Ақан сері — Сәкен Жүнісов

Аты: | Ақан сері |
Автор: | Сәкен Жүнісов |
Жанр: | Роман |
Баспагер: | Жазушы |
Жылы: | 2002 |
ISBN: | 5-605-01808-6 |
Кітап тілі: | Қазақ |
Жүктеп алу: |
Страница - 15
- Ол қай мүттәһәм?
- Өзің де біліп келдің ғой - Қадиша.
- Мүттәйім кім?
- Өзінің ері Тастан да.
- Қадиша қазір Сұлтанмұраттың жамағаты емес пе?!
- Оларды неках еткен маэзун кім? Қай қази?
- Талақ болған адам некахсыз да күнелтпей ме?
- Мұхаммет пайғамбардың мишкат шартын қайда қоясың.
- Мишкатта ғиддәт шарты да бар емес пе?
Науан сәл тосылып қалды. Ері талақ етіп тастаған соң, екінші адам алса, арада төрт ай он күн өтпей бұрынғы ері қайтып ала алмайтын мишкаттың ғиддәт шартын көпе-көрнеу ескермеген еді.
- Жоқ, ол шарт некеленбеген Сұлтанмұратқа жүрмейді,- деп бұрып еді.
- Ә, мүмкін, олар некеленген шығар,- деп Ақан да жалған бұрды.
– Ақан, шыныңды айтшы, бұл іске сенің неге жаның ашиды? Сол үшін тәуфик тілеп келдің бе?
– Шәкіртсіз ғалым тұл дейді. Сұлтанмұрат – шәкіртім. Шәкіртімнің жүрегіне жара түссе, мен де шәкіртсіз тұл қалмақпын. Ал тұл қалған ақында ән де, мән де жоқ. Шыным сол – бұған өзің арашашы болсын деп келіп отырмын. Жат елде іздеушісі жоқ бақытсыз жетім Қадишаның жоқшысымын.
– Онда менен тәуфиқ тілеме. Бұл мешіт қабырғасында, көпшілік алдында мәхтум болған іс. Кеш қалдың.
– Муфти кім?
– Мен өзім.
– Фәтуәң қандай?
– Мүттаһәм Қадишаның арқасына қырық шыбық дүре салып күнәдан арылту.
– Талақ еткен ерінен кеткен де күнә болып па? «Шала молла дін бұзар» емес пе бұларың.
– Жарайды, Ақан, сен естімеген тағы бір сұмдықты айтайын: Қадиша Сұлтанмұратыңның ғана ғадал жамағаты емес, ол – зинаһар.
– Зинаһар?! Мүттайым, бұларың айып емес, жала ғой. Шәһадат, шәһадат!– Ақан орнынан тұрып кете жаздады.
– Егер зиналық жолда үстінен түсіп, сол күйінде осында әкелген адамдар куәдүр болса ше?! Шәһадат сол емес пе.
Ақан үнсіз түнеріп отырып қалды. Не сенерін, не сенбесін білмейді. Бірақ, тап бұл арада Науан өтірік айтуы мүмкін емес. Қадишаның да, оның мойнына салар куәләрі де тірі ғой. Жалған болса хазірет ертең ел-жұртқа не бетін айтады.
– Әй, Ақан-ай, әлі албыртсың. Соңыңа ерткен ана жыртақай жастарға сенемісің. Көңілінде сенім жоқ, діннен безген тағатсыз жандарда қандай таһарат болмақшы. Мен соларды тағәтқа келтірем. Одан да осыған тауфик, инсаф неге тілемейсің,- деп ұстамды, байсалды ақсақалдың кейпімен дәріс айтып кетті.
Ақан үнсіз ойланып отырды да, енді ең осал жерден басып, қайтсе де, Қадишаны арашалап алудың соңғы амалына көшті:
– Қырық шыбық дүре соғып, күнәдан тазартып, Қадишаны тағәт еттіңдер. Сосын?..
– Сосын өзінің некелі Тастанына қайта қосылады.
– Қайта қосылады?– Ақан кекесінмен күлді:
– Зинаһар әйелді қайта аламын деп келген Тастандікі махаббат емес, қызыл көз хәсәдтік қой әншейін, хәсәдтік! Ал қырық шыбықты көтере алмай өліп кетсеші?
– Онда жан фида, шаһит. Басқаға үлгі,- деді Науан ай жарығында Ақанға тіке қарап.– Осымен болды ма, Ақан?!
– Жоқ, соңғы сауалым бар.
– Иә?
– Бір күнә үшін екі адамды мүттәһәм ету бар ма шариғат ехтамында? Сайтан үшін періштені қоса жазғыра ма?
– Егер сайтанға еріп періште жолдан тайса, әрине. Ол періштең кім? Сұлтанмұрат па?
– Егер осы жолы Қадишамен бірге Сұлтанмұрат емес, бейкүнә періште бірге өліп кетсе-ші?
- Түсінбедім. Оның кім?- Науан миығынан күлді.
- Онда айтайын. Тыңда. Қырық шыбық әйел түгілі еркекке ауыр соққы. Егер ол жазадан Қадиша өлсе - шәһит болса, болар, бірақ ішіндегі перзент не болмақ?
- Перзент! О раббым!- Науанның көзі жарқ етіп, тіксініп қалды.
- Ие, перзент. Қадишаның ішінде төрт айлық бала бар. Күнәдан пәк сәби жарық дүние көре алмай, зұлмат дүниесіне кете барса, оған жауапты кім берер екен?!
Бүгін жолда келе жатып Сұлтанмұрат әкесінен жасырып Ақанға оңашада айтып еді. «Бойына нәресте біткелі Қадиша бір түрлі төлежіп, бұрынғыдан да нұрланып кетіп еді. Ақан аға-ай, шынымен көрер қызығым кесілгені ме. Егер Қадишаны айырып, дүниеге келер нәрестені тірі жетім етсе, бұл ит тіршіліктен не пайда!»- деп Сұлтанмұрат қатты қынжылған.
- Наурызбай, қорқытқаным емес, әйтеуір жауыққан ғәуәдәтпіз дедің ғой. Егер хәсәдтікпен жеткен Тастан үшін дүре астында Қадишамен бірге нәресте кетсін,- бүкіл қазақ милләтіне сендердің перделеріңді ашуға бір-ақ ауыз сөзім жетеді. Сосын ақталып көріңдер. Сенің дінің күшті ме екен, ақынның үні күшті ме екен?
Ақан орнынан ширақ тұрып, қайырылмай жүріп кетті.
Салмақты, суық сөзден тұла бойы түршіккен Науан хазірет ай астында ақ шалмасы ағараңдап, ауыл сыртында жападан-жалғыз үнсіз отырып қалды.
Біткен істің соңына келіп бармағын шайнаған Ақан Науан үйіндегі Шайхыесләмді шақырып алып, Сұлтанмұрат үшеуі ауыл ортасымен аттарын жетектеп, жаяу аяңдаған.
Шайхыесләм үйінде Байбосын тағат тауып отыра алмай бір кіріп, бір шығып тықыршып жүр екен. Ақандар келгенде «не болды, арашалай алдыңдар ма» дегендей көзі жаутаңдап, ауыздарына қарады. Ақан өзі ашылып ештеме демеген соң, жағалатып бірдеме сұрауға бата алмады. Қонақтардың «соймай-ақ қой» деген қарсылықтарына болмай, «сәресіге дәл піседі» деп, Байбосынның батасын алып төрт аяғынан буған қойды «нашаты Алла, қуата» деп алып ұрып Шайхыесләм сойып тастаған. Қысқа таңда мойындарынан су кетіп, үнсіз отырған меймандарын сөзге тартып әлден уақытта үй иесі сөз бастады.
- Айтқандай, қазір оразаның орта тұсы ғой, елде ұйқы жоқ. Үшінші күн ұдайымен кәдір түнін күтіп жүр,- деп құрақ-құрақ көк шынылы сығырайған жамаулы терезеге қарады.
- Е-е, кәдір түні кімді жарылқар дейсің. Одан да, Шәке, бүгін Қадишаға үкім шығарғанда ішінде болдың ба, болсаң, соны айтшы, кім не деді?- деп Ақан басын көтерді.
Ескіше шала оқығаны бар молласымақ Шайхыесләм Қадишаның неке бұзып зина жолға түскенін сарапқа салғанда мешітте болып еді. Айтар, айтпасын білмей, желкесін қасып отырды да, бәрібір ертең естілетін әңгіме ғой деп, қинала отырып болған істі түгел баяндады.
– Ақан,- деді соңында Шайхыесләм,– бәрі де тістерін қайрап, сені айыптап отыр. Елді аздырып жүрген Ақан. Серілік құрып, жастарды маңына топтап, әзәзіл жолына түскен, бүйте берсе мұсылмандық рәсімнен айырыламыз. Қадишаны да Сұлтанмұратқа қосқан Ақан. Бүйте берсе аял атаулы неке бұзып, серіге еріп ібіліске айналар деді. Ұрқия марқұмның қолына мылтық алып қыздармен аңға шығатыны да, ер мен әйел қосылып ән салып, ауыл-ауылды атпен аралайтыны да айтылып, жақында үйінен қашып кеткен Арықбалық, Имантау жағындағы бір қыздарды да сөз етіп, серінің үлгісі деді. Не де болса, Ақан шырағым, жақсылық емес. Байқаймын, маңыңа қыз, бозбала ерткенмен, ел ақсақалдарынан жау көбейтіп алған екенсің. Бәрінің де жұдырығы жең ішінде түюлі секілді. Қадишаға тиер соққы ертең саған тиер жұдырықтың алды екенін аңғарарсың, Ақан шырағым. Шыным – осы. Маған ренжи көрме, бір Есембайдан тараған шұңғырша, жақсылықпыз, бөтен емеспіз, ағымнан жарылып отырмын, шырағым. Көпке топырақ шашып қайтесің.
Ақан іштей зығыры қайнап, мырс етіп күлді де қойды. Әлі ештемеден хабары жоқ Байбосын шыдай алмай:
- Сонымен Қадишаға не жаза кесті?- деді Шайхыесләмға қарап.
- Ой, Бәке-ай, несін сұрайсыз. Жазаның неше атасы айтылды ғой. «Ат құйрығына салу керек» деді біреулер. «Атқа теріс қаратып мінгізіп, бетіне күйе жағып, ауыл-ауылды аралату керек», «терең зындан қазып, сонда тастау керек» дегендері де болды. Енді біреулері «Тастан жұрт алдында талақ етіп, осы ауылдың ең бір қорына, мүгедек сорлысына қосуы керек» деді. Бірақ, Тастанның айырылатын түрі жоқ-ау тегі. «Қайта алып, босағамда шірітемін» деп отырып алған соң, ақыры «күнәдан арылту үшін Қадишаға қырық шыбық дүре салу керек» деп шариғат шартына жүгінді ғой.
– Қырық шыбық деймісің! Мұндай да сұмдығы бар ма еді?!– Байбосынның көзі шарасынан шықты.
– Шариғатқа не сыймайды, адам басы Алланың добы деп, дүмше моллалар өз пайдасына қиқалақтап бұра бермей ме,- деп тістенген Ақан Шайхыесләмға қарады.– Сонымен қашан дүре салатын болды. Қадиша қайда екен қазір?
– Қадишаны білмедім. Teгi қамауда болса керек. Күзетпен ұстап отыр дейді ғой. Дүре салатын күні – ертең. Таң намазынан соң күн шыға жиналып, Бесқарағай деген жерге апаратын көрінеді. Сонда жаза ағашы зәкқұм қағып, соған күнаһарды байлап, қырық молла үшкірген үш тал шыбықпен тауапқа келтірмек.
- Зәкқұм!- деді Ақан қабағын түйіп,- Ол күнаһарлар о дүниеде жемісін жейтін тозақ ағашы емес пе. Тапқандарын қарашы. Бұл хазіреттің осы дүниедегі сираты ғой. Қап, әттеген-ай!
Ақанның ендігі ойы жігіттерін жинап, Қадишаны ұрлап әкету еді. Кеш қалғанына қатты өкінді.
Бұдан әрі үй ішінде сөз болған жоқ. Әркім өз ойымен үнсіз түнеріп отыр. Сұлтанмұрат келе басына жастық жастанып, сырмақ үстіне құлаған. Бойын суық алған адамдай бүрісіп, теріс қарап жатыр. Көз алдында Қадиша: аппақ борықтай денесін жалаңаштап, арқасына, жонына шыпқыртқан жас көк шыбық жыландай ысқырады. Шып-шып етіп шыбық тиген сайын уыздай дене теңбіл-теңбіл көгеріп, ісініп барады. Тұла бойы қалтырап, көк шыбық орай тиген сайын жанталасқан Қадиша байлаулы қолын жұлқылап, бұлқынып ішін қорғағысы келеді. Іште жатқан нәрестенің тағдырын ойлаған Қадиша алыста бетін басқан Сұлтанмұратқа жалбарына қарағандай болады. Аясы мөлтілдеп жасқа толып, ышқынып: «неғып тұрсың, ара түсе алмасың бар, байғұс-ау, несіне келдің, қызық көре келдің бе. Бар, бар, тұрма бұл арада» дейтін сияқты. Сұлтанмұрат жанындай сүйген аяулы досы дүре астында қайранға шыққан ақ шабақтай тынысы тарылып, соңғы демімен қайқаңдап, тулап жатқанда өз шыбын жанын қорғап, «аман қалса екен» деп болымсыз тілекпен ғана тұрар дәрменсіздігін ойлағанда іші қалтырап, қатты қорланып, көз жасын тия алмады. Тамаққа да тұрмай, теріс қарап, бүк түскен күйі үнсіз жылап жатып алды.
Сәресіде алдарына келген бір табақ қой етін шымшылап қана жегені болмаса, Ақан мен Байбосынның тәбеті шаппайды. Ертең күн ұзақ тартар аштық зардабын ойлаған Шайхыесләм ғана қонақтары жарытып алмаған соң, мүйіз сапты лыпыған кездігімен күлдей ғып тураған семіз етті уыстап -уыстап соғып алды да, сәресіге ниет қайырды: «Неуәйті он әсумә, сәумә, мин әл фажри, мин әл мағри халисан лелләһи тағала аллауһ һакпар! О Аллатағала, оразамды қабыл қыла гөр, қабыл қыла гөр!».
- Ал, қонақтар, қол жуып тынығыңдар, әлде кәдір түнін күтеміз бе. Осы бүгін-ертең аспан қақпасы ашылса керек,- деп, таң қараңғысымен үңірейген терезеге қарады.
- Осы жасыма дейін талай рет күтіп көрдім. Бірақ әлі жарқырап ашылған қақпаны көрмедім. Бала күнімде далада жатып болмашы бірдеме көргенім бар, тегі сол да ашылған қақпа емес, ағып түскен жұлдыз-ау деймін,- деп Байбосын ертедегісін еске алды.
- Иә, онда не тіледіңіз,- деп Шайхыесләмнің көзі күлімдеді. «Құдайтағала жыртық-тесігімді жамай көр» дедіңіз бе?
- Ой, қайдан айтайын. Ондайда ауызға сөз түсуші ме еді. Ойлап жүрген тілектерім де көп болушы еді. Жарқ етіп Құс жолына аппақ сызық түскенде, аспан қақпасы қақ айырылғандай болып, зәре-құтым қалмай, бісміллә, бісміллә дей беріппін.
- Бәке, сонда не тілеп жүр едіңіз?
- Е, Ақанжан, баланың не жарытқан тілегі болушы еді. «Шіркін-ай, бір ұшатын кілемім болса, жер дүниені шарлар едім» деп ертегінің ұшқыш кілемін тілеуші едім. Бірақ, құдайтағала оны маған аспаннан түсіре қоймас, одан да жерден тілейін деп, «шіркін-ай, бір жүйрік тайым болса» деймін. Бірақ, жалаң аяқ күс табанымды жалтыратып, тай мінген не сән деп, «жалтыраған былғары етігім болса» деп ойлаймын, әйтеуір көрінгенді арман еткен балалық қой.
- Онда сол көп тілектің бірін сұрай алмай қалған екенсіз ғой,- деп Шайхыеслім тағы күлді.- Ал, тап қазір аспан қақпасы қақ айырылып ашылса, не тілер едіңіз?
- Құдая, тәубә, ашылса екен, Қадишаның тілегін тілер ем,- деп мұңая қалған Байбосын аузын жиғанша болған жоқ, терезе түбінен бірдеме дүңгір ете қалды да, әлдекім сырттан сарнап қоя берді.
Селк етіп шошып кеткен үй ішіндегілер терезеге жалт қарасты. Сұлтанмұрат та басын көтеріп алды.
Сырттағы адам сарнап тұр:
«Сахара айта біз келдік... Ақ!
Бір келген он екі айда ораза жан,
Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан, Ақ!
Сахар айтушыға көзі түскен Ақан үстіне мұздай су құйып жібергендей түршігіп кетті. Қып-қызыл үңірейген отты көзін ішке қадаған, сақал-шашы дудыраған, қу жақ, аппақ шал суық көрден шыққан аруақтай. Тарамысына іліккен арық денесіндегі өрім-өрім ақ көйлектен сорайған мойынның тамырлары білем- білем. Ақ күмістей жүн басқан шодырайған кеуде сүйектері қатар -қатар тізген шала мүжілген қой тобығындай. Кірпік қақпай тесіліп, сауап орнына жаныңды суырып алуға келген әзірейілдей қайыршының сөзі құйқа тамырды шымырлатады:
Бойында оразаның сайтан жүрмес,
Бұл айда өлген құлдар тамұқ көрмес, Ақ!
- Әй, қатын, қайсың барсыңдар,- деп ауыз үй жаққа қараған Шайхыесләм айғай салды.- Ана мүсәпірге бірдеме беріңдерші. Жеті шелпек бер, жеті шелпек. Жаңағы мүжілмеген жамбасты да беріңдер, жесін байғұс... Қайдан келетінін білмейсің, ораза айында міскін қайыршылар өріп кетеді осы ауылда.
Ақан да қалтасының түбінде көптен жүретін бір теңгелік сөлкебайды тіленшіге жіберіп, таң қылаң бере Сұлтанмұратты ертіп тысқа шықты.
Шығыс жақ бозамықтанып, шығар күннің шапағы белдеуленіп келеді екен. Шық түскен боз арасынан пыр етіп шіл ұшты. Әлі биіктемей бірер бозторғай жаңа
шырылдап, әр тұста қанаты жыбырлап ілініп тұр. Бозторғай - дала сағаты. Торғай шырылы естілісімен сәресіні доғаратын ауыл үйдің терезесінен оттар біртіндеп сөне бастады.
Осы кезде мешіт жақтан таң намазына шақырып сарнаған азаншының үні шықты. Баратай-Барақ аспанын дірілдеткен қою үн бұйраланып, барған сайын алысқа шырқап, толқып барады. «Уа, құдайдың құлдары, шәждеңе бас иіп, жалғыз иең-тәңіріңе сыйын, хақ тағалаға жалбарын, таң келеді, таңмен бірге нұр келеді, уа, құдайдың құлдары». Көкіректен ащы зар шығарғандай күңіренген муәзін Науан еді. Алыстан ақ шалмасы ағараңдаған хазіретті мешіттің биік муәзәресінен көрген Ақан мен Сұлтанмұрат тітіркеніп қалды: Қадишаны тауаб етуге апаратын мезгіл жақындап келеді.
* * *
Иә, Қадишаны тауаб ететін мезгіл тақап келеді. Оны Қадишаның өзі де біледі.
Тас қараңғы шошалаға қамалғалы таңның қалай атып, күннің қалай батқанын жобамен аңғармаса, басы айналып, мүлдем мәңгіріп қалған. Алғашқыда қараңғыға көзі үйрене байқағаны - шошаланың бір жақ қабырғасы дестелеп үйген ақ қайың екен. Белі мүжілген биік ескі қақ жаңғырықтың қасында балта жатыр еді. Оны да алып кеткен. Мұнтаздай таза шошаланың ішінде қолға ілігер қару жоқ. Еттік пен үйге жапсарластыра салған қысылма шошалада тесіп шығар саңылау да жоқ. Байлаулы қолын босатқан Қадишаға ескі-құсқы көрпе мен кигіз әкеп тастаған. Жата-жата жамбасы талды.
Ел дәстүріне берік Қадиша да ауыз бекіткен. Әйтеуір сырттан адам қатынап, анда-санда тамақ әкеп береді. Ауыз ашар, сәресінің мезгілін сол тамақтан жобалайды. Тамақ әкелетін әйел алғашқыда үн-түнсіз келіп, аузының жігін ашпай шығып кетуші еді. Кейін есік сыртындағы күзетші жігіттерден қаймығып, жалтақтап, Қадишамен сыбырласып сөйлесетін болды. Түнгі сәресіде жылы сорпа, ет алып кірген соң күң Ақан мен Сұлтанмұраттың келгенін, ертең қырық дүре соғылар сұмдықты айтып, сыңсып жылаған.
- Жаным-ау, тым құрмаса аузыңа бір түйір ет салшы. Аштан бұратылдың ғой!.. Қайтейін, қарағым. Қолдан келер дәрмен жоқ. Күзет берік. Әйтпесе, не көрсем де Алланың бұйрығын күтіп, бір шығаруға шығарып жіберер едім... Өзім де әйтеуір жанымды жалдап жүрген бір бейбақпын. Соңымда ерткен екі қаршадай ұлым бар. Күйеуім қыста ұзақ науқастан қайтыс болған. Осы үйдің ас-суына араласып, күн көрген сорлымын... Хазірет жоқ-жітікке қайырымды адам еді. Тап осы жолғы қаһарына түсіне алмадық... Бәрінің беттері жаман. Жібитін түрлері жоқ... Қайдам, шырағым!- деп етегімен көзін сүртіп, шығып кеткен.
Қадиша келгелі маңдайынан арылмаған сорын, құдайтағаланың шегелеп берген сұм тағдырын ойлап егіліп көп жылаған еді. Енді көзінің жасы да таусылған сияқты.
Өткен күзде Қараойдағы еліне барған кезі өміріндегі бір ұмытылмас шақ. Атқосшы есебінде жүрген Сұлтанмұраттан жұрт алғашқыда секем алып, өсекке де таңған еді. Бірақ келе-келе әйдік әншінің құлақ құрышын қандырар үніне құмартқан ел көлденең сөзді ұмытқан. Сұлтанмұрат айтқан Ақан, Біржан әндерін қағып алып, кең өлкеге таратқан жастар, әншіге үйір болып, бауыр басып алған. Үш айдай сайрандаған бұларды жібергісі келмей, ақыры той-думан, салтанатпен аттандырып салған. Артынан іздеушісі жоқ, үйінен «талақ» боп қуылған Қадиша мен Сұлтанмұраттың осы сапарда көңілдері қосылып, Қантай ауылына ат басын тәуекел деп тіреген еді...
Содан бері тұздары жарасып, бір-біріне сыйлы жаңа отау боп жүре берді. Жалғыз Сұлтанмұрат емес, жетім көңілді Байбосын да масайрап, Қадишаны қызындай көріп, әкесіндей боп кетті.
Аз күнде Қантай аулына да жұғымды мінезімен, ашық көңілімен ұнап, азат бір тіршілікке қолы жеткен Қадиша төтеден келер қаскөйлікті күтпеп еді. Өзін масқаралап тастап, үйінен біржола жұқпалы аурудай аластаған Тастанды да есінен біржола шығарған. Одан құтылғанына Құдайға қой айтып, оны кіналауды да ұмытқан Қадиша тосыннан айықпас зор жазаға ұшырады.
Оразаның ортасына тақаған кез. Байбосын қарт жақсы көретін ірімшіктен самса жасап, құймақ құйып ауыз ашқан соң, Қадиша іңірде жалғыз сиырын сауып, үй сыртына ілген кірлерін үйге алып кірген. Ауыз жақта ожау ойып отырған Байбосын үй ішін мұнтаздай ғып ұқсайтын шаруаға қылап келініне қарап:
- Қарашығым-ау, бір мезгіл дем алсаң етті. Отыршы, жаным!- деді, ала- көбеден тұрып, тыным алмай тыпыр-тыпыр шаруа соңында жүретін келінін аяп.- Түнеугүні Сұлтанмұраттармен бірге кетпеген екенсің, біраз бой жазып келетін. Бұл шаруасы бар болғыр бітеді дейсің бе.
Қадиша үнсіз шығып бара жатыр еді.
- Тағы қайда барасың, туһ шаршадың-ау!- деді. Баласы екеуі жасырса да, әккі Байбосын келінінің аяғы ауыр екенін сезетін.
- Қазір, көке, әлгі сиыр бұзауын ертіп кетіп қалыпты. Тауып әкелейін.
- Мен-ақ іздеп келейін, қайда жүр дейсің,- деп Байбосын орнынан ырғалып тұрғанша болмады, келіні шығып кетті.
Жазғы түн жып-жылы. Тымық. Қараңғы түн астындағы ауыл тегіс ауыз ашарға отырған. Күндізгі шаруадан қажыған жұрт сәресіге дейін тысқа шықпайтын әдеті. Әлі сары маса көп болмаса да, әр жерге шошайтып көң - қоқырдан түтін салған. Ауыл тіршілігіндей самарқау көтерілген түтін бауырында күйіс қайырып пысылдаған мал да рақат бір дүниеге енген екен. Қадиша ауыл ішін түгел ақтады. Бас жібін сүйреткен бір-екі бұзауға тақап, үңіліп-үңіліп қарап жүр еді, арт жағынан еңкеңдей басып үнсіз ерген біреуді көрді. Ол да тыныш жатқан малдарды аралап, жоқ іздеп жүр.
- Бүгім-ай, қайсысың бұл, біздің қызыл қасқа сиыр көзіңе түспеді ме?- деп еді, қараңдаған бейтаныс анадайдан состиып тұрды да:
- Мен де сиырымды іздеп жүрмін. Ана есіз қора жақта бір бұзаулы сиыр жүрген, сол болмаса, - деді енжар ғана.
Қадиша солай қарай ұшты.
Ауыл сыртындағы есіз қора көп. Қантай ауылының бұрынғы жұрты. Өңкей шымнан қалаған үйлердің бірі Байбосындікі. Жаңа үй салып, ескі жұрттан көшкелі бесінші жыл болыпты. Ол кезде де осы күнгі кәрі қасқа сиыр бар екен. Анда-санда аңсары ауып кете ме, әлде ескі әдет пе, өрістен қайтқан қасқа сиыр сол есіз қораның алдында әлсін-әлсін жатып қалатын көрінеді. Қасында бұзауы болса, ертіп алып, тура сонда тартады. Байбосын қарт талай сол арадан айдап келіп жүрген. Қадишаның есіне осы түсті. Жүгіре басып, ауыл шетінен қалай шығып кеткенін де аңғармады.
Есіз қоралардың арасы тас қараңғы. Қалың алабота өскен төмпешіктерде шыр-шыр еткен шегіртке үні құлазыған есіздік үніндей. Аяқ басқан сайын ащы жусан исі көбейіп барады. Қадиша үңірейген қоралардан үрейленіп, тұра қап тың тыңдады. Тым-тырыс. Биік алаботалардың сабағы ғана сырт-сырт етеді. Арасынан әлде не тышқан аңдыған мысықша ақырын басып шығып келе жатқан сияқты. Қадишаның көзі бір кезде есіз қоралардан әрірек мүлгіген көп зират ішіне түскенде мелшиіп тұра қалды. Зират ішіндегі әулие моласынан шырақ жанды. Біресе тап алдына келгендей жарқырап, біресе өлеусіреп алыстаған жарықты шайтан оты ма деп иманы қасым болған Қадишаның жүрегі алып ұшып, дүрсілдеп барады. Қорыққанға қос көрінеді. Енді жан -жағынан сытырлаған дыбыс көбейіп кетті. Сусылдаған көп сылдырмақтары сылдыраған жын-шайтандар өзін айнала қоршап еліктіріп, сықылықтап күлген сияқты. Не ілгері жүрерін, не кейін қайтарын білмей қалт тұрып қалған Қадиша көзінің алды бұлдырап, «әукім, әукім»деп деп қалай дыбыс бергенін де аңғармады. Күңгір еткен өз даусынан өзі шошып, кері бұрылғанда, қараңғыдан біреу алдынан шыға келді. Зәресі ұшқан Қадиша:
- Б-бүгім-ай! - дегенде:
- Мен ғой, әлі таба алмай жүрсің бе? - деген бағанағы адамның үні шықты.
«УҺ» деп, түнгі жоқшының ес көрген Қадишаның буын-буыны талып, тұла бойы ұйып бара жатыр еді.
Еңгезердей жігіт келе құшақтай алды.
- Қорқып қалдың ба, Қадиша, кішкене отырып, жүрегіңді басшы,- деген бейтаныс жігіт еріксіз шөктіре берді.
Алғашқыда түк ойламаған Қадиша, дәу жігіттің ыстық демі бетін шарпып, кеудесіне қарай жүгірген құмарлық қол камзолының ішін суық жыланша аралағанда барып есін жиды. Сасқалақтап, ауаны қарманып көтеріле берген
бейкүнә әйел орнынан тұра алмай қалды. Қараңғыда із аңдыған қара ниет айғайлауға да келтірмей күректей алақанымен аузын тұншықтыра басып, еңсеріп бара жатты. Аяқ-қолы тырбаңдап, аюдың астына түскендей жанталасқан Қадишаның үні де, демі де бітіп, есі ауа берді...
Келінінің көп кідіргенінен қорыққан Байбосын ауыл үйді аралап, ақыры есіз қораларға келген. Taп осы кезде сықырлап кеп тоқтаған аттылы арбаға екі-үш адамның қараңдап барып алас-күлес отырғанын көрді. Көйлегі ағараңдаған біреуді тыпырлатып салғанын таяна бере анық байқады.
- Қадиша, Қадиша!- деп жан даусы шығып жүгірген Байбосын жете алмады. Қалың көдемен дүрсілдетіп, жеңіл арба зыр қағып кете барды.
Аузы таңулы Қадиша атасының зар еңіреген даусын шала-шарпы естісе де, үн қатуға дәрмені жоқ еді. Өкпесі өшкенше жүгіріп, қара жолға шыққан соң жер бауырлап жатып сақалын жас жуып жылағанын да білген жоқ. Қолынан келер дәрмені болмаса да, ес-түссіз мәңгіріп, із соңынан таң атқанша мағынасыз жаяу салпақтап, атасының Баратай-Бараққа келгенін де білмеді...
«Сұмдық-ай. Енді сарғайып таң атса керек». Тап тұсынан зарлаған азаншының үні келді құлаққа». Қызарып күн де шығады, қазір андыздаған көп қасқырдың ортасына дәрменсіз лақтай сүйреп Қадишаны тастайды. Ішінде Сұлтанмұрат та, Ақан да бар. Олардың да жүзі қатулы. Аз уақытқа шыдамай, жасырын нәпсі жолына түскен азған әйелді олар да жазғыра қарайды. Не деп ақталсын! «Жазықсыз едім, зорлықшылдың қолына түсіп, қор болдым, мазақ болдым, тіпті аты-жөнін білмеймін» деп ақталғанмен бетке түскен шіркеуді қалай жұларсың. Жон арқасы тілім-тілім боп, тағы да Тастанның жетегіне байланып, ызбарлы елдің кәрлі көзіне түспек. Ондағы күн енді бұрынғыдан да ызбарлы, суық көрдей болмақ. Ел алдында масқара етіп, үш -төрт ай ұстап, қарны шермиген әйелді Тастан тағы да елден аластап, тентіретіп жібермек. Сонда кімді паналар? Тағы да Сұлтанмұраттың қанатына тығылу керек пе? Не деген масқара! Таны айырылған жылы көкпар ғұсап екі ортада қолжаулық болу қалды ма?! Жоқ, бұлай жүзі қара атанып тірлік еткенше бұл дүниеден мәңгі кеткен жақсы. Бәрібір бір өлім. Алланың сызығы біреу-ақ. О, жасаған, панасыз сорлы бейбағыңды өзің кешіре гөр!»
Қадишаның тұла бойы дірілдеп, демі бітіп барады. Тамағын бунап, тынысын тарылтқан көйлектің тана көзінен жасырып, төңкерген сырлы аяқтай біліне бастаған ішін үнемі орамалмен тастай ғып таңып алатын. Қарнын тартып, бүрістірген көл-көсір шәйі орамалдың ұшын ағытып, босата берді. Қараңғыда шошалада тізерлеп келіп, жаңғырыққа қол созды...
Бұл түні Науан да көз шырымын алмады. Ақанмен сөзге келген хазірет тамаққа отырмай, басым зеңіп барады деген сылтаумен төсек салдырып жатып қалған.
Бұхардан оқып келген Науанның мазасын алған үлкен мақсаты бар. Ол – қараңғы елдің көзін aшy: «Хадымша ғана шала оқыған дүмше моллалардың бар 224
уағызы құранның жаттанды сүрелері, өздері шала білетін алланың расулы Мұхамбет пайғамбардың хадистері. Ислам діні қазаққа тарағалы не заман, содан бері Бұхарға, Хиуаға барып оқып келмесе, ел ішіндегі оқу бір қырдан асуға жарамайтын деңгейі төмен, арнасыз білім. Ақан сияқты зерек адамдардың пайдасы аз сабақтан ығыр болып, зерігіп, тастап кететіні де содан. Ал, орыс ғылымын оқығандардан қандай пайда! Хан тұқымына еліктеген төрелер, қолы жеткен бүгінгі болыстар балаларын Омбыдан, әрісі Петербордан оқыта бастады. Олардың қайсысы елге келіп, мектеп ашып, бала оқытыпты. Орыс шәрінен алған білімін үстіне сарала тон ғып жауып, үйренген оқуын әкімдікке жұмсап, ел үстіне аталарының қамшысының орына қылыш ойната бастады. Абылай әулетінен Шыңғыстың Шоқаны зерделі шығып, елге қамқор бола ма деп еді. Ол да салған жерден мұсылман дініне найзағайын түсіріп, елді үркітті. Жұртқа пайдасын тигізе ме десе, елден безіп, қара басының қамымен жүріп жат жерде қаза болыпты. Сонда не істеу керек? Медресе ашып, қазақтың ұл-қызын бірдей алып оқыту керек. Құран сүрелеріне ғана жасия етпей, хадымнан жадитке көшіп, оқу-сызуды жеңілдетіп, дүние тану, шәрқият ығылымынан да мағлұмат берерлік мұғалім, хәлфедер ұстау қажет. Сонда құжырадағы шәкірттер нәху, жамалия, джүғрафия, жамиғаттауарихтан да хабары болмақ. Пайғамбар, сахабалар, сол замандағы шииттер, сүнилер тарихынан басқа, әрісі Ифлатун, Сократтардың, Эристалистердің, берісі Әбунасыр әл-Фараби, Махмуд Қашқари, Баласағуни Юсуп, Әбурайхан Биурни, Әзірет Ахмет Яссауи, Жалайри сияқты хакимдердің ығылымымен танысар еді. Қазаннан келген Фәхретдин бине Мифтахетдин Ақан сері сияқты ақындарды мұғалімдікке тартса, Фирдоуси, Физули, Сағди, Науаи, Низами сияқты шығыс шайырларынан да жаңа бір тарз алып, әр тарафтан білімге кенелген болар еді. Ол үшін бүкіл дуандағы дін иелігі қолда болуы шарт. Науан келгелі өзімен дәрежесі тең түсерлік имам Жәнапия, Ғабидоллаларды былай қойғанда, міскін, дүмше моллалардың өзі көп жерде аяққа оралып, сырты балқи тұрып, іші жібімейді. Жүзі күліп, іші күйеді. Науанның әр басқан аяғы санаулы. Сүрінісе-ақ болды, ертең дуанға сайлар «указной моллалық» атақтан қағылмақ. Қағылды дегенше мансұқ еткен бар талап, мақсұттан айырылады. Бұхардан екі нарға тиеп әкелген көп кітаптар шәкіртсіз тәркі болмақ.
Міне, бүгін аяусыз сынға түсетін күн. Одан сүрінбей өту үшін қаталдық қана көмекші. Жаза басып, осалдық етсе, табан тіреген мұз ойылып, өзі суға қарық болмақ. Қарық болмас үшін шариғат тариқатын биік ұстап, нәпсі жолына түскен Қадишаны құрбан етуге керек. Аяныш жүрмейді бұл арада. Сонда ғана жұрт дінге бой ұсынады. Ғибадат, ғибадат!
Бірақ... бірақ іштегі перзент дегені қайдан шықты. Шынында да, Ақан айтқандай, ол да дүре көтере алмаған ана ішінде зұлмат дүнияға кете барса-шы? Екі мүбәшаралар, ертең жолын беріп, бар күнәні арта салмауына кім кепіл. Оларға көк шыбықты тегіс үшірткенмен бәрібір, егер Қадиша өліп кетсе, сәбидің періштедей пәктігі, Ақанның қаһары жібермейді алысқа. Егер, жазалаушыларға ескертіп, дүрені абайлап соқтырса? Сонда да үрейлі Қадиша шошынып түсік
тастауы мүмкін емес пе? Апырай, не істеу керек? Фәтуаны қайтарар амал бар ма?»
Науанның маңдайынан суық тер шып-шып шыға берді.
Таңғы намазға шақырып, азан айтып тұрғанда да мүәзіннің маңдайында суық тер бар еді.
Қадишаны алып шығар мезгілде де Науанның түсі келмей, сұрланып, суық терден арылмады.
Мешіт маңы бықырлаған халық, ерттеулі аттар, тал қорапты арбалар, жеңіл күймелер. Басына сәлде ораған, шалма салған моллалардың ішінде қауқиған зүннәрә киген қожалар да көп. Кешеден бері құлақтанған ел - маңайдағы ауыл адамдары ерте тұрып жеткен. Науанның қаһарынан, мешіттің айбынынан сескеніп әрірек шоғырланып, сыбырмен ғана сөйлесіп тұр. Әке-шешелерінен қаймыққан бала-шаға бұл маңға жуйи алмай, алыстан торуылдайды. Бәрінің көзінде қызық көруден гөрі, сұмдық күткен үрей бар.
Науан бәрін сезіп тұр. Ертең жауап беретін де, уысында ұстайтын да халқы көз алдында. Түні бойы қастарына жоламай соңғы фатуадан соң қайтып сөз қозғамаған ызбарлы хазіретпен ешкім батыл сөйлесе алмады. Көлденең сөзді қалаған кейіп те білінбейді. Бетіне қан тепкен қызыл шырайлы жүзінің нұры қашқан салқын, сұсты. Шалқая біткен қасы керіле түсіп, кірпік қақпай қалшиған қалпында бекінгеніне берік қатыгездік те бар.
Көп адамның орта тұсында Тастан. Бетінен түгі шығып өз-өзінен түтіккен байдың жүзінде қысылыс байқалады. Еңсесі түсіп, жерге қарап, төменшік тарта береді. Ел-жұртты осынша шулатып, ағаттық жасап алғанына, өзіне түсер қара таңбаға өкінетін де сияқты. Мына тобырдың ішінде досы қанша болса, дұшпаны да сонша. Жонынан таспа тілдіріп Қадишаны өз жұртына қайтып әкетерін ойлағанда, ертең қаскөй, күншілдердің сырттан күліп, ғұмыр бойы бетіне салық етерін де түсінеді. Мінсіз құйылған ақ мәрмәрдай тәнін құшып, мақпалдай денесін бауырына қысқан бүлдіршіндей Қадишаны бір жағы аяйды. Бірақ өзін менсінбей, шұлығына татымайтын, ыңыршағы айналған жарлы, қазанның түп күйесіндей ұсқынсыз Сұлтанмұратқа айырбастап кеткен мазағы есіне түскенде қабағы қайта түйіліп, кекті өңі қайта тұтана бастады.
Топ ортасына қобдиына өлең шөп салған жадағай арба кеп тоқтады. Бұл күнәһарды отырғызып, Бесқарағайға апаратын көлік. Енді Қадишаны қапастан шығару ғана қалды.
Осы кезде топ ішінен біреу:
- Әне қызыл көз пері келе жатыр,- дегенде, жұрттың бәрі жалт қарады.
Сұлтанмұрат пен Байбойсынның ортасында Құлагерін лекітіп Ақан келеді. Ақан бойы көтерілген қызыл күннің шапағында отты көзі жарқылдап, қаршығадай түйіліп, таяп қалды.
Тап осы кезде бір жамбасы күн сәулесімен қанға боялған бір шөкім жетім бұлт жауып кетті. Соқтығуға қара іздегендей сұстанған Ақанды үнсіз тосып алуды бойларына шақ көрмеген қожа, моллалар өткінші жауынды қан жауғандай сылтау етіп, серіні елемеген қалыппен жондарын беріп аулаға қарай беттеген.
- Әй, мәшаихтар!-деген Ақанның айбынды үніне селк етісіп, қалай тосыла бергендерін аңғармай қалды.
Соңғы лекті Құлагердің кеудесімен қаға-маға тоқтаған сері, қазақшылық жолымен қаралы жанға көңіл айтпай, қыр көрсеткендеріне назаланып:
- Адам сөзге, мал шөпке тоқтайды. Мен бір ауыз сөз айтайын, сосын тасаға тығыларсыңдар,- деп көпті өзіне еріксіз бұрып алып, тақпақтай жөнелді:
Аспаннан абрахым нұрын шашар,
Үстім жауын болды деп надан қашар.
Сол нұрдан бір тамшысы тие ме деп,
Дарияда сәддап жатып аузын ашар.
Сендер сәддап құрлы болмағандарың ғой, қас надандар!
Іркілген топ мұсылманшылық жолмен түйреген уытты мысқылға жауап айта алмай, мойындарына су кетіп тұр.
Өткінші жауын да сирек, ірі тамшыларымен әркімнің маңдайынан, мұрнынан бір-бір шертіп өте шықты. Осы кезде үнсіз тосылған жұрт елең етісіп бастарын көтеріп алды. Ауыл ішінде ойбайын салған ащы дауыс баж етті. Іле бірнеше әйелдің зар еңіреген үнінен мешіт ауласы күңіреніп барады.
Науан орнынан тапжылған жоқ. Басқалары да хазіреттің қимылын бағып, суат басына жиналған үркек киіктерше ошарылып тұрып қалды. Аттан домалай түсіп, мешіт ішіне жүгірген Сұлтанмұрат әлден уақытта көзінен жас парлап, қайта шықты. Екі қолында жансыз сұлық жатқан мәйіт: қос бұрымы жер сызған Қадишаның сүйегі.
Тастан ұмтыла беріп, іркіліп қалды.
Мешітке жақындай алмаған қалың тобыр да енді гуілдесіп, бірін-бірі кимелей жылжып, төне түсті. Сұлтанмұрат өлікті арбаға әкеп салғанда Байбосын да аяулы келінін бас салып құшақтап, солқылдап кеп жылай берді.
Ә дегенде үнсіз томсырайып қалған қожа-моллалар бір кезде «асылып өліпті» деп бір-бірімен күбірлесті де, сығыр көздері жылтыңдап хазіретке сынай қарасты. Қанын ішіне тартқан Науан да бойын тез жиып алып, өлікке көзінің қиығымен алыстан қарап:
- Күллә нәфсан за иқатон әл мәуіт!- деп, бетін сипады да, терең қалтасынан шұбатылып сары тасбиығын суырды.
Бар қасіретін өліммен жуған Қадишаның жарқын өңіне мұңая қарап, қабақ шытқан Ақан басын көтеріп алып Науанға қанталаған отты көзін қадады:
– Әлғайбаты ашшадды миназинна!
Осы кезде моллалардың бірі:
– Підия, підия. Енді не тұрыс. Бұл мүсәпірдің підиясын кім алады,- деп қалды.
Ақан шыдай алмай күйіп кетті. Беті оттай жанып моллалардың алдына жетіп барып, жан даусы шықты:
– Федия, федия дейсің, ә! Қайсың, қане, аузы-басың қисаймай, арманда кеткен қыршынның саудаға салған ажалын?! Өлімді жерде семірген, көртышқан, күзен, қорқаудай молада сүйек кемірген, өлімтік көрсе бас шұлғып, аят оқып, тас жұтып, шулаған өңкей құзғындар! Мүбәрәк жүзің жылтырап, ішінде қара запыран таһаратсыз аузыңнан құран боп шыққан бұрқырап, көзіне дүния, тірліктің мысқылдап күнде құм құйып, зекет, підия, бітір – пұл жиған инсафсыз махлұқ азғындар. Пірәдәрсіп, монтансып, жалбарынып құдайға, шәждеге күнде бас ұрып, хәрәмдікті жасырып, ұстайтының ораза, тілейтінің жаназа!
Қожа, моллалар ләм демей, шегіншектеп, үрпиіп-үрпиіп тұр. Аузынан от бораған Ақан бөгелген жоқ. Тастанның алдына келді:
– Ә, Тастан деген сенбісің үсті-басын жүн басқан, қас-қабағын түк басқан. Сенің тіршілікте құшырлана құшқаның жар емес, ажал екеніне, өзіңнің тажал екеніңе енді көзің жетті ме. Тұла бойың толған хәсәдтік, енді құдайыңа тасаттық бер. Тірісінде көлденеңге күле қараса, аузын қағып, күлкісінен айырып ең, енді күлдіріп ал Қадишаны. Әне, бауырына қысып еңіреген Сұлтанмұраттан енді неге айырып алмайсың. Өлі дене деп тұрсың ғой?! Ол қашан сенің құшағыңда бойыңда қаны бар тірі дене болып еді. Тұяғымен бүріп, қоян басқан қара бүркіттей тірі өлікті құшып келмеп пе ең. Жеттің енді арманыңа!
Ақан жалт етіп, енді Наурызбайға қарады. Хазірет мешіт мұнарасындағы жарты айға қас қақпай қадалып, тасбиғын тартып, сұрланып тұрып қалыпты.
– Уа, Наурызбай, әл фатиха деп қарауылдың қақпасын ашқанда хазірет деген атты бірге ала кіріп едің жұртыңа. Мұстахим жолыңды ала келген хазірет пе десем, сират көпіріңді сүйрете келген қасірет екенсің ғой!
– Астапыралла!
– Әстәгрифируллаһ!- деп, бір сөзді әртүрлі қайталаған моллалар қозғалақтап, өзеурей бастап еді.
– Әлхамдулиләһи! О рәббім,- деп қымс етіп жүзін бұрмай, аузы күбірлеп тасбиығын тартқан сабырлы хәзіретке қарап үнсіз тына қалды.
– Еліңе, жеріңе ғәдалат бере келді ме десем, ғәдауәт еге келген екенсің. Мешітіңнен иман исі шыға ма десем, қабір исі шығады. Милләтің ғибадат етіп 228
жүзін бұрар сырлы михрабыңды қанмен бояған екенсің. Таң атпай зарлап мәшрыққа қарап азанға шақырды ма десем, құбылаға құлап ажалға шақырған екенсің жұртыңды. Күнәсіз Қадишаның ішінде жазықсыз сәби кетіп барады, шайтан емессің, күндердің күнінде сен де о дүниеге бет бұрасың. Сонда қиямет қайымда жағаңнан алар періштең де, жауап алар әңгір-мәңгүрің де сол болар! Ал, мәшәйхтар, енді қос құрбаныңа құран шығарып шулаңдар, мола қарақұсынша телміріңдер суық көрге!- деп, Ақан атына қонды.
«Болдың ба, шеріңді тарқаттың ба, қысылшаңда күтіп жүр ме едің?!» дегендей Ақанға салқын ғана көз қиығын тастап, Наурызбай мешітке қарай аяңдағанда, өңкей қара шапан киген жуан, құныс қожа-моллалар қара құзғындарша тоңқаңдап соңынан ерді. Орындарында тапжылмай, сері сөзіне аузы ашылып тұрып қалған көлденең жұрт қана.
Бәтимадан алған алашаға мәйітті салып, қос аттың ортасына теңдей ұстап, қайғымен оралған әке мен баланы біраз жер шығарып салған Ақан Қараталға бұрылды.
Жолда ағаш бауырында көп аялдап, аттың аяңымен таң қараңғысында еліне жеткен жарадар ақын зиратқа кеп тірелген.
Жас қабірдің басында мойны салбырап ұзақ отырды. Жас топырақ астында мәңгі тыныштық алған Ұрқия көз алдына елестейді. Ақ кебінге оранған асыл жар жер бетінде не боп жатқанынан бейхабар. Ол да Қадиша сияқты іште кеткен сәбиін ақыретпен қымтап, бұл дүниедегі жел өтінен қорғаштап, жылы жерде құшақтап жатыр.
Иесінің жабырқау кейпін аңғаратын есті Құлагер де анда-санда жылы леппен күрсініп, Ақанның ту сыртында мойнына басын салып тұр еді. Бір кезде басын оқыс көтеріп алып осқырып, танауы пыр-пыр етті. Зират сыртына үрке қарап, жер тарпыды.
Құлагер қараған жаққа көзі түскен Ақанның да бойы мұздап қоя берді. Зират сыртындағы мал өрістен қайтатын жалғыз аяқ жолмен ақ кебінін сүйреткен біреу жаяу жортып барады. Ақандарға мойын да бұрмады. Бозамық таңда ағараңдап, арқасына қоржын салған жолаушы желген бойда, тура ауыл шетіндегі үйдің оты көрінген терезесіне жабысты. Бұл да кешегі мүсәпір шалдай жақын ауылдан шыққан қайыр-садақа жинайтын тіленші екен. Ол да кешегі тірі аруақтай сахар айтып, сарнап қоя берді:
Сахар айта біз келдік...
Бойында оразаның сайтан жүрмес,
Бұл айда өлген құлдар тамұқ көрмес!...
Ақан серінің құйқа тамыры шымырлап кетті. Алдында жатқан ескі, жас қабырлар түгел дөңбекшіп, өліктен бір аунап түскендей бүкіл зират теңселіп барады.