Ақан сері — Сәкен Жүнісов

Аты: | Ақан сері |
Автор: | Сәкен Жүнісов |
Жанр: | Роман |
Баспагер: | Жазушы |
Жылы: | 2002 |
ISBN: | 5-605-01808-6 |
Кітап тілі: | Қазақ |
Жүктеп алу: |
Страница - 11
– Ой, ғажап-ай!
– Шынымен осы үңгір ме?- деп таңырқасты жігіттер.
– Иә, иә, осы үңгір. Соңынан қуып келіп, тауып алар қуғыншыдан қауіптенбей еркін жайғасқан соң, уағданы бұзбай, екеуі осы үңгірде басқа жігіттердің алдында тағы да ұзақ айтысыпты. Ақыры атамыз Құдайқұл жеңіп, анамыз Кенжебикемен осы үңгірде алғаш рет табысқан екен.
От жарығының астында, Бурабайдың қалың қарағайындай қою өскен, ұзын кірпіктері жалп-жалп етіп тыңдап жатқан Ұрқия осы жерде мырс етіп күліп жіберді. Басқа жігіттер де қосылып, ду күлді.
– Бұл онда құтты үңгір болды ғой.
– Құдекең сияқты сіздер де ұрпақ жаярсыздар!
– Аумин, айтқаның келсін,- деп беттерін сипаған жігіттің бірі:
– Шынында ақындық сіздің арғы атаңыздан дарыған екен ғой, бұрын да бір шала-шарпы естіген ем, о кісі сіздің нешінші атаңыз?- деді.
– Төртінші ата ғой. Құдайқұл, Құдайқұлдан – Бекназар, Сапақ, Жаназар, Бекназардан – Жарқын, Жарқыннан – Қорамса, Қорамсадан – мен, Рамазан, Мұхаммед, Әйберген... Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу деп, Құдайқұл атамыз бен анамыз Кенжебике тұзы жарасып, артына осынша ұрпақ жайған екен,- деп Ақан өз-өзінен толқып, жігіттерден именбей бауырына қысқан Ұрқияның жұқа қос қабағынан ұзақ сүйді.– Енді, Бәтжан, «Ләйлі – Мәжнүн» хиссасын айтшы, бәрібір ұйқы жоқ, біраз сергір ме екенбіз.
– Ақан аға, соның кей тұсынан жаңыла берем,- деп Бәтжан отқа үстемелеп бұтақ тастай беріп, сәл қысылып еді.
– Ештеме етпейді, қайта осындай жерде жаттығып ал, ұмытқан тұсыңды өзім есіңе салып отырамын,- деп Ақан кеспелтек бір бұтақты домбыра орнына ұстата берді.
Көкше өңіріне жаңа тараған мұңды дастанды Бәтжан қоңыр үнмен бастап кетті...
Қасында серігі бар, түнделетіп жасырын жортқан Шәкей Шортанды станциясынан ұрланып өтіп, Бурабайдың шетіне таң біліне іліккен. Қалың жыныстың арасымен суға малынып, ұзақ жүрді. Тағасыз аттармен құмалақша шашылған малта тасты жалғыз сүрлеумен жоғары қарай зорға ілбіп, кигіз үйдің шаңырағына өрмелеген құмырсқаша титықтап келеді.
Тау іші салқын, әрі дымқыл. Таң ата бүрікпе жауын толастап, ашылғанмен, қалың қарағай ішін соқыр тұман басқан. Анда-санда жерде тұман сиреп, кей тұсы ашылып кетеді. Шәкейлер ондай алаңқайда деміккен аттарын тоқтатып, аз да болса сарығып, тынықсын деп аттың белінен жерге түседі. Тау етегінен көз тастаса, соқыр тұманнан түк көрінбейді. Алды ашық сияқты. Бірақ аса сұсты. Тау басына дейін қою шықтан түнерген күзгі қарағай найзаларын көтеріп, үнсіз белгі күткен қалың қол, мың-мың ғаскер секілді.
Сарғайып таң атты. Тоғай ішіне бозамық таңдай болып боз тіршілік келді: түнгі ұйқыдан оянған тау құстары бір-біріне енжар дыбыс беріп, қысқа үнмен хабарласып жатқандай. Бейуақытта жүрген жолаушыларды таңырқағандай, иә мүсіркегендей қарағай бұтағына қонған сауысқан таңдайын қағып біраз шықылықтап отырды да, қалақ құйрығын созып, жыпың етіп, ұшып кетті. Жақын арада қарағай қабығын аршыған тоқылдақтың үні келді. Күн шыға тау үстінде ала бұлт көшіп жүрген. Бауыры қанға боялған күз бұлтына, қызыл күн алтын жебелі жүздеген оғын қатар атты да, қылт етіп, биік өркештің ортасынан маңдайын көрсетті. Қайтып күн көрінбейді. Құбыладан қаптаған тұтас алапат бұл күннің көзін қайтадан сірестіріп басып алды. Тоғай іші қайтадан сұрқай тартты.
Шәкей тау ішіндегі достарына белгі беріп, ыңылдап ән айтып жеткенде, «Кенесары үңгірінен» түні бойы ұйықтамай, ауыл жақтың хабарын үрейлене күткен жігіттер де үңірейіп-үңірейіп шыға келген. Бәрі жолаушыларды қаумалап, аттан түсіріп алды.
Құлақтарын тігіп, небір суық хабарды естігенше асыққан Ақандарға Шәкей сыр білдірмейді.
- Өйдейіт дерсің, өздерің тіпті жұмақтың төрінде отырғандайсыңдар ғой, туһ, дүниенің рақаты осында ғой,- деп маздаған оттың алдына жүрелей түсіп дәу қоржынның бауын тартты. Ұрқия түндегі орнынан әлі тапжылмай серінің құшағында отырған.
Ұрқия, шашың жібек, қанжар қасың,
Көрінер тамағыңнан ішкен асың.
Жаманға сені қор ғып қия алмаспын,
Тірлікте аман болса ғазиз басым, -
деп ыңылдап Ақанның әнін айтқан Шәкей, шиеленген ызыңды бауды зорға шешіп,- Оу, Ұрқия, көтер кәне басыңды, өз қолыңмен жай қане, дастарқанды - асыңды,- деп тақпақтап, қоржын ішінен тақталап бүктеген мол ақ дастарқанды шығарды.
Ұрқия басын көтеріп алғанда, қолқылдаған кең шапанның ішінен кәдір түнінде ашылған аспан қақпасындай аппақ аққу төсі бір жарқ етті. Тез қымтана қойған қыз бұрала басып, Шәкейдің қолындағы дастарқанды оттың іргесіне жайды. Ақ білегін түрінген қыз қолына кесек-кесек ет әперіп жатқан Шәкейдің аузында дамыл жоқ. Тістері ақсия күліп, сөйлеп отыр:
- Мынау, Жаңыл шешейдің, сенің болашақ алтын енең, Ұрқия, соның әдейі пісіртіп жіберген тоқтысының еті. Дастарқанды алмаймын, далада жүрген оларға не сән керек деп едім, шешей болмады. «Өзім көрмесем де, қолымнан алғаш дәм тататын қызымның дастарқаны мол болсын,- деп ырымдап, тоқты етінің бір жапырағын тигізбей түгел салды, мына біреу сенің төсің, келін шырақ. Ой, апам деген алтын ғой, шіркін, анда-санда көзіне жас іркіп алып, «мына құдайдың күні де бір ашылмады, жауын астында Ұрқияжан жүдеп қалатын болды-ау» деп, маңында ешкім болмаса да, құлағыма: «Олар қайда жүр, бір баспана тапты ма, Ұрқияжанымды жүдетпеңдер әйтеуір» деп сыбырлап, Ақанынан бұрын сені аузына алады. Қайтсын! Бірақ, сендердің қайда екендеріңді апама да айтпадым. «Амандық болса көрерсіз, келініңіз ай мен күндей, ішкен асы тамағынан көрінеді, ақыл деген бір қап, алған бетінен қайтпайтын қайсар, не керек серінің нағыз серігі, Ақан неше жыл іздеу салып жүріп, темір етігі теңгедей, темір таяғы тебендей болғанда, тапты ғой ақарманын» деймін... Ал, мынау, күлше нан. Апам әдейі арнап, жұмыртқаға илеп, саған пісіріп жіберді. «Наннан үлкен ештеме жоқ, алдымен өз қолыммен пісірген осы күлшені жесін»,- деді,- деп, бетіне ағаш қасықтың басын айшықтап-айшықтап батырған сап-сары күлшені ұсынды.
Үңгір іші Шәкей келгелі бұрынғыдан бетер жылынғандай. Дастарқан үстіндегі тоқтының басынан бастап, әр мүшесі үюлі жатқан тоңжелін етке қарап жұтынып, кешеден бері нәр татпаған жігіттер пышақтарын жалаңдатып даяр отыр.
- Ал мына жағында тамаша нәрсе бар,- деп ортасынан теңдеп буған қоржынның екінші басын ағытқан Шәкей, ішінен салақтатып бір торсық қымыз суырды. Оның артынан шағын бұқар құманы мен екі сырлы тостаған шығарды. Содан соң тұқыраңдап, ішкі бешпентінің терең қалтасынан алып, қадымша жазылған, сарғыш кітап қағазына ораулы жұдырықтай бірдемені Ұрқияның қолына ұстатты.- Мынаны апам әдейі жіберді. Шай. «Қарағымның бойы жылынсын, далада тоңып жүр ғой, балапаным!»- дейді. Қайдан білсін ол балапанының ұядай үңгірде балбұл жанып, сері балапанының ыстық құшағында отырғанын,- деп жігіттерді бір күлдірген Шәкей,- ал, сендер тамақтана беріңдер,- біз енді қабығымызды кептіріп алайық,-деп, сырт киімін шеше бастады.
Түні бойы «Ләйлі - Мәжнүн» хиссасын айтқызып, өзі де ертең сол екі Мәжнүн құсап осы үңгір аузында қалатындай сәл ұнжырғасы түскендей болған 157
Ақан Шәкей келгенде, артындағы бар туысы, өзін сый тұтқан бар ауылы көшіп келгендей жадырап сала берген. Шәкей Ақанға жолдас қана емес, енді қайнаға болмақ. Ақтоқтыдан соң құлазып қалған cepi қайғысын бірге көтерген Шәкей арада екі жыл өткен соң, жасы он жетіге жаңа жеткен, ақылға да, түрге де бай өзінің немере қарындасы Ұрқияны сырттай таныстырып, досына лайықтаған. Ұрқиямен екеуін алғаш кездестіріп, табыстырған да Шәкей. Араға айлар салып бір-біріне қатты құмартқан екі жастың ғашықтығына көзі жетіп, Ұрқияны үйден алып шыққан да Шәкей. Қу тілді, пысық Шәкейге қарап, қияметтің қыл көпірінен де бірге өтуге даяр досының ақжарқын мінезін қызықтап отыр. Шекесіне таңған ақ орамал шетінен қан білінеді. Көзінің алды көкпеңбек. Соққы көрген адамның сыңайы бар. Бірақ оны ешкім сұраған жоқ. Сұратуға келтірген де жоқ. Үсті-басы малмандай су боп, ұзақ жолдан, түнгі ұйқыдан қажып жетсе де, ешкімге міндетсініп, бұлданып сыр білдірмейтін Шәкейдің бойынан қазір Ақан қиындыққа, қайғыға төзімді, досқа дегенде қон етін кесіп беретін, отқа-суға айдасаң да қыңқ етпей жүре беретін, сүйтіп жүріп аузынан қалжыңы, көмейінен әні түспейтін өз жұртының, өз халқының ең жақсы қасиеттерін, үлгілі мінездерін көргендей. Өз елінің ішінде, өз қауымының ортасында өз бағасын да танығандай. Әттең... Күншілдік пен жауыздықтың таспасынан қамшы өретін аз топтың ел шырқын бұзып, жуастыққа жуандық, меймандыққа айуандық көрсететіні-ақ батады. Әйтпесе, қазақ даласы, сахара тіршілігі ән, күй шуағында тербелген шалқар теңіздегі азат кемедей ғой...
Жігіттер ас ішіп тоғайып алған соң барып Ақан:
- Ал енді әңгімеңді айтшы, не көріп, не білдің?- деген.
Шәкей ел ішіндегі үрейлі хабарды, қабақ шыта отырып жай-жапсарлап жеткізді.
- Жағдай жаман, Ақан. Ел іші бүлініп жатыр. Біз Ұрқияны әкеткен күннің ертеңінде-ақ Кемел тұқымына хабар жетіпті. Нұртаза мен Сүлеймен намыстан жарылардай боп бүкіл отыз ауылдың жігітін атқа қондырып, аттан салып іздепті. Көбі адасып, Қызылжар жағын, туу Түменге дейін сүзіп шықса керек. Оязға барып, ғаскер де алдырыпты деседі. Ақыры амалдары құрып, оязға бобылық жарияла деп шағым айтса, Коновалов ел арасындағы жер, жесір дауын билер сотымен шешіңдер, солардың шешімімен іс қылыңдар. Мен соны қолдаймын депті. Сонымен, қазір, Нұртаза атығай -қарауылдың игі жасыларын, атқа мінер шонжарларын, молла, қожа, шорт-мазараттарын түгел шақырып, Қоскөл маңында әр ауылға бөлініп түссе керек. Күнде шапқылап, елді түгел жиып, босып жүр. Түрлері кісі өлтіргендей екен. Мен аңдаусызда қолдарына түсіп қаламын деп, біраз таяқ та жеп алдым. Бұл жолы Ақанның қасында болғамын жоқ, білмеймін деп, бір күн қамауда отырып, зорға құтылдым. Келесі күні айтқан тапсырмаңмен Әлекеңе бардым. Зілғара тұқымына хабар салмаған екен. Әлекең естісімен: «Ішіңді ұрайынға барамын, сыңайларына қарай көрем, тіпті икемге көнбей бара жатса Әлекең күш көрсетуден де танбайды» деп уағдасын беріп қалды. Содан із
тастап жүріп, Қараталға барып, сәлем-саухаттарын алып, түнделетіп шықтық. Екінші күн дегенде зорға жеткеніміз осы.
От қызуына жазық маңдайы жіпсіген Ақан басын төмен салып, ұзақ ойланып қалды. Әлден уақытта барып ұйқыдан қызарған үлкен көзінен от шаша жігіттерге бір қарады да:
- Ұрқияш, бері келші,- деп, биік өкше етігі сықырлай басып, қасына келіп бір жамбастай отырған Ұрқияны тағы да бауырына қысып, шашынан сипады.- Не көрсек те енді жазу біреу, көрдік, көндік. Солай емес пе, қалқам! Басымды ажалға тіктім! Қолымнан беріп, қоншымнан басып тіршілік етер енді менде хал жоқ... Қалған өмір сенімен ғана өтпек.
Ұрқия да көзі мөлдіреп, Ақанға қарап оның сөзін құптағандай жымиып күлді. Тұнық көлдің иіріміндей шұңқырая қалған екі беттен алма-кезек сүйген Ақан:
- Екі беттің шұңқырында екі періште. Қоғадай майысқан әр кірпігіңде бір- бір періште. Өзің де періштесің, жаным,- деп емірене, еркелете құшақтап, жігіттерге белгі берді.- Ал, киініп тысқа шығыңдар. Ұрқия да кебу киімдерін ауыстырсын...
Отты сөндіріп бәрі далаға шыққанда, аспан сызданып, жаумай тұр еді. Тау іші, аспанды торлаған бұлт ауа буланып, бар табиғаттан дымқыл сыз білінеді. Таң алдында шыққа қалың түскен ақ тұман төмен қарай жылжып, етекке тұрып қалыпты. Бурабайдың қазіргі тұрқы Нұх пайғамбардың кемесі, немесе иесіз арал сияқты да, жан-жағы түпсіз тұңғиық топан су сияқты.
Көкшенің басындағы ну орманның арасынан тапаяқ асықтың бауырындай ғана боп көрінген сырғанақ шайтан тасқа көзі түскенде Ақанның тұла бойы түршігіп кетті. Ертерек заманда құдай алдында күнаһар болған жанның үкімін шығарған дін иелері, оны сол тастан лақтырып, жазалайды екен дегенді талай естіген. Оның оң жақ, сол жақ қапталындағы жалаңаш таулардың арса-арса тастары, беттерін әжім басқан кемиек шалдар сияқты. Қайсыбірі көздері үңірейіп, тістері ақсиған бағы заман адамдарының қураған бас сүйегіне де ұқсайды. Қашан келсең көз тоймайтын сұлу Көкшенің қазіргі өңінен адам шошырлық.
Құлагерге мінген Ақан, алыстағы ауыл жағына қарап:
- Апыр-ай, ел жақтың түсі қандай суық еді. Анау бұғып жатқан қараңғы тұманның астында қалың қасірет, мың батпан мұң жатыр-ау. Елге лаң, ерге қайғы салған тоң мойын надандар тағы да сол тұманның астында сойыл сілтесіп, тіл безесіп, майдандасып жатыр-ау.Тым құрмаса бір рет ана қара тұманға тау үстінен, биіктен қарайтын күндері болмағаны ма?.. Ай, сейілер түрі жоқ, не деген ұсқынсыз тұман еді,- деп біраз толқып тұрды да, жігіттермен қоштасты.- Ал, достарым, бауырларым, тілектеріңе, шын жүректеріңе мың да бір рақмет! Сендердей қамқор паналары болмаса, жалғыздың үні де шықпас еді. Неше күн, неше түн ұйқы-күлкісіз дала бейнетін бірге тарттыңдар. Енді, салтанат құрып,
топтанып жүрер жағдай жоқ. Апандай ашылған ажал аузынан аулаққа шығарып тұрсыңдар. Елге оралыңдар, ауылдарыңа бөлек-бөлек жасырын кірерсіңдер. Ұрқия екеуміз үшін жаза тарта көрмеңдер. Тіршілік болса, әлі-ақ көрісерміз. Қарауылға қырын қарар қалың керейдің ішіне кеттім. Онда тиянақ таба алмасам, аспан асты кең, бүкіл үш жүздің жері - менің жерім. Хабарды Шәкейден білерсіңдер. Ал, жол болсын, хош, бауырларым!- деп, Ақан, Ұрқия, Шәкей үшеуі Оқжетпесті бетке алып ылдилап жүріп кетті.
- Жолыңыз болсын, Ақан аға!
- Ылайым, қуанышпен көрісейік.
Күні кеше Сүлейменмен құда түсіп, жылы емеурін көріп көңілі судай тасыған Қорамса баласының төбесінен жай түсіргендей лаңын естігенде қатты шөгіп қалды. Екі күн нәр татпай, күннің амалына қарай ескілігі де ұстап, тас-түйін оранып жатып алған. Қасына отырып, басу айтқан Жаңылға да тіл қатпады, тер ұстап, денесі от боп қызған Қорамса құдалықты кейінге қалдырып созбайға салған Нұртаза, Сүлеймендерге ерегісіп, Ақанға Ұрқияны әдейі өзі алдырғандай іші де өртеніп барады.
Үшінші тәулікте Қорамса орнынан зорға тұрды. Зорлап тұрғызған Нұртазаның поштабай, атшабарлары. «Егер еркіңмен бармасаң, аяқ-қолыңды байлап апарамыз, бұйрық солай»,- деп дікіңдеген соң, өйтіп мазақ болмайын деген Қорамса кейіп жүріп амалсыз киінді:
- Құдай-ай, бала бермедің, басыма пәле берген екенсің ғой. Сақалым ағарғанда тілегенім осы ма еді. Көрсеттің ғой, көрсеттің ғой!..- деп кісесін таға алмай қолы қалтыраған шалына:
- Жарайды енді, болары болды. Сүлейменнің қызын алмады деп құрыстама. Одан да балаларыңның тілеуін тіле. Ана қасқырлардың ортасына барғанда, құйрығыңды шабыңа тығып, панасыз екі пақырды қосыла кінәлап, алдарына жығып берме. Басың кетсе де, басыңды сақта!- деп, Жаңыл ұнжырғасы түскен ерін біраз қайрап жөнелтті.- Мен де соңыңнан барармын...
Аттың жеңіл бүлкегімен ұзақ жүріп, Баялы ауылына Қорамса іңірде жетті. Мөр басқан қағазбен шақыртқан соң жан-жақтан құйылған бек, шонжарлар Мырзалы балаларының қанаттаса қонған ауылдарына бөлініп түскен. Бүгін бәрі Баялы байдың ағаш үйіне бас қосып, жиналған екен.
Үйдің маңы бықырлаған адам, қаз-қатар тізілген айыл-тұрманы бірінен бірі асқан өңшең қабырғалы семіз аттар. Қорамса келгенде үйден кіріп-шығып жүргендер бір-біріне «келді, келділеп», қаралы кісіні көргендей үнсіз бас изесіп, үрейлі көзбен қарсы алды. Бірі мына суық жиынның арты немен тынар екен деп жүректері алып-ұшып, ара түсуге қауқары болмаса да басы-қасында болып қара көрсетейік деп келген жанашырлар, енді бірі аты жиын десе жақсылық па, жамандық па, әйтеуір қызық көрейік деп ұмтылатын далақпайлар, қайсыбірі 160
сойылып жатқан малдан дәм ауыз тиіп қалуға жұтынған өлмеші қарттар мен қатын-қалаш.
Баялының ала көлеңкелеу дағарадай кең үйінде өлік шығаруға дайындалғандай мүлгіп, екеу-екеу боп күңкілдескендер Қорамса кіргенде тына қалған. Жақында ғана жарқылдап сөйлесіп, төс тақасқан құда болмақшы ниеттегі Сүлеймен, Нұртазалардың бетін көруге жүзі шыдамаған Қорамса жасқаншақтанып басын көтере алмай, жұрттың шетін ала отыра кетті.
- Оу, отағасы, ассалаумағалейкүм, - деп орнынан гүрілдей қозғалақтаған біреу сәлемдескенде, Қорамса даусынан таныды. Әлібек батыр екен. Оның артын ала біраз адам жамыраса амандасып жатты: Бекболат би, Сасықтың Тоқсанбайы, Жантайдың Мақаны, Бегалының Кенжеболаты тағы басқа игі жақсылар екенін даусынан шырамытты. Тура қарауға бет жоқ. Сонда да жиынның жарым-жартысы сәлемдескеніне, үндеріне қарағанда іші жылып қоя берді. «Біз саған теріс қарамаспыз» деген шырай байқалады.
Түсте жиналған билер өзді-өзі біраз шарпысып, әлгінде ғана тамақ ішіп алған соң аз тыныстап отыр еді. Қорамса келген соң сөз қайта тірілді. Оязнай Коноваловтың айтуы бойынша билер жиналып, бір сөзге байлам жасауы керек екен. Олардың шешімін Коновалов заң жүзінде орындамақ. Мұнда екі жақтан шығып айтысар би болмағандықтан, бар болыс, билердің сөзіне төрелік айтатын қазық би етіп, орталарынан Көшқұлы Сұрағанды сайлапты. Ең төрде отырған сол. Оның екі жағында Бекболат би мен Көбен би.
Қорамса келген соң, қара бурадай жұлынған Нұртаза тісін қайрай түсіп қайтадан сөйледі.
- Міне, менің жауым келді. Қас жауым. Іргемде жымысқы жүріп жағадан алған жауым,- деп шұйлыққанда, Әлібек шыдай алмады.
- Оу, Нұртаза, сенің келініңді тартып әкеткен Қорамса емес, Ақан cepi емес пе еді. Әй, отағасы, өзің салың суға кетіп неғып отырсың, еңсең неге басылады,- дегенде, Нұртаза жақ бір-біріне қарасып, жөткірініп қалды. Әшейінде көлденең кіріскен адам болса бетінен қауып алатын Нұртаза Әлібекті қағып тастай алмады. Қазір Әлібек Зілғараның ғана Әлібегі емес, батырлығына, сүйегіне сай, арқа тірер аюдай ақырған атығай ішіндегі тегеурінді болыс інісі Ережеп бар, алда келе жатқан болыс сайлауына түсетін Ақбұзау інісі отыр қасында.- Сен де, Нұртаза, жау шаптылап, байбаламдамай не тілейсің, соныңды айтпайсың ба, ішіңді ұрайын!
Шақырусыз келген Әлібекке бата алмай, зығыры қайнаған Нұртаза айылын жиып, сәл баяуласа да, тізгінін тартпады.
- Жау демегенде не дейін. Ертең көрер қызығымды ойрандаса. Талай жыл бұрын ақ адал малдың басын мүжіп, енді бүгін адам басына салып отыр азуды. О заманда бұ заман қайта шапқан жау жаман деуші еді, Ақанның лаңы жетті енді. Ана жылы Сүтекеңе ауыз салып еді. «Жарайды артын күтейік, қояр» деп, ел
болып үнсіз шыдап едік. Шыдамның да шыдамы бар, енді басымызға секіріп болды ғой бұл Ақан. Оны істетіп отырған мына сығыры әкесі Қорамса. Әдейі істетіп отыр. Құтырайын деген екенсің. Жо-оқ, жарандар, бәріңе айтарым сол - Ақанға бобылық жариялатып, ұстату керек. Жердің тесігіне кіріп кеткен жоқ. Сосын ит жеккенге айдату керек. Оған дейінгі сұрарым - Ақан табылғанша әкесін кепілдікке Ояздың қолына тапсыру. Өйтпей тынарым жоқ, жандарал күбернаторға дейін барамын. Аяғым жетеді,- деп көзі аларып барып тоқтады Нұртаза.
- Осы менің түсіне алмай отырған бір нәрсем бар,- деді қаба сақал, қасқа маңдай Жантайдың Мақаны. Бұл - қолы қысқа кедейлеу болса да ел арасында әділ билігімен аты шыққан, аздап өлең шығаратын, бір бет, шақпа тілді ақпа би еді.- Жарайды, Ақанға бобылық жариялатып қашқын, бұзақы ретінде ұстатып ит жеккенге, тескен тау өткізіп, Қырым мен Қытайға, ертегінің барса келмесіне батамызды беріп аттандырайық. Жә, дедік. Сонда Ұрқияға қандай жаза әзірлейміз. Алып келіп аман-есен Әнапияға қосамыз ба? Әлде оны да Ақанмен бірге жөнелтеміз бе, мұрындары үсіп өлсін бәлемдердің, ә? Осыған жауап беріңіздерші. Өзің айтшы, Нұртаза?
Тығырыққа тірелген Нұртаза тап-тақыр жұмыртқадай басын сипап, көмек сұрағандай жан-жағына қарап тамағын қыра жөткірініп еді:
- Ойбай-ау, Ұрқияны тауып алса, қалыңдық берген күйеуіне қоспағанда, саған берер дейсің бе,- деп біреу қиқ етіп күлді. Қорамса жаңа аңғарды, Сүтемгенді сағалап, соның ығында жампаңдап отырған Бақтыбай екен.
- Әрине, Әнапияға қосамыз. Сол да сөз боп па!- деп Нұртаза да жеңілденгендей болды.
- Екінші бір сауалым, Нұртаза, Ақанды ұстатамын деген Қанабалың осы оқиғаның жай-жапсарын, Ақан серінің кім екенін сұрады ма?
- Сен де сұрамасты сұрайды екенсің. Ақан кімнің шікіресі еді, оны сұрап қайтеді Коновалов, оған қылмысты адам болса болды, одан басқа не керек,- деп Сүлеймен кіжіне жауап берді.
Мақан қайтып үндеген жоқ. Кейін сөйлермін дегендей «Ә-ә» деп, миығынан күліп, жалпақ маңдайын сипай берді.
Нұртаза зығыры қайнап, «аузыңа құм құйылып отыр ма» дегендей қасындағы Көбей биге алара қарады. Әшейінде ауыз жаппай ақкөт торғайша шыбжың қағатын ол мына топтың алдында тосыла берген. Ана жылы Сүтемген үйінде Бекболатқа тиісіп, сыбағасын алған жеңілтек бидің қызы Күләйім бетіне салық болған. Қырық рулы ел естіп, ауыздан -ауызға тарап кеткелі Көбей жер дауына араласса да, жесір дауы, қыз дауы дегенде тілі күрмеліп, үнсіз кететін. Бұл жолы Нұртаза әдейі дайындап әкелген соң сөйлемеуге әдді жоқ - аз мүдіріп барып сөйлеп кетті:
- Оу, жамағат, осында жиналған бәріміз де бір-бірімізге бөтендігіміз жоқ, атығай-қарауылдың ұрпақтарымыз. Барды бардай, жоқты жоқтай бөліп -жарып әркімнің өз үлесіне, құдай берген ризығына қиянатымыз жоқ кіндігі бір елміз. Сол себепті осында келгенде ара ағайын боп, бір-бірімізге зәбіріміз болса, зорлық етіп, қорлыққа салсақ біреуді, соған араша түсер ағайындығымызды көрсете келдік. Иә, бүгін арамыздан зорлықшыл, қиянатшыл жан табылып отыр. Қорланған жұрт содан қармыжысын сұрап отыр. Зорлықшыл, сотқар Ақан. Бүкіл атығай- қарауылдың, қала берді Орта жүзді жайлаған ат жетер жердегі арғын, найман, қоңырат, қыпшақ, керей, уақтың бір қызы бұйырмап па. Ылғи ауызды біреудің қалыңдығына салады. Кешегі өзі соғып алған Бірішек сияқты ел арасын бүлдіріп барады. Салмаған таңбасы, батырмаған бармағы қалмады.
Осы бір тұстан ағындап өте шығармын-ау деген Көбеннің ойы болмады, ең қауіптенген зәрәзәп жерден ұстап, гүж етіп Әлібек тура қотырдың бетін тырнап алды.
- Сенің қызыңа да батқан Ақанның бармағы ма еді, байғұс-ай,- дегенде төрдегі Тоқсанбайға дейін шыдай алмай күліп жіберді.
Бұдан әрі Көбей де кібіртіктеп, адымы тарыла берді, беті оттай күйіп, сөзінен жаңылып, не айтып, не қойғанын білмеді.
- Иә, иә... Ақанды жазалау керек. Ол кімнің шікіресі деді жаңа. Иә, сол кімнің шікіресі, кімнің әулиесі?! Басындырмау керек. Ертең оның жолын басқа қуса, бара-бара қазақтығымыздан қаламыз. Елдің салты, атамыздың дәстүрі бұзылмақ. Алдыңғы арба қайдан жүрсе, соңғы арба содан жүреді. Ақан найсап ел ішіне у сеуіп отыр, ертең бар жасымыз сол умен уланады. Бүгін ауыздықтамасаң, ертең тізгіннен айырыласың. Бұл бір кесел, елге деген індет. Оған алдын ала шара қолдану керек. Ауыл шетіне қарғаша салып, өрттей қаулап келе жатқан індеттен сақтану керек. Оның емі - аластау, ағайындар, аластау!
- Дұрыс айтады, дұрыс, бұл кімді бүлдірмеді. Осы күнге дейін құдай қосқан құдам Сүтекеңмен де арамызды ашып қойған Қорамсаның жетпегірі емес пе,- деп ұсақ сөйлеп, тағы бірдеме деуге ұмтыла берген Бақтыбайға Сүтемген қызыл көзімен жаратпай қарап, бірдеме деп зекіп тастады.
Осы тұста Қорамса да басын көтеріп алып зірк етті.
- Аузыңнан бір аталы сөз естімей-ақ кеттік-ау. Қатын-басшыланып саған не жоқ.
Қорамса сөзіне Нұртаза ытырына қалды:
- Мұнда біз сөз таластырып қағысқалы жиналғанымыз жоқ. Әркім өз кесімін айтсын. Тоқа, енді қыз әкесі не дер екен. Кемел тұқымының қалың малын астына басып, қызын қашыртып жіберіп, өзі тасада қалыс қала ма, әлде оның да мына жұрттың алдында берер жауабы, тартар жазасы бар ма?!
Жұрт Тінәліге қарады. Сақал-шашы қара бурыл, отырғанда көбінен мойны ұзын, денесінде арам ет жоқ қағылез, өңі жуас қажы кінәсін мойындай сөйледі.
- Мен не дейін, қызымды қолымнан жөнелткен жоқпын. Әке ризашылығын алмай кеткен қыз, үйден өз бетімен кеткен адам. Өз бетімен кеткен қыз сүйгеніне, өз қалағанына бармақ. Қалағаны Ақан болды. Жасы балиғатқа толмай тұрып атастырып, мал алғаным рас. Пайғамбар жасына келіп өтірік айта алмаймын, бар малымды мұсылманшылық жолына құдайы етіп, қажылыққа құрбан шалғаным рас. Қызым соның бәрін тәрк етіп, көнегімді керегемнің басына іліп кетті. Қайтейін. Ешкімді даттауға да, қарғауға да аузым бармайды. Ондайға әу бастан жоқпын, дау-талас, қырғи қабақтыққа да жоқпын. Әлі бүліне қойған ештеме жоқ... Әнапия Ұрқияны осы күнге дейін көрген емес. Әйтеуір аты Ұрқия демесең, кіші қызым Ұржаным бар. Құдай алдында құдаларыма ант беріп ем. Айтқаным айтқан - Әнапия Ұржанымды алсын,- дегенде жұрт қалың өткінші жауыннан соңғы шайдай ашылған көл бетіндегі дүр сілкінген құстардай болды. «Мынау табылған ақыл», «аталы сөз», «екеуі де бір құрсақтан шыққан - айырма не» деп, гуілдесіп кетті.- Менің тілерім, халқым, жұртым, тыныштық. Егер сол тыныштықты бұзған бір қызым болса, татулыққа әкелер екінші қызым бар. Құдай алдында шыным, сол екеуін бір-бірінен айырмаушы едік. Екеуі де егіз қозыдай... Менің әкелік сөзім осы, жарандар.
Тінәлі Қажыны Мұқанәлі молла бас тарпа бас салды:
- Оу, Тінеке, Кемел тұқымымен құда болған күні періштелер шариғат хақымен сіздің Ұрқияңыздың есімін жазған. Ұржаныңыз өз тілеуі, өз бұйрығы бар мүлдем бөлек фәндә. Адамды алдағанмен, Тәңіріні қалай алдаймыз, Алла тағала өзің кешіре гөр, сұбхан Алла, сұбхан Алла... Және де Ұржаныңыз әлі кәмидәға толған жоқ. Ертең ол жетілгенше тағы біреу оны да ат сауырына салып алып кетсе, Кемел балаларына бұл фәни жалғанда ай қарап отырмақ па? Жоқ, мұныңыз пайғамбар жолына қайшы, күпір, күпір!
- Әй, Мұқанәлі, өзің бір кенек аузыңнан көбік атып, шыбжықай інгендей жұртқа жыныңды шаша береді екенсің, ішіңді ұрайын!- деп Әлібек екі көзі отша жайнап шыға келді.- Сеніңше, немене сонда, Ұрқия Кемел балаларына айшықтап таңба салған жылқы деп отырмысың. Ол қазір Ақанның қатыны. Ал саған керек болса. Әке берем деп отырған уылжыған Ұрқияны қоспағанда, біреудің қатынын әкеп телиін деп пе едің. Сен де мән айтқансисың-ау қ... қысып отырмай!
Әр сөзді ұрдажық бетті Әлібекке батып ешкім ештеме дей алмады. Нұртазаның жақтастары сұрланып, қарсыластар күлімдеп, жымыңдап өзді-өзі күбірлесіп кетті. Ұзақ отырып бір бәтуаға келе алмай тіресіп, әркім әрқалай сөйлеп жатыр. Сөз артын тосып, сөз сыңайын салмақтап отырған Жантайдың Мақаны шықты желпініп.
Әділдікпен аты шыққан Мақан сөйлегенде досы түгілі қасы еріксіз тыңдап, оның ойлылығына, қысылшаң жерден алып шығар тапқырлығына ден қойып, ел арасында көп уақытқа дейін оның кесімі сөз болып жүруші еді. Бұл жолы да жұрт
көптен күткен Мақанның аузына қарасты. Аса діндар болмағанмен қолынан үнемі сары жұмыр тасты таспиғын тастамайтын Мақан жұрт сөйлеген шақта да, саусағының арасымен тартып іштей күбірлеп отырған. Көнетоз бешпентінің түймесін ағытып, ақ сиса көйлегімен суырыла шыққан қасқалдақтай, қоңыр, нұрлы көзі, ойлы күлімдеп, таспиғын кең қалтасына салды да, асықпай ғана жұмсақ үнмен сөйлеп кетті.
- Әлгінде Нұртазаға екі сауал қойдым. Сауалыма болыс көңіліндегі жауабын алдым. Шамданбай, шамырқанбай отырып айтылған жауап жалғыз Нұртазаның емес, шаршы топқа даумен, таласпен түсіп ғәділ кесім іздеп, шындыққа бой ұсынған бүткіл кемел ұрпағының сөзі деп ұқтым. Осы дауға, ел ішінің, ағайын арасының бүлініп, қырғи қабақ болуына екі жас кінәлі. Қызды алып қашқан Ақан ғана емес, оған еріп кеткен қалыңдық та жазықты. Ақан жазаға тартылар болса, сол жазаның екінші басы Ұрқияның үлесі. Оның жазасы, жаңа Нұртаза айтқандай Әнапияға әкеп қосу екен. Оу, жамағат, бұл өзі бұдан он шақты жыл бұрын Ұрқияның сәби кезінде кесілген жаза емес пе. Ендеше Ұрқия ұзатылған күйеуден ғана емес, сол сыбағалы жазадан қашпады ма? Ақан болса – жазалы жанды бауырына басып паналатушы. Егер сол паналатушыны ит жеккенге айдатсақ, соған себеп болған Ұрқияның да ендігі үлесі - сол ит жеккен. Ит жеккен - екі жастың осы тірліктегі жанын өртер тамұқ. Сол тамұқта екеуінің де жаны бірге өртенбек. Оу, ағайын бұл - екі дүниеде бірге боламыз деп ант етісетін қос ғашықтың тілек-арманы емес пе? Онда біз қанша айырғанмен, ол екеуінің сапары, жұбы айырылмасқа, ажырамасқа кеткен екен. Ендеше ол екеуін жазалағаннан түсер пайда, Нұртаза, саған да, Сүлеймен, саған да, Әнапия, саған да жоқ... Екінші сауалым - оязнай туралы еді. «Ақанды ол біліп қайтсын, даудың басын түсініп қайтсын» дейсің Сүлеймен. Онда Қанабалға шағым етіп барғаның, қазақ баласын көзсіз талап алумен бірдей болғаның ғой. Ақанның кім екенін білмей тұрып, сендердің дегендеріңді орындай саламын деген адам тілі, діні жоқ, шүріппесін тартсаң атыла салатын дүлей ақ мылтық қой. Ол ертең, Нұртаза, сені де, Сүлеймен, сені де ойланбай-ақ қан қаптырмасына кім кепіл. Өйткені оның салауатты ойдан, ел тағдырына, қазақ ғұрпына ашитын жаннан жұрдай қанап ал ғой.
- Мақан, орыс ұлығына тиіспей-ақ, өзіміз де жетпейміз бе? Ол сенің ойыншығың емес қой,- деп Нұртаза зіл тастап, сес көрсетті.
- Иә, Нұртаза,- деді Мақан,- менің айтпағым да осы еді. Ол рас, ойыншық емес. Бірақ қазақ қауымы қуыршақ па екен. Бобылық жарияла деп Ақанды елден шыққан сотқар етіп көрсеткенде, сотқарлықтың төркінін іздеп, дініне бағынбаса да, күні соған түскен елінің ортасына келіп ақ пен қараға көзі жетпей ме? Оның орнына билер сотына итеріп, өздерің шеше сал, ар жағын көрермін деп алыстан сес көрсетеді. Билер соты дейтін қазір не қалды. Жапырағынан айырылған селеу - селеу кәрі бұтақтың басында қарқылдаған тозған қара тағандай сөзі де, басы да бірікпейтін бізде енді не қауқар қалды. Әділ билік те түтеленіп барады. Аз жылдың өзінде ел билігі шабағы тозған арбаның доңғалағындай арса -арсасы шықпады ма? Кеше хандығыңды дәріптеп, дәурені өтпей жатып сұлтандықты 165
көтеріп еді, енді бүгін болыс, ауылнай деген құжынаған көп әкім шығыпты. Әкім көбейді дегенше, қақым кетті дей бер. Бір кезде байтақ жерге алғыр қыранша қалықтап қараған сұлтандардың қазір елден де, жерден де жырақ кәрі шыңның ығында мүжілген тұмсығымен өз саңғытын шұқып, жерден тиянақ табар құйрығынан айрылып отырған жоқ па. Ертеңгі күнің не болмақ. Арбаңның доңғалағы бар шабағынан айрылса, күпшегіңмен жер сызып жолың кесіліп, барар жерің қысқарды дей бер.
- Оу, Мақан, бұл арада қазағыңның болашағы емес, екі қашқынның ісі емес пе, қайдағы бір өрен жетпес өрге неге өрмелей бересің,- деп, болыс Шоғырмақ тыйым салып еді.
- Айтсын, айтсын, әй Шоғырмақ, маңқаланбай, тыншыңа отыр,- деп Әлібек те тағы қарсы шапты.- Өтірік пе ана Шыңғыстың, менің ағам Мұсаның қазір бүрге өлтіретін қауқары жоқ. Олардың сұлтандық сесінен мына билердің сөзінен, болыстың тышқан ізіндей басқан мөрі артық, ішіңді ұрайын!
- Өрең жетпеске дейсің, Шоғырмақ, қайдан менің өрем жетсін, өрелі жерлерге сен сияқты өресіз, жетесіздерді қойса,- дегенде, болыс атаулы орындарынан бір қозғалды.- Екі сотқардың ісі дейсің, иә, екі сотқардың ісі, ол екі сотқарың, қазақтың ендігі жасы, келешегі емес пе. Біз Ақан мен Ұрқия ісі емес, бүкіл қазақтың ұлы мен қызының болашағын қарап отырмыз. Ақандай ардагерді місе тұтып, белі қайыспас түгіл, теріс қарап бауыздай салатын Қанабалдарың, ертең бәріңнің ұл-қызыңның ісін өз қолына алғанда не болар екенсің. Асықпа оған да жетесің. Ендеше, әзір билік қолда болса, айтарым сол ауыл арасындағы жесір дауынан гөрі алысқа көз тігетін мезгіл жетті. Ақан болса Ұрқияны Әнапияның жылы қойнынан суық қолымен әкеткен жоқ екен. Ендеше қаз балапанының бір-бірінен айырмасы не? Көрмей Ұрқияға ғашық болған Әнапия Ұржанға да көзсіз мас болатын шағы емес пе. Әке айтқанына тоқталайық. Өнімсіз даудан талас тудырмай, өнімді даудан қалас қалмасақ екен. Даудың бетін жауға бұратын мезгіл жетпеді ме. Қашанғы іштен іздеп, өз інімізді тереңдеп қазып, топырағымызды, көрімізді көбейтіп, өз қоқсығымызды, қордамызды молайта береміз!
Мақанның сөз әлпетінен Әлібектен басқаның бәрі түршікті. Әсіресе Нұртаза үркіп, бұл сөзді әрі қарай тірілткісі, созғысы келмеді.
- Ал намаз уақыты болып қалыпты. Енді әділ билік Сүрекеңде,- деп орнынан тұра берген Нұртаза інілеріне «бері жүріңдер» деген белгі беріп, үшеуі жұрттан бұрын тысқа шығып кетті.
Баялы үйінің ту сырты қалың қызыл. Талай жылдан бері әлі толыспаған бала қайыңдар қабығы мүжіліп мезгілсіз тозып барады. Жаз шыға кей тұсына қаз оты шығып, әр жерден қылтиып шие, бүлдіргеннің жапырағы, шидиген жас шыбықтар бой көрсететін еді. Кейбір ауыл үйдің адамдары, қыз ойнақ салған жастар, көлеңке іздеп үйездеген жылқылар топырлап, арасы тақырланып қалған.
Тамыры тапталған майысқақ қызылдардың жапырақтары да жылдан-жылға сиреп, семіп барады.
Нұртазалар осы қызылдың орта тұсына кеп, бір жамбастай жер сүзе жығылған жіңішке қайыңның үстіне отырды. Әнапия ғана жазықты адамдай мойнынан су кетіп түрегеп тұр. Шоқ іші дымқыл, тастай қараңғы.
- Ал жұрттың сөзін естідіңдер, не дейсіңдер?- деді Нұртаза ашулы үнмен.
- Не дейік, сөздерінің сұрқы жаман. Ана Әлібектер қайдан келген. Ақанды ұстап берер сынай байқамадым,- деді Сүлеймен солғын ғана.
- Оларды ешкім шақырған жоқ. Әдейі келіп отыр. Осы бір тұста бір шалып қалмақ қой ойлары. Бәрінен де әлгі Мақанның сөзін аңғардың ба. Жорта қияс сөйлеп отыр... Даудың бетін қалай аударды.
- Қияс сөйлегенмен Ұржанды аузына алды ғой, көке,- деп Әнапия қаймыға тұрып сөз қосып еді, Нұртаза арс етті:
- Сен немді түсіндің. Ей, сорлы неме, қатыннан да, сөзден де жүрмей мақрұм қаларсың-ау!- деп зекіген Нұртаза, енді Сүлейменге бұрылды.- Мақан ежелгі құйтырқы қу түлкі емес пе. Тілінен май тамыза отырып, оязбен арамызға да май тамызғыны мол тастаған жоқ па. Сөзінің төркіні қандай жаман. Ертең Көкшенің игі жақсылары бас қосып ұлығына тіл тигізіпті дегенді естісе Коновалов маңдайыңнан сипар деймісің. Әдейі жұртты жинап, осындай оғаш сөзді көңірсіткен Нұртаза деп шыға келмесіне кім кепіл. Егер олай бола қалса, қатын түгіл бас қайғының кебін киесің. Коновалов жұрттың аңысын байқап, өз жақтастарыңның аузымен бір шешімге келіңдер, ар жағын өзім орындап беремін деп еді. Енді, сөзді тым ушықтырмай алас-күлес бітіріп, Қорамсадан кек алудың тәсілін ойлау керек.
- Мен де соны ойлап отырмын,- деп кеше қызына құда түсіп, дүйім елге бауырсақтан шашу шашпай, меңдуанадай ащы өсектен шашу шашып масқаралап кеткен Қорамсаға кектенген Сүлеймен де түйіле түсті.
Уыздай Ұржанды естігелі, он беске жаңа толған жас қыздан үміткер Әнапия ағаларының сөзінен үрейленіп, соңғы рет тал қармап қалды.
- Шынында осынша даудың не керегі бар. Маған Ұржан жетеді. Соны алып берсеңдер болады.
- Өй, жасық неме,- деді Нұртаза бетін тыржитып.- Қатынсыз қалармын деймісің. Үш бірдей қатының бар, әзір жерге қарап отырған жоқсың. Шыда. Кейін Ұржанын да, Тыржанын да өзім алып берейін. Қайда кетер дейсің. Қазір оған келіссең жеңілгенің. Жеңілдің дегенше бүкіл атағыңа, атыңа таңба басылды дей бер... Сүлеймен, менімше бұл жолы айлаға айламен әрекет етіп, удың басын умен қайтару қажет. Зәкүнді алға тартып, Қорамсаны тақырға отырту керек. Ол үшін он жылғы қалыңның өсімін даулаған жөн...
- Дұрыс айтасың, менің де ойым осы еді.
- Бәтуә осы болсын.
- Болсын... Сұрағанмен алдын-ала сөйлесіп алайық. Оның да көмейі бар. Арба екеш арба да майласаң жақсы жүреді.
- Жөн сөз...
Шоқ қайыңның ішіндегі бұл бәтуаны ешкім естіген де, сезген де жоқ. Жасырын келісімде болған Әнапия ғана ағаларына тоңтеріс қарап, атына мінген де, іші удай ашып, бетін еліне түзеген.
Қаздың етіндей дәмді, бұзаудың етіндей уылжыған жабағыны таң ата жеген жұрт дуылдаса отырып, ұзақ кеп тартты. Аспанды аунатып түсірердей боп зіркілдеген Нұртазаларды Ұржан арқылы оп-оңай жуасып тез иліктіге жорыған топ даудың артының оңай сұйылғанына бірі қуанып, бірі шоқ-шоқ деп, ішкі пікірлерін іштеріне бүккен. Ендігі күткендері қазық би Сұрағанның елге жария етер белгілі билігі ғана.
Бірақ Нұртаза жуаси отырып сөйлеп, жұрт ойламаған дауды су тезектің түтініндей бықсыта берді.
- Ал, ара ағайын, бәріңнің басыңды қосып, ел бүлігін сыртқа шығармайын, орталарыңа салайын деп мазалағаныма көптен көп кешірім өтініп, мың да бір рақметпен, кішілік етіп алдарыңда басымды иемін,- деп Нұртаза Әлібектерге қарап ізет етті.- Мен қазір ел билеген болыс емес, бұл араға құныкер ретінде, жоғымды жоқтап келген даукермін. Дау иесі бір-ақ жақ. Сондықтан билер алдына қояр тілегімді, соңғы шағымымды тыңдаңыздар: Ұрқия - ежелден келе жатқан ата жолымен, қазақ ғұрпымен, мұсылман ізімен ақ адал қалың беріп Кемел тұқымының нәсіліне қосылған басы байлы адамымыз еді. Қазақ дәстүрін таптап, ел бірлігін лайлап бір суық қол сұғанақтықпен алып кетті. Бұдан асқан қара таңба да, салар жара да жоқ. Туысыңның кеудесін жарып, сөгіп, қолқасын суырып әкетсе, атой сап шапқан ағайынын кіналамассыңдар. Ақанды ұстатып алып, жер аудартып жіберсек оған да күстаналар жан болмас. Бірақ, ел бар, жұрт бар деп жарға тірелгендей тоқтап, аптығымызды амалсыз басып отырған жайымыз өздеріңе мәлім. Ел бірлігін бұзбайын деп сендердің де Ұржанға тоқтағандай сыңайларың бар. Мен де ел бірлігі үшін - соған тоқтадым...
- Дұрыс сөз.
- Жөн сөз.
- Бәсе, бәсе, осылай болса керек еді,- десіп Әлібектер жағы қоғадай жапырылып кетті.
- Бірақ... бірақ...- деп Нұртаза қабақ шытып, сәл бөгеліп қалды...- Қызды алатын мен де, Сүлеймен де емес, Әнапия ғой. Әнапиямен сөйлестік, маңына жуытар емес. Жуытқаны сол, мойнына кісесін салып, елге аттанып кетті. Ол үшін бірге туған бауырымды жазғыра алман. Сүйгені Ұрқия екен, ол бейбаққа Ұржанды зорлықпен қалай тели саларсың. Басқаға жүрсе де, оның қалыңына,
жүрегі қалаған сүйгеніне билігім де, ағалығым да жүрмейді. Екі дүниеде қиянат арқалар жайым жоқ. Сол себепті ендігі қояр шартым мынау: мейлі Ақан-ақ мауқын басып Ұрқияны бауырына бассын. Біз енді адал малымызды қайтарып алмақпыз. Оған адамның да, зәкүннің де қарсылығы жоқ. Тінәліге қолымызбен санап тұрып қырық жетіні байлап-матап бергелі міне табаны күректей он жыл өткен екен. Содан бері ол малды қайда шашты, қайда қойды: несиеге берді ме, ішіп-жеді ме - онда шаруамыз жоқ. Он жыл ішінде жалғыз бұзауды көбейтіп, тері-терсек, жүн-жұрқасымен Қорамсаның байып алғаны өздеріңе мәлім. Қырық жеті бас бір бұзау емес. Есептеп отырсақ - он жылда қырық жеті бас ұлылы- кішілісі бар, елу сегіз мың бір дүз де жиырма сегіз бас болады екен...
- Өйдөйт дерсің!- деп қалды біреу.
- Мынауың бүкіл бір дуанның малы ғой.
- Әй, Нұртаза, он жылда осыншама өссе, сенің малың неғып Көкшенің даласына сыйып жүр,- деп Әлібек шыдай алмай қарқылдап тұрып күлді.- Әлгі қырық жеті малың өңкей ұрғашы табатын не деген асыл тұқымды немелер еді. Сүлеймен, Әнапия үшеуіңнің қатындарың неғып ылғи қыз табады десем, өздерің де малдарыңа тартқан асыл екенсіңдер ғой.
Әлібекпен қатар отырған біраз шонжарлар көздерінен жас аққанша күлді. Әлібек екі иығы селкілдеп, кеңкілдеп күле отырып қара жердей боп тосылып қалған Нұртазаға тағы бір ащы мысқыл айтты:
- Бірақ, байқа, Нұртаза, қанша ұрғашы дегеніңмен олар да айғыр, бұқасыз өспейді. Әлде сенің малың да, жаның да өңшең қызтеке ме еді?!
Лаң іздеп, әдейі соқтыққысы келген адам да бұдан зор ештеме айтпас. Құлақ жарар көп күлкіге тосқауыл бола алмай, қатты үрлеген қуықтай тырсылдап жарыларға жеткен Нұртаза көзін сығырайта қысып, долырып, тісін қайрай берді. Самайынан иегіндегі қою қара сақалына дейін ұстарамен күнде қыратын көк беті тотияйындай талаурап, бүлк-бүлк етеді. Тобылғы сапты сары қамшысын олай бір, бұлай бір жосылта өтетін тұс. Бірақ амал не, алдында аюдай ақырған Әлібек бастаған өңшең шұбар ала жолбарыстар отыр. Қарқылдап күлген сайын өзіне қарай арандай ашылған ауыздардан көрінген ақ азу, сойдақ тістер қазір бас салып дал-дұлын шығаратындай. Ғұмырында тұңғыш көрген масқара қорлығын амалсыз көтеріп, күлкі артын үнсіз тымырайып күтті.