Menu Close

Ақан сері — Сәкен Жүнісов

Аты:Ақан сері
Автор:Сәкен Жүнісов
Жанр:Роман
Баспагер:Жазушы
Жылы:2002
ISBN:5-605-01808-6
Кітап тілі:Қазақ
Жүктеп алу:
VK
Facebook
Telegram
WhatsApp
OK
Twitter

Бетке өту:

Бет - 4


  • Еһ, теңелмейтін несі бар. Биыл қысқы соғымға бір үйір жылқы соямын. Алысты да, жақынды да шақырып, құдай берген ризықты бір шашып көрейік. Дөденнің байлығы жетеді оған. Бұрын Шыңғыс, Мұсаларды шақырудың қыбын таба алмай жүруші ем, енді сылтау бар, аллаға шүкір. Сүтемгеннің мың жылдық құдасымын. Тоқтымды осы жайлауда отырып ұзатамын. Осы Омбы өңірінде неше болыс бар, сегіз бе, он ба - бәрін шақырам. Мейлі, ішсін, жесін, ет пен қымызды мелдегінен келтіріп, ауыздарынан шығармасам, атым өшсін. Ықылық атып отырып, «Бақаңның майы бетінде томырылып жүзген сары қымызындай қымыз ішіп көргем жоқ» деп аузын аша бергенде кеңірдегінен келген қымыз езулерінен ағып жатсын. Кекірігі азып, кеңірдегі сасыған жампоз мешкейлер, өмір бойы аузынан тастамай «Бақаңның қолының кеңі-ай, ондай ас та төк асты ғұмырымда көргем жоқ, содан бері асқа қарай алмай қалдым, майдан біржола шығыппын» деп жүрсе, шіркін. Тұра тұр, бәйбіше-е-е, биыл осы қан жайлауды қан сасытпадым бар ғой!..- деп, Бақтыбай тағы да бірді айтып, бірге кете берді.

«Жаманның айтқаны келмейді, сандырағы келеді» дегендей Бақтыбайдың айтқандарының көбі шындыққа сая бастаған. Ақтоқтыға құда түскен Сүтемген биыл жайлауға іргелес шықты. Бұл - ауылы ауылдас, қойы қоралас болудың алды. «Болған жердің қызы» атанған Дәмелі Бақтыбайдың табалдырығын аттағалы біртүрлі басылып, бұрынғы сауық-сайраннан айрылып, ұнжырғасы түсіп жүруші еді. Жиын, тойға, құдалық шақырған жерге алдымен шақырылса да, Дәмелі жұрт тарарда бұрын кететін. Ақыл, нақыл сөзге шорқақ, әрі мақтанарға келгенде алдына жан салмай, төпелей жөнелгенде, Дәмелі жұрт көзінше байының бетінен ала алмай әдеп сақтап мысы құрып отыратын. Үйде де, түзде де әйелінен ғана жасқанатын Бақтыбай енді ешқандай қақпай көрмеген соң, «е, мен түзу айтып отыр екем ғой» деп, ішек-сілесі қатып, мазақтап отырғандардың сыңайын түсінбей, масаттанып, өрескел бірдемені қойып қалғанда, Дәмелі үйіне қара жердей боп қайтады. Енді аталы елге, атақты жерге қызын ұзатқан соң әлгі Бақтыбай айтқан жақсы мен жайсаңдарға бұрынғыдан да молырақ араласарына көзі кәміл жетеді. Соны ойлағанда «әлі талай шашымды ағартарсың-ау» деп отырды да, Дәмелі «қой, күл болмаса, бүл болсын, жатырынан шыға жамбастай жатып жайыла сөйлейтін Бақтыбайды қартайғанда жөндеймін бе, одан да ендігі қалған ғұмырымда жақсылармен араласып, дүниенің қызығын көрейін, басыла- басыла болдым ғой» деп, ері айтып отырған қуанышқа іштей ортақтасқандай болды. Қыстыгүні жеңіл танауынан құшақ-құшақ буы бұрқыраған қос атты парлап жегіп, ат тұяғынан ұшқан боран ішінде қалың қасқыр ішікке оранып алып, сыдыртып жүріп жақын-жұрағаттарды, құда-құдандаларды аралағанға не жетсін! Кең сахараның осынау бір тамаша салтанатын ойлағанда Дәмелі қызықпен кешкен өмірге тойымсыздана беріліп, құныға түседі.

Бақтыбай көші күн қайта маңында шоқ ағашы көп, суы мол томарға кеп аялдады. Бұл араға әлі ешкім шықпапты, кімнің жайлауы екені де белгісіз. Шөбі шүйгінді, суы тұщы жайқалған томарға түнеуді ойлап, жалшыларына бай бұйрық берді.

— Әй, мұндар, бүгін осы арада түнейміз, қос тігіңдер,-деп көшті аралап кеп, шөктірген түйелерінің бас-басына жеке келіп, әрқайсысының бұрауын байқап көрді.- Мына ақ шелек келгірлер аунап қоймасын, байқап отырыңдар. Өй, ант атқырлар, қыруар малды тышқақ тигендей қуа бермей, иіре оттасаңдаршы... Ана ала айғыр құданың көк айғырымен тебісіп қалмасын...

Күймелі арба жолдан шығып, жердің тоңқылдағымен жүріп, томардан әрірек кеп тоқтағанда:

─ Өй, бейбақ, томарлы жермен жүруін қарашы, құдайдың мидай даласы тұрғанда. Көзіңе қарасаңшы, анау көз бе, қотыр ма? Күйменің күпшегін сындыратын болды-ау. Өй, жексұрын, андағы қазақ арба деп тұрмысың, күбернатор мінетін бәуеске емес пе, көрсоқыр!- деп Бақтыбай аттарды жетектеген атқосшы баланы анадайдан жерлеп келеді. Дәмелі күймедегі қызына:

— Тоқтым-ау, ақ тоқтым, бір мезгіл тұрып бой жазсаң етті арбада жата бермей. Мұның не - шыққалы бүрісіп жатып алғаның,- деп, басынан сипады.

Өз қайғысы өзінде боп, іштей күйіп жатқан Ақтоқты шешесіне үн қатпады. Елден аттанғалы бұрын ауылдас боп отыратын Ақан ауылынан ұзай бере, енді мүлдем көріспейтіндей болып, артында қалып бара жатқан асыл мекеніне көзі жетпесе де, алаңдап қарай берген. Оның үстіне жол бойы әкесінің айтқан сөздері, басын қанша тұмшалап алса да, құлағына келіп, әбден мазасын кетірді. Ертең келін боп түсір жерін ойламаса да, жүрегі қобалжып, тілемеген, қаламаған сұрғылт күндердің жақындығын сезіп, көңілі енжарланып, екі күннің ішінде көзі кіртиіп, қатты құлады. Бетін ашып қараған Дәмелі ақмаралдай қызының, қуқыл тартқан, сынық өңін көргенде шошып:

  • Ботам-ай, өңің қашып кетіпті ғой, ауырып қалғаннан саумысың. Қай жерің ауырады, басың ба?- деп алақанын кең маңдайына басты. Қызының маңдайынан ыстық білінбеген соң, айналып-толғанып, тағы да сұрақты жаудыра берді.- Әлде арбасы бар болғыр соғып тастады ма, әлде ішің ауыра ма?..
  • Иә, мазаламашы, апа,- деп, басқа жауап бергісі келмеген қызы басын сарт шапанмен қайтадан тұмшалап, бұрынғыдан бетер бүк түсіп жатып алды.

Дәмелі шын шошыды. Тап кетерде келген қалың малмен бірге, жаясына маса тайып жығылғандай былқылдаған арда емген семіз тай өлтіріге келген. Өлтірі, әдетте, қалың малдан кейін келеді. Кейде бір шалағайлықтан, не күйеу жағының тағатсыз асығыстығынан болмаса, өлтіріні қалыңға қоспайды. Қоса қалған екен, не малды, не қызды жасырады. Қашан өлі-тірінің етін жұртқа таратқанша қыз қалың малды көрсе, оған іш ауру - кірне жабысады. Бақтыбай әлгі тайды елде соймай, жайлауға шыққан соң, жаңа қоныстың тойына екі боз қасқамен қоса жұртқа берем деп, көп малдың ішіне қосып жіберген. Қазақтың ғұрпын жақсы білетін ырымшыл Дәмелі, «қызым малды аңдаусызда көрген екен, құдай-ау, ауру жабыспаса игі еді» деп қатты абыржып, арбадан түсті.

Бақтыбай қосты елден ала бөтен томардың бір шетіне тіктірді. Дәмелі: «қызым ауырыңқырап келе ме қалай» деген соң, байдың зәресі ұшып, айқай-шу, абыр-дабырдан бөлектеп, аулаққа қондыртты. Алдында бір түн болса да биіктеу, әрі кең болсын деп шаңырақ салмай тіктірем бе деп еді, енді жанталасып, өзі де жүгіріп, соңғы түйенің үстіндегі туырлықты тез ала бастады.

Туырлықпен ғана тігілген шаңырақсыз қос қашан ақ киізбен жабылғанша Ақтоқты үнсіз жата берді.

Бір кезде өң бе, түс пе, құлағына ыңылдап салған ән келді. Ақтоқты шошып кетті: «Бұл не, түс көріп жатырмын ба, әлде шынымен ауырып қалғаным ба?» Жоқ, ән тағы қайталанды. Ақтоқты басын жұлып алып, құлағын басты. Ол ызыңдағандай, алыстағандай болды. Қайтадан ашып еді, күйменің оң жағынан жақыннан шықты. Ана жолы Тастан ағасының үйінде отырып Ақан айтқан өлең:

«...Қия тас қиынына қонсаң дағы, Қайшылап қанатымды бұрам дағы»,-

деген сөзін анық естіді. «Апыр-ай, шынымен қанатын бұрғаны ма, осы араға келіп қалды ма» деп, Ақтоқты күйменің жібек пердесін ашып қалғанда анадайдан ат үстінде баяу ғана ән салып, белгі беріп, тісі ақсия күлген Шәкейге көзі түсті. Ақтоқты көрген соң Шәкей енді бөгелмей, тебініп қалып, бұлаң құйрықпен алға қарай оза берді.

Ақтоқты күймеден қалай домалап түскенін өзі де білмей қалды. Есі шыққан адамша төрт тағандай құлап, арбаға қайта бұрылды. Үстіндегі судыраған көк бұрса көйлектің көлдей етегі бірдемеге ілігіп қап, жібермей жатыр. Дірілдеген қолы икемге келмеген Ақтоқты оны ағыта алмай әлек.

Қос тігілісімен мамық төсек салып, Ақтоқтыны жатқызбақ боп күймеге қарай беттеген Дәмелі қызының мына түрін көріп зәресі ұшты. Жан ұшырып кеп, қолтығынан демей берген ана байғұстың көзінен жас ыршып кетті.

— Күнім-ай, жарығым-ай, не болды?!

— Апа, ештеме болған жоқ,- деп бетіне қан үйіріле қалған қызының жарқ етіп өзіне бұрылғанда барып ерні кемсеңдеп, күліп жіберді.

— Тәубә, тәубә! Жазылдың ба, кішкене, жарығым?! Айықтың ба?!

─ Жазылдым, апа... Бірақ... Басым зеңіп тұр, біраз серуендеп, сейіліп қайтпасам... апа, атқа мінетін киімдерім жақында ма, әперші.

─ Қазір, қазір. Бәсе, сүйтші, құлыным, әлдекім құсап сарғайып жата бермей,- деп Дәмелі күйменің алдыңғы жағындағы қол сандықты ашты.

Жылда қан жайлау түгілі, он-он бес шақырым жердегі қысқа жайлауға шыққанның өзінде атқұмар Ақтоқты ертеден қара кешке жорға үстінен түспейтін. Бұл жолы үстіндегі қыз киімін де ауыстырмай, таранып, сыланбай, жол бойы езіліп жатқаны әлгі...

Ақтоқты күйменің ішінен жұтынып шыға келді. Басына құндызы жалпақ қайырма бөрік, аяғына сал жігіттер киетін қонышының аузын тіс -тіс қып көк, қызыл жіппен жиған табаны түзу шоңқайма етік, жеңіл қимал шапан, белінде гауһар тасты кәмәр белбеу, қолында бүлдіргелі тобылғы caп қол қамшы. Ерінің қасын қара ала кавказдатып күмістеген, қызыл атанымен тыстап, шым кестемен оюлаған кестелі тоқымды, айыл тұрманы жарқ-жұрқ еткен ақ боз атқа ер балаша лып етіп отырды. Кешеден бері айналасындағы әрлі -берлі шапқылап жүрген аттарға осқыра қарап, осқырынып, әлсін -әлсін көлденеңдей басып, делебесі қозып, шылбырын үзердей көкке қарғып, жетекке зерігіп, құтырынып келген ат Ақтоқтының тақымы тиер-тиместе ала қашты. Ат құлағында ойнап өскен қыз қысылған жоқ, жұрттың көңілін аудармайын деп, тізгінді іле жиып алып, атты аяңға түсірді. Ауыздығын қарш-қарш шайнап тізгінді сүзе тартқан ақ боз ор текеше орғып, желігіп келеді.

Сыртынан қарап қалған шешесі қызына әрі қызығып, әрі масаттанып, көңілі өсіп тұр. Бөріктегі бұрама балақ үкісі бұлғақтаған Ақтоқты алыстан жығалы қоқы

киген сымбатты бала ханға да ұқсайды. Қызының әп-сәтте өзгеріп, ерекше бір көңілді күйге енгенінен жанашыр ана түк секем алған жоқ.

Ақтоқты Шәкейді анадайдан көріп, соңынан еріп келеді. «Ақан жіберген ғой, не сәлем айтты екен, хат берсе, жаңа тастап кетпес пе еді, мұнысы несі?!» деп, көштен ұзай бере ат тізгінін босатты да, cap желдіріп кеп, хабаршысымен қатарласты. Шәкей аса аңғармаған болып, бір ғана көз тастады да, «сонау шоқ ағашқа» деп қамшысымен аңдаусыз белгі беріп, өзі басқа жаққа қарай шоқыта жөнелді.

Қазақта: «Қызға қырық жерден тыйым, қырық үйден қарауыл», «қыздың жолы жіңішке» деген сөздер бар. Бұл жол қыз кәмелетке толып, бойжеткен шағынан басталады да, қашан келіншек боп жат жерге түскенше ирелеңдеп, таусылмай жүре береді. Айттырылып қойған қыздың күні одан да жаман, жолы одан да жіңішке - Ақан келіп кеткелі ешкім туралап ештеңе айтпағанмен, бойдақ, сері жігіт пен қыздың көзқарасын аңдап қалған жұрт әлденеден секем алып, екеуінің арасындағы жақындықты нобаймен жобалап, тұспалмен сөз қылған. Сыпсықай өсектің кейбірін құлағы шалған Ақтоқты ойында ештеме болмаса да, сақ жүріп, аңдап басатын. Ақаннан келген жасырын хаттарға жауап бермесе де, өз-өзінен көңілі толқып, хат үзілсе тағатсыз күтетін. Ақанның жазатыны, көбінесе, өлең хат. Ақтоқтыға арналғанмен кейбірінде, аты аталмай, жалпы қыз атаулыға бағышталған ашықтық хаттар сияқтанатын. Ауыл жастары оны өлең етіп айтып, кейбірін өздері шығарғандай сүйген қыздарына жазып жіберетін. Бірақ қанша атсыз болғанмен кейін ол өлеңдердің Ақандікі екенін біліп, жұрт Ақанның «Ой, қалқа, біздің көңіл қайда жатырын» айтшы, «Қарағым, қарақаттай көз жанарымын» айтшы, «Қарағым, жіберейін сізге сәлемі» қандай жақсы деп, ауыздарынан суы құриды.

Ақанға Ақтоқты қатты ұнаған. Оның көркі ғана емес — жолда кездескендегі балалық ерке мінезі, қатар отырып сөйлескендегі еркін ашықтығы. Бірақ ақын хат арқылы көңілін тұспалдап білдіргенмен, өзі жолығып, жеке отыра алмаған. Секем алған ауыл ішіне келіп, көзге түсе беруді лайықсыз көрген, әсіресе, Ақтоқтыға сөз ермесе екен деп өзін-өзі ашық жүруден тыйған. Рас, бұған дейін әншіде мұндай мінез жоқ еді. Жасынан атастырып, әкесі алып берген атақты Шомат қожаның қызы, алғашқы қалыңдығы Бәтима араларын жиілетіп екі перзент көтеріп, қайтыс болған соң, екі-үш жылдай жігіттік серуен дегенді ойламай, жастығын аңшылықпен өткізген жігіт, келе-келе той-думанға араласып, ән айтып, жұртты аузына қаратып, сауық құра бастаған. Қайда тәуір қыз, қыз ұзату, үйлену тойлары болса Ақан елігіп тұратын болды. Ол жүрген жер думан, қызық. Ойын -күлкі, бозбалалық құрудан сері жігіт те әсте тартынған жоқ. Ал Ақтоқты жайы Ақанға бөлек көріне береді. Басында көп қыздардың бірі сияқты қырындап жүрермін деген әнші енді бұл қырындаудың басқа қырындаудан бөлек екенін өзі де сезе бастады. Ақтоқты ауылы жайлауға шығады дегенде Ақан да қасына Шәкейді ертіп, осы көшті алыстан жанап отырған. Ақтоқтыны қайтсе де бір көріп, жеке сөйлеспекке бел байлаған. Ақтоқты да осы ойда еді. Ақанның соңғы хатын алған

ол, үнсіз жатқанына іштей ұялатын да. Ақан ол хатын өкпелеп те, наз ғып та жазыпты.

«Нұсқамен өлең жаздым, ей қалқатай, Көргенде дидарыңды көңілім жай. Алмайсың бір сөзімді ілтипатқа, Қыз жоқ па әлде сендей әкесі бай. Тұрайын ұнамаса өз жайыма, Жоқ болса айтқан сөзің жұбайыма. Обалың өкпелесең маған емес, Жаратқан жақсы қылып құдайыңа. Ақмарал мақаның бар биік жерде, Мен жүрмін қолым жетпей тілдесуге. Ылайық жанабыңа жарасуға, Ылдидан аяғымды бастым өрге.

Осылайша бір-бірін көрмекке ынтығып, ұзақ уақыттан бері сағынып ұшырасқан екі жас оңаша шоқ ағаштың бауырында кездескенде көпке дейін тілдесе алмай, үнсіз күлімсірей берді. Аттарын алшағырақ байлап, ағаш арасының көлеңкесіне енгенде барып жас бозбаладай ыңғайсызданған Ақан өкпелі үн қатты:

  • Сіздің ауыл молдасы көп ауыл деуші еді, қағаз, қалам табылмағаны қиын болған екен.

Аппақ тістері ақсия күлген Ақтоқты, қыстағыдай емес, өңі аққұбаланып, мұрты қап-қара көмірдей боп, бұрынғыдан да сұлулана түскен, сұңғақ бойлы, мойны жас бозбаладай ыңғайсызданған Ақан өкпелі үн қатты:

  • Сіздің ауыл молдасы көп ауыл деуші еді, қағаз, қалам табылмағаны қиын болған екен.

Аппақ тістері ақсия күлген Ақтоқты, қыстағыдай емес, өңі аққұбаланып, мұрты қап-қара көмірдей боп, бұрынғыдан да сұлулана түскен, сұңғақ бойлы, мойны ұзын, иықты жігітке тура қарады:

  • Ақан аға, хат жазуға шорқақпын. Сосын не деп жауап беремін. Сіз аға, мен бір қарауылдың ішіндегі қарындасыңызбын. Айыбымды арқалауға әзірмін. Соны Құлагердің үстіне жапсам ба деп ем,- деп жұқа желбегейінің ішінен бүктелген сары жібекті ала берді.

— Атқа жапқаның қалай, Кербестінің айыбы не?

— Ең алғаш сол Кербестімен қуып жетіп, шылбырымнан ұстап едіңіз. Ол болмағанда...

— Ол болмағанда жаяулап қусам да жетер ем ғой,- деп, Ақан да күліп, Ақтоқтының қолынан алған жібекті жазды.

Көл көсір жаңа жібектен тіккен ат жабу екен. Ақанның көзі жайнап, Ақтоқтыны қолынан ұстап жетелеп, артқы тұяғының ұшын салқын жерге қадап, бір жамбасына қисая, сұлқ тұрған Құлагерге жүгіре басып келді.

— Қалғыма, марғауым, міне, саған Ақтоқты жабу әкеп сыйлап тұр. Жамылшы, Құлагерім - қанатым!- деп аттың үстіне жабуды үлбірете жапты.

Құлагер де иесінің көңілді ыңғайын танып, ақ қайыңның бұғағына артқан иегін алып, аялы үлкен көзін бір төңкере қарады да, төрт аяғына бірдей салмағын салып, түзеліп тұрды. Үстіне жабу жауып Ақан шегініңкіреп қарағанда, Құлагер де құлағын қайшылап, үстіндегі жабуға сол жағына бір мойнын садақша иіп қарады да, қайтадан иегін бұтаққа артып, керіле түсті.

— Ой, марғауым менің. Аздап мақтаншақтығы да бар өзінің,- деп Ақан атын еркелетіп, мойнынан қақты.

— Серінің аты да сері болуға тиіс қой, Ақан аға.

— Сонда қалай, сері - мақтаншақ дегенің бе?

Ақтоқты күліп жіберді:

─ Егер мақтана білмесе, сері болмас еді, жарасымды нәрсе ғой. Орынды мақтаныштың өрескелдігі жоқ па деймін.

  • Сөз тапқанға қолқа жоқ,- деп, Ақан жымыңдап, жабуға қарай берді. Аттың тілерсегін жапқан жылт-жылт еткен шымқай сары жібектің етегіне айналдыра таққан қан қызыл қою шашақ бұйра шашасына дейін түседі. Айналдыра шетін екі елі етіп шым кестемен оюлаған. Оның асты-үстінен араларын бір сүйемдей етіп жалтылдаған қиғаш, бөртпе, құмырсқа бел шытыраларды меруертпен араластыра қалаған. Сарыға сарының жарасатынын Ақанның тұңғыш көруі. Аттың екі жамбасына келер тұсқа балалардың бесігіне, шапанына қадайтын есек тас, жылан бас тастарды дөңгелек қадап, тап ортасына қып -қызыл асыл тас қондырыпты. Аттың екі қабырғасына «Қарақай», «Қарақай» деп хадымша қызыл жібек жіппен қалың кестелеп, ірі етіп жазған. Бұл - атығай-қарауылдың ұраны. Оның астына екі жол өлең ұсақ әріппен жазылған: «Керіні таң асырып мінген қандай, үкілеп әсемдетіп жүрген қандай». Қалған екі жолы екінші жақ қабырғасында: «Ауылыңа өлеңдетіп сен қайтасың, бәйгеден атың келіп шаттанғанда!» Ақан өзінің «Торыны таң асырып мінген қандай» деген өлеңінің басқы екі жолы мен соңғы екі жолын, атты бір айналып шығып, қайта-қайта оқыды.
  • Ақан аға, ұрса көрмеңіз. Өлеңіңізде аз ғана өзгеріс бар,- деді Ақтоқты қиылып.
  • Жоқ, қалқам, тіпті дұрыс өзгерткенсің. Құлагердің үстіндегі жабуға торыны деп жазса, бөтен біреудің дүниесіндей көрінер еді. Ал, соңғы жолдағы «шаттанғандай» дегенді, аттың озып келген шағына ауыстырған екенсің. Тілегіңе мың да бір рақмет. Өзің ақын екенсің ғой, Тоқтым!- деп қалды Ақан. Ақындығыңнан ақылдылығың көрінгендей.

Ақтоқты қызараңдап, үнсіз төмен қарады.

  • Сіздің ақындығыңыз дарымаса да, бәрімізге дәйім ортақ болса, көңілге сол да демеу болар еді...

Қыз сөзін назар сала тыңдай қалған Ақан:

  • Жақсы айттың-ау, Тоқтым,- деп тағы қайталап, ат үстіндегі жабуға қызыға, тойымсыз көзбен күлімсірей қарап тұрды да, тебіреніп кетті:
  • Ауызымен құс тістеген дүлдүлім, қаз мойныңды тағы иіп, мөлдіреген миуадай, төңкерілген тостағандай көзіңмен, Сарыарқаның самал желпіп, алтын күні аялаған етек-жеңі кең көсілген сағым сары беліндей, шашағымен жер сипаған үстіндегі жабуыңа тағы, тағы қарашы. Heшe күндер, неше түндер бота көздің нұрын салып, ақ сүйріктей саусақпен, шым жібекке төккен екен қыз өнерін аямай. Ақ жаңбырдың тамшысынан мөлдіретіп, құлыншақтың ақ тісіндей тізілтіп, ақ моншақты, жылан басты қадаған, шығар күннің шапағындай, зерлеп оқа жүргізген жабуына бір айналып қарамай, өтер екен қандай адам. Құжынаған талай топтың, аңыздаған көп жұрттың көшесінен «Қарақайлап», үздік келіп өткенде, екі көзден жас домалап, жүгірермін сүрініп, сонда алдымнан тал шыбықтай бұратылған, тобылғыдай майысқан қалқатайдың жүзі шығар елестеп. Күлте құйрық маңмаңгерім, жабу салып көлбеңдетіп, аяңға сап жетелеп, оқшау шығып желдетіп, қуаныштан ән салғанда, көкейімде, көзімде домбыраның шегіндей, көбелектің қанатындай дірілдеген сезімде сен тұрарсың күлім қағып , қуат беріп, қарындасым Ақтоқтым! Маңмаңкерім, Қурайкерім, Құлагерім , тұлпарым, ерге қанат, жерге жанат , елге шырақ сұңқарым, үнсіззп, мың ділмардан артық көңіл білдірген, көп ұйқысыз түндер бөліп, мың ділдәдан артық шапан кидірген, жаны – ақын, көңілі - әнші, сәнді, сұлу өлеңдей, асыл туған бекзат бала, қарындасым Ақтоқтыға тәжім ет!

Үйретілген Құлагер иесінің соңғы сөзін естігенде, бұрылып, бір тізесін сәл бүгіп, басын қайта-қайта шұлғып, Ақтоқтыға тәжім етті.

Ақындықпен өзін-өзі ұмытып шалқыған Ақан қасындағы Ақтоқтыны бас салып, ақша маңдайынан қалай шөп еткізіп сүйіп алғанын да аңғармай қалды. Ақтоқтының екі беті алаулап кетті.

Қайта қырындаған Құлагер екі көзі мөлдіреп иесіне өкпелегендей қылыш мойнын бұрып қарағанда барып Ақан басын шайқап күлді де, өзі икемдей берген атының маңдайынан барып сүйіп, мойнынан қақты. Құлагер өкпесі тарқағандай иегін бұтаққа қайта артты. Ақтоқты мына кереметке таң қалып, көзіне жас үйіріліп, ақынға бір, атқа бір жаутаңдап қарай берді.

— Қанатым менің. Өзі қызғаншақ-ақ. Біреуді сүйгеніңді көрсе, ол да маңдайын тоса береді,- деп аңғал ақын не айтқанын байқамай қалды.

Көз жасына булыққан Ақтоқты оқыс күліп жіберді:

─ Онда, Ақан аға, Құлагердің көңілін қалдыра бермеңіз.Тегі жиі қалдырасыз-ау деймін.

Осы кезде «ыһе-ыһе» деп жөткірінген дауыстан Ақан да, Ақтоқты да бойын жиып алды. Құлагер, «бағана көргемін» дегендей көзінің қарашығын ғана бұрып, ағаш ішінде жасырынып, тісі ақсия күліп тұрған Шәкейге ұнатпай қарады.

  • Сен қашан келіп едің?
  • Әлгі әзірде. Жастар жан-жаққа шапқылап жүр. Осы жаққа келіп қалса, үшеу болып тұрғанымыз жақсы ғой. Пой-пой, мынау не деген керемет-ай, өй, Құлагер, енді той жасау керек, той,- деп жап-жалпақ жауырынын қозғап, Шәкей Құлагерге таянды.

Ақан аз үнсіз тұрды да, ағаштың күнгей бауырына қарай жүріп, қасындағы Ақтоқтыға бұрылды:

  • Ақтоқты, жаңа сенің «Құлагердің көңілін жиі қалдыра бересіз-ау» деген сауалыңды жауапсыз қалдырдым ба? Осы сұрақты бұрын да қойып едің. Есіңде ме «Сіз қыздарды жақсы көресіз-ау» дегенің. Менің өлеңдерімнің де көбінше қыздарға арналатынын айтқан ең.
  • Ақан аға, оны әшейін әзіл деп ұғыңыз. Ол кезде мен Қалқа бала едім ғой.
  • Аз әзілде де бір мысқал шындық бар,- деді де Ақан жүресінен отырып, бір топ шөпті уыстады.
  • Мына қарашы, Ақтоқты. Мына қос уыс шөпте бір-біріне ұқсамайтын неше түрлі балауса бар. Сырттай қараса түрі көп емес сияқты. Ал зер салып қарашы, осында тоқсан түрлі шөп бар. Мынау бүлдіргеннің жапырағы, мынау раң, мынау қымыздық, ат құлақ, жылан қияқ, мына бірі қоза сияқты, енді мына бір нәзіктерінің аттары қалай екен, қол шетіндегі өлең шөпке де ұқсайды, бірақ өлең емес, ол бұл жерде өспейді. Мынау шәлпей, түйемойнақ, сүттіген мына бір гүл жара бастағаны, әлі үкісі жоқ бақбақ. Ағаштың бауырына не бір жұпар шөптер араласып өседі? Мұның маңында сая да, күн де, көлеңке де, ылғал да жетеді. Ал гүлдердің сан түсті бояудан көйлек киген неше түрі бар емес пе, қарашы. Көкше өңірі жалпақ түз осындай бәйшешектей балауса қыздарға да бай. Ана ұшып жүрген араны көрдің бе. Ақын да сол ара сияқты. Неше бір көздің жауын алған рауғашқа да қонып шырын жинайды. Гүлсіз ара, арасыз түз гүлі болмаса, ақын мен қыз күні де сондай. Біріне-бірі дем беруші, өсіруші, жетілдіруші. Ақын да арадай бағбан. Ол гүлдің қанатын сындырмайды, аялайды, арадай ұшып жүріп ән салып, гүл жырын, әсемдік жырын жырлайды. Менің гүлім сендерсіңдер - балауса қыздар. Маған әрқайсыңның бір тал шашың, кірпігің, айдындай ашық көзіңнің жанары, селт еткен қабағың, қиылған қасың, ыстық лебің, лүпілдеген жүрегің, күрсінген демің, дірілдеген ернің - бәрі де жыр. Мен соны жырлаймын, өмірдің көркін, қуанышын жырлаймын. Әттең шамам келіп жырлай алсам, бар сұлулықты әнге қосып шырқай алсам, екі дүниеде арманым болмас еді, - деп Ақан екі

алақанын аузына қалқалап, айғай салды:- «Аһа-ау. Мен сұлуларды жырлаймын. Жырламайсың. Жырлайсың, жырламайсың!»

Әр жерге өскен шоқ-шоқ ағаштар: «Жырлайсың, жырламайсың»- деп жаңғырығып, бірінен-бірі іліп алып, алысқа әкетіп жатыр: «Жырлайсың, жырламайсың!»

— Әне,- көрдің бе, Ақтоқты. Жаңғырық не дейді. Не айтсаң, соны қайталайды. Жаңғырықта ой да, ес те жоқ. «Жырлайсың» деп тұрып, қолма-қол «жырламайсың» дейді. Жұртшылық арасындағы өсек те сондай. «Ақанда тұрақ жоқ, әр қызды бір әнге қосады, әр қызға бір көңілі ауады, алдамшы, тұрақсыз десе», өсекқұмар құлақтар соны құйып алып, санасына жүгіртпестен жаңғырықша қайталайды. Ал мен болсам, өлеңім де, сұлулық та кісендеусіз азат болса екен деймін... Айтқан жұрт айта берсін, бәрібір жасырарым жоқ, - қыздарды жақсы көрем, Ақтоқты.

Ақтоқты көзі жаудырап, баладай қуанған ақын мінезіне таңырқап, ақын сөзін ойына жүгіртті.

─ Ақан аға, кешіріңіз, мен балалық жасаған екенмін. Кейін өзім де жаңағы сіз айтқандай ойлап ем. Ойым дұрыс боп шықты.

— Оныңа рақмет, Тоқтым. Мен мүлдем ұмытып кетті ме деп ем.

— Ақан, Ақан,- деді осы кезде соңдарынан жеткен Шәкей, - анаң қарашы. Бұлар да ұя салайын деп жүр-ау. Бір-бірімен алысып-алысып екі шымшық торғай, ұмар-жұмар боп ағаш арасында ойнап, бұлардың алдындағы бір қайыңның бұтағына қонды. Шиқ-шиқ етіп сөйлескендей, жақтарын таяп сүйіскендей болды да, қайтадан таласып ойнап, ұша жөнелді. Шыр көбелек айналып жүріп шырылдап ағаштың арасына сүңгіп кетті.

  • Біреуі ұрғашы, біреуі еркек,- деді Шәкей күрсініп, олар да адам сияқты.
  • Сыртынан аңдушы болмаған соң еркін қауышып жүрген азат құстар ғой, - деп Ақан соңдарынан ұзақ қарап тұрды.
  • Әй,- деді Шәкей қуланып,- дәу де болса әлгі ұрғашы шымшық бар ғой, әлі тұрмысқа шықпаған қыз.
  • Қой сен енді бүлдірейін деп тұрсың.
  • Нені бүлдіремін. Мен бүлдіреді деп қорықпай-ақ қой.
  • Жетеді деймін енді,- деп Ақан аттарға қарай бұрылды.

Шәкей Ақтоқты екеуінің соңынан қалмай, сөйлеп келеді:

  • Жоқ, деймін-ау, менің ойлап тұрғаным, бұлардың қыздарын айттырып қоя ма екен, әлде сүйген торғайына берер ме екен?
  • Түһ, саппас екенсің,- деп Ақан да, үнсіз жымиған Ақтоқты да қатты күліп жіберді...

3

Жайлауға орныққан Бақтыбай, Тастан, Шағатай ауылдары көңілді. Қоңсы қонған үйлер қыстан қалған сүрлерін кебеже түбінен, азбыншы ұндарының арасынан шығарып, бір-бірінен сыбаға жесіп мәре-сәре. Жасы бес-алтыға келген еркек кіндікті бала атаулыны ауыл қожалары шетінен сүндеттеп, кішігірім ат шаптырған тойлар да өтіп жатыр. Қыз бозбала күні-түні сауық құрып, қызойнақ салып, алтыбақан теуіп, ақсүйек ойнап мәз.

Шұрайлы жердің шүйгініне тойынған мал да тоқмейіл. Алысқа тентіремей, ауыл маңында жайылып оттаған мал соңындағы бақташылардың да жағасы жайлау.

Жолда жүзі сынық тартып, ауырыңқырап келе жатқан Ақтоқты күрт өзгеріп, қабағы ашылып жадырағалы бай үйінің де көңілі жай.

Осыншама масайрап, масайған ауыл салтанаты бір-ақ күнде су сепкендей басылды.

Жайлау арасы жақын болғанмен, Сүтемген, Бақтыбай құдалар әлі бірін-бірі шақыра алмай, екі жастың алғашқы қауышу сәттерін күтіп жүрген. Жалмұқан күйеу жолымен ұрын келсе, содан кейінгі арадағы ырым-жырым басталып, той жабдығына екі жақта қамданбақ.

Бақтыбай аулының қыз-желеңдерінің көзі төрт боп, алғашқы кезде ұры күйеуді көре алмай қалмайық деп, күнде Сүтемген аулы жағынан шыққан қарайған болса, желігіп тұратын. Ерке өскен Жалмұқан қанша тентек атанса да, қызды ауылға келерде жүрексініп, кешеуілдей берді.

Ақтоқты оны ойлаудан қалғалы қашан. Қыздың есіл-дерті Ақан. Жатса, тұрса ойлайтыны да сол. Көкейінде сайраған әні де - Ақанның әні. Жадында жатталған сөз - Ақанның сөзі.

Ақан да кейінгі кезде бұл ауылды көп торуылдап, кейде ойын-сауыққа да араласып жұрт көзіне түскенмен, Ақтоқтымен жеке сөйлесіп, сөз байласудың қыбын таба алмай жүр. Серіге шын жаны ашитын сенімді адам бұл ауылда екеу: жігіттен Құлмақ, әйел затынан Қадиша. Ақтоқтыны жеке шығару Қадишаның ғана қолынан келеді. Сезікті елдің көзіне түсу - үйлену тойын жеделдетіп жіберетін қауіпті жол.

Құлмақ болса, Ақан мен Ақтоқты арасын әлі де біле қоймайды. Оның білетіні Қадиша. Ақан бозбалалық әуенімен сұлу келіншекке, кәрі байдың солқылдаған жас талдай тоқалына ара-тұра келгенде оны шығарып беретін, жеке табыстыратын осы жылпос жігіт Құлмақ еді. Енді өрімдей боп түрегелген Ақтоқтыға көңілі біржола ауып, өмірлік жар етуді қалаған. Ол ниетін Қадишаға қалай айтар, әдейі шақырып алып, бұрынғы әдетпен келген дәмелі келіншектің ынтық көңіліне қалайша қара пышақ сұқпақ. Ақан өткен ісіне өкінді, Ақтоқтының жеңгесі Қадиша болғанына қатты қиналды. Бәрібір ағынан жарылмаудың реті жоқ, кейін басқа біреуден естісе әйел жүрегіне түсер одан асқан жара жоқ.

Ошақ басында сүт қайнатып, тамақ пісіріп жүрген Қадишаны Құлмақ сыртқа оп-оңай алып шықты.

─ Ақан жолығып кетсін дейді, ана өзек жақта күтіп отыр,- деп біраз жер еріп келіп, бағытын сілтеп жіберген соң Қадиша көп аялдамады. Бәйбішесінің қасынан келіп, Тастан күн батысымен ас піскенше мызғып алайын деп төсекке киімшең қисайған. Үстінен жүріп өтсең оянбайтын ұйқысы қатты бай киіз үйді басына көтере қорылға басқан. Күн ұзын малының маңында болып, шаруасын жайғасып, түн болса үш әйелінің көңілін қалай табам деп егде, мосқалдыққа беріскісі келмей, үш керегенің арасында жан таласатын шаруақор бай үнемі ұйқылы-ояу маужырап, қалжырап жүреді.

Жастыққа басы тисе-ақ кәрі денесі ұйып, ұзақ, тәтті қорылға басатыны да содан. Күйеуінің ұйқылы сәтіне қуанған Қадиша Ақанның атын естігенде тағат таппай айдалаға қарап қалай дедектей басқанын да аңғармай қалды.

– Қай арада күтіп отыр, қасында кім бар, жалғыз ба, ешкімнің көзіне түскен жоқ па,- деп сыбырлап сұрап келе жатқан Қадиша Құлмақ шегіншектеп қалғанда барып, есін жиғандай болды. «Апырау, мен осы несіне мәз боп келем, не десем екем, бұ дүние не боп кетті» деген келіншектің аяғы шалысып, жүре алмай қойды. Жүрегі алып-ұшып барады. Көз алдына аяулы қайын сіңлісі Ақтоқтының жүзі келді.

Анада жайлауға көшіп келе жатқан жолда Ақтоқты Ақанға жолығысымен өзімен сырлас жеңгесіне бар сырын күн аралатпай қолма-қол жеткізген.

– Қайдан білейін, еркем,- деп Қадиша Ақтоқтыны еркелетіп, қалжыңдаған:– Қордың қызына бардың дейін десем, өзің де қордың қызысың. Перінің жігітін көрген шығарсың, әлде Жалмұқанды көрдің бе?

– Қойшы, Қадиша,-деп бұртиған Ақтоқты лезде қайта жадырады. – Перінің жігітінен де, он Жалмұқаныңнан артық адаммен, жігіттің сұңқарымен кездестім. Саған айтпай жүрген бір құпиям бар еді. Кешіре гөр, жеңешетай. Тұңғыш кездескелі араға айлар аралап, ұмытармын, ойламаспын деп салқын тартып үнсіз жүруші ем. Бүгін өзін көргенде жүрегімнің терең қалтарысында қалғып кеткен жастығымның қуаты қайта оянды. Сүю деген қандай тәтті дүние еді, сүйгеніңді ойлау не деген ләззат еді. Қарашы, жеңешетай, менің көзіме. «Мың бір түн» хикаясындағы махаббат шарабына мас болған қыздардың көзіндей емес пе! Бүкіл айдай әлем қазір әдемі бір көгілдір түске бөленгендей, адамдардың бәрі де күле, қуана қарайтындай. Тамаша бір түс көріп, тәтті ұйқы құшағында жатқандаймын...

─ Ол кім еді, еркем, бұл маңда мен көрмеген ол қандай сұңқар, айтшы ынтықтырмай.

─Тап, өзің тап, осы өңірде кім бар еді одан басқа. Онымен теңесер қай жігітің бар. Соны да білмейсің бе? Айтқың келмей ме? Айтшы өзің.

Алғаш махаббат дегеннің не екенін түсініп, қуанған сәби қыздың мына қылығына Қадиша қызыға да, қызғана да қарады.

─ Әдейі айтпайсың ғой, ә, Қадиша. Білемін, атын өзі атасын деп тұрсың ғой, білем, білем,- деп жеңгесінің алма мойнынан құшырлана қысқан Ақтоқты ыстық демімен Қадишаның құлағына сыбырлады,- Ақан, Ақ-а-ан!

Қадишаның жүрегі мұздай боп кетті. Ақтоқты оны сезген жоқ, жеңгесінен құшағын жазбай сөйлей берді, сөйлей берді.

─ Сен байқайсың ба, Қадиша. Ақан биыл келіп кеткеннен бері мен де сөзшең болып барамын. Тегі жұғады білемін. Ділмарсып сөйлей бергім келеді. Ақандай болмасам да, көкейіме бір сұлу өрнекті, ұшқыр сөздер құйыла беретін сияқты. Сүю деген деген не деген бақыт еді, тіпті неге сүйгеніңді білмесең де бақыт екен, шаттық екен!- деп күліп, құшағын жазып жеңгесінің бетін өзіне бұрған Ақтоқты тосылып, үлкен көзі шарасынан шығып, аянышпен қарағандай болды. Қадишаның көзінен ыстық жас сорғалап тұрған. Жүзін жасырып, бүркегісі келмеді. Бетін жыбырлата жорғалаған көз жасты біржолата шығарайын дегендей, Ақтоқтының алдында қыбырсыз тұрып, ағыл-тегіл жылады. Жанындай жақсы көретін, сүйкімді қайын сіңлісінің қуанышын естігенде, жүрегіне байланған ғашықтық дерті сыртқа шығып, тыйылмай, көзінен тоқтаусыз аға берді. Екі бетін жас бұлап, үнсіз егілген Қадиша тамағына әлдене кептелгендей булығып, зорға шыдады.

— Саған не болды, Қадиша, неге бүйттің, жаным, жеңешетайым,- деп Ақтоқты екі бетінен алма-кезек сүйгенде барып:

— Қимаймын сені, күнім, сен де бір күні мені тастап кетесің бе?!- дегенді ықылық атып зорға құрады. Көңіліңде «Ақан да менен біржолата кетеді» деген үзілген арманның ұшығы тұр еді.

  • Жыламашы, көкетайым, мен әлі кеткен жоқпын ғой,- деп еркелей жұбатқан балғын Ақтоқты жеңгесінің көңіліндегі қасіретін сезген жоқ.

Міне, енді Қадиша Ақанға келе жатыр. Бұл келістің басқа келіс екенін де түсінеді. Ақанның көңілінде әлі жарылмаған қауын, аршылмаған жұмыртқадай Ақтоқты екенін де біледі. Бұған салса, Ақанды тірі пендеге қимас еді. Бірақ ондай иеліктің аулы тым алыс. Тастандай байдың қолына түскен келіншек жастық шағын, арманда қалған махаббатым жасырын жолмен өткізіп қапысын таппаса, одан басқа жол бітеу, тас қараңғы меңіреу. Оның үстіне Ақтоқтысының бақытына қалай қол сұғар. Енді Ақанмен арадағы жібек жіпті үзіп, көңіл суытып тыйылмасқа амал жоқ. Қадиша осыған бекінді.

Өзекке қарай таяна бергенде:

  • Қадиша, Қадиша,- деп сыбырлаған дауыс шығып, алдынан екі қарайған көрінді.

Ақанның да жүрегі дүрс-дүрс соғып, жазықсыз келіншектің алдында не деп ақталарын да білмей, кінәлі адамның қалпында ұялып отыр еді. Қадиша қасына келгенде бұрынғыдай еміреніп, жылы құшағына да ала алмай, ұмтыла түсіп мүдіріп қалды. Қасындағы Шәкей аттарға қарай кеткенде де, аузына лайықты сөз түспей, үнсіз тосыла берді. Жігіт бойындағы ыңғайсыздықты сезген Қадиша араларында бұрын ештеме болмаған әшейін бір ауыл адамдарындай жарқылдап, өткен іске елеусіз қарайтын жеңілтек әйелдердің мінезіне салып, сөйлеп кетті.

  • Иә, бұл жүрістеріңе жол болсын, түнделетіп қыз аулап жүрсіңдер-ау, ә, қулар. Ақан, өзің айтпасаң да білем, әйел жаны сезгіш келеді, тоқтымды аңдып жүрген қасқырсың ғой, жасырмай-ақ қой,- деп сықылықтап күлген болды.

Бұрын бұлай өктем, өрескел сөйлемейтін Қадишаның күлкісіндегі жарықшақты да аудырмай таныған Ақан жас келіншектің жеңгетай кейпіне түскен жасанды қылығын аяп кетті.

— Қадиша , айналайын, менде қазір дәрмен жоқ.Жер дүниеде маған қорек болар жалғыз ғана тоқты қалыпты.

Жақсыларды Тастекең сияқты аш бөрілер қоя ма,- деп сөзінің артын қалжыңға бұрған Ақан екі иінінен қапсыра ұстап еді, Қадиша иығын оқыс тартып алды.

─ Aқан алшақ тұрып сөйлесейікші, біз енді жеңгетай мен күйеу баламыз ғой,- деп шегініп тұрды.

— Өкпең орынды, Қадиша, қайтейін.

— Не өкпе не ол? Менің саған еш өкпем жоқ.

— Қадиша!..

─ Ақан... серім, сенен сұрайтыным, арада жастықтың қылтың-сылтың кездері болса, оны ұмытайық. Ондай-ондай кімде болмайды. Өткен істі жаңғыртпай-ақ қой. Ал енді айтарың Ақтоқты ғой.

— Иә, ретін тауып, бүгін жолықтырсаң.

─ Жәрәйді, бұйрығыңыз орындалады. Енді жүре берейін бе? Қазір тауып әкелемін,- деп Қадиша асығыс басып кете барды. Бұдан артық бөгелсе, сөз де көбейіп, өзінің шыдамсыз жайға түсетініне көзі жетті.

Сөзі де, күлкісі де асығыс. Бұрын бұлай сөйлеп көрмеген Қадишаның үні де, қимыл-тұрысы, бар қылығы Ақанға ерсі көрінді. Оның себебін де жақсы түсінген ақын, «шіркін-ай, дүниеге жаңа көзін ашып, бүршік жара бастағанда жоқшылық құрбанына шалынып, қор болған қыз-ау. Өз теңіңе қосылсаң, бір деген азаматтың жары болатын асылсың-ау!» деп қала берді.

Қадиша алтыбақанда жүрген Ақтоқтымен біраз сауық құрып, әткеншекте тербеліп ән салып, ауыл жастарынан бір қаға берісте сыбыр етіп, үйге қарай алып кеткен. Былай шыққан соң, Ақандар жаққа кілт бұрылып, жаңа өзі келген жерге дейін әкеліп, кері қайтты.

Бір бұрым етіп өрген Ақтоқтының қалың шашындағы шолпысы сыңғырлап, ұзақ зарығып күткен жігіт қасына жеткенше аялдаған Қадиша, ауыр бір күрсініп үйіне қарай беттеді. Мойнына ақ білегін артып тұрғанда, аш белінен құшақтап, ыстық лебімен аймалап, көзінен, ернінен үлбіріте сүйетін сымбатты, сұлу Ақаннан ұзап, еміреніп, толғану жаратылысына жазбаған, жай шөппен бірге қыр гүлін де тілімен бір-ақ орап, қомағайлана шайнайтын мүйізді хайуандай Тастанға қарай амалсыз аяқ басқанда Қадишаның екі иіні салбырап, ұнжырғасы түсіп, көңілі жаси берді. Жұпар иісі шыққан кең далаға өздері де жұпардай екі жасты, тең-құрбыларын қалдырып, Тастанның түнгі тамағын алдына тосып, аяғын жуып, қасына жататынын ойлағанда өз тіршілігінен жерінгендей жүдеп, налып келеді.

* * *

Есік алдындағы оты маздап жанған жер ошақтың басында екі адам қараңдайды. Ауыл-үйдің жігіттері. Тілі бір жақ ұртынан шығып жантәсілім еткен қойдың басын үйітіп отырған қара жігіт оттың жалынынан бетін қорғалап, тілің жалақтатып, шалқалай береді. Тура қолындағы шала үйітілген бас құсап, Қадишаны көргенде тісін ақситып, үнсіз күлді, Білегін сыбанып алған сары жігіт - Құлмақ сабына дейін қызыл-ала қанға боялған пышақты жас терінің үстіне бұтарлаған семіз еттің арасына тастай беріп, белін жазды.

  • Иә, бұл ненің құрметі бейуақта,- деп сөйлеп келе жатқан Қадишаға аузын басып, «дауыстама» деген белгі беріп, Құлмақ сыбыр етті:
  • Үндеме, жеңеше. Қонақ келді, қонақ.
  • О, кім ол? Қандай қонақ мезгілсіз жүрген?
  • Ұры қонақ. Қадірлі қонақ,- деп жігіт жымыңдағанда, Қадишаның жүрегі су етті: «Ұры қонақ!»

Енді кейін шегінуге сылтау жоқ: жігіттер көріп қойды, әйтпесе жасырынып барып Ақтоқтыға хабар берер еді.

Үйге беттеген Қадишаның алдынан жарма есікті сықырлата ашып, Тастан шықты. Үстіне жамыла салған жеңіл желбегейінің етегін жайқап, «бері жүр» деп әйелін ошақ басына әкелді.

  • Күйеу келді, бар көріп шық. Сосын әлгі Тоқтым қайда, алтыбақан жақта ма, бір-екі қыз ертіп, тез алып кел. Ел-жұртқа сездірме, сен келген соң мен кетермін,- деп қысқа ғана бұйрық берді де, ошақ басындағы жігіттерге бұрылды.

Құлмақ үй иесі шыққанша қойдың қан-жынынан басқасына тимей, етін жеке-жеке мүшелеп бөлген. Тастан жүрелей отырып етке көз тастады да:

— Семізін-ай жарықтықтың. Өзі де күйеуге бұйырған бағы бар қой екен,- деп қулық айтқансып, түсін қайта суытты. ─ Жігіттер, ауыздарыңа сақ болыңдар, ата ғұрпымен ұрын келудің еш сөлекеттігі жоқ. Оның ұры күйеу болуы да ата дәстүрі. Мұндайда жар салмас болар.

Бастың құйқасын лөкет пышақпен қырып, қайта отқа отыра берген қара жігіт таңдайын қақты:

─ Атамаңыз, бала дейсіз бе, осы маңда қыбырлаған тірі тышқан білмейді,– деп ыстық жалыннан кіржиіп маңыздана қалды.

— Неге білмесін, құлақтанбағанмен сезгендер бар,- деп Құлмақ қуланып қабақ шытқан болды.

─ Ол кім тағы? Бұл ауылдың өсекшіл қатындары білмей қоюшы ма еді. Иісшіл емес пе!-деп Тастан сары жігітке қарады.

Құлмақ әлі де түсі жібімей, қиналған боп:

— Иісшіл болғанда қандай, ой, антұрғандар-ой, көш жерден біледі ғой, кілем үстінде жатқандай, әне шынтақтай түсіп жайғасуларын қарашы,- дегенде, қара жігіт жаңа түсініп, оқыс баж ете күлді.

Жер ошақтан әрірек, көздері жалтылдап, жылы қаннан дәметіп, қатар-қатар тізілген ауыл иттері селк етіп, орындарынан атып-атып тұрды.

— Әй, Құлмақ-ай, әйтеуір, керейдің қу Сүлейменіндей-ақ барсың-ау, мен қатындар дегенде сенгенімші,- деп Тастан да екі иіні селкілдеп, көзі жасаурай күлді де, бір жерге үйген жау жұмырды шетінен алып: «Мә, сыбағаларың, мына Құлмақ ағаларың айтпаса, ұмытып кете жаздаппыз»,- деп құлаштап лақтыра берді. Көк бауыр, ащы ішекке таласқан иттер әуелі ырылдасып, одан әрі шайнасып шаң-шұң етіп, қыңсылап, түнгі ауылды көтерді. — Сіздің жомарттығыңызға риза боп, қуанғаннан ішек-сілесі қатып күлулерін қарашы,- деп Құлмақ, сойғанда байқамай жіберіп алған сан еттегі арам тамырды сылып тастады.

  • Қулық айтам деп отырып, етті арамдай жаздапсың ғой, - деп Тастан төстің астындағы жетім шеміршек ат жүйрікті алып, бір түкірді де ерінбей тұрып есік маңдайшасына барып сарт еткізіп жабыстырды...- Ал етті түгелдей қазанға сала беріңдер. Қонақтар дем ала тұрсын ет піскенше, үйге кіріп мазаламаңыздар.

Тастан бай ауылының мырза баласының өз үйіне келіп ат басын тірегенінен іштей күрсініп, сыртқа қарай желпініп келуге кетті.

Үй ішіндегілерге дем алу қайда. Бұрын күйеу кәдесімен босаға аттамай бірден ұрын келген Жалмұқан қашан қызды көргенше жүрегі тағат таппай, шынында да ұры адамдай үйден шыға алмай, қасындағы жолдасымен күбірлесіп, қашан шолпысы сыңғырлап сұлу қыз сыпайы басып кіріп келеді деп, оюлы есікке қарап телміріп, елегізіп отыр...

Қадиша үлкен көлдің қырқасына құрған алтыбақан жаққа із тастап барды да, соңынан аңдыған ешкім болмаған соң жалт бұрылып Ақтоқтылар жаққа қарай ұшты. Көк шалғынды кең өзектің екі қапталы қыраттау, алаңқы. Шоқ-шоқ қалың изен мен кей тұстарда тобылғылар ұшырасады. Алғашқыда қыз бен жігіттің бағытын білетін Қадиша оп-оңай тауып, қайын сіңлісін тез ертіп келем ғой деген.

Енді ай даланы жанұшырып шарлаған сайын, үрейлене берді, Ақан мен Ақтоқты - жер жұтқандай зым-зия.

Қадиша еңкейе түсіп қарайды да, асығыс басып анадайдан биік көрінген қарайғанға келсе, бір шоқ ши, немесе қурай боп шығады. Жүгіре-жүгіре өкпесі өшкен оның маңдайынан шып-шып тер шығып, шын қысылайын деді. Бір-екі рет, амалсыздан, «Тоқтым», «аһ-оу, қайдасыңдар» деп әлсіз ғана дыбыс та берді. Ешкім жауап қатпайды.


Бетке өту: