Menu Close

Ақан сері — Сәкен Жүнісов

Аты:Ақан сері
Автор:Сәкен Жүнісов
Жанр:Роман
Баспагер:Жазушы
Жылы:2002
ISBN:5-605-01808-6
Кітап тілі:Қазақ
Жүктеп алу:
VK
Facebook
Telegram
WhatsApp
OK
Twitter

Бетке өту:

Страница - 14


Үлкен боз үйдің іші шам жаға аузы-мұрнынан шығып лық толған. Көрші үйде жиналған ауыл ақсақалдарының ішінде біраз отырып кеңес құрған Ақан келгенде жастар орындарынан өре түрегеліп төрге өткізді. Бағанағы Батыраштың өрлігіне ызалы жауап беріп, бетін оқыс қайтарғалы серінің түсі келмейді. Шалқая біткен шалғы қасы жығылып, ұнжырғасы түскендей. Сері отырар-отырмаста ел жігіттерінің бірі:

  • Хадиша, төрге шық, Ақан ағаңның қасына отыр,- деп қалды.

Ақан басын оқыс көтеріп алды. Жерге төселген кілем, алашалардан басқа ішінде жасауы жоқ, қонақтарға арнайы тігілген кең үйдің оң жақ іргесіне қарай тұрған бүлдіршіндей жас қыз екі айтқызбады. Қасында отыздарға таянған толысқан ақ сары келіншекпен бірге жылжыған орта бойлы, талдырмаш Балхадиша шолпысы сыңғыр етіп, талшыбықтай бұрала басып кеп Ақанның қасына отырды. Ел дәстүрімен, сыйлы қонақтың қасына батыл басып келген ел

аруына риза болған cepi өзін мазалаған мағынасыз ойдан бір сәт арылғандай болып:

  • Аман ба, қалқам,- деп жылы амандасып еді.
  • Армысыз, Ақан аға!- деп даусы да иығындағы шолпысындай сыңғыр еткен Хадиша мөлдіреген құралай көзін бір төңкере сыпайы қарады да, ақ қағаздай мойнын қайта бұрды.
  • Айналайын, осы ауылдың баласымысың, ныспың кім? Хадиша деді ме?
  • Иә, Ақан аға. Ел Хадиша дейді. Шын атым Балхадиша.

Бібекеңнің қызы. Естуіңіз бар шығар,- деп сары келіншек Ақанға қарай мойнын созып, кимелей жөнелді.- Сіз келді деген соң, үйден лұқсат алып шығып ек Балым екеуміз. Бір әніңізді өз аузыңыздан тыңдайық деп келдік. Көп отырмаймыз...

  • Жәрәйді енді,- деп Балхадиша сәл қабақ шытып қалмағанда, сары келіншек сыпсыңдап тоқтар емес.
  • Балхадиша, Балхадиша!- деп Ақан сәл толқығандай қайталады.- Хадиша деген де жақсы есім. Ал оған бал қосылса тәтті есім болмай ма? Жо-оқ, атыңды олай қысқартуға болмайды. Балхадиша деген өте келісті екен.

Балхадиша осы ауылдың қарауыл Шәкейдің Ыбырайының он сегізге келген бойжеткені. Осы өңірдегі сұлулығымен, ісмерлік, шешендік өнерімен көзге түскен айтулы қыз. Он алтыдан аса бере ат жетер жердің бай атаулысы - бірі ұлына, бірі інісіне, жақын-жұрағатына құда түсіп, енді бірі өзі қатын үстіне тоқалдыққа алғысы кеп дәмеленіп, Ыбырайдың мазасы кеткен соң, ақыры қаржас елінің көз көрмеген бір жігітіне айттырып қойған. Содан бері бар ауыл Балхадишаны көзінен таса қылмайды. Үйінен бір елі шықса іздеу салып, ойын- тойда отырса, артынан қуғыншысы даяр тұрады. Бүгін Ақан келеді дегенде, баяғы Ақтоқты жайынан хабардар әке мен шеше қызын жібергісі келмеп еді, Балхадиша ырық бермеді. Амалсыздан дегеніне көнген үй-іші қасына жеңгесін қосып, «көп отырмаңдар, бой жеткен қызға он жақта сауық құра беру жараспайды» деп қасындағы жеңгесіне қатты ескертіп жіберген.

Жиналған жастар өзді-өзі әзілдесіп, ойнап-күліп біраз дуылдасып, шайға қанып алған соң, әңгіме беті қонақ кәдеге ауды. Бірақ қонақ кәдеге дейін ауылдың алты ауызын айтып жоралғы жасаған ешкім жоқ, бірден ел ағасы Ақанға қолқа салынды. Жастар ортасында, бәрінен иықтылау көрініп, серіге қатарласа отырған мосқал жігіт бастады сөзді:

  • Ал, серім, сіздің мерейіңіз бәрімізге ортақ. Өздеріңіз Қараөткел жағынан шықты дегелі көзіміз төрт боп жолыңызға қарап, тағатымыз қалмай, қашан көргенше асық едік. Көптен лебізіңді естімей құмартқан ел өзіңізді тыңдамаққа отыр. Бүгін жастар жағының билігіндесіз. Ертең ауыл ішіндегі ақсақал,

қарасақалдарымыз тегіс жиналмақ. Жаңа бір ән болса өз ауызыңыздан үйреніп қалсақ.

Ақан домбырасын қолына алды. Қоңыр сазбен үнсіз шертіп ұзақ отырды да, телміре күткен жастарға бір әңгіме бастады:

  • Қолқаларың орынды. Менің соңғы әндерімді өздерің білерсіңдер. Мен шығарушы болғанмен, айтушы да, елге таратушы да өздеріңсіңдер. Бұл жолы үш жүздің жұрты жиналған асқа барып, қала шыққан жәрмеңкешідей әкеле жатқан базарлығымыз бар, бір жолға соны сыйласақ па деп отырмын,- деп аз мүдірді.

Киіз үйдің іші-сырты «жым-жырт» ойнағандай. Бәрі Ақанның сөзіне құлақ түріп, тына қалған.

  • Қазақ жерінің құбыла жағын кең мекендеген Кіші жүз елін өздерің білесіңдер. Он саусағынан өнер тамған домбырашы-күйші ел. Сол елдің аты шулы Мұхит деген әншісі бар,- деп Ақан сөзін жалғады.- Мұхиттың «Айдайы», «Айнам көзі» қазір көп елге тараған екпінді әндер. Осы жолы Аққошқар -Сайдалы асында сол ақынның «Зәуреш» деген әнін естідік. Ән - сазы жүйке тамырыңды қуалап, алпыс тамырыңды идіретін жоқтау сарындас қарышты, әрі мұңды ән. Мен сауыққа жиналған сендердің көңілдеріңді жабырқатайын деп отырғаным жоқ. Бұл әнді бар мәнімен, ырғақ сазымен келістіріп айтатын Сұлтанмұраттың аузынан естіп қалсын деп отырмын. Кейін қағыс естіп, жаңсақ айтсаңдар - одан асқан ақынға обал, қиянат жоқ,- деп, аз мүдіріп отырып қалды. Сұлтанмұратқа иек қағып, домбыраңды бабына келтіре бұрап ал дегендей әншінің қолындағы үкілі домбыраға қарап дыңылдаған сазды ішектің үнін тыңдап отыр.- Ал, өлең мазмұны мынадай: «Кіші жүзде Медет деген адам болыпты. Оның үш әйелі, үш әйелінен отыз ұл, Зәуреш деген жалғыз қызы бар екен. Қазақ жері тосын келер аурудан, індеттен қашан арылған! Бір жылы бүкіл елге жаппай келген алапаттан Медеттің отыз ұлы түгел қырылады. Жалғыз Зәуреші ғана аман қалыпты. Медет құдайға құлшылық етіп, жалғыз қарашығының тірі қалғанын медет тұтып, тәубесінен жаңылмапты. Бірақ, жұт жеті ағайынды. Медет Орынбор барып, еліне оралса, құдайтағала тағы да қос қолдап төбесінен ұрған екен, көзінің жалғыз қарашығы Зәурешінің сары топырағы үйілген қабірінің басынан шығыпты.

Киіз үй күңіреніп кетті. Жастар тегіс ауыр күрсініп, іштерінен осы жарық дүниеге тәубә айтқандай болды.

  • Сондағы Медет қарттың зары «Зәурешті» Мұхит былай зарлатқан екен,- деп Ақан өзі де сәл мұңайып отырып, Сұлтанмұратқа белгі берді.

Сұлтанмұрат қалың қабағын түйе түсіп, ащылау бұралған домбырасын Кіші жүз жұртының тартысынша безілдетіп-безілдетіп алып, түптеп тартып, ботасынан айырылып алыстан зарлаған саулы інгендей он иығын көтере созып, мұңды, зарлы үнмен тебірене шырқады.

Құланның түзде көрдім шоқырағын,

Қайыңның жаста көрдім жапырағын.

Сен қалған отыз ұлдан едің Зәуреш, Бір уыс бұйырмады топырағың.

...Ойлап ем мен келгенде шығар ма деп, Атаңның хал-ахуалын сұрар ма деп, Қозғалмай өзгелерге жатсаң-дағы, Орныңнан менің үшін тұрар ма деп.

Рухың білген шығар келгенімді, Оқыдым мінажаттан білгенімді. Басыңды мен келгенде көтермедің, Жалғызым, жаңа білдім өлгеніңді. Қайғының жаңа жеттім қиынына, Сел болды көзім жасы қойыныма. Құшақтап қабіріңді біраз жаттым, Еркелеп асылар деп мойыныма. Көңілімді тұра алмадым елде тыйып, Бір құлаш қалқам жатыр жерге сыйып. Көзің бар жанарындай құралайдың, Кім көмді бұл орынға көзі қиып.

Дүние, мына жалған кеттің қырын, Пендеге кім де болса перзент шырын. Ажал оқ саған деген маған жетіп, Алдында мен өлсемші бір күн бұрын.

Сұлтанмұрат дауыс айтқан зарлы әкенің үніне салып, ықылық атып аһ ұрып, бар денесімен қопарыла теңселгенде, жиын дауыл тербеген терең көлдей шайқалып кетті.

Екі-үш күннен бері белгісіз бір мұң басып, әлденеге көңілі дауаламай түйткілденіп, өз-өзінен құлазып, қоңылтақсып келген Ақанның жасты көзі Балхадишаға түсіп еді, қос танадай жарқылдаған жанарлы көзден жас сорғалап барады екен. Cepi бойын тез жинап алды. Ән аяқталғанда шәйі орамалымен көзін сүрткен Ақан, аз уақыт үнсіз отырды да, қоңыр үнмен сөйлеп кетті:

  • Шымырлаған бұл мұңды ән жалғызынан, жұлдызынан айырылған ата зары, төтелеп келген ажалға төтеп бере алмаған, айтпай жеткен қазаға ара тұра

алмаған ана зары, жаңа көзін ашып, жұбанышы болған сәбиінен айырылған, қанатынан қайырылған адам зары. Көк аспанның астында еркін қалқыған қауырсын қанат азат құстай талмай ұшқан пенде - тірлігінде тіршіліктің қасиетін бағаламай, барында бардың қайырын көріп, жоғында жоқтың тауқыметін тартса да, тәубесін ұмытып, асып-тасқан күні астамшылық етіп, өзінен асар болса астамшылық етіп, алысып-жұлысып, айтысып-тартысып, бірінің-бірі аяғынан шалып, іліге алмаса балағынан тартып келе жатқан тойымсыз жан. Зәуреші өлсе көзінің жасы көл болып, етегі толып зар жылайды, тірі жүрсе не істер еді? Талай Зәурені әуреге салып, көкпарға тартып, бұтып-шатып жүрген әкелер аз ба? Аз өмірдегі өз құлқыны үшін, қысқа өмірдегі қызыл қызығы үшін қызын қыспаққа салып, көз жасынан мөлдіреген моншақ тағып, әр моншағынан бір малдың басын санап, нәрестенің шапағына ақық, жақұттан тасын қадап, әр тасына ертең айықпас қайғы жамайды. Құлыншақтай ойнақтаған сәби кезінде тұлымшақ, бой жеткенде екі өрім шаш қойса, сол өрім ертең бишік болып перзентінің өзін сабайды. Айналып-толғанып, «Қозым, ботам» деп отырып, ана қолымен, ата қолымен сипаған қос тұлымшақты ертең қыл шылбырға айналдырып, біреудің жетегіне байлап береді. Көзі шарасынан шығып, аяғы шалысып, қалтыраған қозысы, мұрнын тескен ботасы, амалсыз сөлеңдеп соңынан ереді... Мұхиттың әні осындай әкелерге, енелерге деген қарғыс оғы, түсінбегенді тебірентер ата зары, адам зары. Ендеше, жастығыңда ойна да күл, біреудің тезегін терсең де теңіңді тап, кезексіз, мезгілсіз өлімге ерсең де біреуге басыбайлы құл болма, жігітің бар, қызың бар, айдауға жүрер күң болма, саудаға түсер пұл болма. Берер бата, тілер тілек ендігі жастан осы болмақ. Атам заманнан бері ең жақыныңның зары, ел ақтаған ақыныңның зары да осы,- деп аз тыныстаған Ақан енді екінші әншіге иек қақты.- Ал енді, Бәтжан, Зілғараның «Жиырма бесіне» салып, көңілімізді бір көтерші.

Ақан сөзін тым-тырыс отырып тыңдаған жұрт гуілдесіп кетті.

  • Салшы жиырма беске бір!
  • Басшы айғайға айызды қандырып!

Бәтжан тамағын бір кенеп алып, аңыратып шырқап кетті: «Өткенің-ай жиырма бестің білмеген көп»...

  • Әй, шіркін, Ақан аға көңілдегіні қалай тап басады.
  • Тура жанды жерден ұрады.
  • Тамаша айтты-ау, кісінің ойынан шығады,- десіп күбірлескен жастар Бәтжанды көтермелеп, тосын бір қуат, жігер біткендей серпіліп, үйді бастарына көтерісті.

Бұл күні түні бойы ән айтылып, ойын -сауықпен отырып қонағасы жеген жастар таңның қалай атқанын байқамапты. Сайдың тасындай тұлғалы, көрікті балуан, әнші жігіттердің ортасына түсіп, жүзі бал -бұл жанып, дырдумен отырған күзетші сары келіншек те өз міндетін ұмытып кеткендей. Бір кезде өз -өзінен селк

етіп, шаңырақтан көрінген бозамық аспанға қарап, «ойбай, құрыған екенбіз» деп, қайын сіңлісінің мықынынан түртті:

  • Балым, масқара-а, таң атып қалыпты. Не қара басып білмегенбіз,- деп күбірледі.

Балхадиша күлімсіреп, жай ғана қарады да, ләм демеді. Жеңгесі тықырши бастады.

Балхадишамен сөйлесіп отырып анда-санда көз қиығын тастаған Ақан мұны сезіп қалды.

  • Балым, айналайын, біраз отырдық қой, ендігәрі үйден шығармай қояды, кетейікші,- деп сары келіншек жалынып, қыңқылдай берді. Бағанадан бері үйіндегі күйеуін де ұмытып, есі шыққан әйелдің ендігі түрі адам аяғандай. Балхадишаға жалынғаны сонша, көзіне жас үйірілді. Тағы да біраз қыңқылдап, онысымен ештеме өнбеген соң, қорқытуға көшті.
  • Аналар біздің сыбағамызды беріп жатқан шығар, Балым, еркем, кетейікші... ал сен кетпесең, мен кетемін, жауабын өзің берерсің.
  • Бара бер, мен кейін... Қасқыр жемес,- деп Балхадиша зілмен жеңге бетін қайырып тастады.
  • Құдай-ай, енді қайтейін, таяқ жейтін болдым-ау,- деп кемсеңдеген әйелдің көзі есік жақтағы тура өзі секілді бір келіншекке түскенде мүлдем зәресі ұшты. Ана әйел де ернін жымқыра тістеп, бір жұдырығымен екінші жұдырығын түйміштейді. Онысы «тұра-тұр бәлем, үйге барған соң байыңнан сыбағаңды аларсың» дегені болар. Ол да Балхадишаның екінші үлкен жеңгесі еді. Соңынан келген екінші қарауыл, Ақан оны да аңғарып қалды. Аңғарды да дене бітімі болбырап, әлден жалпая бастаған мына жас келіншектердің мүшкіл халін аяды. «Бұрын, өз үйінде жүрген кезде, бұлардың да соңынан аңдушылары қанша болды екен. Сол кезде қанша зығырданы қайнағанмен, басқа түссе баспақшы - енді өздері де сол күзетшінің кейпін киген. Біреудің қолына қарап, жалпақтап өткен күн-ай. Ана жақта отырған жұмсаушыларынан зәре-құттары қалмай, ақпанда суат басынан қайтқан арық ешкілерше қалтырап отырғандары мынау».

Ақан аянышын сездірмей мырс етіп, қалжыңға бұрды:

  • Балхадиша, байқаймын, осы біздің Мәшек қарауылдың келіндеріне дейін нақ қарауылдың өзі болып алған ғой деймін.
  • Оны басыңыздан кешкен жоқ па едіңіз, Ақан аға, үйреніскен нәрсе ғой, - деп Балхадиша да әзілмен жауап берді.
  • Олай болса, лұқсат, айналайын, жеңгелерің зәбір шеге көрмесін.

- Ештеме етпес, Ақан аға! Сіздей адамдар күнде қолымызға қона бермейді. Бір жауабын берерміз. Егер сазайымызды тартсақ, сіз келген күннің бір белгісі

болар,- деп Балхадиша жымиып, езу тартты.– Осы түннің куәсіндей әніңізден бір белгі қалар ма деп едік...

– Әлі талай тыңдайсың ғой, Балым!- деді Ақан.

– Қайдам, Ақан аға. Біз де енді ұзамай мына жеңгелеріміздің кимешегін киетін шығармыз. Ноқтамыз даяр, тек жаңағы өзіңіз айтқан қыл шылбар есілмей жатыр,- деп Балхадиша құрбысына мұңын шаққан жандай ашық сөйледі.

Ақан бұдан әрмән ештеме демеді: талай сұлулардың, көркіне ақылы сай талай арулардың аузынан естіген шерлі сөз. Бағанадан бері көңілінде сайрап, өз- өзінен ұршыққа оралған шүйкедей жеңіл орала берген ән ырғағын іштей қайталап, домбырасын баяу тарта түсті. Сөзі де жатталып, ән ырғағы да тұтасып, жұмырланғанда, балаша қуанған Ақан домбырасын шертіп-шертіп жіберді. Серінің нұрлана қалған жүзінен ақындық толғанысын байқаған жастар да елең етіп:

– Ақан аға, Ақан аға!

– Бір ән, бір ән,- десіп тына қалып еді.

Ақан тағы да екі-үш рет жаңа туған бір әнді қайта-қайта тартып, іштей қайталап пысықтай түсті. Сұлтанмұрат пен Бәтжан көздері ұясынан шығып, ұстазының домбырасына құлақ тосқан. Жеңіл айтылатын әдемі, ойнақы әннің дүниеге келгенін әккі шәкірттер жазбай танып, олар да іштей қайталап, жаттай берді. Жаттаған сайын күлімдеп, қуанысып отыр.

Ақан ән нақышын домбырада қағып-қағып алып, Балхадишаға қанжар мойнын бұрып тастап, әнге басты:

Қызы едің Ыбекеңнің, Балхадиша,

Бұралған белің нәзік, шіркін-ай, тал, Хадиша...

Жиылған осы тойға қалың қыздың

Ішінде қара басың, па, шіркін, хан, Хадиша!..

– Пау деген!

– Рас-ай, бір өтірігі жоқ.

Дегенге Балхадиша, Балхадиша,

Боларсың біздің сөзге, дүние-ай, зар, Хадиша.

Бұлаңдап асау тайдай жүрген басың,

Боларсың қандай жанға, құдай-ай, жар, Хадиша!..

  • О, шіркін десейші.
  • Ақан аға ұзатылып қойғанын да білген-ау тегі.
  • Қайран Балхадиша!

Баласы Ыбекеңнің Балхадиша,

Есілді өрлей біткен, шіркін-ай, тал Хадиша!..

Бір емес екі жеңгең келіп отыр,

Рұхсат бізден сізге, амал не, бар, Хадиша!-

деп көтергенде жұрт гу етіп басылды. Балхадишаның да, екі жеңгенің де беттері ду ете қалды. Жұрт күлкісін қолмен тежеген Ақан:

  • Жігіттер, Балхадиша орталарыңдағы мәпелеген ақ құстарың екен. Ертең алысқа ұшар асыл қарындасқа бұл бір ағасының сыйы, тартуы болсын! Ал, енді бәріміз қосылып айтайық,- дегенде, ұшқыр сөз, ұшқыр әнді тез қағып алған Сұлтанмұрат, Бәтжан бастаған серілер тобы Ақанға қосылып кетті:

Баласы Ыбекеңнің Балхадиша...

Жыландының таңғы аспанында бірнеше қайтара айтылған Ақан серінің жаңа әні «Балхадиша» көпке дейін ілініп, бозторғайша қалықтап тұрды. Қолдарына шелек алып сиыр сауа шыққан жас келіншек, қотанға кірген қоралы қойды күзеткен қойшы, түнде ағытқан үйірлі жылқыны ауылға беттеткен жылқышы, жайнамаз үстінде таңғы намазға ұйыған қарт құлақ түріп, тыңдап қалыпты. Алыстан естілген ойнақы, тәтті ән «Балхадиша» құлағына жағып, көкірегіне ұялай берді. Жыландыда туған ән Көкшенің көгілдір тауларында жаңғырығып, айдын көлдерінен сыпсылдай ұшқан шүрегей үйрекше қазақ елінің төрт құбыласына асыға тарап жатқандай...

Таң сіберлеп атқанда тысқа шыққан Ақандар киіз үй алдында ұзақ тұрып қалды. Бәрінің көзі кеше Батыраштар сіңіп кеткен Жыландының қоңыр бауырында. Белдеулене жатқан биік адырдан бір қарайған мана түскен: аттылы адам екен. Жүрісі маңдымайды. Жер бауырлап жылжыған сынық қанат шегірткенің буаз өлекшініндей қыбырлап жетер емес.

  • Апырмай, жылы орнынан қуғандай ала-көбеде жол шеккен кім болды екен?
  • Тегі аты болдырып, түні бойы далада қалған адам-ау.
  • Ай, нұсқасы адасқан жолаушы болар.
  • Өзі, не аты сырқаттанған біреу болмаса игі еді.
  • Неде болса, түнделетіп жай жүрген адам емес,- деп, алыстан топшылаған сал-серілер аттылы қашан жеткенше болжау айтумен болды.

Шығыс жақ қызыл шапаққа бояла бастағанда, жолаушының шу-шулеген даусы да естілді. Әлден уақытта жолаушының бойы анық көрінгенде Ақанның да тұла бойы өз-өзінен дірілдеп, әлденеден үрейленгендей болды.

Аттылы таянып қалды.

Есік алдындағылардың бірнешеуі қатарымен:

  • Оу, мынау Әйберген ғой, Әйберген,- десіп, жолаушыға қарай ұмтылысты.

Қара терге малынып, ақ көбігі шыққан аттан орға түскен Әйбергеннің даусында жарықшақ бар. Амандықты салғырт алып:

  • Сендердің соңдарыңа түсіп іздегелі екі күн. Ағатай-ай, қайда жүрсіңдер,- деп әрі қарай сөзін құрай алмай, Ақанның інісі Әйбергеннің иегі кемсеңдеп кетті.
  • Иә, не боп қалды?!
  • Сабыр, сабыр, ағатай. Ұрқия қатты қысылып...- дей бергенде-ақ, «аһ» деп көзінен жас ыршып, тәлтіректеп кеткен Ақан тізерлеп отырып қалды:
  • Атты, атты әкеліңдер!

Өңдері қашып, суық хабардан үрейленген жігіттердің бірі Әйбергеннің иығынан тартып сыбырлады:

  • Қысылып жатқаны қалай, толғақ па, әлде?..

Әйберген үнсіз басын шайқады. Иегі ғана дірілдейді. Жұрт не жаманат екенін бұлдыр болжағанмен, анық ештеме түсінбеді.

«Неге ғана кеттім екен, басында отыруға жарамадым-ау. Құдай-ай, өзің жар бола гөр!»-деп зарлап Құлагердің бар шабысына салып, еліне қарай, Ұрқиясына қарай құйындай ұшқан серінің көз жасы бетін жуып келеді.

* * *

Ұрқия ала арқанға асылып тұрғалы үшінші тәулік. Төбені ойып жіберердей дүбірлетіп күн күркіреп, аспан жарылардай нажағай шатыр еткенде ештеме сезбейді. Мең-зең. Үш тәулік бойы көрген азабы да енді өң мен түстей ұмытылып барады. Күн жарқылдағанда сәулесі түспесін деп терезелерді жауып, қымтап тастаған үй ішінің тыныс тарылтар қапырығын да енді елемеді.

Қорамса үйінің іші-сырты толған адам. Түстері келмей отау үйден шыққан жан болса, иек қағысып сұрайды. Ол да үнсіз бас шайқайды. Анда-санда «Алла, өзің жар болар көр!» деп әр тұстан әлдебіреу күрсінеді.

Алғашқы күннен толғағы қатты басталған келінінің түсінен шошыған Жаңыл жан-жаққа ат шаптырып, бақсы-балгерлерді жинатып алған. Ырыстыға да адам жіберіп, алдырды. Ырысты келгелі нәр сызбай Ұрқиясының басында отыр.

Үш күнде Ұрқия не көрмеді.

Тінәлі қажы Мекеден әкелген Байдолланың қара жібек жабуын арқанға іліп, жөке құсаған Бибәтімәнің шашын Ұрқияға қайта-қайта иіскетеді. Бірақ оған да толғақ жеңілдемеді.

Келесі күні төрт-бес әйел Ұрқияны кең көрпеге жатқызып, «оң жақ!», «сол жақ!» деп домалатқанда, өзі көзі қарауытқан жас келіннің есі ауып қалды.

Оған да болмаған соң, әлгі әйелдер Ұрқияны жабыла көтеріп, екі аяғымен есіктің маңдайшасын тепкізді. Жалаң ыстық табан қақ ағашқа сарт-сарт тигенде миы аузына түскендей зірк-зірк етеді.

Әбден есі кетіп, қарманар тала таба алмаған Қорамса сасқанынан Сүтемген ауылына ат шаптырған. Бұл өңірде Сүтемгеннен бай адам жоқ. Сол байлықтың көзіндей сонау Есмұрзадан қалған құтты жирен айғырдың құйрығы осы күнге дейін сақтаулы. Қалың түкті кілемге орап ұстайтын қатты құйрықты жер -жерден келіп, талма ауруға шалдыққанды, толғақ қысқан әйелді, жын соғып аузы қисайған шалық, есалаңды қақтыруға сұратып алдырады. Онда да жирен айғырдың құйрығын көрінгенге сипата бермейді.

Арадағы араздыққа қарамай, Ақтоқты айтқан соң, Жалмұқан шапқыншының алдына жирен айғырдың құйрығын тез өңгеріп жіберген. Ұрқияны құтты құйрықпен үшкіріп, қақты. Толғақ оған да жеңілдемеді.

Ақыры еш ырымның сәбәбі тимеген соң, кезек бақсыға келген. Қаңсыған ескі қобызын ойнатып, оны тастай беріп, көп шылдырламағын шылдыратып аса таяғымен үйді шыр көбелек айналған бақсы, биенің үш сауымындай уақыт қара терге түскенмен, ештеме өндіре алар емес. Әбден шамасы құрыған ызалы бақсы анадайдан қорсылдап кеп арқанға асылған әйелге тап-тап бергенде, өзіне төнген бақсы қара ала қабан боп елестеген Ұрқия талықсып құлап түсті. Бақсының да шапағаты тимеді.

Түннің бір уағында есін жиған Ұрқияны тағы асылдырып қойды. Ұрқия арқанға асылған сайын кезерген ернін қанын шығара тістелеп, барынша шыдауға тырысатын. Қанша қиналса да шыр еткен сәби даусын естігенше азапқа берілмейтін аналық сезім жеңіп, тырнақ көбесінен әл кеткенше жабысып арқаннан айырылмайтын. Бұл жолы көзінің алды қап-қараңғы түнекке айналып, қызыл-жасыл бояуға толып кетті. Сол бояулардың арасынан жаңағы бақсыдай ұмтылған қорсылдақ қабан көрінеді. Пышақтай азуы жарқырап төніп келеді де, сақ-сақ күлген, жылаған адамға айналып кетеді. Енді бір кезде солардың арасынан аппақ қоян көрініп, емшегінен сүті сорғалаған жалаңаш әйел кейпіне түседі. Бар азаптан қажыған Ұрқия кейде бар даусымен шыңғырып жібергендей болады. Кейде «Аллалап» уһлеп, кейде Ақан серісін шақырған болады. Бірақ сор татып кеберсіген ерін желімдей жабысып ашылмайды. Таңдайға жабысқан тіл көмекейді бітеп, тынысы тарылып, әлде бір аптап ішін күйдіре береді.

Осылайша азаптың неше түрі алмасып, жан алқымға келіп есі ауған Ұрқияның қолы таң алдында үш күн бойы өзіне аз да болса тыныс болған ала арқаннан босап кетті...

Сүмектей Құлагерден Ақан жансыз денедей былқ-сылқ етіп буындары қалтырап түскенде Қаратал бауырында зар илеген әйелдер үні қара дауылдай

шулап тұр еді. «Ойбай, бауырым!», «Қыршыныңнан кеттің-ау қиылып!», «Арманда кеткен күнім-ай!» деп зар қақсағанда құйқа тамыр шымырлайды.

Ұрқия баладан қайтқалы бесінші күн болған екен. Ақан зорға сүйретіліп жетті зиратқа. Сары топырағы шыққан жас қабірді құшақтап, кеше Жыландыда өзі айтқызған Мұхиттың «Зәурешіндегі»:

Қайғының жаңа жеттім қиынына,

Сел болды көзім жасы қойыныма.

Құшақтап қабіріңді біраз жаттым,

Еркелеп асылар деп мойыныма, -

деп көз жасын көл қылған Медеттей Ақан ұзақ егілді.

Келесі күні Қаратал жұрты Ұрқияның жетісіне шабылып әзірленіп жатқанда Ақан сері мұсылманшылық жолын бұзып, жұртты қайран қалдырды. Көп сүргін, үрдіс жүрістен соң таң асқан Құлагерін ерттеп, аяқ астынан бір жаққа жүрмекші боп жатыр.

«Өлімді жерде молла семіреді». Біреу қан жұтып, қайғы жамылып отырса, өлімнің асына ырым-жырым, жыртысына жұтынып жеткен көп молла қарғаша шуласып:

  • Ақан жынданған шығар.
  • Басқасы басқа болсын; тап мына қимылы елде-күнде жоқ кәпірдің ісі.
  • О, іріген заманның бұзылған жандары, не боп барады бұл дүние,- деп жағаларын ұстады.

