Ақан сері — Сәкен Жүнісов

Аты: | Ақан сері |
Автор: | Сәкен Жүнісов |
Жанр: | Роман |
Баспагер: | Жазушы |
Жылы: | 2002 |
ISBN: | 5-605-01808-6 |
Кітап тілі: | Қазақ |
Жүктеп алу: |
Страница - 17
* * *
Келесі күні Анна Ивановна түндігі ашық сафтай таза ауалы киіз үйде ұйқысын қандырып кеш тұрды. Көгілдір мөлдір аспан астында, үй сыртындағы көгалда жуынып жатып күйеуіне:
- Петя, мына юрта Петроградтағы бақша ішіндегі виллалардан артық па деймін, тамаша ұйықтаппын, тіпті ешқандай түс те көргем жоқ, - деп еді, сыртта кішкентай қолайнаны алдына қойып мұртын бастырып отырған ояз:
- Несі артық. Ауасы демесең,- деп тілін ернінің астына жүгіртіп, қияқтай қалың мұртына қарады.
- Жоқ, бәрі табиғи.
- Жәрәйді, онда мен сені қазақтың жайлауында жаз бойы қалдырып, биенің сүтімен шомылдырайын. Қазір тездетіп киінгенің дұрыс болар еді. Таң атқалы жұрттың бәрі аш, сенің тұруыңды күтіп жүр.
- Неге?
- Қазақтың салтында әуелі үлкен үйге табақ тартады. Ол үлкен үй біз. Анау көлдің ар жағындағы қалың түтінді көрдің бе? Ол - кухня. Жаңа лұқсат бердім, енді тамақ келеді.
- Солай ма?- деп Анна Ивановна ширағырақ киініп-таранып, алыстағы түтінге қарап тұрған. Бір кезде осылай қарай тізіле шыққан аттыларды көріп, таңырқап қалды.- Ана салт аттылар кім, сен тамақ әкеледі деп ең, бұлар әлі ойын көрсетіп сілемізді қатырмасын. Сен тамақты айтқан соң, қарын аша бастады.
Ояз Измайлов та орнынан тұрып, тесірейе қарады да:
- К черту ойындары. Жайынбек, тамақ әкелсін де, басқасын кейін көрсетер,- деп кейіп, бұйрық берді.
Жайынбек күліп жіберді:
- Петр Акакиевич, олар бұйрығыңызды орындаушылар. Қазір сию минуту тамақ дайын болады. Ренжімеңізші, құдай үшін!
- Какой там сию минуту, сонау үш километр жерден тамақ тасығанша қанша уақыт кетеді. Ох, выдумывают же!
Бір заматта әлгі аттылар тырнадай тізіліп, cap желіп осылай қарай екпіндете шықты. Әр жігіттің қолында бір-бір табақ: буы бұрқыраған үйме табақ ет! Алыстан кадило ұстап келе жатқан священиктер сияқты. Ат үстінде қаққан қазықтай отыр. Астарындағы өңкей үстіне су құйсаң төгілмейтін төрт аяғынан бірдей тайпалған су жорға. Бәрі де теңбіл көк. Білектерін сыбанған табақшы жігіттер де бірдей.
Анна Ивановна мына көрініске таң қалды:
- Мынау нағыз цирк қой!..
Қатардағы іші бос, кең қонақ үйдің төріне табақ тартылды. Маңайда күтіп жүрген Ақмола уезінің адамдарынан басқа, кешегі үш жүздің белді-белді шонжарларының біразы бүгін осы үйге жиналған.
Анна Ивановна ет жеп, бір кәрлен қымыз ішкен соң, үй ішінде отырғысы келмеді. Бірін-бірі көтермелеп, жалған мадақтап дуылдасқан шонжарлардың сөзінен әбден жалықты. Әсіресе тамақ соңынан екі құжбан қара мешкейді әкеліп жарысқа салғандары-ақ батты. Бір кесек еті жоқ аппақ қардай майды үйіп тураған бір-бір ағаш астауды алдарына алып қарама-қарсы отырған екі мешкей адам сияқты емес, бұрын-соңды естімеген тажалдай көрінді Анна Ивановнаға. Білектерін түрініп алған екі дәу күректей қолдарымен ақ майды уыстап алып, арандай аузына тастай береді. Шайнамайды да. Тек қылғытып жұта береді.
Әшейін бір үңірейген кең апанға уыс -уыс етті тастап жатқан сияқты. Екі астау да орталанып, екі мешкейдің білегінен сорғалаған майды көргенде жүрегі айныған Анна Ивановна көзін жұмып, тітіркеніп тысқа ата жөнелген.
Таза ауада біраз тұрып есін жиған соң барып:
- Әлгілердің асқазанынан не қалады?- деді соңынан ере шыққан Жайынбекке.
- О-о, Анна Ивановна, ол әлі жаңа бастағандары ғой, әлгіден соң тағы да бір-бір астау ет, одан соң кемінде үш-төрт шарадан қымыз, екі-үш кесе сары май жейді. Оларға бір қойдың еті жұғын емес.
Анна Ивановна тілмашқа таңырқай қарады. Жайынбектің түрінде өтіріктің нышаны жоқ.
- Ал одан кейінгі күндері не болмақ, жарылып өлмей ме?
- Түк те болмайды. Мұндай мешкейлер қазақ ауылдарында өте көп. Әбден үйренген ғой... Әлгілер бәрін тауысқан соң, көлдің шетіне түсіп, бастарын жиекке салып ұйықтайды.
- Содан соң?
- Содан соң ештеме болмайды. Ертең кешке дейін, бір тәулік бойы маужырап ұйықтай береді. Егер көрсеңіз қызық. Желсіз тымық күні жатқан жеріндегі судың беті түгел май боп кетеді.
Анна Ивановна бұдан артық сұрауға шыдамады.
- Жүріңіз, ана үйлерді аралайық. Басқа тағы не қызықтары бар, - деп, көп киіз үйлерге беттеді.
Бұлар ішінде гу-гу әңгіме дүкенін құрған адамы көп бірнеше үйден өтіп, оқшауырақ тігілген бір ақ отауға бұрылды. Ақ отау алыстан-ақ күмп-күмп етеді. Анна Ивановна түк түсінбей келеді. Жақындағанда көрді. Екі аттылы жігіт ақ отауды жанамалай тұрып, үзіктен қылтиып шыққан жарқыраған күміс піспені ат үстінде алма-кезек ауыстырып піседі. Екеуінен де моншақтап тер аққан. Әлден уақытта барып екеуі де алқынып, діңкелері құрып, жөнеле берді. Анадайдан салдыртып тағы екі аттылы жетті.
Анна Ивановна есікті ашып қарағанда таң қалды. Ақ отаудың ішінде жалғыз қара саба. Күнде көріп жүретін сабалардан, мөлшермен, он-он бес есе үлкен алып саба. Терімен бүріп келтірген әдемі шүмегі бар. Алдында оюланған үлкен ағаш тегене, сырлы аяқтар. Тегене ішінде шымқай алтынмен өрнектелген ожау.
- Бұл - Баянауылдың, ақбура руынан: Алты мың жылқысы бар Қарқынбай деген байының сабасы,- дейді Жайынбек, мына көрініске таңырқаған Анна Ивановнаға.- Бір кезде үлкен асқа алты атанға артып барған қымызын осы сабаға құйыпты деген аңыз бар. Сол сабасы осы. Бұл туралы кезінде өлең де шыққан.
Жайынбек өлеңді қазақша айтып, жалпы нобайын бұзбай, аударып та берді:
«Ол күнде бұзылса да ел, шамасы,
Мейрамның дүрілдеген бес баласы.
Қуандық Қорысбайдың асы болып,
Жетіпті Қарқынбайдың бір сабасы.
Қара Алтайдың баласы Қарқымбай-ды,
Байлығын байығаннан алқымдайды.
Алтын ожау болғанда, күміс піспек,
Жиын сайын сабасы жарқылдайды...»
Енді Анна Ивановна мен Жайынбек маңында жұрт жыпырлаған шет жақтағы бір үйге қарай беттеді:
– Анау үйде не боп жатыр?- деп сұрағанда:
– Онда ақындар жиналған, тегі, ән салып жатса керек,- деген Жайынбек ояз әйеліне...
«Ақан сері келіпті», «Көкшетаудың Ақаны», «Әйгілі Құлагер келіпті» деген хабарды асқа жиналғандар түгелдей құлақтанды. Күн шығып, жуынып-шайынып алған соң-ақ, жұрт таңғы асты күтуге шыдамдары жетпей, Ақан сері жатқан ең шеткі боз үйге қарай жөңкілген еді.
Анна Ивановна келгенде таңертеңнен басталған ән-думан әлі қызып жатқан. Боз үйдің сырты үйме-жүйме адам. Киіз үйдің айнала етегін түріп, туырлық арасындағы шиін сырып тастаған алты қанат тор көз керегеден сығалап андыздаған жұрт, бірінің үстіне бірі шығып кете жаздап, мойындарын қылқылдатып созады. Іштегі әншілердің даусын ғана естіп, дидарын көре алмаған кейбірі ине шаншар қуыс таба алмай, әр жерден бір кимелеп, басын сұғып кіре алмай, жанұшырып жүгіріп жүр. Іштен әншілерді көтермелеген «һоу, шіркін», «аһ-ай» деген дауыстар шықса, сырттағылар да делебесі қозып, бірге айғай салады. Көйлегі жоғары түріліп, арқасы жалтыраған екі ер бала, тылтиған шағын қамзолының күмістері жарқыраған, тақиялы кішкентай бір қыз шашы жалбырап, киіз үйдің төбесіне шығып кетіпті. Шаңырақтан бастарын сұғып, табжылмай жатқан балаларды ешкім аңғарар емес.
Жаңағы үйде азғана мықтылар екі мешкейдің жемқорлығын тамашаласа, мұнда жұрт әншілерді қошеметтеп думандатып жатыр.
– Не деген контраст, онда партерде ғана аз аристократтар отырса, мұнда галеркаға дейін орын жоқ,- деді Анна Ивановна күліп.– Жабайы натурализм мен таза искусствоның зрительдері бір ауылдың ішінде екі жерде өздерінше мәз.
Бұлардың келгенін көпке дейін ешкім байқамады. Жайынбектің даусын да естір құлақ жоқ. Ауыл ішіне қожаңдап, еркін жүріп қалған тілмаш науадағы суға анталап, шөліркеген қойлар құсап шүпірлеген жұртты иығынан жұлмалап, жағасынан тартып сүйрелегенде барып беттерін бұрды.
- Әй, жол беріңдер, маржа келді, маржа!
- Ойбай, ояздың қатыны келіп тұр.
- Жол беріңдер, маржа,- десіп ілтипатпен ығыса бастады. Анна Ивановнаның келгенін естіп, іштегілер де өлеңдерін аз уақытқа доғарысты. Екі жарылған жұрттың арасымен «Спасибо, спасибо!» - деп бас изеп, күлімсіреп өткен ояздың әйелін жұрт неше түрлі әңгімемен қақпақылдап:
- Әй, өзі сыпасиба дейді. Дегенмен сыпайы екен.
- Күйеуінен жүзі жылы.
- Бұл мында не іздеп келді екен?
- Батыр-ау, бұлар күйеусіз жалғыз-жалғыз еркін жүре береді-ау.
- Е, байсыз оны жау алады дейсің бе?!
- Әттең тілім жетпейді, әйтпесе өзімен бір сырласып, әмпай боп қалар ем.
- Сені қайтсын анау ақырған ояз байы тұрғанда.
- Әй, жел сөзді қойсаңдаршы, қонақ емес пе? Кім біледі, төбесі тесік шығар.
- Оның төбесі бітеу болса да, анау жандайшабының төбесін қайда қоясың. Ол бәрін жеткізеді,- деп қонақтар қашан төрге шыққанша, түбі тесілген қаптан көрінген тарыға ұмтылған тауықтарша бір -бір шұқып қалып жатыр.
Анна Ивановна қолдарына үкілі домбыра ұстап үнсіз отырған әншілерді айнала бір сүзіп өтіп, қасындағы ықшам киінген, тұлғасы-бітімі ерекше, қоп-қою мұртының ұшы сәл ширатылған, ат жақты кербез жігітке кірпігі ұзын, тобылғы түсті қоңыр үлкен көзінің қиығымен қарап отырып қалды. Омбыда оқыған Жайынбек отырысымен қала тәртібімен әншілерді таныстыра бастады.
Үстіне құйған әтірі мен бұғақсыз биік аққу мойнын бұрғанда жарқ-жарқ еткен сырғасынан бастап әңгіме қылған керегенің тұсындағы жұрт күбір -күбір етіп кетті:
- Ойпырмай, байқайсыңдар ма,-деді біреу мұрнын жиі тартқылап,- керемет жұпар исі аңқып кетті ғой.
- Туһ, қандай керемет иіс еді өзі!
- Ерейменнің бауырындағы гүл атаулыны езіп үстіне жағып алғаннан сау ма?
- Ойпырмай, сырғасын қарай гөр, бір қаралық қой.
- Киімдері қандай жақсы, не мата екен?
- Белімен-бел ғып тігулерін қарашы.
- Айырылып кетпей неғып шыдап тұр. Әйтсе де етегі көлдей екен.
- Шіркіннің белі қалай үзілмей тұр десейші. Қасықтың сабындай ғой, қарағым-ау!
- Тамақты да оймақпен ішетін шығар.
- Бірақ көйлегінің алқам-салқам ашығы жаман екен.
- Анадай емшек болса, мен де қатынымның төсін жарқыратып ашқызып тастар ем.
- Қой, мұсылман жұртына ұят та.
- Бұлар ғой, бәрін ашып жүреді.
- Екі емшегінің жықпылын қарашы, не деген биік емшек. Ботаның өркешіндей тік тұруын қарашы!
- Біздің қатындарға көрсетсе!
- Қой, шошып кетер.
- Әй, дегенмен бәдені келіскен әйел. Ана шегір көз жаман оязға қалай тиіп жүр?!
- Е, олар да байлық, атаққа қызықпайды дейсіңдер ме?
- Кім біледі олар да қыздарын зорлап қосатын шығар.
Киіз үйдің әр тұсынан кейде ду етіп күліп, кейде дабырлай сөйлеген жұрт ән қайта басталғанда барып жым болды. Өңкей еркектің ортасына түскен Анна Ивановна келерін келсе де, өзіне қарап, ымдап, сұқтана қараған көп көзден қысылып, қасқырлардың ортасына түскен қызыл түлкідей қайда тығыларын білмей ыңғайсызданды да, ән басталғанда ғана арқасы кеңиін деді.
Сағынай асына жиналған Арқаның өңкей атақты әнші, ақындары осында. Бәрі де Ақанды пір тұтатын, оның серілік, аңшы-саясатшылығын жүрген жерінде сөз етіп, ақын басына түскен өткен-кеткен қайғысына ортақтас жанашыр жандар. Әуелі сәлем бере келіп, ақыры өнерлерін бір араға құйып жатқан саңлақтар. Тап ортада тік-тік боп қаздиып отырған Ақанның екі жағына қанаттаса жасына қарай жайғасқан әншілер - Қарқаралының Қу болысынан Айтпай, екі көзі жоқ қари атбасарлық Қапаш, керекулік қозған Байтұлым, Шорман төренің әншісі атанған баянауылдық жас жігіт Жарылғапберді, Аққошқар-Сайдалының малайы Сармұраттың баласы Алтай-Саратты Құлтума, ел арасында жаңа аттары шыға бастаған жас әншілер. Ұлы жүз, Кіші жүз әншілері қонақ дәстүрімен ешқайда әлі көрінбей, жеке үйлерде сый-құрмет көріп, той соңынан болатын айтысқа әзірленіп, үнсіз жатыр. Олардың қасында Шөже мен Орынбай ақындар.
Тоқтап қалған әнді жалғап кеткен Айтпай болды. Бағанағы әзірде «Ардақ», «Қанапияны» тік шырқап, жұрттың айызын қандырған әнші, енді сызылтып, «Раушанға» басты. Баяу қалқытып, ара-арасында күрт тоқтап, қайта толқытқан Айтпайдың даусына риза болған Анна Ивановна қасындағы тілмашқа бұрылып:
- Әттең сөзін түсінбеймін. Лирикалық ән екен. Даусы не деген ашық, таза, нағыз тенор! - десе, Жарылғапберді ән шырқағанда:
- Мына дауыс - таза баритон. Өзі жас жігіт екен, оқытып опера әншісін дайындар ма еді,- деп Петербург театры әншілерімен іштей салыстырады.
Енді Құлтума домбыраны алып, «Үш көтермені» басқанда ұзақ тыңдап қалған Анна Ивановна тілмашқа тағы сыбырлады:
- Қазақ жұртының бәрі әнші ме қалай?! Және бір ғажабы үндері де, әндері де неше түрлі, бір -біріне ұқсамайтын не деген өзгеше бай дүниелер. Қазақтың тамаша өнері, қасиеті әнінде жатыр екен ғой,- деді.
Тілмаш та үндемей қалуды бойына шақ көрмей:
- Бұл әшейін бір жағы ғана. Әлі нағыз әншілерді көрсеңіз бұлардан да керемет. Көбі мұнда келмеген. Өзіңізді қазақ даласын аралатып, таныстырар едім, әрине его высокоблагородие Петр Акакиевич ұлықсат етсе,- деп жігітшілік жасап, жымиған болды.
Анна Ивановна тым еркінсіп сөйлеген аузы жырта қарыс дөрекілеу жігітке қабағын шытып, тыйып тастады:
- Қалжыңдасатын адамыңызды тауып сөйлесеңізші!
- Ғафу етіңіз, Анна Ивановна, мен әншейін...- деп, ән тыңдап, жүзін бұрып әкеткен әйелдің құлағына қарап, тілмаш қызараңдап, міңгірлеп, тосылып қалды.
Россияның ең ірі қаласында жасынан дүние жүзі әншілерінің үнін тыңдап өскен, классикалық өнер атаулыдан мол хабары бар Анна Ивановнаның аса таң қалғаны Жаман баласы Қапаштың дауысы болды. «Қарғам», «Гауһар», «Аман сал», «Шалқақ кер», «Қапірені» бірінен соң бірін тізбектей салған әншінің күре тамырлары білеуленіп, айтқан сайын гүрілдеген кең даусы үйді теңселткендей дауылдатып ашыла түседі. Біресе әупілдекше гүмпілдеп, біресе ашық шаңырақтан шығып шырылдап көтерілген ащы, құлашты дауыс бір адамның емес, қатар отырып айтқан бірнеше әншінің үніндей неше құбылады. Күн күркірегендей күмбірлеп, дүрілдей бастағанда сұлу әйелдің көзі шарасынан шыққандай аясы кеңи түсіп еді, домбыраның төменгі сағағына қарай барып, даусын шырқай соза бергенде, музыкадан хабардар ол, үшінші актаваның соңғы нотасына ауысқан үнді «енді жетпей қалар-ау» деп, бар бет пішінімен, қимылымен қиналып еді, құлақты жарып жіберердей ашық дауыс еш бөгеліс, кідіріссіз тап -таза мүрсіндей қалпында ширатыла көтеріліп, шаңырақтан атылып шыққан бозторғайдай ұзақ дірілдеп бір арада тұрып алғанда, сезімтал адамның көзіне жас үйірілді.
Шымырлаған биік үн бір кезде күрт төмендеп, қайта гүрілдеп барып жұмсақ үнмен, күшінен айырылмай бір деммен таза толастағанда:
- О-о-х!- деп қалған Анна Ивановна жұқа қол орамалымен көзін сүртті.- Не деген үн, не деген диапазон. Бас дауыстан тенорға дейін көтереді екен. Шіркін, мұндай дауыс үлкен опералық мәдениеттің құты ғой,- деп, орта жасқа келген денелі, сұсты адамның кірпіктері дірілдеп, бір ашылып, бір жұмылған зағип көзіне аянышпен қарады.
Қапаштан соң жұрттың көзі келгелі қыстамай, көңілі өз-өзінен жадап, тек ақындар ән салып қыздырғанда барып жаңа-жаңа ширығып, көңілдене бастаған Ақанға ауысты. «Ақан ағайға кезек келді», «Ақан сері өлең айтпай ма» деп ынтығып, күбірлей бастаған дауыстар жиі-жиі айтылып, көбейіп кетті. Су қараңғы екі көзінен қорғалап, сөйлегенде тура қарауға жасқанып отырған Қапаш, басын төмен тұқырып, қоңыр даусымен Ақанға көптің атынан қолқа салды:
- Осында Ақан кепті деп естігенде тағатымыз қалмай, осылай қарай жосыдық. Таяғыммен жер түртіп, мен де жеттім. Атыңызға сырттан қанықпыз. Жүзіңізді көрмесем де, үніңізді естісем бе деп ем, осындағы қауымның шөліркеп тұрғаны да сіз.
- Иә, серім, сіз бізге әнші ғана емессіз, осынау жалпақ өңірге ерекше біткен қос шынардың бірісіз, бәрімізге ұстаз, әннен де, өлеңнен де үлгі тұтар өнегеміз – сіз. Алыс жолдан қажып келген шығарсыз, әйткенмен бір -екі ауыз лебіз білдірсеңіз екен. Солай емес пе?- деп Айтпай ашық даусы саңқылдап, айналасына қарағанда, кереге сыртында анталаған жұрт ду ете қалды: «Иә, қарағым, бір -екі ән айтсаңыз», «Майдақоңыр», «Маңмаңгер», «Кепсер», «Сырымбет», «Үш тоты», «Шамшиқамар» деп өздері жатқа білетін өлеңдерін қалап, таласа -тармаса айтып, үйді жығып кетердей сықырлатып, маңайды басына көтерді.
Басқа қазақтардан киім-киіс, отырысы да бөлек, кескін-келбеті бір көргенде адамды еріксіз баурап алатын ардагер Ақанға бағанадан бері ұрлана қарап отырған Анна Ивановна да жұрт қалауын түсініп, ақынға бұрылды.
- Ән айтыңыз, мен де шын қиылып сұраймын,- деп мәдениетті, сыпайы әйел қолындағы желпуішін әдеппен жиып, басын сәл иіп, сұлу көзін төңкере, қиыла қарады. Әшейінде тілмашына бұрылып, аударуын күтетін ол, бұл жолы «түсінікті шығар, не тілеп отырғаным» дегендей оған мойын бұрмады.
Ақан аппақ тістері ақсиып күлді де, жұртқа қарап:
- Жәрәйді, бір-екі ауыз айтайын. Жолдан шаршаңқырап келгенім рас еді, кейін қолдарыңыздамыз ғой,- деп, теректен ойып жасаған домбырасымен әсем бір саздарды жеңіл қағып тартты да, «Маңмаңгерді» тербеп кетті.
Жұрт бірінің бірі құлақтарының тұсынан ғана сыбырласып:
- Мынау өзінің Құлагеріне шығарған әні.
- Өй, атыңнан айналайын!
– Шіркін-ай, атты қалай таңдап қояды!
– Өй, тыныш тұр, ән тыңдайық,- десіп керім-сал, кербез әнді ұйып тыңдады.
Ән аяқталғанда:
– Өй, шіркін-ай, қалай-қалай маң-маң басады!
– Желмаядай екен ғой жүрісі!
– Қалай қоңырлатады,- деп қошеметші жұрт гуілдеп кетті.
Аясы кең көзімен ақынның әр қимылын бағып, салалы, етсіз ұзын саусақтарына тесіле қараған Анна Ивановнаның тұсынан Жайынбек өлең сөзін, Құлагер жайын түсіндіріп жатыр.
– Ән де, сөзі де өзінікі ме?- деп Анна Ивановна тілмашқа ақша бетін бұрды.
– Мұндағы әншілердің бәрі, көбінесе, өзі шығарған әндерін ортаға салады.
– Композитор, поэт,- деп Анна Ивановна таңырқап қалды.– И еще исполнитель. Және қандай исполнитель!Жүрекке жылы жұмсақ үн, барқыттай қою тембр! Қазақ даласында да небір келісті жігіттер бар екен ғой. Настоящий степной рыцарь!
Ақан ояздың әйелі келгелі, оның жүзіне тура қарамай тәкаппар отырса да, ол туралы бір қызық ән көмейіне тіреліп, саусағына орала берген. Сөзі де көкейінде сайрап көп ұзамай бір әзіл өлең өз-өзінен дүниеге келді. Әйелдің соңғы сөзін құлағы шалған сері жігіт енді жұртты бір серпілдіріп алайын деп домбырасын қағып-қағып жіберіп, сал мойнын орыстың сұлу келіншегіне наздана бұрып:
– Арамызға келген қонақ құдаша ғой, бұл бикештің де қазақ жұртынан алар үлесі, қолқалы бұйымтайы бар шығар,- деп қуақылана ойнақы әнді бастап кетті:
Қалқатай, кари глаз екі көзің,
Никогда не забуду айтқан сөзің.
Третий, второйлар толып жатыр,
Ойласам как родился сенің өзің...
– Поу деген, Ақан ағай да орыс құдашаны байқап қалған екен ғой!
– Әй, орысша айтып отыр,- деп бірінші ауызы аяқтала бергенде жұрт гуілдеп, кейбірі күліп, тамсана тыңдап, бәрі Ақанға бір, келіншекке бір қарағанда, әннің өзіне арналғанын аңғарған Анна Ивановна, өзіне қадалған дала қазақтарының көзінен ұялып, қызарақтап төмен бұқты.
Қалқаның бес мың теңге бір басында,
Восемсот три тысяч сырғасында,
Ақ меруерт, асылзада бекзат қалқам,
Мен сенің жараймын ғой жолдасыңа.
– Қазақтың қаршығасы ілді, ілді орыстың аққуын.
– Апырмай, өзін де бұлдады-ау!
– Сырғасы қанша дейді-ай, бәсе, болса болар,- десіп, орыс сөзін шала түсінгендер нобаймен соғып, қарқ-қарқ күлгенде, Анна Ивановна шын қысылайын деді.
Серінің қолқасы бар бір басыңа, Күн сәулең елес беріп тұр қасымда. Өмірің өткіншідей өте шығар, Қызықты көре алмассың дер жасында.
– Пау, шіркін!
– Нағыз сері десе, серісің-ау!
– Бүрді-бүрді қаршыға, енді тырнағынан босап көр!
– Арманың жоқ, қазақтың ардагерінің қолына түстің.
Кім кепіл өмір гүлі сынбасына, Саяда тұрса дағы шың басында. Армансыз жас шағыңды өткізіп қал, Мен кепіл өмір өтпей тұрмасына. Көптен-көп паклон айттым скажия, Сырымды жасырмадым сізден зия. Именной, искренной түсініңіз, Хорошенко, сестра, сватия!
– Шіркін-ай, шіркін-ай!
– Қайран жастық-ай!
– Әй, не деді-ай. Түсіндіңдер ме?
– Ақан өзі орысшаға да жетік екен ғой.
– Тусаң ту!
– Келіншек те не деуіңе тұрады. Ақанның қолы ғой.
– Тек! Шариғат қоспайды.
– Шариғатыңды жастық пысқырсын ба, қайтсын. Өй, тусаң ту! Шіркін-ай, сұлу көрсе суырып-ақ тасайды-ау құшақ-құшақ өлеңді.
– Иә, иә, қанжардай суырады-ау!
– Тағы айтшы, Ақанжан, мына балалар үйреніп алсын,- деп жұрт жапатармағай күліп, сөйлеп кеткенде, Анна Ивановна орнында отыра алмай, не кете алмай, қибыжықтап, даусы дірілдеп, тілмашына ақырын үн қатты:
- Мені мазақтап отыр-ау, ұят-ай, кетейікші осы арадан.
- Анна Ивановна, бұл әшейін қалжың өлең. Қазақ жігіттері әйелдерге тиісіп, қалжыңдап отырғанды жақсы көреді - сатира, юмор,- деп Жайынбек өзі шала білетін әдеби терминдермен жуып-шайған болды. Шын ниетімен талдап, түсіндіргісі келмеді.
- Жетістірген екен онда!
Песірдің сөзі ұнамаған Ақан оны оқты көзімен атып, қып-қызыл нарттай қызарған келіншекке салмақты жүзін бұрды.
- Уважаемая Анна Ивановна!
Тосыннан таза орысшалап бөтен халықтың қатқылдау акцентімен сөйлеген сөзге селк етіп, мөлтілдеген жасты көзін көтерген ерке әйел, «менің жазығым не еді, неге соншама шүйліктіңіз, менің затым әйел емес пе?» дегендей, бағанадан тұлғасын, өнерін шын ұнатып отырған Ақанға ашық өкпемен қарады.
- Әй, тұра тұрыңдар, бірдеме деп сөйлесіп жатыр.
- Батыр-ау, жылайын деп отырғаннан сау ма? Сендер де енді күле бермеңдер. Жамандыққа бұрып қалар,- деп жұрт екеуінің аузына қарады.
Көптен орысша сөйлемей тосырқап қалған Ақан ойлана, қинала отырып ұғындырды:
- Кешіріңіз, егер біз сіз тарапынан бір сөз айтсақ. Бірақ ондай сөз айтылған жоқ. Егер тілмашыңыздың сөзіне құлақ ассаңыздар, сіз де, еріңіз де қазақ жұртын үнемі қисық түсінетін боларсыздар. Басқаға білмеймін, сізге деген көңіліміз аспанымыздай таза, қонаққа деген бізде бөтен пиғыл болмайды. Оның үстіне әйел затын ақын қауымы ренжітіп, ауыр сөзге қалдырып көрген емес. Сізге, сіздің жүзіңізге қызығып, бірер мадақ сөз айтсақ, оған өзіңіздің көріктілігіңіз, күн жүзіндей нұрыңыз айыпты,- деп Ақан сәл ғана езу тартқанда, қап-қара мұрт астынан көрінген қып-қызыл ерінге көзі түскен Анна Ивановна да, меруерттей тізіліп ұп-ұсақ мөлдір жас іліне қалған қайқы кірпіктерін жиі қағып, оқыс күрсінді. Кеудесі дір етіп, ашуы тез тарқаған баладай күлімсіреді.
- Шынында, ыңғайсызданғаным рас еді... Бәсе, сіздей жігіттердің аузынан оғаш, дөрекі сөздер шықпауға тиіс. Оған қимаймын да. Тілмашқа ерсең, тіліңнен ғана емес, дініңнен айырыласың деген ойды жақсы айттыңыз, Ақан. Сіз орысшаны да тәуір біледі екенсіз. Егер мүмкіндігі болса, өлеңіңізді өзіңіз орысшалап берсеңіз қайтеді.
- Өлеңді аудару қиын ғой. Дегенмен жүрекпен айтылар сөзді ыммен де жетізуге болады. Шамамен түсіндіріп көрейін,- деп Ақан әлгі өлеңін бар білетін жақсы, сырлы сөздерімен, көп теңеулермен орағытып, ұзақ аударды.
Анна Ивановна енді өзі қатты күліп, ақын базынасына шын ризашылық білдірді.
- Әйел жаны мұндай сөздерге өспесе, кемімейді. Есте жүретін сөздер екен.
- Тек его высокоблагородие естімесе болғаны да,- деді шет қақпай қалғанына намыстанған тілмаш.
Анна Ивановна сымға тартқан күмістей балқыған нәзік, сұлу денесімен түгелдей бұрылып, мысқылмен күлген Жайынбекке салқын қарады:
- Егер біздің үй ішімізде бір жағдайсыздық туса, сіз арашашы болмай-ақ қойыңыз,- деп Ақанға қайта бұрылып, қызғалдақтай үлбіреген томпиған ерніне маржандай тістерінің сәулесі түсе күлімсіреді.- Әйеліне жағымды сөз айтқанды жақсы еркек жек көрмесе керек. Егер жаман болса, оның ғана көңілін табам деп, жақсы сөзден тартынудың да реті жоқ шығар. Менің атыма айтылған рыцарьлық сөзіңізге, арнау өлеңіңізге шын көңілден көп рақмет!
Ояздың әйелі томсырайса, «апырай, не боп қалды, Ақанымызға кесірі тимесе игі еді мына пері қыздың» дегендей бірге томсырайып, ол күлсе, «е, жүзі жібіді ғой» дегендей бірге күліп, Ақанмен сөйлесіп кеткенде, «шіркін-ай, Ақан періштенің де, перінің де тілін таба біледі екен. Не деген өнерлі жігіт» деп үнсіз тұрып қалған жұрт қайта ақтарыла жөнелді:
- Әй, мынау бір айта жүретін өлең болды.
- Үйреніп алдыңдар ма?
- Басы қалай еді: «Қалқатай, қара глаз екі көзің» бе еді?
- Қара емес, «кари».
- Өй, кари болса, үн салып құран оқитын келіншек болды ғой мұның. Кейін Ақанның өзінен анықтап алу керек,- десіп, орыс сөздерін қызықтап үйрене бастаған жұрт әлгі өлеңді жаттаумен әлек.
Сол күні асқа келген адамдардың аузында осы өлең жүрді. Бәрі ыңылдап осыны айтады. Орыс сөздерін әдейі қазақыландырып айтқан бұл өлең «Сүйген қалқа» деген атпен жалпақ елге тарап кетті.
* * *
Асқа келген жұрттың аузына Ақан мен оның Құлагері қатар ілікті. Түні бойы әр киіз үйдің астында, болашақ ұлы бәйгені шуылдасып сөз қылғандар қазақ даласында соңғы жылдары алдына ат салмай жүрген Көкшенің дүлдүлін көргенше асыққан. Таң сәріден тұратын Ақан, «тіл-көзден аулақ болсын» деп, оның үстіне кейбір сыншылардың атының тұла бойын сүйеммен өлшеп, бақайшағына дейін мінейтін мінезін жақтырмай, Мөңкеге жетектетіп, айдалаға жеке жіберген.
Түс ауа сары ала атпен шылбырынан жетектеп, сары ала жабулы Құлагерді Мөңке алып келгенде, аңдып жүрген ат құмарлар үстіне қарғаша үймеледі.
- Әне, Құлагер келе жатыр.
- Мына бір сары ала жабулы Құлагер болар,- деген дауысты естігенде лезде жиналды.
- Кәне, кәне, қайсы?
- Мына бір әдемі жабулы ма?- деп үстіне төніп қоршап алғандар ынтыға жетіп көргенде, сенбей де жатыр.
- Қой, мынау Құлагер емес шығар.
- Жүрісі босаңдау екен.
- Мынау - көп жайбасарлардың бірі ғой.
- Кім біледі, болса болар. Мынадай жабу серіде ғана болмақ.
- Туһ, өзін де келістіріп тіккен екен!
- Әй, бала, аты шулы Құлагер осы ма, жабуын алшы, жақсыны көрмек үшін деген.
Ұзын кермеге байлап, қасынан тапжылмаған Мөңке:
- Қайдағы Құлагерді айтасыңдар. Бұл Қарақай аты - Кермаңғаз,- деп маңына жуытар емес.
- Әй, қарағым, атыңды жеп қояр деймісің, алсаңшы жабуын.
- Ертең бәрібір көреміз ғой.
- Ұзатайын деп әкеп пе ең осыншама бүркеп,- деп кейбіреулері балаға ыза болса, енді біреулері:
- Айналайын, Ақанның Құлагерін бәріміздің көргіміз келеді. Көруге ынтықпыз.
- Бұл қазағымның дүлдүлі ғой. Бәрімізге мерей емес пе?
- Атағы алты алашқа мәлім тұлпар осы болса, көрейік,- десіп Мөңкеге жалынды.
Аттың қасынан шықпай қызғышша қорыған өткір бала көзі жайнап, шаңқ-шаңқ етеді.
- Бұл бетін ашып көретін қалыңдық емес сіздерге. Бірінші рет бәйгеге әкелген өзімнің атым - Кермаңғаз. Құлагерді білмеймін. Құлагерлеріңді тауып алыңдар, менің атымда шаруаларың болмасын.
Бір топ жігітімен әр кермеде байлаулы өз Құлайкөгімен жарысқа түсер жүйріктерді қарап, аралап келе жатқан Батыраш та жетті бұл кезде. Бойы еңгезердей, толық қара бұжыр, ала көз Батыраш Құлагердің басын көргенде-ақ тани кетіп, маңдайынан суық тер шықты:
«Аһ, келген екен ғой!» Сырттай бақылап, дуылдасқан жұрттың сөзін естіп, үнсіз тосылған өркөкірек, менмен жігіт өз атын естігенде шыдай алмай кетті:
- Егер Құлагердің келгені шын болса, әлгі «бәйгемді шаппай алам» дейтін Батыраштың күні не болды екен?!
- Е-е, ол да естіп, ішкен асы бойына сіңбей жүрген шығар.
- Осы өзі шын Құлагер ме?
Батыраш алдында тұрған үлкен-кішіні кеудесімен қаға-маға Құлагерге барды да, жабуын ала беріп еді, Мөңке шап етіп қолына жармасты. Тиісуге қара таба алмай түтігіп тұрған бай Мөңкені бір-ақ қағып ұшырып жіберіп, аттың жабуын жырта-жырта жұлып алды да:
- Ал, қараңдар, өңкей құзғындар. Қарауылдың бір жаман тышқағы келгенге сонша өлерменденгендерің!..-деп қызыл еті шоқтай жанған үлкен көзін жақтырмай қадаған Құлагерге тістене қарады.- Осыншама әбзелдеп, әлдеғандай қылуын қарашы мұны.
Бұл жерде тұрғандардың көбі алтайдың әумесері Батырашты жақсы біледі. Қарағандының көміріне подрядщик боп байып алғаннан бері тәубәларынан жаңылған ағайынды Батыраш, Қотыраштың тізесі кімге батпаған. Қазір біреу бірдеме десе, бас салып сабап тастауында шәк жоқ. Қасындағылары да өзіндей өңкей қисық, «ә десе, мә дейтін» тентек, сотқар жігіттер. Батыраш жұмсаса суға шешінбей қойып кететін көзсіз батырлар. Оның үстіне жалғыз өр алтай, балықшы алтай емес, мұндай жиында дау шыға қалса, бүкіл Арқаға жуандығын көрсетіп келе жатқан исі қуандық ұрандасып, бірлесіп кететін әдеті. Мейрам баба асық иіріп, бес ұлына мал бөлгенде, «алшысы, тәйке, бүгі, шігі де менікі» деп, «омпы тұрғанда да біз аламыз» деп бас салатын қиянатшыл көп қуандық емес пе ? Солардың ішіндегі ең сыңар езуі де осы Батыраш. Оның ат екеш атқа жасап тұрған ожарлығы мынау.
Жамыраса-шуласып Құлагердің үстіне түсіп тұрғандар Батыраштан сескеніп, үнсіз тосылып қалып еді, жуанның қолпашшылары мұрындарын шүйіріп, кимелей жөнелді:
- Ей, Құлагер дегенің мынау ма, тәйірі?!
- Мынау әшейін ауыл арасындағы шілдехана-мілдеханада қосатын ат қой. Құнан бәйгесіне алдап қоспаса, ат бәйгесіне жарамас.
- Ұлы ас түгілі көпей астағы бәйгеге қоспас ем.
- Өзінің ұсқыны қалай жаман: қиқы-шойқы бірдеме ғой.
- Өзі не көксау, не қыршаңқы болар, терісін қараңдаршы.
- Рас-ай, байқадыңдар ма, тісін қайрап тұр, мынау, дәу де болса, жамандаттың іштен болатын түріне шалдыққан ат.
- Өзінің қабағы салыңқы екен, мен білсем, мынау ыстық-суықты болып, маңқаға айналған ат.
- Қай маңқа? Көкірек маңқа ма, без маңқа ма, танау маңқа ма?
- Жоқ, мынау шұбырта - мандамға кезіккен мал.
- Рас, рас, буындары ешкі буындас екен, тегі буын-буыны салдырай бастаған «жаңбыр мандам» болар.
- Мынау қараөкпеден де сау емес.
- Мына қарын жай жараған бәйге атының қарны емес, тым қабырғасына жабысып қалған екен, тегі ішекқұрт болар мұның ішін жайлаған.
- Өзінің ұмасы тым бүрісіп кеткен екен, қуығы тартылып құмтақаға ұшырамасын қайдан білесің.
- Қой, Көкшетау жағында құм жоқ, оның қисынсыз, Бурабай маңындағы көл құмында жайылмаса. Бұл шүйгінді жерде болатын қу құмалақ десейші одан да.
- Иегін кермеге асып, алмауын қарашы, басы ауырады-ау деймін, мынау тегі тісі сыздап, жалмақ ауруымен ауырған мал.
- Әй, өзінің ауырмайтын бір мүшесі қалмады, несіне мұнда әкелген?!
- Бәсе, бұл Құлагер емес. Ол бұдан гөрі жібі түзулеу болса керек еді. Мынауың, үстіне желқом салсаң, жаман қойшылар мінбейтін кержалқаудың өзі ғой!- деп ыржақай жігіттер Батырашқа қарап қойып шуылдасып, қарқ-қарқ күледі.
Батыраш атты мінеп-шенеген неше түрлі мазақ сөздерді естісе де айызы қанып бір езу тартпайды. «Атым сыры өзіме мәлім» деп, Құлагерге зәрлі көзін қадап, қалың етті бұжыр беті күреңітіп, долырып, нешебір сұрқия ойға кетіп, өзімен-өзі әлек. Жұрт тағы да оның көңілін көтерейін деп:
- Бәсе, бұл Құлагер емес,- десіп, кейін серпіле беріп еді.
- Жоқ, бұл Құлагердің нағыз өзі,- деп шаңқ еткен дауыс шықты.
Жұрт жым болып, жалт қарасты. Үстінде жеңі салақтаған кең шидем шапан, басына елтірі бөрік киген, жағына пышақ жанығандай арық, шоқша сақалы, шүйкиген шал екен мұны айтқан.
Батыраштың бір жігіті шарқы шалға ұнатпай қарап:
- Оны қайдан біле қойдың, бұл - маңқа ат,- деді.
Шал тақ көзін сығырайта қараған күйі, бұрылмастан:
- Өзің маңқа!- дегенде жұрт ду күлді.
- Өй, өй, мына шал не дейді,- деп әлгі жігіт қызарақтап, не айтарын білмей қалып еді.
- Оу, Күреңекең екен ғой!
- Ойбай, Күреңбай ақсақал,- десіп, атақты Күреңбай сыншыны жаңа танып, бәрі соның аузына үнсіз қарасты.
Күреңбай көп ішінен алға суырылып шығып, аттың жалынан сипап, мойнынан қағып, кейін шегініп, тағы да алды-артын бір орап шықты. Жұртта үн жоқ. Ертеңгі болар бәйгенің болашағын табан аузында осы Күреңбай шешетіндей, демдерін іштерінен алып, сыншының әр қимылын бақты. Шал бір кезде:
- Апырмай, мақтаса мақтарлық, алдынан аң құтылмас, бойына шаң жұқтырмас, нағыз ауыздығымен құс тістеген жануар екен. Мен көрген сәйгүліктердің ішінде мұнымен үзеңгі қағыстырып, тізе соғар жылқы баласы әлі бұл өлкеде туған жоқ. Пай-пай, мынау Ғазіреті Ғалінің Дүлдүлі ғой,-деп тамсанғанда, жұрттың аузы ашылып, Құлагерге тесіле қарады.
- Оны қайдан біле қойдың, сен де танти береді екенсің!- деп Батыраш намыстан булыққанда, Күреңбай оған да мойын бұрмады. Жүйріктің әр мүшесіне баға беріп сөйлеп кетті:
- Шіркіннің тұрқын қарашы, тұрқын, он екі таспадан өрген ұзын бишіктей. Күзендей бүктетіле шапқанда тұрқы қысқа бұзау тұлып аттарыңның екі-үш аттағанын бір-ақ алатын қарышты жануар. Терісі қандай жұқа - көзел етіктің былғарысындай мап-майда, ет пен терінің арасында жылтыраған бір май жоқ, басқа аттар ақ көбікке малынғанда, құлағының түбі де жіпсімейтін көнбіс-ақ. Денесінде бір жапырақ арам ет жоқ, тамырлары білем-білем боп шодыраюын қарашы. Қанша шапса басы айналмайтын қаны мол, тынысы тарылмайтын құлаш кеңірдек, талыс танау. Тәует бастағы қос құлақ Балқаштың қисық кескен қамысындай, жағында ұстарамен кесіп алар ет жоқ, топшысы қаршығаның топшысындай, қос шынтақ күреске ыңғайланған балуанның шынтағындай, кең қолтыққа атан түйенің қос тобығы сыйып кеткендей, аяғы қаққан қазықтай тік, тұяғы мүжілмейтін Оқжетпестің қайрақ тасындай, быртық бақай, ит жіліншік, тазы тізелі, бөкен санды, сіңірлі бура тілерсек, екі бұттың арасынан екі адам қатар жүрелеп өткендей, жібектей күлтеленген майда жал, жеңіл құйрық. Жаясы қандай жазық, қасқыр жауырын, түлкі тіс, қоян жонды - тәулікке танбай шапса да теңселіп, шатқаяқтамай садақтың оғынша түзу шабатын малдың белгісі... Жарықтықтың маужырап, бейғам, марғау тұруын қарашы. Ала қашпа, тыз етпе ақпа емес, қаны қызып, денесі бусана келе ағындайтын нағыз ұзақ шабыстың деген өрен жүйрігі, шапқан сайын үдей түсетін, өрге салсаң өршелене түсер ұшқыр, нағыз құйынның құйыны,- деп Күреңбай Құлагердің қасына келіп, төспен астасқан, қолтық тұсындағы тасты қабырғадан сипап, бүйірге дейін барды да.– Па, па, біліп едім-ау, ерен туған ерекше мал екенін. Бәс-се, бәсе!- деп таңдайын қақты.- Қанаты бар екен жануардың. Мынау жай мал емес, пырақ екен! Тіфә -тіфә, тіл-көзден сақтасын!
- Не дейіт, қанаты?.. Пырақ!..
- Қанаты бар дейді-ай.
- Ол қай жерінде?
- Қолтығында ма-ай?..- десіп таңырқағандар үнсіз қалған Күреңбайға шыдамсыз телмірді.
Күреңбай көпке дейін ынтықтырып айтпай тұрды да:
- Неғылған қанат. Біраздан соң, сен шал, жаман керді Көкшенің басында ұшқан бүркітке теңестірерсің,- деп Батыраш ерніндегі былжыраған насыбаймен қоса шашырата түкіргенде барып:
- Кез келген жылқыда, өздерің білесіңдер, он екі қабырға болады. Ал Құлагерде бір қабырға артық, міне, қанат деген сол қабырға, көріктей өкпені қыспай, кең тыныстауына бірден-бір себеп сол,- дегенде, жұрт:
- Өй, аллай! Не дейді?!
- Естімеген елде көп!
- Мынауың шынында да жаратылысы бөлек жануар болды ғой! Нанайын ба, нанбайын ба.
- Кәне, кәне, санайықшы,- десіп, Құлагердің қабырғасына ұмтылғандарды Күреңбай тыйып тастады.
- Әрі тұрыңдар, өнесі-ай! Сенбей тұрсыңдар. Бәйгеге шабар атқа қол тигізбес болар. Еті қанталап кетеді: бұл қазір бабына келіп, сылап-сипаумен тұрған, сұлы бұлаудан бусанып шыққан сұлудай нәзік жануар емес пе. Қолдың уыты тиеді,- деп шаңқылдаған ащы даусымен көпті кейін шегіндіріп, аттың терісін жалады. Содан соң сыртта жетекте көп жүріп келіп, бір -ақ құмалақ тастаған аттың қиын алақанына салып сығып көрді де, қолын етегіне сүртті.
- Шіркін-ай, атым да ат-ақ, баптаушысы да сабаз екен. «Ат шаппайды, бап шабады» деген бар емес пе? Құлагердей аттың бабы келіссе, мұның алдына кім түсер,- деп, Күреңбай тамсанып тұрды.- Терінде сықпа құрттың дәміндей дәм жоқ, жеті тері алынған, бір қасық ащы тері бойында қалмапты. Құмалағында да қоянның көз жасындай бір тамшы су жоқ. Осынша жас өмір сүріп, тап бүгін алжасып, шатаспасам, Ақан серінің мына Құлагері тұрғанда бас бәйгеден үміттенген қазақ баласында ес жоқ. Маған салса, шаппай-ақ бәйгесін берсе де болады. Шіркін, асыл ердің аты да асыл, бабы да асыл. Тұрысыңа болайын. Мыңдап жылқы айдап, сендей бір ат ұстай алмаған менмен байлардың кеудесіне бір шықшы!