Меню Закрыть

Ақан сері — Сәкен Жүнісов

Название:Ақан сері
Автор:Сәкен Жүнісов
Жанр:Роман
Издательство:Жазушы
Год:2002
ISBN:5-605-01808-6
Язык книги:Казахский
Скачать:
VK
Facebook
Telegram
WhatsApp
OK
Twitter

Перейти на страницу:

Страница - 21


У да шу.

  • Отыр әрмен, елірмей!- деп советник Күшенұлы айғай салғанда, Батыраш басыла берді. Енді есік жақта сырттан анталағандар шулап кетті.
  • Әліпқали келді!
  • Әліпқали!

Екі жағында сүйенген екі жігіті бар, бір аяғын қалың кигізбен қаптап, шандып, орап тастаған еңгезердей, өң жоқ, түс жоқ Әліпқали кіргенде, аруақ тіріліп келгендей көрінді. Жігіттерге бой бермей, төрт тағандап үйден шығып, осылай қарай сүйретілген, ашулы, ызалы балуанды ешкім тоқтата алмай, ақыры қолтықтап жеткізген. Бір аяғымен ақсаңдап әдеттенбеген жігіт, сынық аяғы жерге аңдаусыз тиіп қалғанда ыңырана шалқалап, аппақ азуларын қашырлата шайнайды. Қалың қабағы түйілген жалпақ бет Әліпқалидың өңінде бір қасық қан жоқ. Күнге күйген кенептей. Торсықтай шекесінен саулаған моншақтай тер күзгі қу жапырақтан сорғалаған жауындай бетін жуып кеткен. Қанталаған көзін отырғандарға қадап:

  • Батыраш қайда, Батыраш, әкеңнің!- деп арыстандай ақырып, айнала тінте қарап тұрды да керегеге жабысып, жапалақша жарбайып үні шықпаған Батырашты көрді. Үй ішіндегі шонжарлар не дерін білмей қалшиып, сасып қалған.

Екі қолын жайып, уықтай саусақтарын бүркіттің тұяғынша бүрістіріп:

  • Буындырып, өлтірейін!- деп екі қолтығындағы екі жігітті екі жаққа серпіп жіберіп атылған Әліпқали киіз аяғымен жер соққанда, жан даусымен айғай салып, етпетінен түсті. Дөңбектей денесі сіресіп, талып қалды.

Түйеші жігіттің ожар қылығынан өзі де үрейленіп отырған Сағынғали есін жиып:

  • Алып кетіңдер. Оһ, өнегесіз, ұлағатсыз неме! Тәрбиесіз өскен қара күл! Әкетіңдер!-деді шіңгірлеп.
  • Апыр-ай, сынығы ашылып кетпесе игі еді, құдай-ай,- деп басынан демеген Жайық пен бірнеше жігіт қолдасып, Әліпқалиды арыстай ғып көтеріп шықты.

Осынша опыр-топырға мән бермеген ояз тағы бір кесені төңкере салып, орыстың бір ескі өлеңін ыңылдап, әйелін қолтықтап, теңселе басып шыға берді. Анна Ивановна мас күйеуіне қарсыласпай үнсіз ерді.

Бұл кезде кештен бері астыртын дайындап қойған Батыраштың бір топ жігіті, сойылдарын сүйретіп, дүрсілдетіп, Нұрмағанбет үйінің сыртын қоршап алған. Есік жақтан белгі күткен Батыраш енді есін жиып, беті қабарып, бұжырлары жыбырлап, орнынан атып тұрды. Артында жатқан қоңыр желбегейін ашулана киіп, айғай салды:

  • Әй, Нүрмағанбет, әй, керейлер! Бұл не басынғандарың. Қарауылдың жаман тышқағына бола көрінгеннен сөз естірттің. Ерегіссем ат түгілі адам

өлтірем. Ал қолымды қағып көр. Қазір исі қуандықты қаптатып, ошағыңды ойрандамасам, Батыраш атым жерге кірсін. Қайсың барсың қуандыққа көлденең тұрар! Сағынайдың азасына шақырған екен десем, жаман мәстектің өліміне құран оқығалы жиналған екен ғой. Ендігі жауым, керей - сенсің!

Сырттағы жігіттер де, сойылдарымен жер соғып, дүрсілдетіп, лап қойғалы тұр.

  • Тоқта, Батыраш,- деп тағы да араға Күшенұлы Тұрлыбек түсті. Өзінің құрсары керейіне тигізген айпара сөзге намыстанса да, сездірмей, жымысқы қулығына басты.- Ойпырм-ай, сен де бір түймедейді түйедей ғып әкетеді екенсің. Сенімен таласқан кім бар, батыреке-ау. Сонша тұлданатын не болды.
  • Байқап сөйле, Тұреке, енді сен түгілі ақ патшаның өзі келсе де аянарым жоқ.

Осы сөз Тұрлыбекке демесін болды.

  • Батыраш, Батыраш, сөзіңді қайтып ал. Ақ патшада не шаруаң бар. Ол саған қуандық та, керей де емес. Байқа, байқа, арыстан айға шауып мерт болыпты... Бір жолға ояздың құлағына шалдырмай-ақ қояйын,- дегенде Батыраш аңдамай жаза басқанына өкініп, сабасына түсе берді.

Осыдан соң көзілдірігін шешіп, демімен шынысын булады да, қалтасынан көл-көсір шайы орамал алып, баппен сүртті. Содан соң Нұрмағанбет маңғаздана отырып, дауысы естілер-естілместен сөйлеп кетті:

  • Ағайындар, көңіл жықпас туыстар. Қуанышқа да, қайғыға да ортақ достар. Әлі қоштасар күн алда. Әкейдің асы - той. Тойға келген жарандар аунаңдар - қунаңдар. Әлі он шақты күн жатасыңдар. Ойын да, думан да алда. Желінбеген, ішілмеген сыбаға да алда. Ойда жоқ жерде әлгі бір Ақан дегеннің, қаңғып келген Ақанның қаңғырып өлген атына құн түгілі, бір уыс жүн берер жайым жоқ. Қарауылдың есуас шайқысын мұнда ешкім шақырған жоқ. Өз аяғымен келді, өз аяғымен кетеді. Оған керей де, басқа да кінәлі емес. Ел кезген жын-пері, сал- серілердің өлімі де сол кер атындай болатын әдеті. Тек түсіне алмағаным - соған Сәкеңнің жанының аши қалғаны. Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ, әділ биде әзіл жоқ деуші еді. Сәкеңнің жай әшейін әзілі, қалжыңы болар. Өзіміз ғой, кейін ұғыныса жатармыз. Ал, қазір әкейдің атына құран оқып, дәмге бата қайырайық. Енді Ақан-мақан, Құлагер-сұлагер дегенді ауызға алмайық. Кетсін әрмен, шақырусыз шайтан-сапалақ.

Басына сәлде салған имам жөткірініп алып, ыңырана түсіп құранды мақамдай бастап еді, Саққұлақ тізерлеп отырды да, жүгініп шүйліге түсіп, «тұра тұр» деген белгі берді. Асты атқару міндетін мойнына алып, бас даяшы болған Саққұлақ той жайлы, келесі күннің қызық ойындары жайлы бірдеме айтар деп, имам да, жұрт та үнсіз қарасты.

  • Уай, жәмиғат, қазақтың жақсы мен жайсаңы! Үш жүздің баласының басы бірігіп отырсыңдар. Мұндай жиын бола бермес, енді басымыз бұлай қосылғанша 308

кім бар, кім жоқ. Мен ертемен кететін шығармын бұл арадан, той басқарып жүріп, енді қалған жағында жазықсыз жандардың көз жасын арқалап, жайраңдап жүрер жайым жоқ. Сақалым ағарғанда әділдіктен таяр, жаңылар жайым жоқ. Осы күнге дейін айдаған малым да, алған абыройым да, елге Саққұлақ атанған атым да - әділ жолым. Оған бастаушы жалғыз жүрегім, оны айтар тіл мен жақ. Сол жүрек қартайғанша, сол тіл мен жақ саудырап түскенше Саққұлақ атанып қалмақ. Жаңа Нұрмағанбет сөзін тыңдадыңдар. Енді мені тыңдаңдар. Кетіп бара жатқан есе қайырғым келіп, айтысқа түсіп отырғаным жоқ. Тек қана сөздің ыңғайына қарай, кесім айтайын деп отырмын. Сағынай асын естіген келер ұрпақ «апырмай, жөн - жоба білетін қазақтың бір ақсақалы болмағаны ма» деп кейімесін. Айтпай кетсем, о дүниеде құдай алдында жауапкер, ұрпақ алдында айыпкер болармын. Тыңдаңдар енді,- деп сөзді әріден, түптеп тартуға ыңғайланған Саққұлақтың сөз саптасынан қаймығып, Нұрмағанбет паңдығын ұмытып, түлкі бұлаңға салды:

  • Сәке, оны кейін-ақ айтпайсыз ба? Үлкен тілек үстінде, ұлы аруақтардың аты аталып отырған аста, ұсақ-түйек әңгімені қайтеміз.

Саққұлақ паң Нұрмағанбетке мойын да бұрған жоқ, шешіліп сөйлей жөнелді.

  • Сендерге мейлі ұнасын, мейлі ұнамасын. Мен Ақан жайын, Құлагер жайын сөз қылмақпын. Осы ұлы аста онан басқа не сөз қалды, одан басқа не белгі бар... Осында Ақан келгелі «қаңғырған», «қаңғырған» дегенді қашан кеткенше айтып, қарғаша шуласасыңдар келіп. Бұл - қазақ баласы біріңді-бірің мұқатардағы, аулыңды, руыңды кемсітердегі сөзің. Қай атаң қаңғырмай, қай қазағың қыдырып, көшіп-қонбай күн кешіпті. Сонау қырық сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт, құба қалмақ, қара қалмақтан бері, он сан ноғайлы Орманбеттің кезінде сахараны жайлаған қыпшақ болғалы, отыз екі баулы өзбектен тараған түрік қауымы Сырға дейін келмеп пе едің. Сырдың бойын жағалап, Қаратаудан құлдыраған қазақ кең Сарыарқаны мекен еттің. Бас-басыңа рудан айдар тағып, жалғанның жалпағын жайласаң да, ындының тарылып, аспандай жер ұлтарақтай көрініп, біріңді кірме деп, біріңді пірге теңейсің. Үйсін, Алшын, Болат қожадан тараған үш жүздің баласы басыңды қосып, бір шатырдың астында, бір биліктің қолында отырсаң да не істемес ең. Бір Болат қожадан тараған Ақ қожа қыпшақ, қоңырат, Қара қожа арғын, найманды айтпағанда бір арғыннан тараған бес сопының баласы түгілі, бір Мейрам сопыдан тараған бес ата таласа қалғанда, өліспей беріспейтін дала тағысындайсың. Маңдайыңнан бақ, астыңнан тақ кетпейтіндей есіресің келіп. Жақыныңды достай сыйласаң, жат бойынан түңілмей ме? Бір қауымға, бір уысқа бірігіп, жұмған жұдырықтай бола ма десе, далада шашылған малдай жайылып, өз бетіңше күйсейсің. Бүгінде бір ояз келіп оқыранса, айғыр қайырған үйірдей ошарылып, соның ығына түсіп, құйрығыңды шабыңа тығасың. Он ояз, қырық болысыңа тұратын Ақандай саңлағың келсе, көрінгенің құзғындай саңғып, қарғадай шұқисың. Ақан көл еркесі аққуың, көк еркесі сұңқарың емес пе?! Ол қарауыл да, керей де емес, үш жүзіңе ортақ ерке серің, қазағыңның атын тамылжыған әнімен аспанға шығарар бұлбұлың емес пе? Оның шар тарапқа ұшқан көңіл құсындай, қанатындай Құлагер қазақ милләті 309

бәйгеге қосар дүлдүлің емес пе! Ақыныңды қанатынан қайырып, пырағыңды шабысынан айырып, дұшпаныңды мұқатқандай жайраң қағып отырсың. Өз аяғымен келді, өз аяғымен кетсін дейсің, Нұрмағанбет. Ақан, әнші, сал-сері қашан аяғымен келіп еді. Ол халқының әнімен, салтымен, сәнімен жүрмеуші ме еді. Қашан ол рұқсат сұрап даласында шақырумен, ояздың қағазымен жүруші еді. Ақан келсе адам жүрегімен, адал жүрегімен келді. Сол жүрегі қазір қап-қара боп, өзі де, көңілі де қара жамылып, айдалада жалғыз зарлап отыр. Ол зар Ақанның ғана зары емес, ол зарлаған, Нұрмағанбет, сенің зердесіз паңдығың, Батыраш сенің зұлымдығың, Мұса, сенің айлаң, үш жүздің баласы - сенің зарың, заманыңның мұңы, замана шері. Ертеңгі ұрпаққа сенің бүгінгі байлығың да, бақ талас күншілдігің де жетпейді, ақынның зары жетеді. Ертең Сағынай асының орнында күл ғана, жұртында тышқанның қорығы ғана қалады. Асыңның атын шығаратын да Ақан, Құлагер! Қазір соның басына барып қайғысына көңіл айту орнына, артынан топырақ шашып отырсың. Жоқ, сендер бір киіз үйге ғана сыйып отырған, сөлкебай таққан аз шонжарсыңдар. Үш жүзде мың-мың киіз үй, оның астында мың-мың қауым бар. Ол ертең сендерден Құлагердің құнын сұрайды. Жалғыз қарауыл деп отырсың ғой, бүкіл қаралы ауыл Ақанын іздейді. Әнін жоқтайды.

Ендеше Құлагерді өлтіріп, Ақанды жаралаған айыпкерді табыңдар. Оны табу қиын емес. Атты өлтірген жауыздық — күншілдіктің көлеңкесі. Күншілдік жүрген жерде, бірде көрініп, бірде көрінбей жүретін оның мәңгі серігі жауыздық. Құлагерді кім күндесе жауыздық та соның қолынан келді. Табыңдар, айыбын аямай мойнына салыңдар. Сонда ғана Сағынай бір аунап түседі. Сонда ғана қазағыңның аруағы риза. Сонда ғана бүгін ат өлтіріп, ертең кісіге де шеңгелін салатын жауызға зауал, басқаға үлгі. Бұдан басқа айтар билігім де, кесімім де жоқ. Сөзбен шешер әділ билік түтеленіп тозып барады. Оны да білем. Егер осы сөзім далада қалса, сөз танудан қалған қауым, сауысқандай тозған қауым сендерден де ертең кетіп, құбылаға бетімді біржола бұрам.

Ендігі әділдікті о дүниеден тіледім!

Орнынан бүгілмей тік көтерілген қапсағай Саққұлақ маңдайы қасқиып, ақ сақалы желбіреп шыға берді.

Отырғандар:

  • Мына шал алжиын деген шығар!
  • Мұны да бір түлен түрткен екен!
  • Өлер шағындағы бір есірігі болар!- деп оқты көзімен шығарып салды.

* * *

Измайлов пен Анна Ивановнаның соңынан Павлодар оязы Ферафонтов та тысқа шыққан. Дуылдаса кергілескен көп жиынның қапырығынан құтылған бұлар желпініп түнгі даланы кезіп, ұйқы алдында серуендеп, ұзақ жүрді. Масаңдау Измайлов та сәл тәлтіректей басып:

  • Аяғым ұйып қалыпты, әлгі қазақтар аяқтарын бауырына алып, мола қара құсынша тапжылмай ұзақ отыруға қалай талмайды, - деп еді, Ферафонтов қулана күлді:
  • Оның өзі Петр Акакиевич, дала табиғатына байланысты ғой. Дала тіршілігі де, сол адамдардың жаратылысындай бейғам, бір отырған жерінде тым - тырыс мүлги беретін қалғыған тіршілік емес пе? Бұлар да аяғын кең көсіліп, белін жазар ма екен?
  • Өзіміз кең көсілсек болмай ма, олардың қамын ойлап шашыңызды ағартып қайтесіз?- деп Измайлов ықылық атты.
  • Әрине, әрине, мен әшейін сөздің ретімен.
  • Егер ел басқарған сіздер мұндай ойда болсаңыздар, бұл дала өлі көрпесін қалың қымтып, ұйықтап та кететін шығар,- деп Анна Ивановна қосылды.

Кешеден бері тым еркінсіп, тілмашына дейін қасынан қуып, Ақанмен серуен құрған әйелінің қылығы ұнамаған Измайлов кекесінмен сөйледі:

  • Егер ұйықтап кетсе, түртіп оятар сіз барсыз ғой, Анна Ивановна. Сіздің қолыңыздан ақындардың сезімін ояту да келеді.

Арақтың қызуымен өрескел сөйлеген күйеуінің сөзі ұнамаған Анна Ивановна сықылықтап күлді.

  • Егер ондай өнер болса, мен өзімді бақытты санар едім. Бірақ дала қазақтары менен гөрі бақыттырақ екен. Олар менің сезімімді бұрынырақ оятты ма деймін,- деп кесір сөйлеп, тағы күлді.- Аз күн болсам да, көп араласқан сіздерден гөрі осы кең даланың келбетін де жітірек көргендеймін. Қазақ даласы тұнып тұрған ән екен. Қазақ азаматының өн бойы толып тұрған өнер екен. Мұнда да байлық пен қайыршылық, зорлық-зомбылық пен момын көнбістік түн мен күндей қатар өмір сүреді екен. Көне заманнан бергі халық тарихы кітапта емес, әр адамның аузымен айтылып, жадында жатталады екен. Жер-су, тау-тас, өзен-көл қағазға түспегенмен, әрқайсысының көзінен көрінеді екен.

Қазақ жұртымен қоян-қолтық араласуды мақсат еткен зерделі әйелдің мына көргендігі, шешенсуі Ферафонтовқа да ұнамады. Бірақ, тәрбиелі орыс қауымынан шыққан ақсүйек әйелдің алдында сыпайылығынан жаңылған жоқ. Жаратпаған пішінін қалжыңға жеңдіріп, жеңіл ғана іліп сөйледі:

  • Сіз өзіңіз бөтен жұрттың тарихын зерттеуге бейім екенсіз. Тарихшы- географ болуға лайықсыз. Тегі, осы жаққа миссионерлік міндет атқаруыңызға да болады. Құдайтағала бізге ондай қабілетті бермеген. Біздің міндет малша жайылған қараңғы жұртқа жөн-жосық үйретіп, бір жобаға келтіру ғана ғой,- деп күлді.
  • Онда жаңағы жерде сол міндеттеріңізді неге атқармадыңыздар? Қазақтар екі дай боп дауласып жатқанда, бір сөз айтпай шығып кеткендерің не? Әділдік айтып, жөнсіз кеткендерді түзейтін сіздер емессіздер ме?
  • О-о, Анна Ивановна, егер қазақ арасындағы ру таласы, бәйге таласы сияқты ұсақ-түйекке араласа берсек, бар уақытымыз сонымен кетер еді.
  • Бір елдің адамы екінші елге келгенде «бар болғаны жөн-жоба үйретіп, дұрыс жолға салып жүрміз» дегенді қалай шімірікпей айтады. Ондай сөзді қырғыздардың миына құйыңыздар. Ал, маған, «бұл жердің дариядай кең жері, ұшан-теңіз байлығы қызықтырады» деп турасын неге айтпайсыздар. Сондай бүркеме, жалған сөздің не керегі бар. Әлде мені надан деп ұғасыздар ма?.. Жарайды, байқаймын, жауап бергілеріңіз келмейді. Мен де жауап күтіп сұрағам жоқ. Ал енді сіздіңше ұсақ-түйек нәрсе не?
  • Анна Ивановна, сіз кейде баланың сұрағын қояды екенсіз. Бір ат өлген екен деп, сол үшін кейбіреулер шашын жұлып байбалам салады. Иті өлсе де құндайтын қазақтардың одан басқа ермегі де жоқ. Үй арасындағы ұсақ даудан аса алмайтын күйкі тіршілік.
  • Егер сол ұсақ даудың астында үлкен қасірет жатса қалай дер едіңіз. Жалғыз адамның, ақын, әнші адамның аты мерт болып, байлардың дегені болып жатса, ол сізге ұсақ көрінеді ғой. Оның астарында не барын көргіңіз келмейді.
  • Аннушка, қойшы, құдай үшін,- деп Измайлов араласты.- Әлгі бір композитордың аты болмаса, сен осынша таусылмас ең, кешіре гөр, тап біз үшін ит-құсты әңгімелеудің қажеті аз.

Анна Ивановна таза ауаны құныға жұтып, енді өзімен-өзі сөйлескендей болды:

  • Эх, шіркін, қырғыз-қайсақ не деген бақытты, әрі бақытсыз ел еді. Ғасырлар бойы қалыптасқан цивилизациялық құлашы кең Россияға бағынған мал сияқты жайылған халық бақытты да, бірақ сіздердей бақташыларға кезіккен олар не деген бақытсыз, сорлылар еді!- деп ызалы күліп жіберді. Екі ояз бұдан әрі сөз жарыстырғысы келмей, үнсіз қалды...

Құсақ көлінің қырқасына дейін барып, кейін үнсіз оралған Анна Ивановна тағы да әлгі әңгімені тірілтті.

  • Сіздер ғой, ит-құс, ұсақ-түйек дейсіздер. Менің есіме Царскосельский бақшасындағы бір қызық көрініс түсіп келеді,- деді.
  • Е, одан да соны айтшы.
  • Мынау алыс түкпірде - «Аляскада» жатқан бізге қала тіршілігінен жаңалық айтыңызшы,- деп екі ояз әйелді ортаға ала қолқалады.

- Екатерина II өмір бойы кешкен патшалық өмірдің ішінде ит жүгіртіп, аң аулауды қызық көрген екен. Неше түрлі асыл иттерді ұстаған. Әр сапарға шыққан сайын иттерінің, аттарының жеміне дейін есептетіп, қанша адамды ертіп жүрген. Бір күні кішкентай левреткасы Земира қайтыс болады. Патша қатты қамығып, ұзақ төсек тартып жатып алыпты,- деп бастады Анна Ивановна.

– Қойыңызшы, тап үйтпеген шығар,- деп Ферафонтов күліп жіберді.

– Мен сізге өтірік айтып, ақы алайын деген ниетім жоқ.

– Ғафу, айта беріңіз, қызық екен.

– Сарғайып жүдеген императрица граф Сегюрды шақырып алып: «Сүйікті марқұм қаншыққа жоқтау өлең-эпитафия жазыңыз» деп бұйрық етеді. Бұрын бір- екі рет алыстан көргені болмаса, иттің өмірбаянына онша қанық емес граф қысылып, өтірігім шығып қалса жаза тартармын деп үрейленіп, амалсыздан императрицаның өзінен итінің қасиетін сұрайды. Екатерина II: «Земираның тұқымы асыл еді. Том мен Ледя деген ағылшынның екі тамаша итінен туған, жаратылысы бөлек қаншық. Бет-аузыңды жалап, аймалағанда адамнан да асқан қылықты, сүйкімді болатын. Анда-санда ашуланып, тістеп алатын ызақорлығы да бар еді» деп итінің мінезін қайғыра отырып баяндайды. Земираның қадір- қасиетіне қанған граф Сегюр күні-түні қағаздан бас алмай, көп ойланып, көп қиналып. «Epitapihe de Zemire» деген өлең жазыпты.

Императрица бұл өлеңге қатты риза болып, көңілі толып, Царскосельский бақшасына көмген итінің басындағы құлпы тастың бетіне ойғызыпты...

Екатерина II тағы бір итіне өзі эптиафия шығарып, өз қолымен былай деп жазған:

Под камнем симъ лежить

Дюшесса Андерсонъ, Которою укушенъ Искусный Рожерсонъ,- деп Анна Ивановна күле түсіп әңгіме етті.

– Рожерсоны кім болды екен?

– Ол императрицаның лейб-дәрігері болса керек. Әр итіне жеке-жеке дәрігер, күтуші ұстаған ғой. Иттерді жерлеген Царскосельский бағында әлгі жазулы тастар осы күнге дейін тұр. Императрицаның бұл өнері кезінде аса дәріптеліп, кейін неше түрлі мадақ сөздер бүкіл Россияның саяси журналында басылған... Бұған қалай дейсіздер, ит-құсты сөз етпейтін уезд начальниктері,- деп Анна әңгіме аяғын бір-ақ сылқ еткізді.

Императрица иттерінің өлімін тағы да астағы оқиғаға әкеп тіреген Анна Ивановнаның сөзінен соң Ферафонтов қарқылдап тұрып, рақаттана күлді. Күлкісінде ыза, зіл бар. Измайлов та қосыла күлген болды. Бірақ тез тыйылды. Осы біз неге күлдік дегендей сымдай тартылған денесі, тік, ұзын бойлы оязға жатырқағандай қарады.

Ферафонтов күлкісіндегі жарықшақты таныған Анна Ивановна да қосыла, кекете күлді:

  • Ваше благородие, уезд начальнигі, сіз тым ұзақ күлдіңіз, тегі императрицаның қылығы дала қазақтарының қылығынан да сорақы боп көрінді ғой деймін.
  • Атамаңыз, Анна Ивановна,- деп күлкісін күрт доғарған Ферафонтов байсалдана, қалды.- Менің күлгенім біздің үйде де тап сіз сияқты нәзік жүректі орыс әйелі бар. Бұратана халықтарға оның жаны ашып, еті ауырып отырады әрқашан. Сіз де сондай, бір қалыптан шыққандайсыз.
  • Өйткені біз Россияны жақсы көреміз. Орыс халқы өз Отанын сондықтан да анаға теңейтін болса керек. Россияның ұлылығын басқа жұрт та анасындай сыйлап, түсінсе екен дейміз.
  • Сіз Анна Ивановна, тым тереңірек кеттіңіз. Қырғыз-қайсақ даласына ондай тереңдік жүрмейді, мұндағы тіршіліктің бәрі жердің бір елі қыртысынан, әрі кеткен шөп тамырынан аспайды. Оған «Россия матушка» дегеннен гөрі, «Россия - власть!» дегенді ұғындырған пайдалы. Әрі төте жол.
  • Не деген қатыгез адамсыздар,- деп Анна Ивановна мырс етіп, ернін шүйіре күлді.- Жерін жерлеп, суын сулап отырып, осындай сөздерді айтуға қалай ұялмайсыздар.
  • Аннушка, Аннушка,- деп тағы да ықылық атып Измайлов қосылды.- Біз мұнда жер, су таба алмай келген жоқпыз. Ұлы Россияның болашағы үшін еңбек етіп жүрген жандармыз.
  • Солай, солай. Россияның шекарасын кеңітіп, колониясын көбейту үшін жүрмін деңіздер. Ол түсінікті. Бірақ сол үшін орыс халқының қасиетін құрбан етуге бола ма?
  • Ол қандай қасиет, Аннушка?
  • Сіздер білмейсіздер, немесе білгілеріңіз келмейді. Қазақ жерінде аз болсам да менің байқағаным жергілікті халық «сары орыстың бәрі орыс» деп, орыс әйелінің бәрін «мәтүшке» яғни «матушка» немесе «маржа» дейтін көрінеді.
  • Маржасы не?
  • Ол Мария деген аттан шыққан. Орыс әйелдерінің бәрінің аты Мария деп ұққан.
  • Айттым ғой, бұл қырғыздар өте сауатсыз, қараңғы жабайы халық.
  • Жоқ, ол жабайылықтан емес,- деп Анна Ивановна іле арашалай түсті.- Ол пікірдің бәрі әлгі айтқан «сары орыстың бәрі орыс» деген пікірден шыққан. Орыс әкімдерінің бәрін мұрты тікірейген, шегір көз нойыс, қатыгез, жауыз деп бағалайды екен.

- Әкім адам қай халыққа да жақпайтыны ежелден белгілі. Ал, енді, осы қырғыз-қайсақтарың орыстың қай жақсысын біледі екен, оны аңғардыңыз ба?-

деп Ферафонтов өз сұрағына өзі жауап берді. – Ешқайсысын білмейді. Міне, қараңғылық қайда!

– Неге білмесін, біледі. Орыстың Пушкинін де, Крыловын да біледі. Тіпті Евгений Онегиннің Татьянасын да өлеңге қосады. Қазақ даласында айдауда жүрген Достоевскийді де, қазақ фольклорын жинаушы Потанин, Радловтарды да қадір тұтады екен.

– Е, олар да жаңағы өзіңнің айтқан колониялық саясат үшін еңбек етіп жүргендер емес пе? Оларды да қадірлейді деңіз.

– Мейлі, халықтың әдет-салтының, ғұрпының тарихын зерттеуші ғалымдарды жабайы адамдарыңыз да бағалай біледі. Дос боп келіп, құшақ жая аралассаң, қазақ жұрты – жерінің бетіндегі байлық қана емес, жерінің астындағы қазынасын да аямайтын жомарт халық. Тек оған орыс адамын жеккөрінішті етуге қақымыз жоқ. Мен сіздердей болсам, өзімнің орыстығыма ұялған болар едім!

– Охо, сіз өзіңіз демократ екенсіз. Бұратана халықтарға ондай демократияңыз жүрмейді. Оны бәрібір олар түсінбейді де!- деп Ферафонтов нығарлай, қызбалана сөйледі.

– Сіз неге түсіндірмейсіз.

– Нені түсіндіруім керек, қалай?

Сөз аяғы айтысқа айналды.

– Ваше благородие, сіз ғой менімен сыпайы, тәрбиелі тілмен сөйлесесіз. Ал, қазақ әйелдерімен, тіпті ерлерімен солай сөйлесіп көрдіңіз бе?

– Қараңғы халық сыпайылықты түсінбейді, аюды үйрететін таяқ қана, ал сіз оқыған, тәрбиелі жерден шыққан адамсыз ғой, неге өзіңізді малдармен қатар қоясыз, ғафу етіңіз, Анна Ивановна!

– Мен қараңғы халықты сіз үйрете ме десем, сіз олардан үйреніп жүр екенсіз ғой. Әйтпесе сыпайылық сіздің тарапыңыздан болса керек еді. Білімділігіңіз, мәдениеттілігіңіз қайда, орыс адамының аксүйектік қасиеті қайда?! Сіз қараңғы халық түк түсінбейтін кеще дедіңіз. Сізбен «Ваше благородие» деп қана сөйлеседі. Ал «тамыр» деп атап көрді ме?

Екі ояз да оқыс күліп жіберді.

– Аннушка, егер олар мені «тамыр» десе, табан аузында аяқ-қолына бұғау тағып, Сібірге айдатар ем. Ондай қорлығын Ақмоланың мұжығы ғана көтереді. «Балықшыны балықшы алыстан таниды» деп бір-біріне қойған аттарының ұсқынын қарашы. «Әй, тамыр», «Әй, знакым» дейді.

– Петя, сен сол сөздердің не екенін алдымен білдің бе?

– Білгім де келмейді.

  • Ендеше мен айтайын, «знакым» дегені «знакомый», өзіміздің таныс адам, бөтен емес, жат емес дегені. Ал тамыр дегені корень дегені. Оны әрине, мұжықтарға ғана айтады.
  • Мейлі, соларға-ақ айтсын. Жер жыртып, егін егуді үйреткен мұжықтарды- ақ туысқан десін. Біз оларға егін егіп, тамыр бола алмадық.
  • Әрине, бола алмайсыздар, сіздердің еккеніңіз басқа егін ғой.
  • Ол қандай егін тағы да.
  • Шовинизм егіні, дұшпандық, жаулық егін, колонизация егіні. Сондықтан да сіздерді орыс «ұлығы», «ұлықтар» дейді. Яғни, ұлыған қасқырлар, жыртқыштар дегені.

Екі ояз да түршігіп қатты жөткірінді.

Әйелінің тым еркін, ашық сөйлеген саяси қате сөздерінен тітіркеніп кеткен Измайлов, сөз төркінін жұмсартқысы келді.

  • Милая Аннушка, осы сөздерің этимологиясын қайдан естіп жүрсің, кім үйретті?
  • Ешкім үйреткен жоқ. Сұраған соң Ақан айтты. Кешегі аты өлген Ақан. Оқығаны аз болса да, түсінігі бай, не деген зерделі адам?
  • Бәсе, өзі де аты өлсе өлгендей екен ғой, - деп Ферафонтов темекісін тұтатты. Анна Ивановнадан кешірім сұрамай, сыпайылықты да ұмытып, темекісін ызылана сорып, аузы-мұрнынан түтінді будақтата шығарады.
  • Бізде Байжанов Мұса деген Павлодар уезінен шығып бүкіл Семипалатинск губерниясына ылаң салып, бүлдіріп жүрген сотқар бар. Орысша білетініне қарап, көтермелеп, старшина сайлап едік, бұрынғыдан бетер құтырды. Бүкірді көр ғана түзейді деген рас екен. Қазір қашып жүр. Бұл ақын дегеннің бәрі бунтарь.
  • Егер, бунтарь болмаса ақын да болмас еді. Бір қызығы Ақан да орысша жақсы сөйлейді, логикасы қандай!.. - деп Анна Ивановна ызалы ояздардың тәнін ауыртып, одан сайын шымшып алды.
  • Сөйлетерміз әлі. Оларға орысша үйретпек түгілі, қасыңа жақын жуытудың өзі күнә.

Бұлар тағы да үнсіз ұзақ жүріп, киіз үйлеріне қарай беттеді. Әрқайсысы өзінше ойда келеді. Тыныштықты Ферефонтов бұзды. Бұл жолы Измайловқа күле қарап, қорқыта сөйледі:

  • Петр Акакиевич, сіз социал-демократиялық пікірдегі адаммен қалай қорықпай бірге тұрасыз, таңым бар. Кейін өзіңіз де осы пікірдің тұтқынында қала көрмеңіз әйтеуір. Анна Ивановна, сіз аса көрікті әйелсіз, сіздің еңсеңіз еріңіздің алдында тым биік, тегі Петр Акакиевичті Петербургке қайта алып кетерсіз мына

түріңізбен. Әрине, департаментке емес, жасырын ұйымдардың біріне. Мына пікіріңізбен қырғыз даласында орыс офицерін ұстап тұру Россия патшалығына онша қолайлы болмас.

Измайлов шын үрейленіп:

  • Аннушканың әшейін бізге оңашада жасаған назы, еркелігі ғой,- деп ыржалақтады.

Анна Иванова да күлген болды.

  • Ваше благодорие, егер Россия патшалығы орыс офицерінің әйелдерінің пікіріне ғана назар аударса, сіз де онша сенімді адам болмағаныңыз ғой: әлгінде ғана «біздің үйде де бұратана халыққа жаны ашитын нәзік жүректі орыс әйелі бар» дегеніңізден танбайтын шығарсыз, - деп алдын ала қарғаша салып, орап тастады.

Ферефоновтың денесі мұп-мұздай боп, түршігіп кетті. Анна Ивановна екі оязды қолтықтап ұстап тербеле сөйлеп келе жатқан. Қолына жұқа қара биялай киген, жеңі ұзын қара көйлекті әйел, білегіне оралған қара жыландай сезілді.

  • Әңгіме біздің үйдегі әйелдің жүрегі туралы ғана еді. Сіздің сөзіңіз де тым нәзік, пікіріңіз де тым айқынырақ секілді екен, Анна Ивановна. Бір семьяда екі пікір, екі ой болу — Ұлы Россия империясының соры ғой, - деді.

Анна да қолын тартып алып, шамырқана түсті.

  • Екі пікірлі, екі Россияның барын да ұмытпаңыз, Ваше благородие! Россияға қай пікірдің сор екенін болашақ көрсетер. Ұлы Россияның тағдыры орыс семьясынан басталмақ! - деп Анна Ивановна қараңғыда Ферафонтовқа жиіркене қарағандай болды.— Петя, енді үйге барайықшы, ұйқым келе бастады.
  • Ал ертеңге дейін сау-саламат болыңыз. Жақсы жатып, жай тұрыңыз. Қырғыз-қайсақтың меңіреу даласында, алыста жүріп өзара айтылған қажетсіз әңгімелерге ғафу етіңіз, - деп Ферафонтовқа қолын ұсынған Измайлов қолайсыздықты жуып-шайғысы келіп, қоштасты.

Анна Ивановнаның өңі қашып, сырттан жүдеп келген бойы, салулы төсекке шешініп, салқын атлас көрпенің астына кіріп кетті. Күйеуімен сөйлескен жоқ.

Ұйқысы шайдай ашылып, не істерін білмеген ояз, енді көңілін хатпен жұбатқысы келді. Петербургтегі бір жолдасына жазған бүктеулі хатын алып, қайталап оқыды да, соңғы абзацын жазды:

«Қымбатты досым, тағы да айтам. Семипалатинск уезіне келуіңді достық көңілмен қолдаймын, тілеймін. Қырғыз-қайсақтар, варвар, кісі өлтіргіш туземниктер деген құрғақ аңыз екен. Бүгін бір үлкен тойда қырғыздар әжептәуір дауласты. Ру дауы. Әрине, біз оған араласқан жоқпыз. Бір-бірімен таласып, жарақаттанған қасқырларды немесе басқа тіршілікті ұмытып ойнақ салған қырғауылдарды соғып алу қандай оңай болса, ру таласымен өзді-өзі қырқысқан

қырғыздарды да жеке-жеке ұрып алу қиын емес. Бір сөзбен, қырғыз-қайсақ сырттан келген әкімге пәлендей жамандығы жоқ, жаулықты сырттан емес, іштен іздейтін, ұсақ дау-дамай, ру таласынан аспайтын бейғам, момын халық. Бұл жақтың негізгі тамағы ет. Етті қолымен уыстап, көсіп жейді. Қасық, айыр дегенді білмейді. Бұл жақтың байлығы да сондай, қасықтап алмайсың, күрекпен күрейсің. Көп ұзамай қырғыз-қайсақ жері ұмытылып, Россия шекарасына қосылып кететініне де шек жоқ. Мал сияқты бейберекет жайылған халық. Қашан мойнына бұғалық салғанша табындап жайылған жылқыларша еш қауіп ойламайды. Саясаттан да бейхабар. Бар уайым – бұл жақта әйел қауымын табу қиын. Жабайы халықтың өте қызғаншақ келетінін білесің ғой. Жабайы әйелдер де еркегіне аса сенімді, соқыр сезіммен көзсіз берілген хайуандар. Цивилизациялық елдегі кеңдік, шіркін, қайдан болсын.

Болашақ Россия жерінің алғашқы қарлығаштарының бірі болуыңа тілектеспін».

10

Саққұлақ Ерейменнің қырқасына көтеріле беріп атынан түсті де, қасындағы балаға шылбырын ұстатып, Құсақ көліне қарап тұрып қалды.

Жыпырлаған киіз үйлердің маңында тірі жан көрінбейді. Бастары салбыраған бірең-сараң аттар ғана әр белдеуге байланған. Күнде қымыз ішіп, ет жеп, көшеде сапырылысып жататын үш жүздің азаматы әр үйде жасырын сыр ұрлап, әлденеден бұғып қалғандай. Сауық-сайранынан айырылған жұрт бүгін ғана Сағынайды жерлеген, қара жамылған қайғылы елге ұқсайды.

Тек Құсақ көлінен анда-санда гүрс етіп мылтық атылса, бұрын мұндай сұмдықты естімеген марғау құстар аспанға тік көтеріліп, қайда барарын білмей шырқ айналып ұзақ жүреді де, көлдің екінші жақ басындағы жалтырға құлдилайды. Құс атып жайбарақат жүргендер – екі ояз. Қастарында Нұрмағанбет. Кеше елден қайық алдырған.

Саққұлақ алыста белдеулеген Көк өзекке қарады. Бүгін Ақанның қасында болып қайтқан. Сері қайғысына жаны күйзелген көп ақындар, Жайық бастаған біраз шалдар сонда екен. Бәрі үнсіз. Құлагердің басын құшақтап егілген Ақанды қоршай отырыпты. Ақан алдында қазылған ор.

– Құлагер құлыныңнан керім едің, нағашым сұрағанда бермеп едің,- деп Ақан баяу ыңылдап жоқтау айтқан шерменде бір үнмен ескен желдей гуілдеп, зарлап отыр.– Шынымен өлгенің бе, Құлагерім, салбырап саптыаяқтай төменгі ернің.

Қайғылы серіге ешкім басу айта алған жоқ. Арасында ah ұрып, уһлеп, теңселе түсіп ұзақ зарлағанда, жұрт көзінен жас тамшылап, үнсіз тыңдай берді.

Жібектей күлтеленген құйрық, жалың,

Қапыда өліп кеттің жануарым,

Өлді деп, жануарым, естігенде

Шықпады уақыт жетпей шыбын жаным.

Құлагер айналайын шабысыңнан,

Атағың елге шыққан дабысыңнан,

Біліп ем өлеріңді, Құлагерім,

Шыңғырған түсімдегі дауысыңнан...

Әлден уақытта жасты көзін көтерген Ақан жұртқа қарап:

  • Ал, ағайын, тумалар, Құлагердің қайғысымен болып көңіл бұрмады деп сөкпеңіздер. Қайтейін, қасымда қалған жалғыз серігім, көңіл жұбатар қуанышым еді, мұны да қоймады. Елім-жұртым деп жүргенде, қаскөйлер құрған суық қақпанға түсе беретін не жазыппын. Сырымбет саласында да тартып едім сазамды, кіндігімнің қаны тамған Қаратал қойнында да көрдім көресімді. Енді міне айдалада Ереймен баурайында сынып түскен қанатымды қалдырып барамын. Құдайтағала қара мылтығын оқтап, елімнің әр жауызына бір-бірден ұстатып қойған екен, не шара!- деп, даусы дірілдеп тоқтады.

Он шақты жігіт астына арқан салып Құлагерді терең жамбыға түсіре бергенде, көзінен жас сорғалаған Ақан:

  • Апыр-ай, абайлаңдаршы, бір жерін мертіктіріп алмаңдаршы,- деп, тағы да егіледі...

Саққұлақтың қазір де көз алдында Ақан. Құлағында Ақан үні. Топ ақынның алдында Құлагердің ер-тоқымын арқалап, күн батысқа жаяу тартқан Ақанның жапан түзде аңыратып зарлап бара жатқан ащы күйіктен төгілген, тұла бойы шым-шымдап шымырлатқан «Құлагер» әні, ақын зары.

Құлагер, топтан озған жүйрігім -ай,

Құлпырған ара құндыз құйрығың-ай,

Түбіне Ерейменнің айдап келген,

Құдайдың о дүния, қарай қойшы бұйрығын-ай.

Бәрі бай-ай, керім-ай-ай,

Бай-бай, беу дариға-а-ай!

Сағынай асын тастап, Ақанның соңына ерген бар ақын, әнші «Құлагерге» қосыла күңіреніп, ымыртта құбыланы бетке алып ұзап барады.

* * *

Арада төрт-бес күн өтті. Терістіктен қатты жел тұрған. Әнші-күйшісінен айрылып, балағынан жел үрлеген Сағынай асы да ұлыған иесіз даладай азынап тұр. Түндіктері жалп-жалп еткен сықырлауық үйлерінің үстінен желмен бірге қара дауыл, дауылмен ілесе жөңкілген екі иіні салбыраған ұсқынсыз қарасабалақ бұлттар кеп, төпелеп жауып кетті.

Артынша-ақ, ауыл үстінен улап-шулап, аттандаған үн басты. Маңдайларынан қан сорғалаған үш-төрт аттылы құйындатып кеп Сағынайды қайта тірілткендей айғай-сүрең салып, қотанға үреймен жеткен:

  • Барымта, барымта!
  • Аттан, аттан!
  • Мың қаралы жылқыны сыпырып-сиырып айдап кетті!
  • Қолды болды, қайран мал!

Үйден жүгіре шыққан керей шонжарлары:

  • Кім, кім?!
  • Қашан?!- деп көздері шатынады.
  • Қарауылдар!
  • Қарауыл!
  • Аттан, Аттан!
  • Шап жауға, қоныңдар атқа!
  • Атқа, Атқа!

Гагра. Переделкино.

Январь - апрель, 1970 жыл.


Перейти на страницу: