Menu Close

Ақан сері — Сәкен Жүнісов

Аты:Ақан сері
Автор:Сәкен Жүнісов
Жанр:Роман
Баспагер:Жазушы
Жылы:2002
ISBN:5-605-01808-6
Кітап тілі:Қазақ
Жүктеп алу:
VK
Facebook
Telegram
WhatsApp
OK
Twitter

Бетке өту:

Бет - 3


Өз атын естігенде Бақтыбай селк етіп, ыршып түсті:

  • Қой, айналайын, менен аулақ. Сол Бірішек жеген бір биеден ырысым ортаймас. Жеймін десе, тағы жесін мейлі!- деп ат-тонын ала қашты.

Отырғандар ду күліп:

  • Айтыңыз, айтыңыз, Бірішек не деді?
  • Бақа, сіздің малыңызды Бірішек енді қайтып тіріліп кеп жемейді,- десіп жатыр.

Тастан тымырайып, күреңітіп отыр.

Бірішек не десін. «Ай, өзің де қызық жігіт екенсің,-деді тыржиып.- Бақаң мен Тастан қыздарын балиғатқа толар-толмаста, құтылуға асыққандай жанталасып, ұзатып, балаларының көз жасымен байып алған жоқ па. Талай өлтірінің ішінде біреуі маған бұйырмай ма?»

  • Өй, қарағым, мұны айтқанда қасқырыңнан жан кете бастаған ғой. Әйтпесе, алжыған ба, өлтіріні пайдаланып, жаныма басып қалыппын ба, қасқырға жем қылатын өлтірі жоқ,- деп Бақтыбай ағынан жарылып, жұртты тағы күлдірді.

Содан не керек, қасқырдың терісін басына келтіріп айналдыра бере соңғы жауап алдым: «Ал енді сүттен ақ, судан таза бола тұрып, осы жүрісің не? Далада ордалы қасқыр жұбын жазбай бірге жортады. Сен болсаң үнемі жалғыз шабасың малға. Қаншығыңнан басқа серігің де, досың да жоқ. Бөрілермен аразбысың?» «Дүниедегі ең мықты да, ақылды да адам дейміз. Оның да аласы мен құласы бар,- деді Бірішек.- Сен мені кінәлама. Мен түгілі бір Шөбектен тараған Бегалы, Мырзалы балаларын қарашы. Қасқырдан бетер емес пе, бір-біріне атарға оғы, қабарға азуы жоқ. Бөрі менен сұрағанша, адам боп жүрген солардан сұра. Оларға не жетпейді?! Керей мен қарауыл, сендерге не жетпейді?»- деп Бірішек көзін жұмды.

Ақан суыңқырап қалған қою қара шайды табаққа құймай, шыныаяғынан ұрттап, үнсіз отырып қалды. Күнде ауыл арасында кешқұрым ермек үшін айтылатын жын, пері, дию жайындағы адам иланбаса да, жұмбақ бір өмірге жетелейтін қызықты ертегілер естіп жүрген жұрт Ақан әңгімесінен жаңа, тың нәрселер ұққандай. Өз ауылдастарын қосып, дала бөрісінің аузымен талай сырдың ұшығын ұқтырған мына әңгімеде үлкен астар да бар. Оны әркім өз шамасына қарай топшылап, бірі күлкілі жағына ғана ырза боп, сөзді келістіре білетініне ден қойса, енді кейбіреулері оның мысқыл, ажуа жағын басымырақ бажайлап, неше бір арам, сұмдық ойға түсіп кеткен. Торсиған жұмсақ, жылы бауырсақ пен сары алтындай майды көсіңкіреп алып қарбыта жеген жұрттың ойы әр сақта. Үнсіз отырып шайды ұзақ ішті.

Шыныаяқтар шиқылдай төңкеріліп, шай жинала бастағанда, босағаға таяу отырған бір кемпір тыныштықты бұзды:

  • Айналайын Ақанжан, жүрген жерің думан ғой. Көңілімізді бір көтеріп тастадың. Енді, қарағым, бір-екі ауыз лебізіңді тыңдасақ па деп отырмыз.

Шайдың аяғына қарай мал сойылған қорадағы шаруасына кеткен Тастан есікке жақындай бере кемпірдің сөзін естіп, қабағы түксиді. Ауыл адамдарының үлкен-кішісіне өктем сөйлейтін ол:

─ Әй, кемпір, ішер шайыңды іштің ғой. Енді жаспен жас болмай, ана қазандық жаққа барсаңшы. Бақа аға, сіздердің де үлкен үйге к іріп отырғандарың дұрыс болар,- деп басқаларына да әкімшілік етті.

  • Үй кең ғой. Біз де өлең тыңдайық,- деп Бақтыбай қарсылық білдіріп еді, Тастан қынжылып, алақанын жайды:
  • Мына арада жастар келіп тұр. Кіші бөлмелерге сыймайды. Балалармен қалай араласып отырсыңдар. Ақтоқты да келді. Осында отырамыз дейді.

Жел қағып, тотыққан Ақанның жүзі Ақтоқтының атын естігенде ду ете қалғандай болды. Бұрын-соңды қыз алдында аса қымсына қоймайтын ерке, сері жігіт тап осы арада бұлай өзгере қалғанына өзі де қысылғандай, ыңғайсыздана берді.

  • Қой, онда болмас, үлкендер өзіміз жеке кетейік, ал мына дәмге бата қайыр,- деп Бақтыбай ас ішіп осы үйден біржола аттанып бара жатқандай қасындағы қара сақалға қарады.

Қара сақал еңгезердей шалдың даусы да гүрілдеген жуан екен, күректей алақанын жайып жаттанды батаны сыдырта жөнелді:

  • Бай қылсын, бақтылы қылсын, Сүлеймендей тақтылы қылсын, арқардың мүйізіндей шақшалы қылсын, Кенесары, Наурызбайдай ақшалы қылсын, Аққошқар-Сайдалыдай жылқылы қылсын, жамандық ойлағанның құлқыны құрсын. Қоныпсыз қораңызға қоңыр күзден, қойларыңның қиы бар жалпақ тізден, бата бізден болғанда, тілек сізден, не тілейсіз, ей, балалар, енді бізден. Астырсын да тастырсын, сыйлы адамға бас тұрсын, осы үйге қастық еткенді қара таспен бастырсын. Аллаһ акбар!- деп әндете қайырып, бетін сипады.

Үлкендер кетісімен ауыз үйде ұйлығып тұрған ауыл жастары кең бөлмеге лық толды. Ақанның күтіп отырғаны Ақтоқты. Келіп жатқан қыздардың ішінде мынау сол болар дейтіндейі жоқ.

Бір кезде жұрттың соңын ала Ақтоқтының маңдайы жарқ етті. Өзі де айтса, айтқандай-ақ екен. Тоқсан түрлі шөптің ішіндегі раушандай жайнап, көздің жауын алғандай, Тостағандай қарақат көзі анадайдан жарқырап, бір -ақ уыс беліне қиылған жағасыз камзол қыналып, аппақ ұзын мойынды, жасы он жетілерге келген қыз маңындағы құрбыларынан ерекше көрінеді.

— Ақтоқты, жоғары шығыңдар,- деп бозбалалар да аса бір жылы ілтипатпен орындарынан сырғып жол беріп жатыр.

— Жоқ, мен отырмасам да болады, өз үйім ғой,- деп даусы сыңғыр етіп, босағаға сүйеніп тұрып қалып еді. Онда біз де отырмаймыз.

— Сен отырмасаң кетеміз,- деп ауыл-үйдің жастары жапа-тармағай бәйек болған соң барып, Ақтоқты қасындағы қыздармен бірге өтіп, оң қатардан орын алды. Жүріс-тұрысыңды еркіндік, өз жұртының алдында бір келісті еркелік бар.

Бала күнінен бері Сарыкөл, Қоскөлдің жағасында асыр салып, жұмыртқа іздеп, құс аулап ер жеткен Ақан келген құсбегі саятшыдай сынай қарап, біраз отырыстан соң әрқайсысына өзінше ат қойды. Маңындағыларға көзінің қиығымен ғана маңғаздана қарап, қақ-соқта жұмысы болмай сабырлы отырған толықша, мол кеуделі, бұғақты қараторы қыз барылдауық қоңыр үйрек сияқты; келгелі сыбдыр шықса елеңдеп, жан-жағына жылтыр, өткір көзімен алақтаған қара камзолды, ақ көйлегінің кестелі жағасына үлкен тана таққан қыз сүңгуір қасқалдақтай, ытырынған, киімі де, өңі де сұп-сұр, түсі суық көк көз қыз сұқсыр үйректей; жаңа ғана той-думанға араласып, өздерінше шашын жылмита тарап бой түзей бастаған, әлі ешкімге елеусіз, лақтың асығындай жүдеубас шарқы қыздар бір -ақ уыс еті бар шүрегейлер секілді, олардан да жастау, кірпігін жиі қағып қонақтарға тосырқай қарап босаға жақта томпия қалған сап-сары уыздай екі егіз қыз әлі қанаттанбаған қаздың сары балапандарындай. Ал Ақтоқты болса солардың ортасында мойнын иіп тастап балдыр сүзген, ерке, сұлу аққудың көгілдіріндей.

Бұл жаққа таңсық - аспалы ондық шамды Тастан Қызылжардан алдырған. Дәл ортаға ілінген шамның бір сымын қысқартып, кіші жас тоқал жоғары ілді. Ақан Ақтоқтыдан көзін алмай отырып, жолда кездескен Қалқа баланы ойлады:

«Неғып келмей жатыр. Дегенмен жігіт екен - айтқанды орындады. Өзі қайда жүр?»

Жастар отырар-отырмастан-ақ бір жігіт орамалды бұрап есіп:

  • Көрші ойнаймыз, аяқтарыңды тарта отырыңдар,- деп босаға жақтан бастап, жоғары өрмелеп, жастардың апшысын қуыра жөнелді. Есік жақтан әлі де ұзай қоймаған бағанағы кемпір:
  • Өй, көкшешек, Құлмақ, ойының осылсын! Ойнауға таң ұзақ жетеді, әуелі өлең айтқызбайсың ба? Қонақтардың лебізін тыңдайық,- деп тағы да ескі сарынына басты.
  • Апатай, көкетай, шешетай, шақшадай сабыр ет. Құлағынан тартса дарылдай жөнелетін сіздің үйдің қол диірмені жоқ бұл жерде. Әуелі жұртты, былай тоғыстырып, табыстырып дегендей, екшеп алайық. Сосын, сіздің осы тұрысыңыз не? Бәрібір ойынға қоспаймын, дәмеленбеңіз,- деп Құлмақ қуланып «көршіні бастап» кетті...

Талай алақандар күйіп, талай қыз орнынан ауысып келіп, ақыры Ақтоқты Ақанның қасына отырған. Сол кезде, осы сәтті аңдып отырған Шәкей:

  • Оу, жігітім, Құлмақ деді ме сенің атыңды? Енді біраз өлең айтып, ауыз жақта күтіп отырған қарттардың да көңілін аулайық,- деп қолқалай сөйледі.
  • Дұрыс айтасың. Ол да болсын. Бірақ мұның арты «жаман үйдің иесін қонағы билейді» болып кетпесін. Бір арызыңды орындаймын. Ал ана сығыр кемпірлер біздің барылдаған даусымызды күнде естіп жүр, олардың ынтығып, жылтыңдап жүргені Ақан ағай ғой. Тұра тұр, әлі біраз жалықтырармын оларды. Әуелі, кәне, ауылдың алты ауызын бастаймыз. Жеңеше, жеңеше, тұра тұр,- деп аузы-аузына жұқпай сөйлеген Құлмақ жиі кіріп -шығып жүрген Қадишаны тоқтатып алды...- Сіздей кеме тұрғанда қайықшыға орын жоқ.
  • Нағыз кемешілер мына аңшы қонақтар ғой. Біз де бүгін қайықшының ескегін алып судан тайып тұратын шығармыз,- деп күлген Қадиша ауылдың алты ауызын айтар-айтпасын білмей бөгеле берді.

Қадиша Тастанның кіші тоқалы. Жасы жиырмаларға жаңа келген жас келіншек. Осы үйдегі Ақтоқтыдан кейінгі әйел жынысының көріктісі. Басына тартқан жеңіл ақ жібек шалысы болмаса, ауыл-үй қыздарының бірі деп ойлайтындай. Әлі уылжыған жас, үлбіреп тұр. Ақ қағаздай бетінің ұшындағы қызылы бүгін бұрынғыдан да ерекше нарттай. Ақан келгелі осы жаққа той қамының сылтауымен көп кіріп жүр. Маңдайы кере қарыс, қаршыға көз, әсем жіңішке, қою мұртты жүзі желге тотыққан қара торы жігітке қараған үлкен сұлу көзінде албырттық та, мұң да бар. Ұзақ уақыт көз алмай тұнжырап тұрып қалатынын өзі де аңдамайтын сияқты.

Алқа-қотан жайғасқандардың бәрі Қадишаға қарап үнсіз отыр, Қадиша ыңғайсыздана түсті.

Осы кезде есіктен қарап зілденген Тастанның бәйбішесі қабағын керіп, тосын мінез көрсетті:

  • Әй, Қадиша, сенсіз де осында өлеңшілер жетеді ғой. Жастармен жас болмай, шаруаңа жүр. - Қадишаның екі беті шиедей болы кетті де, теріс қараған күйі:

─ Сізбен жарысып қайтем, аяқ-табаққа өзіңіз де жетесіз ғой, - деп, Сұлтанмұраттың қасына барып отырды да, өлең бастады.

Ақанның әні – «Мақпал». Бертін шыққан ән лезде ауыздан ауызға тарап, қазір бүкіл Көкше жеріне мәшһүр болған. Жиын-той «Мақпалсыз» өтпейді.

Ақан басын сәл ие түсіп, ойлы тыңдап қапты. Қадишаның ақжарқын, ашық мінезіне қанық ақын оның әнші екенін жаңа естіп, қайран қалды. «Үйірі қысырақтың мақпал қара» деп, екі жолын жүрексініп, әрі бәйбішенің әлгі сөзіне намыстанып, босаңдау бастап еді, өлеңнің екінші буынында жұмсақ, таза үнмен еркін шырқады. Көп жерлерде айтылып жүргендей емес, Қадишаның аузынан шыққан ән жаңа бір өрнек, кесте тапқандай. Ақан әнін бұзып айтқандарға қабағын шытынып, жаратпай, қашан аяқтағанша шыдамсызданып бітетін. Немесе, мына жерін былай айт деп өзі түзеп, тіпті болмаса, «әннің аузын жалақ, арқасын жауыр етпеші, әлі мұның үлкен сынға түсетін кездері болады» деп айтқызбай қоятын. Қадишаның айтуынан өзі де байқамаған бір сезім толқынын аңғарғандай болып, аса тебіреніп, ұйып тыңдайды.

...Алыстан ат аямай келгенімде,

Ей, Мақпал, қырындамай бермен қара.

...Алыстан ат сабылтып келдім іздеп,
Бір көріп қайтайын деп, Мақпал сені,-

деген сөздер тап қазір Ақанның Ақтоқтыға айтып отырғанындай. Жігіттің қызға ренжімей, наз ғып айтқан «қырындамай» сөзі мен қиылып, ағынан жарылған «қайтайын» деген сөздерін толқыта, екпіндете айтады. Осы екі жолдағы ақынның айтайын дегені де осы екі сөз, әндегі үзіліс жасап, жеке бунақпен, жаңа нақышпен оймышталатын тұсы да осы ара. Қадишаның әнді әшейін дауысын көрсету үшін барынша зорланып айтатын әншілердей емес, оның сыр-мәніне қарай нақыштап, айшықтап айтатын әнші екеніне көзі жеткен Ақан дән риза. Қадиша ақынның қасындағы жас қызға айтар сөзін әнмен жеткізгендей көрініп, Ақтоқты тура өзіне арналған жігіт назынан қысылған күйде отыр.

Қадишадан соң ешкім қолқаламай-ақ Сұлтанмұрат Құлмақтың қолындағы тұмар тағып күмістеген мойны ұзын домбыраны алып, қатты бұрап, қара шертіске салып, лекітіп, біраз бабына келтірді. Содан соң Ақанның «Майда қоңырына» басты. Бұл ән де ақынның бозбалалық, жігіттік өлеңдерінің ішіндегі аса бір сырлы, құдіретті әні еді. Бұған да аса шебер әнші болмаса, ауыл арасындағы «ұялмаған өлеңші болады» дейтін көрінген адамның қолынан келе бермейді. Ақан осы әнді Сұлтанмұраттың айтуын қалап, бір жиында «Майда қоңырды» сенің меншігіңе бердім дегені бар. «Жігіттің падишасы Әмір-Темір» деп, соңғы «Әмір- Темірді» ширатып-ширатып, толқыта көтергенде, Сұлтанмұраттың саңқылдаған ашық ұранды даусы ағаш үйді жаңғырықтырып жіберді. Күн ұзын далада жаураған жігіт жылы үйге келіп, қою шайды ғана ішіп, енді жастардың ортасына түскенде қанаттанғандай, аруақтана, еркін сілтеді. «Ахахау майда қоңыр» деп, домбыраның жоғары пернесіне барғанда да тынысы тарылмай, бұйраланып неше құбылған ұзақ толқымалы қайырманы еркін, бір деммен аяқтайды. Әннің әр буынының ара-арасында домбыраны шертіп-шертіп жіберіп, кеудесі көрікше бір

көтеріліп, бір басылған жігіттің даусы үдей-үдей соғады. Бұрын Сұлтанмұраттың атын естігенмен, өзін көрмеген, даусын естімегендер бағана «Ақанның қасында жүретін әнші жігіт» дегенде, қазанның түп күйесіндей қара жігітті қорашсынып, «осы ма мақтап жүргендері» деп, іштен мысқылдай қараған. Сұлтанмұраттың әніне риза болған Ақан бірде: «Шіркін-ай, тосын көрген баланың жүрек қабы жарылатын жүзіңді теріс қаратып қойып, бал татыған әніңді тыңдай берер ме еді» деп еркелете күліпті, «Ақан етінің қаралығын кетірем деп Сұлтанмұратты Сарыкөлге апарып, үш иіс сабынмен жуыпты» деген құрдасының қалжыңы елге аңыз боп тараған. Осыны естіген кейбір жастар алғаш көргенде айтса-айтқандай екен деп, біріне-бірі сыбырлап күлісіп қойған. «Қараның іші сара» дегендей, қара жігіт аузын ашқан сайын, көмейінен маржандай ән, меруерттей таза дауыс, қиятастағы жаңғырықтай үн шыққанда, әні де өзгере түскендей. «Күлімдеп, жарқылдаған тұрымтай көзі, дүрдие біткен қызыл ерні, дөңестеу мұрны, жел қағып, күн күйдіргендей шөген өңі ер жігітке лайық екен...» деп, «Ат ерінді, ер мұрынды келсін» дегеннің өзі екен»,- деп, жастар енді іштей ұнатып, әрі-беріден соң қызыға түскендей. Бойындағы бар жылылық қасиетін, жібектей созылған мінезін әнімен танытқан өнерлі жігіт «Майда қоңырды» қоңырлата аяқтағанда, үй ішінде де майда самал ескендей.

— Пау деңіз!

— Әлеу деге-ен!

— Шіркін-ай!

— Туһ, не деген үн!-

деп қайран қалысқан дауыстар әр жерден шықты. Босағаға үймелеп, ән тыңдаған ақ жаулықты, кимешекті кемпірлер де бастарын шайқап:

— Айналайын-ай, тусаң ту!

— Бір айтқан әнің бір қаралық екен.

— Көсегең көгерсін!- деп баталарын беріп, тағы өлең айтуын қолқалап жатыр.

Мұндай кіші-гірім той, шілдеханада «Көрші», «Хан мен уәзір», «Мыршым- мыршым», «Ат жүзігім, ат» сияқты ұлт ойындарын ойнап, көбінесе бұғыбай айтысатын жастар, бүгінгі түні ән тыңдаумен болды.

Сұлтанмұрат пен Қадиша кезектесіп айтып, бір кезде «Екі жиренге» қосылып кетті. Екеуінің даусы да қоңыраудай сыңғырлап, бұрын да талай рет бірге өлең айтып жаттыққандай бірдей шығады. Бұрын қыздардың қосылып ән салатынын немесе жігіттер мен қыздардың екі жақ боп бөлініп жар -жар айтатынын білетін жастарға Қадиша мен Сұлтанмұраттың мына өнері тосын, әрі қызық боп көрінді. Ақан болса, бірнеше дауыспен айтылатын ән де шығару керек екен деп көптен көкейінде жүрген мақсатын ойланумен отыр...

* * *

Үлкен үйге келісімен Мұқанәлі әлгі Ақанның қылығын он саққа жүгіртіп, біраз шенеді:

  • Осы Қорамсаның баласынан кейінгі кезде түңілейін дедім. Жұрт астына көпшік қойып, Ақан, Ақан деп дәріптеген сайын құтыра түседі. Мұның арты жақсылыққа саймайды. Айтқаның келді дерсіңдер: Қарауылдың Азнабайын шеней отырып, өз елін де былғаған жоқ па?! Қыз-қырқын жетпегендей үлкендерге ауыз сала бастапты. Түбі, аузың жаман демеңдер, бәріміздің ата-тегімізді лайлап, бабаларымыздың көріне дейін қопарады. Сендер де оны мадақтап күлдіңдер. Неменелеріңе жетісіп күлесіңдер!
  • Енді күлмегенде қайтейік, күлмесіңе қояр емес,- деп қара сақал гүж етіп, тағы да әлгі әңгіме есіне түсіп, күліп жіберді.- Аман қалған мына Әлжан ғана, басқамызды бір сыбап алды ғой.
  • Мені де жетістірген. Маған айтатынын жолда айтқан. Сыбағамды алғам,- деп Әлжан зілсіз күлді.

— Иә, саған не дейді. Неғылмайсың дейді? Тиіспеген адамы қалмапты ғой,- деп Тастан Әлжанды да қайрап, улай түсті.

─ Қой, айтпаймын. Отыз тістен шыққан сөз отыз руға жетеді, ертең мазақтағыларың келеді ғой.

─ Айтпасаң да Ақан айтқан сөз жерде қалмайды. Қасына ана бір Шәкей дегенді салпақтатып ертіп алыпты. Ол да бір аттыға жол, жаяуға сөз бермейтін керауыздың өзі. Ертең-ақ елге жаяды. Өңкей есер, әңгүдіктердің жүрген жері оңушы ма еді,- деп Мұқанәлінің зығыры қайнай түсті. Шәкей деп меңзеп отырғаны Су Құсайын еді. Ол да ертең ел аралағанда айтар сөзін ішке түйіп, үнсіз отыр.

— Әй, айтқандай, Мұқанәлі-ау, Ақанның сендерді итке теңегендері қалай, басқаға теңесе де, Сауытбектің сары ала иті сендерге ұқсамайды ғой,- деп Бақтыбай не сөйлерін білмей қыстырыла кеткенде, үйдегілер жарылып, ду күлді.

Мұқанәлі ғана түксие түсті.

─ Немене, сонда Сауытбектің итінен басқа итке ұқсай ма екенбіз. Сол да сөз болыпты-ау. Сізді де жаңа жетістірді. Қай қызыңыздың қалыңына байып едіңіз. Ақанның сөзінде шындық болса, Тастан екеуіңіз де байитын жерді тапқан екенсіңдер. Бәсе, бәсе...

─ Жарайды, Мұқанәлі, шамыңа тиетін сөз болса, маңындағылардың бәрін тырнауыштай қоса әкететін не жының бар осы. Сенің көнектей аузыңның ұшығына дейін айтқанына жұрт кінәлі болып па,- деп Тастан да қармыжысын жібермеді.

— Оның Шөбек балаларына жұлдызы қарсы.

─ Қой, онда Ералыға апасын ұзатар ма еді. Сердалымен де әмпай сияқты еді, қайдам,- деп Әлжан басын шайқады.- Сендер түгілі төре тұқымы бізге тиісті ғой. Онда не тұр. Елдің бір еркесі. Не айтпайды.

─ Еһ, сендер не, сонда аспаннан аяқтарың салбырап түсіп пе едіңдер. Осы «төре-төре» деп, шөре-шөрелегендеріңді қашан қоясыңдар. Замандарың өткен жоқ па! Тымақтарыңды алшысынан киіп, кекіреңдеулерің жетпеді ме,- деп Мұқанәлі Әлжанға да тиісіп еді, анау да тарпа бас салды.

Қыздым-қыздымға келіп, өзді-өзі айтысып кеткенін де білмей қалды. Ақан айтқан бұл әңгіме бұл үйден шықпай осындай болып жатыр. Ертең елге тарағанда не болмақ.

Аяғы дауға, жанжалға қарай ұласа бастаған шуыл, қатқыл, зілді сөздерді Тастан басты. Бұл кезде Қадиша Біржанның «Жайма шуағына» әуелете салып еді. Жастар жағында шырқаған дауыс үлкен үйді де жаңғырықтырып әкетті. Бүгін тым еркінсіп алған тоқалына қалай тиісерін білмей мұрны шуылдап, зығыры қайнап жүрген Тастан:

  • Жетті, енді доғарыңдар. Осы үйге нәрестенің қызығына келіп пе едіңдер, әлде айтысқалы келдіңдер ме? Бір есердің оттағанын сонша құндап... Әй, Құсан, Құсан-ай, бері кел,- деп ауыз үйде ойнап жүрген шолжың ұлын шақырып алды. - Ана қатынға барып, жаман керейдің әнін айтпасын де. Бар, тоқтат!

Өзіне үлкен міндет жүктелгеніне әжептәуір болған тентек бала мұрнын бір тартып, екі жауырынының ортасына таққан киелі бураның алқым шудасы желк - желк етіп, көптің арасына қойып кетті. Бара, жеңгесінің шалысын жұлқып - жұлқып қалды. Алғашқыда жай әншейін еркелігі шығар деп, Қадиша оны құшақтап өзіне тартып, өлеңін тоқтатпай айта беріп еді, басындағы шалысын жұлып алды. «Өй, тұра тұр, Құсан, Құстай» деген бозбалаларды теуіп жіберіп:

  • Әй, қатын!- деді Тастан құсап,- жаман керейдің өлеңін айтпасын дейді. Айтпа!

Ән үзілді.

  • Енді сен қалып едің осы үйде басынбаған,- деп Қадиша үніне булыққанда, Ақтоқты қып-қызыл боп, немере інісіне ала көзімен қарады. Әлі де жеңгесін жұлмалап жатқан ерке бала өзі қаймығатын қатал апасы:
  • Әй, кетемісің,-дегенде барып етегінен тартқан жігіттің бетіне бір түкіріп, ауыз үйге шығып кетті.

Жұрт тым-тырыс. Үнсіздікті Ақан ғана бұзды:

-Шәкей, домбырамды әперші,-деді, өңі күреңітіп.

Қайда шықса да қасынан тастамайтын бүктемелі домбыраны үйге келісімен қабынан алып, жүкаяқтың үстіне кептіріп қойған. Ешкінің ащы шегінен жуандау етіп сыдырған қоңыр ішек кеуіп, дыңылдап тұр. Аяз сорған домбыра шанағы жылы үйде бусанып, енді ғана жасаңғырай бастаған.Ақан

құлағын бұрап шертіп қалғанда майда, қоңыр үнмен күбір ете қалды. Жұрттың көзі ақында. Бір кезде салалы саусақ домбыра сағағына дейін орай жүгіріп, әнші қайың қақпақты Тастанның маңдайын шерткендей қатулана шертіп -шертіп алды да, ұзақ тартып зарықтырмай, жұртты жалықтырмай, «Біржанның әнін тыңдамайтын неме екенсің» дегендей, шалқытып кеп «Адасқаққа» басты. «Созады Біржан даусын қоңыр қаздай» деп толқытқанда, бағанадан зорға тізгіндеп отырған көмейдегі үн домбырамен бірдей күбірлей жөнелді. Айғайға басып, дауысқа салып айтатын биік әндердің өзін домбыраны бос бұрап айтқанда Ақанның үні аса майда, жанға жайлы тиеді. Отты көзі бір араға қадалып, түйіліп кеп:

Жасым бар жиырмада жасырмаймын,
Басымнан дұшпан сөзін асырмаймын.

Басымнан дұшпан сөзі асар болса, Сен түгіл, басқаға да бас ұрмаймын, - дегенді тура Тастанға арнағандай зілмен, қаһарлана айтты да «ах-а-ау» деп көтере шалқып, үннің неше бір бұрылыстарымен зергердей нақыштап барып, баяулата қоңырлатқанда, әнші енді: «Қойшы, сендей надандармен надан боп қайтем» дегендей, тісі ақсия күліп, жайдарыланып, бетіне қан жүгірді. Сұлу, көрікті әнді ақын: «Біржанның тырнағына тұрмайтын сендейлер, бір әнінің садағысына кет, мен түсінетін қауымға, жастарға айтып отырмын» дегендей, айналасына күлімсірей қарап тоқтады.

Ауыл-ауылдан келіп жатқан адам аяғы түн ортасына дейін саябырсымады. Тағы бір топ адам сықырлап кеп, ауыз үйге сырт киімдерін үйіп, ән шыққан жаққа ұмтылды.Тойды атқарып жүрген даяғатшы жігіттер әр бөлмеге бөліп, қонақтарды жасына қарай реттесе де, көбі көнер емес. «Ақан қайда?» «Мына дауыс Ақандікі ғой», «Біз тамақ іше келді дейсің бе» десіп, жастар жағына сығылыса кіреді.

Ақан қай ауылда болмасын - Ақан. Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін біледі. Жаңа ауыл-аймаққа шапқылап, Тастанның үлкен тоқалы ұл тапты деп жар салған балалар хабарласпайтын елдерге дейін барып, «Ақан келді ауылға», «Ақан келділеп» әнші серінің келуін ұлы жаңалық қып, қуана жеткізген. Көрінген той-томалаққа еліге бермейтін кәрі-құртаңдарға дейін жалғыз атына міне салып асыға келіп жатқан себептері де сол.

Ақан келгендердің де көңілі үшін, Біржанның аса шебер әншіні керек ететін, қиын, айшықты «Мәті-Дәулен», «Сырғақты», «Ақтентек» әндерін нақышына келтіре айтып берді. «Гей, геги-гек-гек, гей-геги-гек-гек» деп келетін «Ақ тентектің» сұлу қайырмасын бипылдата жорғалатқанда, жастар жағы іштей қайталап, ән ырғағымен бірге қозғалып теңселіп, қара камзол, ақ көйлек, сары көйлек киген қыздар ырғалғандай болды. Күн ұзақ мал жайлап, отпен кіріп, күлмен шығып, шаруамен салпақтап, қажыған қарттардың тұла бойы шымырлап, балқып, кейбірінің көзінен жас сорғалайды. Қуаныштан, тебіреністен шыққан рақат көздің жасы.

Әнге ұйымаған, қайта іші күйіп, бұрынғыдан бетер ашуға міне түскен жалғыз Тастан. Әттең, жұрт өз қызығына жиналып отыр. Ақанды қошаметтей келсе де, әйтеуір жаңа дүниеге көзін ашқан сәбидің шілдеханасы сылтау ғой. Әйтпесе, бұрын төріне ойнақ салмақ түгілі, босағасынан сығалауға бата алмайтын мына тобырды ауласынан жүргізбес еді. Ал Ақан жайы басқа. Ол аса бір сүрінетін ұрымтал жерін таппасын, жеңіл-желпі ашуыңа бой бермейтін өткір, алғыр жігіт. Егер оған орынсыз қызбалық көрсетсең, жұрт алдында ащы тілімен масқара ғып, қайтып тұрмастай етіп кететін бір бет, шешен. Қанша жас болғанмен, бұл өлкенің үлкен-кішісі одан қатты қаймығады. Ал Тастан деген кім? Тастан Ақанмен салыстырғанда өзінің кім екенін іштей жақсы біледі.

Тастанның жанына тиген, әсіресе, Қадиша қылығы. Сұлу, жас келіншек бұл үйдің әйелі емес, алыстан қонаққа келген жат адамдай сылаңдап, бар өнерін салып, жұрттың көзіне түсіп отырғаны анау. Тіпті, әдейі қыр көрсетіп жүрген сияқты.

Ақан Шәкейге иек қақты:

— Шәкей, енді сен біраз домбыра тартшы.

— Е, сіздің де өнеріңіз бар екен ғой. Тартыңыз. Өлең айтыңыз.

— Апырай, қонақтардың бәрі әнші екен-ау! - десіп жастар жағы Шәкейге қарады.

Шәкей шынында да әнші, әсіресе, домбырашы жігіт. Ақанға еріп, ел аралағаннан бері әнге де, күйге де бұрынғыдай салғырт қарамай, жанға қорек, елге керек өнер деп ұға бастаған.

Шәкей Сұлтанмұраттың тізесінде жатқан сырлы домбыраны алып, өзінің еркін орындайтын қара шертістерін мың құбылтып, құйқылжытып тартты да, бір кезде домбыраны қайта бұрап алып, Ықыластың «Ерден күйін» сарната жөнелді. Одан соң Дайрабайдың «Ала байрағын», жан жүйкені қозғайтын Тәттімбеттің шертпе күйлерін салды.

Шәкейдің домбыраны ойнатып, төбесіне, артына қойып тартуы жұртқа аса қызық боп көрінді. Елде бақайымен тартатын да не бір талапкерлер болғанмен, мына домбырашының тартысы бөлек. Сырлы домбыраны біраз желдіртіп алып, енді ол өлеңге көшті. Ақан отырған жерде тым ауыр әндерге жоламайтын әнші әдейі, жеңіл айтылатын күлдіргі өлеңдерге басты. Бұл жолы да Ақанның «Қыз сипаты» деген өлеңін маңындағы қыздарды қабағымен, иегімен, ымдай отырып айтып, біразына тидіріп, одан соң «Ағаш аяққа» басты. «Ала жаздай нәр татпай іздегенім қыз болды, ойбай, қыз болды -ай! деп ойбайын салып, өтірік жылап, көзіне жас алғанда үйдің ішін қыран-топан күлкі кернеп кетті. Енді бір кезде «Өлеңді жатып та айтам, тұрып та айтам, тым еліріп, есіріп алғанымда жорғалап құйрықпенен жүріп те айтам» деп құлағын, құйқасын қимылдатып, отырғандардың ара-арасымен босағаға қарай жорғалағанда қыздар, кемпірлер тырақайлап қашып, жастар ішек-сілелері қатып күлкіге батты. Шәкей тоқтаған жоқ. Жұрттың назарын өзіне аударып алды: Ақанның елеусіз отырып сөйлесуін қалап еді.

Ақан қасындағы Ақтоқтыға бір қырындап, көзінің қиығымен ғана қарап отырған. Қараған сайын мінсіз сұлу мүсінге тойымсызданып, ынтыға түскендей. Бір кезде Ақан өз-өзіне іштей күбірлеп, қап-қара қою қасы бір түйіліп, бір жазылып, қайта-қайта бір өлеңді қайталай берді. Өңі өзгеріп, өзін -өзі ұмытқан жігіттің даусы да оқыс шығып кеткенде, бағанадан бері үнсіз отырған Ақтоқты, мәрмәрдай аппақ мойнын бұрып күлімсіреді де, бетіне қан жүгіріп, сыпайы ғана үн қатты:

  • Ақан аға, сіз құран оқып отырған жоқсыз ба!
  • Жоқ, дұға оқып отырмын,- деп Ақан да қып-қызыл ернінің арасынан аппақ тістері түгел көрініп күлді. Екі сұлу кез бір -біріне алғаш қадалғанда, Ақтоқты кірпігін төмен түсірді. Жігіт көзіндегі оттан жүрегі дір ете қалғандай болды.
  • Ол қандай дұға, біз тыңдауға болмай ма?
  • Махаббат дұғасы, тыңдасаң айтайын.
  • «Яман ұйғы, яман ұйғы» - ол ұйықтар алдында айтылмаушы ма еді.
  • Жоқ, менің дұғам мезгілге қарамайтын, көңіл- күйіне бағынышты өлеңмен айтылатын дұға:

Ақан басқадан өлеңін қызғанғандай тек Ақтоқтыға ғана сыбырлап өз-өзінен толқып кетті:

«...Жаудырап екі көзің отырасың Тұндырған шай секілді құмандағы. Көзіме мұнарланып көрінесің Түлкідей тұра қашқан тұмандағы.

Сен болсаң ал қызыл гүл, асыл еркем, Мен бұлбұл сайрап тұрған иран бағы. Құрбыңа назарыңды бір салмайсың, Кер тағы сияқтанып құландағы, Қия тас қиынына қонсаң дағы, Қайшылап қанатымды бұрам дағы. Жеме-жем қиын қыстау болса дағы, Тәуекел майданында тұрам дағы».

Ақтоқтының екі беті алаулап, тағы да күліп жіберді. Қызғалдақтай үлбіреген ерні дір-дір етіп:

  • Ақан аға, бұл қай қызға шығарған өлеңіңіз? Жамалға ма, Зағипаға ма, Ақшабаққа ма, Мақпалға ма, әлде Шамшиқамарға ма?- деді.

Ақанның да екі беті оттай күйіп, Ақтоқтының қаздың қауырсынындай ұзын саусағына тесіле қарап:

— Қалай дедің, қайталап айтшы,- деп көзін алмай отырып қалды. Ақтоқтының аты жоқ қолында - өзінің бұрама алтын сақинасы. Бағана аңнан қайтқан жолда кездескен Қалқа бала осы Ақтоқты еді. Жасынан ер балаша киініп еркекшора боп өскен қызды ақын танымай қалған. Жеңгетай ырымымен алған сақинаны Ақтоқты тастамай, әдейі киіп алыпты. Ақанның көріп қойғанын аңғарған Ақтоқты да енді:

— Ақан аға, сіз қыздарды жақсы көресіз-ау деймін,- деп жолдағы Қалқа баланың даусына салып сөйлегенде, Ақан басын көтеріп ап, Ақтоқтыға жалт қарады:

— Еһ, сен жақсы көрмейтін шығарсың?!

Екеуі де оқыс күліп жіберді.

— Ей, Қалқа бала, Қалқа бала-ай,- деп өзінің жолдағы жігіттік сөздерінен қысылған, жас қыздың алдауына түскеніне ұялған Ақан басын шайқай берді.– Мен Қалқа бала қайда жүр деп елегізіп отырсам...

— Ол қасыңызда отыр екен ғой,- деп жымиып күлгенде Ақтоқты, шынында да, өзімен қалжыңдасқан ерке, шолжың баладай Ақанға тым жақын боп көрінді. Бұрын кездесіп, ойнап-күліп, әзілдесіп жүрген қыздарға Ақтоқты ұқсамайды. Бір сөз айтсаң, екі сөзбен жауап қайыратын сып-сықай да емес, бір көргенде-ақ жігітпен өліп-өшіп ашық қалжыңдасып, шүкіркелесіп, үйіріле кететін көңілшек те емес, жігіт алдында қысылып, қылымсып үні шықпай қалатын сиқыр да емес, еркекпен еркекше сөйлесетін алдың-дұлдың дарақы да емес, әшейін қарындасындай, не інісіндей ағасымен зілсіз ойнап, еркелейтін бала сияқты. Ақан да енді еркін сөйлесіп аңнан қайтқан жолда оның қыз бала екенін қалай білмегенін айтып, ұзақ күлді, Ақтоқты да күле отырып:

  • Шынында да мені қараңғыда көрген адам ер бала деп қалады. Жасымнан еркекшора боп өскендікі ме... Ер бала боп жүре бергенге не жетсін, шіркін...- деп жеңіл күрсініп қалды...- Ақан аға, сіз кешіріңіз, өзі ойламаған жерден болды. Сіз ер бала құсатып сөйлескен соң, мен де... Мына сақинаңызды алыңыз, тек кешіре көріңіз!

─ Жоқ, айналайын Ақтоқты, бұл алғашқы қызық кездесуіміздің белгісі болсын,- деп Ақан саусағынан ұстап алды.- Және мен мұны саған емес, Ақтоқтымен кездестіретін Қалқа балаға бергем. Егер қайтарып берсе, соның өзі қайтарсын.

Екеуі де бір-біріне қарап, көздері ғана күлімсіреді...

2

Мамыр. Биыл бұл айдың басы жиі-жиі төпелеп жауған өткінші жауынмен басталған. Көпке дейін былтырғы қатаң қыстың салдарынан айырылып- айырылып кеткен қара жердің тоңы енді ғана жібіп, жаңа бусана бастаған еді. Дүркін-дүркін күн күркіреп, үсті-үстіне селдеткен жауын суы қырат-қыраттардан жылай ағып сай-сала, жыраларды аузы-мұрнынан шығарып шүпілдетіп жіберген. Бір күн ішінде тебіндеген көк, енді қаулай өсіп, дала түсі масатыдай құлпыра қалды. Тау бөктерінде қызғалдақ, түзде сарғалдақ жайқалып, бүршік жарған қайың жапырақтары алақандарын жайып, көктем самалына дірілдеп тұр.

Қалың нөсердің артынан шайдай ашылған аспан жаңбыр суымен тазарғандай мөп-мөлдір. Көкжиекте аққудай тізілген ақша бұлттар шуақтап жатқан тәрізді, бүлк етпейді.

Көкшетау өңірінің дер шағына келіп, бой түзеген қыздай сыланған кезі бұл.

Қыстан қысылып шыққан жатақ ауылдар да арқасын қарыған аяздан арылып, белін жаза бастапты. Шағын үйлі Қантай ауылының маңында арық -тұрақ малдар көкке кенеше жабысып, қазыққа арқандап қойғандай ұзай алмай жүр. Маңайдағы көлшіктерді қанағат тұтып жайлау іздемейтін қысқа жіпті жатақтар 42

жер үйлерінің сыртына - қарға адым жерге қараша үйлерін тігіп жатыр. Киізі кем кедейдің үйі де кем - бірінікі керегенің артқы жағынан он шақты шақты уықпен көтерген тоңқайма болса, енді бірінікі екі туырлықты, уығы қысқа, үзіксіз жаба салма.

Күн сәске түс еді. Жер үйдің төбесіне төсеген терінің үстіне күннің шуағына маңдайы жіпсіп, салқам-салқам болған екі керегелерін қайтадан көктеп отырған қара шал ұңғысын тастай салып алысқа көз тікті. Қасындағы әнші баласы Сұлтанмұрат та орнынан ұшып тұрып:

  • Мынау бір үлкен көш қой, қай ауылдікі болды екен,-деп таңырқай қалды.

Шағын ауыл әлгіндей болмай аяғынан тік тұрып, бәрі де көш жаққа қарасып тұр.

Ұзыннан ұзын шұбатылған көш ауылды жанай дабырлап өте берді. Адам да, мал да аралас. Кісінеген жылқы, маңыраған қой. Көш алдында биік атанды бұйдасынан жетектеген мес биенің үстіндегі кемпірдің ақ шағаладай күндігі бұлғақтап барады. Қаздай тізілген он шақты түйенің қомына артқан жүк адам айтқысыз. Ішін жүнмен тығындаған аттың желдігі сияқты екі өркешке кигізген жадыны айналдыра салған текемет ортасында мойны қылқиып шулаған кебеже, ораулы текемет алаша, кілемдер теңселіп, маң-маң басқан түйе ырғағымен бірге ырғалып, тербеліп барады. Көш айналасында ат үстінде бірін-бірі қуып, ойнап жүрген жастар, құнан мінген бозбалалар, тай жарыстаған жас балалар. Бәрі үлде мен бүлдеге оранған. Айыл-тұрман күнге шағылысып жарқ-жұрқ етеді. Көштің дәл орта тұсында екі жағына ерттеулі екі бос ат жетектеген су жаңа қара пәуеске кетіп барады.

Көш соңында радуанға, екі аяқты шиқылдауық ағаш арбаға жеккен аттың басында мәсілі аяқтары салбыраған әйелдер де отыр. Арба ішінде киіз үйлердің дестелеп салған сүйегі. Ара-арасында қырық жамау жүдеу киінген бала-шаға, күнге шағылысқан жез самауыр, леген, қазан-ошақ. Бұлар мал бағатын бақташылардың, есікте жұретін малайлардың үй іші болса керек. Олар да өздерінше масайрап, көктемнің жарқын күнінде алыстағы жайлауға шыққандарына қуанып бара жатқанға ұқсайды.

Ауыл маңында көбелек қуып, асық ойнап, топай атып жүрген балалар да ойындарын тастай беріп, көшке араласып кетті. Жүндері түлеп, жоны жылтырай бастаған иттер де көздері шатынап, көштің о жерінен бір, бұ жерінен бір сумаңдап, арбап кіріп жат елдің иттеріне айбат шегіп, шабаланып жүр. Қайсыбір шыдамсыз кемпірлер жаулығын ала жүгіріп, бұрын көрмеген бөтен адамдардың шаужайынан алып:

  • Бұл кімнің көші, кімнің малы?
  • Қай жайлауға барасыңдар?-деп, ынтығып сұрап жатыр.
  • Бұл - Бәкеңнің ауылы.
  • Бақтыбай, Тастан, Шағатайлардың көші,- деп ат үстіндегілер де жүре жауап беріп, өтіп кетті.

Иә, бұл - Бақтыбай көші. Маңдайына жүздеген ақтылы-қаралы мал бітіп - шала байып, таңдайы ағарғалы оның қан жайлауға тұңғыш шығуы. Бұрын жайлауға қорадан шыға көшетін Бақтыбай биыл мамырдың аяғында ырғалып - жырғалып, сән-салтанатпен үдере көшіп келеді. Оның сыры бүкіл қарауылға мәлім. Атақты бай Сүтемген құрдасы биыл жайлауда қатар қоныстайық деп, жылда барып жүретін Сасықкөлді інісіне беріп, әдейі Мезгілсорды қалап алған. Қызылжар шәріне апарар кең қара жолдың екінші жақ бетіндегі інісі Шәлтіктің Ақшасорын биылша Бақтыбайға сыйлады. Тап көшер алдында Ақтоқтының төлемі - қалың мал да келген. Қалың мал болғанда да малдың өңкей сұрпы - биыл туған төлдерін ерткен балаулы қырық жеті. Бөтен елге келген қонды мал қыстан көтерем боп шыққан Бақтыбайдың малын менсінбегендей үйір-үйірімен асылдың сынығындай ерекше көрініп барады.

Ақтоқтыға жасалған жасаудың ішіндегі ең қадірлісі - ресорлы қара күйме көштің бел ортасында. Күйме ішінде үш адам: Бақтыбай, әйелі Дәмелі, қызы Ақтоқты.

Тығыршықтай келген кіші-гірім тегенедей ғана бұлтиған қарны бар, қоңқақ мұрын қысық көз Бақтыбайдың аузында дамыл жоқ. Жаңа ғана көшті аралап келіп, кереге жал қара айғырын жетекке байлап, күймеге отырған. Отыра сала таңертеңнен айтып келе жатқан «гөй-гөйіне» басты:

  • Әлі күнге дейін сенбеймін, осы, шынымен, құдайтағала Сүтемгенге құда қылды ма?- деп шыбық сисадан тіккен көйлегінің түймесін ағытып жіберіп, шілдеде басынан тастамайтын сеңсең бөркін алып, тершіген бұғағын, кеудесін сүртті. — Аллатағала жарылқайын десе бір-ақ күнде екен-ау. Тәубә, тәубә!

Бақтыбайдың бойы сәл қалқыңқы, дене бітімі тік, ақ сары бәденді Дәмелі шалқая біткен жіңішке қасын одан сайын керіп, еріне жақтырмай қарады:

— Немене, соншама түк көрмегендей қайта-қайта өзеурей бересің. Сүтемгенмен құда болғанға құдаймен құда болғандай. Бір айтқаныңды бүгін жүз айттың ғой.

— Батыреке-ау, енді өтірік пе? Сүтемген кім, біз кім?

— Қой әрі, жоқты айтпай. Немене, сонда көрінгенге берердей, далаға тастай алмай жүрген баламыз бар ма екен. Ақтоқтыдай күніме Сәменнің Сүтемгені түгілі, уыз емген хан баласы құда түсер. Бір мезгіл жұрттан ұялсайшы, жерден жеті қоян тауып алғандай болмай!- деп, Дәмелі жағасыз сарт шапан жамылып, күйменің бір бұрышында қысылып, бүрісіп жатқан қызын ымдады.

─ Еһ, жұрттан ұялғанда не сонша, мен ұрлық жасаппын ба, біреудің ақ адал малына қиянат етіппін бе!

Мал алсам, алақаныма салып үлбіретіп өсірген қызымның қызығына алып отырмын. Жұрттың мәж топай қыздарына балаулы қырық жеті түгіл, балаусыз қырық жетінің өзі түгел келмейді. Келсе, арық-тұрақ қотыр торпақ бірдемелермен, әйтеуір оты, орнын толтырады. Осы отырған күйменің өзін сонау Омбы-Томбыдан солар әперген жоқ па? Сенің қай әкең мұндай солқылдақта отырып еді? Іші күйгендер мейлі тұз жаласын. Ішіне қара пышақ неге сұғып алмайды.

— Жарайды аспай-ақ қой,- деп Дәмелі кимешегінің жағын саусағымен түзеп, бетін сыртқа бұрды.- «Бай мен бай құда болса, арасында жорға жүреді, кедей мен кедей құда болса, екеуі де амалы жоқ зорға жүреді» деген. Әркім өз қызығын өзінше, қадари халінше базарлайды, несіне есіріп, есің шығып әулекілене бересің.

«Әулекі» деген сөз Дәмелінің аузынан әбден шыдамы таусыла бастағанда шығатын. Бұдан әрі «сыбағаңды беремін, енді доғар» деген емеурін тұратын. Ақылды, әрі бір бет жамағатының бұл сырын білетін Бақтыбай мұндайда әңгімені көп көпіртпей қысқарта қоюға әккіленген. Және қысқартқанда сөзден мүлдем тыйылмайды, бос сөзге жаны құмар сөзуар, бір мақтанса түбі түскен шелектей бөсе беретін кеппе, әшейін, сөздің бетін ғана желдің өтінен бұра қояды. Қолма- қол әйеліне жағынудың шарасын ойлап, ашу үстінде теуіп жібергендей анадай жерге ұшып барып төрт тағандай түсіп, иесіне құйрығын бұлғап қайта келетін жасық мысық құсап қибыжықтап, көзі кілегейлене қалады.

Шаруаға қылап, ұстаған асына берік, ыдыс-аяқ, көрпе-жастық, киім- кешегіне бір қыл жұқтырмайтын таза, алысты жақындатып, жақынды туыс етерлік тілге бай, дәм-тұзы да әсте ортаймайтын қолы берекелі — нағыз бес аспап дейтін түз елінің әйелдеріне айтылатын мақтаудың бәріне Дәмелінің ісі сайма-сай. Ақылына өңі, көркі сай. Бүгін күндегі шаруаға киетін киімдерін түгел тастап, алыс жерге, тойға барарда киетін бір киерлерін іліпті. Неше құрсақ көтерсе де сары қарын тартып құрсағы кеңімеген келбетті әйелдің жеңіл қимыл шапанының ішінде белі қыздың беліндей қиылады. Бір қолына арасына маржан салған шарбақ жүзік, бір қолына бауыры тұтас, құс тұмсық құйма жүзік салған. Жағына мөрі таймаған сары қиғаш шытыра, бетіне, омырауына қызыл маржан қадаған кимешек ішінде ақсары жүзі бал-бұл жанып, реңі кіріп, ерекше құбылып отыр.

  • Бақтыбай енді әйеліне бүгін көргендей өзеуреп, жұтына қарады да:
  • Бәтір-ау, өзің күндегіден құлпырып, ителгінің балапанындай боп отырсың ғой. Тіпті көз тоймайды,- деп сығырая қалды.
  • Ителгісі несі!
  • Е, сүйгенін шұнағым демей ме?

Бұл - өзінше қулығы, жағынған түрі. Осылайша сөз аралатып барып, тағы да күпсігісі келіп, орайын күтті. Үндемей қалуға да болар еді, бірақ мына көш, сән-салтанат қайта-қайта жұлын құрттай жыбыршытып, іштен түрткілеп, желпінбеуіне қояр емес.

Тап көшер алдында Дәмелі:

-Мына малды несіне қотанға иіріп қойдың. Жайлауға алдын ала жібере берсең де болмайтын ба еді,- деп ерінің не ойлағанын сарапқа салмай, әшейін сөз арасында айтқан.

Мақтанарға келгенде бүкпесі жоқ, қолқ етпе Бақтыбай бар ойын ақтара салды.

— Дәмеш-ау, биылғы жыл құдайтағаланың бізге құты түскен жылы емес пе? Мына көбейген малды бөлшектеп шашыратқанша, топтап бір -ақ айдасақ, көзге түседі. Соның тап ортасында өзің кетіп бара жатсаң, ырғалып -жырғалып. Алдын ала айдасаң, мына дөдеңнің малы екенін кім біледі, құр айтқанға сене ме осы күнгі жұрт,- деп Бақтыбай кеудесін қағып-қағып қойды.

Ә дегенде «не айтып келеді осы» деп түсінбей тұрған Дәмелі ерінің қолы кеудесіне қарай көтеріле бергенде-ақ «е, әшейіндегі бөспе ауруы екен ғой қысып отырған» деп, әжімсіз, толық салалы саусақтарын тарбита, қолын бір сілтеп кетіп қалған.

Қазір көш ортасында айғай-шуға, жеңіл де болса көп малдың аяғынан көтерілген шаңға қамалып келе жатқандары мынау. Бірақ оны елер Бақтыбай жоқ, қайта масаттанып, бағанағы сөзіне қайта оралды:

-Амандық боп биыл Тоқтымды құтты орнына қондырсақ, сосын Сүтемгенмен бірге көрге кіргенше қызықты бірге көрсек. Енді, кемпірім, бұрынғыдай үйде отыру жоқ, шақыратын адамдар да көп, баратын жер де көп. Сүтемгенмен ана шынжыр балақ, шұбартөс Шыңғыс әулетінің де қарым-қатысы жақсы. Ол жақсы болды дегенше, біздің де тереземіз теңелді дей бер.

  • Қой енді, тап төре тұқымымен терезем теңеледі дегенді аузыңа алмай-ақ қой. Бір кетсең тым алысқа шауып кетесің-ау, шалым,- деп Дәмелі енді жұмсара сөйледі.


Бетке өту: