Ақан сері — Сәкен Жүнісов

Аты: | Ақан сері |
Автор: | Сәкен Жүнісов |
Жанр: | Роман |
Баспагер: | Жазушы |
Жылы: | 2002 |
ISBN: | 5-605-01808-6 |
Кітап тілі: | Қазақ |
Жүктеп алу: |
Бет - 9
Күн көзі өтпейтін қалың қарағайдың саңылау-саңылауын қуалай, жыландай ирелеңдеген жалғыз аяқ былқылдақ жолмен Ақан Құлагерінің тізгінін бос жіберіп тіке өрмелеп келеді.
Осы жолмен сонау жылдары бала кезінде жүрегі дүрсілдеп әлденеге қуанғандай, қашан тау төбесіне шыққанша асыға жүгіргені бар. Онда Қызылжардан елге оралған беті еді. Қорамса мен Жаңыл барып алып қайтқан.
Қызылжарда Уәли-ахун медресесінде оқыған үш жылдың соңғы жылы Ақжігітке шүйкедей созылған бітпейтін ұзақ сергелдеңдей көрінген. Жаратылысында бір айтқанды екі айтқызбай қағып алатын ұғымтал, зерек бала мұсылман оқуын медресе дәрісінде тез игеріп, муридтердің алды болды. Келе- келе күнде қайталайтын жаттанды сабақтан жалығып, құжыралар ғана емес, бүкіл медресе іші ел тірлігінен аулақта қалған суыр ініндей сұрқай тартып, қапас үйдің іргесі қабырғасын қысқандай тынысы тарыла берді. Бұрын өзі жасия етіп, тарз тұтатын халфелердің білімі енді өзінен саяз көрініп, медреседегі тіршілік тамамдалғандай сияқтанды. Кішкентайынан ән құмар, домбырашы Ақжігіт құжырада шалқасынан жатып алып, өлең шығарып, ән айтатын мінезге басты. Бұл мінезін халфелер ұнатпап еді, әнші бозбала ұлықсатсыз қала аралап, талай күндер медресе бетін көрмей кетті. Қазақ қыздарындай емес, өздерін еркінірек ұстайтын татар бойжеткендерімен сауық құрып, сырнайға қосылып, қазақша, татарша ән салып, сылқым келіншектермен тең айтысып, Қызылжар ішін аузына қарата бастады. Көп ұзамай бұл да жалықтырып, Ақжігіт елін сағына берді. Медресе тәртібін бұзған шәкіртті Уәли-ахун шақырып алып жазаламақшы да болған. Бірақ тілге шешен, құран-сүрелеріне, пайғамбар хадистеріне жүйрік шәкірт қасқиып тұрып, шалдырмаған.
– ...Мен алмаған қай сабағыңыз қалды. Енді медреседе тірі өліктей салбырап, құр салпақпен жүрерім жоқ. Тіпті молда болар жайым да жоқ. Бұдан
былай зіркілдемеңіз. Медресеңнен де, мешітіңнен де біржола кеттім!- деп Ақжігіт теріс айналып жүре берген.
Қалаға саудамен жиі келіп тұратын Қорамсадан баласының оқу-жамбас ақысын, жыл бойғы жұмалық есебін малдай да, ақшалай да мол алатын Уәли-ахун пайдалы шәкірттен қанша айырылғысы келмегенмен, Ақжігіт бұдан былай мүлдем өзгеріп, тыңдаудан кеткен. Енді өз абұйырынан айырылмауды көздеген ол қолы ашық ауыл саудагерлерінен де біржола ажыраспаудың қамын ойлап, Қорамсаны хатпен шақыртып алған.
- Ақжігіт зур-зерделі малай! Үзеңнен гыйлемгә хиреслеге, сүзге осталығы, моназараларда үзі дәрәсләр алған остаздарынан өстенләк ала. Әйтсәдә, күніліңізгә килмәсін, адан мулла шыкми, мәмкән түгел. Көңілі башкада. Ир, уләнгә күңілі бик ауған. Татарча һәм казакча гына түгел, гарапча да, фарсыча да зур -зур әсәрләр ижат итәріне күмәнім юк. Нисі бар, алай итәргә де булар, қулын қақпағыз!- деп Қорамса мен Жаңылды үйінде қонақ етіп, Ақжігітті оқытқан ұстаз Уәли-ахун тағы да көп ақша алып, көп көпшікпен шығарып салған.
Ақанның сыңайын байқаған Қорамса да одан молла шықпасын сезіп, ендігі орнын басар саудаға баулу еді. Бір жұмадай ұлын қасына ертіп, Қызылжар саудагерлерінің дүкендерін аралатқан. Әке баласын байлыққа қызықтырмақ болды. Бірақ одан да ештеңе өнетін емес. Аңызақтай тыншу қала тіршілігінен тез құтылып, ауасы кең сахараға асыққан Ақан бірде:
- Әке, ата-бабамыз осы саудамен байыған жоқ. Қор тіршілік қой мынау. Жібі түзу бір досыңды көре алмадым.Өңшең көздері жылтыңдап, жүзі күліп, іші жібімейтін тас жүректер; қайтсем артық алам, алдап алам деп тұрған қу мүйіз сұрқиялар ғой, тамұқ отын көсеген әзірейілдер ғой мыналарың,- деп, бір дүкен ішіндегі маталарын жайып, былғары бұйымдарын созбайлап, Қорамсаның асты - үстіне түскен саудагерлердің қылықтарын беттеріне басқан.
Сонда да үмітін үзбеген әке енді басқа жолын қарастырып, елден келген бір топ жолдас-жораларының көзінше:
- Ақанжан, енді жас емессің, ер балаларымның тұңғышысың. Осы жолы бір дөйдің қызына құда түсіп кетсек қайтеді,- деп Қызылжардағы аты шулы татар байларын санап шыққан.
Көбінің қызын Ақан біледі. Біледі де, бәрінен түңіледі. Қазақ қыздарын пайдалы жерге ата-ене икемдесе, татар қыздары ондай болашағы зор атақты жерге өздері икемделіп, жігіттерді өздерінің аулайтыны бар. Кейінгі жылдары ауыл байларының, атақты саудагердердің не бір жақсы ұлдары қармаққа түсе бастаған. Ақан мұндай күйкі тірліктен де жиренді.
- Жоқ, әке, ол айтқан татар саудагерлеріңіздің қызын аларым жоқ,- деп салды.
- Ойбай-ау ертең мына қалада шылқыған бай атаң болса, арманың не? Жігіттің үш жұрты болады. Соның бірі - қайын жұртың емес пе? Әшейін шалжие- е-еп жатасың,- деп ел жігіттерінің бірі қосылып еді.
- Шалжиып жатам ба, қалжиып жатам ба, оны сендерден сұрамаймын. Ертең біреудің дүкенінде есеп шотын сыртылдатып, матаны дар-дар айырып, тұз өлшеп тұрсын дейсің ғой,- деп Ақжігіт балалық көңілімен ағынан жарылды.
- Е, өзің дүкенші болам деп қорқады екенсің ғой. Қатының жақсы болса, татар саудагерінің бар иелігі өз қолыңда,- деп әлгі жігіт тақымдап қоймаған соң, Ақжігіт:
- Иә, білем, білем, татар қыздарын. Татар саудагерлерінің қыздары қазақ жігітіне тигенше қойнына құмартады, тиіп алған соң мойнына құм артады,- деп мақалдап, бәрінің шек-сілесін қатырды.
Сөз осымен тамамдалып, бұлар ауылға жүріп кеткен...
Күн шыға Сырымбетке жеткен жолаушылар Шыңғыс ауылына бұрылуға дәті бармай, тау бауырында аттарын шалдырған. Күймелі арбадан қарғып түскен Ақжігіт алды-артына қарамай, Сырымбеттің биігіне өрмелей жүгіріп еді. Жолындағы қалың қарағайды сырғандай екі қолымен алма-кезек жасқап, жалғыз аяқ жолмен еңкеңдей басып жан ұшырған талдырмаш бала жалаңаш шоқыға шыға келгенде көзі жайнап сала берген.
Сырымбет - андағайлап алыстан көз тартар аса биік болмағанмен, етегінде жарқыраған көл, баурында сылдырап аққан кәусар бұлақ, сыңсыған қалың жынысты әсем шоқы. Ең биігінен қарағанда Көкше даласының көп тұсы алақанға салғандай анық көрінеді. Екі өкпесін қысқандай еңсесін басқан қала қапырығынан, аядай жерде аят оқып, күні-түні сарнап, күңіренген мешіт тіршілігінен Ақжігіт жалаңаш төскейге шыға келгенде, бар азаптан құтылған қамаудағы адамдай тынысы кеңіп сала берді. Ентігін басқан бала айна көлдерге, қалың орманға, алыстан мұнартқан көгілдір ту нарға дейін тойымсыздана қарап, арқан бойы көтерілген жазғы күндей жүзі жайнап:
— Аһа-һей, а-һей!- деп қалай айғайлап жібергенін аңғармай қалды. Бар алап саңқылдаған бала дауысымен жаңғырып, орман ішінде, көл бетінде сыңсыған бүкіл құс атаулы дүрліге ұшқандай болды.
Көңілі тасыған бала өзін осы өлкенің иесіндей, тәңірісіндей санап, құлақ күйі келген шешен домбырадай күмбірлеп:
— Аһа-һей, А-һей... жаңғырып айқай десе, бірге ұрандап, жүйрігін тосқан тоспадан ат көпір боп жиналған қалың жұрттай, делебесі қозған, алға ұмтылып кимелеп, тұлпарын күтіп мойнын созған қазағымдай қалың жыныс қайың, терек, қарағайыңнан айналдым, айхай, дала!- деп аз кібіріктеп тұрды да, шешіле жөнелді.- Айдыныңнан шалқарыңнан құс жыртыла айрылған, сұлу көлдер, әсем өзен, көк белдер тар қапастан шыққан мұңлы-шерлі ұлыңды айықтырар алып батпан, зілдей зұлмат қайғыдан. Көк зеңгірдей мөлдір аспан, күмбезінде жүз 126
құбылтып, сұңқылдап, әнге салып күн астында қиқулап, жүйке тамыр тұла бойды балбыратып, сыңғырлап ұшып жүрген аққу, қазың тілін бассаң сыбызғыдай сызылтып, күй төгілткен көмейінен сырнайдай, тасасында қоғажайдың жасырынып, тығылып, қырғи, лашын, қаршығадан үрейленіп бұйығып, балдыр сүзген момын, жуас құстарың ақ моншағын аспанға атып, су астында сәуле қуып өзді-өзімен ойнаған, жасағанның ақ күніне, жасыл жаздай жас күйіне тоймаған, ақ шабақтай ақ балтырлы, аршын төсті қыздардай. Айхай, дала, қайқаң бел, өркеш - өркеш мұнартқан көк төбелер, киіз үйдей, көк түбіттей сонадайдан көрінген, сағымда ойнап, қатар жүзген кемедей - әне Көкше, әне Имантау, міне Айыртау, іргемде Сандықтауым, Зерендім, ар жағында Жыланды, Ақан тауы, Жалғыз тау, айналайын Көкшем сенің жеріңнен, күншіліктен жолаушыға қол бұлғап, басын иіп, қол қусырып қарсы алар меймандосты, қолы ашық қарттардай, қайдан келдің? Кімсің өзің?- Аты-жөніңді, мекеніңді сұрамай, орын берер ең әуелі қасиетті иманындай төрінен. Айхай, дала, қайқаң бел, шықтан күміс тағынан, гүлдер жұпар жағынған. Әр бетеген, әр шөбін, күнмен ойнап шағылысқан айнадай әр өзенің, әр көлің, жиған жүктей әр ағашың, әр тасың шетін бассаң күмбір етіп күй шерткен тұнып тұрған, ұйып тұрған әнсің-ау! Тәтті өмір, жастық шақ бұдан былай бірге өтер сенімен, ит жүгіртіп, құс салып жазығында, белінде, әупілдеген жұдырықтай құсындай жүрегімді алып ұшып қашан демім біткенше, босағанда, төрінде, сұңқылдаған аққуындай, бұл-бұлындай сайраған тәтті әніне бар әнімді қосармын. Маңдайымнан, кекілімнен сипайтын анашымның жылы алақанындай самалыңа, жібек торғын желіңе күй тербеткен домбырамның қос ішегін тосармын. Айхай, дала, қайқаң бел, жері жомарт, құшағы кең асыл ел!
Осылайша сонау жылдары сағынып, жеткенде арнасына сыймай тасыған әндей бар сұлу келбетімен қарсы алып, жас ақынды тебіренткен Көкше жері қазір салқын сұсты. Аспанды торлаған қара ала, торы ала бұлттан басқа биікте қанат серіпкен тірі құс та жоқ. Алыстан мұнартатын әсем таулар, сұлу шоқылар да сұр далада еңсесі түсіп бұғып қалғандай. Жапырағын жайған жасыл орман да қазір үсті-басын қырау басып, түнеріп суық қарайды. Күзгі ымырттағы қарағайлы қалың орман найзаларын шошайтып қабақ түсіп, мұз құрсанған қалың қол сияқты. Сүтемген аулынан белгі болса-ақ найзаларын оқтанып, атой салып, қоршап алар иін тірескен қалың қарулы ғаскердей. Ызыңдаған жел өтінде, Сырымбеттің төбесіндегі жалаңаш таста отырған Ақанның бойы тоңазып, қалтырағандай болды. Ауық-ауық күрсінген сері сонда да ағаш ішіне ықтасынға кірмей, жел ызыңына домбырасын қосты. Сүйгеніне қосыла алмай, жалғызсырап, иесіз тауда оңаша отырған әнші саусағы домбыра пернелерін бойлап, төменгі сағақта ұзақ дірілдеп тұрып қалады. Қоңыр бұралған қос ішек те, ақын қайғысын бөліскендей мұңды үнмен егіліп, баяу күрсініп, сыңсығандай болады. Ақан үзіп - үзіп, талықсыған шерлі ән айтып отыр, шарасыз дәрменсіздік ішін өртеп, ызадан булығып:
Аулым қонған Сырымбет саласына,
Болдым ғашық ақ сұңқар баласына-ай,
еркем-ай...
Аулым қонған Сырымбет жел жағына,
Артық туған бала едің ел бағына-ай, еркем-ай,-
деп келіп «Қарындас-ай, енді есен бол» дегенде көз жасы төгіліп-төгіліп кетеді.
Бүгін кешке Ақтоқтының ұзатылу тойы. «Тойға Ақан аға келсін. Аужарымды өзі айтсын. Тым құрмаса соңғы әнін алыс сапарға жылы қымтап алып кетейін. Сол да болса, дәтке қуат, көңілге медеу. Қайғылы шағымда да, қуанышты кезімде де жебеушім, демеушім болсын», деп Ақтоқты Құлмақтан сәлем айтып жіберген.
Ақтоқты сөзін қимаса да, өзі көзінен аттандырып салуға дәті бармай, сең соққандай сенделген ақын Құлагеріне мініп, Сырымбетті бетке алып жүріп кеткен.
Әлгінде қаңтарулы Құлагер әлденені көргендей оқыранып еді, артынша ағаш ішінен сыбдыр естілді. Домбырасын құшақтап ыңылдаған шерлі Ақан құлақ қойған жоқ. Жөткірініп белгі беріп, үш-төрт жігіт қарағай ішінен шықты. Бұлар Ақанның ізімен жүріп, іздеп келген Ожымбай, Сұлтанмұрат, Шәкей, Бәтжандар еді. Әншінің жеке күңіренген мұңлы үнін, домбыраның өксігін естіп, ағаш арасында бөгеліп, ұзақ отырған.
Бұлар қасына кеп, ымырттай түнеріп, үнсіз жайғасқанда да Ақан селт еткен жоқ. Мойнына жағын сүйеп құшақтаған домбырасын алдына қайта алып, әлгі әнін баяу тарта берді.
Қараңғы түсе бар тұлғасы бұрынғыдан да ірілене көрінген Ожымбай, қияда қомданған алып бүркітше, екі иығын қозғап қойып сөз бастады:
- Ақан аға,- деді күмілжіп,- сізді Ақтоқтының тойына шақырғанын естідік. Жалғыз барып қала ма деп, соңыңыздан еріп мазалағанымызды сөге көрмеңіз.
- Тойға бару кәдік. Бүкіл Есмұрза әулетінің сойыл соғар жігіті жиналып келіпті,- деп, Шәкей де қосылып еді, ызалы Ақан бетінен алып тастады.
- Сонда неғыл дейсің, ін түбінде қарап жатар ақ тышқанша омалып, елге көрінбе дейсің бе, әлде ін аузында бетін тырнап жылар суырша алыстан зарла демексің бе. Одан басқа сендердің қолдарыңнан не келеді?!
Жігіттер үнсіз тосылып, жер шұқыды. Ақан жазықсыз жолдастарына зекіп, бөрі ашуын тырнадан аладының кебін кигеніне назаланып, енді сабасына түсіп, жұмсара сөйледі.
- Өзім де білмей отырмын не істерімді. Аттандырып салып, артында сыңсыған жеңгесіндей қала бергенімше көрінбегенім де абзал ғой.
- Иә, Ақан аға, біз әйтеуір соңыңыздан бос салпақтаған қуыс қурай екенбіз. Әттең не керек,- деп басын көтерген Ожымбай өкінішпен тісін қайрады, - Ақан аға, бізді де бір тыңдаңыз. Сіз бармаңыз, біз барайық, егер қол көтерер болса, бір - екеуін ала өлерімде шәк жоқ. Сәлеміңізді біз жеткізейік. Бас көрсетпегеніміз қорлық болар.
- Арандап қалар болсаңдар, сендерге де лұқсат жоқ.
- Біздегі шаруасы қандай олардың?!- деп Сұлтанмұрат Ақанға қарады.- Жаңағы әніңізді ертең соңынан жел жеткізгенше, той үстінде өзім жеткізейін...
* * *
Таң қылаң бере елінен аттанған Ақтоқты әке-шешесімен де, ел жұртымен де қалыңдық ғұрпымен қоштасып, жылап-сықтаған жоқ. Ақан серінің жолдастарымен, Қадиша жеңгесімен ғана үнсіз құшақтасып, Жалмұқанның қара күймесіне өзі келіп отырды.
Күзгі қатқақ жолмен аулынан ұзап, жат елге қарай бет бұрғанда ғана ырқынан айырылып, көз жасын тия алмады. Күйме жақтауына жағын таянып, үнсіз егілген Ақтоқтының есінен Ақан айтқызған аужар кетер емес. Таң алдында серіден күдер үзіп отырғанда сау етіп кіріп келген Ожымбайлар, жұртты баса- көктей төрге өткен де, Ақтоқтыны қоршай отырып аужарға қосыла салған:
«Кеткенің бе, Ақтоқты, шыныңменен, жар-жар,
Талай мейіз беруші ең тіліңменен, жар-жар,
Алысқан қол бар еді, айтысқан серт, жар-жар,
Ант етіп ең айнымас дініңменен, жар-жар!»-
-дегенде, антында тұра алмаған осалдығына, жасықтығына күйінсе,
«Өз үйінде патшадай қарындасым, жар-жар,
Шәһизаға басыңды балаушы едім, жар-жар,
Күміс тұрман, алтын ер, боз жорғамен, жар-жар,
Қырық ауылдан көшіңді жанаушы едім, жар-жар!»-
дегенде, жаз жайлауда Ақанмен кездескен жастық шағы, бақытты күндері мәңгі келмеске кетерін ойлағанда, серіні күтіп есікке алаңдаған бота көздерінен жас сорғалаған.
Жалмұқанның қимылын бағып, іштерінен тынған күйеу жігіттерден жасқанбай Сұлтанмұрат домбырасын өксіте тартып:
- Ал, Ақтоқты, Ақан ағаң келмесе де, саған арнаған әнін жіберді тойыңа, - деп сағыныш зармен, қимас мұңмен «Сырымбет» әнін салғанда, тойдағылар да күрсініп, тебіреніп кетті...
Енді мына ақ таңдақ дала да, сыңсыған орман, гулеген жел де сол әнді салғандай Ақтоқты құлағынан «Сырымбет» кетер емес. Бозамық тартқан аспанда қалың қара бұлт арасында шудаланып көшкен бір ақ бұлт ілесіп, қалмай келе жатыр еді. Ақтоқты соған қарап, көзінен жас парлады. Ақ бұлт ішінде Құлагерін желдіріп, алыстан ойқастап, «Сырымбетке» салып Ақан келе жатқандай. Ақ бұлт түнерген қара бұлтқа кіріп, бірде жоғалып, бірде қайта шығады. Ән бірде алыстап, бірде тап құлағының түбінен естіледі. Әсем қоңыр үнді Ақан даусы. Талай рет қасында отырып тыңдаған серісінің шерлі үні...
Қыламықтап алғашқы қар ұшқындады. Ақ бұлт алыстап барады. Әлден уақытта аспан асты жыбырлап, ақ көбелектер саулап құйыла берді. Жапалақтап қар жауып кетті. Ақ бұлт бар тілеуін Ақтоқтының алдына шашудай шашып, көзден ғайып болды. Ақан да, Құлагер де жоқ. Алдан жат тіршіліктің суық желі ғана еседі. Ақтоқты енді басын тұмшалап ап, күйменің бұрышына қисайған. Ақан әнін іштей айтып, көз жасын бұлап келеді.
Ат үстінде үнсіз жортқан күйеу жігіттердің де құлағында Ақан әні. Қанша ұмытайын дегенмен, естерінен шықпай қайта-қайта түсе беретін құдіреті күшті «Сырымбет» жүрген сайын әр көкейде жатталып келеді. Қалыңдық Ақтоқты болса, жасауы «Сырымбет». Есмұрза әулеті бір-бірінен ажырата алмай екі асылды аулына бірге әкеле келе жатыр. Ақтоқты күймеде, «Сырымбет» көңілде:
«Аулым қонған Сырымбет саласына
Ғашық болдым Ақсұңқар баласына...
Қарындас-ай, енді есен бол»,-
деп амалсыз ән ырқынан шыға алмай, іштей қосылып салған қалыңдық көші бір белден асып, Сүтемген аулына құлай берді.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
ҚАРАТАЛ ҚОЙНЫНДА
... Басты ғой қайғы-қасірет мен пақырды,
Дүниеден арманда боп сәулем кетіп»
Ақан сері
Күздің қара суығында кең қара жолға таласып, Қызылжардан таң сәріде шыға жарысқан өңкей сүліктей қос қара арғымақты төрт-бес пәуеске жолда бір қонып, мал өрістен қайтар мезгілде Сүлеймен аулының қырқасынан қоңыраулатып салтанатпен түсе берді. Қалың қарағайдың бауырына қаз-қатар салған ағаш үйлерден маңқ-маңқ үріп өре шапқан өңкей ұзын құйрық ұялас қызыл иттер алдыңғы күймені танып, қапталдай шауып, арсалаңдап келеді. Әр үйден жүгіре шыққан қыз-желең, бала-шаға есік алдында үйіріліп, кенеттен қайтқан жолаушыларды алыстан күтіп тұр. Ескі бөренелері сұрланып, шөге бастаған шатырлы жалпақ үйдің алдындағы тарбиған қалың бұтақты, қабығы аршылған аппақ мама ағашқа қос ат ұшыртып кеп күрт тоқтағанда, пәуеске ішінен қоңыр мауыты кең шапаны желбіреген ұзын бойлы біреу түсті. Жаңағы иттер жапырласып төсіне, арқасына асылып, еркелеп жатыр.
– Өй, қайтеді, мына мұңдар!- деп иттерді етегімен жасқаған еңгезердей сары кісі шапанын шешіп, шаңын қақты да, қайта киді. Иесіне жеңсігі басылған ұяластар енді жан-жағына шоқиып бірдеме дәметкендей жолаушының әр қимылын бағып, жұтынып отыр. Жолаушы төс қалтасынан алтын бауы салақтаған қақпалы сағатын алып, өзінен алыстата қарады.
– Пой-пой, жануарлар-ай, мына жүріспен жер шыдамайды екен-ау,- деп, қайтадан салды да, ұйыған аяғын баса алмай тәлтіректей түскен, жасыл барқыт шапанды әйеліне «үйге бара бер» дегендей ым қағып, соңынан лекіте жеткен басқа пәуескелерге қарсы жүрді. Кереге көз белдеулері жарқыраған шағын қол сандықты ала түсіп, үйге беттеген іркілдеген сабадай семіз әйелдің соңынан қызыл иттер шұбырып барады. Есік алдында шүпірлеген балалар да әйелдің шаужайынан тартқылап, аяқтары шалыса үйге таласа-тармаса кіріп кетті.
Бұл – осы өңірдегі атақты көпес, миллионер Сүлеймен. Бір жұмадай Қызылжарда болып, апарған бұйымдарын өткізіп, екі күндей базар аралап мол түсіммен оралған беті.Соңынан жеткен жолаушылар да осы төңіректің кіші-гірім саудагерлері.Оның ішінде базарға әйелі Жаңылды апарған Қорамса, ол-пұл дүние алуға қалаға шыққан Сүлейменнің інісі Нұртаза, кіші інісі Әнәпиялар. Қорамса бұл жолы құдасы Ыбырайды да ерте барған. Басында шашақты бөркі бар,
түріктерше киінген еңкіштеу, қаба сақалды Ыбырай басқалардан кейіндеп қалып, күймеден бірге түскен Жаңылға Сүлеймен аулын қолмен нұсқап сөйлеп тұр.
– Сіздің бірінші көруіңіз болса, бұл ауыл басқа ауылдардан бөлек. Көрдіңіз бе – үй салысы, көше тәртібі бәрі басқа. Қазір бүкіл Көкшетау өңірі, бұрынғы хан тұқымдарынан гөрі осы Сүлекеңнің тұрмысынан үйренеді. Үй жиһаздарына дейін еліктейді. Бұл кісінің қора-қопсысына дейін басқаға ұқсамайды. Оған ерем дегендердің таңы айырылады, сіздер ғана болмасаңыздар,-деп Ыбырай Жаңыл құдағиына күле қарады.
– Ой, бізге сондай тұрмысқа жету қайда,-деп, әлі пәлендей ештеме көре қоймаса да, Сұлейменнің байлығын сырттай еститін Жаңыл, жан-жағына тамсана қарап тұр. –Тәубә, тәубә, мұндай тұрмысқа жетерміз, балалар аман болсын!
Жаңыл ішке кіргенде үй жасауына тіпті қайран қалды. Бір-бірін қуалай салған едені, төбесі, әйнек кәсектеріне дейін түрлі бояумен сырланған бөлмелердің іші дүниеге тұнып тұр. Қабырғалардан көз сүрінеді. Түрлі-түрлі қалы, масаты кілемдер шашағымен жер сызып, құлпырып, аспалы шам жарығында неше құбылады.Үлбіреген ақ торғын шымылдықтардың толқындаған желбіректері суда жүзген аққу төсіндей. Әр пердесіне сақиналандыра ұстаған алтын білезіктер шымылдық қасына жүргізген сары оқалармен жарасып, жалт- жұлт етеді.Үй ішіндегі ағаш бұйымдар да өзгеше. Өңкей сирақтары бұрама, қызыл столдар қала тәртібімен жиналған. Қормсамен неше барып жүріп, атақты қазақ, татар көпестерінің үйін сыртынан ғана тамашалап, ішіне әлі кіріп көрмеген Жаңыл Сүлейменнің мына үйін солардың үлгісімен безендірілген-ау деп шамалады.
Бөлме іші құлақ күйдіргендей қыз-қыз қайнайды. Күз түсер-түспесте кент тәртібімен салған пештерге ақ қайыңды қалап, қашан жаз шыққанша үзбей жағатын үй іші сырттағы қара суықта желден тоңып келген адамға ұядай. Қонақтар кіре бергенде қазандық жақ бөлмеден ыстық тамақтың мұрын жарған иісі шыққан. Жолаушылар жылы сумен беті-қолдарын жуып, төрге төселген бөстектерге отырар-отырмаста-ақ алдарына шай келді. Ауыз жақтан ызыңдап ән салып жеткен үлкен сары самауырмен бірге жалғанның жартысындай кең столға екі-үш қара таба келді.Ұзын лөкет пышақты алып, Сүлейменнің өзі аузын бүрген тегенедей-тегенедей бәліштің қақпағын ашқанда құс етінен жасалған таңдай суырар дәмді тағамның буы бұрқ ете қалды.
– Ал, қой сойылып, піскенше не заман, әзірше бой жылыта тұрайық,- деп қонақтардың алдына сары қасықтарды тастап, кәрлен шыныаяқтарға құйылған қою шайды Сүлеймен өзі жылжыта берді.
Қақ-соқта жұмысы болмайтын, топқа түскенде сирек сөйлейтін сөзге сараң Қорамса, жұрт дуылдасып отырғанда, шәйді ұзақ ішіп, тершіп, арқасына жамылған шапанын қымтай түсіп, көптен көкейінде жүрген ойын ойлаумен болды.
Иегінде бір уыс қою сары шоқша сақалы бар, көзі көкшіл, еңгезердей, жауырынды Сүлеймен қазақша, татарша мақал-мәтелді араластыра есіп отыр. Қорамса мен Жаңылдан басқа осы үй ішіндегілер өңкей аталас туыстар. Сүлеймен, Нұртаза, Әнапия - үш ағайынды - Кемел балалары. Ыбырай болса, Ақан қызын алған Шомат қожаның баласы. Бәтимаға Ақан ұрын барғанда ауылдан жырақ киіз үй тігіп, қарсы алатын осы Ыбырай. Білімдар, оқымысты адам: панисламист, тюрколог. Біліміне тілі сай - шешеннің шешені. Бәтима қайтыс болған соң, есейгенше менде болсын, оқытамын деп, жиендері - Рахия мен Ыбанды өз қолына сұрап алған. Шомат қожаның әкесі Боқан мен Кемел әріден қосылатын туыс. Олардың арғы аталары Қазаннан көшіп келіпті дейтін де сөз бар. Десе дегендей, Нұртаза мен Ыбырай болмаса, қалған тұқымдары Сүлеймен тақылеттес өңкей ақ сары, көк көзді, қушық шекелі. Үй ұстау, жүріс- тұрыстары, сауда-саттыққа бейімділіктері де татар байларына ұқсайды. Ал, түп төркіні - қожа.
Шетінен мен атайын - сен тұр. Шомат қожа болыс болса, Боқан балалары Балапай, Қалақ та - ірі шонжарлар. Кемел баласы Нұртаза да болыс, нағыз қисық, қыңыр шонжар. Бұлардың ішіндегі ең жуасы - Әнапия.
Ақан Ақтоқтысынан айрылғалы бір жылдай сүзек ауруына шалдыққан науқас адамдай, кәріптікке түсіп үйден шықпай жатып алған. Биылдар ғана бас көтеріп, ел аралап, бұрынғы желігіне, бозбалалық қалпына қайта түскендей. Соңына он-он бес жігітін ертіп алып, күнде ауыл аралап, ән салып, сауық құратынды шығарды. Ақтоқтыдан аузы күйген Қорамса, баласын бірдемеге соқ болар ма екен деп, іштей күйзеліп, аяғына бұғау салуды ойлады. Соның есебін кейін тапқан сияқты. Қызылжарға саудамен барған сайын, жолда осы Сүлейменнің үйіне бір қонбай кетпейтін. Ескі құрдасының үйінен соңғы аттанар жолы екі беті татардың сары тоқашындай уылжыған жас қызын көріп жүрегі бүлк еткен. Егер Сүлейменмен жұрт жаңғыртып құда түссе, одан артық тілек бар ма. Мал қумай, ән-күй, сауық-сайран қуып желігіп жүрген Ақанның аяғы шідерленіп, шаруаға бетбұрар ма еді. Сүлейменмен тізе қосып біріксе, Қорамсаның да саудасы түзелген үстіне түзеліп, Қызылжарды билеп отырған Қарағайдай болар еді. Кеше тері, май заводы бар ірі көпес қозған Қарағай Сүлейменмен ғана саудаласып, Қорамсаны көзіне де ілмеген. Бай байға, бай құдайға жетем дегендей, бір кезде татар көпесі Ғабардың дүкеншісі болып, өзінің пысықтығымен алдына мал салып, басына үй тігіп, саудасының арқасында байып алған Қорамса, енді осы Сүлейменнің дәрежесіне бір жетіп алуды да іштей ойлайды. Соның сәті түскен сияқты.
Анада бір жолы жылқыдан өңшең ақ боз аттарды ұстап мініп серіктерін қасына ертіп ел ақтауға кетіп бара жатқан Ақанын үйге шақырып, Жаңыл екеуі ортаға алған.
- Ақанжан, мына шешең екеуміз саған бір шүйкебас тауып қойдық, жақында құда түспекпіз,- деген.
Ақан шошына қарап:
- Бір рет дегендеріңе көніп ем, енді қалың беріп қыз аларым жоқ, мені әлі де бала деп жүрмісіңдер,- деп шыға берген.
- Тұра тұр... Ақан, жасың болса жер ортасына келді. Ол қыз біреудің әлпештеген ортаң қолдай бүлдіршіні. Әлі бере ме ол, бермей ме,- деп Қорамса қыздың беделін көтере түскен.
- Ол кім еді соншама қалыңға қыз бермейтін. Қай қазақ ол - қызының көз жасын саумалдай санап жүрген?
- Естісең өзің де мазамызды алар ең. Сүлейменнің қызы, атақты Сүлейменнің.
- Қай Сүлеймен?
- Неше Сүлеймен бар еді. Кемелдің Сүлеймені де.
- Ә, Сүлейменнің көк көзі десейші,- деп, Ақан қарқылдап күліп, шығып кеткен.
- Апырай, Ақанжанның жер бетінде білмейтін қызы болсашы...
- Ата балаға сыншы, мен білсем Ақан онша кет әрі емес, құлағына құя бер, қайда барар дейсің. Баяғыда да ерін бауырына алып тулап-тулап ақыры көнген,- деп Қорамса Жаңылға ескерткен еді.
Осы жолы, не де болса Сүлейменмен құда түсу - ойлары. Ол үшін Ыбырайды да әдейі ертті. «Сүлейменнің Гүлшаһрасы - қарындасың Бәтиманың жақын сіңлісі. Ертең ана балаларға да қолайлы. Еш сөлекеттігі жоқ. Осыған көмектесе көр» деген сөз Ыбырайдың да көкейіне қонып, келіскен: «Өзінің қарындасын алған Ақан серідей ел ардагерінің туыстықтан жатсынып, жырақ кетпеуіне жақсы». Ыбырай келісімін берісімен, көп ұзамай Сүлеймендерді де алыстан орағытып құлақ қағыс қылған. Жұрт арасында улы тілімен Кемел балаларын да Ақан ажуалағалы Сүлеймен Қорамсамен де тоң терістеу жүретін. Осы жолы қайтадан жібіген сияқты. Бірақ Ақан жөнінен бір ауыз сөз айтпады. Өзін ештеме естімеген, білмеген адамдай ұстап, әшейін құда мың жылдықтың кебімен ғана жүрген сияқтанады. Дегенмен екі жақта әңгіме үстінде көздерімен арбасып, құдалық жайындағы сөздің басталуын үрейлене күткендей.
Қызылжар шәрінде біріне-бірі қонағасы беріп, Сүлейменнің әйелі Наушарбанмен тез тіл табысып кеткен Жаңыл, шай ішіліп болысымен ерлердің сұқбатына араласпай, тамақ пісіріліп жатқан қазандық бөлмеге кеткен. Болашақ келіні - Гүлшаһраны көргенше тықыршыған ол, құдағиымен қатар отырып алып, ұзақ әңгімеге көшкен.
Жаңыл - осы өңірдегі аты шулы әйелдердің бірі. Қорамса алыс-беріс, сый- құрметке сараңдау болса, бұл қонағасына қолы ашық, жақын-жұрағаттарын ерінің төңірегіне топтап ұстай білетін, табиғатында біреуге зекіп көрмеген, не айтса да көкейіне қондыра, зердесіне құя айтатын ақылды, көпшіл бәйбіше. Ойын-той, ырду-дырдуға жаны қас Қорамса шақырған жердің өзіне көбінесе сылтау тауып 134
бармай қалса, Жаңыл ондай жерден тартынбайды. Барған жерін өзінің ойлы сөздерімен, ұлағатты қалпымен баурап, еркін билеп алады. Ел арасындағы өсек сөзді қаламай, үнемі тәрбиелі сөзге бұрылып, сыпсықай, жыртақай әйелдерді қас - қабағымен үйіріп отыратын сабырлы, нұрлы жүзді Жаңылдың тұла бойынан шуақты күннің лебі ескендей. Бұрын үлкен тойларда ғана сырттай көріп, алыстан иек қағысып амандасатын тәкаппар, менмен Наушарбан да қоян-қолтық араласа келе Жаңылдың алдында өз бойын қораш санап, өз ойын олақ көріп, қалай төменшік тарта бергенін аңғарып, енді онысына іштей намыстанғандай бойын жиып ала қойды. Осы жолы құдалық ниетімен қара жолдан әдейі бұрылғанын ерінен естіген Наушарбан ұзақ сөзден соң салбыраған иінін көтеріп, тіке сыр тартпаққа көшті.
- Сіздің ана екі ұлыңыз әкесіне тартқан шаруақор, деген үй ұстайтын азамат боп келеді деп естиміз. Ақаныңыз кімге тартып жеңілтектеу болды екен, ана кішісін әлі ауызға алмаймын, жас қой,- деп сөз арасында жанына тие сөйледі.
- Иә, балаларымның көбі жиылып бір төбе болса, Ақанжан өзі бір төбе ғой,- деп Жаңыл қырын жауап беріп, ақырын миығынан күлді.- Қолдағы бес саусақ та бірдей емес, бір анадан ала да, құла да туа бермей ме. Шаруаға қыбы жоғы рас. Бірақ, бойына алла тағала ерен өнер құйған ерекше бала ғой. Айбергенім де ағасына тарта ма деген үміттемін.
- Құдағи, өзіңізбен жақын сырласып, аз күнде абысын-ажындай боп кеткен соң айтамын, көңіліңізге келмесін, Ақан ән шығарады екен, онысы жақсы делік, біреудің атастырылған қызына, елдің алды боп жүрген ақсақалдарына ауыз салатыны-ақ жараспайды. Мінезі сізге тартпаған-ау.
- Кім білсін, Қорамсаның әйелі болмай, Ақандай жігіт болсам, мен де сүйтер ме едім,- деп Жаңыл қасын кере езу тартты.- Біреудің атастырылған қызына қараса, өзіне лайық тең іздейтін шығар. Ал, елдің алды дегенде, бұл күнде елдің алды кім, арты кім оның нарқын алтыны көп шешпейді, ақылы көп шешсе керек. Алтыны көпті көрсек те, ақылы көпті көруге әлі қырағылығымыз жетпей жүрген жоқ па. Зерделі Ақанжан соны бағдарлайтын болар.
Наушарбан өз-өзінен сақылдап күлді:
- Құдағи-ай, әйтеуір, қанына тартпағанның қары сынсын деуші ме еді, әшейінде періштедей әділ, балаңызға келгенде сіз де тура жолдан таяды екенсіз. Тіпті құс қондыратын түріңіз жоқ. Әнші-күйші дегендеріңізге құдайтағала өнер бергенмен ақыл бере бермейді ғой. Әкесінің бар малын қиду-суди ғып, көрінгеннің астына, кез келгеннің үстіне дегендей, шашып -төгіп жүрген баланы әңгі дермін, бірақ есті дей алмадым.
«Соншама несіне таусылып отырсың, өзің ондай ұл таба алмаған соң аузыңа келгенін оттай береді екенсің» деп шаптыға түсетін ауыл арасындағы қатындардың тығырыққа тірелер тұсы келіп-ақ қалғандай. Бірақ, күйеуі сияқты есіп сөйлейтін алдың-дұлдың әйелмен сөз жарыстыруды Жаңыл бойына шақ көрмеді. Жуас отырып қана жуадай ащы мысқыл айтты.
– Әкесінің малын шашса одан ризық кемімес, бәрі бала үшін жинаған дүние емес пе. Есі кіре тоқтар, бірнеше баланың анасы болған біз де әлі еске жарып жүргеніміз шамалы. Адам баласы қартайған шағында кейінгіге қашанда міней, шеней қарайтын пендешілік әдеті емес пе. Әйтпесе, елдің ең ақылды қыздары Ақанжанға дегенде құты түсіп тұрады. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтайды» деуші ме еді. Сылқылдаған қыз күніміз болса, ондай жігітті біз де құтқармас ек-ау,- деп қалжың, күлкімен есік жақтан көрінген қызға қарады.
Бойы Наушарбаннан да қалыңқырақ аяқ-қолы балғадай, шашы сап-сары, көзі тұздай қызды «Гүлшаһра осы боларсың-ау» деп шамалады. Кеудесіндегі биік қос анарын еркін жіберген, дене бітімі жалпақ, қайқы төс, қайқы еріндеу қыз. Алшаңдай басып, ауыл үйдің келімді-кетімді кемпірлерін менсінбейтін менмен мінезіне салып, үстіндегі суық киімін жұла шешіп тастап, қазандық ернеуінен бірдеме іздеп жүр. Еңкейген сайын теңкиген – үлкен бос бөксесі бұлғақ қағады.
– Гүлім, мына апаңа сәлем бермейсің бе,- деді Наушарбан қызын еркелетіп.
Үлкен көк көзін жалт етіп бұрған Гүлшаһра, бір сәт тіке қарап:
– Есенбісіз,- дей салды.
– Амансың ба, қарағым,- деп Жаңыл да, бір көргенде-ақ болашақ келіннен денесі мұздап қоя берді.
– Бұл апаң біздің құдағиымыз, өздерің әнін айтатын Ақанның шешесі дегенде,- дегенде:
– Ә-ә,- деп қайта бұрылған Гүлшаһра жасанды биязылыққа басты.– Амансыз ба, апа, Ақын ағайдың анасысыз ба?
Гүлшаһра езу тартып, ірі аппақ тістерін көрсетіп күлгенмен, көгілдір мұздай көзі суық қалпында қалды. Суыққа тоңып көгерген беттей долырған жүзінде күлкі табы жоқ. Жаңылдың есіне Ақан айтатын «Қыз сипаты» деген өлеңінің бір аузы түсті:
«Алтыншы бір қыз келер толық сары,
Бойына тең келмейді жанның бәрі.
Лайықты өзіне тең таппаған соң,
Кетпейді көкіректен қайғы-зары...»
– Қой, ана жаққа барайын, шалым іздеп жатқан шығар,- деп Жаңыл жіп- жіңішке оқа жүргізген кимешегінің жағын түзеп, төр жаққа беттеді.
Ол кетісімен Гүлшаһра семіз құнажындай ырғалып келіп, шешесін бас салды:
– Апа, ана кісі шынымен Ақанның шешесі ме?
– Иә, қимай тұрмысың.
- Неге? Өңі Ақаннан аумайды екен, жасында қандай сұлу болды екен.
- Ақанды көріп пе едің?
- Көрмегенде ше. Ана жылы Ақтоқтымен әуей болмай тұрып, бір тойда көргемін. Қасына да отырғанмын,- деп Гүлшаһра шұбырта жөнелді.- Қыздар қырылысып, өліп қала жаздаған. Ақан қарасын ба. Ешқайсысын да менсінбей, жиналған қыздарды сипаттап өлең айтқан. Мен қасына ұзақ отырғанмын.
- Өзі жұрт мақтағандай жақсы жігіт пе, әлде жұрт әншейін әншілігін ғана мақтай ма?
- Түһ, апа, сен әлі көрген жоқсың ба?
- Бәтиманы алған кезінде көргенім бар. Күйеу бала болған соң онша көз тоқтатқан жоқпын.
- Ондай жігіт бұл өлкеде жоқ қой, апа. Түр, сымбат, ән айтқандағы даусы, сөйлеген сөзі ешкімге ұқсамайды. Ақтоқтының бағы ашылатын еді ғой.
- Eh, ол Сүтемгеннің баласынан не қорлық көріпті?!
- Қорлық көрмегенмен Ақанның орны бөлек қой.
- Солай еді де. Ендеше мына Қорамса мен Жаңылдың неге келгенін білдің бе?
Гүлшаһра әлдебір алыстағы үміт шырағы жылт етіп жанғандай көзі жыпылық атты:
- Қайдан білейін?
- Құдалыққа түсе келіпті,- деді Наушарбан төтесінен.
- Кімге, қай баласына,-деп үрейленгендей көкшіл көзін кең ашып, шешесіне сенімсіз қараған Гүлшаһраның беті оттай күйіп, қызарып кетті.
- Кімге болушы еді, Ақан серіге... Немене үлкенсініп тұрсың ба?
Көзі жасаурап, көмейіне бірдеме тірелгендей жұтына алмай тығылып қалған Гүлшаһра шешесіне көзінің жасын көрсетпей, құшақтап алды:
- Ол не дегенің, апа, Ақанды кім үлкенсінуші еді. Бірақ рас па, рас па осы айтқаның,-деп қуаныштан ықылық атты.
- Расы рас-ау. Бірақ ана әкең келіссе жарайды әлі.
Жаңа тапқан асыл тасты жүзікті саусағына кие бергенде біреу тартып алғандай, Гүлшаһра түсі бұзылып, басын көтеріп алды.
- Келіспегенде мені сиырдай ғып үйде ұстап отырайын деп пе еді,- даусы ашулы шықты.
- Түменнің бір байына берем деп жүрген.
- Егер Ақанға бермей көрсін осыдан, тура асылып өлейін,- дегенде иегі дірілдеп кетті.
Көн етіктіге бермей, көк етікті кездеспей үйде көп отырып қалған қызына Наушарбан аянышпен қарады:
- Ойнап айтам, қызым. Егер қаласаң Ақанға бергіземін, әкең бүгін көнбесе, ертең көнгіземін. Бүгін, енді асатпай жатып құлдық деп, айтар-айтпаста қолқ ете қалмайды ғой, әрине. Оп-оңай келісіп, бағаңды түсірмес.
- Баға-саға деген не ол. Ойпырмай, осы мал базарлағандай шіреніп, сондай қулықтың не керегі бар,- дегенде, Гүлшаһраның жүзі бір қуарып, бір қызарды.
Бұл кезде үлкен үйде құдалық жайы айтылып жатқан. Ыбырай ұзақ сөйлеп, кестелі сөзбен орағытып отырып Қорамсаның құда түсу ниетін айтқанда Сүлеймен басын салбыратып, қызын жат жұртқа қимайтын әке қалпымен дөң мұрнын сипалап ойланып қалды.
Қоңқақ біткен дөң мұрны болмаса, түсі Сүлейменнен гөрі Ыбырайға көбірек ұқсайтын көмірдей қара қаба сақалды, көзінің қарасынан ағы көп алакөз, жауырыны күдірейген, кеудесі шалқақ Нұртаза тісін шұқып отырып, жиренішпен мырс етті.
- Ақан серің басында тәуір жігіт еді. Есейе келе сері болмай пері боп барады ғой. Ана жылғы өзі соққан Біршегіндей елді алатайдай бүлдіріп болды. Бір қарындасымызды өлтіріп еді, енді екіншісіне ауыз салды ма.
- Қой, олай деме, Бәтима ажалынан өлді, ажалға кім араша тұрушы еді?- деп Ыбырай Нұртаза сөзін ұнатпай қалды.
- Әй, қайдам, ортамызда жайқалған гүлімізді тамырымен жұлып алып, ертең, көрінгенге көз салатын көрсеқызар әумесер, обалына қалмаса!
Қорамса ішінен тынып, бүкжиіп, үнсіз отыр.
- Нұртаза қарағым,- деді Жаңыл, Ақан серіге тигізген дөрекі сөзіне шыдай алмай,- еркек отырып әйел сөйлегеннен без деуші еді, дегенмен реті келгенде, баласы жайында қолайсыз сөз айтылса анасының да сөзден сыбағасы бар шығар, құлынына ара түсер бие құрлы, балапанына арашашы тауық құрлы жоқпыз ба. Сені ел басқарған, көш бастаған ерім бар деп жүр елің. Аталы сөз айтып, ағаның билігін айтатын жасқа келдің. Өз еліңнің асыл азаматын кемітіп, асылыңды шеттен іздейсің. «Болар елдің баласы бірін-бірі батырым, болмас елдің баласы бірін-бірі қатыным» дейдінің кері осы емес пе. Қарындасыңды қимасаң, үйге кірген жыланға да ақ құйып шығармаушы ма еді, жылы сөзбен аттандырсаң біреу бермесіңді тартып әкетуге келген жоқ қой. Ақан есер болса, жаман қап тесерлер де бар шығар - соны сарапқа салып қайтеміз.
Қорамса безерген қалпы, әлі үнсіз түнеріп отыр. Әйелінің сөзін құптағанын да, жаратпағанын да білдірмейді. Сөз есесін жіберуді өзіне ар көретін, оның
үстіне әйел затынан тұңғыш рет мынадай еселі сөз естіген Нұртаза тісін
тереңірек шұқи түсіп:
- Бәсе, бәсе, Ақан сері кімге тартқан десем, жатқан жатырын жаңа көрдім ғой, аттылыға жол, жаяулыға сөз бермейтін ауыздықсыз алып-қашпа қайдан жаратылды десем, жаңа ұқтым ғой,- деп ызалы күлді.
Жаңыл тағы да есесін жібермеді.
- Жаман құлын айғырында енесімен ойнайды, менің жатырыма жеткен көзің көз-ақ екен, шырағым!
Сөз аяғы қоюланып бара жатқан соң, Ыбырай киіп кетті:
- Ойпыр-ой, құда мен құдағи қалай шарпысады, көптен кездесе алмай жүр екен ғой. Кезеңге шыққан қос жүйріктей сілтіседі ғой, батыр-ау,- деп жуып- шайған болды.
Ешкім бұған сөз қосқан жоқ. Ac үстінде де екі жақ үнсіз арбасты.
Сүлеймен де басын көтермей отырып:
- Қореке, асығатын не бар, жата-жастана ойланып-толғанып көрерміз. Қыз ұзату оңай мәселе емес,- дегеннен басқа Сүлеймен ештеме демеді.
- Жата-жастана дегенге Ақан көнсе жарайды. Тым ұзатып жіберуге жүрегім дауаламайды,- деп, тұспалды сөзден көрі тура сөзді ұнататын Қорамса да қайтып қолқаламады...