Меню Закрыть

Атамекен — Елшібеков Жанат

Название:Атамекен
Автор:Елшібеков Жанат
Жанр:Қазақ көркем әңгімелері
Издательство:Жалын
Год:1984
ISBN:
Язык книги:Казахский
Скачать:
VK
Facebook
Telegram
WhatsApp
OK
Twitter

Перейти на страницу:

Страница - 6


Ойды ой қозғап, әр жайдың басын бір шаламыз-ау. Редакциядағы қызметтес әріптесімнің кабинетінде ешкім байқай бермейтін «базарлық»— бір буда масақ тұр. Москва олимпиадасына арнап жасалған полиэтилен құ- тыдағы бадана дәнді масақтың бұл бөлмеде тұрғанына да шамамен алты-жеті жыл. Оны журналист әріптесім қазақстандық кезекті болған 1978 жылғы миллиардта тың өлкесіне барған сапарынан әкелген еді. Диқанның маң­дай терімен өніп-өскен құтыдағы масақты мен суретке түсіріп алғанмын... Тас төбеден күлімдеген күн бар қызуын төгіп тұр. Әлсін-әлсін ғана жылы леп еседі. Бадана дәнді масақтар бастарын көтере алмастан баяу тербеледі. Дала кемеле­рінен секіріп-секіріп түскен механизаторлар құдды бір

Бір буда масақ

жыл бойына жүздеспей, кездеспей жүрген жандарша шүйіркелесуде. Олардың әңгімелерінің арқауы да көп жайды аңғартады.

— Қанша гектар бастырдың?

— Бүгін екі норма орындайтын шығармын.

— Онда жарадың.

— Күн де жақсы боп тұр-ау...

Іле-шала түскі асты егіс басында апыл-құпыл ішкен азаматтар асығыс өзді-өзінің комбайнына қайта отырды. Әр минут санаулы. Мазасыз шақта уақыттан ұтылмау — басты мақсат. Олардың қиялын шарықтатқан, қажырын қайрақтай жаныған да — жаңа орақтың наны. Үзік-үзік суреттер бірін-бірі құрап, тыңның алып полотносына айналып жатқандай. Сол бір дән дәриясында тербелген дала кемелері көгілдір көкжиекті беттеп барады, ұзап барады.

Дән жыры — нан жыры толассыз шертіліп тұр...

ТҮЛЕГЕН ТҮБЕК

МАҢҚЫСТАУ!.. Туған республикамыздың атақ-даңқын дүние жүзіне паш еткен қазыналы түбек, газ бен мұнай­дың өлкесі. Еліміздің физикалық картасында бір өңкей солғын да сүреңсіз сарғыш бояумен бейнеленген бұл ай­мақ сегіз миллион гектар жерді алып жатыр. Алақандай көрінер осынау мекенге Австрия, Швейцария, Нидерлан­ды және Люксембург тәрізді бірнеше мемлекет тұтасы­мен сыйып кетеді. Бар құпиясын қабат-қабат жер қыртысына жасырып, жүздеген жылдар бойына ұйқтаған бұл өңірді ғарыш ғасырының тегеурінді серпіні оятқаны мәлім. Құла түзде заңғар заводтар мен көрікті комбинат- тар сап түзеді. Бақтар жайқалып, ақ шаңқан шаһарлар пайда болды. Төскейінде түйе керуендерінің сурлеу-ізде- рінің сұлбасы сайраған, тастарында маржандай тізілген әріп-таңбалары мен қошқар мүйізді ою-өрнектері өшпе­ген шежірелі өлкенің бүгінгі дидары да бөлекше. Ол — айқұш-ұйқыш тартылған болат магистральдар, көкке бой созған мұнай мұнаралары мен ілгері ұмтылған газ құбырлары...

Иә, ұйқыдағы аруды оятқан Маңқыстау мұнайы еді. 1950 жылы алғаш рет геологиялық-геофизикалық мұнай іздестіру партиясы құрылды. Сонымен барлау басталды! Аңыз бен ақиқаттың арасы уақыт өткен сайын жақындай, саралана түскен. Араға он жыл салғанда барып сарыла күткен күн өз қуанышын сыйлады. 1960 жылы 5 январьда Өзен алқабында бұрғышы-мастер Ғазиз Әбдіразақовтың жетекшілігімен бұрғылап жатқан «К-184» скважинасынан тұңғыш рет газ фонтаны атқылады. Сөйтіп, талай ғасыр­лық сырды тылсым тұңғиығына тығып жатқан Маңқыстау- дың қарт жүрегі жалын жандардың алдына жұмбағын жайып салды-ау. Одан кейін көп ұзамай-ақ келер жылдың 6 июлінде Жетібай алаңынан тұңғыш мұнай фонтаны атты.

Іле-шала Каспийдің көгілдір айдыны көмкерген түбек­тің теңізге құлар жағалауына автокеруендер ағылып келе бастады. Күні-түні буырқанып, асау толқындары аспанға атып жататын Атыраудың тұлдырсыз тасты жағалауына алғашқы тұрғындар шатырларын тікті жарыса. Ал жеті қабат жердің жұмбағын ашқан алып мұнаралар сайын даланы ерекше еңбек дүбіріне бөледі. Алпыс үшінші жылы қара алтынды аймақтың орталығы — мұнайшылар

қаласының тұңғыш қадасы қағылды. Жаңа қаланың жоба­сын жасаған ленинградтық сәулетшілер оның болашақ келбетін күн ілгеріден көз алдыларына елестеткен. Зәу­лім ғимараттарға пайдаланылмақ негізгі құрылыс мате­риалдары да жергілікті жерден табылды. Солардың ең асылы, ең қастерлісі Маңқыстау мәрмәрі — ұлутас. Жеті- байдың қазынасы саналар ұлутастар екінші рет өмірге келіп, теңіз жағасынан бой көтерген ақ шаңқан қаланың әсем кірпіштеріне айналды. Осы өңірдегі ұлутастың қыр,

Су тұщытатын атом қондырғысының сыртқы көрінісі

мызы қызыл, қоңыр қызыл, сарғыш қызыл, ақ түрлерінің барланған қоры алпыс екі миллион текше метрден асады. Бұл — қыруар байлық! Маңқыстау мәрмәрін осы күнде Москва, Ленинград, Алматы, Гурьев, Ростов, Злотоуст, Новосибирск, Кисловодск, Куйбышев, Чебоксары қалала­рының, Балтық бойындағы республикаларының көптеген құрылыстарынан көресіз. Сондай-ақ «Мангышлакраку- шечник» өндірістік бірлестігінің өнімдері социалистік және бірқатар шетелдерге экспортқа жөнелтіледі.

Құт мекенге айналған республикамыздағы ең жас

қалалардың бірі — Шевченко жыл санап емес-ay, күн санап өсуде. Ақ шағала шаһардың архитектуралық ажары еш қалаға ұқсамайды. Теңіз лебіне бет бұрған зәулім ғимараттар комплексі бейне бір ашық жатқан кітаптың қос парағындай шалынады. «Ақтау» қонақ үйі, Советтер үйі, Абай атындағы Мәдениет сарайы, «Юбилейный» кинотеатры, сауда орталығы, Химиктер сарайы, байланыс орталығы секілді шоқтықты ғимараттар комплексі — сәу­летшілердің ұшқыр қиялының үздік жемісі. Қала қақпа­лары — аэропорт, автовокзал үйлерінің құрылыстары да көз тартарлық. Теңіз жағалап шеңберлей өтетін сақина жол микроаудандарды бір-бірімен байланыстырады.

Іргедегі шалқар теңізден шаңқылдап көтерілген топ- топ шағалаларды қала аспанынан да көресің. Автобус ішінде отырған әркімді-ақ осы сәт мәрмәр үйлері бой таластырған ғажайып қала көк толқында тербеліп тұрған­дай әсерге бөлейтіні анық.

Әсем қаланың жобасын жасауда тамаша архитекту­ралық шешімдер тапқаны үшін 1977 жылы Шевченко сәулетшілерінің бір тобы СССР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Лауреат қала әлемнің 53 қаласы бәсекеге түс­кен Барселонадағы халықаралық байқауда да суырылып дара шықты. Архитекторлардың халықаралық ассоциа- циясының үш жылда бір берілетін Патрик Амберкромби атындағы Алтын медальді Қазақстанға алып келуі үлкен қуаныш.

Маңқыстау түбегінде болып жатар ғаламат оқиғалар дүркін-дүркін планетамызды өлеңдетумен келеді. Бар­лық байлығын жер қойнауына қаттаған табиғат бұл өңірге жалғыз тамшы суын қимаған. Шарқ ұрып іздесең де не ойдан, не қырдан бірде-бір өзенді таппайсың-ау. Оқта- текте ұшырасар шыңырау құдықтар аңызға айналған көмескі іздерге үңілдіреді. Амал жоқ тұщы суды Каспий толқындарын кесіп, сонау шалғайдағы Баку мен Махачка- ладан тасуға тура келді. Бұл жай мамандардьі қатты тол- ғандырды. Адам баласының ақылынан асқан ешқандай құдірет болған емес. Міне, ол тағы бір толғақты пробле­маны — теңіз суын тұщытып, халық мұқтажына асыруды ойдағыдай шешті.

Өзенсіз өлкенің өміріне ядролық энергетика мен атом келді. 1971 жылы төрткүл әлем Маңқыстау түбегін­де дүние жүзіндегі тұңғыш өнеркәсіптік атом-электр станциясы құрылысының аяқталып, оның шапшаң ней- трондармен жұмыс істейтін электр қуаты 350 мегеваттық

БН— 350 реакторының іске қосылғанын есітті. Ядролық реактор су тұщытқыш қондырғының агрегаттарын шыр айналдырып, зыр қақтырды. Атомның алып қуатымен аса жоғары температурада қайнап, қас қағымдық сәтте буға айналған кәрі Каспийдің тұзды суы түрлі генераторлар мен аппараттардан, толып жатқан цехтар мен құбырлар­дан өтіп, тұндырылып, сүзіліп, тұзынан арылып, кәусардай мөлдір суға айналады. Тәулігіне сексен мың тоннадан астам тұщы су өндіретін «Атом самаурыны» бүгінде бүкіл қала мен заводтардың, бау-бақшалар мен гүлзарлардың жүрегі болып күні-түні тынымсыз қайнап тұр.

Ерлік пен достықтың аялы бесігіне айналған Маңқыс­тау төсіндегі Форт-Шевченко, Жаңа Өзен секілді сәулет­ті қалалар мен көрікті поселкелердің болашағы бүгінгі- ден де жарқын.

Жаңа Өзенге апаратын таспадай тілінген асфальт жол алға жетелеген сайын артта қол бұлғаған ақ шаңқан қала көгілдір теңіз құшағына орана түседі. Ал жол апшысын қуырған жеңіл машина дүние жүзіндегі ең еңіс жер, мұхит деңгейінен 132 метр төмен жатқан Қарақия ойпа­тына түсіп, қарсы беттегі белеске қайқаң етіп шыға келгенде кешегі тұлдырсыз Маңқыстаудың таңғажайып суретіне тап боласың. Маң далада сап түзеген мұнара­лар... Ұшар басында қып-қызыл жалын алаулаған тұрба- лар... Міне, бүгінгі қайта түлеген түбектің, қойны толы қазына-құт түбектің бейнесі осындай!

Мұнайлы аймақтың түнгі келбетін көрсең, шіркін! Көк- тегі жұлдыз біткен жерге шашылып қалғандай. Айнала төңірегің үздіксіз жымыңдасқан, жарқ-жұрқ ойнаған оттар. Ғажап-ақ!

Осы сәтте менің ойымды мазалап, көкейіме орала бергені маңқыстаулық ақын замандасым сыр етіп шерт­кен мынадай жай. Шевченко қаласындағы екінші микро- аудандағы № 1 орта мектептің маңында ерекше белгі- монумент бар. Сол қарапайым ескерткіштің мәрмәр бетіне қашап жазылған әр сөзді тебіренбей оқи алмай­сың: «1967 жыл, 7 ноябрь. 2017 жылы 7 ноябрьде ашылсын. Келешек ұрпаққа — Совет үкіметінің елу жылдығы құрметіне — Маңқыстауды бағындырушылар- дан!»

Қазыналы түбекті танымастай өзгерткен үш ұрпақ өкілдерінің жаңа ғасыр жастарына арнаған аманат-сәле- міне үңіліп көрейікші. Онда мынадай свздер жазылған еді:

«Советтік Ұлы Отанның пионерлері! Сендерді біздің еліміздің 100 жылдық мерекесімен құттықтаймыз!

Сендер біздің өмірімізді картиналар, кітаптар, кино- фильмдер арқылы білесіңдер. Біз Совет адамдарының тұңғыш рет космосқа ұшқанына, «Венера — 4» автоматты станциясының Шолпан планетасына қонғанына куәміз. Бұрын «Мың қыстау» аталған, қазір Шевченко қаласы тұрған жерде 1957 жылы шөл даланы бағындырушылар- дың алғашқы шатырлары тізілген еді. Сендердің уақыт­тарыңда үлкен қалаға айналған Өзен, Жетібай, Ералиев поселкелері біздің көз алдымызда салынды. 1961 жылы 6 июльде Маңқыстауда тұңғыш мұнай фонтаны атты. Біз шөл даланы осындай өндірістік орталыққа айналдыруда өлшеусіз үлес қосқан Төреғали Ңадыровтың, Салық Рыс- қалиевтың, Сүйеген Салмановтың, Николай Петровтың, Виктор Борщтың, Геннадий Шевченконың, Рафаэль Мұр- тазиннің, Мария Трифонованың есімдерін зор құрметпен атаймыз, оларды мақтан тұтамыз.

Қымбатты балалар, бүгін біз Совет үкіметінің құрыл- ғанына елу жыл толған мерекесін тойлап отырмыз. Енді елу жылда сендер, аға ұрпақтың өкілі боласыңдар. Сол кездегі пионерлерге осы хатты ашып, біздің әкелеріміз бен бабаларымыздың 1917 жылдан басталған ерлік дәс­түрлерін эстафета ретінде тапсырыңдар...»

Иә, түлеген түбек — Маңқыстаудың бүгінгі самғауы қиял жеткізер емес.

ЛҮПІЛДЕЙДІ ЕКІБАСТҰЗ ЖҮРЕГІ

ЕКІБАСТҰЗ — бүкіл елімізге әйгілі кенді өңір. Қазіргі таңда Одақтағы ең ірі көмір ошағының бірінен саналатын осы аймақта қоңыр көмірдің бар екенін тұңғыш рет 1876 жылы баянауылдық жергілікті зергер Қосым Пішенбаев ашқан. Ол қысы — қаһарлы, жазы — аңызақ жапан дала­дан отқа салса гүжілдеп жанатын тастар табылған маңға белгі ретінде екі бас қалқаман тұзын қояды. Содан бастап екі бас тұз қойылған жер — Екібастұз аталып кетеді. Бұл — ел арасындағы аңыз емес, деректі тарихи шындық. Екібастұздың бүгінгі бойтұмары — гүл қауызын- дағы көмір. Жыл санап емес-ay күн санап өсіп келе жатқан кеншілер мен құрылысшылардың, инженерлер мен энергетиктердің сәулетті жас шаһарына жолы түскен әркімнің-ақ қалаға тақаған тұстағы тас тұғырда бейнелен­ген эмблемаға көзі түседі. Бір тал гүл және бір кесек көмір... Қарапайым шешім, тамаша үйлесім... Кешегі қаң­бақ кезген құла түздің қазіргі гүл жайнаған шағын жазбай аңғарарың анық. Адамдардың әлеуетті қолымен түлеген құт мекеннің жарқын дидарын да айтқызбай сезесің. Осының бәрін сағағынан иілген нәзік гүлдің шешек атқан қауызына бедерленген бір кесек көмір айғақтап тұр. Ал қаламен таныстық оның бас көшелерінің бірі—Қосым Пішенбаев атындағы проспектіден басталады.

Бір кездегі «Ақ шахта» деп аталатын кіл жатаған ба­рақтардан құралған жұпыны ғана жұмысшы поселкесінін келбетін зымыран уақыт аз мерзімнің ішінде-ақ танымас- тай өзгертіп, жайнатып жіберді. Мұның бәрі Екібастұз көмірі әкелген өзгерістер.

Соғыстан соң қираған қалаларды қалпына келтіру, заводтар мен фабрикаларды бар қуатымен қайтадан іске қосу секілді ең маңызды, ең үлкен кезең өз міндетін алға тартты. Міне, Екібастұз сағаты сонда барып соққан. Заводтардың, фабрикалардың, комбинаттардың жүрегі­не жылу мен жалын беру үшін тек өндіру құны арзанға түсетін қуатты отын қажет. Ал бұл отын — Екібастұз кө­мірі еді. Жер қабатына жақын жатқан табиғи отынды қопарып, аршып алу экскаваторлардың еншісіне тиді. Бұған терең шахтаның қажеті жоқ, көмір ашың разрез­дерде өндірілмек. Екібастұз көмірін вагондар мен платформалар, тарау-тарау болат жолмен еліміздің түкпір-түкпіріне жеткізеді. Сөйтіп, жылу болып, от болып,

алып өндіріс ошақтарына күш-қуат берді. Кешікпей-ақ кенді мекен зәулім ғимараттары өзара бой таластырған көмірлі қалаға айналды.

КПСС XXVI съезінің тарихи шешімдеріне орай осы өңірде әрқайсысының қуаты төрт миллион киловатт бола­тын төрт ГРЭС құру көзделген. Бұл еліміздің бір аймағын­да бұрын-соңды болып көрмеген алып энергетикалық жүйе. ГРЭС-тер арқылы көмір миллиондаған киловатт энергияға айналады. Ал оны қуатты станциялар электр жүйелері арқылы еліміздің Орталық аудандарына, Сібір мен Оралға, Орта Азия мен Қазақстанның түкпір-түкпірі-

Нұр желілері

не таратады. Екібастұз отын энергетика комплексі — болашақтағы төрт ГРЭС және Балқаш көлі жағасында бой көтеретін бесінші ГРЭС.

Демек, Ертіс өңіріндегі алып Американың 31 электро- станциядан тұратын жалпы қуаты 13 миллион киловаттық «Теннисси» энергетикалық комплексінен әлдеқайда асып түседі.

Негізінен ашық әдіспен өндірілетін Екібастұз көмірі қуатты ГРЭС-терді қыруар отынмен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік жасап отыр. Дүние жүзіндегі ең үлкен, ең алып көмір разрезі де — Екібастұзда. Ол — «Бога­тырь». Аты айғақтап тұрғандай тереңдігі жүз метрге жуықтайтын ашық көмір шұңғылының ұзындығы жеті-се- гіз шақырымға көсіліп жатыр. Ғажайып көрініс — бейне бір қара мұхит. Жоғарыдан қарағанда ондаған вагондар сүйреген электровоздар составтары мен экскаваторлар кішкентай ойыншық сияқты болып көрінеді. Экскаватор-

XX ғасырдың алыбы — роторлы экскаватор

лардың арасында биіктігі жиырма қатарлы үйдей болатын ғаламаттары да бар. Бұл — ЭРШРД-5000 маркалы ротор­лы экскаватор, оны болашақтың машинасы деп атаған да жөн. Сағатына бес мың тонна көмір өндіретін осы алыптар, жапонның сағатына үш мың тонна көмір беретін роторлы комплекстерін шаң қапқызғалы қашан.

«Богатырь» жыл сайын миллиондаған тонна кө­мір бере алады. Қазір Екібастұз көмірі еліміздің үш жүз­ден астам қаласын электр энергиясымен, жылумен қам­тамасыз ететін 17 ірі энергетикалық станцияға қуат

беруде. Ал көп ұзамай бұл өлкенің бағалы мол отыны Екібастұздың өзінде іске қосылатын, бұрын-соңды тарих- та болмаған үлкен энергетика алыбына да жылуын бере бастайды.

Күні кеше ғана қолға алынған Екібастұз отын-энерге- тика комплексінің келбеті аз уақыттың ішінде адам таны- мастай құлпырып, өзгеруде. Қазірдің өзінде № 1 ГРЭС толық қуатына көшті. Электр станциясының энергоблок- тарын өте ақылды машиналардың көмегімен екі опера­тор және смена бастығы басқарады. Не бары үш-ақадам!

Бұл күнде № 2 ГРЭС-тің алғашқы кезегінің құрылысы ерекше қарқынмен жүргізілуде. Он бірінші бесжылдық­тың соңына қарай Екібастұз-Орталық тұрақты желісінің алғашқы кезегі және кернеуі 1150 киловольт Екібастұз- Урал ауыспалы ток желісі іске қосылуы керек. Орайлы тұста мына бір деректерді айта кеткен жөн секілді. СССР құрылғанға дейін Қазақстан ешқандай да электр энергиясын өндірмеген. Қазіргі таңда республикамызда жұмыс істейтін 37 жылу және 28 су станциясы жыл сайын жетпіс миллиард киловатт-сағат электр энергиясын береді Ал республика энергетикасының болашағы бұдан да зор.

Бүкіл одақтық комсомолдық екпінді құрылысқа ұлан- байтақ Отанымыздың түкпір-түкпірінен келген алау жастар бір сапта еңбек етіп, өз қолтаңбаларын қалдыруда. Әкелеріміз бен ағаларымыздың ерлік пен еңбек даңқына толы мәңгі өшпес ізі мен өнегелі жолын жалғастыру бүгінгі ұрпақтың үлесіне тиіп отыр. Кешегі Днепрогэс, бүгінгі КамАЗ бен ғасыр күре тамыры — Байкал — Амур құрылыстары секілді Үлкен Екібастұзды да қаз тұрғызу — аса жауапты, аса маңызды міндет. Бейнелеп айтсақ, ол — адамдардың тағдыры мен өмірбаяны.

Даңқы ғасырлардан ғасырға ұласар Екібастұздың жү­регі бүгін де үздіксіз соғып тұр.


Перейти на страницу: