Ақан сері — Сәкен Жүнісов

Аты: | Ақан сері |
Автор: | Сәкен Жүнісов |
Жанр: | Роман |
Баспагер: | Жазушы |
Жылы: | 2002 |
ISBN: | 5-605-01808-6 |
Кітап тілі: | Қазақ |
Жүктеп алу: |
Страница - 19
Кедейдің құдалығы да кедей. Байбатыр ертеңінде-ақ қасына бір шал ертіп, Қадырдың үйіне барды. Мөңке де ауыл-үйдің баласы болған соң қысылып- қымтырылмай бірге жүрген. Болашақ әңгімінің не жөнінде екенін білетін бала шағын жер үйдің екінші бөлмесіне кіріп, қасына Мәликені шақырып, құдалықтың ең қызу кезінде сықырлауық есіктің табалдырығына жатып алып құлағын тосқан.
Көрші шал құдалық жайын сағыздай созып, ұзақ баппен сөйлей келіп, екі жастың қосылуын қалағанда, иі жұмсақ Қадыр іштен шыққан қызын қимай, біраз үнсіз отырда да, ақыры келісімін беріп илікті.
- Қыз бала жат-жұртқа жаратылған жан екені рас. Мөңкені жасынан білем. Қолда өскен ғой. Егер екеуінің уағдасы болса, мен қарсы болар деймісің. Тек тұла бойы тұңғышым еді, шама келсе жасауын сайлап, қызықпен атқарсам болғаны.
- Жасауы деп несіне қиналасың. Бала екі жаққа да ортақ. Қалыңын мол берсе... «ақысын берсе, боқысы шықпай ма»- деп Күлзипа көзін қысып, иегін қағып, қыстырыла кетті.
- Ақысы дейтін не бар. Қайбір шекеміз шылқып отыр біздің. Өз шамамызбен өлшейміз де, қалың сұрап бұлданатын адамымыз Бәкең емес қой,- дегенде, Күлзипа шаптыға жөнелді.
- Осы сен-ақ күн жаумай суланып отырады екенсің. Қалыңсыз беретін далада жатқан қыз жоқ. О несі-ай, қайдағы жоқты шығарып, ата дәстүрі, несі бар. Бәке, қырық жеті сұрап шіренбей-ақ қояйық, ірілі-ұсақты бір он тұяқ болса болды, құда да, құдағи да тыныш.
- Қой деймін,- деп Қадыр әйеліне басу айтып еді, қайыс ауыз жыламсырап, қаярлыққа басты:
- Ал, онда өзің-ақ атқар. Мені тумаған өгей шеше деп отырсың ғой. Қашан сенің қызыңа ала көздік етіп едім. Қит етсе менің өгейлігімді бетіме басасың.
- Жарайды, Күлзипа,- деді келгелі үнсіз отырған Байбатыр.- Құдай сені өгей қылмасын, таусылма, шырақ. Жақсы қызыққа ишарат еткенде, жаман ырымға бастама. Сенің көзіңнің жасын тыймасам, Мәкішжанның да көзінің жасы тыйылмасын білем. Уәде! Бірақ, есіңде болсын, бұдан былай құдалықтың шырқын ащы суыңмен бұза берме! Соңғы көруім болсын!
Байбатыр орнынан сүйретіле тұрып, алдынан көлденеңдеген Қадырмен төс тақап құшақтасты да, үнсіз шығып кетті.
Ел арасында сөз жата ма, ертеңінде-ақ Байбатыр мен Қадырдың құда болғаны ауыл ішіне тарап кетті. Әсіресе, Мөңкемен қатар жүрген балалар мәз- мәйрам күліп:
- Әй, сен үйленетін болыпсың ғой.
- Мәликені алады дейді ғой.
- Бәсе, үндемей жүріп істі бітіріп жүреді екенсіңдер ғой.
- Не болса, о болсын, сен басташы әуелі, біз де қарап жатпаспыз,- десіп, күнұзақ Мөңкені ортаға алып, қақпақылдайды.
Алғашқыда ұялып жүрген Мөңкенің келе-келе еті үйреніп, Мәликені «қалыңдығым, ертең үйге түсірер жас жарым» деп сырттай иемденіп алды. Ауыл ішіндегі түнгі ойындарда Мәликені көзден таса қылмай, ол біреумен әзілдесіп, не алтыбақанның әткеншегіне бөтен баламен отыра қалса да кәдімгідей қызғанатын болды. Не дегенмен екі жетім бір-бірімен қосылып, отау тігетіндеріне іштей қуанышты.
Бірақ, Байбатыр атасының көріпкелі бар ма, қайыс ауыз өгей шеше өгейлігін қылмай қойған жоқ. Екі-үш ұсақ тұсақ тұяқ алып, басында көңілі жай тапқандай болған Күлзипа, енді басқа «өнер» шығара бастады. «Беретін қалыңын берсе, тез берсін. Қызымыздың жасы келіп қалды, сұраушылар көп. Егер сөзбұйдаға салып, қалыңын тез бермей, ұзаққа созса, жұлдыз санап отырар жайымыз жоқ. Мөңкеден басқа да ұл туған шығар. Қызымызды жөнелтеміз де
жібереміз»- деп ара ағайындар арқылы күнде теріс мінезді, қисық сәлемін жолдап, өзі қатынамай қойды. Қадыр сабырлылық тілеп, басу айтса, бетінен алды. Шаруадан басқаны білмейтін жуас күйеу, көк айыл әйеліне қарсы ештеме айта алмай, мұрнын тескен өгіздей жетегіне еріп жүре береді. Кейін Күлзипа ауызды Байбатырға да сала бастады. «Баласына қатын әперем деп тыраштанған несін алған. Аз ғана қалыңын төлей алмайтыны бар, несіне құдалыққа түсті. Сол ұры неме, ана іштен тумаған немереге отау тігер деймісің», деген сөзіне Байбатыр зығыры қайнап, өлердей намыстанды. Мінезі қаншама морт, нойыс болғанмен бөтен әйелге шамасы келмей, ақыры қолындағы сауып отырған жалғыз биесін жетектеп апарып берді. Қайыс ауыз сонда да қояр емес. Желіккен үстіне желіге, құныққан үстіне құныға түсті.
Байбатыр соңғы кезде, жаралы аяғы жауын күндері сырқырап, төсек тартып жатып алатын сырқат күйге ұшырады. Сондай күндердің бірінде кемпірін қасына шақырып алып:
- Қап, мына жаман қардың ызасы өтті-ау. Көзім тірісінде қара танауды үй ғып кетпесем, ана Күлзипа қос жетімнің көз жасына қарар емес. Қиып жіберетін нағыз қара жүректің өзі ғой. Қара суық түсе, алыс жаққа бір сапар шығып келмесем, амал жоқ. Ана қайыс ауызға барып айт, ел ішінде даурықпасын. Мәкіштің көңіліне қаяу сала бермесін. Қалған қалыңын жақында береді де. Байдан алар екі жылғы алашағым да бар. Енді берсе қолынан, бермесе жолынан. Жалғыз жортып, қартайған шағымда соңғы ұрлыққа шықсам да Күлзипаның аузына құм құярмын,- деп өзінше ант еткен.
Ұзақ жолды қысқарту үшін, айдалада жортқан Ақан Мөңкеге неше түрлі қызықты ертегі, дастандар айтып, ара-тұра ән салып, кішіпейілді ақын баламен тең құрбысындай сыр шертіскен. Ақтоқты, Ұрқия, Жамалдардың қайғысын айтып, ара-тұра күрсініп, сапаның сары даласында ұзақ мұңды күйге түскен. Ақжарқын, ашық ағасына тез бауыр басып, үйреніп кеткен Мөңке де орта жолда қызарақтап отырып өз Мәликесінің жайын түгелдей айтып еді, Ақан біразға дейін кейіп, балаға да, атаға да ұрысқандай болды.
- Қап, тым құрымаса бағана шет жағасын білдірмеген екенсің. Қайырылып барып Бәкеңе тоқтау айтатын едім. Ұрлықпен берген не қалың?! Онымен кімді мұқатып, не мұратқа жетеді. Ұрлық еткен басқаны зақымдайды: ұрлық түбі – қорлық деген. Өз басым мал ұрлаған ұят, қыз ұрлаған мұрат деп санаймын. Келіскен қызға, кесімді ұрлық жүреді, тілсіз малға жасаған ұрлық тірлік емес.
Мөңке бекер айттым-ау деп, Ақанға қарай алмай, жазықты адамдай үнсіз жорта берді. Әлден уақытта барып, ақын қайта жазылып, баламен қатарласа берді де, иегінен көтерді.
- Сен, немене, бұртия қалдың. Мәликеден айырылып қалам-ау деп қорқып келемісің? Уайымдама. Әйтеуір беріп қойған басқа жері жоқ екен, ол да болса көңілге медеу. Ал, осы сапардан қайтқанда Мәликенің тойын өзім жасаймын.
Мөңкенің іші жылып кетті.
- Құлагердің бәйгесін алып, байыған жан емен. Алақандай орамал алып, қалтама басқан жоқпын... Екі-ақ рет үйірімен жылқы алғаным бар. Онда да Ожымбай балуан мен Бәтжанды үйлендірдім. Құлагерімнің өнерімен келген ақ адал малдың айыбы жоқ деп білем. Ал, осы жолы, жақсы есіме салдың. Сағынай асында қанатым менің алдымен келетініне шек жоқ. Құдая тәубә! Бәйгесі де мол болар. Көптен Сұлтанмұратты үйлендіру арманым еді. Бір тұяғын ешкімге байламай, тура екеуіңнің алдыңа, іншалла, салып берем. Күлзипа енеңнің қорасына бір-ақ айдап кіргізесің де, қайыс ауыз енеңнің көмейіне құм құйып, Мәликеңді қолынан жетелеп ала жөнелесің. Осыған келістік пе?! Бір күн үйінде қалдырсаң риза емеспін,- деп Ақан Мөңкеге қарағанда, сәби көңілімен шын қуанған бала көзі жайнап, не дерін білмей, сасқалақтай берді. Серінің ашық қолы баршаға мәлім. Бір айтқанын екі етпейтін ерлігіне де қанық Мөңкенің көзіне мөлдіреп жас та келіп қалған...
Міне, қазір, Мөңке жолдағы сол уәдені ойлап, іштей толғанып, қуанып, Құлагердің жалынан мәпелей сипап қояды.
Сері Ақан мен ояздың ерке қатыны Анна далада ұзақ серуендеп, Құсақ көлінің екінші беткейіне келгенде күн де түске тармасып, ыси бастаған. Неше күннен бері алыста мұнарланған кухняны көргісі кеп Анна Ивановна аттың басын осылай қарай бұрған еді.
Көзге жақын көрінгенмен жүре келе шалқая түскен кең Құсақтың жиегін бұлар ұзақ айналды. Көл бетінде шыбын қағып, балдыр сүзген құс сыңсып жүр. Олардан берірек, көлеңке таба алмай суға белуарынан түсіп салқындаған, көл жиегінде бірінің бірі алқымына басып тығып үйездеген үйір-үйір жылқы адам айтқысыз.
Жүз-жүзден сойылған малдың қаны бүкіл бетеге бетін шалғандай қызарып, сарғайған. Бар өңірден ыс исі шығады. Әр жерге жарқырата төккен мал сүйегінің маңында қан-жынға тойған бықырлаған ит атаулы мол асқа кенеліп, керіле түсіп маужырап жатыр. Кейбірі бос жүрген жылқымен араласып көлге түсіп, суды малшылап, сылпылдатып таңдайларын жібітіп, сүйек-саяққа қайта келіп етпеттей құлайды. Қаз-қатар тартылған жүздеген желі басында бие сауғандар, қойдың сары қиы маздаған неше жүз ошаққа қондырған тай қазандардың маңында шүпірлеген малайлар қыбыр-қыбыр етеді. Еттің көбігін алған ақ жаулық әйелдердің жүзі қайнаған қазандардың буынан көрінбейді.
Екі салт атты марғау, жуас жылқылардың ара-арасымен үнсіз аяңдап, қараша үйлерге қарай тақата түсті. Енді-енді анадайдан жалшылардың да жүзі көріне бастады. Бір тізерлеп көнекпен күрп-күрп бие сауып, оттың ыстығына кіржиіп ас пісіргендер енжар. Той жаққа бара алмағандарына күйінгендей қабақтары салыңқы.
Мал тұяғы шиырлап тастаған желілердің басынан түсіп келе жатқан Ақандар мес қарын биелердің ортасында шаң-шұң ұрысқан екеудің ту сыртынан 279
келіп тоқтады. Бұл кезде ұрыстың әбден қызған кезі екен. Күннің ыстығында жалбыр тымақ киген екеу бір-біріне айбат шегіп кіжініп, келгендерді аңғарар емес:
- Әй, періп жіберейін бе!- десе бірі:
- Бір қойғанда қалпақтай түсірейін бе осы!- деп ұмтылады екіншісі.
- Осыдан бар ғой, жоқтауыңды асырмасам бар ғой!..
- Өй, сасық сол, жаныңды зәр түбіне жіберейін бе?!.
- Қоя қой енді, мұрныңды бұзып жіберермін!
- Аузыңды қан жалаған иттей қылармын!
- Кет енді, мұрныңды даладай қылармын.
- Жағыңды уатып жіберемін енді!
- Төбеңнен тесік шығарайын ба осы?!
- Мұрныңды бет қылайын ба?!
- Езуіңді жырып жіберейін бе?!
- Танауыңның дал-дұлын шығарайын ба?!
- Аузыңды опырып жіберейін бе?!
- Осы тұрған бойыңда қара жерге қағып жіберіп, қайтадан суырып алайын ба?!
Екі жалшының бір-біріне бата алмай, құр қоқан-лоқымен айбат шегіп, кіжіңдеп мықтымсып тұрғандарына жымиған Ақан шыдай алмай күліп жіберді:
- Әй, жігіт, жерге қағып жіберген соң, қайта суырып алдың не, алмадың не?!
Ашық, өктем дауысқа жалт қарасқан екеу желке жүндері дүрдиген балапан әтештерше айырылысып кетті.
- Қайдан білейін, адамның жынына тиеді, ассалаумағаләйкүм!- деп бірі сәлем беріп еді, екіншісі қосыла сәлемдесті.
- Ассалаумағаләйкүм! Қап, мына кісілердің келіп қалғанын қарашы, енді болмаса көретін едің көресіні!
- Сенен бе?!- деп алғашқысы тағы ұмтылды.- Жәрәйді, қонақтардың көзінше абұйырыңды төкпейін. Бұ кісілер кетсін, сосын болсын!..
- Кеткенде неғылмақшысың?
- Әй, жігіттер, жетті енді, екеуіңді де шықпыртып, біраз сойып алармын. Соншама не үлесе алмай жатырсыңдар.
- Е-е, ағасы ұрғанның айыбы жоқ, ұрсаңыз мына соққанға кішкене батырыңқырап алыңызшы,- деп бірі ыржия қарап жақындады.
- Ағасы-ау, өзіңіз төреші болыңызшы, ана тойға барып келейін, сен жалғыз сауғыза тұр, түнгі күзетке мен өзім ғана шығармын десем, көнбейді. Бір адамға мал қайыру бермейді де, не өзі бармайды, не мені жібермейді. Мұндай да кәззәп болады екен.
- Сен кеше, ақындардың өлеңін естиін дегенге жіберіп пе едің. Өз қылғаның өзіңе. Енді жүр осылай омалып.
Ақан оларға төреші бола алмады. «Кедейдің күні кіжінумен өтеді деген осы - ay. Қызықты көретін байлар. Солардың малы үшін қырық пышақ болып ұрсысып жатқандары мынау».
- Жігітгер, ән естігілерің келсе, қазір анау үйлерге таман келіңдер, басқасы болмаса да, өлең айтып беру қолдан келеді,- деп, Ақан жүріп кетті.
Бұлар құрым киіздері қырық шоқпыт он шақты жүдеу қараша үйдің қасына келіп аттан түскенде алдарынан бір қария шығып:
- Оу, Ақанжан, ат көлігің аман ба, қарғам, бәсе, мына қара тобырға неғып сәлем бере келмес екен деп ем. Бәсе, бәсе, көпшіл адам осылай болса керек етті. Алда разы болсын, қарағым, бізді елегеніңе! Ал, үйге кіріңдер.
- Ата, осы сыртта отырсақ та болар. Күн тымық, таза ауада отырайық,- деп Ақан қасындағы Аннаға кедей үйдің ішін көрсеткісі келмеді.
- Жарайды, жарайды, оларыңа да көнейік. Ай, балалар, ана жылқышыларды, әйелдерді түгел шақырыңдар. Малды қасқыр жемес, бір иіндісі сауылмаса, дәнеме етпейді. Бір көруге ынтық боп жүрген Ақандардың өзі келді араларыңа. Үйден киіз, сырмақ алып шығыңдар,- деп қысқа әмір беріп еді, жалаң аяқ, құс табан балалар «Ақан, Ақан, Ақан сері келді» деп сандарын шапалақтап атой сап жүгіре жөнелді.
- Жаңа аттарды жөнелткен соң осылай қарай аяңдап ем, мына келіншек те соңымнан жетіп, осында барамын деген соң алып келдім. Ояздың әйелі ғой.
- Ана істік мұрттың қатыны де, көрсін, көрсін, ылғи үлде мен бүлдеге оранып жүрген неме ғой. Кедей-кепшікті де көрсін,- деп қарт көзін сығырайта әйелдің тұла бойын тінте қарады да, қабағын жазды. Дегенмен өзі иман жүзді екен, ана ояз бұл араға қонаққа шақырсаң да аяғын басар ма екен. Жарайды, бұл да мейман екен ғой, әй балалар, ас әкеліңдер.
Анна Ивановна ішіне жүз торғай қамап қойсаң бірі тұрмайтын шұрқ-шұрқ тесілген жатаған қараша үйге айнала қарап отыр. Кешегі Жайынбек таныстырған үй мен мына желқом үйдің арасы жер мен көктей. Етектері түрулі туырлық пен сырсыз ақ жем керегелердің арасында ши де жоқ. Тапал, шағын үйдің киіздерінің кей тұсы жамау. Ескі шапанның етегімен, терінің қиындысымен, түрі басқа киізбен кең тесіктерін жамап, бастырған. Жүні түтеленген көне киіздердің 281
үлбіреп, күнге күйіп жұқарып әбден тозығы жеткендігі байқалады. Қайта бұл да жібі түзу үй сияқты. Оның ар жағындағы шаңырақсыз үш бақан қара қостар титығына жеткен жүдеулікті айтып тұр. «Көлдің бір жақ жиегіндегі ойдым-ойдым тақыр желі басындағы көп жылқының арасында қылт-қылт етіп көрінген сауыншылар, ошақ басында отырған балалы-шағалы әйелдер қаншама көп. Мына он шақты үйге бөлсең бір-біріне кемі он-он бестен келер. Сонда бұлар қалай сыйысып жатады екен» деп ойлады Анна. «Мына жалшы тобырдан да, басына жеке киіз үй тіккен ана Қарқымбайдың жалғыз қара сабасы не деген бақытты еді».
Ояз әйелінің сыртқа төселген оюсыз жұқа киізге де, астына салған кірлеу сырмаққа да, осы маңдағы бүкіл жүдеулікке көзінің қиығымен барлай қарап отырғанына ыңғайсызданып, Ақан жай-жапсарды өзі түсіндіре бастады.
- Анна, келгелі байлардың салтанатына үйренген сіз, қазір жұмақтан тамұққа келгендей болып отырсыз-ау деймін?
- Неге, олай емес, мен жай әшейін, мына қазан-ошақтарды қызықтап отырмын. Ахан, сіз білесіз бе, мен түнде ылғи осы жаққа қарап таңырқаушы едім. Мына ошақтардың астында жылтыраған оттардың арасы қосылып, көлдің бір беті түгел өртеніп жатқандай болып көрінеді. Не деген көп қазан, не деген көп мал сойылған!- деп адамның ойын айтқызбай сезетін тәрбиелі әйел жалтарып кетті.
— Ой, ой, много,- деп ояз әйелінің соңғы сөзін шала ұғып қалған шал да қосылды.— Много баран, лошад вот так,- деп өз тамағын өзі кесті.— Мақан много, қымыз много, шалавек много, дм много, ой, ой, псе много. Бай что хош, то делайт, бетр бросайт.
Жас шағында жиі базаршылап, Омбы, Ірбіт жағында жүріп, одан ит жеккенге айдалып, сол жолда аздап орысша үйренген Жайық қарттың сөзіне масаттанып, Ақан рақаттана күлді.
— Анна, қарт дұрыс айтады. Әттең тілі жетпей отыр, әйтпесе көп нәрсенің сырын ақтарғысы-ақ келеді. Сіз білемісіз — осы асқа Сағынай балаларының қанша шығындалғанын?
— Білмесем де жобалаймын. Бірақ осыншама байлық қайдан шығып жатыр?
— Мен сізге шет жағасын айтайын. Ана аппақ үш жүз үйдің жартысынан артығы бір жылдың ішінде дайындалған. Әр үйді дайындаудың қаншалықты қиын екенін түсіндірудің өзі қиын. Үш жүзден келетін қонақтарға дайындалған көрпе - жастық, ыдыс-аяқтың өзі қаншама. Менің естуімше бұрса деген матадан бес жүз жүн көрпе, кәрілерге қалың шедіреннен бес жүз құс жүн көрпе, атыластан, жұқа шәйіден бес жүз көрпе, үш мың қаз-үйректің жүнінен жастық, екі мың құс жүнінен құстөсек, бес жүз кәрлен шыны-аяқ, төрт жүз кәрлен кесе, мың ағаш тостаған, неше бір түкті, жібек, масаты кілемдер, басқа толып жатқан жабдықтар осы асқа әдейі дайындалған. Бәрі де бұрын ұсталмаған жаңа дүниелер. Күніне үш жүз қой, елу жылқы сойылады. Әрине, малды азаға әкелетіндер көп. Жүз -жүз саба қымыз ішіледі. Осылайша той он шақты күнге, тіпті одан да көпке созылмақ.
Анна Ивановна осы айтылғандарды күнде көріп, нобайлап жүрсе де, Ақан келтірген есеп-қисапқа таң қалды.
- Не деген байлық?!
- Осының бәрі қайдан шығады дедіңіз. Мына жиналып жатқан адамдарды көрдіңіз бе? Бұлардың бәрі - Сағынай балаларының жалшылары. Бұл әшейін ас жабдығына әкелгендер ғана. Ал олардың қарамағында онға тарта ауыл бар. Бәрі – малын бағатын қара табандар. Байлық - малда. Оның бақташылары да, киіз қарпып, көрпе қабатындар да солар. Бір ғана мысал: былтыр күзде керей елінің бар саятшыларын жинап, екі жүзге тарта адам, екі жүздей қаршыға, қырғи, лашын деген құстарды салып, құс жайылымға шығатын жерлерге, көл ішіндегі қамыс қоғаларға тұзақ құрып, жастық, құс төсек үшін қаз, үйректі баудай түсіріп қырған. Қазақ даласы көлге бай. Мысалы, бір ғана Бурабай маңында сексен көл бар. Әр көлдегі құсқа сан жетпейді. Сағынай елі Ақкөл деген көлдің маңын мекендейді. «Ақкөлде шәукілдекке дейін қырылып, келесі көктемде қамыстан басқа ештеме қалмапты» деп, жұрт аңыз етіп жүр.
- Шынында ғажап екен!- деді Анна Ивановна.- Ал, осы астан кейін не болмақ, осының бәрі кімге керек. Түсер пайда бар ма? Осының артында не қалады?
- Астың артында Сағынайдың балаларының атағы қалады. Байлығы елге жайылады. Құсақ көлінің басында сойылған малдың тау-тау сүйегі, мүжілмеген қаңқасы, шұрқ-шұрқ тесілген ошақ, бұрқыраған күл қалады,- деді Ақан мысқылды өткір көзін алысқа қадап, ойланып.- Одан басқа ештеме қалмаса керек. Сіздіңше не қалуы керек?
- Жоқ, менің ойлағаным басқа бір жай. Ахан, біз жолда, көп адаммен, Сағынайдың аулына барып моласын көре кеттік. Жай, әшейін ағаштан оюланған зират. Біз Академияда шығыс елдерінің көп өнерімен таныстық. Көне шығыс елі өнерге өте бай ғой. Сонда Индиядағы Тәжмәһәл, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи зираты, Индия, Япония, Қытайдағы пагода деп аталатын храмдар, сол сияқты толып жатқан шығыс еліндегі күмбездерге аса қайран қалысатынбыз. Осы асқа жұмсалған қаржыны жұмсаса, сондай бір зират орнатуға еркін жетер еді деймін. Тарихи ескерткіш болмас па еді.
- Анна, оныңыз орыс елінің, басқа шығыс елдерінің мәселесі ғой. Қазақ халқы өлгенді қадірлей білетін, сол арқылы өзін де қадірлегенді, ескерткіш қалдырғаннан гөрі бар байлықты қолма-қол ішіп-жегенді артық көретін халық. «Таңғы ризық тәңірден» деген сөз бар. Ал, тарихты, біз үймен, зиратпен қаламай, сөзбен, ән-өлеңмен, күймен қалаған халықпыз. Айтқаныңыз көкейге қонымды -ақ, бірақ оныңызға аса машықтанбаған жандармыз. Тамағымызды көрінгенге беріп, ішіп-жеген жемқорлар мақтап, сауырымыздан қақса, соған семіретін халықпыз. Егер сіздің мәртебелі ояз күйеуіңіз Сағынай балаларына емеурін білдірсе, осы асқа жұмсалған қаржыны өз бас пайдасы үшін, бір ғана атақ үшін көз жұмып бере салар еді. Ондайдан олар тартынбайды. Егер қаласаңыз Петербургқа бір арба
алтын, күміс бұйым тиеп әкететініңізге күмәнданбаймын. Ал, бұл жерде өз туыстары, өз бауырлары мынадай күйде отырса оған қыңқ етпейді,- деп, Ақан қол жууға құман дайындап, бір келіншектің әкеп берген қап-қара сыбағысқан майлығына жақтырмай қабағын шыта қарады. Қарады да, сәл ойланып қалды. Алдарына үйеме табақ ет келген. Пышағын алып ет турауға оңтайлана бастаған Жайық, серінің кірпияздығын білетін, Ақанның жақтырмай қалғанын сезіп, қозғалақтап:
- Әй, осы үйлерден бір жібі түзу орамал табылмады ма?!- деп артына зеки бұрылды.
Ақан сәл езу тартып күліп, жат қонақтың алдында сездірмейін дегендей, әлгі келіншекті шақырып алып, бір ауыз өлеңмен жуып-шайғандай болды, бірақ оңдырмай айтты, басқаларына үлгі болсын дегендей етіп, мінеп айтты:
Құдаша, мұның несін әкелдің жырымдай ғып,
Көкпарға тартатұғын ырымдай ғып.
Бұл жақта сабын менен су жоқ па еді,
Жеті жыл ыстан шыққан құрымдай ғып,-
дегенде, неге шақырғанына түсінбей қалған келіншек жерге кіріп кетердей, қатты ұялды.
- Өй, көсегең көгерсін, Ақан! Бәсе, өздерін осылай жөнге салып кетші. Ескі дүниені де таза ұстауға болмай ма? Ай, қатындар-ай, сыбағаларыңды алған шығарсыңдар,-деп Жайық кейіді.- Осы бір орамалы құрғыр да қат, Ақанжан. Дегенмен өз берекелерін өзі алып, барды құнттап ұстамайтын салақ немелерге бұл аз әлі. О несі-ай деймін. Ұялсаңдар етті. Ақан - сендердің бар болысыңнан, ұлығыңнан артық ел асылы. Өй, адам танымайтын өңшең!
Бұл кезде бүкіл жалшы, малайлар Ақанды көруге, өлең тыңдауға жиналып, төсенішсіз тақыр жерге қысылыңқырағандай болып, балалар жеңімен мұрнын лып етіп сүртіп, алдына жас нәрестелерін өңгеріп емізіп отырған келіншектер салақтаған емшегін көйлегінің ішіне жып еткізіп, беті салтақ-салтақ балалар шешелерінің артына жасырынып, қаймығып қалды. Қымыз ішуге ыдыс әкеле жатқан бір келіншек кері бұрылып, жерошақ басына барып, қайта-қайта жуып жатыр.
- Иә, Жәке, басқа байлық қолдан келмесе де, осы бір тазалық байлығы қолдан келеді ғой. Не көп - көл көп, не көп, ала бота көп. Иіс сабын табылмаса да, сахар қайнатып, қара сабын былғау қиын ба?! Қашан да өз мінің көлденең көз отырғанда көрінетін әдеті.
- Рас айтасың, жөн сөз,- деп еді Жайық ақсақал, әйелдер жағы да балаларына сыбырлап, ұрсып жатыр:
- Әне, Ақан ағаң не деп отыр.
- Бар, бетіңді жуып кел, өй, нақұрыс!
- Үсті-басыңды қарашы, cay тамтық жоқ, күлге аунағанбысың?!
- Бет-аузыңа бес ит тойғандай, бар, кет қасымнан!
- Әне, естідің бе, күнде жуынып, таза жүрсең, Ақан ағаңдай әнші, cepi боласың.
Байлардың есігінде жүрген мына жалшылар мен күңдердің ұсқыны аса жүдеу еді. Бір жеген асын талғажау ғып, жаяу-жалпылап мойнына дорба салып жеткен қайыршылар не деген көп. Үстеріндегі киімдері өрім-өрім, қырық жамау көйлектері күнге оңып, жуа-жуа әбден қаймыжықтай боп үлбіреп, жұқарған. Қол тиіп кетсе іріп, тесілгелі тұр. Аяқ киімдері де қандай нашар. Қалың ұлтандай боп көң, теріге айналған балалардың жалаң аяғы өз алдына, үлкендердің кигені де әйтеуір жоқтан бар. Сірі теріден тіккен мыж-мыж етіктерінің сөгілген табанын жіппен, қайыспен шандып байлаған, қайта-қайта ұлтандап, үсті-үстіне шегелей берген соң, былғары ұстамай, ағаш шегелері шетінеп, ырсиған көне дүниелер. Қонышынан басқан, ақ жем етік киген әйелдердің көбінде шұлық жоқ. Қарсы қарап, ыңғайсыз отырған шалбарсыз келіншектердің жалбыр жамаулы, қалың құрақ іш киімдеріне көзі түскенде Анна Ивановна шын аяды. Шетіне маржан ұстаған сәнді кимешектерді көріп жарастық тапқан ол, үсті-үстіне құрақ жамаған, тозып жыртылған кимешек, жаулықтарды көргенде екі дүниенің деңгейінде отырған бақылаушыдай сезінді өзін. Анда-санда қышынып қойып отырған жігіттердің үсті әйелдерден де жүдеу. Қап-қара көздері мөлдіреп, ғұмыры көрмеген қызық киім киген орыс әйелін таңырқап қараған қарындары жалтыраған ірілі-ұсақты балалардың күйі қандай ауыр. Көбі жалаң бұт, жалаң аяқ. Сандарын, балтырларын қияқ кескен, кейбірінің аздаған қотыры да бар жарадар сәбилер. Арасында көзіне ақ түскен соқыр, қарны кебежедей тырсылдаған, басы қауғадай рахит, аяғы ақсақ жарымжандары да бар. Әйелдердің де, еркектердің де қолдары күстене, жарылып-жарылып кеткен. Денелерінің ашық жерлері желге, күнге тотыққан - қап-қара сірі қайыстай. Күні-түні мал соңында салпақтап, өздері де мал құсап кеткен малайлардың өңдерінде де ауырлыққа әбден көндіккен төзімділік, қыңқ етіп қыңырлық байқатпайтын момындық, еш қызық көрмей басылып өскен жабайы тұрпайылық сезілгендей.
Қазандық маңындағы әйелдердің киімі де, өңі де бірсыдырғы тәуір екенін көргенде Аннаның көңілі аздап жай тапқандай болды. Тегі ас-су маңындағылар елдің атқамінерлерінің сылқымдары болса керек.
Жолда келе жатып Аннаға тіке қарап, Ақанның: «Қазақ әйелдері ары кетсе отызға дейін ғана құлпырып, одан әрі күрт қартайып кетеді. Сіздердей еркін жүріп бұла боп өсу жоқ. Қатарынан талай құрсақ көтеріп, шаруа мен бала бағудың тауқыметімен қажып, ерте солатын қызғалдақтай бейшара жандар ғой» дегені есіне түсті.
Ояз әйелінің ойын жанарынан байқап отырған Жайық, еттен соң серіге қарап көптің атынан сөйледі.
– Ақанжан, біз бір елеусіз ғана қара байыр жұртпыз ғой. Шаруаға бас-көз бол деп сұраған соң, мен де көңілімді бір көтеріп қалайын деп келіп ем. Кеше үй сыртында тұрып әніңді тыңдадым. Мына байғұстар оған бара алмады. Әйтеуір бір тойғандарын сеп көріп, бала-шағасының аз күнгі несібесіне келген сүйек-саяқ кемірушілер ғой. Бұлар да қайтсын, сенің атыңды естігелі тықыршып, жүзіңді бір көруге зарығып жүр еді. Титтей де болса қам көңілдерін бір көтерсін. Аздап лебізіңді естіртсең екен, қарғам,- деп бағанадан бері тізесінде жатқан шанағы үшбұрышты жеңіл домбыраны ұсынды.
Ақан бөгелген жоқ. Өзіне телміре қалған көздерге қарап отырып, домбыраны бабына келтіре бұрап, шертіп-шертіп, алды да, қоңыр, сұлу үнмен әнге салды.
– Пау, шіркін!
– Өркенің өссін!
– Абұйырың артып, атағың өсе берсін!- деп батасын берген кәрі-құртаңдар мен жастардың өңі кіріп, Құсақ көлінің мал жатқан, ошақ қазылған түтінді беті де гуілдеп, көңілденіп кетті. Ыс исі бөккен тамырсық ауаға ширатылған ән иісі тарағандай болды.
Ақан тоқтаған жоқ. Күлдіргі, мұңлы өлеңдерді араластырып, түйдек- түйдегімен төге берді. Күн еңкейе бергенде ғана той жақтан құйғытып жеткен шабарманның даусы әсем әнді бөліп жіберді.
– Бұл не отырыс, тараңдар! Оязға ас әкелсін деп жатыр, қонақтарға да табақ дайындаңдар,- деп үркіте келген шабарман ояздың әйелі мен Ақанды көргенде басыла қалды. Аттан түсіп, иіліп тағзым етіп, даусы да күрт өзгерді.
– Жұрт ашығып отыр. Күрес боп жатқан жерге ет, қымыз жеткізсін дейді.
– Күрес қалай боп жатыр? Біздің түйе балуан шықты ма?- деп отырғандардың бірі мойнын созды.
– Шыққан жоқ-ау, жықты. Бірақ бәйгесін бермей қойды. Ит жығыс дейді. Қайдағы ит жығыс, бәлемді қайқайта әкеп соққанда, ананың жіліншігінің күлпаршасы шықты.
– He дейсің, ол қай пақыр еді?!- деп Жайық қарт қабағын шыта аянышпен қарады.
– Қай пақыр екенін қайдам. Әйтеуір Кіші жүздің балуаны дей ме, ол да бір дәу қара екен.
– Әліпқали емес пе?!- деді Ақан үрейленіп.
– Болса болар, адай дей ме, немене...
Жай қоңырлатып, баяу, тартқан домбырасын ақын күйініп, қатты шертіп қалып, орнынан ұшып тұрды. Домбыра шегі сырт етіп үзіліп кетті.
***
Кіші жүз азашыларына бөлінген қалың үйлердің шет жағындағы қоңырша үйде Әліпқали тістеніп, қиналып жатыр. Шаңырақтан түскен көмескі кешкі сәуле қу шүберектей бозарған қансыз өңіне түсіп, сұйылып барады. Тұла бойын солқылдатып, бір жақ денесін қан қақсата ауырған аяғының сынығын қанша ауырсынса да, қатты дыбыс шығармай, қайратты, төзімді жігіт болмашы ыңыранады. Астына салған бөстек шылқ-шылқ етіп терге малынған. Қасында сары атандай күждиген түйе балуан Жасағаннан басқа тірі пенде жоқ. Қазір керексіз еткен Сағынғали қорлығына күйінген жаралы балуанның есіне көмескі бұлдырап, сонау Нарын құмында қалған аулы түсті.
Бір атадан жалғыз еркек кіндік Әліпқали әкеден де жастайынан жетім қалған. Әкесі Хажымды есірік бура шайнап өлтіргелі не заман. Әке орнына Сағынғалидың түйесін баққан мұның қолында қазір аурудан ерте қартайған шешесі мен жалғыз қарындасы бар. Әліпқалидың мүгедек түрін көргенде сол сорлылар не күйге ұшырамақ. Нарын құм боранының ішінде ботасынан айырылған ару анадай боздап, көзінен жасы домалап, екі мықынын таяна зарлаған ана үні жаралы жігіттің құлағына алыстан еміс -еміс талықсып жетіп, жарадар жүрегін тырнап, сай сүйегін сырқыратқандай болады.
Әліпқали түйеші ғана емес, жастайынан Сағынғалидың қасына ертетін балуаны. Жасынан қарулы, қапсағай жігіттің жамбасы жерге тиген емес. Жиын - тойлардан үнемі бас бәйге алып, ылғи абыройлы қайтатын жігіт, өз қожасының алдында да бұйырсыз емес еді. Былтыр ғана бар беделден айырылып, байдың алдында мол кінәға ұшыраған. Малға құныққан Сағынғали осыдан бірнеше жыл бұрын өз-өзінен бір өнер шығарып, көршілес қыпшақ елінің қос өркеш бурасына жүз қаралы аруананы қайытып, кілең қоспақ алған. Өсімтал келеді дейтін қоспақтары суыққа, құм боранына аса төзімсіз болып, өткен доңыз жылы қатаң суыққа шыдай алмай іш тастап, көбі көтерем боп өлді. Біразы теңіз жаққа қаңғырып кетіп, боранда сорға батып құрыды. Жылмиған Сағынғали Әліпқалиды онша жазалаған жоқ. Қолына жинаған біраз нар түйелерін, жас боталарын малының төлеміне алып, жетім үйді тақыр жерге отырғызған. Өзін кінәлі санаған ақ пейіл Әліпқали бұл қылығын теріс деп санамады, құдайтағаланың зауалы деп ұқты. Құдайға жалбарынғаннан басқа, оған кәрі өтпейтінін жас жігіт жақсы біледі.
Содан тоңтеріс қарап жүрген бай, көктемнің басында, малсыз тұралап, аш- арық сіңіріне іліккен Әліпқалиға бір семіз тайлағын сойғызып бергізді.
- Шұбат ішіп, ет жеп, біраз, сүйегін ағартсын. Кемік майы қарайған шығар. Жілігін майлап, әлденсін. Биыл Орта жүзге, ту-ту Ерейменге - Сағынай асына апарам. Абұйырлы қайтса, алатын бәйгесі түгелдей өзінікі, және қалған малының орнын жаппай-ақ қойсын, құдай алдында кешемін!- деп сәлем айтып жіберді.
Көктемнің қара суығында өкпесіне суық тигізіп, жиі күркілдеп, жөтелге шалдыққан Әліпқали аз уақытта жеген семіз ет, ақ көбік шұбатқа онша шилана
алған жоқ. Жаңа ғана жілігіне май ілініп келе жатқанда Сағынай асына жүретін кез де болып қалған...
Енді Әліпқалидың есіне топ ортасындағы күрес түсті.
Үш ұдай болып бөлінген үш жүздің қалың тобының ортасына шығарған Әліпқалиды жаршы аса мәнерлеп, мадақтап көтермеледі:
- «Нарын құмда нар өскен, нардың майлы, былқылдақ табанына жеріген, тоғыз ай емес, он екі ай, тар құрсақта көтеріп, алты жыл қатар сақтаған сары майдан еріген анадан туған жас алып, арыстандай айбатты Әліпқали батырды шымырлап атқан ақ көбік ақ шұбатқа шомылтып, ақ өркешке құндақтап, мамыққа бөлеп жасынан, ақ ботадай әлпештеп, аруанаға теліген. Бұла боп өскен қас батыр - нар түйеңді аспанға асықша атқан жас батыр, алдынан шыққан дәулерді қасықша атқан бас батыр, қаймықпаған жауыңнан, тайсалмаған дауыңнан жүрегі мықты тас батыр, алдарыңа келіп тұр, Кіші жүздің балуаны, Сағынғали баптаған, бұдан өткен күштіні ол өңірден таппаған, батырды көрсе, тұра алмай, алып ұрмай - шыдамай, Әліпқали келіп тұр».
Ұзын шудалы желк-желк еткен қара бурадан түскен Әліпқали, сары жорғамен тайпалтып келген Жасағанға анадайдан шабынып тұра ұмтылды.
Орта жүзге аты мәлім шикі сары Жасаған жолбарыстай да, шойын қара Әліпқали аюдай. Жолбарыс пен аю бірін-бірі алыстан аңдып, екі-үш рет еңкеңдей айналып, балағаштай жуан білекті қолдар сарт-сұрт етіп жалаңаш жауырынға екеуі де бүкшиіп қалды. Сол жақ қолдары тырсылдаған бірнеше орап байлаған қызыл мата белбеуге жабысып, балғаның сабындай қуатты саусақтар, бүркіттің тұяғынша бүріліп, сіресіп қалды. Екеуі де оң жамбас екен. Иықтан сілкініп оңтайланғанмен мықыннан тірегі темірдей жұдырық қимылдатар емес. Реті келсе қаржасша сыпырып шалып, не тобықты елікше іліп тастайтын Жасағанның әдісін естіген Әліпқали сақ жүр. Анау мүлт жіберсе, қолтықтың астына кіре беріп аспанға ататын әдіске салмақ. Әккі балуан оны да сезетін сияқты. Ұзақ аңдысқан екеуі міз бақпай қатты тіресіп тұр. Әліпқали қимылынан жаңылдырайын деп, көңілін басқа тосын айлаға бұру үшін, иығынан да, белінен де басып, төмен тұқырта берді. Емендей қатып, майыспай, сірескен Жасаған да бір кезде, төмен қарай оқыс сілкіп қалды. Жұрт шу етіп түрегелді.
- Тізесі тиді!
- Тізесін бүктірді!
- Жеңді!
- Жықты!
Байқамай жер қауып қала жаздаған Әліпқали, лып еткізіп Жасағанды да бірге ала түскен. Екеуі де тізерлеп отыр. Әліпқали Жасағанның көзіне бірінші рет айбат шеге, анықтап қарады. Жасағанның көзі сілеусіннің көзіндей сап -сары, өткір екен. Өзіне тесіле төнгенде тынбайтын қайырымсыз жыртқыштың көзіндей
көрінді. Сап-сары бетінен түгі білініп, тісін шықырлата қайрайды. Өндіршегі бүлк-бүлк етіп, жалпақ кеудесі көрікше желп-желп етеді. Жалаңаш тізелерімен жер сызып, қалың көдені түбімен суыра жұлып, екеуі біраз жүрді де, дөңбектей сандары шиыршық атып, қайта тұрды. Тұра сала бірін-бірі дөңгелете жөнелді. Жан баспаған жердің қара топырағы шықты.
Екеуінен де тер саулап кетті. Жасағанның бетінен тарамдана аққан тер мойынынан жүгіріп, қойнына құйыла бастады. «Қарадан тер шыққанша, сарыдан жан шығады» деуші еді. Бірақ Әліпқали да өзінің терге малшынғанын сезді. Буын-буыннан да әл кетіп, аяқтары да шатқаяқтай бастаған сияқты.
Әлден уақытта аяқ астындағы жер дөңгелеп, көзден аққан жасқа бұлдыраған қалың жұрт анда-санда елес берген іңірде қарауытқан алыстағы тоғайдай көрінді. Жеңіл ойнайтын білек бұлшықтары жансызданып, әлсірей бастаған сияқты.
Түйе жүн шекпенінің етегі желбіреп дөңгеленген Жасаған сол жақ қолын сәл босата берген еді, осы сәтті күткен Әліпқали оң қолымен жауырынын қағып қалып, иығымен ішке кіріп кетпекші болды. Жақындасып, кеуде тіреп қалған Жасаған да бұл кезде оны қойынға жібермей оқыс шегініп қалып сарт еткізіп іштен орай шалды.
- Шалды, шалды!
- Аһ, бәрекелде!
- Уа, тәңірі!- деп шулаған он қанат қайта тынды.
Темірдей қысқан шотаяқты босату үшін Әліпқали кеудесімен итере түсіп, аяғын сірестірді. Тоқ балтырының етін сығып, жанын шығарған қуатты аяқ ұзақ уақытқа дейін айырылмай, зорға дегенде босап барып шығып кеткенде, Әліпқали да оны оңға қарай дөңгелете бере іштен шалып алды.
- Иә сәт!
- Иә, аруақ!- деп енді сол қанат дүрлікті.
Жасаған аяқ босатуға онша әрекеттенген жоқ. Қайта бостау ұстап, екінші аяғын жерге тіреп, қаққан қазықтай тұрып қалды. Әліпқали өзінің қателік жасағанын енді түсінді. Жасаған аш белден қамти ұстап, белбеуге қолын кіргізіп алған екен, қабырғасын майыстырып қысып барады. Егер аяғын босатса-ақ Жасағанның бел алып кететінін аңғарған Әліпқали не де болса, жуан мойыннан бар күшімен тұқырта басып, жамбасқа алуды ойлады. Басы төмен иліге берген Жасаған ыңыранған бір деректі дауыс шығарып, аяғымен де, қолымен де сіресіп, қайыра берді. Әліпқали алға тұқыртса, Жасаған артқа қайырып, екеуі де қимылсыз сүйектері сықыр-сықыр етіп, бірін-бірі ала алмай тұрып қалды. Қалың жұрт көздері шығып, екі түйе балуанды көтермелеп, Ерейменнің бауырын бастарына көтере шулап тұр:
- Иә, аруақ, ақсарбас!
- Мейрам бабам аруағы қолдай гөр!
- Адай, Адай!
- Ақжол, Ақжол!
- Алдияр, Алдияр!
- Қайыр, қайыр.
- Тұқырт, тұқырт.
- Жамбасқа ал, жамбасқа.
- Көтеріп әкет. Мықыныңды тайдырма.
- Аяғыңды босатпа. Желкеден сал қолды.
- Бұрап жібер.
- Сындыр, сындыр!
- Үгітіп жібер!
- Лақтыр, лақтыр. Шіркін-ай, келіп тұр-ау!
- Көтеріп соқ. Қап, әттеген-ай!
- Ал, жықты!
- Ал, құлады!
- Уа, ақсарбас!
- Уа, аруақ!- десіп әркім әр қалай, бірі Кіші жүздің, бірі Орта жүздің ұранын айтып, ата-бабаларына, аруаққа сыйынып, енді бірі сырттан кінжініп, мән айтып бұзылайын деп жарылған сеңше толқып, ортаға қарай лап қояйын деп тұр.
Тұла бойынан тер саулап, тамырлары білеуленіп, буындары талып, қалың қара еттері жыртылып, жіліктері майысып, көздері қарауытып соңғы күштерін салған екі алып, жұрттың сөзін қайдан ұқсын. Бастары шыңылдап, құлақтарының түбінен Арқаның асау желі, Нарынның тентек құмы суылдап, теңіз шуылдайды...
Әліпқали талықсып, бойынан қуат кете бастағанын сезді. Енді біраз тұрса Жасаған тік көтеріп әкетіп жерге ұратынына шек жоқ. Жүрек дүрс-дүрс етіп, алқымға тығылып, қысып барады. Екі шеке солқ-солқ етеді. Апырмай, не боп барады. Еңкейе тартып, оқыс қайырылып, Жасағанның ыңғайына қарай күрт қайырып тастамаса, басқа амал қалмады. Енді сытылып шығу мүмкін емес. Аппақ жуан балтырға жыланша оратылған қара балтырлы аяқтың тамыры тартылып, жансыз ағаштай қатып барады. Оқыс қайырылып, шалқалап лақтырса қос жіліншіктің біріне кәдік. Қазір оны ойлауға уақыт жоқ. «Намыс, намыс!», «Апырай, не болар екен!», «Ағ-ғ!» Әліпқали аюдай ақырып, оқыс қимылдады. Екі алып, түбінен кескен теректей шалқалап барып гүрс етіп қатар құлады. Бір нәрсе күтір ете қалғандай болды. Сүйек-ау. Жілік қой шамасы. Кімнің жілігі.
Әліпқалидың көзі қарауытып, көк аспан шыр көбелек дөңгелеп, қызыл-жасылды түспен бұлдырап қара-қошқылданып барып, қап-қараңғы түнекке айналып кетті. Қатар түскенмен қайтып қайрат көрсете алмаған Әліпқалидың үстіне Жасаған аударыла беріп, бүркітше бір басып қалды. Жұрт шу етті. Одан арғысын білмеді.
Айналасы құлаққа ұрған танадай. Есін жиып, көзін ашқанда басында отырған Жасағанды шала таныды. Бәрі өң мен түстей. Бағанағы кең аспан жоқ. Күлдіреуішпен белдеулеген шаңырақ арасынан көрінген көктегененің түбіндей шағын аспан бетінде ұлтарақтай ғана айран түстес сұйық, бір шөкім түбіт бұлт көшіп барады.
Әліпқалидың үстінен балуанды он шақты қол көтеріп алып, сақ-сақ күліп, қолтықтап әкетіп бара жатқанда, Жасаған ештеме білмеген. Артына жұлқына қайырылып, жыққан адамына қарағанда қасына ешкім келмей дөңбекшіп жатқан Әліпқалидың салдырап бос қалған аяғын көріп, қайтадан кері бұрылды. Теріні жыртып шыққан сынық жіліктің үшкір басын көргенде түйе балуанның көзінен жас атып кеткен...
- Әттең білмедім ғой. Қара басып сенің үстіңе шығармын ба! Обалыңа қалдым-ау! Ана бөрідей шулаған немелер енді итше таласып, бәйгемізді бөлісе алмай жатыр. Оһ, ит өмір. Енді күреске шықсам, аруақ ұрсын, ант атсын!- деп Әліпқали алдында өзін кінәлі санаған еңгезердей Жасағанның екі иіні селкілдеп, балаша егіліп жылап отыр.
«Жаңа ғана көкке көтере мақтап қаумалаған есірік көп батыр, енді басқа балуандардың қызығына кенеліп, бұл екеуін ұмытқан. Енді Әліпқалидың керегі жоқ. Ақсақ, мүгедек Әліпқали. Солтаңдай басып, түйе соңынан зорға еретін сорлы Әліпқали. Теңін де тауып қосыла алмайтын, әке соңында түтін түтете алмайтын кемтар Әліпқали».
Әліпқалидың көзінен жас сорғалап, иегіне қарай жорғалап барады.
- Алла-ай, құдайға қараған бір жанның келмегені ме ?!
- Әліпқали, жаным, шыдашы, Мен қазір келем. Көп тобырдан қолы қарақты бір сынықшы табылар,- деп Жасаған ерні дірілдеп, кемсеңдеп шығып кетті.
Оның артынан, іле қасында екі-үш жігіті бар Батыраш кірген ішке. Киіз үйдің бір бұрышында шалқасынан жатқан Әліпқалиға мысқылдай қарады:
- Ә, жігітім, жатырсың ба?! Кешегі күржиген мықтылығыңа қарағанда... әшейін бір боркемік екенсің ғой.
Әліпқалидың миы зірк етіп, қан құйылып кеткендей болды. Сықырлап есік ашылғанда топшысы қайырылып, үйелеп жатқан дәрменсіз құсша, көмек іздеп талпынғандай, басын көтере қарап еді. Онысы адам емес, хайуан болып шықты.
- Кім-кімнің құйрығына көк шыбық ойнатар екен енді. Жатқан жеріңде жон етіңнен таспа тілейін бе! Әкелші қамшыны,- деп Батыраш бұжыр беті долырып,
жігіттеріне қарағанда, Әліпқали зығыры қайнап басын көтере беріп, сылқ етіп қайта құлады: сынық сүйек сықыр етті.