Menu Close

Ақан сері — Сәкен Жүнісов

Аты:Ақан сері
Автор:Сәкен Жүнісов
Жанр:Роман
Баспагер:Жазушы
Жылы:2002
ISBN:5-605-01808-6
Кітап тілі:Қазақ
Жүктеп алу:
VK
Facebook
Telegram
WhatsApp
OK
Twitter

Бетке өту:

Бет - 10


Жамбасқа жайлы мамық төсекке көміле түсіп жатса да бұл түні қонақтар да, үй иелері де ыстық үй тыншу болғандай, аунақшып-дөңбекшіп ұйықтай алмады. Әсіресе Гүлшаһра ұзақ таңды көзімен атырды. Жастыққа басы тиісімен қор ете қалған Нұртаза ғана.

Әшейінде аз ұйықтайтын сергек, құс ұйқы Қорамса мен Сүлеймен таң ата тысқа бір мезгілде шықты. Жеңіл трәшпанға ат жектіріп, шаруасына жүргелі тұрған Сүлеймен Қорамсаның шығатынын білгендей күткен. «Құдалыққа қарсы емес екенімді әзірше емеурінмен білдіріп, күдерін үзбейін» деген оймен, құдасын тез киіндіріп, бірге ала кетті:

  • Талай келіп көре алмай жүр едіңіз, бүгін сәті түскен екен, жүріңіз, байлық көзін көрсетейін.

Аулынан екі шақырымдай жердегі қалың қарағайды айнала бергенде күн шыққан. Қорамса өз көзіне өзі сенбей таңырқап келеді. Кішігірім бір көлдің аумағындай қалың қарағай бауырында тізілген жүз қаралы үй Қызылжардың ой қаласы сияқты. Жатаған жер үйлер тегі шымнан қаланған болса керек, терезелері жермен-жексен, табалдырық астынан басын жартылай шығарып сығалаған мысықтың жаңа көзін аша бастаған қызыл-шақа балаларындай жыртиып әрең көрінеді. Сыртын май балшықпен сылаған қараша үйлер күзгі жауыннан зәрезап болғандай құнысып, мықшиған көпей күшіктер сияқты. Ауыл шетінде ұзындығы

ат шаптырым, қызыл шатырлы үйді көргенде, аты шулы сиыр қорасы осы екен ғой деді Қорамса. Сол қораның алдынан табын-табын боп шыққан мал да өріске қарай ұзай берді. Сүлеймен құдасын әдейі осында әкелді. Сиыр, өгіз, торпақтар қора алдындағы кең алаңда күзге дейін жатады да, қыс түсе қораға кіреді екен. Қора іші адам айтқысыз. Бөлек-бөлек қоянның жымындай ғып, су ағарымен салған асты тақтайлы мал қора тап-тұйнақтай. Сиыр сауып, шелек-шелек сүт көтерген келіншектер иіліп сәлем беріп, анадайдан-ақ жол кеспей күтіп тұрған. Сүлеймен олардың сәлеміне жауап қатқан жоқ.

Мал қорадан арман тағы бір ағаш үй тұр екен. Жақындай бергенде гүрс-гүрс соғылған үннен құлақ тұнады. Қорамса үйге бас сұққанда бір-ақ түсінді: қаз-қатар тізілген өңшең бойжеткен қара домалақ қыздар білектерін түрініп алып, піспе пісіп жатыр.

  • Бүгінгі май - соңғы бөшкенің сыбағасы. Ертең кірешілер Шеләбіге тартады,- деді Сүлеймен.

Ол үйден әрі екі жүз қадамдай жерге биік ашалар тұрғызып шатырмен жапқан. Жиегінде су ағар. Шатыр асты десте-десте қаланған жылқының, қара малдың, қой-ешкінің терілері, тай-тай ғып буған үйдей-үйдей жүн-жұрқа.

  • Бұлар Қызылжарға өткізгеннен қалған жүн, терілер,- деді Сүлеймен. Сонау қара шым үйлердегі жатақтардың тері илеуші, мал бағушы, сиыр сауып, піспе пісуші, ел ақтап тері жинаушы, күз шөп шабушы, отын тасушы, мал жайлаушы малайлар екенін Қорамса сонда түсінді. Қаңсымасын деп ернеуіне дейін шүпілдете су құйған кісі бойындай төрт шенді ағаш бөшкелер. Жаңағы шатыр астында, шет жағында, адам айтқысыз мал сүйегі үюлі жатыр.
  • Мұны неге жинағансыңдар,- деді Қорамса сүйек жайын топшыласа да анықтай түсейін дегендей.
  • Қореке, жалқау қазағым тоқпақ жіліктің кемігінен басқа сүйекті далаға шашып, қыруар дүниені ысырап етіп жүрген жоқ па. Бұл - Омбының сабын былғайтын заводына май боп кететін саудыраған тегін сүйек, сылдыраған қалта- қалта сөлкебай.
  • Иә, иә, айтқандай солай екен ғой. Баяғыда бір жұт жылы ел осы сүйек майын қара көжеге қатық етіп, жан сақтаған.

Бұдан әрі қалың қарағайдың бауырына сұғындыра ағаштан қиып салған көш құлаш үйдің жармысы тұр. Ортасын шым-шытырық бөле берген. Үйдің табанын Қызылжар, Омбы көпестерінің үйіндей таспен көтеріп өрген.

  • Үй қалаушылар қазір шөп тасуда жүр. Ана маяны көрдіңіз бе?-деді Сүлеймен оң қолдағы ағаш арасын көрсетіп. Бағанағы қызыл қайыңның ішіне үйген екі мая шөп ұланғайыр. Маңында қос-қостан атан түйедей биік өгіздерді жеккен көп көк арбалылар, айыр, бастырық, арқандарын салып, шөп тартуға жүрмек боп жатыр.- Биыл бұл үйді бітіре алмайын деп тұрмын. Амандық болса, көктем шыға қауырт қолға алып жіберсек, бір-екі айда дайын болғалы тұр.

Омбыдан әкелген мәскүрлерім бар еді, олар да көктемге келмек боп уәделесіп кетті. Ал бұл не үй дейсіз ғой. Жүріңіз, енді ішін аралайық,- деп есіктерге қалдырған ашық орындардан кіріп, алға бастады.

