Слова назидания — Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы
Название: | Слова назидания |
Автор: | Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы |
Жанр: | |
Издательство: | |
Год: | |
ISBN: | |
Язык книги: | Русский, Казахский |
Страница - 7
39. Отыз Тоғызыншы Сөз
Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалыгы төмен болған, бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабаларымыздың мінді ісін бір-бірлеп тастап келеміз, әлгі екі мінезін біржола жоғалтып алдық. Осы күнгілер өзге мінезге осы өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай, сол аталарымыздың екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік, мінез жоқ болған
соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, сайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді.
Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі — ол замаңда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көші-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы, топ басылары қалай қылса, қалай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден-бірге жүгірмек болмайды екен. "Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой", "Бас-басыңа би болсаң, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің" деп, мал айтып тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жаксылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауры, бәрі оз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?
Екіншісі — намысқор келеді екен. Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға, өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен. "Өзіне ар тұтқан жаттан зар тұтады" деп, "Аз араздықты қуған көп пайдасын кетірер" деп, "Ағайынның азары болса да, безері болмайды" деп, "Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді" десіп, "Жол қуған казынаға жолығар, дау қуған бәлеге жолығар" десіп.
Кәнеки, енді осы екі мінез қайда? Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді. Бұлардан айрылдық.
Ендігілердің достығы — бейіл емес, алдау, дұшпандығы — кейіс емес, не күңдестік, не тыныш отыра алмағандық.
40. Қырқыншы Сөз
Зинһар, сендерден бір сұрайын деп жүрген ісім бар.
Осы, біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?
Қайраты қайтқан шал мен жастың бәрі бітім қылады, шалдар өзді-өзі құрбыдан айрылып азайып отырса да, біріменен-бірінің бітім қылмайтұғыны қалай?
Бір елдің ішінде жамағайынды кісі бірге туғаңдай көріп, іші елжіреп жақсы көріп тұрып, елге келсе, әрберден соң қайта қашқандай қылатұғыны қалай?
Жаттың бір тәуір кісісін көрсе, "жарықтық" деп жалбырап қалып, мақтай қалып, өз елінде сонан артық адам болса да, танымайтұғыны қалай?
Бір жолаушы алыс жерге барған еліне өз елін мақтаймын деп өтірікті сыбап-сыбап, қайтып келген соң, сол барған, көрген елін, жерін мақтап өтірікті сыбайтұғыны қалай?
Қай қазақты көрсем де, қай баласы жасырақ болса, оның басынан пәрмене207 болып жүріп, ержеткен соң суық тартатұғыны қалай?
Біреудің ағайыны торқалы той, топырақты елімде, адалдық, берекеде алысуңа табылмай барымта алалық, ұрлалық десе, табыла қоятыны қалай?
Бәйгеге ат коссаң, атыңды тартыспайтұғын ағайын, атың келсе, бәйгесіне өкпелейтұғыны қалай?
Баяғыда біреу біреуді пәлен жасымда жарықтық атым арып келе жатқанда пәлен жерге жеткізіп салып еді деп, өлгенше айта жүруші еді. Осы күнде бұл жылғы берген ендігі жылға жарамайтұғыны қалай?
Байдың баласы кедей болса, ұрлық қылуга арланбайды, байға кірісуге арланатұғыны қалай?
Екі жақсы бір елде сүйіскен достығында тұра алыспайды. Кейбір антұрғандардың тым-ақ тату бола қалатыны қалай?
Біреуді досым деп ат беріп жүрсең, оған сенің бір дұшпаның келіп бір тай берсе, бұзыла қалатыны қалай?
Күнде тілін алатұғын достан кейде бір тіл ала қойған дұшпанға кісінің өле жаздайтұғыны қалай?
Көп кісі досым жетілсе екен демейді, егерде бір жетілсе, бағанағы досына бітімі жоқ дқшпан сол болатұғыны қалай?
Кей жұрт ақыл айтарлық кісіні іздеп таба алмайды. Қылығының қылшығын танитұғын кісіден қашық жүретұғыны қалай?
Біреу біреудікіне келгенде үйіндегі малының бәрін де айдап келіп, өз үйіне кісі барғанда бар малын далаға айдап жіберетұғыны қалай?
Тыныштық іздеп таба алмай жүрген жұрт тыныштық көрсе, сәтке тұрмай, тыныштықтан жалыға қалатұғыны қалай?
Елді пысық билегені несі? Пысықтың бәрі кедей келетұғыны несі?
Тоқал қатын өр келетұғыны несі? Кеселді кісі ер келетұғыны несі? Кедей кісінің кер келетұғыны несі?
Нәпсісін тыйып, бойын тоқтатқан кісінін жаман атанып, нәпсісі билеп, мақтанға еріп пәле шығарған кісі мықты атанатұғыны несі?
- мәпелеу деген мағынада
Қазақтың шын сөзге нанбай, құлақ та қоймай, тыңдауға қолы да тимей, пәлелі сөзге, өтірікке сүттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да, соны әбден естіп ұқпай кетпейтұғыны қалай?
41. Қырық Бірінші Сөз
Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек.
Әуел — бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек. Үлкендерін қорқытып, жас балаларын еріксіз қолдарынан алып, медреселерге беріп, бірін ол жол, бірін бұл жолға салып, дүниеде есепсіз ғылымның жолдары бар, сол әрбір жолда бір медресе бар, соларға тоздырып, бірін сен бұл жолды үйрен, сен ол жолды үйрен деп жолға салып, мұндағы халыққа шығынын төлетіп жіберсе, хәтта қыздарды да ең болмаса мұсылман ғылымына жіберіп, жақсы дін танырлық қылып үйретсе, сонда сол жастар жетіп, бұл аталары картайып сөзден қалғанда түзелсе болар еді.
Екінші — ол адам есепсіз бай боларға керек. Аталарын паралап, балаларын алып, бастапқы айтқандай жолға салып, тағлым берсе, сонда түзелер еді.
Енді мұндай халықты еріксіз корқытып көндірерлік күш-қуат ешкімге бітпейді. Ол баланы қазақтың бәрін паралап көндірерлік дәулет бір кісіге бітуге мүмкін де емес.
Қазақты я қорқытпай, я параламай, ақылменен, не жерлеп, не сырлап айтқанменен еш нәрсеге көндіру мүмкін де емес. Етінен өткен, сүйегіне жеткен, атадан мирас алған, ананың сүтіменен біткен надандық әлдекашан адамшылықтан кетірген. Өздерінің ырбаңы бар ма, пыш-пышы бар ма, гуілдегі бар ма, дүрілдегі бар ма — сонысынан дүниеде ешбір қызықты нәрсе бар деп ойламайды, ойласа да бұрыла алмайды, сөз айтсаң, түгел тыңдап тұра алмайды, не көңілі, не көзі алаңдап тұрады.
Енді не қылдық, не болдық!
42. Қырық Екінші Сөз
Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретүғынының бір себебі — жұмасының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді? Ол ауылдан бұл ауылға, біреуден бір жылқының майын мініп, тамақ асырап, болмаса сөз аңдып, қулық, сұмдықпенен адам аздырмақ үшін, яки азғырушылардың кеңесіне кірмек үшін, пайдасыз, жұмыссыз қанғырып жүруге құмар. Дүниелік керек болса, адал еңбекке салынып алған кісі ондай жүрісті иттей қорлық көрмей ме? Өзінің кәсібін тастап, кезегендікке салына ма?
Малдылар малын өңкей малшыларға, бала-шағаға тапсырып, қолдағы Құдай берген азды-көпті дәулеті қызықсыз көрініп, оның ұры-бөріге жем болып, қарға-жарға ұшырауына шыдайды. "Пыш-пыш" кеңестен қалып, бір ауылдан бір ауылға барып қулық, сұмдық жасап жүріп, тегін тамақ жеп, ыржаңдасуды қысыратуға шыдамайды. Не үшін десең, халықка әдет сол болған соң, шаруаға пысық, мал бағуға, мал табуға пысык ол өнерлі кісіге қосылмайды, я өзі пәле шығаруға пысық, я сондайлардың сөзін "естігенім, білгенім" деп елге жайып жүріп, ырбаңдауға пысық өнерлілерге қосылғандай көрінеді.
Сол үшін осы қазақтың іске жараймын дегені өзінің азды-көптісін біреуге қоса салып, "көре жүр, көздей жүр" деп басын босатып алып, сөз аңдып, тамақ аңдып, ел кезуге салынады.
Бұл күндегіге байлық та мақтан емес, ақыл, абырой да мақтан емес, арыз бере білу, алдай білу — мақтан. Бұл екеуі қолынан келген кісі салт атты, сабау қамшылы кедей де болса, аз да болса орны төрде, майлы атқа, майлы етке қолы жетеді. Желекпелеу, мақтаншақ байларды: "сіз айтсаңыз, отқа түсуге бармын" деп желдендіріп алып, шаруасын қылмай-ақ, малын бақпай-ақ содан алып киімін бүтейтіп киіп, тәуір атын мініп алып, қатарлы бір құрметке жетіп жүре береді.
Ол бай өз тыныштығын да білмейді. Бос шығынданғанын да ескермейді. Бір кісімен сөйлессе, мұны қайтеміз деп бағанағы антұрғанмен ақылдасады. Ол сиырдың жорғасы секілденіп, қарайғанда жалғыз өзім болсам екен дейтұғын ниетімен және де ақылдасар досы көбейсе, қадірім кетіп қалады деп "Ой, Тәңір-ай, соны білмей тұрсыз ба? Ол ана қулық қой, бұл мына қулық қой деп, оған бүйдей салсаң болмай ма!" деп бар оңбаған жауапты үйретіп, амалшылықтың жолын үйретем деп, ол байдың өзін кісіге сенбейтұғын қылады. Және байдың өзіне де адам сенбейтұғын болады. Байдың өз жауабы, өз мінезі оңбай тұрған соң, бағанағы кісі бұзылса, әлгі антұрған байға, "мен айтпап па едім, онікі қулық сөз деп, міне көрдің бе?" деп, екіншіде тырп етпейтұғын қылып алады. Ендігі жұрттың ақылы да, тілеуі де, харекеті де — осы.
43. Қырық Үшінші Сөз
Адам ұғылы екі нәрсеменен: бірі — тән, бірі — жан. Ол екеуінің орталарында болған нәрселердің қайсысы жибили208 қайсысы кәсиби209 оны білмек керек.
Ішсем, жесем демектің басы — жибили, ұйық-тамақ та соған ұқсайды. Аз ба, көп пе, білсем екен, көрсем екен деген арзу210, бұлардың да басы — жибили. Ақыл, ғылым — бұлар — кәсиби. Көзбенен көріп күлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп тыстағы дүниеден хабар алады.
Ол хабарлардың ұнамдысы ұнамды қалпыменен, ұнамсызы ұнамсыз қалпыменен, әрнешік өз суретіменен көңілге түседі. Ол көңілге түсіруші бағанағы бес нәрседен өткен соң, оларды жайғастырып көңілде суреттемек.
Ол — жанның жибили қуаты дүр, бірі ұмытпастық жақсы нәрседен көңілге жақсы эсер хасил болып, жаман нәрседен көңілге жаман эсер хасил болу секілді нәрселер. Бұл қуаттар әуелден кішкене ғана болады. Ескеріп баққан адам үлкейтіп, ұлғайтып, ол қуаттардың қуатын зорайтады. Ескерусіз қалса, ол қуаттың қайсысы болса да жоғалады, тіпті жоғалмаса да, аз-маз нәрсе болмаса, үлкен еш нәрсеге жарамайтын болады.
Кімде-кім сырттан естіп білу, көріп білу секілді нәрселерді көбейтіп алса, ол — көп жиғаны бар адам: сынап, орыңдысын, орынсызын — бәрін де бағанағы жиған нәрселерінен есеп қылып, қарап табады. Бұлай етіп бұл харекетке түсінген адамды ақылды дейміз.
"Құдай Тағала өзі ақыл бермеген соң қайтейік?" демек, " Құдай Тағала сені менен мені бірдей жаратып па?" демек — Құдай Тағалаға жала жауып, өзін құтқармақ болғандығы. Бұл — ойсыз, өнерсіз надан адамның ісі.
Оған Құдай Тағала көрме, есітпе, естіген, көргеніңді ескерме, есіңе сақтама деп пе? Ойын күлкімен, ішпек-жемек, ұйықтамақпен, мақтанмен әуре бол да, ішіңдегі қазынаңды жоғалтып алып, хайуан бол деген жоқ.
Кейбіреулер айтады; "Ақыл жибили болмаса да, талап — жибили. Талап берген адам ақылды тапты. Талабы жоқ кісі таба алмады" — дейді. О да бекер.
Талап балада да бар, оған талас қылуға болмайды. Бағана айттық қой, жан қуаты басында кішкене болады, ескермесе жоғалып та кетеді, ескерсе, күтіп айналдырса зораяды деп. Жан қуатыменен адам хасил қылған өнерлері де күнде тексерсең, күнде асады. Көп заман тексермесең, тауып алған өнеріңнің жоғалғандығын және өзіңнің ол мезгілдегіден бір басқа адам болып кеткеніңді білмей қаласың. Қай жоғалған өнер ал, мен жоғалдым деп, хабар беріп жоғалады. Енді қусаң, бағанағы әуелгі табуыңнан қиынырақ тиеді.
Жан қуаты дейтұғын қуат — бек көп нәрсе, бәрін мұнда жазарға уақыт сыйғызбайды. Бірақ әрбір өнердің тыстан тауып алып ішке салғанын, соның
тамырын берік ұстап тұруға жараушы еді. Көп заман ескермеген адамнан ол бағанағы өнердің өзінің ең қызықты, қымбатты жерлері жоғала бастайды. Онан соң көп заман өтсе, сол өнерді сақтайтұғын қуаттың өзі де жоғалады. Онан соң қайта кәсіп қылуға болмайды.
Бұл қуаттың ішінде үш артық қуат бар, зинһар соны жоғалтып алу жарамас, ол жоғалса, адам ұғылы хайуан болды, адамшылықтан шықты.
Біреуі орысша "подвижной элемент"— деп аталады. Ол не нэрсе? Не көрдің, не есіттің, әрнешік білдің, соны тездікпенен ұғып, ұққандықпенен тұрмай, арты қайдан шығады, алды қайда барады, сол екі жағына да ақылды жіберіп қарамаққа тез қозған жібереді. Егер бұл болмаса, көп білуге көп оқу оңды пайда да бермейді. Керекті уақытында ойламай, керекті уақытында қылмай, керекті уақытында айтпай, дәйім уақытынан кеш қалып, "Әй, әттеген-ай! Үйтуім екен, бүйтуім екен" деп, өмір бойы ғафил болып-ақ отырғаның.
Біреуін орысша "сила притягательная однородного"— дейді. Ол — бір нәрсені естіп, көріп білдің, хош келді, кәзір соған ұқсағандарды тексересің. Түгел ұқсаған ба? Яки бір ғана жерден ұқсағандығы бар ма? Әрнешік сол іске бір келіскен жері бар нәрселердің бәрін ойлап, білгенін тексеріп, білмегенін сұрап, оқып, бөтеннен хабарланып білмей, тыншытпайды.
Үшіншісі, орысша "впечатлительность сердца"— дейді, яғни жүректі мақтаншақтық, пайдакүнемдік, жеңілдік, салғырттық — бұл төрт нәрсе бірлән кірлетпей таза сақтаса, сонда сырттан ішке барған әр нәрсенің суреті жүректің айнасына анық рәушан болып түседі. Ондай нәрсе тұла бойыңа жайылады, тез ұмыттырмайды. Егер де бағанағы төрт нәрсемен жүректі кірлетіп алсаң, жүректің айнасы бұзылады, я қисық, я күңгірт керсетеді. Енді ондай нәрседен оңды ұғым болмайды.
Әрнешік тән қуатыменен сырттан тауып, сыртта сақтайсыз, оның аты дәулет еді. Оның да неше түрлі кеселі, кесапаты бар нәрселерін білмесең, сақтай алмаушы едің ғой. Соған ұқсаған іштегі жан қуатыменен жиған нәрсенің аты ақыл, ғылым еді ғой. Оның да неше түрлі кеселі, кесапаты тиер нәрселері бар. Оны білмесең, бақпасаң — айрыласың. Және әрбір жақсы нәрсенің өлшеуі бар, елшеуінен асса — жарамайды. Өлшеуін білмек — бір үлкен керек іс. Ойланбақ жақсы, іске тіпті салынып кеткен кісі ойын байлай алмай, қияли болып та кеткені болады.
Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық — бұл нәрселердің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса, боғы шығады.
"Ненің қызығын көп іздесең, соның күйігін бір тартасың" деген бұрынғы ғалымдар. Баз махфи олмая211 ол, мен айтқан үш қуаттың ішіңде екеуі, яғни "сила притягательная однородного" бірлән "подвижной элемент"— бұл екеуі қосылып тұра тұрган нәрсе, күллі пайда да бұлардан шығады, уа күллі зарар да
- айтылмай жасырын қалмасын
бұлардан шығады. Мансап сүйгіштік, мақтаншақтық, ашуланшақтық, өтірікшілік, осыған ұқсаған әрбір маскүнемдікке тартып, құмар қылып, ақылдан шығарып жіберетұғын нәрселер осы екеуінен болады. Бұларды түбегейлеткеңде жақсы нәрселерді түбегейлетіп, жаман нәрселерден, яғни жоғары айтылмыш секілді адамшылықтан шығарып, құмарпаздыққа салып жіберетұғын нәрседен бойды ерте тыйып алуға керек.
Пайда, залалды айыратұғын қуаттың аты ақыл еді гой. Бір ақыл қуаты бірлән мұны тоқтатып болмайды. Һәм ақыл, һәм қайрат — екі мықты қуат қосылып тоқтатады. Ол екеуі кімде бар болса, бағанағы екі қуат мұнан салсаң онан шығатын бір жорға атпенен тең.
Егерде бұл екі қуаттың екеуі де аз болса, яки бірі бар, бірі жоқ болса, бағанағы екі қуаттар — бір басы қатты асау ат, жүгенсіз тауға ұра ма, тасқа ұра ма, суға ұра ма, жарға ұра ма — Құдай білсін, әйтеуір жолда көрген есті, ақылы дұрыс адамдар әлі де сұрамай да қалады. Сенде ерік жоқ. Екі етек жайылып, екі көзің аспанда, масқара болып кеткенің өлгеніңше.
44. Қырық Төртінші Сөз
Адам баласының ең жаманы — талапсыз. Талап қылушылар да неше түрлі болады. Һәм талаптың өзі де түрлі-түрлі. Һәм сол талаптардың қайсысының соңына түссе де, бірінен-бірі өнерлі, тұрлаулырақ келеді. Уа, ләкин адам баласы я талапты, я талапсыз болсын, әйтеуір "бәрекелдіні" керек қылмайтұғыны болмайды. Әрнешік, орынсыз ба, орынды ма, "бәрекелді" деушіні көңіл іздеп тұрады.
Адам баласы өзі қай жолда, қай майдаңда жүрсе, сол майдандағы кісімен сырлас болады. Аның үшін өзге жолдағылардан "бәрекелдіні" оңды күтпейді. Маған "бәрекелді" десе, осы өзімменен серіктес, сырлас осылар "бәрекелді" дер дейді.
Талаптың ішінде адам баласы көбінесе басына кәдір іздеп, сол талапта болады. Біреуі мал қуып жатыр. Сараңдықпен, арамдықпен, әйтеуір мал тапсам, "Мал тапқан ердің жазығы жоқ" дейтұғын, "Малдының беті жарық" дейтұғын мақалға сеніп, халықтың түріне қарай, ит те болса, малдыны сөге алмайды деп, бұл мал һәм пайда, һәм қасиет болады бойыма дейді. Мұнысы рас, қазақтың өз қүлқына қарағаңда, бірақ адамдыққа, ақылға қарағанда, қазақ түгіл, көңіл жиіркендіретұғын іс.
Осыған орай біреу қажеке атанамын, біреу батыреке атанамын, біреулер білгіш, қу, сұм атанамын деп сол харакетте жүр. Әркайсысы қазаққа бұлдамақ та болып, басына "осыным бірсыпыра елеу азық болар" деген талаппен қылып жүр.
Мұнысы қазақтың тамырын ұстап-ұстап қарайды-дағы, "мынаны алып келіп берсе, қымбат алғандай екен, осы күнде мына бір істің біраз пұлы бар екен" деп, қазақтың бетінен оқып, ізденген талап болмаса, кітап бетінен оқып іздеген талап емес.
Аның үшін кітап сөзіменен ізденген талап болса, әуелі көкіректі тазалау керек дейді, онан соң ғибадат қыл дейді.
Қазақтың бетіне қарап, содан оқыған болса, ол талабыңды қыла бер, көкіректі дым тазалаймын деме, оны кім көріп жатыр, ішінде қатпар көп болмаса, құт-берекеге жағымды болмайды дейді. Енді осыған қарап қайдан оқып, ұмтылған талап екенін білерсің.
45. Қырық Бесінші Сөз
Құдай Табарака уатағаланың барлығының үлкен дәлелі — неше мың жылдан бері әркім әр түрлі сөйлесе де, бәрі де бір үлкен Құдай бар деп келгендігі, уа һәм неше мың түрлі діннің бәрі де ғаделет, махаббат Құдайға лайықты дегендігі.
Біз жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарай білетұғын пәндеміз. Сол махаббат пен ғаделетке қарай тартпақпыз. Сол Алланың хикметін біреуден біреу анығырақ сезбекпен артылады.
Инандым, сендім демек инандырамын, сендіремін деген емес.
Адамшылықтың алды — махаббат, ғаделет сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол — жаратқан Тәңірінің ісі. Айғыр биеге ие болмақта да махаббат сезім бар.
Бүл ғаделет, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі — ғалым, сол — ғақил. Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп.