Menu Close

Ақан сері — Сәкен Жүнісов

Аты:Ақан сері
Автор:Сәкен Жүнісов
Жанр:Роман
Баспагер:Жазушы
Жылы:2002
ISBN:5-605-01808-6
Кітап тілі:Қазақ
Жүктеп алу:
VK
Facebook
Telegram
WhatsApp
OK
Twitter

Бетке өту:

Страница - 16


ҮШІНШІ БӨЛІМ

ЕРЕЙМЕН БАУРАЙЫНДА

«Алдыңғы ат баран болмай, қылаң болды, Жығылмаса Құлагер, қайда деймін ?!»

Ақан сері

1

Сиыр жылы. Тамыз айының басы. Күн жылы, тымық. Қарағайлы, бұлақты әсем Ереймен тауының бауыры белуардан келген қалың шөп. Шыққа малынып, бусанып, тұнып тұр. Таңғы ұйқыдан оянған құс атаулы кең даланың әр тұсында, өз мекенінде – өз көлінде масайрап, бір-біріне дыбыс бере бастаған. Қан кеткен қаз дауысы, сызылған аққу, шаңқ еткен өгіз-шағала, қызғыш, барылдаған үйрек үні таза ауада анық естіледі.

Сабағы қатқан биік сыбызғы аралас миялы беткейден күн көтеріле аспанға тік атылып, қанаттары жыбырлап шыр-шыр еткен бозторғайлар жаздың соңғы шуақты күндерін жырлайды. Шық басқан алқаптың қалың шөбі күн көзіне шағылысып, жаппай меруерт таққандай жылт-жылт етеді.

Айдынынан құс жыртыла айырылатын айналасы ат шаптырым Құсақ көлі етекте. Бір жақ қапталындағы қырқаға тігіп тастаған ақ шаңқан үш жүз киіз үй алыстан қарағанда әдейі қолмен тізген итала қаздың жұмыртқасындай. Қазір ол үйлерде тірі пенде жоқ.

Жаңа салған сүрлеумен тауды бөктерлеген қара пәуеске мұрындығымен жолдың екі езуіндегі шыққа жасаураған неше түрлі гүл аралас мәйекті соғып, құлдилай берді. Күміс шілиялап пар жеккен қос ақ боз ат cap желіп келеді. Доға басындағы қоңырау күмбірлеп күй шерткенде, шілияның жұдырықтай шашақтары аттардың екі жақ қабырғасында желк-желк етіп, күйші саусағына жіппен тартқан ортекеше билейді.

Пәуеске ең шеткі үйге кеп тоқтағанда, ішінен екі адам түсті. Бірі – үстіне көк шұғадан жеңіл шапан киген, жиегі алтын көзілдірікті, қолына балдағы мүйіз, ұшына дейін күмістеткен трост ұстаған паң Нұрмағанбет. Екіншісі – Ерейменнің әйгілі биі, қанжығалы Бапанның Саққұлағы. Делбені шірей тартқан атқосшы көзледе үнсіз отыр.

Өткен жылы осы уақытта паң Нұрмағанбеттің әкесі Сағынай тоқсан екі жасқа кеп, дүние салған. Өлген күнінен бастап ақсары Төлке, күрсары балалары келесі жылдағы Сағынайдың асына дайындалып, қазақ қауымында бұрын-соңды болмаған той өткізбекке, жылдағы жайлауы осы Ерейменнің бауырындағы Құсақ көлін қалап алған. Үш жүзге түгел сауын айтқан Сағынай асына жиналатын күн бүгін.

Паң Нұрмағанбет қала тігіншісіне тіктірген сәнді қара бешпентінің қалтасынан алтын шынжырлы бауы салбыраған қақпақты сағатын алып қарады да:

  • Ал, Сәке, мына үйлерді қарап шығайық. Кімнің қайсыған түсетінін алдын - ала белгілемесек болмас,- деп үйді жағалай аралап кетті.
  • Ұлы жүздің қонақтарына - мына топтағы үй. Кіші жүзге - мына жүз үй. Орта жүзге - ана жүз. Әрине Орта жүзден көп келеді ғой. Сыймағанын толмаған үйлерге орналастырармыз,- деп Саққұлақтың өзі бас боп бөліп, жобалаған үйлерді қолымен нұсқап көрсете бастады.
  • Мына бір үй ояз Измайловқа, әне бірі Ферафонтовқа, ана қатардағы сегіз қанат Ерденге, одан арғысы Күшенұлына тігілген үй...

Саққұлақ асқа сойылатын әр күнгі малдың, басқа ас судың есебіне дейін айтып, ойын-тойдың неден басталып, немен аяқталатынына дейін баяндап, ақыл- кеңес қосып келеді.

Қасын паңдана көрген Нұрмағанбет көзілдірігін алып, төс қалтасындағы пенснесін киіп, үйлердің орта тұсында тұрып қалды.

- Шіркін-ай, бәрі жақсы-ау, бірақ тап осы асқа генерал-губернатордың келе алмауы жанға батады. Әттеген-ай, бұдан бірер ай бұрын болғанда, келіп те қалар еді. Маңдайдан арылмаған бір қырсық бар-ау тегі,- деп, сәл қамыққандай болды...

Дәл сәске түсте сәрсенбінің сәтті күні Ерейменнің аспанын ың-шың айғай, дүрсілдеген тұяқ, кісінеген жылқы үні кернеп кетті. Жан -жақтан ағылған салт атты, арбалы халық тасыған өзеннен қашқан бықырлаған қояндай Құсақ көлінің ойпатына қарай құйыла берді. Азаға әкелген мал, сауынға келген үйір-үйір жылқы, арбаға таңған саба-саба қымыз кешке дейін қырқадан құлап, бір үзілген жоқ. Үш жүзден келген өңкей бек, шонжарлар, мыңды айдаған байлар, ел әкімдері - болыстар, старшындар солқылдақ рессорға жеккен пар-пар атпен салтанатты түрде келіп, әр үйге жайғасып жатыр. Әлгінде ғана бос тұрған қуыс үйлер аузы - мұрнынан шығып, көк майса көшедегі жұрт қара құртша қаптады.

Қоянды, Итарқа, Атбасар жәрмеңкелеріне жиналатын атақты саудагерлер де, көп жиналған жерде ұсақ-түйегін бұлдап өткізетін татардың бақалшы, мәлішшілері де жылмың қағып жетіпті. Астың көркі деп саналатын қажы, моллалар да осында. Аса таяғын ұстап ойнақ салған зікірші де безек қағып жүр.

Оқшауырақ тігілген екі үйдің бірі паң Нұрмағанбеттің үйі де, екіншісі Ақмола уезінің оязы Измайловқа тігілген үй. Қасында он шақты салт атты қару- жарақ асынған казак-орыс әскері бар ояз әйелі Анна Ивановнамен жеңіл фаэтоннан түсіп киіз үйге еніп, суық қымыздан ішіп, шөлдерін басты да, жол киімдерін ауыстырды.

Киіз үйдің іші шығыстың неше түрлі түкті, масаты, қалы кілемдерімен, оюлы алаша, сәнді текеметтерімен жайнап тұр.

Петербургтен келгелі қазақ ауылына тұңғыш рет шыққан Анна Ивановна үй жасауларын аса құмарта қарап, қолымен сипап, сүзіле қарап жүр. Бұл – әйел жынысына ғана тән ынтықтық емес, Анна Ивановна Петербургтың суретшілер академиясында үш жылдай оқып, бір себептермен тастап кеткен. Қазір өзі бұрын көрмеген неше түрлі оюлар, ағаштан бұраған ыдыс-аяқ, кереге, уық бедерлері, басқұрларға дейін тамашалап, басын шайқады.

– Вот где изобретательное искусство,- деп күйеуіне қарады...- Петя, сен менен бұрын бұл жақты көп араладың ғой, мынаның атын не дейді!

– Аннушка, құдай ақы, ондай жүндердің аты түгілі, тақырбас болыстардың атын әлі жөндеп білмеймін,- деп, әйелі бір нәрсе сұраса, оны білгенше аяқсыз қалдырмайтын мінезіне сыралғы Измайлов сыртта қашан шақырады деп телміре күткен тілмашын шақырды.

– Жайынбек, Женя,- дегенде-ақ, отыздардың ішіндегі көзілдірікті жылмақай жігіт кіріл келіп, «хұзырыңызға құлдық» деп өтірік күліп, иіле қалды.– Анна Ивановна қазақ ұлтының үй жасауларымен танысқысы келеді, түсіндіріп жіберші.

– Құп болады, Анна Ивановна, не білгіңіз келеді?

– Осы үйдің ішіндегі дүниелердің аттары қалай аталады, сонан соң бұлар неден жасалады? Үйді қалай құратынын айтсаңыз да артық болмас еді.

Қазақ жұртының ескі тарихына келгенде білмейтін кемсіндері көп Жайынбек «оған шорқақпын» демейді. Әлі зерттеліп, жазылмаған тарихты бұлар қайдан білсін деп шынды шындай, ақсақты тыңдай етіп, экзотикалық жағын басымдау көбейтіп, сыдырта жөнеледі. Ал, қазақ ғұрпын, киім-кешек, үй саймандарын бірсыдырғы тәуір білетін ол, бұл жолы мүдірмей шұбырта берді:

– Әуелі, Анна Ивановна, өзіңіз тұрған осы үйді киіз үй дейді, от слова кошма и дом. Киіз үйдің түрі көп – сегіз қанат, жеті қанат, алты, төрт, үш қанат. Қанат деп мыналарды айтады,- деп Жайынбек кілемнің шетін түрді.– Бұл решеткелердің аты кереге. Міне көрдіңіз бе, тұтас керегелердің жігін ораған. Мұны таңғыш дейді. Сонда неше қанат кереге болса, то есть крылья, үйдің аты да солай аталады. Мәселен, осы үй сегіз қанат. Ал екі қанаттан құрылған үй де болады, оны жаппа дейді. Оны көшкенде, жолда тігеді. Үш қанаттан құрса тоңқайма, немесе шаңырақ салма дейді. Жаб салма, не көтерме деген болады. Ол қысқа уықтан, үзіксіз тігіледі. Үзік дегенді кейін айтам... Сонда, шаңырақ дегеніміз мына төбедегі дөңгелек, араларындағы шыбықтары күлдіреуіш. Сол шаңырақты ұстап, көтеріп тұрған мына саусақтар – уық.

Киіз үйдің әр сүйегінің атын атап, шұбырта жөнелген Жайынбекті үнсіз тыңдаған Анна Ивановна көбіне түсінбесе де күлген жоқ, қайта:

– Мынау тамаша ғой. Мен әшейін атаусыз ағаштар ма десем, бәрінің бас- басына аты бар, не деген қызық,- деп таңырқап, кереге арасынан көрінген шиді сұрады,– мынау не?

  • Мұны ши дейді. Бұл - далада өсетін биік, майысқақ ұзын шөп. Сыртын жүнмен ораған. Мұндай шиді шымши дейді.
  • Әр өрнегі әртүрлі бояу екен. Барлық ағаштар да боялған. Бояуды қайдан алады?
  • Бояу - тасты жерде өсетін қына. Көбінесе ел аралап жүретін мәлішшіден алады. Мәлішші деген орыстың мелочник деген сөзінен шыққан: татардың, өзбектің тарақ, бояу, түйме, айна, кейде ақтоқаш, ол-пұл ұсақ дүние сатып жүретін саудагерлері. Оларды бақалшы деп те атайды. Оңтүстік жақта өсетін адыраспан дейтін ұлы өсімдіктің майынан ағызған бояуды да сатады олар.
  • Ал шиді неге ұстайды?
  • Шиді, біріншіден, сәнге ұстаса, екіншіден, кереге сыртындағы киіз - туырлық желді күні желпілдеп, жалпылдап тұрмауы үшін, жел үрлеп ішке қуысталып, сай-сай болып тұрмас үшін ұстайды.
  • Ал мына жалпақ белбеу не үшін керек?- деп Анна Ивановна уықтың қарын айналдыра жүргізген тегерішті көрсетті.
  • Ә, бұл уықты берік ұстау үшін, әрі сәндікке керек. Бұл жіп, міне, керегенің сыртында да бар. Бұл шаңырақты берік ұстау үшін қажетті белбеу,- деп Жайынбек термелеп тоқыған тегеріш басқұрды көретеді. Содан соң шаңырақтан алып, босағаға бос байланған қара қыл, ақ жүннен ескен желбауды ұстады.- Мына бір арқан желді, дауылды күні ортадағы ошақтың екі жағына қаққан қазыққа байланады. Бұл да үйдің беріктігіне сеп.

Анна Ивановна ең ақыры жиекке дейін зер салып, жылқының қылынан есіп, оңқай-солақай етіп жиектеп, үстінен шуда жіппен тігіп, туырлық қасының шетін бүккен жерді тамашалап қарады.

  • Қандай шеберлік: қаншама ағаш, киіз атаулыда бір шеге жоқ, бәрі берік жымдасқан.
  • Шеге деген болмайды. Ең арты мынаны қараңызшы,- деп Жайынбек керегелерді қосқан көкті көрсетті.- Мына екі жағы түюлі қайыс - жылқының жүнін жидіткен терісінен жасалады. Мұны керегенің көгі дейді. Ал керегенің өзі екі түрлі. Осы үйдің керегесі тор көз, яғни көздері жиі, әдемі. Бұдан кеңіректері де болады. Оны жел көз дейді. Енді сыртқа жүріңіз.

Жайынбек әр нәрсені білуге құмар Анна Ивановнаны сыртқа алып шықты.

  • Осы үйдің сыртындағы киіздің аттары да өз алдына әртүрлі. Мінекей, жерден уықтың қарына дейін ұсталған киіз - туырлық. Туырлықтың қасынан бастап шаңыраққа дейін салынған киіз - үзік. Ал одан жоғары шаңырақ үстіндегі төрт бұрышты киіз - түндік. Яғни ночник дегенге келеді. Түн болғанда, ұйықтар алдында, кейде жауын-шашында жабатын қақпақ-шатыр. Оның бауын мына жіпке - белбеуге байлаған. Оны түндік бау дейді. Ол төртеу. Желдің аңғарына қарай, осы баулар арқылы түндікті қайырып-жауып отырады. Ал үзіктің етек

жағын жабық дейді. Кейде жасырын келген адам осы жабықтан сығалайды. Жігіттер үйде жатқан қызға ұрланып келгенде, әдетте, үзіктің бауын қиып жіберіп осы жабықтан түседі,- деп Жайынбек ақсия күлді.

  • Мына төрт бұрышты қалталар не үшін керек?
  • Бұларды дөдеге дейді. Әшейін сәндікке тіккен. Мұндай үйді дөдегелі үй деп атайды... Бәрін айта берсем, Анна Ивановна, бір жұмаға таусылмайды. Үйді қалай тігу, киізді қалай қарпып бекіту, оны талдыру деген сияқты толып жатыр. Егер кейін уақытыңыз болса, өзім-ақ ел аралатып, түгел таныстырып, түсіндірер ем, бірақ его высокородие Петр Акакиевичтің қасынан кете алмайсыз ғой,- деп, жайын ауыз Жайынбек тағы ырсия күліп, жігіттік наз білдіріп еді, Анна Ивановна қабақ шыта қарады: орынсыз қалжың, қылжаққа жаны қас әйел, үнемі қаймақ көрген мысықтай көзі майланып, буалдырланып, әлденеден үміттеніп, дәмете қарайтын жабысқақ тілмаштың сөзін жақтырмады.

Қазақтың жері түгілі атын шала естіген ояз әйеліне дала ғұрпының бәрі жат, бәрі қызық. Измайлов кешкі отырысқа дейін біраз мызғып, дем алуды қаласа да, жол соққан Анна Ивановна қанша шаршағанмен үйде отырғысы келмеді. Үсті - үстіне келіп жатқан неше түрлі қазақ тағамынан ауыз тиіп, қасына тілмашты ертіп, қол жағасына беттеді.

Күн етекке жақындаған намаздыгер кез еді. Мал тұяғы баспаған Құсақ көлінің жағасындағы көкорай шалғын үстінде адам қара құртша қаптаған. Алысырақ келіп тоқтаған орыс әйелін ешқайсысы елер емес, көрсе де ояз әйелін көрмеген боп, дәрет алып жатыр. Әр қайсысының қолында шүмегі татар үйректің мойнындай имиген, биік бұхар құманы. Батып бара жатқан күнмен шағылысқан су жаңа жез құмандар қызарып, алтындай жалтылдайды. Қалың шөпке етіктерін шешіп тастаған ақсақал, қарасақалдар аяқтарын жуып, қолының басына құйған суды қолтықтарына дейін ағызып, маңдайын, құлақ түбін шылап, дәрет ырымын жасап, орындарынан тұра берді.

Анна Ивановнаға бәрі таңсық, екі көзі тесіліп, енді не болар екен деп, үнсіз таңырқап қарайды. Қарасы үш жүзге жақын адам құмандарын орындарында қалдырып, жайылымға өрген құстарша көл жағасынан сыртқа шықты, құбылаға қарап бірінің соңынан бірі тізіліп, қаз -қатар қалың топ құрып сапқа тұрды. Әрқайсысының аралары екі адымдай. Көлденеңі мен ұзындығы жарты шақырымдай жерге созылғанша едәуір уақыт өтті. Содан соң бәрі бір кісідей алдарына ақ жібек орамалдарын жайды. Бәрінің басында киім, бірі тақиялы, бірі бөрікті, малақайлы, қайсыбірі бас киім орнына қол орамалдарын төбесіне жайған. Анна Ивановнаның күлкісі келді.

Енді бір кезде қоралы қой-ешкіні бастаған теке құсаған, басына қауқиған ақ сәлде ораған, аппақ күміс сақалы кеудесіне түскен қарт имам екі қолымен құлағын ұстап «Құлқу алла, қулқу алла» деп жөнелгенде, сілтідей тынған дала күңіреніп кетті. Үні не деген сұлу, мақамдап созып әндеткенде адамның құйқа тамырын шымырлатқандай күмбір-күмбір етеді.

  • Не деп жатыр?- деп ояз әйелі шыдай алмай, тілмашына сыбырлады.
  • Намаз оқып жатыр, құран сөзі, араб тілінде,- деді Жайынбек те аузы жыбырлап. Оның да аздап оқитыны бар еді. Бірақ «жол шыққанда, оқымыса да айыбы жоқ, жолаушыға обал емес» деп ұғатын.
  • Араб тілінде дейсіз бе? Оны шалдар қайдан біледі?
  • Қайдан білгені қалай. Құран араб тілінде жазылған. Шалдардың бәрі судай сөйлейді,-деді Жайынбек шімірікпестен.
  • Сіз де білесіз бе?
  • Қызық екенсіз, Анна Ивановна. Орыс тілін білген қазаққа араб тілін деген не! Алты жасымнан бері білемін: «Бисмилла иррахман иррахим, ағузы биллаһи мнащайтан ирразим, хұлқу алла, ошад алла, уа алла тағала!»

- Ол не дегеніңіз?

  • «Егер сіз құдай қосқан тілмашыңызға ықыласыңыз ауып, сөзін құп алсаңыз, араб тілін тез арада үйреніп шығар едіңіз» деген сөз,- деп Жайынбек сұлу келіншекке сыбырлап, тағы да еміне қарады.

Осы кезде намазға ұйығандар жапа-тармағай жайнамазға маңдайларын тигізіп, етпелей құлады. Тізерлеп отырып алып, ауыздары жыбырлап бірдеме оқиды. Жұрттан көз алмай тұрған Анна Ивановна шын таңырқады:

  • Бәрі бір кісідей. Патша әскерлерінің өзі сапта бұлай тұра алмайтын шығар. Бәрі командасыз, қалай бірдей қимылдайды.

Енді бір кезде, тағы маңдайларын тигізіп, қайта-қайта тоңқаңдағанда, Анна Ивановна мырс етіп, оқыс күліп жіберді. Намаздағылар даусын естісе де ешқайсысы мойнын бұрған жоқ. Жайынбек қана жақтырмай қарады.

  • Анна Ивановна, күлмеңіз.
  • Ғафу етіңіз, шыдай алмай кеттім, шынында да ұят болды-ау,- деп, күн шапағы бетіне түскен әйел жүзі оттай жанды.
  • Ұят болғанда ештеме емес-ау, намаз оқып жатқанда күлген адамның аузы қисайып кетеді,- деп қорқытқанда әйелдің зәресі ұшты.

Енді бұл жерде көп тұрғысы келмей, аузын қайта-қайта сипалаған ол:

  • Жайынбек, кетейікші бұл арадан. Қарным аша бастады ма қалай?- деп сылтауратты.

2

Өткен он тоғызыншы ғасырдың сексенінші жылының аяқ кезінде сауын айтылған Сағынай асы жалғыз Арқаға ғана емес, бүкіл қазақ даласына бір жыл бұрын даңқы жайылып, бар ел, өзіммін деген болыс, шонжарлар, би, байлар қызу қамданып жатқанда, жалғыз қарауыл жұрты ғана шет қақпай қалды. Керей мен

қарауыл арасындағы қырғи қабақ дау-жанжалдың арты осыған соқты. Сарыарқаның бір бүйірі дүрсілдеп, ойын-той, думанға бөленгелі тұрған Ерейменге қарауылдың атқамінерлері шақырылусыз, елеусіз қалып, қара жамылғандан іштерінен қан жұтты.

Сұлтандық жойылып, кейінгі кезде тізгін емін-еркін қолдарына тиген менмен болыстар мына қорлыққа шыдай алмай, өздерінше қарекет жасап, бастарын қосып, басқа бір өшпенділікті пішіп, өлшеп жатқан.

Осы кезде - ел арасына тағы бір сөлекет хабар дүңк ете қалды: «Сағынай асына Ақан қамданып, атын жаратып, сайланып жүр екен. Қасына шілдің құмалағындай азайып тозған жігіттерін ертетін көрінеді. Оны кім ерекшелеп шақырыпты. Әрине, ешкім шақырған жоқ. Басына қанша соққы тисе де, қайда ат жарыс, думан десе, делебесі қозып, желөкпе серілігі ұстап жүрген өзі де. Бар қарауылдың бек жақсысын кісі ғұрлы көрмей, атаусыз қалдырған керей асына бару - арадан сатқын шыққанмен бірдей. Не көрсең - көңілдесіңмен, ат сатсаң ауылдасыңмен дегенге қарсы, қыңыр шыққан Ақанның тағы бір қиястығы да.

Бұл Ақанның қиястығы емес еді. Кейінгі жылдары қайғыдан қайғыға ұшырап, Ұрқияның қазасынан соң, туыстарының ішінде ала-бөтен ақынның өзіне тартып жаңа ер жете бастаған ең сүйікті інісі, әнші Әйберген аттан құлап өлгелі сері әбден қажып, жиі-жиі төсек тартып, шерменде боп жатып алатын күйге ұшыраған. Оның үстіне, ел арасындағы «кие соқты, ант атты» деген қожа, моллалардың сөзі шынға айналғандай болып, Ақан көпке топырақ шаша алмай, іштен тынатын еді. Ең жақын серігі — әнін ел арасында еркін шырқап айта алмай, дәтке қуат санаған жалғыз Құлагерін ұлы бәйгеге қосып қызығын көре алмай, үйде тобан аяқ боп отырып қалды. Осыны сезген ет жақын дос-жар жандар Сағынай асына алыстан барып, бір серпіліп қайтуын мақұл көрген. Оның үстіне, алыстан Біржаннан, Мәшһүр Жүсіптен арнайы хабар келген. Біржан: «Мен болсам, кейінгі кезде ауру-сырқаулы болып, үйден шыға алмайтын халге ұшырадым. Тегі, осы жиынға да бара алмаспын. Ақын — елдің ақыны Оған қарауыл, керей деп екі араны бөлер деңгей жоқ. Халықтың шөлін қандырып, бас қосқан жиынның көркі болу, жаңа ән, жаңа сәнмен күйге қосу ақын парызы. Ақан барса екен, тым құрмаса екі ел арасындағы қараңғы араздыққа аз да болса шырақтай» деп сәлем айтып жіберіпті. Мәшһүр Жүсіп те хат жолдап, аяғында былай депті: «Ақан, сенің бұлай қан жұтып, қайғы арқалап жатып алуың атыңа лайық емес. Сен қайғырсаң да, ел қайғырмасын. Қалың ел сені де, әніңді де жоқтап отыр. Жоқтатпа қауымыңды. Серпіл, жаным. Кіші жүз Мөңке би: «Ер қайғысын сұлудың құшағы, тұлпардың тұяғы, сұңқардың қияғы алады» деген екен. Ендеше үйде жатып басылу ел еріне жараспайды. Көтер еңсеңді. Қосыл жұртыңа. Сал думанды. Сағынай асында амандықпен көрісейік...»

Ақан енді ештемеге алаңдап тоқтар емес. Атын әдейі баптап, алыс сапарға жүргелі жатыр.

Маңайдағы ауылдастары жиналып, түс ауа Қараталдың бауырын шуға бөледі. Қыз-желең, жастармен бірге таяғына сүйеніп Қорамса да шығыпты.

Құлагерін сылаңдатып, жетекке алған Ақанның жолына шешесі Жаңыл сықпа құрт аралас ақ бауырсақтан шашу шашып, оң баталарын беріп жатқанда, Қоскөл жақтан бір топ аттылы cay ете қалды.

Жүргіншілер елеңдеп, бөгеле берді. Жақындап келгенде таныды: өңкей тоқ ат мінген, қабақтары салыңқы, өңдері сұсты адамдар - қарауылдың шонжарлары. Ең алдында Нұртаза, Шоғырмақ болыстар. Мырзалы балалары - Мұқанәлі, Сердалы, Баялы; Ақанның бұрынғы қайын жұрты Боқанның шонжар балалары – Балапай, Қалқа; Кемел балалары - Сүлеймен, Әнәпия; ағайынды байлар Назар, Тілеубай тағы басқа игі жақсылар. Аттарынан түспей, қалың топқа қарсы кеп, үзеңгілеріне шірене қалған аттылы әкімдер сазарып, аз үнсіз тұрып қалды.

Бұлар жаңа көрші ауылда бас қосып, ұзақ құпия кеңес құрып, елдеріне аттанар сәтте әдейі Қорамса ауылына бұрылған. Ақанға кісі салып, алыстан хабарласқан бұлар енді өздері жолай соғып, жөнге көшпеген серімен біржола араларын ашпаққа келген.

Ел азаматтары шылбырына оралып, аттан әрқайсысын қолтықтап түсірмекке ұмтылғанда барып Нұртаза сөз бастады:

  • Біз қонақтап жүрген жоқпыз, Ақан жол жүреді деп естігесін келдік.
  • Онда тілектерің қабыл болсын, аттан түсіп, дәм ауыз тимейсіздер ме?- деген Жаңылдың сөзін тағы да Нұртаза киіп кетті.
  • Біз тілек айта келген жоқпыз.
  • Не дейт!
  • Астапыралла!
  • Бұл не сөз?!
  • Тағы не сұмдықты бастағалы тұр,- деп әйелдер жағы үрейленіп, қасқырдан үріккен қойдай шоғырлана берді.

- Ақан,- деді тағы да көптің атынан сөйлеген Нұртаза, жеңіл құндыз бөркін сары ала қол қамшысымен жөндеп, алшысынан киіп.- Сенің баруыңа бүкіл ел, сегіз ата қарауылдың баласы қарсы. Керей жұрты ас аяп, той қызғанып отырған жоқ. Немесе, біздің ырзығымыз шашылар деп те қайғырмайды. Алты алашты шақырғанда ала қойды бөле қарағандай алалап, қарауыл жұртын аластап, жеке қалдырып отыр. Бұдан асқан мазағы, бұдан өткен қорлығы жоқ. Оны сен де бізден кем түсінбейсің. Шақырмады екен - тентіреп, телміріп өз аяғымен ешкім бармайды. Барам дегенге де жол жоқ. Ондай намыссыз адам болса, ол бүкіл қарауылды суық топырақпен бүркеп, жауып кетсін.

Атының тізгінінен қымтай ұстап, ішін ыза, ашу кернеген Ақан булыға күлімсіреп тұр. Отты көзінде шоқты кекесін. Баласының мінезінен қаймыққан Қорамса ара түсіп, бұрынырақ сөйлеп, жуып-шаймақ болды:

– Нұртаза-ау, той десе қу бас домаламаушы ма еді. Ақан үйде басыр боп қалай отыра бермек. Ертең құдай жазып, Құлагер бәйгенің алдын алса, қарауылдың атын шығару деген сол емес пе? Қайдағы көму-сөмуді айтып кеттің.

Көп соққы, көп түйгіш теперіштен қажыған Қорамса, даусы әлсіреп, жалбарынғандай көрінді. Көзінің жанары сөніп, белін жаза алмай, арқасынан басқан ауыр батпан езіп, қалжыратқандай басын көтере алмай, тық-тық жөтеліп қалды.

– Қореке,- деді екінші бүйірден атын тебіне түскен Сүлеймен мүсіркеп,– ендігі қалған жасыңызға Құлагердің бәйгесін нәсіп етіп қайтесіз. Соның алатын бір үйір жылқысын өзім-ақ берейін.

Ақан шыдай алмады:

– Әй, Сүлеймен, сенің байлығың кімге дәрі. Артық боп бара жатса, ана қатыныңның таз басына езіп жақ.

Сүлеймен қуарып кетті. Жұрт бір сойқан болар деп, Ақанның ашулы, уытты сөзіне күлмей, іштен тынды. Әйелдер жағы бірін-бірі шымшып, жарылайын деп тұр.

– Жәрәйді, сөз таластырып қайтесіңдер,- деп мыңқ етіп Шоғырмақ араласты.– Ақан, біздің ұйғарғанымыз – сен Сағынай асына бармайсың.

– Бізің кім?- деді Ақан.

– Біз, енді, осы қарауылыңның бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын бектері, әкімдері, игі жақсылары.

– Игі жақсылары дегенше, игі пасықтары десеңші. Сендердің өз жалшыларыңа жасаған әкімдік өктемдіктерің де жетпей ме осы. Менің басымның билігіне қашанғы араласа бересіңдер. Құлагердің тізгіні де, шідері де менің қолымда. Менің шідерім жалғыз құдайдың қолында. Ал сендер кереймен айтысты екен деп менің айтысар жайым тағы жоқ. Сойқан, сұмдық, зұлымдық, қаныпезерлік, өңез иттік керейде қанша болса, атығай-қарауылда да сонша. Менің достарым – әнімді ертеңгі ұрпағыма жеткізер жұртым. Менің достарым – ешкімге қиянаты жоқ ақын, әншілер. Менің бауырларым – үш жүздің қазағы. Амалы, айласы аз, жаны абзал, көңілі шат қарапайым жұрт. Мен соларға барамын. Тоқсанға келіп саптаяққа сиіп өлген Сағынайды көрден тірілтпекке бармаймын. Көңілімде сайраған құсымды, төрт аяғы дүбірлеген қанатым Құлагерімді апарып, көптің көңілін жадыратамын, солардың қалғыған жүрегін оятамын.

Қасындағы шонжарларды арқа тұтып, молла Мұқанәлі де шаптыға кетті:

– Әй, Ақан, егер бұл жолға шығар болсаң, осы көптің атынан, құран атынан айтарым – теріс бата!

  • Ау, Мұқанәлі-ау, Мұқанәлі, не деп кеттің. Екі дүниеден тілегің бар емес пе, алыс сапар үстінде тұрғанда не ырымға бастадың. Қарғысың күлмен кетсін!- деп Жаңыл көзі жасаурап, жан дауысы шықты.
  • Апа, көбік ауыз Мұқанәлінің құраны мықты болса, әуелі ана Бегалы балаларын шетінен топшысынан қырқып түсірер еді. Оған қысылмай-ақ қой, талыс ауыз өзінікі болған соң, қайыстай соза берсін де,- деп Ақан сары ала атына қонды. Қасына ерген жігіттер де аттарына міне бастаған.
  • Тоқтаңдар,- деп аюдай ақырған Нұртазаның көзі шатынап кетті.- Ақан кетсе, жалғыз кете берсін, егер осымен бір жігіт еріп көріңдерші. Осы жерде қан қылайын!

Нұртазаның сөзінен соң-ақ, кейіндеп тұрған болыстың қамшыгер жігіттері, аттарын тебініп, ілгері ұмтыла берді. Әнші Аяған, Құлагерді күтуші Шәкейлер жасқанып, қаймығып қалды. Тек Ожымбай балуан ғана Ақанның қасына барып, қасқия қарап тұр.

  • Семірген екенсіңдер, қу малайлар. Ертең шетіңнен Сібір айдатып тентіретіп жібермесем, атым Нұртаза болмай кетсін. Жігіттер, аттан түсіріп алыңдар да, алдыма қойдай дірдектетіп салыңдар!
  • Ойпырмай, не деген қаныпезер едіңдер!
  • Бай болса, бақырып бола ма екен?
  • Болыс бол дегенде осылай бол деп пе едік,- деген әйелдердің сөзіне құлақ аспай, сайланған жігіттер кимелей жөнелді.
  • Жігіттер,- деді Ақан айғай салып,- тоқтаңдар!- Ақан өз жігіттеріне қарады:- Азаматтарым, достарым, сендерге ризамын. Мен үшін таяқ жеп, қор болмай-ақ қойыңдар. Мынау кеп тірелген ессіз дүлей, көкпеңбек сең ғой. Адам тұр-ау, жан баласы бар-ау деп қарайтын ақылы, ойы жоқ меңіреу, долы күш қой. Рақмет сендерге, көңілдеріңе рақмет! Мен өзім-ақ жол тауып барамын. Ал маған еремін десеңдер, оларыңа тыйымды енді мен саламын,- деп Ақан қозғала бергенде, сымбатты бойы талдырмаштанып, кішірейіп, өңі жүдеу тартқан шешесі шылбырына жармасты.
  • Жоқ, мен жалғыз жібермеймін. Онда өзім барамын бірге.
  • Тым құрмаса мені ал, Ақан аға, серігің ем ғой,- деді Ожымбай да.
  • Апа, мен жауға бара жатқам жоқ, несіне қайғырасыз. Қойыңыз, апа, о неғылғаныңыз, Ожымбай, сен де бармайсың, ниетіңе алда риза болсын,- деп жұбатқан Ақанның қасына Сердалы келді.
  • Ақан, елдің ақсақалдарының тілін бір жолға ала салсайшы. Осының арты мен білсем жақсылыққа саймайды. Екі елдің арасы бұрынғыдан да бүлінгелі тұр.
  • Тым құрмаса, аттың басына мінер біреу де табылмағаны ма,- деп анадайдан Қорамса да кемсеңдеді.
  • Жоқ, тірі жан, тірі қарға қосылмайды,- деп Нұртаза зірк еткенде, көптің арасынан білегін түрінген, қолы, басы қап-қара сояу жүн, қаба сақал, қалың қабақ, аш көз біреу шыға келді. Қасында жетектеген баласы бар. Бұл осы өңірге әйгілі ұры Жақсылық қарауыл Байбатыр еді.
  • Ақанжан, менің өзім... таптырған баламның баласы мынау Мөңке. Бұған болысыңның да, орыстар айтатын сболышыңның да ортақтығы жоқ. Қырым асырып жіберем десем, билік өзімде. Бұл да өзіңнің ініңнің бірі. Атыңды бағып, бәйгеңе қосылатын осы болсын. Сенің қасыңда жүріп суға кетсе де қыңқ етпеймін. Осыны серік ет. Маған тартқан ұл болса, саған бір септігі тиер. Әйтеуір осындағы қалып бара жатқан қуыс қурайдың бірі құрлы болар,- деп ешкімнен жасқанбай, жолбарыстай ширығып, Шәкейден босаған атқа тоқпақтай қара баланы бір қолымен атып отырғызды.- Киімі жұқалау. Бірақ үсімес. Әкең ақ қар, көк мұзда жалаңаш қол жүріп ұрлық жасайтын. Өлмейсің. Мөңке, ұлым, абұйырлы қайт. Ақан ағаңның қасына ерген бақытың бар екен. Ағаңның тәйт дегені - саған құдай сөзі. Ренжітсең бар ғой, жоныңнан таспа тілемін. Ой, қаратанауым, келші!- деп Байбатыр немересінің бетінен созыла тұрып сүйді.
  • Әйелдер жағы жеңдерімен көзін сүртті. Ақан да бір түрлі көңілі бұзылып, жұртқа тура қарай алмай:
  • Ал, хош, есен тұрыңдар,- деп Мөңкені ертіп кете барды. Аттылардан ешкім батып ұзатып сала алмады. Жаяулар ғана шұбыра жүгіріп қала берді.

Нұртаза тобы кейін бұрылды.

Алыста, көз ұшында мұнартып Ақан, Мөңке кетіп барады. Сәнді сары ала жабулы Құлагер жетегінде. Елге бір-екі рет бұрылып қарап маң-маң басып, ол да сағым арасында бұлдырап, бөтен елге қарай тәуекел қайығындай шайқалып, ұзай берді.

3

Сегіз қанат екі үйдің екі-екіден қос қанатын алып тастап, тіркестіре тіккен он екі қанат паң Нұрмағамбеттің үйі ақшам намазынан соң аузы -мұрнынан шығып қонаққа лық толған. Дәл төрде тас құдайша маңғаз отырған үй иесінің екі жағында да екі ояз. Баянның оязы Ферафонтов пен Ақмола оязы Измайлов. Одан берірек мойнында патшадан алған күміс медалы жарқыраған Ақмола советнигі Күшенұлы Тұрлыбек, Айдаболдың болысы Көбеев Мұса, Ақмола дуан басы Ерден, оң қанатта Ұлы жүз, Кіші жүздің шонжарлары, Қарпық баласы Жанбота болыс, олардан төменірек атақты бай Жанайдардың Мейрамы, ағайынды байлар Батыраш, Қотыраш, керей байлары Мәті, Дәулен, басқа бай-манаптар, болыс- старшындар екінші үйдің босағасына дейін иін тіресіп орныққан. Әйел жынысынан жалғыз Анна Ивановна. Оның қасына тілмаш Жайынбек қыстырылыпты. Бұл үйге кіруге қолы жетпеген байлар, әкімдер біраз торуылдап жүріп, шақырса кірейік деп көп дәмеленіп, ақыры салы суға кетіп басқа үйлерге тарасқан.

Басына сәлде тартқан имам тамақ алдында тағы да құран оқыды. Көзін тарс жұмып, мейлінше ұйып, ұзақ сарнады. Орыс ояздарының іші пысқанша мақамдап, даусын неше құбылтқан имам тоқтағанда барып, жұрт қол жайғанда, Измайлов үнсіз жыбырлаған көпке қарап отырып, жырқ етіп жарылды. Жұрт тыжырынып қалғанмен, істер амалдары жоқ, іштерінен күбірлеп, дұға дәметкен өлген -жытқан аруақтарын санап, сауап сөздерін айтып жатыр.

  • Құран оқыған жерде шыдай алмаймын,- деп Измайлов Ферафонтовқа еңкейе күліп, екі иіні дір-дір етеді.
  • Мен де шыдамаушы едім, үйреніппін. Ана шаңырақтан көрінген жұлдызға қарап, Петербург түнін ойласаңыз, күлмейсіз,- деп ол да саңқылдай сөйледі.
  • Петя, сен кешірім сұра, әйтпесе, аузың қисайып кетеді,- деп әйелі сыбырлағанда, Измайлов одан сайын ішек-сілесі қата күлді.
  • Предрассудок. Егер ол шын болса, аузым түгілі мұрным, құлағым - бәрі қисайып кетер еді ендігі,- деп, сөзін зорға құрап, таңқылдап күлді.

Беттерін сипап бата қылған жұрт тым-тырыс. Сыйлы ұлықтарға батып ештеме айта алмай іштерінен тынып отыр. Сөзді Саққұлақ би бастады:

  • Ay, жамағат, үш жүздің сыйлы қонақтары. Бәрің де Сәкеңнің орнын аза тұтып, құрметпен келген екенсіңдер. Алда риза болсын! Жолдарың сәтті болып, тілектерің оңға бассын! Дұғаларың қабыл болып, марқұмға шапағаты тисін! Арамызда отырған кафир қауымның адамдары күлсе, одан келер -кетер кесепат жоқ. Қара кебінін сүйреткен, сақал-шашы қауғадай, қара түнде көрінген Құсақтың қара қоғасындай поптарға біз де күлетінбіз. Түсінбей күлгеннің айыбы жоқ, бұлардың өлгенді аза тұтып келгенінің өзі қайда жатыр,- деп ояздарға да тигізе екі ұштылау сөйлеп, Саққұлақ ақ сақалын салалай түсіп, сөзін жалғады.- Алты алашқа әйгілі Сағынай қарттың екі дүниеде арманы жоқ. Тірісінде еш кемшілік көрмей, дүниені шайқап өтті. Алдында мыңғырған малы, соңынан шұбырған ұл- қыздары - тарығу дегеннің не екенін өңі түгілі түсінде көрмей өткен бақытты фәндә. Бүгінде міне осы ұл-қызы, үрім бұтақ-зәузәті, рулас, аталас ел-жұрты үш жүзге даңқын көтеріп, ас беріп отыр. Сағынай асы - арманда апат болған қыршын жастың ауыр азасы емес, өлгенде де соңын шулатып, жұртын мәз қылатын, жиынға айналар ризықты ұлы той. Той үстінде ойнаңдар, күліңдер, Ерейменнің бауырында аунаңдар-қунаңдар. Бәрі Сағынайдың аруағын тербер мұсылман бесігіндей болсын. Орнынан бір аунап түскенде, марқұмның артында қалған ер- азаматтары да бір көтерілсін. Аумин!
  • Аумин!
  • Аумин!- десіп шуласып кеткен жұрт арасынан біреу:
  • Сәке, ат жарыс қашан болады?- деп қалды.
  • Оны жаршының аузынан естірсіңдер, алыстан бабымен келген аттарды көп шаршатпаспыз, бір-екі күнде болып қалар.

Орта тұста дөңкиіп отырған Батыраш елең етіп, жан-жағына маңғаздана күліп қарады:

  • Ол қайсың, сұрап отырған? Атың ба, өзің бе тықыршып тұрған?
  • Па, шіркін, Құлайкөк пен Топайкөктің иесі қалай-қалай сөйлейді,- деп біреу Батырашты қолпаштай түсіп еді.
  • Жұрт та есек мініп келген жоқ шығар,- деп әлгі дауыс есік жақтан саңқ етті.
  • Есек болмағанмен, тезек теруге де белді ат керек қой, қабың бар ма еді арқалаған,- деп Батыраш қарқылдай күліп қарап еді, анау да тосылған жоқ.
  • Тышқақ аттарды көп мініп үйренген адам қап әкелмесе, жарауы жеткен жүйрік мінгендер сынық тезекті де сөз қылмаса керек,- деп маңындағыларын күлдірді.

Жұрт жан-жақтан гуілдесіп кетті. Қос оязға құйылған шарап шынылары да сыңғырлай бастады. Әкімдердің бабын табуға оңтайлы паң Нұрмағамбетте кесе соғыстырып, ерніне жақындатып, ырымын жасайды.

Осы тұста астау-астау еттер келіп, құлағы дірілдеген бастар төрден бастап тартыла берді.

Әлгі бір байда есесі кеткен Батыраш тағы бірдеме дейін деп оқтала беріп еді, қасындағы Қотыраш етегінен басты:

  • Қайтесің сөз таластырып. Ертең кімнің тезек терерін көреді ғой.
  • Мұның да ақыл екен. Сөзімді қор ғып қайтем,- деп Батыраш та келген аттарды ойлап, миығынан күлді. Ұлы жүз, Кіші жүздің бұрын көрмеген кейбір жүйріктері болмаса, Орта жүз төңірегінен келген аттардың сыры мәлім. Талай рет жарысқа түсіп, сыралғы болған жылқылар. Оларға Құлайкөк пен Топайкөк, дені сау болса, шаңын да көрсетпейді. Қос жануардың жалғыз-ақ жауы бар. Ол - қарауылдың Құлагері. Егер ол болса, шынымен-ақ қара түннің орнағаны. Бірақ бұл жолда оның келер реті жоқ. Ал ана екі жүздің аттары қанша мақтаулы дегенмен, сырт естуіне қарағанда, мұның қос тұлпарынан әулие емес.

Батыраштың ойының дәл үстінен түскендей, отырыс үстінде жұртты атыстырып-шабыстырып, қиыс сөйлемей отырмайтын Айдабол болысы Мұса ет туралып жатқанда Саққұлаққа қарады:

  • Сәке, жаңа үш жүздің баласын түгел жинадық дедіңіз. Кереймен қоңсы жатқан қарауыл елінің бір көксау шалы келмепті, бұл қалай?- деп, білмеген адамның кейпімен жорта сұрады.

Саққұлақ өтірік айтуға батылы бармай, Нұрмағамбетке қарады. Паңның да құлағы елең еткен:

  • Келмеген жұртты құлағынан тартып әкелетін бұл шар таласы емес қой. Шақырғандар тегіс келді. Қарауылдың қолпашынсыз-ақ өтер бұл ас. Тап іргеден сахар айтқан балалардай адамның ойында жоқ бірдеңені тосыннан қойып қалатын әдетіңіз-ау,- деп қалжыңдаған боп, ызалы езу тартты.
  • Дегенмен, қарауыл баласына мына қара қойлардың басының біреуінің реті бар дегенім ғой. Бұзаудың толарсағын тастасаң да өз еркің,- деп Мұса жұрттың делебесін қоздыра түсті.- Әдейі шақырмапты деп жүр біреулер. Ол елде де дос - жар адамдар бар еді, сыбағасын орап алармын онда.
  • Әй, шынында, бұл қалай?
  • Мұсакеңнің сөзінің жаны бар,- деп отырғандар сыбырласа бастап еді. Күшенұлы сөзді басты:
  • Осы сенің-ақ көлденең жұртқа қимаң қышып отырады екен, қашан да бір понт шығарып отырмасаң, көңілің көншімейді-ау. Ал, тамақ алыңыздар, қысыр сөз не керек,- деп тұздығы ернеуінен шүпілдеген үйеме астауға қолды салды...

Жаратқан атының бабымен жүріп, аса қыспай, ұзақ жолда шашырай қонған ауылдарға жиі қоналқылаған Ақан Ереймен баурына жаңа жеткен. Түн ішінде аспандағы жұлдыздардай шаңырағынан жарық көрінген жыпырлаған киіз үйлердің арасымен Мөңке екеуі ұзақ жүрді. Бұлардың келгенін ешкім білмеді. Бұл кезде бар үйдің ішінде ет жеп құныққан жұрт, көлденең сөзден де қалып, табақ үстінде тұқыраңдап жатқан. Ашық есіктердің алдында табақ тартқандар да жарықта қараңдап, болымсыз қыбырлайды. Олар да бір-бір жілік ұстап, қаужаңдап жүр. Құсақ көлінің арғы бетіндегі самаладай оттары жарқыраған көп жерошақ басынан қатынаған табақшылар әрлі-берлі жосиды. Ақандар бір үйдің тұсынан жақын өтіп еді, таң атқалы сабылған жүргіншіге үйренген даяшылар бұларға назар аударған жоқ. Құйрықтары салбырап ашық есіктен телміріп, аяққа оралғы болған салпаң құлақ жаман иттер де бұларға көз қиығын салмайды. Орамал, құман даярлаған балалардың қолына ұмтылып, зекіп тастайтын жат адамдардан қаймығып, мүләйімси қипаңдайды.

Жүргіншілер есік алдында көп самауыр гүжілдеген оңашарақ үйге бұрылды. Бұл шай қамдайтын ас-су ұстаған үй екен. Екі-үш әйел қатар-қатар тізілген дәу самауырдың оттығына кезек-кезек түйміш салып, жанталасып жүр. Жолаушылар жақындағанда ащы түтіннен жас аққан көздерін сүртіп, елеңдегендей болды.

Ақан аттан түсіп, Мөңкеге тізгінін ұстатқан да, соларға қарай аяңдаған.

- Қарындас, сәл бөгеліңізші,- деп, өз әбігерімен үй жаққа беттей берген келіншекті тоқтатып алды.- Есенсіз бе, Нұрмағамбет үйі қайсы, көрсетіп жібермейсіз бе?

Келіншек жол соғып өңі қуарған, ашаң жүзді сымбатты адамға, отыз шақты самауырдың оттығынан ұшқан жалын сәулесіне қызараңдап, ұялшақ қарап, аңырып қалды.

– Сіздер жаңа келдіңіздер ме?

– Иә, жаңа жеткен жолаушы едік.

– Онда қазір адам көп қой, мына үйлердің біріне орналаспайсыздар ма, тамақтанып алыңыздар алдымен.

– Жоқ, әуелі қазақ ғұрпымен ас иесіне сәлем бергеніміз жөн шығар. Тамақ қайда қашар дейсіз.

– Әй, мында кел,- деп келіншек біреуді шақырып еді, үйден бір қолына мүжілген қабырға, бір қолына майға жентектелген бауырсақ ұстаған бала шықты.– Мына ағаларыңды Нұрекеңнің үйіне апар, бер жағынан хабар берсең, біреу шығады ғой. Ал, ағай, аттарыңызды қалдырып кетіңіздер.

– Рахмет, айналайын,- деп Ақан жалаңаяқ баланың соңына ерді.

Қасында сөлеңдеген сабалақ итке қолындағы бауырсағын көтеріп:

– Ақтөс, Ақтөс, ал қақ, секір,- деп көкке лақтырып қалған бала,– жүріңіз, ол үй ана жақ шетте. Онда қазір болыстар, байлар отыр, әдемі қылыш таққан орыстар да бар. Сіз де байсыз ба, қайдан келдіңіз?- деп сұрап, тегін, мол асқа кенелген тоқ бала бауырсағын асықша иіріп, итімен ойнап келеді...

Нұрмағамбет үйіндегі шонжарлар етке тойып, қымыз ішіп есіре бастағанда, жолаушы хабары жеткен. Ауыз жақта жүрген табақшы жігіттің бірі аты шулы Ақанның келгенін естігенде, бір-біріне арқа сүйей қотандана отырған адамдардың ара-арасымен алдыңғы үйге өтіп, әшейіндегі сыпайы сыбырды ұмытып, даурыға сөйледі:

– Сәке, Сәке, алыстан қадірлі қонақ келіп тұр, үйге енуге рұқсат сұрайды.

Бетінің ұшы қыздың бетіндей шұңқырая күліп, қуанып тұрған жігітке Саққұлақ:

– Ол кім екен, қай жердің адамы?- дегенде, жұрт та елеңдеп, «бұл кім болды кешігіп жеткен», «мықтылардың бірі ғой, тегі, шіреніп келген» десіп, жігітке қарасты.

– Кім ол: қазақ па, орыс па? Қарсы алдыңдар ма?- деп, әлі де көңілінде генерал-губернатор келіп қалмас па екен деген үміті үзілмеген паң Нұрмағамбет, мойнын соза өзеурей түсіп еді, жігіт одан сайын даурығып:

– Ақан cepi, Көкшетаудың Ақаны!- дегенде паңның көзі шатынап кетті. Ұзақ отырысқа белі ұйи бастаған денесі ауыр Батыраш бір жамбастай қисая түскен. Ақан атын естігенде, біреу астына шоқ басып алғандай, басын оқыс жұлып алды:

– Ақан cepi дей ме-ей?!

– Жеткен екен ғой ол сабаз да.

  • Бәсе, той десе, жаны жай тауып отырар ма?
  • Өз аузынан әнін тыңдайтын болдық, керемет дейді ғой, шіркін!
  • Құлагерін де әкелген шығар?- десіп жан-жақтан күбірлеген жұрт тына қалды.
  • Әй, бала,- деді Нұрмағамбет зілденіп, өзің шешең ұл тапқандай қуанып тұрсың ғой. Ақан келсе, қайт дейсің, әкем бе еді ол. Оны кім шақырыпты?!
  • Бәсе десейші,- деп қалды Батыраш та.

Хабаршы жігіт әкеле жатқан табағындағы тұздығын аңдаусыз төгіп алғандай ыңғайсызданып қызарақтап қалды. Түсі өзгеріп, ақтала сөйледі:

  • Сәлем беріп шығам деп тұр.
  • Маған керегі қарауылдың сәлемі еді. Ол кім еді сонша. Кетсін әрі, атамнан әрмән. Өнесі-ай!

Бала күмілжіп шыға берді.

  • Әй, бала, тұра тұр. Қалжыңды түсінбейтін неме екенсің,- деп, қонақтарға сыр білдірмей, Нұрмағамбеттің ноқайлығын бүркеген Саққұлақ орнынан тұрып, жігіттің соңынан тысқа беттеді.

Жүзін бір көруге зар боп, алыстан жеткен әнін жаттап өскен жігіт ақынға не дерін білмей тысқа шыққанда, Ақан да ұзап бара жатыр еді. Киіз үйдің сыртына кеп тоқтаған ол, Нұрмағамбет сөзін естігенде қара жердей боп, іші мұздап, кері бұрылған. Қайда барарын білмей, есі ауған киікше мәңгіріп барады.

Қараңғы далада Саққұлақ көзі түк көрмей аз тұрды да, Ақанның кетіп қалғанын естігенде ұяттан өлердей боп:

  • Қап,- деді әлдекімге тістеніп.- Әй, қарағым, жүгір тез, жет те, ана оң қапталдағы кісісі аз үйлердің біріне апар. Аттарын байлаңдар. Құрмет көрсетіңдер. Біраздан соң өзім барып шығамын. Бар, жүгір!


Бетке өту: