Меню Закрыть

Ақан сері — Сәкен Жүнісов

Название:Ақан сері
Автор:Сәкен Жүнісов
Жанр:Роман
Издательство:Жазушы
Год:2002
ISBN:5-605-01808-6
Язык книги:Казахский
Скачать:
VK
Facebook
Telegram
WhatsApp
OK
Twitter

Перейти на страницу:

Страница - 2


Ал Әлжанның ұшқыр, жарау, күрең қасқасы ә дегенде қасқырды бастырмалатып, суырылып шыққанмен, ұзақ үрдіс шабысқа шыдай алмай түске таман босаңси берген. Содан біраз жер өткен соң, жаңа бусанып, жазыла бастаған басы қатты Құлагерді тежеңкіреп отырған Ақан бір кезде еркін қоя бергенде, ақ көбік боп терлеген күрең қасқа барлығып, айдалада қалған. Аңшының ізімен шоқытқан iн күн еңкейе жүруге жарамай, сағалдырық түбінен бастап, қолтық шабы сабынданып, аяңға түскен. Қара қасқа, төрт көз иттің де күні сондай.

Қазір Әлжанға Шәкейлер қосылған. Ұзақ жерге дейін Құлагердің ізімен келген аңшылар аттары болдырып, әрі бара алмады. Аттарынан түсіп, ағаштың бауырына жайғасып, насыбайларын атып, ай туғанша отырды.

– Апырай,- дейді Әлжан,– бұл Ақан білмейтін нәрсе жердің астында шығар. Қыз қылығы түгілі, қасқыр қылығын да біледі. Іштен туа үйренген бе?

– Не білетінін айтасыз?-деді Сұлтанмұрат.– Ақан ағаның білетінін санай берсеңіз шашыңыз жетпес.

– Жоқ деймін-ау. Далада жатқан өлімтікке қайырылып соғатынын қайдан біліп қойды?

– Қасқырдың екі мекені болады дейді Ақан,- деп сөзге Шәкей араласты.– Ол екеуін үнемі алма-кезек ауыстырып отырады. Мал жарып кеткен қасқыр өлімтікке екі-үш күн өткен соң қайткенде де бір айналып соғатын көрінеді. Ол соның үшінші, уақытша мекені. Ал мына қаншықтың соңынан бізді қалай біліп жіберді дейсіз ғой? Былтыр Арықбалық көлінің ық жағындағы бір тоғайға жеткенімізде жалғыз арлан ағаштан шығып жөнеле берді. Тұра ұмтылып ек, Ақан біреуімізді

ғана жіберіп, қалғанымызды тоқтатып тастады. «Анау алдамшы қасқыр, әдейі еліктіріп кетіп барады. Дәу де болса осы ағаштың ішінде бөлтіріктері бар», - деді. Айтқаны тура келді. Ағаштың жан-жағынан баспалап кіріп, қаумалап жүріп, алты күшігін соғып алдық. Бағанағы көкжалдың қашысы да тура соған ұқсайды... Жазда қасқырды қашанда көлде күту керек екен. Және аттан түсіп отырсаң, алыстан көрген бөрі онша елей қоймайды. Сосын, бір топ қасқырдың әуелі бөлтірігін соғу керек. Өйткені олар қашуға айласыз, әрі әлсіз болса, оның үстіне қасқыр мен қаншық оларды тастап ұзай алмай, төңіректей берді. Әбден күдерін үзгенде ғана кетеді...

— Бір топ қасқыр дейсің, тұра тұр, Шәкей,- деп Әлжан таңдай қақты.

— Сонда қалай? Егер бөлтіріктері үйіне жеткен ірі қасқырлар болса, оның қаншығынан, арланынан қалай құтыласың? Сенде айтасың-ау!

─ Әуелі тұра тұрыңыз. Аңшыға оны айыру қиын емес. Оның әдісін де Ақан үйреткен. Егер қасқырларды күнде көрсеңіз, бөлтіріктері мейлі есейіп кетсін, ылғи алдында жүреді. Ал кешке көрсеңіз, ылғи артынан ереді.

— Не дейді құдай-ау! Мұның бір қызық нәрсе екен,- деп Әлжан басын шайқады...- Әй, тоқта, біреудің даусы шыға ма, қалай?

Бәрі елеңдей қалды. Ақ қасқа да басын көтеріп, қыңсылап иесіне тығыла береді. Тегі, май табаны тоңа бастаса керек, аяқтарын алма-кезек көтеріп, бүрісіп тұр.

— Ақан!

— Ақанның даусы, - деді бәрі қосыла.

Алыстан салған ән түнгі ауада қалықтап анық естіле бастады. Сар желдірген аңшы өзінің бағанағы ізімен салбырап келеді.

— Ақан ағам көңілді сияқты, Бірішекті соққан-ау,- деп еді Сұлтанмұрат.

— Әй, қайдам, әшейін бізге дыбыс беріп келе жатқан болар, - деп Әлжан қашан көзімен көргенше сенімсіздене сөйледі. ─ Бірішегің оңайлықпен қолға түсетін неме емес-ау.

— Ақан көзге көрінген қасқырды соқпай қойғанын көргенім жоқ. Егер ондай сәтсіздік болса, ол бұрынғы ізімен кері қайтпауға тиіс, - деді Шәкей.

- Ал өлең дегенді Ақан көңілді кезінде де, ренжігенде де айтады. Оның менен кейінгі айырылмас серігі өлең ғой,- деп, қалжыңын араластырып, сирек ірі тістері ақсиып, жымия күлді. Ай көтеріліп қалған. Әлгіндей болмай Қабанбай шоғының теріскейінен кер дөненді Ақан да қылт етіп көрінді. Басараласы қасында. Кер дөнен жиі пысқырынып келеді.

— Ой, сабазың-ай, өзі де атым-ақ екен. Әлі тың ғой, қарағым, -деп Әлжан, тіл тимесін дегендей түфа-түфалап түкірініп жатыр...

Тұрқы ұзын кер дөнен көлденеңдей кеп тоқтағанда, аңшылар айналасына шығып қаумалап кетті. Көкжалдың терісімен қоса басын бітеу сойып алған, Бірішектің азулары ырсиып, көзі ашық күйінде қалыпты.

- Әһ, атаңа нәлет, сен ғой ақ адал малымды құртқан, езуіңді ұрайын!- деп қалың тері шалбарлы Әлжан басынан теппекке аяғын көтере беріп шалқасынан түсті. Аңшылар ду күлді. Ұялғанын сездірмейін деп, тұра салып, аттың үстінен

Бірішектің шолақ құйрығын іздеп жатыр.- Өзі шынымен сол ма, иә, иә, сол, мына қара, шолтаңдаған құйрығыңды ұрайын!..

- Жігіттер, ал жүрейік. Аттарға да, иттерге де тер қатпасын. Өздерін де онша бапты емес шығарсыңдар. Ана шоқ жұлдызға қарай жүрсек, ел жобасын табармыз. Жолай кездескен ауыл болса, тамақтанып алармыз,- деп Ақан алға түсті.

Әлжан - төре тұқымынан шыққан ақсүйек болса да, мұндай жерде көп шіренбейтін кішіпейіл, оның үстіне аңғал адам. Бірішекті өзі соққаннан бетер қуанып келеді. Талай-талай оқыс сөздер сөйлеп, жол бойы аңшыларды күлдірді.

Қара қасқа иті де, күрең қасқа аты да болдырған төре атын қос өкпеге тепкілеп, Ақанға қатарласты:

- Ақан, осы мен бір нәрсе ойлап келе жатырмын. Осы бар ғой, бәріміздің де атымыз қаншырдай қатып жараған. Бірақ біздердікі болдырып қалды. Ал сенікі қалай болдырмайды?- дегенде, Ақан күліп жіберді:

- Оны үйдегі жеңгейден сұраңыз,- дегенде, аңшылар қарқылдап тұрып күліп, даланы басына көтерді.

- Әй, Ақан-ай, сөзге ұстасың-ау. Біздікі әйтеуір қыңыр-сыңыр, қисық- шойтық бола береді,- деп тағы күлдірген Әлжан Ақанға жақындай түсті.- Жоқ дейім-ау, менің түсінбейтінім, осы қаншыр деген сөз не сонда?

Жігіттер де елең ете қалды: «Расында да не сөз?»

- Қаншыр деген - арыстанның ұрғашысы,- деді Ақан.

- Арыс-тан-ның?! Оны қазақ қайдан біледі? Көрген де жоқ қой.

─ Негe көрмесін. Бір кезде болған шығар. Әйтпесе арыстан деген атты қайдан қойды дейсіз.

— Рас, рас, жаны бар сөз.

─ Ал сонда арыстанның қаншыры, қасқырдың қаншығы дегенде, ұрғашы ит деп неге атайды екен, ұрғашы қасқыр демейді ғой,- деді Сұлтанмұрат та ойланып.

Ақан оған да жауап берді.

─ Кейінгі кезде біз ескі сөздердің көбін ұмытып бара жатырмыз. Ол біздің кінәміз. Менің естуімше, иттің ұрғашысын қазір қаншық десе, бұрын итақай дейді екен. «Иттің итақайына дейін басынды-ау» деген сөз адамдардан қағажу көрген біреудің «қатындарға дейін басынды-ау» деп, ашынғанда шығарған сөзі болса керек. Ал мегежін, кәнден иттерді итаршы деген. Үлкен төбеттер абалап жатқанда, тапитақ иттер де шаужайдан алады. «Итаршыланбай былай тұр», «итаршыланып не жоқ» деген сөз содан шықса керек. Мәселен, шегірткенің ұрғашысын «өлекшін» дейді. Ал аюдың ұрғашысын не дейтінін білесіңдер ме? Көкшетау жерінде бұрын аю көп болған ғой.

Аңшылар біріне-бірі қарасып жауап қата алмады.

— Аюдың ұрғашысын кірекей дейді.

— Кірекей дейді?

— Кірекей. Ой, аллай!-десті жігіттер.

─ «Кірекейді өлтірме, қонжығы жетім қалмасын» деген сөз бар. Сондағы «қонжығы» дегені баласы екен,- деді Ақан.

Қатты аяңмен келе жатқандар әр кездескен сайын жаңа бір сөз, дәріс, өнер үйрететін Ақанның жан-жағынан шығып ынтыға тыңдайды. Ара-арасында сұрақ беріп, аз сөзден көп мағлұмат алғысы келеді. Аң мен малдың төңірегіндегі ұсақ ми болса да, тілдегі бұрын естімеген, аңғармаған нәрсеге ақынның мән бергіштігіне, ұғымталдығына қайран.

─ Аюдың кірекейі, қонжығы дегенді бірінші естуім. Біз ғой аюдың ұрғашысы, аюдың баласы дейміз.

─ Ендеше,- деді Шәкей еліре күліп,– мысықтың баласы, тышқанның баласы деп әлдеғандай ғып адам баласына теңестіріп тәлтеңдетпей, оларға да бір ат табу керек екен. ─ Бұрын аты жоқ болса, ойдан қоя салу қиын-ау,- деді Ақан басын шайқап. Бұл айтқаның да, ойласаң, қызық нәрсе. Тегі, үй ішіндегі мақұлұқтарды солай атаса керек. Сыртта жүрген иттің баласын күшік дейді. Тек адамды жерлеп ұрысқанда ғана иттің баласы дейді. Ал «иттің күшігі» деген соған қарама-қарсы қалжың, еркелету ретінде айтылады. Мәселен ит күшіктеді, сиыр бұзаулады, бие құлындады десе, енді үйдегі мақұлық: мысық пен тышқанды мысық балалады, тышқан балалады дейді. Ойлай берсең көп қызықтар бар. Әттең не керек... Қызылжарда оқыған кезімде аңғардым - осындай сөздің бәрі орыс мектебінде, орыс ғылымында зерттеледі екен. Біз ғой мұндайды әңгімелеудің өзін ұсақтық санаймыз. Одан да кімнің соғымы семіз, неше елі – соны мұназәре еткенді ұнатамыз.

– Айтам ғой, Ақан жеті қат жер астындағының тілін біледі. Осы сен аттың да, иттің де тілін білетін шығарсың, Ақан,- деп Әлжан өзінше қалжыңдаған боп кеңкілдеп күлді.

– Неге білмеймін, білемін,- деді Ақан да жұлып алғандай.– Бағанадан бері атыңыздың аяғына оралып, құйрығын шабына тығып қыңсылап, жүре алмай бұралып келе жатқан итіңіздің не деп шағынғанын түсіндіңіз бе?

– Не деп шағынсың, шаршап келе жатқанда.

– Жоқ сіздің сараңдығыңызды Басаралаға айтып, бетіңізге салық қып, кінәлап келеді,- деді Ақан атының басын тежеп.

– Тек, сараңдық демеші. Менің жомарт, сараңдығымда иттің шаруасы қанша.

– Не дейді сонда?

– Не дейді?- деп, басқалары күліп, ақынды қолқалай жөнелді. Ақан сәл ойланып, аз үнсіз келе жатты да:

– Иә, сөзін жаңа құрадым. Ол былай дейді,- деп, бір ауыз өлеңді қолма-қол суырып салды:

Жонымда бір жапырақ ет қалмады, Жүретін аяғымда еп қалмады.

Көженің қоюы да тимеген соң, Қасқырға қарайтұғын бет қалмады,- деп келеді.

Аңшылар қыран-жапан күліп, қайта-қайта қайталап, осы бай атаулының бәрі сараң ба қалай?», «Сараң болмаса байымас та еді», «Әй, Әлжеке-ай, бір итіңізді тойдыра алмасыңыз бар, оны ұстап қайтетін едіңіз, ол ішетін көжені өзіңіз ішетін шығарсыз, тым құрмаса өз сыбағаңыздан бөліп бермейсіз бе»,- десіп, Әлжанды іліп-қағып, ішек-сілелері қатты. Әлжан да еріксіз езу тартып қосыла күліп, ақыры Ақанға жанасалап, жалына бастады.

─ Айналайын, мына өлеңіңді менің итіме айттым дей көрмеші, ауызбастырық үшін ертең бір семіз тай сойып шақырайын. Елге тарап кетсе, мазақ етеді ғой... Айналайын!..

─ Оны ана жігіттерге айтыңыз. Ауыздан шыққан соң ол, енді ол менің өлеңім емес, жұрттікі,- деп Ақан маңайлатпай келді де, әлден уақытта өз-өзінен ыңылдап аңшылардан бөліне берді. Ит туралы әңгіме оған жаңа бір ойлар салып, бір ырғақты қайталай береді. Қабағын шытынып, кейде үнсіз қалады. Ақан көптен бері «Ит үрген» деген әннің күлдіргі сазын, қайырмадағы иттің үрген үніндегі қызық әуенін тапса да, сөзін ұнатпаушы еді. Енді сөзі де, әні де табылғандай көңілінде сайрап, бір-біріне үйлесіп, жараса бастағандай. Әнші көп ыңылдады, кей-кейде даусын шығарып та айтады. Мұны аңғарған жолдастары өзді-өзі күбірлесіп, ызың озып барады. Олар да жаңа әннің дүниеге келгенін сезіп, бөгет болмауға тырысады.

«Ит үрген» осы далада, аңшылықта жүріп туған ән еді...

Бір кезде бұлардың артынан қиқу салған көп дауыс шықты. Ақан жалт бұрылып артына қарағанда, маң-маң басып жай келе жатқан Құлагер де елең етіп, құлағын қайшылап, ойқастай берді. Жаңа ғана өздері өткен жол түйісіндегі қалың шоқтың тасасынан тасырлата шауып шыға келген төрт-бес атты үздік-создық құйғытып қиқуын салып жақындап та қалды. Ұзақ шабыстан қалжырады ма деген кер дөнен енді тықыршып, ең алдыңғы атты құйғытып өте шыққанда жұла тартты. Атты қинағысы келмеген Ақан тізгінін іркіп еді, екінші адам қатарласқанда шыдай алмай, бip жағы бұлардан жөн сұрап қалайын деп атының басын қоя берді. Денесі тоңазып, буын-буыны қата бастағанмен бабындағы кер дөнен шиыршық атып жұла тартып, лекіте жөнелді де, көсіле түciп, бүктетіліп, әудем жер ұзап кеткен алдыңғы аттылыны басып озды. Басы қатты дөненнің тізгінін шірене тартқан иесі, әлгі аттылы алдыңғы қарқынмен тағы қатарласа бергенде шылбырынан ұстай алды. Екеуі де шоқырақтата түсіп, бүлкілдетіп, ақыры аяңға ауысты.

- Оу, шешелерің ұл тапқандай қуанып, түн ішінде еліріп жүрген кімсіңдер?- деп Ақан бейтаныс аттылының бетіне еңкейе түсіп үңілді. Басына екі құлағын артына қайырып байлаған түлкі тымақ, үстіне ақ сеңсең қойдың терісінен әдіп жүргізген шолақ тон киген он бес, он алтылар шамасындағы бала күлгендей болды. Мұрнына дейін түбіт бөкебаймен тартқан баланың екі көзі ғана жылтырайды.

- Тауып айттыңыз, ағасы. Шешеміз ұл таппағанмен жеңгеміз ұл тауып, соның қуанышымен жүрміз,- деді бала сыпайы ғана. Сәл еркелеу ме қалай, аузын толтыра қомпаңдап сөйлейді. Оның үстіне қалың бөкебай астынан даусы да анық естілмейді.

– Е, сонда бұларың не, бәйге ме, өздерің бесеу-ақсыңдар,- деп Ақан алға ұзаңқырап кетіп, аттарының басын тежеп, шоғырланып бара жатқандарға қарады.

– Жоқ, аға, бәйге әлі алда, біз мына көрші ауылдарға хабар беріп келе жатыр ек, ел жақын қалған соң жарысып барайық дегеніміз ғой,- деп бала жайын айта бастады.

– Ол кім жаңа босанған, бұл кімнің ауылы еді?

– Тастан деген адамның ауылы, соның жамағаты, естуіңіз бар шығар?

– Е, білемін, Бақтыбайдың інісі Тастан десейші. Онда бағытымыз дұрыс екен.

– Ал өздеріңізге жол болсын, аң аулап келе жатырсыздар ғой тәрізі,- деп бала кер дөненнің жаясынан екі жаққа салбыраған қасқыр терісіне қарады.– Кім боласыздар?

– Иә, аң аулап келеміз. Қоскөл жақтыкіміз.

– Байқаймын, олжалы көрінесіздер, сауға.

– Ал, ал,- деді Ақан,– ана кейінгі атта бір қаншықтың терісі бар, соны байлан.

– Ол қаншық болғанда, мынау арлан болды ғой, байлаған соң арланын байлаңыз.

─Ай, өзің қулау баламысың деймін. Сендердей бозбалаларға қасқырдың арланынан көрі қаншығы жақсы, қаншыққа үйір болатын кездерің емес пе,- деп Ақан қалжыңдап күлді.

─ Сіз де бұрын аңшылықты қаншықтан бастап па едіңіз,-деп бала да іліп түсіп, сыңғыр етіп күлді. Күлкісі тым нәзік екен.

─ Жеңілдім, жеңілдім. Менікі жай әншейін қалжың ғой. Шынымды айтайын, байлар едім, біраз мұның сыры болып тұр. Бұл өзі осы өңірді шулатып жүрген арлан. Әдейі елге апарайық деп ек.

─ Бірішек шолақ емес пе?!- деді бала жұлып алғандай.

─ Иә, дәл түстің үстінен. Немене сенбейсің бе, таңырқап қалдың ғой?!

─ Жо-оқ, Бірішекті соққаныңызға сенем, сізді танымағаныма таңырқап келемін. Сіз... сіз Ақжігіт... Ақан аға емессіз бе? Астыңыздағы кер дөнен ғой?

Ақан таң қалып балаға бетін бұрып, ат үстінде жамбастай отырды.

─ Сен оны қайдан білдің?

─ Бала аз ойланып, әлденеден қысылғандай бөгеліп, кімілжіңкіреп барып жауап берді.

─ Мұндай бөрінің сырттанын Ақан ағайдай жігіттің сұңқары, кер дөнендей жылқының тұлпары ғана соға алады деп топшылағаным ғой.

─ Ойдоу дерсің, бізді әулие ғып аспанға бір көтеріп тастадың-ау, Қалқа бала! Сенің атың кім өзі?

«Қалқа бала» Ақанның ең бір жақсы көргенде, ұнатқанда айтатын сөзі еді.

─ Атым өзіңіз айтқан Қалқа бала,- деп күліп жіберді де, «ерсілеу болды ма мұным» дегендей іле Ақанның өзіне жармасты.– Аға, «бұра сөйлеген күлкіге жақсы деп», өзіңіз сөзді бұрып әкеттіңіз-ау. Сауғаңыз арлан бола ма?.. Қаншық па? Маған байламай-ақ қойыңыз, ана жаңа дүниеге келген нәрестеге байлаңыз. Ол да еркек кіндікті азамат қой, ол да жігіттің сұлтаны болар ма екен.

— Балақай, өзің жас та болсаң, сөзің түйеден түскендей екен.- Жарайды. Тастанның өзі болса, байламақ түгіл, бір қылшығын сипатпас ем, сәби ғой. Байладым. Ал сен өзің бір сырттанды емес, жүз сырттанды байлауға тұрарлық жігіт екенсің, Қалқа бала.

— Бәсе,- деп бала күліп жіберді.- Сізді ақын ғана емес, жұрт сері дейтін болыпты. Сері осылай жомарт болса керек-ті. Әйтпесе серінің серілігі қайда.

— Сен өзің мені сынап та келе жатыр ма ең? Егер менің серілігімді шын сынағың келсе, аң аулағанда сынама...

— Қыз аулағанда сына дейсіз бе?..

— Әй, қу бала, өзің көп нәрсенің ретін білетін сыңайың бар.

— Аға, сіз қыздарды жақсы көресіз-ау деймін?

— Еһ, сен жақсы көрмейтін шығарсың!

  • Дегенмен сізді тым бейімірек тұрады дейді. Сіздің «Мақпал», «Кепсер», «Бәтима қызға», «Ақмарал», «Торыны таң асырып мінген қандай» деген әндеріңізді айтып жүреміз. Бәрі де қыз туралы ғой.

— Оларды да білемін де, қу бала. Дұрыс-дұрыс, жастық шағыңда ойна да күл, жанған шам, жағылған от бір күн сөнер. Әнге, сөзге құмарлық жастық көңілге ынтықтық, жақсыға, сұлуға құштарлық - нағыз жігіттіктің белгісі... Сіздің ауылда қыздар көп пе?- деді бір кезде Ақан төтесінен.

  • Бар, жетерлік. Бүгін шілдеханада боласыздар ғой. Көресіз. Өздеріңіз құтты қонақсыздар. Бірақ қандай қыздарды сұрайсыз, аты қыз болса бола ма?
  • Айттым ғой, Қалқа бала, сен өзің бір болайын деп тұрған бала екенсің. Дұрыс айтасың. Менің сұрап келе жатқаным шотылар емес, тотылар,- деп Ақан риза көңілмен сұрады.
  • Қалай-қалай дедіңіз, түсінбей қалдым.
  • Қыз жақсысын тоты, қыз жаманын шоты дейді. Ал ер жақсысын жігіт, ер жаманын мігіт дейді.

Бала күліп жіберді.

  • Дегенмен жаманын демеңізші, Ақан аға, кім жаман болам, кім кем болам дейді.
  • Жоқ, жаман дегенде аяғы ақсақ, көзі соқыр кемтарларды, не беті бұжыр, мұрны пұшық кемсіндерді айтып тұрғам жоқ, жаны жадағай, көңілі кір, мінезі тік, ойы тайыз мүгедектерді айтам,-деп Ақан ұғындыра сөйледі.

— Ендеше, Ақан аға, жаман қыздар қандай, жақсы қыздар қандай болады.

— Ой-бой, ол бір сөзбен бітпейтін қияметтің қияметі ғой.

─ Білем, аға, сіздің қыздарды сипаттап шығарған өлеңіңізді білемін. Әйтсе де, тағы қандайлары болады,- деп бала ынтыға сұрады.- Тым құрмаса, қыз келбетін айтыңызшы.

Бұл кезде артта келе жатқан Шәкейлер де болдырған аттарын тебіне түсіп қатарласқан. Олар да Ақан не айтар екен дегендей құлақтарын түріп, үнсіз келеді. Ақан сөзін неден бастарын ойлап, жүрексінгендей, не талай ойдың бұлтына қамалып, қай жерінен шығарын білмей саңылау іздегендей, ат үстінде дұрыс отыра алмай қайта-қайта қозғалақтады да, қотанданып тұрған айдан көмек сұрап,

шабыт тілегендей ұзақ тесіле, сүзіле қарап келе жатты. Енді бір кез сол айдың өзімен тіл табысқандай, содан қуат, нәр алғандай шешіле сөйлеп кетті.

─ Бар әлемге, бар ғаламға атың таныс, жарық ай, сол әлемге бірде келіп, бірде кетіп, көк жүзінде күлім қағып сыланған, көк аспанның ортасында тана көздей, алтын, күміс теңгедей, қарағанның көзі тоймас, ойлағанның ойы жетпес сен де бір қыз қызықтырған пендені. Бір сызат жоқ аппақ уыз балбыраған жүзінде, жиі үркерден, шоқ жұлдыздан бұлғақтаған шоқ үкің, құс жолынан жыпырлаған алқа сәнің құс төсіңе қондырған, ерке күліп, еркін жүзіп, көзге түсіп, қолға түспей, іш күйдіріп ойқастайсың алыстан; тыпырлатып төрт аяғын ақ жұлдыздан ақбоз атты ойнақтатып босағаңа қойсаң да, темірқазық - ертең барар жаңа жұртың суық қарар алыстан; торуылдап сені жалғыз түсіре алмай уысқа, біреу емес жеті жігіт - қарақшылар күнде арманда қалысқан, таң атқанда мақпал шапан етегіңнің бір жалт етіп оқасы, ақ отауға мың бұралып кіргендей, арманда ғып, шерменде етіп тағы ғайып боласың; күншығыстан кірпік қағып, күлімдеп, шыға келген таң шолпаны сенің гауһар сұлу, нұрлы көзіңдей. Екіншісін нұрлы көздің ылғи қысып, жылы жүзді назбенен, әлде жұртты емексітіп, үміт беріп жүрегіңе күйдірерлік, өртеп жанды лаулатып, жалыны мол, қызуы көп шоқ тастап, күнде келіп, күнде кетіп жүретұғын аспанында жігіттің, сырың да көп, мінезіңде қызық-ай, өн бойыңда, тал бойыңда көп құпия, көп жұмбақ, жерде тұрып, бірге күліп, бірақ іште сыр бүгіп жүретұғын қыздардай.

Ақан сәл бөгелді де, айға үнсіз тесіле қарап, тағы да жалғады:

— Кейбір кезде шарбы бұлттан перде салып бетіңе, сәулеңді ұрлап, қызықтырып, көз талдырып ұзақ шықпай бұлт астында жүзесің, бірақ жүзің торғын жібек астынан көрінгенде жүрек тербеп, ұзай алмай қасыңнан, қалай ғана алыс кетіп, қалай күдер үзесің. Бұлт астынан ақша маңдай бір қылт етіп көрінсе, өзен бойын бойлай өскен жасыл талдың ішінде жасырынбақ ойнап жүрген ерке назды сұлудай, мамық төсін толқынға ұрып, бірде бұрып, бірде бұрмай маңғаз аппақ мойынын, бірде сүңгіп, бірде жүзіп ақ маржанды домалатқан иығынан, жонынан көзге ыстық көрінесің көлдің ерке құсындай;

Кейде алыста бұлт астында бір орнынан тапжылмай, жүзі сынық, көңілі жадау көрінгенде мұңайып, көңіл сүймес, жан қаламас алыс-суық сапарға аттанатын кісендеулі арудай. Жолаушы да жалғыз жортқан жабырқап, тыныс бітіп, қапырық тылсым далада жылы орынға тез жетуге асыққан, қаяу көңіл, дел - сал болған аурудай.

Тас қараңғы кейбір түні бұлт басқанда аспанда бір көрінбей, белгі бермей, тым құрмаса, сығаламай жабықтан, тас бекітіп қара құрым есікті жауып алған өкпешіл бір қыздардай зарықтырып шықпай қойсаң күмбезіне жігіттің, ұзақ жауған ақ жауыннан көз жасындай сілбіреп, әр тамшыдан бетке тиген тілгілеп жігіт көңілі мұздап кетер қалтыратқан аспандағы ызғардай. Біз, жолаушы, бұл өмірде аз тіршілік сапарында өтетін, сен шамшырақ жолын оның жарық ететін. Сен болмасаң жолаушының көңілін де түн басып, әлденеге ұрынады-ау байқамай, сен барыңда жетпесе де саған қолы қуат алып, жарығыңнан ұзақ жолда талмай жортып шаршамай жүре берер ұшын іздеп үміттің, нұр себелеп, жебеп көңілін жігіттің аспанында тұра берсең - тілегім сол, қалқам-ай!..

Өзін-өзі ұмытып, шалқып-шалқып алған Ақан енді қайтадан сабасына түсіп, бұрынғы қалпына келгендей. Әркім өз ойымен әлек. Бірі жымиып, бірі мұңайған жүргіншілер үнсіз. Әлден уақытта алдан ай сәулесіне шағылысып теңіздей жалтыраған қыр астынан ит үрді: «алыстан жолаушылар келе ме, қалай?» деп бейғам ауылға дүдамалдау хабар берген сақ иттің тұншыға шыққан қысқа, енжар үні.

— Ауыл да енді алыс емес. Рақмет, Ақан аға, көңілге көп ой салдыңыз. Күнде көріп, көңіл бөлмеген ай жарығынан, көп жұлдыздан мүлдем жаңа сәуле көргендеймін. Көп нәрсенің мол сырына қанбақ түгілі, ештеме сезбей дүниені бір­ақ қырынан қарап жүреді екеміз. Әттең, қасыңызға еріп, сөзіңізді жиі тыңдасам, осынау кең дүниенің де, адамдарды да ақын көзімен көріп, ақын жүрегімен ұғынуға үйренер ме ем. Бірақ...- деп бала әлдебір сөздің ұшығын жасырып, тосылып қалды. Атының суық жалынан сипап, еңкейіп өз сөзінен өзі қысылғандай болды. Бағанадан бері аса аңғармай, онша елемей келе жатқан Ақан «Қалқа баланың» даусынан бір жасандылық сезгенде, түлкі тымағының маңдайынан түскен көлеңкеден көмескі көрінген бала жүзіне тағы қарап еді.

— Ал енді мен сіздерден озып, елге хабар берейін,- деп бала атын тебіне берді.

— Сәл бөгелші,- деп қасына бұрынғыдан да жақынырақ таянып, аттарын қабырғаластыра жанасқан Ақан бағанадан бері көңілінде ұққан құпиясын, басқаларға естіртіңкіремей, баяу ғана айтты.- Балақай, байқаймын, сен зерделі жастардың бірі сияқтысың. Сырға да берік боларсың. Осы ауылда Бақтыбайдың Ақтоқты деген қызы бар дейді...

Бала Ақтоқтының атын естігенде селк етіп, шошып кетті. Өй, сен соншама неге үріктің. Өзіңнің бір шатағың жоқ па?- деп Ақан жымиып күлді.

— Жо-оға. Бірақ ол қыз атастырылып қойылған, басы бос емес қой.

Ақан қабағын түйді.

─ Иә, білем. Сүтемгеннің Жалмұқанына айттырыпты деп естігем. Сүтемгеннің болашақ келіні болғанмен, Ақтоқты оның желілеген құлыны, көгендеулі қозысы емес.

─ Ол рас қой. Бірақ, Ақан аға, біреудің ауына түскен балықты алып, пәлесіне қалып қайтесіз.

— Ау Жалмұқандікі болғанмен, балық Есілдікі емес пе?!

  • Есілдің Ақтоқтыдан басқа да ақ сазандары көп қой.
  • Әй, бауырым-ай, көбінің дәмін татып жүрміз-ау, су татыған жүзінен бал татитын бірі артық,- деп ақын айға қарап күрсінді.- Балақай, сөз жарыстырып қайтесің, тоқ етері сол, Ақтоқтыны бір көруге армандамын, оның себебін сұрама. Өзім де білмеймін. Бұл ауылға келіп көруге сылтау таба алмай жүруші ем. Бүгін сәті түскен сияқты. Тек енді сен ағаңа қол ұшын бер. Шілдеханаға әкелуге мұршаң келе ме?
  • Е, Тастан ағасы емес пе. Өзі де келетін шығар.
  • Әйтсе де.
  • Жарайды, қисынын табармын. Бірақ,- деп бала басын қисайта қарап күлімсіреді,- алдын ала ырымын жасаңыз. Көрімдігі кейін.
  • Апырай, сен тоның суланбай жатып, тонауға кірістің-ау.
  • Өзіңіз біліңіз. «Қалмады белде белбеу, баста бөрік, жеңгесін қызды ауылдың сыйлай-сыйлай» депті ғой.

Егер сен жеңгелікте тұрып, жігіт көңілінен шықсаң, жан пида,- деп Ақан атын тоқтатты да, сұқ қолына тағып жүретін қадірлі бұрама сақинасын алып,- шеш, биялайыңды,- деді.

Биялайын шешкен бала аса бір ептілікпен Ақанның қолындағы сақинаны жып еткізіп алды да, жылы саусағына өзі киді.

  • Бұл нешінші сақинаңыз, ағасы, кеңдеу екен?
  • Әй, өзің қылжақбастаусың ба, қалай. Алтын сақина ұсына беретін алтын Ақтоқтылар көп деп пе ең!
  • Ғафу етіңіз, Ақан аға, әшейін сөздің ретімен... Әйтсе де есіңізде болсын, жүйткіген жүрек болмаса, желіккен жел көңілге жеңгетай бола алмаймын,-деп жұмбақтаған бала оқыс тебініп қалып шаба жөнелді.

* * *

Тастан осы өңірдегі байлығы шалқыған аты шулы ірі бай болмағанымен, дәурені жүріп тұрған іргелі байлардың бірі. Ағасы Бақтыбайдың Дәмелісіндей мұның үш әйелі де аса ұқыпты, қолы берекелі, жоқты бар, барды көп етіп көрсете алатын ердің құты. Әйтсе де, осынша маңдайы ашылып, шын ырысқа кенеліп отырған Тастанның ішін жегідей жеген қайғысы да жоқ емес. Ол кіші тоқалы Қадиша жайы. Осы босағаны аттағалы нәресте көтермегені өз алдына, кейінгі кезде оның қайсыбір оғаш қылығынан секем алған Тастаннан маза кеткен. Бірақ тайға таңба басқандай дәлелі болмаған соң, іштей мысы құрып, белгісіз намыстан жарылып кете жаздағаннан басқа істер амалы да жоқ. Өткен күзде бір секем алған адамы Қорамсаның Ақаны. Енді, міне, сол Ақан осы үйге келе жатыр.

Тастан алғашқыда жыланша жиырылып, ытырына қалса да қартайғанда көрген ұлына жоралғы жасап, дала арланын байлапты дегенде аздап жібігендей болды. Оның үстіне бүкіл атығай-қарауылға аты шулы Бірішек екен соққаны. «Іншалла, менің осы ұлым да жігіттің сырттаны, нағыз қасқыр болар» деп ырымдаған Тастан келген қонақтарды аттан өзі түсіріп алған.

Мыңғырған малы бола тұрып астына тулақтан басқа салмай, бұтына киген дамбалы өрім-өрім боп жыртылғанша жаңартпай, үстіндегі тоны бой-бой боп сөгіліп қақырағанша ауыстырмай жүретін сараң, сасық байлардай емес, Тастанның үйі, киім-кешегі, жиһазы да бөлек. Қалың қайыңның бауырына бөренеден қидырып салған сегіз бөлмелі саңғыраған ағаш үйдің ішіндегі жасаудан көз сүрінеді. Жазда болмаса, қыста үш әйелін де осы бір қораның

астында ұстайтын Тастан аңшы, әнші жолаушыларды шілдехана өтетін кең сарайдай бөлмеге кіргізген.

Күні бойы ат үстінде аң қуудың қызығымен жүрген аңшылар қарағайды маздата жаққан жылы үйге кірген соң маужырап, өздерінің әбден зорығып, қатты шаршағандарын жаңа сезді. Аттарын сыртта таң асырып, Басараланы ұядай қораға кіргізіп жайластырған соң енді кең көсіліп жатып, шілдехана басталғанша сәл мызғып алуды ұйғарған. Kip, қоңыс үйге жоламайтын, тумысынан кірпияз кінәз Ақан мына мұнтаздай таза үйге көңілі көншіп, аппақ мамық жастыққа қисайды. Шәкей мен Сұлтанмұрат та астарына бірсалар салдырып, төрдегі ақыннан төменірек, жылы пешке тақала жатып, лезде қалғып кетті.

Ақан қанша қажығанмен көпке дейін ұйықтамады. Төбедегі қобыздап салған сырлы тақтайға қарап ұзын, қайқы кірпіктерін жиі қағып, өз-өзінен күлімсірейді. Күндегідей ойлап жатқаны тағы Ақтоқты: «Апырай, бұл қай бала болды? Бұл ауылдың үстінен талай өтіп жүріп қыз дегенге көз де салмапты-ау. Бірақ ол кезде Ақтоқты күлдің арасынан кәрлен шыныаяқтың сынығын жинап, матаның қиқымынан қуыршақ жасап ойнап жүрген, тұлымшағы желбіреген бала шығар-ау. Оған қалай көз тоқтатып, қыз деп қарарсың. Шынында да әйел бала ер баладан гөрі тез жетіліп, тез піседі-ау. Көрінбей-көрінбей келіп бір-ақ жылда қылт етіп, қырдың қызғалдағындай құлпыра қалады. Бір суық соққан күні сол гүлдің жапырағындай бүрісіп, тез солады да. Тегінде жұрттың қызды гүлге балайтыны да содан-ау». Ақтоқтының аты да былтырдан бері осы өңірге тез жайылды. Ақан алғашқыда жай ғана сырттан бір көруге құмартып, осы ауылға бір -екі рет келіп кеткенмен, көре алмаған. Бірде әдейілеп Тастан үйіне сылтаумен келіп, байдың жас тоқалы Қадишаны зорға көндіріп, Ақтоқтымен кездеспекші болған. Бірақ ол жолы Ақтоқты үйінен шықпады. Елден аттанып бара жатқан Ақанды түнделетіп жеткен Тастанның көзі шалып қалып, соңына түскен. Құлагер болмағанда кім екенін бай аңдап қалатын еді. Бір абұйыры жүйрік аттың арқасында жігіт құтылып кетті. Содан бері Ақанның құмары арта түскендей. Енді, бүгін Ақтоқтыны көрудің сәті түскен сияқты. Әлі күнге дейін ештемеден беті қайтып, тауы шағылмаған сері жігіт Ақтоқтыны сырттай иемденіп, қолына қондырып аялап ұстайтын, тәрбиелеп баптайтын өз құсындай кәміл сенімде жатыр.

Тәтті қиял ұшығына жете алмай, ұзақ сабырсыз оймен көзі іліне берген Ақан мызғи да алмады. Сыртта абыр-сабыр боп дабырлап үйге біраз адам кірді. Олар - осы маңдағы Тастанның құрбылары, жасы егде тартқан шала байлар. Ортасында Тастанның ағасы, Ақтоқтының әкесі Бақтыбай, Мырзалы баласы Мұқанәлі, кезбе Су Құсайын да бар. Бүгін дүниеге келген нәрестенің - қарауыл ішіндегі малтабардың болашақ азаматының тойы өз алдына, Ақан келіпті. Бірішек қасқырды соғып әкепті дегенді естісімен тағаты қалмай тез жеткен. Іргелес отырған ауылдың адамдары, баланың тойы ертең басталады дегенге қарамай, «той десе қу бас домалайды дегенді сылтау етіп, шақыру күтпей-ақтан атқанша тоқтаусыз ағыла берді. Той дегенде қазаққа мезгілдің ерте-кеші жоқ.

Жиналғандардың әңгімесі алдымен Бірішек жайы болды да, оны соққан Құлагер, Басаралаға ауды.

─ Өй, көсегең көгерсін, Ақан балам, малдан мал, жаннан жан қоймай, берекемізді кетіріп еді осы бір көкжал, ақыры алдымызға сұлатып салдың-ау, бәтірі!- деп Бақтыбай сөзге араласты.– Қарағым Басарала күні бойы шапқанда бір талмайтын не деген мықты неме еді! Өзі қай жердің иті?

Үй іші толған сайын, өңкей байлар, төрелер төрге шығып, орындарынан созалаң тұрған шала ұйқылы Шәкейлер төмен қарай сырғып, ақыры есіктің тұсына жақындап қалған. Taп бүгінгідей күні жас та болса алыс ауылдың баласы болып құрмет көрмеген Шәкей, іштей зығыры қайнап, әр сөзге әдейі араласып, шалыс сөйлеп отырған. Бақтыбайға жауапты сол берді:

─ Басарала – өзіміздің жұрағатымыз: қарауыл, қарауыл ішінде есембай, есембай ішінде малтабар.

Жұрт ду етіп күліп, басыла қалды. Шәкей әдейі Бақтыбайға тигізіп, бұра сөйлеп еді. Қисық сөзді ұнатпай қалған Мұқанәлі қабағы түксиіп, үнемі ұшықтан арылмайтын сілекейлі аузын бір сүртіп:

- Сондай да қалжың бола ма екен. Үлкен адам жөн сұрап отырғанда беталды қылжақтай берудің не орны бар,- деп, енді төрде жымия күліп отырған Ақанға бұрылды.– Шынында жүйрік ат, ұшқыр ит, алғыр құсты қайдан тауып аласың? Сенің итіңнің қандай қасиеттері бар осы?

Ақан Мұқанәліні суқаны сүймейтін. Ол қарағанда жүзін басқа жаққа бұрып отырды. Әйтсе де әлгі Шәкейдің сөзі Бақтыбайға ретсіздеу тиді ме, «ит те болса көктабан дегендей, Ақтоқтының әкесі ғой» деп әңгіме бетін басқаға аударып, жуып-шайғысы келді.

– Менің Басараламның бойында қасқыр алатын итке тән үш қасиеттің үшеуі де бар. Алдымен – кеуделі, мұз бел, бүкіш,– бұл күштіліктің белгісі, одан соң көзі отты, қабақты, танауының қарасы мол – өжеттіктің белгісі, үшіншіден – аяқтары сіңірлі, саусақты, тырнағы ұзын – жүйріктіктің белгісі. Иттің қалған қасиеттерін, кем-кетігін өзің де білесің ғой,- дегенде үй ішіндегілер тағы да мырс-мырс етіп күліп жіберді. Ақанның бір кішігірім жиында Мырзалы байдың балаларын Сауытбектік сарала итінің күшіктеріне теңеп:

«Бісміллә, Мырзалы,

Піскен басы Сералы,

Сары тоқалың Сердалы,

Қотыр ауыз Мұқаның,

Көнек ауыз Нұралы,

Баялы, Жанәлі –

Сауытбектің Сарыала итінің балалары»-

деген шоқтай мысқылы ауыздан ауызға тарап кеткен. Содан бері әсіресе осы Мұқанәлі Ақанға тісін қайрап-ақ жүр. Бірақ шалып түсер оңтайлы кезең таба алмай-ақ қойды. Қазір де екі беті долырып, тұтана қалған ол не дерін білмей, сасқанынан қалтасындағы шақшасын алып, саптама етігінің өкшесіне

тықылдатып қаға берді. Ашу шақырып бірдеме десе, Ақаннан бұрынғыдан да ащырақ таяқ жеп қалуы ықтимал...

Шай келді. Бетін оюлап сырлаған жималы дөңгелек столдар екі-үш жерден құрылып, астау-астау аппақ ыстық бауырсақтар шашылып, табақ-табақ сары май, суық еттіктен жаңа әкелген шыртылдақ май, құрт, ірімшік, туралған тоң-желін қазы-қарта қойылды. Тастанның бәйбішесі бауырына қысқан ала дорбадан екі-үш уыс шақпа қантты үлкендердің алдына аса қасиеттеп, санағандай етіп ырғытып- ырғытып тастады. Тоқбас жіліктің басын өткір балтамен жаңқалап шауып, жұртқа кемік үлестіріп шебердің қолынан шыққандай ұп-ұсақ шағылған қантқа алдымен қолдарын салған шалдар жағы кәрлен аяққа жұқтыра құйған қою шәйді сораптай тартып, әңгімені қайта жалғады.

─ Апырай, әлгі Бірішегің көрінген қотандағы төбет түгілі, қасқырға салып жүрген айтулы иттеріңнің өзі ала алмайтын дау бірдеме ғой. Өзін атқылай көтеріп келген,- деп отырғандардың бірі, жаңа осында келгенде, қорада ілулі шұбатылған шикі теріні тамашалап көргені есіне түсіп, тағы да арланды әңгіме етті.

— Өзі қайдан келген неме екен?- деп тағы бірі сұрап қалып еді.

— Қап, тірісінде сұрай алмай қапы қалған екенсіз ғой. Керей жақтан келіпті, - деді Шәкей күліп.

— Керей дейді?

— Әй, керейдің қасқыры екен!- деп төрден есікке дейін таңырқаған аңғал жұрттың сөзі жүгіріп өтті.

— Иә, керей көрінеді,- деп Ақан да көзінде күлкі ойнап құптады да, ойға қалды.

Атамзаманнан бері қазақ жұртына індет боп жайылған ру, ата тартысының қанқұйлы сорақылықтары кейінгі жылдары қарауыл мен керей арасындағы босағаға жыланша оралған. Іргелес, қоныстас отырып-ақ бір-біріне араласып әр елдің алтын босағасынан табалдырық аттап өте берсе-ақ, әлгі сары аурудай сары бас жыландар кез келгеннің алдынан ысылдап шығады. Не үрейлендіріп шошытып, жолатпайды, не кері қайтқанында бойына ұзақ жылдар айықпайтын дертті уын құйып жібереді. Екі ел бір-біріне құда түсіп қыз алыспайтыны былай тұрсын, жақсы өнеге, өнер атаулыны араластырмай, жиіркенішпен қарайды. Думан, той бола қалса қарауыл керейді, керей қарауылды керек етпейді. Бәрінен қауіптісі - осы бір санасыз тірлік, сорақы, сұмдық қараңғылық қанаттанып, өштік қаныпезерлікке, жиреніш жауыздыққа айналып, елге салт, атадан балаға мирас болып, өскелең нәсіл келешегіне қағылған қара қазық беки түседі. Осыған кінәлі кім? Әр адамға арам қан егуші кім! Сері жігіт әлі бұл сұрақтарды жүре ойланып, оның жауабын көп іздей де бермейді. Бірақ, әйтеуір санасындағы бұлдыр, көмескі ой кейде есіне түскенде, осылар кінәлі-ау деп әлдекімдерге қаны қайнайды.

«Күндестің күлі де күндес» дегендей мына отырғандардың «керейдің қасқыры» дегенге сенбесе де, сол елдікі екен деп айыздары қанып, елеңдей қалғандары мынау. Ертегіні де шындай көріп тыңдайтын қауымға Ақан сайқымазақ бір әңгіме айтып беруге бекінді.

  • Иә,- деді қаршығадай түйіле түскен Ақан иығын ашулы бір қозғап.- Керейдің берісі екені рас. Басараланың қысқаштай қысқан аузынан босатып алып, шала-жансар арланды соя бастағанда тілге келді.

Отырғандар бір қызық әңгіме айтыларын сезіп, бәрі күлімсіреп қозғалақтап, жайғасып отырды. Бағанадан бері есікке кептеліп, бірінің иығынан, бірінің қолтығының астынан сығалап, бері өтуге жасқанып тұрғандар босағадан орын алып, қайсыбір кемпірлер кимелей өтіп, «әрі отыршы-ай, қағынғыр, сөз тыңдайық» деп, жастарды ығыстырып жатыр.

  • Алғашқыда майысқақ тобылғы қол қамшыны екі бүктеп, арандай ашылған аузына кергіш салып тастайын деп ем, «қайтесін кергішті, қорықпай -ақ қой, астында жығылып жатып, тістейтін қатын емеспіз ғой, тұрмастай боп бір жығылған соң енді қауқар жасамаймын. Атың да, төбетің де өзіне сай ажалыма туған жігіт екенсің, соңғы сөзімді тыңда» дегені бар емес пе. Ұстарадай лыпып тұрған жалақтаған кездікті қынымнан алып, қасқырдың жанары сөне бастаған көзіне қарап отырып қалыппын. «Неге отырсың, соя бер, мен айта берейін, шын арлан терісінен ажырағанша өлмейтінін білмеуші ме ең» деді. Кездікті қалың теріге қадап, қолмен де іреп сыпыра бастадым, ол сөйлеп жатыр: «Үйіме жетіп, мал жаруды үйренгеннен былай қыр елінің жылқысынан жылқы қоймадым... Қысқартыңқырап айтайын, содан алдыңғы жылы ғана қапы соғып қақпанға түстім. Бір абұйырсыздығы ұлы дәретке отыра беріп, нақ қыл құйрықтан түскенім. Шайнап тастайын деп бұрылсам, аузым жетпейді. Жан ұшырып, аласұрып жатқанымда бір топ аттылы шоқпарларын сүйретіп, cay ете қалмасы бар ма. Істер амал, қылар дәрмен жоқ: шоңқиып отырып қалдым. Аңға емес, тойға шыққандай сәнді киінген бір адам маң-маң басып келіп, «аһ, атаңа нағлет, түстің бе қолға, тимеңдер, өзім өлтірем» деп анадай жерден тұрып, сойылын оңтайлана берді. Көзіне көзім түскенде тани кеттім - бірер жыл бұрын түнделетіп жүріп көргем - болыс Азнабай екен. Ғұмыры жалынып, жалбарынып көрмеген басым, мүсәпір боп отырғанда қоқаңдап батырсынып тұрған болысқа не істерсің, бөрінің де бір айласы болады, ажал көзіме көрінгенде тілім шықты. «Азеке, болысеке, дат!» дедім. Алдына тізе бүккенге масаттанатын мансапқор болыс маңындағыларға мақтана қарап қойып, «Не датың бар еді, айт. Жазықсыз малды неге қырасың, сволыш!» деп қойды. Соңғысы болыс болғалы Омбыдан жаңа үйренген сөзі болу керек. Сөз таластырып жататын күш қайда, жай-жапсарымды майдалап, түлкі тілмен, ара-арасында дөрекілеу бөрі тілімен түсіндіріп бақтым. «Азеке-ау, екеуіміз де құдайдың құлы емеспіз бе? Сізді алла тағала момын қара халықтың үстінен күн көруге жаратқанда, мені тілсіз қара малдың есебінен күн көруге жаратпап па еді. Сізге керек тұрмыс маған да керек». Өзі де иттің тілін судай білетін хайуан екен, лезде шүйіркелесе кетті. «Әй, тұрмыс дейсің. Сенің тұрмысың менен артық қой. Шыныңды айтшы, неше қаншығың бар?» деп, нәпсіге жаратылған майлы көзі жылтыңдап, күншіл неме жұтынып -жұтынып қойды. «Ой, Азеке, біздің тұрмысымыз қайдан пірдей болсын, сіздің төрт қатыныңыз бар. Менде бар болғаны бір-ақ қаншық, оллахи, беллахи! Оның өзі жарымжан, ақсақ байғұс... Егер... алам десеңіз оны да берейін, тек босата көріңізші»... деп күмілжідім. «Жарайды, оны кейін көрерміз»- деді ұрғашы

атаулыны бос жібермейтін болыс одан да дәмеленіп,- «ал, датыңды айтшы». «Датым сол- мені өлтіргенмен сізге түсер пайда не, өзіңіздің көп бөрілеріңіздің бірі құрлы еңбегім сіңер, мені жауыңызға жұмсап, қасыңызға салып көрмейсіз бе? Сізге азусыз момын жүз тобырдан жақын іздегенше, азулы қаныпезер бір бөріден дос тапқаныңыз артық емес пе?» дедім. Азнабай болыс шалбарының терең қалтасынан күмістеткен мүйіз шақшасын алып, бір шөкім бұйра насыбайды ерніне баппен салды да, шырт еткізіп бір түкіріп «сөзіңнің қисыны бар. Егер еркек боп уәдеңде тұрсаң босатайын, бірақ бұйрығымды орындамасаң құйрығыңды бұраймын» дей бергенде, «айтыңыз, бәрін орындаймын, мен де өзіңіздей еркекпін» деп жеппелете жөнелдім. «Бұйрығым сол, менің үлкен жауымның бірі - іргедегі керей деген көп жылқылы қалың ел. Соның малының, бас -көз демей, кез келгенін алқымынан алып қыра берсең, менің де қолым солардың алқымында болғаны. Ал енді еркінсің» деп қақпанға түскен құйрығымның дәл түбінен шорт кесіп қоя берді. Зытып отырдым. Ұзай бергенде Азнабай: «Әй, айтқандай қаншығың қайда, бұйрықты ұмытпа» деп айғай салды. Босап алған соң ішінде қызғаныш оты ойнайды екен. «Қаншықты қатқақта қуып ұстарсың. Бұйрығың орындалмаса, құйрығым қолыңда ғой, бұрай бер» деп зымырай жөнелдім.

Анда-санда ду етіп, өткінші жауындай жаппай күліп, оқыс тыйыла қалған жұрт, әңгіменің осы тұсында гуілдеп кетті.

  • Аһ, қаныпезер Азнабай, қарашы қасқыр екеш қасқырға дейін жұмсауын.
  • Тек жатқан елде не өші бар екен ала алмай жүрген, әлде ғана. Екі елдің арасына іріткі салатын осылар екен ғой.
  • Өй, тілеуің бергір, Бірішек. Әлгіні айтқан ана қорадағы тері ме-ей?!
  • Кетерінде мықтап кеткен екен,- деп кемпірлер бірін-бірі шымшылап мәз боп жатыр.
  • Тұра тұрыңдар, ар жағын естиік,-десіп гуілдесіп алып, тағы да Ақанның аузына қарасты жұрт.

Ақан Біржан салдың басына жазықсыз қамшы үйіртіп, зәбірлеген Азнабай болысты осылайша бір шоңқитып алып, ендігі әңгімені өз ішіндегілерге қарай ойыстырды.

«Бірішектің сөзіне күліп отырып пышағым тайып кетіп еді, арлан қиқаң етіп «байқасайшы, батыреке-ау» деп ыр етті. «О не, пышақ етіңе тиіп кетті ме» деп ем, «жоға, етімнен ет кессең де қыңқ етпейтін қасқыр емеспін бе, теріні кесіп алдың ғой, бүлдірмесейші» деп, Бірішек әрі қарай сөйлей берді. «Содан не керек, ұзын сөздің қысқасы, әлгі сөзіме шамданған Азнабай бар атқа мінерлерін соңыма салып, күн көрсетпеген соң, бір күні қасыма нақсүйер жалғыз молақ қаншығымды ертіп алып, керей еліне қарай жорттым. Екі жылдай жақсы тұрмыс құрып ем, ол жақта да Жанбота деген бір сұм бар екен, сол соңыма жарық алып түсіп, күн көрсетпеді. Абалаған талай төбетін жұмсап: «тіршіліктен үміті болса, бұл арадан кетсін, қарауыл жағына барып паналасын» деп қайта-қайта сәлем айтып, мазамды ала берген соң, құйрығым қоныс таппай, Сырымбет қайдасың деп тартып бердім. Сүйтсем, қарауылдың нағыз қалың шетінен бір-ақ шығыппын ғой. Құдай біледі- ау, керей іздеп кергитіндей, қарауыл іздеп қарғитындай Азнабайдың, Жанботаның жыртысын жырта жүргем жоқ, бәрі күн көріс қамы ғой, даяр ас болса болғаны –

келе ауызды салдым малға. Шынын айтқанда, кедей-кепшіктің жалғыз-жарым арық-тұрағына тимедім, ғұмыры жасық жеп көрмеген мен де төре тұқымы секілді асылдың сынығымын, байлардың былқылдаған биелері мен байталдарына бастым азуды. Мынау қай ру, қай ата деп қарағам жоқ, жылқы малы, бір жақсысы, үйірге бөлінсе де, руға бөлінбейді ғой, көшейдің Назар, Тілеубай деген ағайынды байларының, төреден Уәлі балалары Шепе, Махмет, Қозыкейдің, атығайдан көшкіл ораз Тұмырзаның Мұқаны, көшқұлы Боқа, бораншы Сасықтың Тоқсанбайы, Қисықтың Исанбайының, малтабар, құлтабар, көшей, көлдей, көбей жұртының шаруасы мығым байларының малын қынадай қырдым. Тіпті бір боранды күні Кемел баласы саудагер Сүлейменнің қызыл шатырлаған сиыр қорасына дейін түстім. Қорқайын ба!»

Күнде естіп жүрген кісі аттарын естігенде есік жақта шүпірлеген жастар жағы мәз боп күліскенмен, төр жақта отырғандар енді үнсіз тымырайып, өздеріне де қолайсыз тықыр таянғанын сезіп, жөтеліп, қозғалақтай бастады.

«Сен қорқайын ба дейсің, әлгілерің, жарайды, ерлік болсын, бірақ түнеугүні Кемелдің Нұртазасының жылқышысын неге аттан жұлып алып, есін шығардың. Ол малайдың не жазығы бар?» деп ем, Бірішек басын көтеріп алды. «Тұра тұр, тұра тұр. Малай, малай» дейсің, сол малайға не жоқ итаршыланып, «байдың асын байғұс қызғанадының» кері. Жыным келіп аттың үстінен әдейі жұлып алдым да, өңменінен басып тұрып: «Әй, оңбаған малай-ау, жалшы, сорлы неме, сен ғой таң қараңғысынан көзің жыртиып тұрасың да боран демей, шашын демей күні-түні салпақтап, Нұртазаның малын бағасың. Сондағы алатының не? Әлі бауырыңа басқан қаншығың да жоқ, ә-ә, қатының дегенім ғой. Егер ертемен тұрмай гөр. Бір күн ұйықтап қалсаң қаражүрек Нұртаза үстіңе мұздай су құйып, шошытып оятады. Тағы, ол аз дегендей, тепкінің астына алады. Ал, сен болсаң, мыңғырған малдың біреуін жегенге желігіп, менің соңыма түсесің. Маған күш көрсеткенше, ана Нұртазаға бір ауыз қарсы сөз неге айтпайсың, сен туғанда да қалжа жемеп пе еді. Өй, адам болмайтын ынжық неме деп, бір нұқып, қарға нығарлап кетіп қалдым. Тіл-аузы байланып, зәресі ұшқан өзінен көрсін, жасық неме. Мен оны жеп қояды деді ме екен, қуыс қурай»,- деп езуін ыржитты. «Ал енді Бақаң, Тастандардың малын неге жеп жүрсің, олар маңдайы шылқыған бай емес қой» дедім.


Перейти на страницу: