Menu Close

Атамекен — Елшібеков Жанат

Аты:Атамекен
Автор:Елшібеков Жанат
Жанр:Қазақ көркем әңгімелері
Баспагер:Жалын
Жылы:1984
ISBN:
Кітап тілі:Қазақ
Жүктеп алу:
VK
Facebook
Telegram
WhatsApp
OK
Twitter

Бетке өту:

Страница - 12


ЕСТЕН КЕТПЕС ЖАЗ

ЖЫНЫС ТОҒАЙДЫ қақ жара ағып жатқан Қаратал өзенінің табиғаты әсем-ақ. Өзеннің қос жағалауын қуалай өскен мәуелі жиде, ақ терек, көк тал, ұшар басына көз жеткізгісіз заңғар қарағайлар оқалы тонды көмкерген құндыздай өзара әсем астасып, айрықша құлпырады. Ит тұмсығы батпайтын ағаштың ара-арасынан су үңгіген тіп- тік жарқабақтар белдеуленіп шалынады. Көбіктеніп ағып жатқан арынды өзеннің күн шұғыласына шағылысқан бетінде қисапсыз иірімдер ойнайды. Жалт-жұлт жарқы­раған толқыннан жанар аударғың келмейді.

Қарсы жағалауына айғайлаған даусың талып жететін өзеннің кең арналы тұсына «Қара түлкі» ауылы орналас­қан. Бой таластыра сап түзеген ақ шағаладай үйлер, оқтай тартылған көшелерге ерекше көрік берген теректер мен қайыңдар сонадайдан «мен мұндалайды». Осынау өңір­дің «Қара түлкі» аталуы тегіннен-тегін емес. Бұл жерде терісі аса бағалы қара түлкі өсіріледі екен.

Жазғы каникул күндерін осы ауылдағы Әзімбек атам­ның үйінде өткіздім. Атам алғашқы сәттен-ақ әр нәрсені тәптіштеп сұрап, ығы-жығы, шуы мол қаланың тіршілік- тынысын білгісі келеді. Маған қойған ең алғашқы сауалы да есімде.

— Астанаңда не жаңалық? Оқуыңды қалай аяқтадың?

— Жалғыз ғана төртім бар,— деймін мақтанышымды көтеріңкі дауыс ырғағымен сездіріп.

Сондағы атамның қуанышын көрсең, шіркін! Әжімді жүзі нұрланып шыға келеді. Езуінде де, көзінде де — күл­кі. Тамаша күйге бөленген атам сауалын жалғастырудан жалықпайды-ау?! Тіпті кей сөздеріне еріксіз жымиясың.

— Маледес, Жомартжан. Ал сабақтан соң, әке-шешең жұмыстан келгенше, әлгі не деуші еді... «бәлкөнде» оты­расың ба?

Ішегім түйілгенше күлемін.

— Жоқ. Далада...

Сөйткенше атам сөзімді аяқтатпастан бөліп жібереді. Әлгіндегідей емес, енді осы сәт оның отты жанарынан үрей ұшқындарын көресің.

— Жападан-жалғыз қорықпайсың ба? Ұзап кетіп, адасып жүрмейсің бе, әйтеуір?!

— Ой, ата, өзіңіз қызықсыз. Хайуанаттар паркіне де, киноға да өзім барамын. Бұдан бұрын келгеніңізде мек-

тепке жаңадан барып жүргем. Қазір үшіншіге көштім емес пе. Октябрятпын. Міне — жұлдызшам.

— Е.„қайдан білейін, сол қалаңа оқта-текте барғанда бір көше айналып кетсек, қайтар жолды таба алмай есіміз шығады. Үлкен жігіт деген осы, күнім. Мынау кең далада емін-еркін бойыңды жазып, бірер күн тынық. Со- сын маған көмекші боласың. Шөп орамыз. Оны жинап алуға да кісі керек. Ал мына жұлдызшаңды жоғалтып алма. Қалаға қайтқанша тығып қойғаның да жөн. Бір жерге түсіріп аларсың. Ауыл балаларымен танысып, дос­тасып кетесің әлі...

Атам айтқан өзім секілді қараборбайлармен лезде қоян-қолтық араласып кеттім. Өзен жағасында қарсы алған төрт-бес бала бірден шүйіркелесіп, жөн сұрайды.

Кезек күтпей жарыса сөйлеген олардың айтатыны:

— Бізбен дос боласың ба?

— Алдымен танысып алайық,— деймін сыр тартып.

— Менің есімім Азамат,— деді кекілі көзіне түскен домалақ қара бала.— Мынаның аты — Қасым.

Күнге әбден күйіп, тотығып кеткен қарасирақтар шетінен қол беріп, танысып жатыр. Бейтаныс біреуі тіпті қолындағы қармағын ұстатқан.

— Достығымыздың белгісі болсын,— дейді ол.

— Рақмет, өзің ала ғой.

— Тағы да темірден соғып аламын.

— Иә, бәрімізге де қармақты жасап берген осы Игілік.

— Ол қазір-ақ қатырып тұрып жасап алады.

Жаңа таныстарым қоярда-қоймай қармақты алғызды. Азамат пен Қасым қосарланған күйі өзенді жағалаған бұлың-бұлың сыңар соқпаққа түсті.

— Жүр, енді қармақ салатын жерді көрсетейік. Әлгін­де үлкен-үлкен екі шортан ұстадық. Иірім де шамалы-

Тарам-тарам тамырын су орып құлатқан зіңгіттей қара ағаштың үстінде аяғымызды суға салбыратып жіберіп отырғанымызға да көп болған жоқ. Демнің ішінде үш- төрт шабақ пен ақ тырнаның желбезегінен тізіп, суға салып қойдық. Бір көзім тізбектегі тынымсыз шоршыған балықтарда болса, бір көзім дір-дір еткен қалтқыда. Азаматты шешесі шақырмағанда қашанға дейін отыра беретініміз белгісіз. Ол артына жалтақ-жалтақ қарап ұзай берді.

Осылайша думанды күндер зуылдап өтіп жатты. Ауыл балаларына әбден бауыр басып кеткендеймін. Кейде ұзақ

түнге кірпік ілмеймін де. Ойлайтыным — жаңа дос­тарым...

Өзеннің ағыны баяу, жайылма жерінде отырған Аза­мат қасына жақындамастан тізбесін көрсетіп тұр. Өзі мэз-мейрам.

— Сен келгенше ұстағанымды көр, міне.

Ірілі-ұсақты балықтардың арасында екі-үш кіші-гірім сазан да бар екен. Бауырлары жалт-жұлт етеді.

Достар

— Мынауың кешегіден де көп қой,— деймін таңыр­қап.

Ол менің сөзіме құлақ қойған жоқ.

— Өзің кешігіп келдің ғой. Тіпті, мұздай боп киініп алыпсың, қалаға қайтпақсың ба?—деп, Азамат қармағын аша бұтаққа қыстыра салып, тұла бойыма көз жүгіртті.

— Иә, қазір қайтамын. Әдейі өзіңмен қоштасайын деп келдім.

— Каникулдың бітіп қалғаны ма? Қалай тез, ә?І

Бұл жолғы Азаматтың әр сөзі бір түрлі жарықшақта­нып шықты. Үнінен қимастық сезіледі.

— Азамат, хат жазып тұратын бол,— дедім оның күн иісі аңқыған кекілінен сипап.

— Жазу білмеймін. Биыл мен де мектепке барамын. Әріптерді үйренгеннен кейін, хат жазамын... Ол кекілін саусақтарымен тараған күйі сәл-пәл үнсіз қалған.

— Міндетті түрде хабарласып, ауыл жаңалықтарын жазуды ұмытпа. Келер жазда бізге, қалаға кел. Ал мына­ны ескерткіш ретінде тағып жүр.

Омырауымдағы жұлдызшаны ағытып, Азаматтың көйлегіне қададым.

— Ленин ата ғой. Рақмет, Жомарт,— деп Азамат біресе маған, біресе кеудесіндегі жұлдызшаға қарайды.

Күн нұрына шағылысқан қызыл жұлдызша бұрынғы­дан бетер жарқырап, жанып тұр.

Азамат пен Қасым өзеннен қайықпен арғы жағаға өткізіп салды. Автобустың терезесінен басымды шыға­рып, артыма қарай берем. Жол бойында жарысқан үлкенді-кішілі ағаштар дөңгеленген күйі қалып жатыр, қалып жатыр. Қолдарында қармағы бар екі досым да өзен жағасында әлі тапжылмай тұр. Қолдарын тынымсыз бұлғайды... Кірпігімнен үзіліп түскен жалғыз тамшыны байқамай да қалдым. Терезеге үңілемін. Ағаштар да қол бұлғап, асығыс қалып жатқандай.

...Жаңа оқу жылының алғашқы күндері. Әр күн әсерлі әр күн қызыққа толы. Менің ойымнан Әзімбек атамның аулындағы достарым кетпейді. Кластағы балаларға да солар жайында әңгімелеймін. Азамат та мектеп табалды­рығын аттады ғой! Қандай қуаныш!

Бір күні сабақтан келген бойда әкем қолыма көгілдір конвертті ұстата берді.

— Саған хат келді.

Ашып оқығанша асықтым. Кімнен болды екен деймін.

«Жомарт, мен бірінші класқа бардым. Қазір әріптерді жазуды үйрендім. Ленин атаның «Оқы, оқы және оқы» деген өсиетін еркін жаза алатын болдым. Енді саған да хатты жиі жазып тұрамын. Досың, Азамат...» Үлкен әріп­тер дәптер бетін толтырған. Жүрегім атша тулап, дүрс- дүрс соғады. Қуанғаным сонша, хатты қолыма алып айқайлап та жібердім. Сөз жоқ, бұл алғашқы хаттың қуанышы.

Менің досым Азамат әріп жаза біледі, енді кітап оқи­тын болады. Ауыл жаңалықтарын үзбей жазып тұрады.

Үлкен әсер үстінде қолыма қалам алып, ауылдағы досыма хат жазуға отырдым...

БІЗДІҢ ЖЕР НЕМЕСЕ АТАМЕКЕН ТУРАЛЫ ТОБЫҚТАН ТҮЙІН

ҒАРЫШҚА ҚОЛ созған өскелең өміріміздің әр күні жаңалыққа толы. Ал жаңалықтар тасқынын енгізген елеу­лі өзгерістерді бүгінгі мектеп өмірінен де айқын аңғара­мыз. Күні кешегі қарапайым да жұпыны класс бөлмелерін қазір еш жерден ұшыратпайсың. Самаладай жарық заң- ғарадай зәулім оқу кабинеттерінің қай-қайсысы ғылыми мекемелердің лабораториясындай әсерге бөлері анық. Түрлі приборлар мен станоктар... Қатар-қатар тізілген математикалық-геометриялық таблицалар мен схема- лар... Ең ақыры, сонау жылдары көрнекі құралсыз өтетін тіл-әдебиет және тарих пәндеріне арналған кабинеттер­дің өзі ерекше назар аудартады-ау. Физика, химия, шет тілі... Иә, пәндік кабинеттер осылайша тізіле бермек.

Міне, толып жатқан сол кабинеттердің бірі. Табалды­рық аттағаннан-ақ оның географияға арналғанын біле­сің. Кең бөлме төрінде сап түзеген үлкенді-кішілі глобустар көзге ә дегеннен-ақ шалынады. Қабырғаларда дүние жүзінің, Совет Одағының, туған республикамыз­дың әр түрлі карталары...

Шағаладай киінген үш-төрт жеткіншек ең үлкен гло­бусты төңіректеп, жанынан жылжыр емес. Бар ынта ықыласы алдыларындағы жұмыр шарға ауған. Күбір-кү- бір сөйлеген олар қастарында тұрған мені байқаған жоқ. Сүйріктей саусақтарымен әлденені көрсеткен бүлдіршіндер жаңалық ашқандай мәз-мейрам. Әңгіме шырқын бұзғым келмей, тек құлақ түргем.

— Жер.

— Иә, Жер ғой...

— Шеткеріректегі ақ бантикті қызды құрбысы қоштап қойды. Қуанышты. Жүздері балбұл жанған жас өрендер- дің күміс күлкілері де жарқын-жарқын шығады.

— Мына жүрек — Африка,— деді бағанадан үн-түнсіз тұрған кекілді бала.

— Неғып байқамағанбыз, шындығында жүректің су­ретіне ұқсайды екен.

Глобустан жанар аудармаған қара домалақ:

— Анау мәңгі мұз құрсанған Антарктида, ал мына көк бояу — Тынық мұхиты,— деген жанындағыларға.

Кішкентай «жиһанкездер» өздері білетін атауларды

Біздің Жері

бірінен соң бірін жарыса көрсетуде. Глобусты баяу ғана айналдырған олар тағы да дүр сілкінді:

— Біздің жер! — СССР!

Жұмыр шардың жоғарғы бөлігін тұтастай шеңберлей ораған төрт әріп көзге оттай басылған. Кішкентайлармен бірге мен де «СССР» деген жалғыз ауыз сөзді іштей әлденеше мәрте қайталай бердім.

СССР — қарапайым соқадан космосқа самғаған елдің, менің Отанымның есімі.

Кеуде керген мақтаныш сезімін «жаңалық ашқан» балалардың сөздері одан бетер асқақтатып жіберген.

— Совет Одағы батыстан шығысқа дейін тоғыз мың километрден астам, ал күнгейінен теріскейіне қарай бес мың километр жерді алып жатыр.

— Қандай үлкен, ә!

— Ұлан-байтақ осынау аймаққа үш АҚШ, жеті Үндіс­тан, алпыс Жапония, жеті жүз Нидерланды сыйып кетеді...

Алау жүректер лүпілін тыңдаудан жалықпассың, әсте. Әр сөздің аясынан туған өлке, туған жерге, атамекенге деген шексіз сүйіспеншілікті жазбай сезесің. Бұл — мерей өсірер мақтаныш емес пе! Менің есіме қара жердің қыр­тысын кетпенмен аударып, күміс дән мәпелеп-өсірген даңқты диқан Ыбырай Жақаевтың мына толғамдары түсті,.

«Жер! Қандай қасиетті сөз! Осы бір сөзде бүкіл тіршілік тынысы тұрғандай. Бұл сөздің терең мағынасын адам тілімен айтып жеткізе алар ма, сірә... Ұлы теңіздер жер төсінде шалқиды. Небір ұзын-шалқар өзендер жер бетінен жосыла ағады. Қалың ну ормандар жер бетінде жайқалады. Жердің төсінде асқақтаған биік-биік тау шыңдары көкке шаншылады. Күміс табаққа құйылған мөлдір судай тұп-тұнық көлдер жердің көзіндей жалты­райды. Жердің төсін еміп, жемісін теріп жеген адамзат нендей ғажайыптарды осы жер бетінде жасайды».

Ал космостан оралған совет ұланы Юрий Гагариннің аузынан шыққан алғашқы сөз де мәңгі жадымызда:

«— Жер... Біздің туған Жер. Қандай әсем десеңізші?..»

...Осы сәтті күткендей-ақ көрші бөлмеден ән әуені ес­тілді. Балғын да нәзік дауыс қарлығаштай қанат қағып бірте-бірте әуелей берді, әуелей берді.

Қайда жүрсең атамекен, Көкейіңде жатады екен. Күннің өзі ұясына, Қимай оны батады екен.

Жан-дүниені баураған әдемі әуез қоңыраудың күміс күмбіріне ұласып ұзақ уақыт жаңғырып тұрды...


Бетке өту: