Слова назидания — Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы
Название: | Слова назидания |
Автор: | Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы |
Жанр: | |
Издательство: | |
Год: | |
ISBN: | |
Язык книги: | Русский, Казахский |
Страница - 1
1. Бірінші Сөз
Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік не, жаман өткіздік не, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық әурешілікті, көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің бәрінің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын.
Ел бағу? Жоқ, елге бағым жоқ. Бағусыз дертке үшырайын деген кісі бақпаса, не абартқан, көңілі басылмаған жастар бағамын демесе, бізді Құдай сақгасын!
Мал бағу? Жоқ, баға алмаймын. Балалар өздеріне керегінше өздері бағар. Енді қартайғанда қызығын өзін түгел көре алмайтүгын, үры, залым, тілімсектердің азығын бағып беремін деп, қалған аз ғана өмірімді қор қылар жайым жоқ.
Ғылым бағу? Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ. Білгеніңді кімге үйретесің, білмегеніңді кімнен сүрайсың? Елсіз-күнсізде кездемені жайып салып, қолына кезін алып отырғанның не пайдасы бар? Мүндасып, шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі бір тез қартайтатұғын бір күйік.
Софылық қылып, дін бағу? Жоқ, ол да болмайды, оған да тыныштық керек. Не көңілде, не көрген күнінде бір тыныштық жоқ, осы елде, осы жерде не қылған софылық?
Балаларды бағу? Жоқ, баға алмаймын. Бағар едім, қалайша бағудың мәнісін де білмеймін, не болсын деп бағам, қай елге қосайын, қай харакетке қосайын? Балаларымның өзіне ілгері өмірінің, білімінің пайдасын тыныштықпен көрерлік орын тапқаным жоқ, қайда бар, не қыл дерімді біле алмай отырмын, не бол деп бағам? Оны да ермек қыла алмадым.
Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ.
2. Екінші Сөз
Мен бала күнімде естуші едім, біздің қазақ сартты көрсе, күлуші еді: "енеңді ұрайын кең қолтық, шүлдіреген тәжік, арқадан үй төбесіне саламын деп қамыс артқан, бұтадан қорыққан, кез көргенде "әке-үке" десіп, шығып кетсе, қызын боқтасқан, "сарт-сұрт деген осы" деп.
Ноғайды көрсе, оны да боқтап күлуші еді: "түйеден қорыққан ноғай атқа мінсе, шаршап, жаяу жүрсе, демін алады, ноғай дегенше, ноқай десеңізші, түкке ыңғайы келмейтұғын, солдат ноғай, қашқын ноғай, "башалшік"1 ноғай деп.
Орысқа да күлуші еді: "ауылды көрсе шапқан, жаман сасыр бас орыс" деп. Орыс ойына келгенін қылады деген... не айтса соған нанады, "ұзын құлақты тауып бер депті"— деп.
Сонда мен ойлаушы едім: ей, Құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі антұрған, жаман келеді екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп, әлгі айтылмыш сөздерді бір үлкен қызық көріп, қуанып күлуші едім.
Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, саудагерінің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ. Өзіменен өзі әуре болып, біріменен бірі ешбір шаһари жауласпайды. Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлісінің ахиреттігін, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды. Әке балаға қимайтұғын малыңды кірелеп, сол айдап кетіп тұрды гой. Орысқа қараған соң да, орыстың өнерлерін бізден олар көп үйреніп кетті. Үлкен байлар да, үлкен молдалар да, ептілік, қырмызылық, сыпайылық — бәрі соларда. Ноғайға қарасам, солдаттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, казаға да шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды. Еңбек қылып мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат, әсем де соларда.
Оның малдыларына құзғын тамағымыз үшін, біріміз жалшы, біріміз қош алушымыз. Біздің ең байымызды: "сәнің шакшы2 аяғың білән пышыратырға қойған идән түгіл, шық, сасы қазақ",— деп үйінен қуып шығарады.
Оның бәрі бірін-бірі қуып, қор болмай, шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып зор болғандық әсері.
Орыска айтар сөз де жоқ, біз құлы, күңі қадарлы да жоқпыз.
Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз кайда?
- Ұсақ саудагер
- Лас, былғаныш
3. Үшінші Сөз
Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұгынының, рас сөзі аз болатұгынының, қызметке таласқыш болатұгынының, өздерінің жалқау болатұгынының себебі не?
Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі — қорқақ, қайратсыз тартады, әрбір қайратсыз — қорқақ, мақтанғыш келеді; әрбір мақтаншақ — қорқақ, ақылсыз, надан келеді: әрбір ақылсыз — надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады.
Мұның бәрі төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығынан; өзге егін, сауда, өнер, ғылым секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді.
Әрбір мал іздеген малым көп болса, өзімдікі де, балаларым да малды болса екен дейді.
Ол мал көбейсе малшыларға бақтырмақ, өздері етке, қымызга тойып, сұлуды жайлап, жүйрікті байлап отырмақ.
Қыстауы тарлық қылса, арызы жеткендік, сыйы өткендік, барлық қызметімен біреудің қыстауын сатып алмақ, ептеп алмақ, тартып алмақ. Ол қыстауынан айрылған және біреуге тиіспек, я болмаса орынсыздығынан елден кетпек, әр қазақтың ойы осы.
Осылар біріне бірі достық ойлай ала ма? Кедей көп болса, ақысы кем болар еді, малдан айрылғандар көбейсе, қыстауы босар еді деп, мен ананы кедей болса екен деп, ол мені кедей болса екен деп, әуелде ішімізбен қас сағындық. Әрберден соң сыртымызға шықты, жауластық, дауластық, партияластық. Осындай қастарға сөзім өтімді болсын және де ептеп мал жиюга күшім жетімді болсын деп, қызметке, болыстық, билікке таластық.
Сонан соң не момынның баласы бөтен жаққа шығып, еңбек қылып, мал іздемейді, егін, сауданың керегі жоқ болады. Өз басын өзі осындай таласпенен кісі көбейтеміз деп партия жиғандардың бүгін біреуіне, ертең біреуіне кезекпен сатады да жүреді.
Ұрылар тыйылмайды. Ел тыныш болса, оның ұрлыгын ешкім сүйемес еді. Ел екі жар болған соң, кім ант ішіп ақтап, арамдығын жақтап сүйеймін десе, соған жақ болып сүйеніп, бұрынғыдан ұрлығын әлденеше есе асырады.
Елдегі жақсы адамдардың бәрінің үстінен бекер, өтірік "шапты, талады" деген әр түрлі уголовный3 іс көрсетіп, арыз береді. Оған дознание4 — тергеу шығарады. Өтірік, көрмегенін көрдім деуші куәлар да әлдеқашан дайындап қойылған, бағанағы жақсы адам сайлауға жарамасы үшін, ол адам басын құтқармақ үшін жамандарга жалынса, оның да адамдығының кеткені, егер жалынбаса, тергеулі, сотты адам болып, ешбір қызметке жарамай, басы қатерге түсіп өткені.
- Қылмысты
- Жауапқа шақыру
Ол болыс болғандар өзі қулық, арамдықпенен болыстыққа жеткен соң, момынды қадірлемейді, өзіндей арам, қуларды қадірлейді, өзіме дос болып, жәрдемі тиеді деп, егер қас болса, бір түрлі өзіме де залал жасауға қолынан келеді деп.
Осы күнде қазақ ішінде "ісі білмес, кісі білер" деген мақал шықты. Оның мәнісі: "ісіңнің түзулігінен жетпессің, кісіңнің амалшы, айлалығынан жетерсің" деген сөз.
Үш жылға болыс сайланады. Әуелгі жылы: "Сені біз сайламадық па?"— деп елдің бұлданғандығымен күні өтеді. Екінші жылы кандидатпенен аңдысып күні етеді. Үшінші жылы сайлауға жақындап, тағы болыс болып қаларға мүмкін болар ма екен деп күні өтеді. Енді несі қалды?
Осы қазақ халқынық осындай бұзықшылыққа тартып, жылдан жылға төмендеп бара жатқанын көрген соң, менің ойыма келді: Халықтық болыстыққа сайлаймын деген кісісі пәлен қадәрлі орысша образование5 алған кісі болсын. Егер де орталарында ондай кісісі жоқ болса, яки бар болса да сайламаса, уезный начальник бірлән военный губернатордың назначениесі6 бірлән болады десе, бұл халыққа бек пайдалы болар еді. Аның себебі: әуелі қызметқұмар қазақ балаларына образование беруге ол да — пайдалы іс, екінші — назначение бірлән болган болыстар халыққа міндетті болмас еді, ұлықтарға міндетті болар еді.
Уа және назначение қылғанда тергеуі, сұрауы барлығына қарамаса, өтірік арыз берушілер азаяр еді, бәлки жоғалар еді. Уа және әрбір болыс елде старшина басы бір би сайланғандық, бұл халыққа көп залал болғандығы көрініп, сыналып білінді. Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы Қасым ханның "Қасқа жолы", Есім ханның "Ескі жолын", Әз Тәуке ханның "Күл төбенің басында күнде кеңес" болғанда "Жеті жаргысын"7 білмек керек. Әм, ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендікпенен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз, яки тіпті жоқ.
Бұрынғы қазақ жайын жақсы білген адамдар айтыпты: "Би екеу болса, дау төртеу болады'' деп. Оның мәнісі — тақ болмаса, жүп билер таласып, дау көбейте береді дегенмен айтылған сөз. Өйтіп би көбейткенше, әрбір болыс елден толымды-білімді үш-ақ кісі билікке жыл кесілмей сайланса, олар түссе, жаманшылығы әшкере білінгендікпенен түссе, әйтпесе түспесе.
Ол билерге даугер адамдар қарамай, екеуі екі кісіні билікке таңдап алып, үстіне біреуді посредникке8 сайлап алып, біте берсе, егер оған да ынтымақтаса алмаса, бағанағы үш бидің біреуін алып, яки жеребемен сайлап алып жүгінсе, соңда дау ұзамай бітім болар еді.
- Білім
- Қызметке тағайындау
- Тәуке ханның заң жинағы
- Араға жүруші адам
4. Төртінші сөз
Әрбір байқаған адам білсе керек: күлкі өзі бір мастық екенін, әрбір мас кісіден ғафил көп өтетұғынын да, әрбір мастың сөйлеген кезінде бас ауыртатұғынын. Бұлай болғанда, күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп отырса керек. Осындай ғафилдік көп өткізіп, елемеген кісінің не дүниеде, не ахиретте басы бір ауырмай қалмаса керек.
Әрбір уайым-қайғы ойлағыш кісі не дүние шаруасына, не ахирет шаруасына өзгеден жинақырақ болса керек. Әрбір жинақылықтың түбі кеніш болса керек. Енді олай болғанда, үнемі уайым-қайғыменен жүре аламыз ба? Үнемі уайым-қайғыға жан шыдай ма екен? Үнемі күлмей жүре аламыз ба, үнемі күлмей жүруге жан шыдай ма екен? Жоқ, мен үнемі уайым-қайғыменен бол демеймін. Уайым-қайғысыздыгыңа уайым-қайғы қылдағы, сол уайым-қайғысыздықтан құтыларлық орынды харакет табу керек һәм қылу керек. Әрбір орынды харакет өзі де уайым-қайғыны азайтады, орынсыз күлкіменен азайтпа қайғыны, орынды харакетпен азайт!
Шығар есігін таба алмай, уайым-қайғының ішіне кіріп алып, қамалып қалмақ, ол өзі де — бір антұрғандық және әрбір жаман кісінің қылығына күлсең, оған рахаттанып күлме, ыза болганыңнан күл, ызалы күлкі өзі де — қайғы. Ондай күлкіге үнемі өзің де салынбассың, әрбір жақсы адамның жақсылық тапқанына рақаттанып күлсең, оның жақсылықты жақсылығынан тап-қандығын ғибрат көріп күл. Әрбір ғибрат алмақтың өзі де мастыққа жібермей, уақытымен тоқтатады.
Көп күлкінің бәрін де мақтағаным жоқ, оның ішінде бір күлкі бар-ау — Құдай жаратқан орныменен іштен, көкіректен келмейді, қолдан жасап, сырты менен бет-аузын түзеп, бай-бай күлкінің әнін сәндеп, әдемішілік үшін күлетін бояма күлкі.
Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада бұл дүниенің рақатының қайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп еткізеді де, таусылған күнінде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды.
Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ — өнерсіз иттің ісі. Әуел Құдайга сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп еңбегіңді сау, еңбек қылсан, қара жер де береді, құр тастамайды.
5. Бесінші Сөз
Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпей, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады. Қазақтар: "Ә, Құдай, жас баладай қайғысыз қыла көр!" деп тілек тілегенін өзім көрдім. Онысы жас баладан гөрі өзі есті кісі болып, ескермес нәрсесі жоқсып, қайғылы кісі болғансығаны. Қайғысы не десең, мақалдарынан таңырсың: "Түстік өмірің болса, күндік мал жи", "Өзіңде жоқ болса, әкең де жат", "Мал — адамның бауыр еті", "Малдының беті — жарық, малсыздың беті — шарық", "Ер азығы мен бөрі азығы жолда", "Ердің малы елде, еріккенде қолда", "Берген перде бұзар", "Алаған қолым — береген", "Мал тапқан ердің жазығы жоқ", "Байдан үмітсіз — Құдайдан үмітсіз", "Қарның ашса, қаралы үйге шап", "Қайраңы жоқ көлден без, қайыры жоқ елден без" деген осындай сөздері көп, есепсіз толып жатыр.
Бүл мақалдардан не шықты? Мағлұм болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, бірақ мал үшін қам жейді екен, ол малды қалайша табуды білмейді екен, бар білгені малдыларды алдап, мақтап алмақ екен, бермесе оныменен жауласпақ екен, егер малды болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді екен. Әйтеуір ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшілік, соған ұқсаған қылықтың кайсысын болса да қылып мал тапса, жазалы демесек керек екен.
Бұларының жас баланың ақылынан несі артық? Бірақ, жас бала қызыл ошақтан қорқушы еді, бұлар тозақтан да қорықпайды екен. Жас бала ұялса, жерге өне жаздаушы еді, бұлар неден болса да ұялмайды екен. Сол ма артылғаны? Қолымыздағыны үлестіріп талатпасақ, біз де өзіндей болмасақ, безеді екен. Іздеген еліміз сол ма?
6. Алтыншы Сөз
Қазақтың бір мақалы: "Өнер алды — бірлік, ырыс алды — тірлік" дейді. Бірлік қаңдай елде болады, қайтсе тату болады — білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Осы ма бірлік? Жоқ, бірлік — ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, дін басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады. Бірлік малға сатылса антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін Құдайдан тілейді, әйтпесе Құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Әуел біріне бірі пәле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты?
"Ырыс алды — тірлік" дейді, ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тірлік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ахиретке дұшпан болады. Жанын қорғалатып, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек кылудан, қызмет қылудан кашып, еріншек атанып, дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұспан болады.
Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, кекірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың.
Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың.
Кеселді жалқау, қылжақбас,
Әзір тамақ, әзір ас,
Сыртың — пысық, ішің — нас,
Артын ойлап ұялмас,—
болып жүріп, тірімін деме, онан да Алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық.
7. Жетінші Сөз
Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі — ішсем, жесем, ұйықтасам деп түрады. Бұлар — тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды, һәм өзі өспейді; қуат таппайды. Біреуі білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, "ол немене?", "бұл немене?" деп, "ол неге үйтеді?", "бұл неге бүйтеді?" деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі — жан құмары, білсем екен, көрсем екен; үйренсем екен деген.
Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Әзелде Құдай Тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқаны. Сол қуат жетпеген, ми толмаған ессіз бала күндегі "бұл немене, ол немене?" деп, бір нәрсені сұрап білсем екен дегенде, ұйқы, тамақ та есімізден шығып кететұғын құмарымызды, ержеткен соң, ақыл кіргенде, орнын тауып ізденіп, кісісін тауып сұранып, ғылым тапқандардың жолына неге салмайды екеміз?
Сол өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бүл жанның тамағы еді. Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық, жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұргыздық, еш нәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен қарамадық, көңіл айтып тұрса сенбедік. Кезбен көрген нәрсенің де сыртын көргенге-ақ тойдық. Сырын қалай болады деп көңілге салмадық оны білмеген кісінің несі кетіпті дейміз. Біреу айтса да, ұқпаймыз. Біреу ақыл айтса: "Өз білгенің — өзіңе, өз білгенім — өзіме", "кісі ақылымен бай болғанша, өз ақылыңмен жарлы бол" деген дейміз, артығын білмейміз, айтып тұрса ұқпаймыз.
Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде, хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер- тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз.
8. Сегізінші Сөз
Осы ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды?
Біреу — болыс, біреу — би. Олардың ақыл үйренейін, насихат тыңдайын деген ойы болса, ол орынға сайланып та жүрмес еді. Олар өздері де оздық кісіміз, өзіміз біреуге үлгі беріп, ақыл айтамыз деп сайланды. Өздері түзеліп жеткен, енді елді түзерлігі-ақ қалған. Ол не қылып тындасын және тындайын десе де қолы тие ме? Басында өзіндік жұмысы бар: ұлығымызға жазалы болып қаламыз ба, яки елдегі бұзақыларымызды бүліндіріп аламыз ба, яки халқымызды бүлдіріп аламыз ба, яки өзіміз шығындап, шығынымызды толтыра алмай қаламыз ба?— деген ебіне қарай біреуді жетілтейін, біреуді кұтылтайын деген бейнетінің бәрі басында, қолы тимейді.
Байлар, олар өздері де бір күн болса да, дәулет қонып, дүниенің жарымы басында тұр. Өзінде жоқты малыменен сатып алады. Көңілдері көкте, көздері аспанда, адалдық, арамдық акыл, ғылым, білім — еш нәрсе малдан қымбат демейді. Мал болса Құдай Тағаланы да паралап алса болады дейді. Оның діні, құдайы, халқы, жұрты, білім-ұяты, ары, жақыны, бәрі — мал. Сөзді қайтіп ұқсын, ұғайын десе де, қолы тие ме? Ол малды суармақ, тойғызбақ, саудасын жимақ, күзеттірмек, бақтырмақ, ұры-бөрі, қыс, суық-сұғанақ — солардан сақтанбақ, солардан сақтарлық кісі таппақ. Оның бәрін жайғастырып, аяғын алып келіп, мақтанға орналастырғанша қашан? Қолы тимейді.
Енді ұры-залым, сұм-сұрқия өзі де тыңдамайды.
Онша-мұнша қой жүнді қоңыршалар күнің де көре алмай жүр. Аналар андай болып тұрғанда, білім, ғылым, ақылды не қылсын? Және де білім, ғылым кедейге керегі жоқтай-ақ: "Бізді не қыласың ана сөзді ұғарлықтарға айт!" дейді. Оның өзгеменен ісі жоқ, ана алдыңдағы үшеуіндей болған жанның ойында ешбір қайғысы, мұңы болмаса керек.
9. Тоғызыншы Сөз
Осы мен өзім — қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді. Уа, әрнешік бойларынан адам жақсы көрерлік, я көңілге тиянақ қыларлық бір нәрсе тапсам керек еді. Соны не үміт үзбестікке, не онысы болмаса, мұнысы бар ғой деп, көңілге қуат қылуға жаратсам керек еді, ондайым жоқ. Егер жек көрсем — сөйлеспесем, мәжілістес, сырлас, кеңестес болмасам керек еді, тобына бармай, "не қылды, не болды?" демей жату керек еді, ол мүмкін болмаса, бұлардың ортасынан көшіп кету керек еді. Бұларды жөндеймін деуге, жөнделер, үйренер деген үмітім де жоқ. Бұлардың бірі де жоқ. Бұл қалай? Бұл айтқанның бірін тұтпай болмас еді.
Мен өзім тірі болсам да анық тірі де емеспін. Әншейін осылардың ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен себептен бе,— білмеймін. Сыртым сау болса да ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын. Күлсем қуана алмаймын, сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім өз күлкім емес, бәрі де әлдекімдікі.
Қайратты күнімде қазақты қиып бөтен жаққа кетпек түгіл, өзін жақсы көріп, үміт етіп жүріппін. Қашан әбден біліп, үмітімді үзген кезде, өзге жаққа барып, жатты өз қылып, үйір боларлық қайрат жалын сөніп те қалған екен. Сол себептен бір жүрген қуыс кеудемін. Тегінде ойлаймын: бұ да жақсы, өлер кезде әттеген-ай, сондай, сондай қызықтарым қалды-ау!" деп қайғылы болмай, алдыңғы тілеу болмаса, артқа алаң болмай өлуге.