  • Мынау - май айыратын бөлме. Піспе майын қанша сорғытқанмен базарда арзанға кетеді. Қаланың қу саудагерлеріне берсең, сіресіп су тегін алады. Үш бөшке ақ майың бір бөшке шыртылдақтың құнына тұрмайды. Қыстай сауылатын төрт жүз сиырдың, жыл бойы сойылып жататын қойдың іш майын айырмасаң қайда сақтайсың. Мына бір бөлме тері тұздап, илейтін, кептіретін жер... Бері жүріңіз. Ал мына бөлменің сыры бөлек. Мына пеш орындарын көрдіңіз бе, мұнда тай қазандар тұрады. Омбы, Қызылжарда орыс -татарлардың қыста киетін ұйық сияқты киіз байпақтарын көргеніңіз бар ма? Оны пима дейді екен. Қазақ баласы әлі киіп көрмеген зат. Бұл - сол пима басатын орын. Жарты жылдай Қызылжардың бір-екі татарын ұстасам, киіз басып үйренген жігіттеріміз, қалыпқа салып өздері-ақ ертең мәскүрленіп алады. Сонда бұл ғұмыр бойы пайданы шаш- етектен келтіретін көнермейтін кәсіп болмақ. Қарағайдай жылы пимаға дәнігіп алса, ел қазақтарына мұның біреуін бір қойға бермейсің. Шығыны да аз - құдайға шүкір қазақ жерінде жүннен көп неме жоқ... Бері жүріңіз. Енді мына бөлме – дүкен. Мұнда татар мәлішшілері әкеліп бұлдап сататын айна-тарақ, қасық, ожау сияқты көр-жер, керек-жарақтар, маталар тұрады. Есіңізде ме - ана жылдары қатарымен екі-үш жылда Фахруддин дейтін татар мәлішшісі күзде келіп, екі жәшік айна-тараққа екі-үш мая жүн жинап әкеткені. Не деген тегін байлық десеңізші. Ел байлығын сыртқа төккенше, өзіміз пайдалансақ болмай ма. Ел жарықтық тегенедей май құйрық, батпан құйрық, жапан түзде теп -тегін жатқан құйрық емес пе, тек, борсықтай сора біл,- деп Сүлеймен бүгін құты түсіп, байлық көзінің біраз құпиясын ақтарды.- Ал мына ең шеткі пешсіз бөлме - ұн қоймасы. Қар түсісімен Омбыдан, Қызылжардан қыс бойы кіре тартып, ұн жинайтын кәсібім бар. Ертең - жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы - ұзын сары келгенде, ұнның бір пұлы - бір жылқы, бір қадағы - бір қой.

Қорамса бұрын сырттай естісе де, енді Сүлейменнің пайда табар шым - шытырық жолдарын өз көзімен көріп, құлағымен естігенде шын таңырқады:

  • Е-е, біздің саудамыз әшейін баланың ойыншығы екен ғой. Апырмай, осының бәріне жете беретін не деген ми!
  • Отағасы-ау, ақша көздің құрты емес пе. Бір құнықса бұл жарықтықтың қат-қабат жолдарын адам баласы көзсіз-ақ көкірегімен сипалап табатын көрінеді ғой.

Сүлейменнің көп саудагерлер арасында шәһарде тұрмай, шашылып жатқан тегін байлықтың ортасында - қалың елдің ішінде тұратын себебін Қорамса жаңа ұққандай.

- Сіздің жасыңыз біразға кеп қалды ғой, Қореке. Сізді қажытатын шаруа ғой бұл. Ана Ақан сері балаңыз ақылды, алғыр жігіт деп естимін. Пайдасыз ән салып, сауық қуғанша, мына заманға қарай бар ақылын саудаға салса, лезде игеріп-ақ

кетер еді. Менің қасымда бірер жыл болса, алдына жан салмайтын, миллионды уыстап шашатын, деген көпестің өзі болар еді. Өзі орысша, татаршаға да жетік дейді ғой. Шіркін, тілінен де, қолынан да келетін ондай жігіттер, орыс, татар саудагерлерінің бөркін теріс айналдырар еді,- деп арбаға отырған соң, Сүлеймен болашақ күйеуіне, «болар еді, тұрар еді» еділеп, көп үміт артып, ауылға қайта бұрылды.

Жолда түндегі әңгімені қысқа ғана қайырып:

– Қореке, ана Нұртазаның мінезі доғал, тентектеу ғой. Жеңгей екеуі де шәлкем-шалыс боп қалды. Бұл жолы олардың көзінше әңгімені қайта тірілтпей-ақ қояйық. Ұл иесі сіз де, қыз иесі менмін ғой. Жақын арада тағы бір айналып соғарсыздар. Жеке отырып, өзімізше тон пішейік,- деп сөзді осымен доғарды...

Со күні ертеңгі астан соң, Қорамсалар да жүріп кетті.

Ауылдан ұзай бере-ақ Жаңылдың Қорамсаға айтқаны мынау болды:

– Қыздың түркіні қолайлы-ақ-ау. Бірақ қалыңдығынан шошиын дедім. Алдың-дұлдыңдау екен...

– Біреудің әлпештеген қызы емес пе, еркелігі бар шығар.

– Еркелігі ештеме етпес-ау, бір келіннің еркелігіне жарылып кетпеспіз. Тіпті өңі, жобасы келіспеген екен. Қоянның бойын көріп, қалжасынан түңілдім. Көрерсің – Ақан оған пысқырып та қарамайды. Екі ортада біз ұятты боламыз әлі. Несіне осынша асыға қалдың...

Бұлар ауылдан ұзай бере-ақ Наушарбан да Сүлейменді шаужайдан алған.

– Осы сен де әйтеуір бұлданбайтын жерде шірене қаласың. Баланың бағын байлайын деп пе ең. Ақан дегенде өліп тұр қызың. Ана сері жігіт мұны естісе, ерегісіп, енді қайтып жоламауы да кәдік. Оның үстіне шешесінің сөзі де ұнамады. Ол да байын айныта салуға бар.

– Пішту дерсің. Қорамса айнитындай кім деп тұрсың. Баласымен келісіп, шегелеп келген адам, енді мазаңды күнде алмасын де. Кішкене шалқая түсейін, тегін жатқан бала жоқ... Бірақ мен де оншама кеудесінен итергенім жоқ. Үміткер етіп жібердім.

– Ай, қайдам, он жақта ұзақ отырып қалған бір қыз: «Қашан шымылдық ішінде отырып күйеудің білегінен ұстағанша сенбеймін» депті ғой...

Ел құлағы елу дегендей, қайдан естігенін кім білсін, сол күні-ақ Сүлеймен ауылында, одан көрші ауылдарда Қорамса мен Сүлеймен құда болыпты деген сөз де дүңк ете қалды.

2

Күн нөсерлетіп құя-құя салды да, тасырлата өткен жауын ұзай берді. Қарсы беттен соққан салқын жел алқымы іскен қара бұлтты тағы да айдап келеді.

Дымқыл тоғай шулап тұр. Үстінен төнген қалың жаңбырдың қанаты тағы да суылдап келеді.

Кержалқау күрең биеге мінген Сұлтанмұраттың үсті малмандай. Қанжығадағы қос түйіншек пен қоржындағы омырылмалы домбырасын қымтай береді.

Өңменнен өтер қара жел жұқа шапанның өңірінен кіріп, тұла бойын аралап, қалтыратып жіберді. Жамаулы жұқа көйлек қоңылтақсып, пана болудан қалды. Жауын өткен сайын етегіне дейін суланып, денесіне жабыса түседі. Қазір Сұлтанмұраттың үстіндегі бар лыпа жауыннан қоруыш емес, дене тітіркентер көп көлбақаның дымқыл терісінен тіккен жиіркенішті жабысқақ бірдеме сияқты.

Мана алдан жалғыз жолаушы көрінген. Биік доңғалақтары қисалаңдаған шиқылдауық екі аяқ қазақ арбадағы суық торғайша бүріскен адам жеткізер емес. Ұзап та кетпейді. Артына қайырылып мойын да бұрмайды. Ағаш арасындағы үш аяқты бұралаң ескі сүрлеумен бірде көрініп, бірде көрінбей жай аяңдап барады.

Сұлтанмұрат мына үңірейген салқын далада жалғыз жолаушыны ес көріп, жол қысқартпаққа қуып жеткісі келіп еді, онысы болмады. Қанша бүйірлесе де, аяғын кібіртіктеп үнемдеп басқан мес қарын қулық бие ширығар емес. Иесі ашуланып қос өкпесіне екі өкшесін қадай тебініп, қамшы басса, тоңқ-тоңқ бүлкектей беріп, күрт аяңға түседі. Тағы бір ащы қамшы сауырына тиіп еді, құйрығын шыбжың еткізіп, артын көтеріп, мөңкіп қалды. Бұдан әрмән қайран болмасын білген жігіт, енді аяқ артар сыралғы жалғыз көлігінің әдетіне көндігіп, қанша ұмтылса да адымын аштырмай қажытқан қулық биедей ту кедейлігін есіне алып, мұңайып, өз ойын еркін серік етті.

Сұлтанмұрат - Қантай аулының жатағы Байбосынның жалғыз ұлы. Жасынан домбыра тартып, ән салып шаруаға мойын бұрмай еркін өскен бір үйдің еркесі. Жасы жиырмадан асқанша ата-анадан қырын қабақ көрмей өз бетінше сауық құрып, Ақан сияқты атақты серіге еріп, ел аралап, жұрт танып жүрген әнші еді, бір-ақ жылдың ішінде ол заман келмеске кеткендей болды. Былтыр көктемде көптен дімкәс анасы көкірек ауруынан дүние салды. Аурулы-сырқаулы болса да, ілініп-салынып жүріп аз дүниені берекелі ұстаған шеше кетісімен, жып-жылы ұядай шағын жер кепені ұлыған суық кернеп, азынап сала берді. Бір уыс жұтаң шаруасын жалғыз өзі түйіртпектеп, әнші баласына салмақ салмай бетінен қақпаған әке де қабағы кірбің тартып, кейінгі кезде кіді мінездер шығарар халге жетті. Ауыл аралап, қыз қуып, ән салып құр салпақпен айлап жүретін Сұлтанмұрат үйге оралғанда, ағаш жонып, айыл-тұрман жасап кәсіп ететін әкенің шүйкедей боп тұқыраңдап, қазандық аузында отырған күйкі жайын көріп іші ашиды. Бұрын жайраңдап үйге енгенде, ыңылдап ән салып, масайрап қарсы алатын әкенің енді көңілді жүзін емес, қатпар-қатпар әжім басқан қайғылы желкесін ғана көретін күйге ұшырады. Бұрын қарны ашып, арсалаңдап жеткенде шешесі қойған жылы-жұмсақ буы бұрқырап алдына келуші еді, енді қақпағы сүйеулі жамаулы қара қазанның ішінен темір қырғыштан басқа ештеме көре алмай әлем тапырық ішін жылан жалағандай болады. Бұған әке кінәлі ма? Әйелсіз 143

үйдің берекесін алмай орнықты біреуді кіргізе қоюға - даяр тұрған кім бар?! Үйсіз-күйсіз, баласыз бір бейбақты әкелсе - жер ортасы жасқа жеткенде сыр алмаған жат адаммен табысып, үйлесіп кете қойса жақсы. Соңында шүпірлеген бір қора баласымен шұбыртып байсыз қалған бір жесірді әкелсе - біреудің жетім- жесірлерінің бабы табыла қойса жақсы? Ал, сонда, бұған кінәлі Сұлтанмұрат па? Әкенің кір-қоңын жуып, шешеден қалған аз дүниені ықтияттап ұстайтын бір шүйкебас алатын кез жетті. Бірақ оны кім беріп тұр. Қай қазақ қалыңсыз қыз берген. Айналасы бір-екі қара, төрт-бес ұсақ тұяқты қалыңға бергенде, одан кейінгі күйлері не болмақ. Тағдыр салмағына көніп, елдегі ең бір бағы ашылмаған сормаңдай ақсақ-тоқсақ біреуді қалыңсыз ала қойғанмен жүрегі құрғыр тыным тапса жақсы. Әйел қолыңа жылы су құятын басыбайлы күң емес, қойныңа жылы нұр құятын асыл жар емес пе?!

Міне, табаны жалпақ екінші жылға ауып барады, бір үйдегі әке мен бала - екі бойдақ - екі жетім. Салт басты сомаладай екі еркектің тапқан-таянғанын да береке жоқ. Бұрын жалғыз ердің тапқаны қалай жеткен? Әйел - үйдің қазығы екен ғой шіркін. Қазықсыз үй жел айдаған қаңбақтай. Сәл жел тұрса-ақ сықырлап, қалтырап, дауыл соқса домалай жөнелетін қуыс кеуек. Әке күйін қабағынан, үй күйін қазандығынан аңғарған есті жігіт бұрынғы сауықты бос селтеңбайлық деп, енді кәсіпке айналдырған. Бүгін Қызылжар бетіндегі қалың атығайды бір жұма аралап, ән салып, азбыншы олжамен оралған беті.

Көп ойдың шырмауынан шыға алмай салы суға кетіп, әрі қалтырап тоңып келе жатқан Сұлтанмұрат қалың тоғайдың қалтарысында тұрған арбалыға қалай жеткенін де білмей қалды. Бұл ара ық екен. Жолдан бұрылып шыққан арық ат, желқом қамыты мойнына кетіп, ағаш бауырындағы биік қалың шөпте ауыздығымен оттап тұр. Жолаушы - әйел. Ескі текеметке ораған бір бума теңнің үстінде мойны салбырап үнсіз отыр. Қолындағы делбесі жерге шұбатыла түскен. Сұлтанмұрат сияқты бұл да терең ойда. Ештеме сезер емес.

Әнші жігіт өз көзіне өзі сенерін де, сенбесін де білмей мүдіріп, ұзақ тұрды да, әлден уақытта барып:

  • Қадиша,- дегенде, көнетоз жібек шадымен шымқанған әйел селк етіп, басын көтеріп алды.
  • Жаным-ау, сен шын Қадишамысың?!

«Жаным-ау» деген жылы сөзді естігенде өзі көңілі босап келе жатқан әйелдің аялы сұлу көзінен жас парлап қоя берді. Бетін жуған көз жасы екенін де, жауын суы екенін де аңғармаған Сұлтанмұрат атынан қарғып түсіп, үсті-үстіне сұрақты жаудырып, сөйлей берді.

  • Иә, жол болсын! Бұл не жүріс жападан-жалғыз? Қай жаққа барасың? Атың болдырып қалған ба? Бай аты да болдырады екен-ау! Күн ұзақ өзіңді әрең қуып жеттім ғой.

Көзі жасқа толған Қадиша қайғылы жүзін бұрып, шалысының шетімен жасын сүртті.

  • Жаным-ау, өзің... өзің жылап отырғаннан саумысың?! Мен... әшейін байқамай... Не болды, Қадиша?

Қадиша әлі де үндемеді.

Сұлтанмұрат одан сайын бәйек болды. Аттың делбесін көтеріп, көтермесін, қамыттың сұпынын тартып көріп, сөйлеп жүр:

  • Қадиша, қай жаққа барасың? Кәне, бірге жүрейік,- деп, аттың шылбырынан тартып, жолға түсірді.

Жалғыз өзі жолға шыққан бай әйелінің мына жүрісі жұмбақ көрінген Сұлтанмұрат енді не айтарын білмей жанамалай беріп еді.

  • Қайда бара жатқанымды өзім де білмеймін,- деді Қадиша күрсініп.
  • Не дейсің, не дедің,- деп қатарласа құлақ тосқан Сұлтанмұрат бұрынғыдан бетер қайран.

Ақтоқты Жалмұқанға кеткелі бақандай екі жылға таянды. Содан бері қайтып еліне ат ізін салған жоқ. Келіні табалдырық аттағалы Сүтемген құдалық ырымын жасамақ түгіл, Бақтыбаймен жүз көрісіп сәлемдескен емес. Өздері елеп шақырмаған соң, Бақтыбайлар да біраз уақыт өкпелі боп үнсіз жатып алып еді, қыз алған жақ одан сайын тоң-теріс сыртын беріп, қарым-қатынасты біржола үзді. Сүтемгенге күш көрсетер Бақтыбайда шама қайда? Ағайынды үшеу тек өзді-өзі жұлқысып, бәрі ашуын тырнадан аладының керімен көп уақытқа дейін жақ-жақ боп жүрді. Ақыры бірі «қыз жат-жұртқа жаралған кісі адамы» деп өзіне басу айтып, енді бірі «Ақтоқты шіріген жұмыртқа болды» деп ызасын ішке бүкті.

Бірақ «екі ортада шыбын өледінің» кері Қадишаға келді. Бұрын да қит етсе шамырқанып, бетінен түгі шығатын Тастан жас тоқалды мүлдем тізгіндеп алған. «Отырса опақ, тұрса сопақ» деп, өзінің мазағы аздай, соңына екі бәйбішесін салып қойды.

Биыл ескі жайлауға шыққалы Қадиша тірі жанның жүзін көрмей өзіне тігілген шағын боз үйде іш құса боп өлетін халге жеткен. Не сырттан, не іштен ешкім қатынамайды. Не үй ішінде ермек етер бауырына басқан баласы жоқ. Анда- санда бәйбішелер орап жіберген тамақты талшық етіп, күнде егіліп жылаумен күні өтіп барады.

Кеше өз өзінен шиыршық атып, «бүйтіп басыла бергенше ел -жұрттың бетін көрейін» деп, сергігісі кеп жадағай арбамен көрші ауылға шілдеханаға кетіп бара жатқан Құлмақтарға ілескен. Түні бойы думандатқан жастармен отырып, ұмытыла бастаған әндерін еске алып, көңілі бір жадырағандай болған Қадиша таң алдында Құлмақтың жас келіншегімен қойындасып жатып, мызғып алған да, ертеңіне еліне оралған.

Жолай Құлмақтардың арбасынан түсіп қалған Қадиша үйінің алдына келгенде жүрегі су етті. Жарма есіктің шығыршығына байлаған ала жіп шешілген. Анадай жерде жатыр. Түндікті жауып кеткен еді. Оны біреу ашыпты. Қара желге жалп-жалп етіп, шаңырақты сабалайды. Түндік бау бос жатыр.

Қадиша өз үйінен қорықпаса да әлденеден жүрегі секем алып, есікті баяу ғана сықырлатып ашып, әуелі басын сұқты. Қара көлеңке үй ішінде отырған ақ жаулықты екеуді көргенде шошып кетті. Сайтан ба, адам ба? Қадиша басын тартып алып сырттан үн қатты:

- Кім бар үйде?

Ешкім іштен тіл қатқан жоқ. Құлағын есікке таяп аз уақыт тың тыңдап еді, біреу күрк етіп жөтелді. Тастанның жөтелісі. Қадишаның іші мұздап қоя берді. Бір сұмдықтың боларын сезген ол, енді батыл басып үйге кірді. Оң жақта төсеніш үстінде тізелерін құшақтап, қақшиған қалпы екі бәйбіше отыр. Қат-қабат көрпелердің белін майыстыра түсіп көмілген Тастан сүйекті ағаш төсектен екі аяғын салбыратып жіберген. Белі құнысып, түнеріп алған.

Ешкім бір ауыз тіл қатқан жоқ. Бұл - Қадишаның жынына тиді.

Бұл не «жым-жырт» ойнағандай?!- деп қайда өтерін білмей босағада тұрып қалған Қадиша айнала шолып, ашумен қарады.

Үлкен бәйбіше бойына жаңа ғана жан біткендей, толық денесімен ырғала бір қозғалды да:

— Біз жым-жырт ойнамағалы қашан, қыз ойнақ қуып жүрген сен болмасаң, - деп Тастанға көзінің астымен бір қарап қалды.

— Еһ, үйде омалып отырсаңдар жым-жырт түгілі, көрге түк көрмей кірерсіңдер,- деп үлкен шайқастың боларын сезген Қадиша не де болса тайсалмай, ашық кетті.

— Сен секілді салт басты бедеу емеспіз селтеңдеп ел ақтайтын. Бағып отырған баламыз, күтіп отырған байымыз бар, құдайға шүкір,- деп екінші бәйбіше іліп түсті.

— Қызғанғандарың сол байларың болса, бердім сендерге!- деп қалай аузынан шығып кеткенін білмеген Қадиша тысқа бұрыла берді.

Осы кезде Тастан басын көтеріп алып:

— Қайда болдың түні бойы?!- деді қарлыққан зілді үнмен.

— Болдым ғой әйтеуір бір жерде.

— Ана бүлікшіл Ақан тағы да қыз алып қашыпты, тағы да сен шығарып берген шығарсың?!

  • Ақан сені неғып тастап кеткен?!- деп қос бәйбіше қосарлана сөйлегенде, Қадишаның үстіне жай оғы түскендей боп, теңселіп кетті. Бойын тез жиып алып, оқты көзін қадаған Қадиша:
  • Әттең, Ақан сері алмайды ғой, біреудің қалған-құтқанын қайтсын. Әйтпесе бұл үйдің төрінде жатқанша, серінің босағасында өлуге бақыл болар ем,- деп теріс айналып, есікті аша беріп еді, қос бұрымынан жұлынып, ұршықша үйіріліп барып қалай төрге мұрттай ұшқанын білмей қалды. Сол-ақ екен Тастанның бұзау бас етігі ішке, арқаға жауып кетті. Басын қорғаштай берген Қадиша көзі қарауытып, созыла берді. Кедейлігін, осында келіп байлыққа күп ете түсіп құтырғанын, күні-түні суық жүріс жасап сайқалсуын айтып, асты-үстін түгел қазған Тастанның балағат сөздерін де түгел ести алмады. Құлағы шыңылдап, есі ауа берді.

Содан түс ауа көзін ашқан. Үйде Тастан мен үлкен бәйбіше ғана отыр екен. Қадишаның тұла бойы көтертпейді. Үнсіз түнерген екеуге білдірмей орнынан тұрды. Бәйбіше алдында жатқан Қадишаның киім-кешегін лақтырып жіберді:

  • Мә, ки мына кебіндеріңді.
  • Сосын шық осы үйден құтты қонысымды лайламай!- деп Тастан зірк етті.
  • Далада ат-арба тұр. Қидым саған. Төркініңнен әкелген шоқпыттарың буулы жатыр. Бір сабақ жібің керек емес. Батыр қараңды. Қайда барсаң ерік өзіңде. Төркініңе барамысың, әшнажайыңа барамысың, енді боссың, талақ! Талақ еттім, зән талақ!

Қадиша тез киініп алды да, түк сыр білдірмей ширақ басып, үнсіз тысқа шықты. Есік алдында екі аяқ арбаға жегілген арық ат мөлиіп тұр. Қара суықта қолтығы дір-дір етеді. Қадиша да табалдырықты аттай бере қалтырап, арбаға сүйретіліп зорға мінді...

Бар болғаны осы. Қадиша қасында отырған Сұлтанмұратқа бәрін бүкпесіз айтып берді.

  • Енді, сұрастырып отырып жол табармын, еліме барамын. Қорлық, мазақ арқалап барамын. Қайтып келді деп жұрт әке-шешемнің де бетіне салық қылар. Қайтем. Жазу осылай болды. Бірақ, титтей де ренжімеймін. Ата-ананың айтқанынан шыға алмай амалсыз қолға түсіп ем, ол тұңғиықтан ғұмыры өлмей шығам деген ой жоқ еді. Енді аяқ астынан құтылғаныма құдай алдында ризамын. Сұлтанмұрат,- деп жасты көзін көтергенде, жанары жайнап, жүзіне қайтадан күлкі ойнағандай болды.

Сұлтанмұратта жадырап:

  • Жол таба алмаймын деп қорықпа. Екеулеп шықсақ, адаспаспыз, әуелі біздің үйге барайық, тынығып ал, төркінге бару қашпас,- деп аттың басын Қантай аулына бұрды...

Байбосын кешке дейін төрт ешкісін іздеп әуре-сарсаңға түсіп, табанынан тозды. Таңертеңнен бері ала жауын көктем жауынындай анда-санда төпеп кетіп, жиі ашылып тұрған аспан түс ауа тұтасып алған. Аспанда жөңкілген қарала - торала бұлт алаботаның түтініндей аунақшып, ауыл үстін бауырымен сыза көшіп жатыр. Жел қиыстай-қиыстай келіп терістікке бұрылған да, жел ызғар шашып көшкен бұлтты қайта ықсыра айдаған. Бүкіл ғаламның сұр бұлты қазір тек Қантай аулының үстінде ғана сияқты. Өткір желмен қоса қара жауын соғып тұр.

Басына киген күләпәрәдан аққан су иығынан сорғалап, жыртық шекпеннің етегінен құйылып келеді. Күздің соңғы өрісінен қайтқан малын іздеген ауыл адамдарынан сұрастыра жүріп, ақыры көз байлана Аю алған жұртынан төрт ешкісін тауып алды. Жаз бойы лақтары емшектерін созбайлап тартқан ешкілер жақында ғана суалып, аса қоңдана алмаған. Қара жүндерінен шөмеле үстінен жорғалағандай су тамшылап, иесіз қораның ығында бүрісіп, біріне-бірі жабысып тұр екен. Байбосын тауып алғанда қуанғанмен, айдауға көнбей ыға берген ешкілерді енді ұрсып келеді. Өмірі аузынан қатты сөз шықпаған момын адам әбден зығырданы қайнап:

  • Ой, кебенек келгірлер, сорға біткен сорлы мал. Құйрықтарың шошаңдап не іздеп келдіңдер бұл жаққа. Аяқтарыңды көктен келтіріп, тегіс сойып алайын ба? Бәрібір жарылқанып жатқаным жоқ. Жеті атаңның аузын ұрайын, қу өмір, бірде адамға бетін, бірде сыртын береді деуші еді. Бетіңді берер күнің болмағаны ма. Шек былай, топалаң келгірлер, шек, шек,- деп зекіп, қараңғы түсе үйіне зорға жетті.

Жол бойы тұра-тұра қашып, бой бермеген төрт ешкіні қақпайлап жүгіріп, әбден өкпесі өшіп, сілесі қатқан Байбосын қораға енсе, өрістен қайтқан кәрі қызыл қасқа сиыр есікті мүйізімен жасқап қораға өзі кірген екен. Ашаға байлаулы бұзауының қасына теңкие түсіп, пыс-пыс күйіс қайырып жатыр.

Байбосын үйге кіріп үстіндегі шылқылдаған шекпенін босағаға іле салды да, қолқылдаған кең шапанын киіп, май шам алып қараңғы қораға қайта шықты.

Қасқа сиыр жалғыз болғанына қарай - сүтті, қанша қартайғанша әлі сүтінің маңызы кемімеген. Күзгі кезде желіні бұтына сыймай, жарылардай боп талтаңдап, емшегінен сүті ағып зорға жетеді. Осы үйдің жалғыз құты осы. Байбосын тісі- тісіне тимей дірілдеп тоңса да желіні айырылып кетер деп сиырын аяп, сауып алмақшы болды. Шамды қаңсыған ескі кебеженің үстіне қойып, сиырының сауырынан қағып еді, пысылдап орнынан тұрар емес. Тағы қақты. Сиыр ыңыранып, күйіс қайырып жата берді. Сол кезде ала көлеңке сәуледен бұзауға көзі түскен Байбосын сілейіп тұрып қалды. Әшейінде ағаш шелекті көргенде енесінің алғашқы иіндісін борпылдатып сорғанша асығатын бұзау ашаны шырқ айналып бас жібін ағытқанша аласұрушы еді. Қазір ол мінез жоқ. Маңғазданып, ол да енесіндей күйіс қайырып, тапжылмай жатыр. Аузынан бұрқ-бұрқ ақ көбік ағады.

  • Қап, әттеген-ай,- деп қапаланған Байбосын қасқа сиырды алақанымен сартылдатып ұрып-ұрып жіберді. Бір-екі изеңдеп барып орнынан ауыр тұрған сиыр иесіне жазықтымын дегендей көгілдір көзі жалтылдап, мойнын бұрып ыңыранды. Желге үрлеген қуықтай тырсылдап тұратын әжімсіз желін жаңа сойған жылқының жалбыршақ қарынындай қатпар-қатпар боп солып қалған. Күзге қарай кіші-гірім тайыншадай болып, бұла өскен сом бұзау енесіне жанасып, түк қалдырмай еміп қойыпты.

Байбосын бос шелегімен салы суға кетіп үйіне кірді. Май шамның өлеусіреген жарығында үңірейген үй іші азынап тұр. Май шамды тапал қазандықтың кенересіне қоя беріп, бір қолымен қазандық қақпағын көтерді. Ішінде ештеме жоғын білсе де, әлденеге дәмеленгендей үңілді. Кешке сүт қайнатармын деп қаспағын қырып, жалтыратып жуып қойған қазан түбінде шегелеген тана көздей мыс жамаудан басқа түк жоқ. Сұлтанмұрат кейде бұрынғы әдетімен қақпақты жұла ашып, біраз үнсіз тұратын да ауыр күрсінетін. Бұл жолы Байбосын өзінің қалай күрсінгенін байқамай қалды.

Қазандық асты аузы-мұрнынан шыққан күл. Алдында қасан екі қой терісі жатыр. Маңы ыбырсыған ағаш жоңқалары, құранды қоқан ерінің қасы мен екі қапталы, лепіл ағаштар, ерші саймандары - шаппа шот, үскі, аталғы шот, тышуыр, бұрғы, қуысқұлақ, ыңғыру, балта, балғалар есікке дейін шашылған. Қазандық астындағы маздаған оттың алдында маңдайы тершіп ыңылдап ертеден қара кешке ер жасап отыру Байбосынның ежелгі әдеті еді. Тамақ істеп жүріп, «ойпырмай, сен бір, басқа жер табылмайтындай аядай жерге қыстырылып, аяққа оралғы боласың да отырасың» деп кемпірі күнде кейитін. «Оу, кемпірім-ау, сенің қасыңда отырмасам жұмысым өнбейді, әлі отың басылмаған жас қыздай емессің бе маған» деп Байбосын өз-өзіне көзін қысып, қуланатын. «Соқ өтірікті, соншама емешегің үзіліп отырғаны, одан да жасымнан қазандықтың қаспағын жалап үйренген мешелмін десейші» деп қара кемпірі де көзі күлімдеп, шалының қолына бір аяқ үйеме ботқаны, не құрт көжені мөлтектетіп ұстата берер еді. Кемпірінің саңқылдаған ашық даусы құлағына келген Байбосын: «Оуһ, дүние жалған десейші» деп жүрегі қарыс айырылардай оқыс күрсінгенде, тұла бойы түршігіп, қалтырап кетті. Екі тізесі мұздап, жауырын ортасы сіресіп барады. Суық әбден өтіп кетсе керек. Бұрын да күннің амалында тұла бойы құрыстап ауыратын Байбосын, оқыс шалқайып қалып еді, бел омыртқасы күтір етті. «Апырмай, ауырайын деп тұрмын-ау, үйде бала да жоқ» деп өз ауруын өзі тамыршыдай қолмен қойғандай алдын-ала білетін Байбосын кейіп, қазандыққа от жақпақ болып еді, даладағы суда қалған тезегі есіне түскенде амалы құрып, төсекке беттеді. Биыл өлмешінің қамын жасап, кемпірінен көргеніндей сиырдың жас кепесін күрекпен көңге аунатып қомдаған. Кепкен кезде ит арқа ғып қораның сыртына үйе салған еді. Кемпірі су өтпесін деп оның сыртын жас қимен сылап тастайтын. Байбосынға олай ету қайда. Қазір мына аласапыран қар жауында тезектен не қалды дейсің. Құдайдың мына іргеде тұрған қалың ағашынан да қиып әкелу жоқ. Баласы екеуі оны де күзге қалдырған.

Байбосын қабағынан қар жауып, қатты мұңайып ағаш төсекке аяғын шешіп шықты да, кемпірдің терсінді қалың көрпесін жамылып, бұйығып жатып қалды...

Қалың тоғай арасының ми батпағына арба доңғалағы күпшегіне дейін батып зорға жылжыған Сұлтанмұраттар ауыл шетіне ел орынға отыра өліп-талып әрең жеткен.

Дір-дір етіп тоңса да үйге арсалаңдай кірген Сұлтанмұрат әкесін жұлмалап жатыр.

  • Тұр, тұр, әке! Әлден жатып қалғаның ба, әлі қызыл іңір, тұр, әке, тұр!

Көзі ілінбей, денесі күйіп, науқастанып қалған Байбосын баласы жан алқымға алып болмаған соң:

  • Не боп қалды, соншама,- деп теріс қарап бүркене түсті.
  • Тұр деймін, қонақ келді, лұқсат сұрап тұр, жауында жаурап қалатын болды-ау!
  • Жаураса қайтейін, мұнда жауынның астымен келмей үстімен келіп пе?!- деп көзі қызарып қанталаған Байбосын баласына жақтырмай қарады.- Қонақ келсе кіргіз, ана бір қора ешкіңнің үш-төртеуін сой да, әйеліңе қазан көтерт, маған қайт дейсің.

Қараңғыда әкенің ашулы, сырқат жүзін көрмеген Сұлтанмұрат ренжіп:

  • Қит етсе әйеліңе-әйеліңе дейтінің бар екен. Айналдырған төрт ешкіңмен неше әйел алайын,- деп, тысқа қайта жүгіріп кетті.

Байбосын баласын ренжіткеніне іштей қынжылса да, орнынан тұра алмады. Денесі ауыр тартып ұйи берді. Қолы қысқа болса да мейманды құшақ жайып қарсы алатын қонақжайлығына салып, басын көтерейін деп еді, тарамыстай ілектіре-ілектіре салған қырықжамау көң етіктей құрысқан дене жібермеді. Сүйтіп жатып қайран қалды. «Қонақ келді, лұқсат сұрап тұр дегені несі! Лұқсат сұрайтындай біз бір төре тұқымы ма екенбіз. Өзінде тіпті ес жоқ қой. Ақан сері емес пе келген? Қой, ол болса, лұқсатсыз-ақ келіп сәлем берер еді... Ойбай, келіншек болды!».

Үйге Қадиша кірді. Қатты жаураған. Су сорғалатып шалысын шешіп тастады. Байбосынның қуаныштан жүрегі бүлк етті. Енді ауруын ұмытып, көрпе астынан сығалап жатыр.

Келіншек барқыт шапанын да шешіп тастады. Қара ала кавказдатқан алақандай-алақандай қалың қапсырмасы жарқырап, Сұлтанмұратпен күңкілдесіп, әбігер боп жүр. Қазандық аузындағы саймандарды жиыстырып, қазанға су құйып, күл алып, жүгіріп далаға шығып кетті. Лезде тезек әкеп, отты маздатып жіберді. Сұлтанмұрат сарайдан қалған-құтқан бірдеме әкеп, күңкілдесіп жүріп қазанға салды. Өздері мәз боп күліседі. Жарасып-ақ тұр.

Бір кезде қорадан гүжілдеп самауыр кірді. Тоспалаған жималы дөңгелек стол жасалып, дастарқан жайылды.

  • Тұр, әке, енді тұр,- деп бағанағы өкпесін ұмытқан Сұлтанмұрат қасына келгенде, шақыру күтіп жатқан Байбосын орнынан ширақ тұрды. Маңдайы жарқыраған, көзі күлген сұлу келіншекке ұяң ғана амандасып, қолын шайып, дастарқан басына отырды. Сұлтанмұрат от айналған көбелекше ұшып, әкесінің арқасына күпі әкеп жауып, қымтап әлек.

Бір шыныаяқ шайды ұрттай бергенде маңдайынан тер бұрқ ете қалған Байбосын өз-өзінен жымыңдай берді.

Үй іші лезде жылынып кетті. Шай құйып отырған Қадиша шағын ағаш үйдің ішін көзінің астымен шолады. Төбесін тақтаймен қобыздап жапқан аласа үйдің қазандығы жарма пешпен бөлінген. Үй жасауы тым жұпыны. Ыдыс аяқтың көбі ағаштан ойылған, көне аққұман мен бір -екі кәрлен кесе сыммен шандылған. Дастарқан да жұтаң. Тура Үлкен Қараойдағы өз үйі сияқты. Тек ағаш бұйымдар, төсек, есік, терезе кәсектері, төбе тақтайы шебердің қолынан шыққандығы көрінеді.

Киім-киіс, отырысы болған жердің адамына ұқсайтын алтын сырғасы, жүзігі жарқыраған келіншектің кім екенін түсіне алмай Байбосын қайран. Қазақ ғұрпымен қонақ жайын сұрайын десе, келмей жатып тым өлермендегісі келмейді, әрі көңіліне ұялаған қуанышынан айырылып қалам ба деп қорқады. Үшеуі де шайды үнсіз сораптады.

Әлден уақытта Қадишаның көзі сандық үстіндегі беті жабулы ер -тоқымның үзеңгісіне түсті. Оны аңғарған Байбосын:

  • Сұлташ, ана ердің үстіндегі желқомын алып тасташы,- деп себеп тауып, сөз бастады.

Бүркенішін сыпырғанда қасы жарқ ете қалған жаңа ер -тоқым көздің жауын алғандай еді. Қасының маңдайын қара ала кавказдатып, айнала жиегіне, оқпанына күміс шеге қаққан ер-тоқымның алды құлпырып, неше құбылады. Қастың тап ортасына келтірген бармақтай асыл тас пен оның айналасындағы төрт кішірек меруерт екен шам сәулесіне құбылып тұрған.

  • Біздің жайды Сұлтанмұраттан естіген боларсың. Атаңның осындай кәсібі бар. Жұрттың бұйрығы бойынша ер, айыл-тұрман жасайтын, аздаған ағаш жонатын, темір соғатын кәсібім бар, қарғам. Сұлтанмұрат әнге, мен ұсталыққа болмасам, шаруаға қыбымыз жоқ, әйтеуір өлмешінің күнімен жүрген жандармыз. Кемпір өлгелі, үйдің түрін көріп отырсың, екеуміз де бір сынық шөпті көтеруге қыбымыз жоқ, епсіз бейбақтармыз, ыбырсып жатқаны мынау. Әйтеуір өзің қолың тиіп, осы үйдің бар дүниесіне жан бітті. Әйтпесе бәрі де біз сияқты тірі өлік еді.

Қадиша ақжарқын мінезбен аппақ тістері ақсиып күле тыңдап отыр. Кей- кейде Тастанның етігі тиген жерлері ауырсынып, қабағын шытынып қалса да сездірмеуге тырысады.

Бұл күні Байбосын үйіне жұмақ орнағандай болып, шалдың құрыстаған белі жазылды, ошақ басына құт келгендей өзгеріп, үшеуінің бетіне де қан жүгірді. Шөкімдей етті мол табақтай көріп тоя жеген Сұлтанмұрат қазандық түбіне кептірген домбырасын қолына алған.

  • Әке, мына Қадиша қызыңыз ерен әнші. Қазір көресің,- дегенде, Қадиша көзі күліп:
  • Әуелі өзің ауылдың алты ауызын айтпайсың ба,- деп әннен тартынбайтынын білдірді.

Ретсіз қылымсымай көптен үйренген жақын адамдай еркін сөйлеп, еркін күлген Қадишаға Байбосын қызығып, ынтыға қарай береді: «Шіркін-ай, келінім болар ма еді» деген арманын ішінен дұғадай қайталай береді. Енді әнін тыңдағанша асық.

Ән айтылмай қалды. Қуанышты түннің шырқын терезе қағып сырттан келген ел жігіті бұзып кетті.

  • Бүгім-ай, кіре бер, есік ашық,- деп Сүлтанмүрат іштен айғайлаған соң, сырттағы жігіт етігі күрпілдеп, жүгіріп кірді де асығыс бірдеңе айтуға оқтала беріп еді, сәнді киімді, жат келіншекті көргенде көзі жыпылық атты.
  • Есенбісіз! Әй, Сүлтанмүрат, қайда жүрсің көрінбей, не естіп, не білдің?!
  • Қайда жүрейін, ел ақтап келдім,- деді Сүлтанмүрат қабағын шытып,- отырсайшы. Шайға кел, аптығыңды басшы әуелі.

Мыжырайған кең шұлғауымен қобыратып босағаға сілке тастап, жалбыр тымағын лақтыра салған жігіт, жалаң аяғымен сып етіп шайға отырды.

  • Иә, не боп қалды?!
  • Естімегенің,- деді жігіт кесені ала беріп.
  • Естісем айтпай-ақ қой, бұлданбашы, шырағым,- деп мезгілсіз уақытта жоқ өсекпен келіп, көтерілген көңілді бұзған жігітті ұнатпай қалды.
  • Сен Ақанмен бірге болған шығарсың. Жасырып отырғаның сол ма?

Ақан аты естілгенде Қадиша да, Сүлтанмүрат та селк етісіп біріне-бірі қарасты.

  • Иә, Ақанға не болыпты, айтсайшы тез, зарықтырмай.

Сұлтанмұраттың түсінен жасырын ештеме көрмеген жігіт «осы шын айтып отырмысың, ештеме білмейсің» дегендей ежірейе қарап отырды да, төпелеп соға жөнелді.

  • Ойбай, өздерің түк естімепсіңдер ғой: ана ағакемнің үйінде Су Құсайын отыр. Сол айтты: Ақан Тінәлі қажының Ұрқия деген қызын алып қашыпты.
  • Не дейт!
  • Ұрқия Кемел баласы Әнапияға айттырылып қойған екен ғой. Анық - танығын кім білсін, әйтеуір, Ноғай қарауыл Балташ дегенге де құда түсіпті. Содан не керек, Кемел тұқымы түгел көтеріліп, Нұртаза, Сүлеймені бар,- бәрі іздеу салып жатқан көрінеді. Ақанның қайда кеткені белгісіз. Қараталға бармапты. Нұртаза болыс бар жігіттерін құмырсқаша өргізіп, қаптатып жіберіпті. Қазір Көкшетау өңірін түгел қасқырша тіміскілеп, сүзіп жүрген көрінеді. Оязнайдан, қару-жарақ асынған ғаскер алып, қазір Ақан аулын қоршап тастапты. Тапқан жерде Ақанның басын алыңдар деп ақсақ оязнай Қанабалдың өзі бұйрық беріпті. Қазір сексен болыс деді ме, сегіз деді ме, әйтеуір бар дуанның жуандары, игі жақсылары Қоскөл жақта, әр ауылға бөлініп түсіп жатқан көрінеді. Баяғы кегі бар Сүтемген де, Ақтоқтының әкесі Бақтыбай, Шебек балалары, бүкіл Қожымның ақсақал, қарасақалы - бәрі сонда дейді. Не керек үлкен дау болғалы жатса керек. Ұрқия деген қыз да, ай, үріп ауызға салғандай, Ақанның қолы, серіге дәйт дейді ғой! Бұдан аман қалса Ақан сері жүз жасайтын шығар,- деп жігіт ұшып кетердей қопаңдап, суық хабардың ұзын-ырғасын келте-келте қайырып, сөзінің аяғын Су Құсайыншылап тәмамдады.
  • Құдай-ау, елдің ардагер ұлына бір сұлуды қимағаны ма, қашанғы соңына сойыл алып түсе береді,- деп Байбосын кейіді.
  • Қолға түсіп қалмаса жарар еді!- деп Қадиша, әлдебір жасырын мұңмен баяу күрсінді.
  • Иә, соны айт!- деді Сұлтанмұрат та.

3

Бурабай тауының күзгі түні аса сұсты. Бір-біріне міңгесіп, иек артысқан түйе өркеш, ит жон таулар, состиған шыңдар мен құзар басындағы жақпар-жақпар сандық тастарды жарып шыққан қарағайлар қазанның түп күйесіндей қара бұлтпен астасып, тұтасып алған. Жазда айнадай жарқырап жататын момақан сұлу көлдерде тыным жоқ. Су иесі Сүлеймен үлкен ожауымен біріне-бірін құйып сапырып жатқандай, күні-түні ақ көбігін аспанға атып бір сарынмен сарылдап, гүрілдейді. Тау ішінің қалың орманы да күзгі жапырағын ұшырып шулап тұр.

Түн ортасында қу бұтақтарды жалпақ табанымен бытырлатып, биіктегі тас үңгірге баспалап жеткен қара аю ақырып-ақырып жібергенде үңірейген шатқалдар жаңғырығып, тау дүр сілкінді. Бурабайдың әр тасы бірінен-бірі жаңғырықты қағып алып, әр қуысына үлестіріп әкетті. Оқжетпестің басына шөккен момын піл ішін тартып, ысқырып, Шортандының құбыласында шалқасынан түсіп жатқан ұйқыдағы алып батыр ауыр күрсінгендей болды. Үңгірдің алдындағы қарағайларға байланған аттар тап тұсынан бұрын естімеген айбатты үн құлақ жарғанда оқыс осқырып, жанталасып, көздері шатынап, танаулары пырылдап, шылбырларын үзердей көкке қарғығанда, от алаулаған үңгірден шыға келген адам екі рет қатарымен мылтық атты. Аюға үйренгенмен, мылтыққа үйренбеген тау жыртқыштары гүрс етіп шың құлағандай селк етісіп құлақтарын қайшылады. «Не боп қалды» деп жарбаң етіп ұшқан жапалақтар

көздері бақырайып, көр тоғай ішінде кезіп жүр. Шыңда мүлгіген кәрі бүркітте шаңқ етіп, қайрақ тұмсығын тақылдатты. Тау қолтықтарында шайқалған көлдер ғана кемерін құжынаған шағаладай ақ көбігімен сабалап, бір қалыппен шулап жатыр.

«Кенесары үңгірі» деп аталатын киіз үйдің ішіндей тас үңгірдің ортасында лапылдаған от. Отты айнала қоршап қу жапырақтарды жастанған жігіттер елең етісті.

  • Әйтеуір аттарға абай болайық, аш аю жарып кетуден танбайды,-деп Ақан серіктерін аса үрейлендірмей сақтық айтып еді, сырттан кірген балуан Ожымбай қара аюдай жай басып, мылтығын тасқа сүйеді:
  • Аюға намаз үйреткен таяқ деуші ме еді? Оған да жан керек екен, бастан құлақ садақа деп зытып берді.
  • Ә, адамнан, мылтықтан қорықпайтын мақлұқ жоқ қой,- деп, Ақан әңгімесін жалғады.

Күні бойы тынбастан жауған қара жауын астында қалған жігіттер, үңгірге дірдектеп жеткен. Келе қу бұтақтарды жинап алып, өртеп, жаққанда үңгір іші ұядай жылынып сала берген. Қазір үсті-үстіне үстемелеп жаққан оттан жақпар тастар ысып, үңгір қайнап тұр. Әр жерге салбырата ілген киімдерден бу шығып, кебе бастаған. Бәрі көйлекшең пысынап отыр. Ақан алдында бұйығып, қалың қара шашы серінің тізесінен жерге төгілген Ұрқия ғана іш киіммен көрінуге ұялып, шапан жамылып жатыр. Отқа қарап балбырап көзі мөлдіреген сұлуын құшқан Ақан қу мекенде соңынан қуғыншы күткен үрейлі адамдай емес, арманына жетіп шалқақтап, өз үйінің төрінде баппен әңгіме дүкен құрған көңілді сері қалпында. От алауында қызарып, екі ұртына ғана жеткізіп басқан қою мұрт астынан көрінген аппақ тістері ақсиып, әжімсіз беті манаурайды. Бұдан екі жыл бұрын Ақтоқты қайғысымен күрт түсіп кеткен аяулы ағаларының жанары жалтылдап қайтадан жігіт қалпына келгеніне қуанышты Бәтжан, Ожымбайлардың да көздері күлімдейді.

- Содан, Құдайқұл атамыз уағдалы күні сал-серілерімен алыстағы қанжығалы еліне барса, тура қыз-ойнақтың үстінен түседі. Жарықтық Кенжебике анамыз топ қыздың ортасында үкілі домбырасы бұлғақтап, бүкірейіп ән салып отыр екен. Құдекең аттан түсе бере тарпа бас салып айтыса кетеді. Содан бір- біріне жеңістік бермей рауандап таң атқанша айтысып, ақыры «үй қапырық болды, таңғы бозторғаймен үн қосайық» деп тысқа шығып, белдеудегі таң асқан аттарына мінеді. Қосалқы бір ат бар екен, оны Кенжебике мініпті. Жиындағы жастар: «бұл да бір көрмеген қызық болды, серілердің жаңа үлгісі болар» деп соңдарынан ереді. Құдекең қасындағы жігіттері өз аттарына мінген. Ел адамдарына дайын ат қайда, бәрі жаяу шұбырады. Сөз арасында сері бұрынғы айтқан уайымын қайталап: «әттең, қолым қысқа, әйтпесе сендей артық туған бұлбұлға он қыздың қалыңын беріп әкетер ем» деп зарлайды. Сонда қыз: «мал байлығы болмаса да сөз байлығы бар емес пе, сөзбен жеңсең мен сендік» депқосады. Олардың екі жағын қапталдай жүріп шұбырған жұрт ол сөзге мән бермепті. Ел аралаған сері Құдайқұл бүкір қызға әдейі келіпті деп қайдан ойласын. Бүкір болса да ақындығына ақылдылығы, сөзіне көркі сай екен... Не дегенмен қалыңсыз қыз қайда? Соны түсінген қыз да, айтыса-айтыса келіп ауылдан әбден ұзағанда жаңа шыққан күн астында оттай жанып, құрбыларына былай деген екен: «Ал бауырларым, қарауылдың қара бүркіті ауылыма іздеп келіп, шұйлығып еді, ала алмады. Енді мен де бір әкенің бұлғақтап өскен азаматы едім. Ұрғашылық жасады деп мына қонақтар сөкпесін. Енді өзім барып Көкшенің бауырында айтысамын. Қайтып еліме келмесем,– жеңілгенім, қайтып келсем,– жеңгенім, «хош болыңдар!» деп желе жортып, топ жігітпен кете барған екен. Аңырып тұрып қалған қанжығалылар Құдайқұлдың Кенжебикені алып қашқанын сонда ғана біліп, сандарын соғыпты. Үш күндей ұрлана жүріп алғаш жасырынған жері осы біз отырған үңгір екен.


Бетке өту: