Menu Close

Атамекен — Елшібеков Жанат

Аты:Атамекен
Автор:Елшібеков Жанат
Жанр:Қазақ көркем әңгімелері
Баспагер:Жалын
Жылы:1984
ISBN:
Кітап тілі:Қазақ
Жүктеп алу:
VK
Facebook
Telegram
WhatsApp
OK
Twitter

Бетке өту:

Бет - 5


АЛАТАУДЫҢ АЛҚАСЫ

«АЛМАТЫНЫҢ миллионыншы тұрғыны дүниеге келді...»

Совет Одағындағы «миллионер» қалалардың саны са­наулы. Біздің еліміздегі алғашқы «миллионер» қалалар өткен ғасырдың аяғында іріктелгені аян. Мәселен, 1890 жылғы дерек бойынша Петербургта—1 миллион 33,6 мың, 1897 жылы Москвада 1 миллион 38,6 мың адам тұрған. Олардың қатарына соңғы ондаған жылдың өзінде бірнеше қалалар қосылды. Енді міне, бүгінде атын төрт- күл әлемнің кез келген түкпірі білетін арайлы Алматы сол ең ірі, ең үлкен шаһардың салында. Ол еліміздегі миллион тұрғыны бар жиырма екінші қала.

Осындайда ,Л. И. Брежневтың «Тың» кітабындағы мына жолдар еріксіз көкейге оралады. «...Бүгінгі бүкіл Алматының өзі бұрынғысына мүлде ұқсамайды. Осы за­манның орасан зор шаһары өзіндік көркі бар әсем қала. Жақсылап ойластырылған жоспар бойынша кең құлаш­пен, мен айтар едім, сүйіспеншілік сезіммен салынып жатыр. Ол жерден сұрықсыз, бірөңкей кварталдарды көре алмайсың. Жаңа құрылыстардың архитектурасында қолтума сипат бар, ірі ғимараттардың бірде-бірі өзгесін қайталамайды».

Қазақстан астанасы Іле Алатауының солтүстік баура­йына орналасқан.

Жаз айларында жайнаған бау мен бақтар, алуан түрлі құлпырған гүлзарлар астананы айрықша нұрға бөлейді. Алматының гүл-қала деп аталуы да сондықтан болса керек. Статистикаға жүгінсек, қаланың миллион тұрғыны­ның әрқайсысына 76 текше метр жасыл желектен келеді екен. Астаналықтар мен қонақтардың сүйікті демалыс сая­ларының біріне айналған «Көктөбеге» аспалы жолмен көтерілгенде жап-жасыл теңіз үстінде ұшып келе жат­қандай күй кешесің. Қос қапталын зәулім ағаштар зерле­ген оқтай түзу проспектілер мен кең көшелер құс биігінен толқынданып шалынады. Алатауға шыға келген­де бүкіл қаланың алып панорамасын тамашалайсың. Құдды алақандағыдай. Әр тұстан «мен мұндалап» көк тіреген заңғар ғимараттар, тым жақыннан қол бұлғаған сәулетті архитектуралық ансамбльдер жасыл теңіздегі аралдар тобындай көрінеді... Қаланың қысқы ақ шаңқан

«Казахстан» қонақ үйі

келбеті де сондай көркем. Ақ шәлі жамылған сұлу шыршалар, бойын сылаған зәулім теректер мен ақ бал­тырлы қайыңдар астана ажарын одан бетер айшықтата түседі. Теңіз деңгейінен 709 метр биіктікте орналасқан қаланың ішінен Үлкен және Кіші Алматы өзендері өтеді. Ал күнгейінде ақ бас шыңдарын күнге сүйдірген Алатау асқақтайды. Сондықтан да ғажайып тамаша қала Алматы­ны — «Алатаудың алқасы» деу де өте орынды.

...Әр қаланың өз жылнамасы бар. 1984 жылы іргетасы қаланғанына 130 жыл толатын астанамыз әуелде Верный аталған. Кіші Алматы өзенінің бойынан майор Пере- мышльский 1854 жылдың көктемінде болашақ әскери бекіністің алғашқы қазығын қаққызған. Тау аңғарынан сегіз шақырым жерде бой көтерген бекініс үлкен керуен жолының тура үстінде. О кездегі Верныйдың сыртқы келбеті өте жұпыны, сүреңсіз болғаны белгілі. Жер сілкі- нісіне орай өңкей ағаш үйлер сап түзеген. Солардың арасынан Петербургтың инженерлік академиясын бітір­ген Андрей Павлович Зенковтың жобасы бойынша бой көтерген құрылыстарды ерекше айтамыз. Инженер-сәу- летшінің басшылығымен ағаштан түйін түйген хас шеберлер 1907 жылы биіктігі 56 метрлік собор тұрғызды. Еденінен бастап сонау ұшар төбесіне дейін бірде-бір темір шегесіз қиюластырылған бұл еңселі ғимарат — бү­гінде тарихи архитектуралық ескерткіш. 28 гвардияшы- панфиловшылар паркінің нақ ортасында тұрған мұнда Қазақ ССР-ының Орталық өлке тану музейі орналасқан. Іргетасының қаланғанына тура бір ғасыр болатын бұрынғы округтік офицерлер үйі мен қазіргі «Қызыл таң» маталар үйі де Зенковтың дара қолтаңбасы. Астана­мыздың сәулетші-рестовраторлары жоғарыдағы құры­лыстардың бәрін толықтай қайта өңдеуден өткізді. Ағаш­тан өрілген сол ғимараттар жиырмасыншы ғасырдың монументальды ансамбльдерімен өзінше үйлесім та­уып тұр. 1921 жылдың февралінде Жетісу әскери-революция- лық комитеті қаланың бұрынғы атын өзгертіп Алматы деп атады. «Джетысуйская искра» газетінің 1927 жылғы 14 апрель күнгі санында жазылған мына бір дерек елең еткізіп қана қоймай сол кездегі қаланың кескін-келбетін де анық танытса керек. «Алматы — саяжай, бақтарымен, станцияларымен көп орын алып отыр. Қаланың жекеле­ген бөліктерімен және қаланың шет аймақтарымен трамвайлар мен автобустардың жоқтығынан байланыс

Қонақ үйдің ішкі корінісі

өте қиын болып тұр... Жақын күндерде қалада «Форд» фирмасының алғашқы автобусы жүретін болады. Егер бұл іс шығын әкелмесе автобустар саны екеуге, үшеуге көбейтілмек...»

Алматы — 1929 жылдан Советтік Қазақстанның аста­насы. Ол—миллион тұрғыны бар одақтас республикалар астаналарының ішіндегі ең жасы. «Арман қала — ай қала» көз алдымызда жайнап, бұрынғыдан бетер құлпы­руда. Құлашын кеңге сермеген оның аумағы қырқыншы жылмен салыстырғанда үш есеге өскен. В. И. Ленин, Абай, С. Сейфуллин, Октябрьдің 50 жылдығы атындағы

«Красногвардейский тракт» секілді проспектілер мен кө­шелер жеті километрден он бес килрметрге дейін созылып жатыр.

Ұлы Октябрь шұғыласынан нұр алған Алматы жыл санап емес-ay, күн санап сәулеттене түсуде. Өзіндік кел­беті дара айшықталған астана бейнесін танымастай өзгерткен соңғы он-он бес жылдың жемісін кез келген көшенің өн бойынан көресің. В. И. Ленин атындағы Сарай, «Қазақстан» қонақ үйі, Пушкин атындағы кітапхана, рес- публикалық өнер музейі, Л. И. Брежнев атындағы алаң, М. Әуезов атындағы қазақ драма театры, Неке сарайы, Цирк үйі, аэровокзал, темір жол вокзалы, Даңқ мемориа­лы, КазГуград... тұрғын үйлер кварталдары... күні кеше ғана есігін айқара ашқан «Отырар» туристер мейманхана­сы мен «Арасан» денсаулық комплексінің қай-қайсысы да архитектуралық тамаша дидарымен сүйсіндіреді. Ал құрылысшылардың құрыш қолымен бұлттардың арғы жағына қол созған «Көктөбедегі» 372 метрлік телемұна- ра қаланың барлық бұрышынан «мен мұндалайды». Елі­міздің сейсмикалық аймағында салынған ең биік құрылыс саналатын осы телемұнараның бақылау нүктесінен жасыл желекке оранған қаладан біршама жерде көк мұнарла- нып жатқан Қапшағай теңізін де көруге болады.

БЕС орденді Советтік Қазақстан астанасының қарыш- ты қадамы мен самғау биіктерін бейнелейтін жарқын деректерді қала өнеркәсібінің даму баспалдақтарынан да айқын аңғарамыз. Революцияға дейін мұнда ауыл шаруашылық өнімдерін өңдейтін бірен-саран ұсақ өнер­кәсіп орындары ғана болса, қазіргі таңда үш жүзден астам кәсіпорын жұмыс істейді.

Жеңіл және тамақ өнеркәсібі бұйымдарын шығару жөнінде еліміздегі ең алдыңғы қатарлы орында. Машина жасау, электромеханика, мебель, темекі, шарап, консерві және басқа да одақтық маңызы бар өнеркәсіп ошақта­рының өнімдері үлкен сұранымға ие. Республикадағы аса үлкен кәсіпорындардың бірі — Алматы ауыр машина жа­сау заводының маркасы 31 елге, оның ішінде АҚШ, Англия, ФРГ, Жапония, Үндістан, Болгария, Венгрия, Польша, Югославия секілді елдерге жақсы таныс.

Октябрь революциясының 50 жылдығы атындағы мақта-мата комбинаты еліміздің шығысындағы ең ірі алыптардың бірегейі. Еселі еңбегімен құрмет даңқына бөленген елу ұлттың өкілінің басын қосқан коллектив жыл сайын 100 миллион метр мата өндіріп жүр. Комби-

Бұлттарға қол созған Кектебедегі телемұнара

нат өнімінің тең жартысы — Сапа белгісімен шығарыла­ды. Жалпы алғанда, республика астанасы өнеркәсібінің 540 өнімі құрметті бесбұрыш таңбасына ие. Революцияға дейінгі Верныйдың орталық бөлігінде бар-жоғы 124 ке­росин шырағы сығырайып көрінсе, бүгінгі Қазақстан астанасы күні-түні электр нұрына шомылып тұрады. Сайын далаға теңіз жасап, Қапшағай ГЭС-ін орнатқан алматылықтар қаланың ішімен Жетісудың сегізінші өзені — Үлкен Алматы каналын тартуда.

1928 жылы Алматыда ашылған қазақ жеріндегі тұң­ғыш жоғары оқу орны—педагогика институтында небәрі 75 студент оқыса, бұл күнде астананың елуден астам жоғарғы және орта оқу орнында 200 мыңға жуық студент жастар білім алуда. Қазақстан ғылымының ордасы болып отырған республиканың Ғылым академиясы жиырмадан астам ғылыми-зерттеу институттарының басын біріктір­ген. Қазіргі таңда Қазақ ССР Ғылым академиясының құ­рамында елудей академик, сексеннен астам корреспон­дент мүшесі, жүздеген ғылым докторы мен ғылым кандидаты бар.

Алматы — аса ірі мәдениет орталығы. Қалада жеті миллион дана кітап қоры бар 130 кітапхана, 20 кинотеатр және 111 киноқондырғы, 7 театр, 8 музей, 52 клуб жұмыс істейді. Ұлттық музыка мәдениетінің мақтаныштары — Ленин орденді Абай атындағы академиялық опера және балет театры, М. Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театры, Құрманғазы атындағы халық ұлт-аспәптар оркестрі, Мемлекеттік хор капелласы, Қазақ ССР-інің классикалық би ансамблі, «Гүлдер» және «Досмұқасан» эстрадалық ансамбльдері бүкіл елімізге әбден белгілі. Атақ-даңқтары жер жарған бұл өнер коллективтері бол­маған мемлекеттер де некен-саяқ. Қазақстандық шебер­лердің өнеріне қол соқпаған құрылық жоқ. Әліппеден көп томдық Энциклопедияға дейін шығаратын сегіз баспа жылма-жыл оқырманға сан миллиондаған тиражбен екі мыңға жуық кітап ұсынады.

Сонымен қатар республикамыздың бас қаласында бірден-бір тынығу әрі денсаулық ұясы саналатын көпте­ген спорт ошақтары бар. Ондаған стадион мен спорт алаңы, жүзу бассейндері мен туристік базалар, спорт сарайы үлкен-кішіге бірдей қызмет етеді. Ал биік тау- дағы «рекордтар фабрикасы» Медеу спорт комплексі бүкіл әлемге әйгілі. Медеудің ұшқыр мұз айдынында дүние жүзінің, Европаның, СССР-дің, Қазақстанның жүз-

ден астам рекорды дүниеге келді. Мұның бәрін Алатау- дың мөлдір бұлағынан қатырылған хрустальдай мұзы сыйлап отыр. Планетамызда астана іргесіндегі Медеуге жетер көк айдын жоқ. Бір ғажабы таулардың алақанында жатқан көгілдір айдында тоғыз ай бойына коньки тебуге болады. Он мың шаршы метр жасанды мұз 25 градустық ыстыққа дес бермейді-ay. Сондықтан да ол астана тұр­ғындары мен меймандарының бос мезгілдерін көңілді де, қызықты өткізер сүйікті демалыс саясы. Медеу ком­плексін салған Алматы сәулетшілері мен құрылысшыла­рының бір тобына СССР мемлекеттік сыйлығы берілді. Алматының болашағы бүгінгіден де жарқын, бүгінгіден де зор. Партия жоспарын жүзеге асыруға жұмылған алматылықтар да бір семьяның адамындай еселі еңбек көрігін қыздыруда. Таяу уақытта арайлы астананы айшық­тай түсетін жаңа микроаудандар, В. И. Лениннің Орталық музейінің филиалы, теледидар комплексі, қысқы стадион тағы басқа да түрлі ғимараттар сап түземек.

Қонақжай Алматы құшағы тәулік бойына жүздеген мың меймандарды қарсы алып, шығарып салып жатады. Қала қақпалары — аэровокзал, автовокзал, теміржол вокзалы сан тарау жолдардың торабы. Әрине, әлемнің түкпір-түкпірінен ат ізін салған шетелдіктер де көп. Олардың қай-қайсысы да Алатаудың алқасы — әсем Ал­матыдан үлкен әсермен аттанары сөзсіз. Ал миллионда- ған қазақстандықтардың қатар соққан жүрек лүпілдері қашанда асқақ естіледі:

— АРАЙЛЫ АСТАНАМ —АЛМАТЫ!

МИЛЛИАРДТАР МЕКЕНІ НЕМЕСЕ НАН ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ

АКАДЕМИК В. АФАНАСЬЕВ: «Қазақстан астығының бейнесі — тың, ал энергиясының бейнесі—Екібастұз»,— деп жазды. Өте дөп айтылған.

Республикамыздың даңқы да, мақтанышы да тың эпопеясы. Тусыраған сахара төсіне тұңғыш түреннің түс­кеніне де отыз жылдан асып барады. Совет халқының барша өкілінің аялы алақанын көрген салқар даланың дидарын бір сәт көз алдымызға елестетелік.

Шексіз де шетсіз алтын алқап. Бадана дәнді жез масақтар бастарын көтере алмастан қырдан лекіген майда самал лебімен кербез шайқалады. Көз ұшында тізбек құрған дала кемелері қалқып жүр. Мың бүктетіл­ген дән-толқындар шалқар дарияның құдды өзіндей. Толқын жалында тербетілген шағаладай әлгі қыр кеме­лері жал-жал із тастап барады. Комбайндардан қызыл дән толтырып алған машиналар қабылдау пункттеріне толассыз ағылуда. Ал осынау машиналар керуенін күре жолдың өн бойынан ұшыратасың. Кетіп барады. Келе жатады. Биік-биік, буылтық-буылтық бітеу мұнаралары аспанмен таласқан элеваторларда да тыным жоқ. Күні- түні бір ырғақ — еңбек әуені. Комбайншы дән-дариясына сүйсіне көз тастаса, автокеруен жүргізуші құт қамбасына асығады. Жаңа орақтың қорғасындай салмақты да, жоға­ры сортты бидайын көрген элеватор мамандарының қуанышын да аңғару қиын емес. Бәрін... бәрін олардың күнге тотыққан жүздері, күлім қаққан жанарлары-ақ айтып тұр.

Ерлік эпопеясы басталғаннан бері Отан қоймасына 20 миллиард пұттан астам астық құйылды. Миллиардтар мекеніне айналған республикамыз оныншы бесжылдық­та мемлекетке жыл сайын бір миллиард пұттай жоғары сапалы алтын дән тапсырған.

Бұрын-соңды болмаған рекордты көрсеткіш. Мұндай үлкен табысқа тек мыңдаған адамдардың қажыр-қайра- тьіның, ерен еңбегінің арқасында қол жететіні аян. Еңбек зейнетінің рақатына бөленіп отырған тың қаһармандары­ның есімдерін де мақтанышпен айтамыз. Олар — Жан- сұлтан Демеев, Михаил Довжик, Владимир Дитюк, Нұр- ғабыл Мәлғаждаров, Аманкелді Исақов, Төлеубай Мұс- 3—357 65

тафин, Кәмшат Дөненбаева, Есілбай Қадыралин, Наталья Геллерт, Елтай Бектеміров... Жұлдызды шоғырлардың арасынан алғашқы тың игерушілердің ұлдарын, кейінгі толқын — жас ұрпақ өкілдерін де ұшыратуың заңды құбылыс. Өйткені тың өлкесінде алғашқы қадасы қағылып, шаңырақ көтерген үш жүз елуге жуық шаруа­шылықтың әрқайсысының өз жұлдызы, өз шам-шырағы бар. Бір ғажабы олардың қатары ондап емес, жүздеп, мыңдап саналады. Сол дала ерлерінің еңбегін миллиард- пен өлшеуге, миллиардпен бағалауға үйреніп те алдық. Бұл да қазақ топырағында қалыптасқан тамаша дәстүр.

Миллиард! Оп-оңай айта салатын осынау цифрдың мәніне зер салсақ: миллиардты санап шығу үшін

Диқанның мазасыз шағы

тапжылмастан күні-түні ондаған тәуліктер бойы отыру керек. Бүгін таңда адамдарға космос дәуірінің ақылды есептегіш машиналары — электроника мен автоматика көмектесуде. Олар секундына 180 мың операция орын­дайды. Қас-қағым сәт және 180 мың! Міне, бұл да ата- мекенімізде болып жатар жаңалықтар мен өзгерістерді сипаттаса керек.

...Көз алдындағы алтын алқап дән тауына айналып,

Алтын масақтар

биіктеп барады. Сағат санап биіктей түскен астық тауы көз алдыңа нанды әкеледі. Нан! Ол — тіршілік, ол — Отан! Нанды ойлаған сайын мұрныңа шоқтан шыққан, қабарып піскен нанның өзіне тән хош иісі келеді. Нан туралы небір әңгімелер, аңыздар айтылған. Нан құдіреті хақында кітаптарда, газет-журналдарда жүйелі әрі үз­діксіз жазылып жүр. Қасиетті нан жайында тебіренбеген, толғанбаған жан жоқ шығар бұл жиһанда. Олай дейтіні­міз: бидай — дүние жүзіндегі негізгі дәнді дақыл. Скиф- тер елінің атағын айдай әлемге мәшһүр еткен де оның ақ маржаны. Ежелгі грек шешені Демосфеннің сақталған сөздерінде біздің эрамызға дейінгі IV ғасырда Афиныға жыл сайын 16,7 тонна бидай жеткізіліп тұрған. Планета­мызда қазір жылма-жыл 250 миллион гектар жерге би­дай себіліп, одан 400 миллион тоннаға жуық алтын дән жиналады. Ал біздің еліміздегі бидай алқабының көлемі 60 миллион гектардан астам...

Ұлылы-кішілі адамдардың, алуан мамандық иелерінің қайсысы болсын нанның қадір-қасиетін өте жоғары баға­лаған. Осы орайда Қазақстанның тұңғыш миллиард жаңғырығы ойға оралады. Алғашқы миллиардтан шетел-

дік жастардың да қолтаңбасын көреміз. Тың шежіресін парақтайықшы. Мінеки, жиырма сегіз жыл бұрын жазыл­ған, Москва мемлекеттік университеті тарих факультеті­нің студенті вьетнамдық Чи Ванның туыстарына жолдаған сәлем-хаты былай басталған:

«Құрметті туыстарым! Мен бүгін үлкен қуанышта отырмын. Ол—аты аңызға айналған ұлан-ғайыр байтақ қазақ жерінің топырағын басуым. ВЛКСМ Орталық Коми­теті бүкіл Совет Одағының комсомолецтері мен жаста­рын тың астығын ысырапсыз әрі тез жинап алуға шақыр­ған болатын. Бұл шақыруға біз де — МГУ-дің шетелден келген студенттері де үн қосуды ұйғардық. Сөйтіп, Совет Одағының ең ірі республикасының бірі — Қазақстанға келдік. Бізді бұл жерде ыстық ықыласпен, шын жүрекпен қарсы алды. Сіздер көрсеңіздер, шіркін, бұл өлкені! Шегі жоқ дерсің-ay, тіпті. Ал сол шексіз далада теңіздей толқып бидай өсіп тұр. Иә, ол аппақ нан ғой!

Бар байлықтың басы

Бізде өте көңілді. Таң саз бере тұрып жұмысқа шы­ғамыз, содан қас қарая ораламыз. Кейде тіпті, түн жары­мында қайтамыз. Сонда да болса шаршауды білмейді-ау жігіттер. Өйткені біздер алтын дән — ертеңгі нанды жи­нап жүрміз ғой. Алау жағып, даланы әнге бөлейтін де — жастар. Украин халқының «Черемшина» әнін, сондай-ақ поляк, румын, қазақ халықтарының бірнеше әндерін үйрендім. Әсіресе, қазақтың ұлттық музыкалық аспа­бы — домбыра мен қобыз әуендері маған қатты ұнады. Халықтың басынан өткен тарихи шежіре де музыка тілі­мен кейінгі ұрпаққа жеткен. Ңазақ халқы меймандос келеді екен. Бізді жиі-жиі қонаққа шақырып тұрады. Ал қош, көріскенше күн жақсы. Біз жұмысқа асығып жатырмыз.

Сәлеммен, туыстарың Чи Ванн. Қазақстан, 1956 жыл, сентябрь».

Нан!.. Атыңнан айналайын, қасиетті дән... Сен туралы сөз тиегін ағытып, ой толғаса жұмыр жердің бетіндегі кеудесінде жаны бар адамдардың тіршілік-тынысы, қам- қарекеті өмірге деген құштарлықпен еңбек етіп, ұрпақ өсірген адамзат ғұмырының алтын өзегі болған өзіңді тебірене ауызға аламыз. Жүзі басқа, тілегі бір жұмыр басты пенденің қай-қайсысы да ықылым заманнан бері алақанына салып аялап, қастерлеп келеді. Осынау ғажап ғадет ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Қанға сіңген қасиет. Аталарымыз ұзақ сапарға шықса өзге дәннен ай­рықша пір тұтып ең бірінші нан алатын. Бейтаныс жолау­шы есік ашып, табалдырық аттаса қонақжай халық: «Қуыс үйден құр ауыз шықпасын»,— деп ұсынатыны нан.

Нан!.. Атыңнан айналайын қасиетті дәм. Құмырсқадай тіршілік кешкен адам баласы әуел баста қоймаға қару емес, қамбаға дән жинағаны аян. Иә, дән жинаған. Бүкіл халық келіп дәм татсын, талассыз-ұрыссыз тату болсын деген. Достықтың берік алтын арқауы, береке мен бей­біт өмірдің береке бесігі де — өзіңсің қасиетті нан. Сүт­тей ұйыған береке шырқын бұзып, достықтың алтын жібін аттаған адамды «Дәм атсын» дейтіні де содан қалған-ау.

Құрыш қол жұмысшы мен алтын орақ ұстаған диқан­ның қазіргі түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік ілмей, бел шешпей қоян-қолтық еңбек етуінің өзі де сен үшін, қа­сиетті нан. Береке басы, ел ырыздығы, молшылық көзі — астық үшін айқас еш толастамайды. Ырыс селін тасқын-

датқандар жарыс отын алаулата бермек. Орақ ерлерінің қай-қайсысымен сыр шертіссеңіз, ауызға алары — «Ас­тық, алтын дән, қасиетті нан!» Қыр төсіндегі қызу еңбектің дабылы да тым айрықша естілер еді. Жалғыз мақсатқа жұмылған барша диқанның жауапты маусымда- ғы нысанасы да ортақ. Ол — аңызда бір тал масақ, бір грамм дән қалмасын! Бұл да сенің құдіретің, қасиетті нан!..

Нан!.. Сен туралы әңгіме арқауын одан әрі өрбітіп, ой толғасақ көбімізге ортақ, сонау бір жылдардың мәңгі өшпес мына штрихтары қаз-қалпында елестеп өтер еді. Ол сурет — ақ әжемнің ақ бидайды уыстаған алақаны. Қызыл қырман думаны дабыл қағысымен ақ әжем де өзі­нің тойын бастайтын. Бұл дүрбелеңде қос қолын қалтасы­на салып, теңселіп жүретін еш пендені көрмейсің. Әркім өз ісінің соңында. Ағалар орақ ортасында, жеңгелер бау­ға түсіп, бүлдіршіндер жарыса масақ теретін. Жаңа егіннің торсия піскен қызыл дәні де ең алғаш бірінші әже алақанынан өтетіні белгілі. Шоқтан суырылған ыстық күл­шені ұсынатын артынша. Сол сәттегі ақ әжемнің тұңғиық жанарындағы қуаныш нұры күні бүгінге дейін жүрек түк­пірінде жарқырап тұр десем артық болмас.

Нан—еліміздің күш-қуаты мен беделі. Қазір Совет Одағында тәулік сайын тоқсан миллион килограмм нан пісіріледі екен. Дастарқанның мәні мен сәні де, күнбе- күнгі өміріміз ол. Ғарышта да нансыз күн көру мүмкін емес. Біздің космонавтарымыз өздерімен бірге нан ала­ды. Әрине, олардың пісірілуі де, көлемі де мүлдем бөлекше. Сіріңке қорапшасының жартысындай ғана болатын тоқаштың салмағы — не бары 4,5 грамм.


Бетке өту: