Ақан сері — Сәкен Жүнісов

Аты: | Ақан сері |
Автор: | Сәкен Жүнісов |
Жанр: | Роман |
Баспагер: | Жазушы |
Жылы: | 2002 |
ISBN: | 5-605-01808-6 |
Кітап тілі: | Қазақ |
Жүктеп алу: |
Страница - 20
– Жарайды, бір жолға тимеймін. Еліңе жеткенше өзіңнің де көзіңе шыбын үймелер. Аруақ атсын! Қалай екен Алтайдың аруағы?! Сасық күзенше шақылдап, бұқаша гүжілдеп, кіжініп едің. Сорлы, Сағынғалидың түйеші жаман жалшысы. Жат енді осылай, өрем қап!- деп табалап шыға берген Батыраш ар жағынан келген Ақанға қағылып, алая бір қарады да, аттарына қонып кете барды.
Мұндай сынықтарды талай көрген Ақан Әліпқалиды мазалап, көп сөйлемеді. Жолдастарына иек қақты. Жайық ақсақал да келген екен. Қастарында белі имиген, қаусаған кемпір. Кемпір қолындағы түйіншегін шешіп, Әліпқалидың аяқ жағына келді де:
– Е-ей, балам-ай! Сен де мендей бір кемпірдің таяныш қылған жалғызы болармысың. Құлыным-ай, өзің алыстан келген балам екенсің. Құдай басқа не салмайды. Алла сәтін салса, қолым жеңіл еді, әлі-ақ құлыншақтай шауып кете барасың. Ал, қане, жаным, шыда,- деп күбірлеп сөйлеп жүріп, қасындағыларға кеудесін басып отырыңдар деп ымдап қойды.– Туһ, мынау әшейін жай шытынаған сүйек екен ғой. Мен бір жамауға келмейтін сынық екен десем,- деп ұп-ұсақ үгітіліп, кей жері сояуланып, қанға баттасқан ауыр сыныққа қарап, сығырайған көзінің жасын байқатпай жеңімен бір сүртті де, арық тарамыс қолымен жылы су құйған құманды көтере берді. – Бісміллә, иррахман рахим. А
8
Қанаты кең жазылған бәйгешілер, айыл-тұрмандарын ат үстінде отырып та бір тексеріп алып, айдаушының шаршы орамалына қарасты. Тықыршып, кісінеп, жер тарпыған сәйгүліктер көздері жайнап, ауыздықпен алысады. Айдаушы орамалды көкке көтеріп тұрып, серпіп қалды. Өрт тигендей дүр етіп, бес жүз ат жұла тартқанда, аспан асты шайқалып, теңселіп кеткендей болды. Дүңк-дүңк еткен қара жер қозғалғандай дірілдеп, тербеліп, тып-тымық ауаны екі мың тұяқтан ұшқан шаң көміп кетті. Күздің ала-сапыран қою бұлты жерге аунап түскендей Ерейменге, Құсақ көліне қарай ұйтқып жөңкіле көшіп барады. Екі мың тұяқ шымыр жерді тасырлата шертіп, жалпақ түзді лекіткен дала күйіне бөлеп жіберді. Кемеріне сыймай лықылдап, буырқанып тұрған өзен арнасын ашып жібергендей, лақ етіп төгілген бұйра толқын кең жазықта айдаһардай бүктеліп, зымырап барады. Бірін бірі баса-көктей қарыған ақ көбік, ақ жалдар екпіндеп, ентелей құйғытып, сары даланың төсіне кең жайыла берді. Дүңк-дүңк соққан бес жүз бала, бес жүз тұлпардың мың жүрегі жерді солқылдатып, шымырлатып барады...
Әлдене уақытта бетегенің басында жеңіл қалықтап жайыла берген шаң тұманының арасынан артта қалған кей бір аттың нұсқасы да қылаң етіп көрініп қалды. Кей тұсы бой-бой боп сөгіліп, алдыңғы жақта бірең-сараң жүйріктер жеке кезген құйындай оқыс ұмтылып қылт етіп сытылып шыға берді. Желбіреген құйрығымен бұйра толқынды ширатып, өріп барады. Үздік-создық шыққан төрт
құйын бір кезде қатар салды. Тақтайдай жазыққа бауырын төсеп қатар көсілген төрт құйын, күн астында созылған қынаға малған түйе жүннің шүйкесіндей. Енді бір кезде арттарынан жер шытынай жарылып, жіптіктей түтін бұрқырап шұбатыла шығып бара жатқандай. Қызыл, жасыл, көк, сары орамалды төрт бала бір заматта қатар айқасып, қабырғаласа салды. Жауын артынан айшықтала қалатын кемпірқосақ секілді иіліп, сары белден асып ғайып болды.
Бірін-бірі жібермей үзеңгі қағыстырған төрт жүз тоқсан алты ат та белеске қарай өрмелей жайылып, аралары бытырап, сирей бастаған. Алды белестен асып, арты жаңа көтерілген жүйріктер енді бір кезде қалың шаңды келесі жазықтан бірақ бұрқ еткізеді.
Алдыңғы буында кеткен төрт ат Батыраштың Құлайкөк, Топайкөгі мен Алатаудың аласы, Нарынның Нақжүйрігі еді. Құлайкөктің үстіндегі бала жан - жағына тышқан көзі жылтыңдап қарап келеді. Маңында Құлагердің жоғын көріп, көңілі өскендей, атының басын еркін жібермей Топайкөкпен қатар отыр. Балалардың көкейінде қалған бұл да бір әдіс. Екі шаңды қатар қосып, қоюлатып жіберді.
Құлагер кейінгі буынның алдында еді. Екі тұманның ортасында алдағы төрт аттылының шаңы жайылып қосылғанша ашық алаңқаймен атына шаң қаптырмай келеді. Оң жағына қиыстай салып жеке-дара отырайын деп еді, желдің аңғарын байқай алмады. Тегі күн еңкейе самал да басылса керек. Ат тұяғының ұшқан шаң тез сейілмей, жеңіл қоңыр түбіт шәліше ұзақ қалықтап тұр. Оның үстіне құйрық тістесе шапқан он шақты ат та қалар емес. Кейде бастары озып, кейде амал жасағандай кейіндеп, қалмай келе жатқан кейбір аттардың жобасын да Мөңке таныды: Тарбағатайдың Тарланкөгі, Баянның Буырылы, Таразының Тарланы, қалғандарын анық тани алмады. Бұл уақытта арқалары жіпсіп терлей бастаған аттарға шаң қонып, қайсысының қылаң, қайсысының баран екенін айыру қиын еді.
Мөңке біраз жерге дейін атына риза болмай, көңіліне күдік орала берді. Құлагер қайта-қайта пысқырып, өз-өзінен тосаңсып, адымы ашылмай қойды. Алдыңғы лекте отырғысы келіп, тақымын сәл қыса түсіп еді, Құлагер шабысына шабыс қоспады, қол қамшысын жайқап, сауырына тигізгісі келген баланың есіне Ақан ағасының «Құлагерге қамшы сала көрме» дегені түсіп, батылы бармады.
Бұл айдау ел арасындағы ат жарыстардан бөлек, бұрын-соңды болмаған ерекше бәйге екенін Мөңке сезіп келеді. Шыға бере аттарын тежеп, бірін-бірі қақпақылдап алға салып аңдып отыратын айладан гөрі, алпыс шақырым жерге талмай жететін сәйгүліктерінің қуатына сенімдері мол үрдіс бәйге. Бес жүз аттың әрқайсысы өз елінде жүлде алып жүрген ерен жүйріктер. Шыға көсілген тұлпарлар аз уақытта жер танабын қуырып-ақ тастады. Анда-санда жан-жағына қарап, жер белгісіне зер салған Мөңке оң жақ қолда шыр көбелек айналып қалып бара жатқан қалың шілікті көрді. Отыз шақырымдай жер өткен екен. Тура жарты жол.
Осы тұста баланың да көңілі көтеріліп, тақымы қыза түсті. Тершіген арқа жазылып, көңілін Ақан ағасының шалқыма әні тербегендей боп кетті. Бұл кезде еті қызып, бауыры жазыла бастаған Құлагердің тұрқы ұзарып, бойы жеңілдеген еді. Ауыздығын шайнап, жұлқынып, маңдайын көтеріп, тұмсығын созып, басын сүзе түскен жануар лекіте жөнелді. Бағанадан бері бостау ұстаған тізгінді енді Мөңке қолына бір орап, тежей берді. Құлагер одан сайын ызаланғандай аузын арандай ашып, ауыздығымен алысып келеді. Сол жағында қапталадай шапқан аттыларға көз қиығын салып еді, алғашқы қарқынынан танбағанмен, шаң жапқан сауырларынан тер тарамдана ағып, қысыла бастағаны байқалады.
Қолына ораған тізгінді Мөңке шыжымдап босата берді. Тапаяқ асықтай жеңіл сырғанай жөнелген Құлагер екінші буыннан сытылып шығып, әудем жерде кетіп бара жатқан төрт қараға қарай бүктетіле салды.
Жасынан атқа шапқан Мөңке Құлагердің қасиетіне іштей таңырқап келеді. Ат жұла тартып шаба жөнелгенде қияқ жалы су-су етіп, аяқты алға тастаған сайын алдынан тұрған жел гу-гу етіп отырушы еді. Құлагердің жібектей жалы артқа қарай созылғаннан қимылдаған жоқ, бетке соққан самал да бірқалыпты үрлеп тұр. Иненің жасуынан өткен жібек біркелкі бөрі шабыс.
Құлагер көп ұзамай төрт атқа салып ұрып жетіп келді. Құлайкөктің соңынан құйрық тістесе біраз отырған Мөңке тізгінді тағы да шыжымдап босатып, қатарласа берді. Мұрны делдиіп, ысқыртып келе жатқан Құлайкөк алақандай көзінің отты қиығымен өзіне тосын қатарласқан жат жүйрікке мынау қайдан тап болды дегендей алая қарады. Ат үстіндегі қара саннан келер ұзын қонышты жеңіл етік тоқпақтай қара бала да жақтырмай қарады. Құлагерді танып келеді. Төрт ат та бұл кезде қара терге малынған екен. Құйысқан, айыл астынан сабынданған ақ көбік көрінеді. Ала аттың езуінен көбік шашырайды. Мөңке Құлагердің қамшылар жақ мойнына қолын салып көріп еді, ып-ыстық екен. Бірақ әлі терлемепті. Енді-енді білінгелі тұр.
Құлайкөктің үстіндегі бала аттанар жағындағы Топайкөктің баласына көзімен ымдағандай болып еді, ол алға оза тартып, бір қиыстай келіп, Құлагердің қамшылар жағына түсті. Мөңке екі баланың ортасында қалды. Екеуі де енді Құлагерге таяна түсіп, қабырғаласып, ортаға алып қыса бастады. Бұл да атқа шапқан әккі балалардың жымысқы әдісі.
Мөңке Құлайкөктің баласына жымия қарады. Енді екеуі де бірі-бірімен көзбен сөйлесті. Мәттақан қара бала Мөңкеге анда-санда оқ жыландай тесіле қарап, тынысы тарылып келеді. Атарға оғы жоқ. Жанарында жеп жіберерлік зәр бар. Ішінде не ойлап келе жатқанын кім білсін. Әйтеуір өртеніп келе жатқаны айқын.
Екеуі де қатарласа ұзақ шапты. Екеуі де көзбен аңдысып, бір-біріне атылардай тесіліп, ұзақ, үнсіз жауықты. Қара баланың жер бетіндегі қазіргі жауы Мөңке. Дұшпан көзі ішіп-жеп барады. Бала жанарында сәбилік нұрдан түк қалмаған. Делдие түскен танауында, «шіркін-ай, құдайтағаланың кәрімен атың
сүрінсе, допша домалап, ат үстінен құласаң» деген қарапейіл жаман ойдың нышаны бар. Құлагердің жаңа ғана пысып, мыналардан озатынына кәміл сенген Мөңке оны сезіп келеді. Озық адам сыпайы. Мөңкенің көзінде кекесін: «Саған жамандық тілеп қайтем, сен қаласың, мен озамын. Жарылып кетсең де айтар шындығым осы. Қазір сонау бір кезеңде шаңымды да көрмей қаласың» деп келеді. Бала да болса бұлар жарысқа түскен бәсекелес жандар. Бұлардың арасындағы өштік, іште тұтанған күншілдік, озғанның қалғанды мұқатуы - жарыс табиғаты, жарыс заңы.
Бес ат әлі жұбын жазбай қатар сілтеп келеді. Төрт аттың үсті де енді сабындалып, балалар еңкейе беріп аттарының көзін сүрте бастады. Мөңке де Құлагердің мойнына қолын салып еді, тер аққан екен. Терліктің астынан шаланың табы өткендей, тақымы да қызып жіпси бастаған. Аналардың атынан енді ақ көбік шашырап, екпіндеген аттың желімен ұшып келеді.
Жас шамасы өздерінен үлкен, егделеу Мөңкеге аса бата алмай келе жатқан екі бала енді үзеңгі қағыстыра екі жағынан кеп қысты. Топайкөктің бос үзеңгісі сыңғыр етіп, Құлагердің үзеңгісіне тиді. Он-он бір шамасындағы бала аяғын таралыға өткізіп алыпты. Мөңке байқамаған болды.
Бұл өнерді бастап келе жатқан Құлайкөктің басындағы бала. Жез сапты қол қамшысын бекем қысып, жауыға түскен. Мөңкенің орнында өзі шамалас бала болса, ортаға қысып, Құлагерді қамшының астына алар еді. Ондай дөрекі қиянатты да әкесі Батыраш ескерткен. Арасы он қадамдай жерде ағындаған ала аттың басында шапқан қағылез, момақан баланың мына аңдысқан балаларда шаруасы жоқ. Өзі мен өзі болып, қабағын шытынып, ердің қасынан ұстап, алдан көзін алмайды. Ол ер балаларша киінген еркекшора қыз - үйсін қызы еді.
Шүңірек қап-қара көзі болмаса, бет әлпеті тура әкесінен аумаған Батыраштың ұлының жүзін Мөңке жаңа аңғарды. Батырашта кеткен кегін алмақшы боп, тістене түскен балаға айғай салды:
- Әй, бала, атың болдыра бастапты, қинамайсайшы, қара-өкпе болып қалмасын.
Бала күреңітіп, үнсіз тістене түсті.
- Ашула-а-нба, қазір мен кетемін,- деп Мөңке құлағының түбіне еңкейе беріп айғайлады да, алысқа көз тастады.
Үш-төрт шақырым жерде белдеулене жатқан өзек қарауытады.
- Иә, сәт!- деп еңкейе берген Мөңке,- ал, қош болыңдар!- деп, тақымды қысып қалып, қиқуды сала тартты.
Жермен-жексен болып, кешкі қос аяқша зымыраған Құлагер құлағын жымитып, бір-ақ уыс боп құйындай ұшты. Соңында ширатылған бұйра шаң ғана созылып барады. Төрт бала келіскендей аттарына қамшы басып, қатар ұшыратты.
Қастарынан жеңіл сытылып кете барған Құлагердің қарасын ғана алыстан көріп, шаң қауып қала берді.
Көзінен жас парлаған Мөңке ердің қасына еңкейе жатып, тізгінді қыстай ұстап, ат үстіне жабыса түсті. Құлағының түбінен суылдаған желден басқа ешкім естімейді. Ат дүбірі де шықпайтын секілді.
Төрт жүз тоқсан тоғыз жүйрікті артқа тастап, жалғыз құлдырап аққан жұлдыздай Құлагер Көк өзектің сайына құйысқан сартылдап, екпіндетіп, түсе берді...
* * *
Ерейменнің бауыры у да шу, айқай-сүрең.
- Аттар келеді!
- Шаң көрінді,- деп алдын ала елегізіп, алысқа көз салып жүрген қарауылшылар даурыға хабарлағанда, отырған жұрт аяқтарынан тік тұрып, өріп кетті. Күрес арты сұйылып, ортада алысқан екі жас жігіт те жайымен қалды. Үш жүздің азаматы түгел дүрлігіп, құбылаға қарай лап қойды. Сарт-сұрт етіп жүз қаралы адам аттарына қонып, аттысы аттылай, жаяуы жаяудай ұмтыла жүгірген халық кедергіге тіреліп тұрып қалды. Дырау қамшы ұстап, көлденеңдей шапқан даяшылар, аттарының омырауымен қағып, есірген, елірген жұртты шегіндіріп әлек. Іші қорқ-қорқ етіп желген биік мәстектермен ояздың әскерлері де ат үстінде қоқаңдап айғайлап жүр.
Күн батып барады. Желсіз тымық ауаны басына көтерген даңғаза жұрт енді іркіліп, күннің қызыл шапағынан ұялған көздерін алақандарымен көлегейлеп, мойындарын созып, шулап тұр.
- Оһ, әне көрінді.
- Қане, қане?
- Әне, әне.
- Көрдім, көрдім ойпырым-о-ой!
Аттар келе жатқан шұңғыл табақтай кең ойпат Ерейменнің биік бауырынан алақанға салғандай анық көрінеді. Кемі он шақырымға дейінгі жасыл алаңның әр бұтасы, әр тасына дейін, жыланша ирелеңдеген жыра, жылғаларына дейін айқын танылады. Көк өзектің ар жағынан жіптіктей көтерілген жалғыз шаң құйындай ұшып келеді.
- Мына жалғыз қараның суырылуын-ай!
- Пой, пой-ой, шабысыңа болайын.
- Бағы жанған қай ат екен?
- Құлагер ме, Құлайкөк пе, кім білсін.
- Ей, мынау Қазмойын болмаса игі етті.
- Неде болса, өзі үздік келеді, енді бой бермес.
- Туһ, шапқан сайын үдей түсетін неме ғой, жануар-ай!
- Әй, өзі қылаң.
- Қайдағы қылаң, баран.
- Баран,баран.
- Қылаң, қылаң.
Шуылдасқан жұрттың сөзінің жобасы осы. Шаңға бөгіп, сүмектей болған аттың түрі, түсі түгіл өзін көрмесе де көзі қарақтылар алыстан болжап, жобалап соғады. Көк өзекке жақындағанда үзіліп шыққан түймеден қараны Ақан жазбай таныды. Талай тойда сан мәртеге жүлде алып, алыстан талай танытқан Құлагердің өзі. Баяғы шабыс, баяғы қарқын. Үдей-үдей соғады. Жалтыр мұздың үстінен сырғаната жіберген тапаяқ кенедей зулап келе жатқан сол. Ақынның қанаты, ақынның пырағы. Аспанға көтере салған тәтті әндей, тұла бойды шымырлатып, шырқап келеді. Жыландай шұбатылған шуда шаң Көк өзекке құлап көрінбей кетті. Екі беті алаулаған серінің көзінен бір тамшы мөлдір шық домалап түсті.
Әне, әне, тағы шаң шықты. Төрт шаң.
- Төрт ат.
- Ойпырмай, жұбын жазбай қатар келеді.
- Әне, біреуі оза бастады.
- Озды, озды!
- Алды, алды!
- Жоқ, ана бірі тағы бастармалатты.
- Пай, пай, шіркін тұлпарлар-ай!
Төрт ат таласа-тармаса Көк өзекке қатар түсті. Бәйге аттарын көргенде жандары шығып кетпей, әрең шыдап тұрған дала жұрты бірінің иығына бірі асылып, басып-жаншып, алға ұмтылып, тасиын деп тұр.
- Әне тағы шықты.
- Қарасы қырық шақты ат.
- Әне, тағы бір буыны көрінді.
- Тағы, тағы.
- Шаң! Шаң!
- Өрттей қаптап келеді.
Бір шаңды бір шаңға қосқан топ-топ ат шашып жіберген құмалақтай үздік - создық қылт-қылт етіп шыға беріп еді, біраздан соң балқыған қаңылтырдай бата берген қызыл күнді көкпен тірескен қою алапат тозаң басып, тұмшалап, түк көрінбей кетті. Құбыла жақ қалың түтінмен бықсып жанып, өртеніп жатқандай. Аспандағы қызыл шапақ-өрттің алауындай. Қап-қара түтін тұс киіздей тұтасып, терең ойпат бұрқ-сарқ буы бұрқыраған алып қазандай қайнап жатыр.
Әлден уақытта көк өзектің бергі қырқасынан қос түлкінің құлағындай шошаң етіп әлгі төрт ат қайта шықты. Қатар ұстаған қос домбыраның төрт шегіндей қатар сорғалап, Ерейменнің бөктерін күйге бөлеп келеді.
- Әй, әлгі жалғыз қара қайда?
- Үздік еді ғой, қайда көрінбей кетті?
- Не болды?
- Не болды?
- Сүрінбесе игі етті!
- Құламаса игі етті!
- Қалып қойды.
- Әне, көрінді.
- Ол емес.
- Мына төртеудің ішінде.
- Жоқ, мұнда жоқ.
- Кәдік болды.
- Кәдік!
- Кәдік!
Көсіле салған төрт атты көргенде Ақанның арқасынан мұздай тер шып -шып шықты. Кең, жазық маңдайында бөрткен тер маржандай мөлдіреп, тынысы тарылып, кешкі таза ауа жетпей барады. «Апыр-ай, не болды, не болды. Мыналардың ішінде болса игі етті. Жоқ. Жоқ, бірі де ұқсамайды. Қайда, қайда? Тағы не сұмдық болды. Апырай, жүрегі құрғыр алып ұшып, неге дүрсілдеп кетті. Тулап барады ғой. Сап-сап. Шыда, шыда. Бұл не? Дүние төңкеріліп барады. Аспанның қарайып бара жатқаны несі. Мынау жер ме, аспан ба? Жұрт не деп шулайды. Құлагер дей ме? Пырағым, қанатым!» Сары аттың үстіндегі Ақан көзі қарауытып, теңселіп кетті. Түк көрмей, түк естімей, көзінің алды бұлдырап, тұнып барады.
Төрт ат ақырғы күштерін салып, көмбеге таласа-тармаса жетіп, дая ағашынан біреуі озық өтті. Ақ көбіктері екі жағына жалп-жалп түсіп, аяқтары
бытырай шапқан аттар салп-салп етіп, әбден титықтап қалған. Аспан да, жер де қиқу. Ең алдымен өткен Құлайкөктің басындағы Батыраштың баласы:
- Төрт ауыл, Бекайда-ар!- деп шырылдап, Құлайкөкті қос өкпеге тепкілеп, өте шықты.
- Бақтияр, Ақшабдар,- деп, көне, жаңа ұранын қоса айғайлап, үйсін қызы:
- Алдиярлап - алшын;
- Бегайдарлап - тағы да Топайкөк өтті.
Ат келе жатқан жол қым-қуыт. Ыстыққа барлығып, даусы қарлыққан бәйге балалары іңір түскенше шырылдап өте берді.
- Қаптағайлап - наймандар мен матайлар;
- Үйбастап - қыпшақтар;
- Бөрібайлап - керей, уақтар.
- Барлыбайлап - бәсентиындар.
- Тілеубайлап - тобықтылар.
- Арқалап - сұлтан жұрнақтарының аттары өтіп жатыр. «Қарақайлаған» бірі жоқ. Қарақай аты Құлагер жоқ.
- Құлагер қайда, Құлагер?!
- Құлайкөк келеді дегенім қайда.
— Ах-ха-ха!
- Солай ма екен!
- Жоқ, бір жазым болған шығар,- деп сәуегейлер озып келген аттардың соңынан ұшып, желдетіп жүрген жүйріктерге анталады.
Ақан ештеме естіген жоқ. Екі құлағы тарс бітіп, басы зеңіп, құбылаға қарай атының басын қоя берді. Көзден жас бұршақтап ұшыратып келеді.
Ереймен тауының ығынан қара құрымдай қалың бұлт шығып, тыс -тырақай, быт-шыт боп сеңдей соғылып, мағынасыз жүгіріскен құмырсқаның илеуіндей жұртты ат-матымен бірақ бүріп әкететін алып бүркітше төніп, қанатын жайып келеді. Дала қапырық тартып, алыстан дымқыл жауын иісі білінді. Қас қарайып, көз байлана бере бес жүз аттың тұяғы қазып кеткен борпылдақ жерге ақынның көз жасындай жылы тамшылар көктен секіріп, топ-топ түсе бастады.
Көк өзекке құлдырап кеп дара түскен Құлагердің басын Мөңке сәл тежей берген. Көктемде су жырған терең көне жолдың жиегімен, ойлы -қырлы жерден орғи өтіп, басын шайқап-шайқап жұлқыған Құлагер қамшылар жағынан ұшыртып, жанамалай келіп қосылған қарақасқа атты біреуді көзі шалып қалды. Әлібектің қарабедеуіндей ұшқыр неме екен. Жер астынан шыққандай тосын
тоспадан пайда болған аузы-мұрны тұмшаланған сұсты адамнан Құлагер үріккен жоқ. Орта жолда белгі алуға тұрған біреу шығар деп ойлады. Мұндай жарыстарда жолдан қосылған аттылар әрең ілесіп, белгі алып қала беретін.
- Шылбырыңды көтер, шылбырыңды жина, шылбырыңды,- деп әлгі адамның маңқылдап айғайлағанын анық естіді.
О, ғажап! Жат адам қатарласа шауып, қолын шылбырға соза берген. Созылған қол адам емес, айбалта құсап кетті Құлагерге. Жарқ еткен айбалта аспанға көтеріле бергендей болып еді, құлақ шекесінен бірдеме сарт етті. Басы шың етіп, көзінің алды жарқ етіп есі ауып, қалай омақаса түскенін білмей қалды. Бел омыртқасы да кілт еткендей болды. Үстіндегі Мөңкенің қалай ұшып кеткенін де аңғармады. Ғұмырында бірінші рет сүрінуі, бірінші рет құлауы. Ағындап келе жатқан бойы, аяғы оқыс шалысып, мойны қайырыла оңбай түсті. Мөңке қайда? Аман ба екен о байғұс?
Құлагер жан дәрменде дүр сілкініп атып тұрды. Қалай кісінеп жібергенін де аңғармай қалды. Жалбарынған ащы үнге кең өзек жаңғырықты. Анадай жерде домалаған Мөңке де сүйретіле тұрып жатыр. Қолтығы дірілдеп, балаға қарай тізгіні шұбатылып аттай беріп еді, белі майысып қиралаңдап, тілерсегі үзіліп, шоңқиып барып, тағы құлады. Басы зеңгіп, астындағы жер дөңбекшіп, өзін шыр көбелек айналдырып әкетіп барады. Үрейлі көзіне Есілдің мұзындай көгілдір аспан түсіп, үстіне жақындап қалғандай болып еді, енді алаулап жанып, қып - қызыл қанға айналып кетті. Шекесінен шып-шып аққан жылымшы қан көзіне құйыла берді. Тынысы тарылып, көмейінен өзі бұрын естімеген қорыл шықты. Кеңсірігі бітеліп танауы желп-желп ететіні несі... Ақпанның қызылшұнақ аязында тер қатқандай, тұла бойы жыбырлап, дірілдеп барады ғой.
Әлден уақытта жерге жабысқан құлағына ат тұяғының дүбірі естілгендей болды. Біреу емес, бірнеше аттың дүбірі. Жерді солқылдатып таянып қалды. Бағанағы аттар-ау, тегі. Дәрменсіз жатқан бұған қайрылмастан, тоқтамастан тура арқа тұсынан сартылдатып өтіп барады. «Бұлары несі?» Бұтақтан құлап, қауырсын қанаты қайырылып жатқан балапан торғайды да иесі әдейі үстінен түсіп көтеріп алушы еді. Торғай құрлы болмағаны ма? Балалықпен байқамай барады-ау. Қап әттеген-ай, бұлар бұрын жететін болды-ау». Ет қызуымен тағы тұра беріп еді, ұйыған, үйелеген ауыр денесін көтере алмады. Басын зорға кегжитіп, тағы кісінеді. Бұл жылқы болып соңғы кісінеуі еді. Басы сылқ, етіп, қайта құлады. Ұйи бастаған қою қанға жағы шылп етті. Құлагер қатты күрсініп, талықсып жатып, бұлдыр ойға кетті. Анда -санда қасынан дүбірлете өтіп жатқан аттарды енді елемеді.
«Ақан қайда екен? Қадірлі ием күтіп қалды-ау. Шынымен жарыса алмайтын болдым ба? Шіркін-ай, бауырым жазылып, енді ғана еркін көсіліп ем. Жалғыз шапқаннан гөрі, көп атпен қатар жарысып күш сынасқан қандай қызық. Жыпырлаған жұрттың алдынан құйындай ұшып, жер жаңғырған көптің даусын естіген қандай рақат! Қанша шаршап, әлсіреп келе жатсаң да адам даусы қанат бітіріп, көтеріп әкетеді-ау. Шіркін, адам дауысы! Адам!
Бірақ, адам қолынан қиянат та келгені ме?.. Жаңағы жат адамның қолындағы не? Айбалта емес пе?! Соны сілтегендей болмады ма? Жоқ, мүмкін емес. Адам баласы мал-жанның жауы дала бөрісін ғана соғып өлтіреді. Жылқыны өйтпейді. Көп болса, қамшымен ұрып, шабан, сау аттарды аздап жазалайды. Артынан суарып, жем беріп, қайта бабын таппай ма!.. Бірақ, күздің қара суығында Қаратал түбінде бір құнанның төрт аяғын көктен келтіріп, пышақтары жалаңдаған екі-үш адам қарнын ақтарып, бұтарлап жатқаны қайда? Оны неге сойды? Қалай өлтірді? Оны Құлагер көрген жоқ. Қара сақал бір шал құнанның белтамырын алып жатқанда үстіне келіп, үрейленіп, үріккені қайда. Ақан бұған қанды көрсетпей алып кеткен. Жоқ, оның бір себебі болған шығар. Өзін де піштірген кезде төрт аяғынан буып, солай жықпап па еді.
Адам баласының қолынан бәрі келеді, бар мақұлықты үйретеді.
Жабағы кезінде «Кіші Қараой» жағында қысқы тебінде жүрген кезінде құрықтан сескеніп, үнемі жалғыз жайылатын. Жел өтіне маңдайын төсеп, ақ қардың үстінде жылқылардан бөлек жататын бұған кейде жас балалар құрық салып, ұстамақшы болатын. Топ жылқының ортасында жүрсең оп-оңай ұсталасың. Жеке шапқан сабалақ жүн құла жабағы қанша қуса да ұстатпай, балаларды кешке дейін әуреге салып, ақыры айдалаға тастап үйірге қарай құйғытатын. Үлкендер жағы «қашаған болады, қумаңдар» деп балаларға ұрсып, қойғызушы еді. Құла жабағы әсіресе, басқа салт аттыларды көріп, өзінің үстіне біреудің мінетінінен қорқатын. Бірақ, ол қорқынышқа да еті өлді.
Мұның тай болған шағы еді. Бір күні жылқышы шал алдаусыратып келіп ұстап алып, екі-үш адам жабылып басына жүген салып, құлағынан құнжита басып тұрып, үстіне бір жігітті мінгізген. Бұл аласұрып, мөңкіп, ерсіз жайдақ мінген жас жігітті үстінен түсіргісі келіп тулаған. Шалқасынан түсіп құлап та көрген. Бірақ ұзын қыл арқаннан ұстаған жылқышы айырылмай, өткір бишікпен біраз шықпыртып, әлгі жігітті қайта мінгізген. Алғаш рет адамнан таяқ жегені де со жолы. Жігіт қолтығының астына аяғын тығып жіберіп, шоқтығына жабысып, айырылар емес. Қолтығының қытығы келген құла тай жанұшырып арқанды кере тартып, шыр көбелек шапқылай берді. Басы айнала бастағанда арқанды шешіп алып, босатып жіберген. Еркіндік алған құла тай аспанға қарғып, шыңғырып, айдалаға ала қашып, құйындай ұшты. Үйірде оттап жүрген анасы көк бие мұның шұрқыраған үніне басын көтеріп, елегізіп, құлағын қайшылап қараған да, «ештеме етпейді, тентегім, жылқы баласының жазуы солай» деп жай ғана оқырана кісінеп, басын қайтадан жерге салған.
Сол күні құла тай бір төбені бір төбеге қосып, айдалада ессіз шаба берді. Күн тас төбеден ауған кезде бір түп тобылғы арасынан үйірінен адасып, ұйықтап қалған елік тұра қашты. Әлі аузынан ана сүті арылмаған арда емген құла тай үстіндегі адамды ұмытып, бала мінезі ұстап, әлгі елікпен ұзақ жарысты. Әбден титықтап, әлсіреген елік екі жаққа бұлтаңдап жалт беріп қызылға кіріп кеткенде, еті қызған құла тай тоқтамай шаба берді. Далаға салған інінен жер бауырлап ұша
берген ұялы қос итала қазбен де бірге жарысып, олар биіктеп кеткенде барып, ауылға қарай зымырады.
Жұрт орынға отырған кезде бір-ақ оралған құла тай со жолы аң соққандай теңселіп, қатты шаршады. Екі-үш күннен соң бастығып та кетті. Тек көпке дейін ауыздыққа ғана үйренбей, кермек татыған темірді аузынан шығара алмай қашырлата шайнап әлек болатын. Тілін қайда қоярын білмей, аузын арандай аша беретін. Ақыры оған да көндікті. Сол күннен былай жылқышылар да бұған аса мейірімі түсіп, сылап-сипап бағатын болды. Біреу басына міне қалса, тақыммен ғана жүргізіп, қайтып қамшы салмады.
Адам баласы өте мейірімді!
Мұның құнан шыққан кезі еді. Үстіндегі құла жүндерінен гөрі қолтығындағы, шап тұсындағы, жонындағы алтын жүндері көбейіп, құла тай «Кер құнан», «Құлагер» атана бастады. Бір күні Елторы деген сыншы келіп, құйрық - жалына дейін қарап, таңдайын қағып, жерге түкірді. Содан былай бұған құда түсушілер көбейіп кетті.
Ақыры осы күнгі иесі Ақан Шөкетай деген кісіден сатып алды. Біраз дүние беріп, бұлдап алса керек.
Ақан не деген мейірімді жан еді. Кер құнанды баласындай бақты. Өзі туған Қараталдың түбінен бұған арнап жеке құдық қазғызды. Жаздың ыстығында көлдің жылымшы суына суармай, қауғамен тартып, құдықтың мұздай мөлдір суын әпереді. Күнде Сары көлге апарып сабынмен шомылдырып, жал -құйрығын тарап әлпештейді. Мұндайда кер құнан керіле түсіп рақаттанып, ұмасы салбырап, маужырап тұратын. Алғашқыда отқа қоя бергенде аяғын шідерлеп, не тұсап жіберетін. Кейін қолға үйретіп алды. Ақанның қолынан тұңғыш рет қант жеп, тәттінің дәмін алған кер құнан иесінің даусы шықса -ақ шапқылай шауып келеді. Келе ойнақ салады. Тісін батырмай ернімен жыбырлатып, иесінің құлағымен ойнап, пұшпақ бөркін ала қашады. Иесіне әбден бауыр басып алды. Осы кезде құнан жарысына түсіп, ылғи озып келетін болды.
Қалың қар түскен қыс. Құлагердің дөнен шыққан кезі. Иесі бұған қызыл қайыңнан жеке қора салып, айналасын шыңылтыр қармен аққалалап, қоршап тастады. Күн ұзын аң қуып қара сорпасы шығып келгенде қышыма болмасын деп аязға басын кегжите байлап, түн ортасы ауғанда барып осы мұздай қораға таң асырып қояды. Ондай түндерде Ақанда да ұйқы жоқ, қайта-қайта шығып, шаңытқан қыраулы арқасын сүртіп, танауына қатқан сүңгісін алып, соқталанған жал-құйрығын тарақтайды. Жылы қоралардағы әтештер қанатын қағып шақырған таңның бір кездерінде барып суарып, қарға жем төгіп, үстіне қалың жабу жауып, жылы бүркеп, мойнынан еркелете қағып, өзі де ұйықтауға кетеді.
Сол жылдың жазында алыс сапарға шығып, ұлы бәйгеге түсті. Алдынан келген Құлагер өзіне қарай лап қойған көмбедегі адамдардан үркіп, жонға ала қашты. Ұшқыр қарабедеумен қуған Ақан ысқырып шақырса да, басындағы адамға бой бермей, лағып кете берді. Иесі сол жолы қатты ашуланды. Тұла бойы 302
дірілдеген Құлагер қамшының астына алар ма екен деп, көзі алайып үрейленіп тұрды. Бірақ, иесі тиген жоқ. «Әй, қанатым-ай, сүйте ме екен, адамнан үріккенің не, мұнша кісі-үйік болармысың, мен сені солай үйретіп пе ем» деп кейіп, артынша ұмытып кетті. Ол кезде мұның бесті шыққан кезі еді. Сол жиында әлгі мінезі үшін «Үркеккер» атанды. Бұл - қалың жұрттан соңғы үркуі еді. Содан кейін адам баласынан үрікпейтін болды.
Құлагер өз атын жақсы біледі. Себебі, иесінен талай рет естіп, осы менің атым болар-ау деп жобалайды, ақыры дағдыланып кетіп еді. Өзін қыздай еркелететін Ақан бұған не бір жақсы аттарды қоймады: «Кертайлағым, Үркеккерім, Құлагерім, Маңмаңкерім, Қурайкерім, Дүлдүлім, Қанатым, Пырағым»,- деп шақырса, Құлагер еркелеп кеп иегін артады.
Әнші иесі бұған арнап, не бір тәуір әндер шығармады. «Маңмаңгерге» салып баяулата тамылжытқанда, бұл да ән ырғағына қарай иесін тербетіп, құйрығы бұлаңдап, ырғала басады.
Иесі ер-тұрманын әбзелдеп, мұнымен қызды ауылды көп аралаушы еді. Ақан танитын қыздарды бұл да жазбай таниды. Олар да Құлагерді көргенде қуанысып, мойнынан құшақтап, иесі құсап, маңдайынан иіскейтін. Не бір жақсы тұмар үкі болса осының кекіліне байлады. Ақанды қыз атаулы өліп-өшіп жақсы көрсе де, көбінесе жолы болмайтын сияқты. Құлагер оны қабағынан таниды. Қанша кейіп, қайғырып жүрсе де, ашулы иесі мұны бір ұрып көрген емес. Жас күнінде жеген бишіктен кейін таяқты ұмытқалы қашан. Иесінің қолындағы қамшы селтең ете қалса, қорқып ала қашатын Құлагер кейін оған үйреніп алған. Қол қамшыны иесі тек сәндік үшін ұстайтын сияқты. Оның тілегін тақым қағысынан-ақ аңғарады.
Міне, адам деген қандай мейірімді! Жылқы баласына бұдан асқан дос жоқ!
Ендеше қазір не болды? Шекесіне соққы қайдан тиді? Әлгі бір жат адам жанаса бергенде болды бір кәдік!..
- Жоқ, адам баласы өйтпейді!
Мүмкін, нажағай түскен шығар. Мұның шекесіне тиген жай оғы болар. Ана жылы Жыланды жағында жүріп, көз алдында өлген бір биені көргені бар. Аспан жарылардай боп шатыр-гүтір ете қалғанда, айдай әлем жап-жарық болып кетіп, әлде бір нәрсе сатыр етіп түскенде, жауын астында бүріскен қызыл бие мұрттай ұшқан. Бауырына тығылған құлынына ештеме дарымай, есі шыққан жас мал айдалаға безіп, шапқылап кете барған.
Бірақ, бүгін аспан шайдай ашық емес пе еді? Қайдағы жай оғы? Не де болса адам емес. Екі айғыр таласса ортасына шыбын-шіркей боп түсіп, көкке қарғыған болат тұяқтан қаймықпай, басын ажалға тігіп айыратын адам баласы тап мұндай қатыгездікті жасамайды. Зұлымдық адам баласының қолынан келмейді. Ол тек мейірімділікке жаратылған!..»
Құлагер осының бәрін бір сәтте ойлап өтті. Қанды көзінің алдында бар тірлігі, қызықты шақтары үзік-үзік боп лезде өте шықты.
Талып жатқан Мөңке де есін жиып, ақсай басып келіп, Құлагердің үстіне құлындай түскен. Жолда бір ауылда Ақан тіктіріп берген ақ зонт көйлегін дар айырып, Құлагердің шекесіне басып, боздап отыр.
Құлагердің тынысы тарылып, демі таусылып, қорылдап, қырылдай бастады. Қап-қара бұлт төніп селдете өткен қатты жауын көзіне ұйыған қанды шайып, қараңғы аспанға соңғы рет қарады. Ақанын іздеп соңғы рет кісінегісі келді. Бірақ ерні ғана жыбырлап, дыбысы шықпады. Тұла бойы сіресіп, тартылып бара жатыр.
Осы кезде шапқылаған ат дүбірі еміс-еміс естілгендей болды да, іле «Қарағым! Қанатым!» деген иесінің дірілдеген даусы дәл құлағының түбінен шықты. Ақтық рет ышқынып, басын көтеріп алған Құлагер сары аттан домалай түсіп тізерлеп отыра кеткен Ақанның құшағына жағын төседі. Иесінің үсті де шылқылдаған су екен. Ағыл-тегіл боп аққан көз жасына малып алғандай. «Айдалада жалғыз қалдырмай, жеттің бе, үлгердің бе? Менің қазам енді жеткен шығар, ризамын саған, бақыл бол!» деп кісінегендей болды. Бірақ тағы да үні шықпай, ерні жыбырлаған күйі көзі жұмылмай қалды. Оқыс тұяқ серпіп, қинала керілген Құлагердің ашық қалған көзінде мөлтілдеген жас төгілмей тұнып тұр. Ақанның көзінен бір тамшы жас әлгі көлге үзіліп түскендей жан біткендей дір етті. Ақан аһ ұрып, он жыл серік болған аяулы досының жансыз көзін жапты.
Түн тастай қараңғы. Қапырық. Көкпарға тартқан қара текенің жүніндей сабалақ бұлт Ереймен аспанын қалың бүркеп, жаумай, сіресіп тұр. Айы -күні жеткен буаз биелердей қарны салбыраған бұлттар асқа тіккен үш жүз үйдің үстінен басып, төніп алған. Аспан мен жердің арасы құрық бойындай ғана. Тынысы тарылып тұр.
Паң Нұрмағанбеттің он екі қанат ақ үйінің маңында да қара бұлттай торлаған қалың жұрт. Бәйгеден аттар келе есін жиған жұрт жолда құлап жатқан Құлагер жайын шабандоз балалардан естіген. Ауыздан-ауызға тараған суық хабар Құсақ көлінің арғы қырқасындағы момын, марғау, жалшыларға дейін жай оғындай жеткен. Қазақ даласында бұрын-соңды мұндай сұмдықты көрмеген, естімеген жұрт жағасын ұстап, ақынға жанашыр жандар Көк өзекке жетіп, атының басын құшақтап, үнсіз күрсінген Ақанды жұбата алмай, біразы кейін оралған. Кешкі астарына да қарамай, бай үйінің маңын торып, үйдің ішінде күжілдеген шонжарлардың аужайын аңдып, сөз сыңайларын бағып жүр.
Кешкі намаздарын оқып, Нұрмағанбет үйіне жиналған үш жүздің мықтылары бағана кейінге қалдырған күрес пен ат жарыстың бас бәйгесін бөлісу жайына тірелген. Бәйгеге арнайы бөлген адамдар өзара біраз керілдесіп отырып, ақыры бір шешімге келді: «Екі түйе балуанның күресі ит жығыс. Бәйге Әліпқали мен Жасағанға қылдай бөлінсін».
Енді ат бәйгесіне келгенде қарны алдында салбыраған месқарын біреу қырылдай отырып сөйледі:
- Мен түк түсінбеймін. Алдымен келген аттарға еш талас жоқ. Осыны кейінге қалдырып жүрген кім? Біреу таласып отыр ма? Бірінші келген Құлайкөк, одан соң ала ат...
- Көре алмаған біреудің бүлігі де... Кім өзі бас бәйгені кейінге қалдырып жүрген?!- деп киіз үйдің оң жағында қос жастыққа шынтақтап жатып, қымыз сімірген Батыраш мұртын жалады.- Көзіме түссе, көрер ем әуселесін. Бас бәйгені алдымен келген Құлайкөк алмағанда әкесінің басына берем деп жүр ме?
- Мен едім оны айтқан,- деді даусы саңқ етіп, ояздан кейінірек отырған Саққұлақ. Іштегілер үрпиісе қалды. Қисайып отырған Батыраш суырша қақшиып, басын көтеріп алды. Сыртта құлақ түрген біреулердің «Уап, бәркелді», «Осылай болса керек еді әділ би!» деген үндері шықты. Ұлпадай мамықты бауырына басып, аяғын керегеге қарай жіберіп, ащы суды сіміріп масайған ояз ғана басын көтерген жоқ. Тілмаш арқылы сөздерін аңғарып, ызалы отырған Анна Ивановна Саққұлаққа көзін төңкере қарады.
- Аяғы сынған Әліпқали мен Жасаған бас бәйгені бөліскенде, айдалада мерт болған Құлагер мен Құлайкөк те бөлісетін шығар,- деп Саққұлақ оқты көзін қадады.
Үш жүздің шонжарлары жамыраса, ду етті.
- Ой, Сәке, қайдағы Құлагерді айтып отырсыз. Көзіңізбен көрмеген атты мерт болды дейсіз. Мүмкін, сүрініп өлген шығар.
- Қайдағы бір дауды бастағаныңыз не?
- Қызық екенсіз өзіңіз. Онша да мұнша жүріп жолда қалған аттың жырын жырлағанды көргенім осы.
- Мұнысы несі?
- Көз алдымызда өткен Құлайкөк алмағанда...
- Жоқ нәрсені көңірсіткеніңіз қалай?
- Өлер ат өлді. Оның жоғын жоқтайтын не бар?
Саққұлақ өзіне жабыла түскен мойындарында медальдары жарқыраған болыстарға тіл қата алмай, басын төмен салып, ойланып қалды.
Жалғызсыраған Саққұлақты есік жақтан бақылаған Жайық қарт кіріп келді осы кезде. Шидем шекпенінің етегін кісе белбеуіне қайырып алған. Есіктен аттай бере, тымағын шешіп, алып, ішіндегі тақиясын киді де, бір тізерлеп отыра кетті.
- Алдияр, тақсырлар. Кешу өтінем баса-көктеп кіргеніме. Құлагерді жоқтайтын мен бармын, мен аз десеңдер осы үйдің сыртында тұрған жұрт бар!-
деп шамырқана сөйлегенде, бір ауыз тіл қатпай, паңданып ыңырана түсіп отырған Нұрмағанбеттің көзі шарасынан шықты.
- Мынауың кім еді? Қайдан шыққан неме?!- деп сүзеген бұқаша көзілдірігінің үстінен қарады.
- Әй, Нұрмағанбет,- деді Жайық қарт енді қаһарлана түсіп.- Мынауың кім дейсің. Бұдан сыпайырақ сөз аузыңа түспеді ме?! Төрт-бес күннен бері тойыңа келген көп тобырыңа ас дайындап, отыңмен кіріп, күліңмен шығып жүрген көп жалшыларының бірі болсам да, кешегі Сағынай әкеңмен тұстас емес пе ем. Білгің келсе айтайын, атым Жайық, Сібіріңе екі рет айдалған қазақпын. Руым керей. Нағашы жұртым қарауыл. Сол қарауылдың дауын даулай келдім. Маған Құлагердің бәйгесі керек жоқ, құны керек.
- Иә, құны керек!
- Кім өлтірді, тауып берсін,- деп сырттан кіжінген біреулер айқай салды.
Шонжарлар ояз жаққа қарап еді, ол мұрты езуіне түсіп қолындағы кесені шалқалап төңкерді. Жайбарақат етпелеген күйі етке қолын салып, уыстап асап жатыр. Сөзде, дауда шаруасы жоқ.
Молдасқұрап, шақшасын қаға берген Батыраш кекете сөйледі:
- «Керей қайда барасың, Сырдың бойын жағалап» дегендей, көшіп-қонып жүріп Сарыарқаны паналап едің. Кірме керейлер, енді жалшыларыңды бұлай дікілдетесіңдер, мүлдем азып-тозайын деген екенсіңдер. Қайда барып күн көрер екенсіңдер енді.
- Біздің қамымызды ойламай-ақ қой,- деді босаға жақтан біреу.
- Әй, Батыраш, сондай қыңыр сөздің не керегі бар. Бәйгеңді аласың, саған қарсы тұрған кім бар?!- деп еді Нұрмағанбет.
- Көлденең сөзге қуыстанған ғана қышынып кіріспей ме? Түбінде бір кәкір болған соң шыжалақтайды да!- деп Жайық Батырашқа бұрылып еді, анау көзі шатынап, айқай салды:
- Әй, алжыған шал, мен сенің керейің емеспін. Қазір сақалыңнан сүйретіп, бақырған текеше тепкілетермін.
- Oh, көргенсіз! Құлагерді өлтірткен сен жауыз! Сенсің! Жауыз!
Батыраш орнынан атып тұрды.
- Не дейт, мына ит. Не дейт? Ал мен! Сен немді қыласың. Жігіттер! Жиналыңдар! Ойбай, мына керейлердің шаңын қағыңдар! Жаман итіне басындырып қойғандары ма,- деп ұмтыла бергенде, басқалары етегіне жармасты.