткіштері» тақырыбында слайдтық таныстырылым өзірлеңдер. Уақыты - 7 минут.
Мультимедиалық таныстырылымға қойылатын талаптар:
- Тақырыпқа сәйкестігі;
- Көркем безендірілуі;
- Мәтіннің нақтылығы;
- Деректердің шынайылығы.
Рәсімделуі:
- Таныстырылым үйлесімді, эстетикалық талапқа сай, безендірілуі мазмұнына сәйкес келуі керек.
- Таныстырылымның бейнеленуі тартымды, қызықты әрі мәтіннен ауытқымауы тиіс.
- Мәтін жеңіл оқылатын, слайдтар соған сәйкес келуі керек.
- Тізім, кесте, диаграмма мен сызбалар таныстырылымда ретімен орналастырылганы жөн.
Таныстырылымды қорғау:
- Таныстырылым материалын мүмкіндігінше толық меңгеру.
- Анық және түсінікті етіп жеткізе білу.
- Аудиториямен еркін қарым-қатынас орнату (қызықтыра білу, сұраққа сауатты жауап беру).
- Регламент сақтау.