Қорамса мен Жаңыл да ұлының тап осы жолғы ісіне іштері жылымады. Бәрінен де Ұрқияның шешесі Ырыстының қаны күйеу баласына қата қалды. Көзі бұлаудай іскен ене үніне булығып:

  • Ақан шырағым, бұл қай қылығың. Ұрқияжанның топырағы құрғамай жатып, жетісіне қарамай бұл қай бейбастақтығың. Дүйім елді шулатып ата- анасын жерге қаратып кеше қызын алып ең, енді жұрт алдында қарабет қып барамысың. Не өшің бар еді. Қай түрімізбен енді ел бетіне қараймыз. Егер теріс батасын берсін демесең, аттан түс. Екі-үш күнге шыда. Байы өлген қатын да ерін бір жыл күтпеуші ме еді. Тыйыл бұл сұмдығыңнан!- деп ауыр-ауыр сөздермен Ақанды тоқтатпақшы болды.

Бірақ Ақан алған бетінен қайтпады.

Бүгін ертемен Қараталға жаяу жеткен Байбосын қарт Ұрқияға көңіл айтып, елмен қосыла біраз жылап шерін тарқатқан соң, Ақанды үй сыртына бөлек алып шыққан. Аққошқар-Сайдалы асынан оралған серінің серіктері де Қараталға жеткен еді. Байбосын баласы Сұлтанмұратты да қоса ала шықты. Үшеуі ұзақ

сөйлесіп, үрейлі хабарды ешкімге әзір сездірмеуге уағдаласқан. Байбосын сөз соңын кемсеңдеп тұрып бітірді:

  • Ақанжан, біздей сорлыдан құдайтағаланың аяғаны қалмады. Не жаздық осыншама жылата беретін. Қарағым, мына қайғының үстінде саған қолқа салар бет те жоқ. Сасқан үйрек артымен жүзедінің кері. Біздей пақырға өзің қол ұшын бермесең, кімнің белі қайысар дейсің. Бүгін барып ара түспесең, жер қауып қалайық деп отырмыз. Бір иліктірсең Наурызбайды өзің иліктіресің. Туыстығың да бар еді ғой!- деп қиылып, жалынышты жүзін теріс бұрды.

Ақан енесіне істің жай-жапсарын анықтап түсіндірген жоқ, тұспалдап қана айтты.

  • Апа, айтқандарыңыздың бәрі орынды. Ұрқияның өліміне сізден кем қиналады деймісіз. Ұрқия – менің күні өткен жастығымның, отау тіккен қызығымның соңы. Бәрі осымен бітті. Бүгін жүрмеске амалым жоқ. Себебін сұрамаңыз. Кейін естисіз. Бүгін Ұрқиядай бір жастың тағдыры өлімнен де жаман қорлықпен саудаға түсіп жатыр. Қанатыммен су себуге барамын. Арашасы болам ба, бола алмаймын ба, оны болжау қиын. Егер Ұрқияш бір рет басын көтеріп, мұны естісе, өзі-ақ баруымды қолқалар еді. Түсініңізші, апа, ренжімеңіз. Бұйыртса, ертеңдер Ұрқияштың жетісіне үлгеремін.

Серінің бұл қылығын жұрт неше саққа жүгіртіп, адам түсінен шошыр неше бір сұмдық өсектер таңып, ел ішіне лезде жайып жіберді. Амалсыз Ақан баспен істегенді мойынмен көтеруге бекініп, бар ауыртпалықты жалғыз арқалап, Наурызбай мешітіне, Баратай-Барақ ауылына Байбосын мен Сұлтанмұратты ертіп суыт жүріп кетті.

8

Баратай-Барақ ауылы – ежелден діндар ауыл. Көкшетау дуанындағы он жеті мешіттің ең ірісі осында. Былтыр Бұхардан «жер астының оқуына дейін тамамдап, жеті ғаламның тілін біліп келген» Таластың ғұлама Наурызбайы да осында. Ел қазір Наурызбай демейді, Науан хазірет дейді. Науан хазірет атына көп ұзамай указ аты қосылмақ. Көкшетау шаһарында сегіз болыстың күшімен салып жатқан мешітте ораза өтісімен екі айттың арасында Науанды дуанның указной молласы етіп сайламақ.

Бүгін жан-жақтан жұма намазына ағылып, тарауыққа жиналған қожа- моллалар, қарауылдың игі жақсылары, ақсақал-қарасақалдары осында.

Ауыл іші жыбыр-жыбыр әңгіме, сыбыр-сыбыр өсек. Әлі анығын білмесе де, ауыздарындағы сөз – Тастан байдың тоқалы Қадиша:

«Биыл үйінен төркініне қашып кетті деген»;

«Төркініне бармай, Сұлтанмұрат деген әнші жігітпен қосылыпты»;

«Тастан бай жақында Қантай аулынан тауып алып, осында аяқ-қолын байлап-матап әкеліпті»;

«Некелеген қатынын осы арада, жұрт көзінше талақ етіп, біреуге қосатын көрінеді, кімге берер екен-ай, қатын ала алмай қаңсып жүрген біреу жаритын болды»;

«Қадиша дегенің өзі көрікті әйел көрінеді, суық жүрісі көп деседі. Сұлтанмұрат асқа кеткен екі арада шыдамай біреумен көңіл қосыпты. Өзіне обал да жоқ»;

«Байғұстың артынан іздеп келетін де арашашы жоқ екен. Әкесі ту -ту Үлкен Қараойда қолы қысқа кедей көрінеді. Ол бишараның да қолынан не келеді. Жоқтың күні сол-дағы»...

Алып қашпа сөздердің ұзын-ұрғасы осы.

Кешкі намаз мәңрибтан соң ауыз ашқан ауыл адамдары үйлерінде отыра алмай Науан хазіреттің мешітінің маңында жүр. Үйге кіруге бата алмаса да, іште жиналған моллалар Қадишаға не үкім шығарар екен деп, сырттан торуылдап құлақ түреді.

Бүгін желсіз, аптап болды да, шілденің шыжыған ыстығы жер дүниені күйдіріп, жайлаудан қалған ауыл жылқысы қора -қораларда, шоқтарда үйездеп, көлеңкеге тығылған. Кешке күн қайта қосақтаған құлындарын ертіп Баратай сыртындағы шалғында қара-құрым тартып әр жерде оттап жүр. Түн де тыншу. Әр бұрыштан түнгі тарақанша шыққан ала бұлт анда -санда самарқау жауып өтеді. Жылы жауынға сәл бусанған ыстық топырақ ауаны одан сайын тарылтып, дала қапырық тартады.

Ақандар ауыл шетіне ел орынға отыра ілікті. Шымнан қалаған бірыңғай жатаған жер үйлердің сығырайған терезелерінен май шамның өлеусіреген болмашы оттары көрінеді. Құлаған ескі үйлердің үйіндісіне қаулап шыққан қалың қурайларда дамылсыз шырылдаған шегіртке үнінен басқа ауыл қотанында не бір бейсауат адамның, не үрген иттің дыбысы естілмейді. Алтыбақан теуіп, ақ сүйек ойнаған балалар да жоқ. Ауыл үсті жым-жырт, көшкен елдің есіз жұрты сияқты еңсені басқан тымырсық тыныштық.

Баратай-Барақ шетіндегі бір шоқ қарағай қарауытады. Ығында мешіт. Бөренеден қиып салған еңселі мешіттің найзаның ұшындай шаншылған үшкір мұнарасы көрінді.

  • Бәке, сіз Шайхыесләм үйіне барыңыз, білетін бе едіңіз, мына бетте,- деп Ақан қамшысын нұсқады.- Сұрастырып тауып аларсыз, біз жай-жапсарды біліп қайтайық.

Мешіттің айналасы аттылы кісінің бойындай биік дуалмен шығыс үлгісінде қоршалған. Ішке кіретін бір-ақ қақпа бар. Есік алдында екі-үш күймелі арба, ат байлайтын қадада ер-тоқымды екі ат тұр. Тегі алыстан жаңа келген жолаушылардікі болса керек, маңынан тер исі шығады.

Ақан мен Сұлтанмұрат аттарды байлап, қақпадан ішке енді. Кең ауланың іші тап-тұйнақтай. Сол жақ қолдағы мешіт ішінен құтпан намазынан кейінгі тарауықтың тасбиғын сызылтып қосыла салған төрт-бес молланың қоңыраудай сыңғырлаған даусы келеді.

«Сүббұхан әзел мүлки әл мәләкүт...

Сүббухан әзел ғыззати

Уәл ғазамати, уәл хұдрәти

Уәл кирбия, уәл жәбәрут»,-

деп құдайына жалбарынып, намазға шұлғып ұзақ ұйыған моллалардың үні ғана – осы ауылдың қазіргі тіршілік нышаны. Ұзақ әндетіп қосылған біркелкі жіңішке үнде өзінше сұлу нақыш болғанмен, зындандай түпсіз тереңде, тыншу қапаста, не қараңғы көр лақатта жігерсіз зарлаған дәрменсіздіктің, шарасыздықтың белгісі бар. Талай замана бойына тозбайтын, өзгермейтін, тілі жат тасбиқ – бір қалыпты бейғам тіршіліктен айнымайтын, не бір қадым жылжымайтын өлі даланың басыбайлы мұнажаты.

Аула іші шығыстың суффә үлгісімен қағылған жағалай тақтай сәкі. Ақан сәкіге отырып, Сұлтанмұратты оң жақ қолдағы ағаш үйдің шошаласында қараң- құраң етіп жүрген аспазшыларға жіберді. Биік, кең шошаланың ортасында жас теріде шашылған жас еті. Үлкен тай қазанда буы бұрқырап ет пісіп жатыр. Шошала ішінде демдерін іштерінен алып, мешіттен шыққан үнге құлақ түрген ауыл үйдің еркек, әйелдері анда-санда тарауықтың белгілі тұсына келгенде алақандарын жайып, ауыздары жыбырлайды.

Әлден уақытта аулада дауыс салған әйел зары түнгі даланы басына көтерді. Үйден, шошаладан сүріне-қабына шыққан бала-шаға, қатын-қалаш қара түнде отқа тірелген киіктерше үдірейісіп, көріскен екі адамды қоршай қалысқан.

  • Батыр-ау, мынау Ақан ғой.
  • Ақан сері,- деп таңданғандардың ішінен мосқалдау біреулері көріскен екеуге басу айтып, құшақтарын ажыратып жатыр.

Ақанның келгенін Сұлтанмұраттан естіп жүгіре шыққан Бәтима еді. Ұрқияның туған апасы, Науанның жамағаты Бәтима Ақан жоқта сіңлісінің жаназасында болып қайтқан. Жүрегіндегі қайғысы әлі тарқамаған уайымшыл, күйрек әйел дауыс салып, мауқын басқанша ағыл-тегіл жылай берді.

Бұл кезде тарауық та оқылып, намаздағылар Науан хазіреттің аузына қарасып, хадис тыңдап отыр еді. Сырттан дауыс шыққанда бәрі селк ете қалды. Қабағын шытынып аз бөгелген Науан, «Бәтимаға көңіл айта келген маңайдағы жамағайындардың бірі болар» деп, Перғауындар қолындағы Мұса пайғамбардың балалық шағы жайындағы хадисін соза түсіп еді, есіктен біреу келіп:

  • Ақан келіп тұр, шығып кетсін дейді,- дегенде, іштегілер де:
  • Ақан?!
  • Ақан сері.
  • Ол неғып келді мұнда?
  • Өзі салған әзәзіл жолын бүркемекке келген шығар, діннен безген кафырстан!- десіп, күбірлесіп, түнеріп кетті.

Басында ақ шалма, самайынан иегіне дейін тұтаса біткен қою қоңыр сақалды, шалғысы сақалымен қосылған әсем мұртты, сұлу ақ сары жүзді хазірет үлкен ойлы көзімен отырғандарды жағалай сынай қарап, сәл бөгеліп қалды. Басқалар да хазіретке көздерінің астымен сынай қарасты. Бүгін ғана істіктің басына мінгізіп, қазақтың ғұрпын, дінін бұзып, сарнаған әнімен, маңына топтаған әңгүдіктерімен ел шырқын бұзған Ақанды даттап еді. Енді сол есер сері сырттан хабар айтып, хазіретті шақырып тұр. Біреуге елпілдеп тұрмақ түгілі, алыстан ат сабылтып әдейі іздеп келгендердің өзін кейде қабылдамай, көп зарықтыратын хазірет тұйыққа тірелді. Бірақ, алдынан шығып, қарсы алмай болмайды. Сырттан қанша күстаналағанмен, бетпе-бет келгенде серінің орны бөлек. Алдымен, ол хазіреттің туған бажасы. Кеше ғана әйелі өлген қаралы адам. Науаннан үш жас үлкендігі де бар. Оның үстіне осында жиналған көп тобырдың ішінде шариғат жолында біраз көсіліп айтыса алатын білгір. Енді бөгелсе, өзі кіріп, бет-жүзіне қарамай мірдің оғындай өткір, жыланның уындай күшті тілімен масқаралап кетуінде шек жоқ.

Хазірет орнынан тік тұрып, мәсілі аяғын кебіске сұқты.

Көз жасын тыйып, тілге келген Бәтимамен Ақан сері Ұрқия жайын мұңая сөз еткенмен, мұнда неге келгенін айтпады. Бәтима да сұрамады, сұңғыла әйел іштей сезді де қойды.

  • Ал, серім, неге үйге кірмей тұрсың. Бүгін бір тай сойып ек. Сыбағаңды кейін жейсің, Ұрқияш екеуіңді тірісінде бірге шақыра алмай ұятты болдық,- деді тағы да көзіне жас іркілген Бәтима.- Ертең Науекең де Ұрқияштың жетісіне барам деп отырған.
  • Рақмет, Бәтіш! Қонақ болу қайда қашар дейсің, қонақсыз емес көрінесіңдер ғой. Иә, тай соятындай бұл ненің құрметі!
  • Әлгі Тастан әкелген. Рамазан күніне жасаған ырымы болар,- деп Бәтима көзінің жасын кимешегінің кеудесімен сүртіп, үйден Науан шыққан соң, жылыстай берді.
  • Ә, солай де, ырым емес, алдын ала шалған құрбан болды ғой,- деді Ақан қасындағы Сұлтанмұратқа.

Ұрқияның дауына ел билері шақырса да бармай, не ақтайтынын, не қаралайтынын білдірмей, жонын сыртқа салып қалас қалған Науан тар жерде қол ұшын бермегеніне cepi алдында өзін айыпты санап жүретін. Бұрын-соңды

болмаған ширақ қимылмен елпілдеп келіп қол алды да, қайғылы ақынға қысқа ғана көңіл айтып, үйге шақырды:

  • Ақан, бұл не тұрыс, үйге кір, ас та дайын шығар.

Науанмен бірге шыққан Шайхыесләм бар, тағы бір-екі адам хазіреттен бетер иіліп, ылтипат көрсетіп жатыр.

Былтыр келгелі бір-ақ көрген бажасымен Ақан бірден тіке кетті:

  • Ықласыңа Алла риза болсын! Харам асты жей алмаушы едім!
  • Суббухан Алла! Не деп тұрсың, Ақан!
  • Айтқаным сол! Тастан кімнің жаназасын шығаруға келді?!
  • Ақан, жайғасып отырып сөйлесейікші, от ала келген жоқ шығарсың. Дәмнен үлкен емессің, зияфат, зияфат!
  • Зияфа етер сыйлы қонақтарың бар көрінеді ғой.
  • Кифая кейін, тариқ қонақ,- деді өзін арнайы шақырып қонақ ете алмай жүргеніне Ақан өкпелі деп түсінген Науан.
  • Жоқ, осы жолы ала келдім сыбағамды. Сендер, көп құзғындар, саңғыттарыңды кифаяға әзірлеп қойыпты деп естіп тариқ келдім.

Науан да сыздана қалды.

  • Сіздер, үйге бара беріңіздер,- деп қасындағыларға бұрылды. Кішкентай баладан бастап, өзінің жамағатына дейін сіз деп сөйлейтін Науан осы өңірде жалғыз Ақанмен ғана сен десетін. Ертеде: «Осы моллалар, іштерінде бір қап қаскөйлек жатса да, сырттарың жылтырап, сіз, біз деп сыпайы сызылмаңдаршы» деп сері бетін қайтарып тастағаны бар еді.
  • Әлеумет алдында сөйлесуге беттеріңнен басасыңдар, ә, жасырын жымысқы әрекетке үйренген бейшара мүбәшаралар. Жүр онда, Құдайдың кең даласына кеттік,- деп Ақан Науанды салған жерден қуырып, дуалдан тысқа алып шықты.

Екеуі мешіттен алысырақ үнсіз барып, көгалға қарсы қарап малдас құрған соң, қып-қызыл алаулап туған айға қарап Ақан сөз бастады:

  • Ана туған ай саған да, маған да, бар ғаламға ортақ, жарығы бәрімізге жетеді. Сендерге осы не жетпей жүр. Мешітіңнен де, медресеңнен де біржола кетіп, өз бетіммен қарекет етіп, ешкімге зиянсыз жүрген жанмын. Қыстай жиналып алып, Қараталдың бауыры бөрінің ұясы секілді сырттан шәжілеп, піспектейсіңдер. Іздейтіндерің жаулық.

Менің сауығымда, қызығымда не шаруаларың бар. Ақиық өнерменен түлкі алғанда, соңынан шықылықтап сауысқандар,- деп Ақан сөзді түптен тартып, сөз соңын өзінің нақыл өлеңінің шумағымен бітірді.

Тап осы жолы серінің сұрайын деп отырғаны басқа екенін білсе де, алыстан орағытқан сөзді үнсіз тыңдаған Науан да қарсы шапты:

  • Ақан, жасырмаймын, екеуміз де бір әке, бір ененің екі қызын алдық, бірақ екеуміздің қарекетіміз үйлеспейтін ғәдәуәт қарекет. Сен жаңа дұрыс айттың. Қараталдың бауырын жын-шайтан жайлаған. Табаламаймын, бар зауалды содан өзің де тартып келесің. Мұсылман милләтін түзу жолға рәсімге салар дін мен қисық, күпір жолға түсірер ғефрит сыйыса алмайтыны ғәдәл. Ол екеуі қоңсы отырғанда өзін айтқан мүбәрша бола тұрып, лиллаһи меләл болмай отыра алмаймын. Сол Қаратал жаққа үйір сайтанның бірі бүгін торға түсті. Оны айыптамай тағы да отыра алмаймын. Сенің сұрайтының сол болар?


Бетке өту: