Меню Закрыть

Слова назидания — Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы

Название:Слова назидания
Автор:Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы
Жанр:
Издательство:
Год:
ISBN:
Язык книги:Русский, Казахский
VK
Facebook
Telegram
WhatsApp
OK
Twitter

Перейти на страницу:

Страница - 3


21. Жиырма Бірінші Сөз

Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы — қиын іс. Сол мақтан деген нәрсенің мен екі түрлісін байқадым: біреуінің атын үлкендік деп атаймын, біреуін мақтаншақтық деймін.

Үлкендік — адам ішінен өзін өзі бағалы есеп қылмақ. Яғни надан атанбастығын, жеңіл атанбастығын, мақтаншақ атанбастығын, әдепсіз, арсыз, байлаусыз, пайдасыз, сұрамшақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді — осындай жарамсыз қылықтардан сақтанып, сол мінездерді бойына қорлық біліп, өзін ондайлардан зор есептемек. Бұл мінез — ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі. Олар өзімді жақсы демесе, мейлі білсін, жаман дегізбесем екен деп азаптанады.

Екінші, мақтаншақ деген біреуі: "демесін" демейді, "десін" дейді. Бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін, әрнешік не түрлі болса да, "десін" деп азаптанып жүріп, "демесінді" ұмытып кетеді. Ұмытпақ түгіл, әуелі іс екен деп ескермейді. Мұндай мақтаншақтардың өзі үш түрлі болады.

Біреуі жатқа мақтанарлық мақтанды іздейді. Ол — надан, ләкин надан да болса адам.

Екіншісі, өз елінің ішінде мақтанарлық мақтанды іздейді. Оның надандығы толық, адамдығы әбден толық емес. Үшіншісі, өз үйіне келіп айтпаса, яки аулына ғана келіп айтпаса, өзге кісі қостамайтын мақтанды іздейді. Ол — наданның наданы ләкин өзі адам емес.

Жатқа мақталсам екен деген елім мақтаса екен дейді. Еліме мақталсам екен деген ағайыным мақтаса екен дейді. Ағайынның ішінде өзі мақтау іздеген өзімді өзім мақтап жетем дейді.

22. Жиырма Екінші Сөз

Дэл осы күнде қазақтың ішінде кімді жақсы көріп, кімді қадірлейін деп ойладым.

Байды қадірлеймін десең бай жоқ. Бай болса өз басының, өз малының еркі өзінде жоқ. Кей бай өзі біреумен күш таластырамын деп, жүз кісіге қорғалауықтығынан жалынып, малын үлестіріп жүр. Ойлайды: жалынтып бердім деп. Ақымақтығынан. Жоқ, өзі жалынып беріп жүр. Қайыр да емес, мырзалық та емес, өз елімен өз жерімен ойрандасып, ойсыздарға қойнын ашып, малын шашып жүр. Кей байлар, елдегі құттылар, сүттілер берекелесе алмаган соң, кеселді қулар көбейіп кетіп, көп қорқытып, іздеген нәрсесі жоқ, еріксіз кім болса соған жеміт болып жүр.

Мырзаларды қадірлейін десең, осы күнде анық мырза елде жоқ, мал бергіш мырза иттен көп. Біреу бір пайдама келтірем деп мырза болып жүр. Кейбіреуі к...не құрым киізді тұзға малшып тыққан соң есі шығып, мырза болып, еріксіз кім болса соған талтайып емізіп жүр.

Болыс пен биді құрметтейін десең Құдайдың өзі берген болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пенен биліктің ешбір қасиеті жоқ.

Мықтыны сыйлайын десең, жаманшылыққа елдің бәрі мықты, жақсылыққа мықты кісі елде жоқ.

Есті кісіні тауып құрметтейін десең, әділет, ұят, нысапқа есті кісі елде жоқ. Қулық, сұмдық, арамдық, амалға елдің бәрі де есті.

Ғаріп-қасар бишараны құрметтейін десең, жатқан түйеге міне алмаса да, ол момындыққа есеп емес. Егер мінерлік жайы болса, бірдемені ептеп ілерлік те жайы бар.

Енді қалды қу мен сұм, олар өзі де қуартпай, суалтпай тыныштық көрер емес.

Жә, кімді сүйдік, кімнің тілеуін тіледік? Өзі құрттанып шашылған болыс-билер тұра тұрсын. Әлбәттә, амал жоқ, момындығынан "Ырыс баққан, дау бақпас" деген мақалмен боламын деп бергенімен жаға алмай, жарымын беріп, жарымын тыныштықпен баға алмай, ұры, залым, қуларға жеміт болып жүрген шын момын байларды аямасаң, һәм соның тілеуін тілемесең болмайды. Сонан басқаны таба алмадым.

23. Жиырма Үшінші Сөз

Біздің қазақты оңдырмай жүрген бір қуаныш, бір жұбаныш бар.

Оның қуанышы: елде бір жаманды тауып, я бір адамның бұл өзі қылмаған жаманшылығы шықса қуанады. Айтады: Құдай пәленшеден сақтасын, о да адаммын деп жүр гой, оның қасында біз сәулелі кісінің бірі емеспіз бе, оған қарағанда мен таза кісі емеспін бе?— деп. Оған Құдай Тағала айтып па пәленшеден тәуір болсаң болады деп? Я білгендер айтып па, әйтеуір өзіңнен наданшылығы асқап, я жаманшылығы артылған кісі табылса, сен жаманға қосылмайсың деп? Жаманға салысып жақсы бола ма? Жақсыға салысып жақсы болад-тагы. Жүз ат бәйгеге қосылса, мен бәйге алдым деген сөз болса жарар, алдында неше ат бар деп сұрар, артында қалган ат нешеу деп сұраганның несі сөз? Мен бес аттан, он аттан ілгері едім дегеннің несі қуаныш?

Енді жұбанышы: жалғыз біз бе, елдің бәрі де сүйтіп-ақ жүр гой, көппен көрген ұлы той, көппен бірге болсак, болады-дағы деген сөзді жұбаныш қылады. Оған Құдай Тағала айтып па, көптен қалмасаң болады деп, көпке қаһарым жүрмейді деп пе? Көпке тұзағым жетпейді деп пе? Ғалым көпке келіп пе? Біреуден тарап па? Хикмет17 көптен тарай ма? Бірден тарай ма? Көпке қорлық жүрмей ме? Бір үйдің іші түгел ауырса, жеңіл тие ме? Жоқ жарымы ауырып, жарымы сау болса, жеңіл тие ме? Жер білмеген көп адам адасып жүрсе, бір жер білетұғын кісінің керегі жоқ па екен? Көп кісі жолаушының бәрінің аты арығаны жақсы ма? Жоқ, жарымы арыса, жарымысының күйлісі жақсы ма? Жұт келсе, елдің бәрінің түгел жұтағаны жақсы ма? Жарым-жартысы аман қалганы жақсы ма? Осы көп ақымақтың бір ақымаққа несі жұбаныш? Тұқымымызбен аузымыз сасық болушы еді деген жаман күйеу қалыңдығын жеңіп пе? Көңілін сол сөзі разы қылуға жетіп пе? Ендеше, көбіңнен қалма, сен де аузыңды сасыта бер деп пе?!

24. Жиырма Төртінші Сөз

Осы күңде жер жүзінде екі мың миллионнан көп артық адам бар, екі миллион18 қазақ бар.

Біздің қазақтың достығы, дүшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, енер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды.

Бірімізді-біріміз аңдып, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз.

Үш миллионнан халқы артық дүниеде бір қала да бар, дүниенің бас-аяғын үш айналып көрген кісі толып жатыр.

Өстіп, жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді-біріміз аңдып өтеміз бе? Жоқ, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қалып, өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістерлік күн болар ма екен?

Эй, не болсын! Жүз қараға екі жүз кісі сұғын қадап жүр ғой, бірін-бірі құртпай, құрымай тыныш таба ма?

  1. Бұл жерде Абай шамамен айтып отыр. Абай тұсында, 1897 жылы жүргізілген халық санағы бойынша, Ресей империясы шегінде тұратын қазақтардың жалпы саны 4 миллион 84 мың болған (Я. Е. Володарский. Население России за 400 лет. ХҮІ-ХХ начало вв. М. 1973, с. 111).

25. Жиырма Бесінші Сөз

Балаларды оқытқан да жақсы, бірақ құлшылық қыларлық қана, түркі танырлық қана таза оқытса болады. Аның үшін бұл жер Дар әл-Харб19, мұнда әуел мал табу керек, онан соң ғараб, парсы керек. Қарны аш кісінің көңіліне ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын? Ашап-ішуге малдың тапшылығы да, ағайынның араздығына уа әр түрлі бәлеге, ұрлық, зорлық, қулық, сұмдық секілді нәрселерге үйірлендіруге себеп болатұғын нәрсе. Мал тапса, қарын тояды. Онан соң білім түгіл өнер керек екен. Соны үйренейін, не балама үйретейін деп ойына жақсы түседі.

Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да — бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Аның үшін олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек-көзің ашылады. Әрбіреудің тілін өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағуасына20 кіреді, аса арсыздана жалынбайды. Дінге де жақсы — білгендік.

Жорғалықпенен көңілін алсам екен деген надан әке-шешесін, ағайын- жұртын, дінін адамшылығын жаурыннан бір қаққанға сатады. Тек майырдың күлгені керек деп, к... ашылса да қам жемейді. Орыстың ғылыми, өнері — дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі. Ләкин осы күнде орыс ғылымын баласына үйреткен жандар соның қаруымен тағы қазақты аңдысам екен дейді. Жоқ, олай ниет керек емес. Малды қалай адал еңбек қылғанда табады екен, соны үйретейін, мені көріп және үйренушілер кебейсе, ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз қорлығына көнбес едік. Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, жұрт қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек. Қазірде орыстан оқыған балалардан артық жақсы кісі шыға алмай да тұр. Себебі: ата-анасы, ағайын-туғаны бір жағынан бұзып жатыр. Сөйтсе де осы оқыған балалар — ана оқымаған қазақ балаларынан үздік, озық. Не қылса да сөзді ұқтырса болады оларға. Жақсы атаның балалары да көп оқыған жоқ, қайта кедейдің баласын орысқа қорлап берді. Олар осыдан артық қайда барсын?

Және де кейбір қазақтар ағайынымен араздасканда: "Сенің осы зорлығыңа көнгенше, баламды солдатқа беріп, басыма шаш, аузыма мұрт қойып кетпесем бе!" деуші еді. Осындай жаман сөзді, Құдайдан қорықпай, пендеден ұялмай айтқан қазақтардың баласы оқығанменен не бола қойсын? Сонда да өзге қазақ балаларынан артық үйренгені немене, қай кеп үйреніпті? Кірді, шықты, ілді, қайтты, түбегейлеп қуған бала да жоқ. Әкесі ел ақшасыменен оқығанға әрең оқытады, өз малын не қылып шығарсын?

Турасын ойлағанда, балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, орыстың ғылымын үйрет! Мына мен айтқан жол — мал аяр жол емес.

Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең — оқыт, мал аяма!

Әйтпесе, бір ит қазақ болып қалган соң, саған рақат керсетер ме, өзі рақат көрер ме, яки жұртқа рақат керсетер ме?

26. Жиырма Алтыншы Сөз

Біздің қазақтың қосқан аты алдында келсе, күреске түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанады. Білмеймін, содан артық қуанышы бар ма екен? Әй, жоқ та шыгар!

Осы қуаныш бәрі де қазақ қарындастың ортасында, бір хайуанның өнерінің артылғанына, я бір бөтен адамның жыққанына мақтанарлық не орны бар? Ол озған, алған, жыққан өзі емес, яки баласы емес. Мұның бәрі — қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ, биттей нәрсені бір үлкен іс қылған кісідей қуанған болып, ана өзгелерді ызыландырсам екен демек.

Біреуді ызаландырмақ — шариғатта харам, шаруаға залал, ақылга теріс. Әншейін біреуді ыза қылмақтың несін дәулет біліп, қуанады екен? Жә, болмаса, ана ыза болушы соншалық неге жер болып қалады екен?

Жүйрік ат — кейде ол елде, кейде бұл елде болатұғын нәрсе, қыран құс та, жүйрік ит те — кейде оның қолына, кейде мұның қолына түсетұғын нәрсе. Күшті жігіт те үнемі бір елден шыға ма. Кейде ана елден, кейде мына елден шығады. Мұның бәрін адам өз өнерімен жасаған жоқ. Бір озған, бір жыққан үнемі озып, үнемі жығып жүрмейді. Соның бәрін біле тұрып, жерге кіргендей я бір арамдығы шыққандай, жамандығы білінгендей болып несіне ұялып, қорланады екен?

Енді осылардан ойлап білсеңіз болады: надан ел қуанбас нәрсеге қуанады. һәм қуанғанда не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзі білмейді, есі шығып, бір түрлі мастыққа кез болып кетеді. Һәм ұялғандары ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды.

Мұның бәрі — надандық, ақымақтықтың әсері. Бұларын айтсаң кейбіреуі "рас, рас" деп ұйыған болады. Оған нанба, ертең ол да әлгілердің бірі болып кетеді. Көңілі, көзі жетіп тұрса да, хайуан секілді әуелгі әдетінен бойын тоқтата алмайды, бір тиянақсыздыққа түсіп кетеді, ешкім тоқтатып, ұқтырып болмайды. Не жаманшылық болса да бір әдет етсе, қазақ ол әдетінен еріксіз қорыққанда я өлгенде тоқтайды, болмаса ақылына жеңгізіп мұным теріс екен деп өздігінен тоқтаған адамды көрмессің.

27. Жиырма Жетінші Сөз

(Сократ Хакимнің сөзі)

Бір күні Сократ Хаким бір Аристодем деген ғалым шәкіртіне Құдай Табарака уатағалағақұлшылық қылмақ турасына айтқан сөзі. Ол өзі құлшылық қылгандарға күлуші еді.

— Эй, Аристодем, ешбір адам бар ма, сенің білуіңше, қылған өнерлері себепті адам таңырқауға лайықты? — деді.

Ол айтты:

— Толып жатыр, қазірет.

— Бірінің атын аташы, — дейді.

Гомерге бәйітшіліктігі21 себепті, Софоклге трагедиясы себепті, яғни біреудің сипатына түспектік, Зевксиске суретшілігі себепті таңырқаймын — деп, соған ұқсас неше онан басқа өнерлері әшкере болған жандарды айтты.

— Олай болса, кім артықша ғажайыблануға лайықты, жансыз, ақылсыз, құр пішінді жасайтұғын суретші ме, я жан иесі, ақыл иесі адамды жаратушы ма?— дейді.

— Соңгысы лайықты, — дейді, — бірақ ол Жаратушы жаратты, өздігінен кез келіп, солай болып кетпей, басынан біліп істеген хикметімен болса — дейді.

— Жә, пайдалы нәрсе дүниеде көп, бірінің пайдасы көрініп, білініп тұрады. Кейбірінің пайдасы анық білінбейді. Соның қайсысын хикмет көресің? — дейді.

— Әрине, әшкере пайдаға бола жаратылғанын хикмет десек керек деймін, — дейді.

Жә, олай болса, адамды Жаратушы хауаси хамса заһри22 бергенде, тахқиқ ойлап, олардың пайдасының барлығы түгел оған мұқтаж боларлығын біліп бергендігі әшкере тұр ғой. Әуелі көзді көрсін деп беріпті, егер көз жоқ болса, дүниедегі көрікті нәрселердің көркінен қайтіп ләззәт алар едік? Ол көз өзі нәзік болған себепті, керегіне қарай ашып, жауып тұрсын үшін қабақ беріпті. Желден, ұшқыннан қаға берсін болсын үшін кірпік беріпті. Құлақ болмаса, не қаңғыр, не дүңгір, жақсы үн, күй, ән, — ешбірінен ләззәт ала алмас едік. Мұрын иіс білмесе, дүниеде болған жақсы иіске ғашық болмақ, жаман иістен қашық болмақтық қолымыздан келмес еді. Таңдай, тіл дәм білмесе, дүниеде не тәтті, не қатты, не дәмдінің қайсысынан ләззәт алар едік?

Бұлардың бәрі біздің пайдамыз емес пе?

Көзді, мұрынды мұндай ауызға жақын жаратыпты, ішіп-жеген асымыздың тазалығын көріп, исін біліп ішіп-жесін деп. Бізге керегі бар болса да, жеркенерлік жер бар тесіктерді бұл бастағы ғазиз білімді жерімізден алыс

  1. Ақындығы
  2. Сыртқы бес сипат, бес сезім мүшесі

апарып тесіпті, мұның бәрі хикметпен біліп істелгендігіне дәлел емес пе? — депті.

Сонда Аристодем тахқиқ ойлап тексергенде адамды Жаратушы артық хикмет иесі екендігіне һәм махаббаты бірлән жаратқандығына шүбәсі қалмады.

— Олай болғанда және не ойлайсың, һәмма мақұлықтарды жас балаларына елжіретіп, үйірілтіп тұруын көргенде, уа һәмма мақұлықаттың өлімін жек көріп, тіршілікте көп қалмақтығын тілеп, ижтиһат қылуын көргенде өсіп-өнуінің қамында болудан басқа істі аз ойламақтары — бұларының бәрі жұрт болсын, өссін, өнсін үшін.

Солардың жаратқанда көңілдерін солайша ынтықтандырып қойғандығы һәм мұның бәрі жақсы көргендігінен екенін білдірмей ме? — дейді. Және:

— Ей, Аристодем! Қалайша сен бір өзіңнен, яғни адамнан басқада ақыл жоқ деп ойлайсың? — деді.

— Адамның денесі, өзің жүрген жердің бір битімдей құмына ұқсас емес пе? Денеңде болған дымдар жердегі сулардың бір тамшысы емес пе? Жә, сен бұл ақылға қайдан ие болдың? Әрине, қайдан келсе де, жан деген нәрсе келді де, сонан соң ие болдың.

Бұл ғаламды көрдің, өлшеуіне ақылың жетпейді, келісті көрімдігіне һәм қаңдай лайықты жарастықты законімен жаратылып, оның ешбірінің бұзылмайтұғынын көресің. Бұлардың бәріне таңғажайып қаласың һәм ақылың жетпейді, осының бәрі де кез келгендікпенен бір нәрседен жаралған ба, яки бұлардың иесі бір елшеусіз ұлы ақыл ма? Егер ақылменен болмаса, бұлайша бұл хисабына, өлшеуіне ой жетпейтұғын дүние әрбір түрлі керекке бола жаратылып һәм бірі-біріне себеппен байланыстырылып, пәнденің ақылына өлшеу бермейтұғын мықты көркем законға қаратылып жаратылды,— дейді.

Ол айтты:

— Тахқиқ бұл айтқаныңның бәрі рас, Жаратушы артық ақыл иесі екендігі мағлұм болды. Ол Құдайдың ұлықтығына іңкәрім жоқ. Бірақ соңдай ұлық Құдай менің құлшылығыма не қылып мұқтаж болады?— деді.

— Ей, Аристодем! Қате айтасың. Мұқтаж болмағанда да, біреу сенің қамыңды жесе, сенің оған қарыздар екендігіне де ұстаз керек пе?— деді.

Аристодем айтты:

Ол менің қамымды жейтұғынын мен қайдан білем,— деді:

— Жә, олай болса, һәмма мақлұққа да қара, өзіне де қара, жанды бәрімізге де беріпті. Жанның жарығын бәрімізге де бірдей ұғарлық қылып беріп пе? Адам алдын, артын, һәм осы күнін — үшеуін де тегіс ойлап тексереді. Хайуан артын, осы күнін де бұлдыр біледі, алдыңгы жағын тексермекке тіпті жоқ. Хайуанға берген денеге қара, адамга берген денеге қара. Адам екі аяғына басып тік тұрып, дүниені тегіс көрмекке, тегіс тексермекке лайықты һәм өзге хайуандарды құлданарлық, пайдасын керерлік лайығы бар. Хайуанның бірі аяғына сеніп, бірі қанатына сеніп жүр, бір өзіндей хайуанды құлданарлық лайығы жок.

Адам өзі өзіне сенбесе, адамды да хайуан секілді қылып жаратса, еш нәрсеге жарамас еді. Хайуанға сұлтан болуға ғана лайығы бар. Хайуанға адамның ақылын берсе, мұнша шеберлік, мұнша даркарлік, бір-біріне ғылым үйретерлік шешендік салахият ол денеге лайықты келмейді. Қай егіз шаһар жасап, құрал, неше түрлі сайман жасап, сыпайылық шеберліктің үдесінен шығарлық қисыны бар? Бірақ адам баласы болмаса, бұл ғажайып ақылды және ғажайыппен һәм жасаған денеге кіргізіп, мұнша салахият иесі қылғаны хикметпенен өзге хайуанга сұлтан қылғандығына дәлел емес пе? Ол дәлел болса, адам баласын артық көріп, қамын әуелден Алланың өзі ойлап жасағынына да дәлел емес пе? Енді адам баласының құлшылық қылмаққа қарыздар екені мағлұм болмай ма? — депті.

28. Жиырма Сегізінші Сөз

Ей, мұсылмандар! Біреу бай болса, біреу кедей болса, біреу ауру, біреу сау болса, біреу есті, біреу есер болса; біреудің көңілі жақсылыққа мейілді, біреудің көңілі жаманшылыққа мейілді — бұлар неліктен,— десе біреу, сіздер айтасыздар: Құдай Тағаланың жаратуынан, бұйрығынша болған іс деп.

Жә, олай болса, біз Құдай Тағаланы ғайыбы жоқ, міні жоқ, өзі әділ деп иман келтіріп едік. Енді Құдай Тағала бір антұрғанға, еңбексізге мал береді екен. Бір Құдайдан тілеп, еңбек қылып, пайда іздеген кісінің еңбегін жандырмай, қатын-баласын жөндеп асырарлық та қылмай кедей қылады екен. Ешкімге залалсыз бір момынды ауру қылып, қор қылады екен. Қайда бір ұры, залымның денін сау қылады екен. Әке-шешесі бір, екі баланың бірін есті, бірін есер қылады екен.

Тамам жұртқа бұзық болма, түзік бол деп жарлық шашып, жол салады екен. Түзікті бейіске шығарамын, бұзықты тозаққа саламын деп айта тұра, пендесінің біреуін жақсылыққа мейілдендіріп, біреуін жаманшылыққа мейілдендіріп, өзі құдайлық қүдіретімен біреуін жақсылыққа бұрып, біреуін жамандыққа бұрып жіберіп тұрады екен. Осының бәрі Құдай Тағаланың ғайыпсыз, мінсіз ғафур23 рахимдығына, әділдігіне лайық келе ме? Жұрт та, мүлік те — өзінікі. Бүл қылганын не дей аламыз? Өз мүлкін өзі не қылса қыла береді.

Оны ғайыпты болды дей алмаймыз десең, ол сөзің Құдай Тағаланың ғайыбы, міні жоқ емес, толып жатыр, бірақ айтуға бата алмаймыз дегенің емес пе? Олай болғанда, пенде өз тырысқандыгыменен не табады? Бәрін қылдырушы өзі екен. Пенде пендеге өкпелейтұғын еш нәрсе жоқ. Кім жақсылық, кім жамандық қылсадағы Құдайдан келген жарлықты қылып жүр екен дейміз бе?

Әрбір ақылы бар кісіге иман парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз екен. Және де әрбір рас іс ақылдан қорықпаса керек. Жә, енді біз ақылды еркіне жібермесек, Құдай Тағаланың ақылы бар кісіге иман парыз дегені қайда қалады, "Мені таныған ақылменен таныр" дегені қайда қалады? Дініміздің бір жасырын тұрган жалғаны жоқ болса, ақылды, оны ойлама дегенімізге пенде бола ма? Ақыл тоқтамаған соң, діннің өзі неден болады? Әуелі иманды түзетпей жатып, қылған ғибадат не болады? Жоқ, сен жақсылық, жамандықты жаратқан — Құдай, ләкин қылдырған Құдай емес, ауруды жаратқан Құдай, ауыртқан Құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан Құдай, бай қылган, кедей қылган Құдай емес деп, нанып, ұқсаң болар, әйтпесе — жоқ.

  1. кешіруші

29. Жиырма Тоғызыншы Сөз

Қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар.

Әуелі "Жарлы болсаң, арлы болма" дейді. Ардан кеткен соң, тірі болып жүргені құрысын. Егер онысы жалға жүргеніңде жаныңды қинап еңбекпенен мал тап деген сөз болса, — ол ар кететұғын іс емес. Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек — ол арлы адамның ісі.

"Қалауын тапса қар жанады", "Сұрауын тапса адам баласының бермесі жоқ" деген ең барып тұрган Құдай ұрған сөз осы. Сұрауын табамын, қалауын табамын деп қорлықпенен өмір өткізгенше малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой.

"Атың шықпаса, жер өрте" дейді. Жер өртеп шығарған аттың несі мұрат? "Жүз күн атан болганша, бір күн бура бол" дейді. Тәңірге жазып мінбей-түспей, арып, шөмеңдеп диуаналықпен бір күн болған буралық неге жарайды.

"Алтын көрсе, періште жолдан таяды" дейді. Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны.

"Ата-анадан мал тәтті, алтын үйден жан тәтті" дейді. Ата-анасынан мал тәтті көрінетұғын антұрғанның тәтті дерлік не жаны бар? Ата-анасын малға сатпақ ең арсыздың қылығы емес пе? Ата-ана шамасы келсе, михнаттанып мал жиса да, дүниелік жиса да, артымда балаларыма қалсын дейді. Ол ата-анасын сатқан соң, Құдайга дұшпандық іс емес пе? Осындай білместікпенен айтылған сөздеріне бек сақ болу керек.

30. Отызыншы Сөз

Қырқын мінсе қыр артылмайтұғын осы бір "қырт мақтан" деген бір мақтан бар, сол неге керек, неге жарайды? Ол ар, есті білмейді, намысты білмейді, кең толғау, үлкен ой жоқ, не балуандығы жоқ, не батырлығы жоқ, не адамдығы жоқ, не ақылдығы, арлылығы жоқ.

Мойнын бұрып қойып: "Өй, Тәңірі-ай, қойшы әрі, кімнен кім артық дейсің, кімнің басы кімнің қанжығасында жүр, ол менің қазаныма ас салып беріп жүр ме, мен онан сауын сауып отырмын ба"— деп бұлғақтап, немесе: "аяғаным жаным ба? Өй, енесін ұрайын, өліп кетпей неге керек! Азар болса атылып, я осы үшін айдалып кетсем де көнгенім-ақ! Әйтеуір бір өлім бар ма" деп қалшылдайтұғын кісі көп қой.

Өздерің көріп жүрсіңдер, осы айтқан сөз бойына лайық қазақ көрдіңдер ме? Өлімге шыдайтұғын қазақ көргенім жоқ, елімге шыдамаймын деген де қазақ көргенім жоқ, кеңірдегін ғана көрсетеді-ау "қиылып қала қалайын" деп.

Егер осы сөз бойына лайық кісі көрінсе, ақылы жоқ болса да, қайратыменен-ақ кісі айдындыратұғын адам болғаны ғой! Егер шын айғайды көргенде, кірер жерін таба алмайтұғын дарақы жұртты осы сөзімен айдындырамын, "мына кәпірден кісі шошитұғын екен" дегізіп айдындырайын деп айтып отырған құр домбытпасы болып, босқа коқиып отырса, соны не дейміз?

Ай, Құдай-ай! Жанға мырза қылатұғын, ердің жадағайда-ақ сертке тұрғыштығы, малға мырзалығы, дүниені бір тиын есеп көрмейтұғыны, жомарттығы — әр түрлі белгісі бойында түрмас па еді?

"Ұялмас бетке талмас жақ береді" деп, көп былжыраған арсыз, ұятсыздың бірі-дағы.


Перейти на страницу: