Ақан сері — Сәкен Жүнісов

Название: | Ақан сері |
Автор: | Сәкен Жүнісов |
Жанр: | Роман |
Издательство: | Жазушы |
Год: | 2002 |
ISBN: | 5-605-01808-6 |
Язык книги: | Казахский |
Скачать: |
Страница - 18
Күреңбай Құлагерге сүйсіне бір қарап, көптің арасына сіңіп кетті.
Үлкенге ауыз салып елірген, әдепсіз есірік байдан бағанадан бергі есесін бір-ақ қайтарып кеткен Күреңбайдың соңғы сөзіне жиын топтың кейбірі мырс- мырс күлсе, Батыраш не дерін білмей есеңгіреп, сазарып қалды. Қайтсем бас бәйгені алып, үш жүзге атымды шығарам деп келген байды әлден мысқылдап, кекете бастады. Алдынан «қарақайлап» Құлагер өткендей көзі бұлдырап, жынын
алдырған бақсыдай сұлық тұрып, тек зәрлі көзімен өзіне ажалдай боп көрінген атқа қарай берді.
Бұл кезде Құлагерді айнала қоршағандарды көріп, топ ақындармен желпінуге шыққан Ақан да жүгіре басып жеткен. Мөңкенің қолындағы бір жақ шеті жыртылып жұмарланған жабуды алып атына жапқанда, Ақтоқтының белгісінің умаждалғанына көңілі босап кетті.
- Қай антұрған еді, кісі дүниесіне арам қолын салған,- деп Ақан жұртқа бұрылғанда:
- Қарауылдың баласы амандықтан қашаннан бері қалған,- деп Батыраш мықшыңдап, терең қалтасынан шақшасын суырды.
Ожар байдың үніндегі кекесінді сезген Ақан жабуды алған ызалы адам да осы екенін жазбай таныды.
- Мойны қашық алыстан келген адамға ата жолымен кеп сәлем бермеген наданға, иесінен бұрын атына келіп кісінескен жаранға менің амандығымның қажеті не?!
- Сенің алыстан келгеніңді білмей қалдық, бұл аста қарауыл баласы аяғын қия баса алмайды деп естіп ек, қайсыбірінің тентіреп келіп қаларын қайдан білейік,- деп, «қатырдым ба» дегендей Батыраш маңындағыларға қарқылдай күліп қарап еді, мұны қостаған өз тобы ғана болды. Кеңкілдеп, ырқылдап, күлкілері шашырап, жараспады.
- Әй, Батыраш,- деді Ақан оқты көзін қадап. Жұрт тына қалды.- Тентіреп келген мен емес, тебінгілі Құлагердің тепкісі шығар сенің теріңді көн терідей құрыстырып тұрған, зәрлі сөзіңді маған айтқанша, зәрін жерге төккен Құлагермен сөйлесуің керек еді. Сендей азбанның егесетіні де, дұшпаны да кестірілген ат емес пе? Жөніңді неге білмейсің, теңіңді неге таппайсың?
Жұрт шыдай алмай ду күлгенде Батыраштың да қаны ду етіп бетіне шықты. Ақан тоқталған жоқ:
- Құлагерді айтсаң, ол жалғыз емес. Бүкіл үрім-бұтақ, зәу-зәтіңнің бүлдіршіндей қыздары емес пе бұл келіп тұрған. Бар қызыңды бір мәстекке сарп етіп ең. Ендеше, неге қыздарыңды телміртіп жібересің? Одан да Құлагерді алақаныңа салып аялап, құшағыңа алып неге көріспейсің? Екеуіңнің мысық пен иттей дүрдиісіп - бұл тұрыстарың не?!
Жұрт тағы да мәз боп күліп, бірін-бірі түртіп, шынымен ит пен мысықтай ма дегендей Батыраш пен Құлагерге алма-кезек қарап, жымыңдайды. Батыраш қоңқ етті:
- Әй, Ақан. Көп ділмарсымай, тұратын жеріңді айт.
- Тұрар жерімді айтатындай, жарқыным, мен сенімен белдесуге, қандасуға келгем жоқ. Қыранның қабанды алғанын қашан көріп ең? Шынымды айтайын,
менсінбеймін. Өзің емес пе жаман түйенің жабуындай жарбаң-жарбаң етіп ылғи етегімнен тікендей жабысып, соңымнан майлы аяқтай қалмайтын. Өшің Құлагерде екен, жарылып кетсең де шыным сол: мейлі бүкіл алдыңа салып өргізген мыңғырған малыңды сал бәйгеге, әр тоспадан тұрып тың жүйріктеріңді қос, бәрібір жалғыз Құлагерімнің шаңына да ілесе алмайды. Несіне әулекілене бересің. Сенің байлығың кімге дәрі, өңкей ит мініп, есек қамшылап жүрген.
Батыраш шын жарылып кете жаздады:
- Ей, жамағат, бәріңе айтамын. Егер Құлагер осы бәйгеде алдымен келсе, мына басымды қыл мойнынан кесіп берейін.
Ақан мырс етіп күлді:
- Құлагердің үнемі алып келе жатқан бәйгесі неше тайтұяқ алтын, неше жүз ділда, үйір-үйір жылқы. Ал, сен осынау үлкен аста оның бәйгесін неге арзандатасың. Өз басыңның құны қанша екенін білмейді екенсің ғой,- дегенде жұрт даланы басына көтерді.
Батыраш күйініп, ұмтыла түсті:
- Егер менің Құлайкөгім не Топайкөгім алдымен келмесе, қаңғырған қарауылдың атының қасына торсық етіп байлап қоя беремін. Егер алдымен келсе, Құлагер дегеніңнің де, Ақан дегеніңнің де аты мүлдем өшетін болады.
- Ол ат қалай өшпек? Көкшетау десе, біздің қалың жұрт «Ақанның елі», «Кершолақтың елі», «Құлагердің елі» дейді. Оны жер жылап, көр жыласаң өшіре алар ма екенсің. Ал Батыраш, Құлайкөк дегендеріңді ести алмай арманда өлетін шығармыз,- деп көптің ортасынан біреу гүж ете қалғанда, жұрт жалт қарады. Ақанға бата алмай тұрған Батыраш «бөрі ашуын тырнадан аладының» керімен ежіреңдеп, оған тап-тап берді.
- Жерден жік шықты, екі құлағы тік шықты. Сен қайдан келген сұмырайсың. Жоқтауыңды асырайын ба осы!
Екі шекесі торсықтай, киім киісі бөлектеу, еңгезердей, алпауыт қара жігіт көзі шатынап, қарсы ұмтылды. Батырашпен төс қағысып тұрып қалған ол:
- Қай сұрағыңа жауап берейін әуелі,- деп жеп барады. Тайсалар емес. Ә дегенде мұндайды күтпеген Батыраш күмілжіп қалды:
- Қай сұрағы несі?!
- Қайдан келген сұмырайсың дедің. Мен - сұмырай емес, Кіші жүздің адайымын, танымасаң құдайымын! Екінші - жоқтауыңды асырайын ба дедің. Ер екенсің, жеке шық, қайсымыздың жоқтауымыз асар екен. Сен Орта жүздің есер алтайы болсаң, мен Кіші жүздің бас кесер адайымын, сен алтайдың қабыланы болсаң, мен адайдың балуанымын!
Көптің көзі шарасынан шығып, әр жауырыны диірменнің кесек тасындай жігіттің тұлғасына қарасты.
Тақпақтап сөйлеп, тұла бойы дірілдеп, аруақтана төнген балуанның ортасына Ақан түсті.
- Күшіңе тілің де сай жігіт екенсің, бір ашуыңды қи, елінде еліріп өскен өркөкірек наданға адамдық етер болар.
Шегіне берген Батыраш:
- Әй, әй, әттең, қонақ екенсің. Әйтпесе ме!- деп кіжінген болды.- Ер екенсің, бес жүз ділда бәс тігемісің Құлагерге?
- Сені кең қолды бай деп тұрсам, аузыңды қу шүберекпен сүрткен сараңның сараңы екенсің ғой. Құлагерге мың ділда тігемін. Құлагер келсе, сенің ділдаң керегі жоқ. Тыр жалаңаш шешіндіріп, жұрттың алдынан көк шыбықпен айдап өтем. Осыған тұрамысың?!- деп адай балуаны қарсы шықты.
Батыраш не дерін білмей тістеніп, тосылып қалды.
- Жәрәйды, олай қорламаймын, Құлагер келсе, сенің атың бай Батыраш емес, көрінген жерде шаптығатын қатын болсын!- дегенде жұрт ду күлді.
Батыраш беті қыбырлап, қолын бір сілтеп, жолдастарын ертіп, ішіне арам ой түйіп кете барды. Күреңбайдан да, жат жұрттан келген адайлықтан да, мына тұрған көпшіліктен де аяусыз таяқ жеп, күйініп барады.
Ақан болса, қатты-қатты сөздер айтып, жұрт алдында масқара қылған Батырашты енді іштей аяп тұр: «Неге ғана адам баласы осынша менмен, өркөкірек болады екен. Алдынан Құлагердей жүйрік шықса, оның жүйріктігін қызықтау орнына, қашан табалап, жерлегенше әлек. Өз кемсінін, өз мүскінін неге ғана адамдар білмейді, іштей болса да, неге ғана мойындамайды. Қара бұжыр, қауға бас, нойыс Батыраш, қазір, байлығым, қара күшім ғана артық емес, тіпті өңім де бір адамнан кем емес, сұлумын деп барады. Іште жатқан жасырын сезімді, мінез мінін бүркеуге олар, ашық көрінген, бадырайған кемістікті неге мойындамасқа. Қайта жұрттың тізесін бүктіріп қашан мойындатқанша ішкен асы бойына сіңбейді. Батыраштың өзі ғана бай емес, аты да жүйрік, сөзі де өтімді, жүзі де өткір болуы керек. Алдына жан салмай өтсе ғана көңілі тыныш. Өзінен озғанды шын көңілімен мақтау, риза болып сүйсіну дегенде білмей, күншілдікпен ауыздану не деген қорлық, сорлылық еді. Адам баласының мүгедектігі не деген көп еді!..»
Ас басталғалы Ерейменнің бауыры маужырап, желсіз тымық күндер жиналған азашылардың көңілін өсіріп, той-думанға дала табиғаты бар нұрын төгіп тұрғандай. Елдегі сәскеге дейін жататын бейғам ұйқы жоқ, жұрт таң сәріден тұрып, көршілеріне қатынап, ақ үйлердің арасында жосыла бастайды. Күн шыға Құсақ көлінің айдынына шомылып, қаздай жүзіп, бойлары сергіген жұрт таңғы астарын шуласа, даурыға отырып ішкен. Кей үйлердің астында бірін -бірі қақпақылдап әзілдеп, ұзақ сонарға түсіп, қызық хикая шертісіп, өзді-өзі мәз болысқан үш жүздің қонағы бір кезде үріккен қойдай дүрлігіп, далаға ұмтылды.
Әр үйдің киіз есіктері түріліп, желпілдеп, қызыл-жасыл оюлы қос есіктері шалқасынан сарт-сұрт ашылып, адамдар бірін-бірі баса сыртқа атып-атып шықты.
Кең көшенің басында су жорғаны тайпалтып жалғыз аттылы келеді. Ат үстінде жас бала, тікесінен тік тұр. Қолында сырнай. Сырнайдың кеңірдек көрігін жыртып жіберердей құлаштай созған бала айғайын салып әнге басып, шырқап барады. Көшенің екінші басына жеткенде, қайта бұрылып, қолындағы сырнайын анадай тұрған топқа лақтырып жіберіп, енді ат үстінде неше түрлі ойын көрсетіп, жүз бұратылды. Тиіндей домалап, басымен тік тұрып, біресе екі қолымен көтеріліп, енді бірде жорғаның мойнына жыланша оратылып, аттың кеудесінен, астынан бишіктей сумаңдап, қайтадан ердің үстінде қаздиып, оқыс құлап, бір аяғымен таралғыға ілігіп, басын салбыратып жерден күміс алғандай созыла түсіп, қайта лып етіп ат үстіне көз ілеспей шығады.
- Ойпырмай, мына бала не деген өнерлі еді!
- Өзінде буын жоқ неме ғой!
- Ойпырмай, мерт болар ма екен!
- Мойны үзіліп кетер ме екен!
- Па, па, мынау болайын деп тұрған бала ғой. Жігіт екен!
- Шіркін-ай, шіркін-ай!- деп таңдайларын қағып, тамсанған жұрттың арасынан баланы танушылар да табылып жатыр.
- Әй, мынау кеше ақындармен бірге өлең айтқан бала емес пе!
- Со-л, сол.
- Кешегі, әлгі, бас құйқасын, құлағын қимылдатып, қиясын ойнататын бала ма?
- Иә, иә, тап соның өзі.
- Е, онда тобықтының баласы болды ғой.
- Иә, әлгі Шашубай деген бала, Қошқарбайдың Шашубайы.
- Шашубай.
- Шашубай.
Он бір-он екілер шамасындағы Шашубай енді бір өткенінде қолына қабығы аршылмаған талдан қиған екі таяқ алып ойнатты. Саусағының басынан иығына дейін жорғалаған қос таяқ, ұзын көк ала кесіртке сияқты. Енді бірде кесірткелер оқ жыланша атылып, баланың басынын айналасында зу-зу етеді. Енді бір сәт төбесіне қойған қос таяқ қаққан қазықтай қақиып, ін аузындағы суырша сілейіп қимылдамай сіресіп қалады.
Бұл - халықтың назарын аудару үшін істелген әрекет екен. Ендігі бір айналымда Шашубай бала даусы шырылдап, жар салып, жорғасын тайпалта өтті:
- Уа, жарандар, жарандар, бәрің де маған қараңдар, тез арада тараңдар, аттарыңа мініңдер, тауға қарай жүріңдер. Онда ат жарыс; онда көкпар, онда күрес - бәрі бар. Жасың да бар, кәрің бар, бірің қалмай бәрің бар, көмулі жатқан сап алтын ат үстінен ділда алсаң, садақ тартып биікке, жалтыраған жамбы атсаң, бірің қалмай бәрің бар, бар қызықтан қаласың, қымыз ішіп, ет асап, құр жамбастап жай жатсаң. Ал, жарандар, жарандар, атқа жылдам қоныңдар, ал болыңдар, болыңдар, үш жүздің жұрты бас қосқан, неше күнгі ас тосқан, неше бір қызық ойын бар, белшеден батып тойыңдар, ал болыңдар, болыңдар!
Жұрт алас-күлес. Біреулері белдеудегі, кермедегі дайын аттарының айылын тартып, енді бірі жайбасарлар сыртта оттап жүрген аттарына жүгірісіп, опыр - топыр. Ішіп отырған аяқ-аяқ сары қымыз, табақ-табақ тоң желін семіз ет киіз үй ортасында шашылып, жиналмай қалды. Жеңіл желбегейлерінің жеңін жүре киіп, тамақ ішкенде қарнын босатқан мешкейлер дамбалының бауын жүгіре байлап, аттарына қонды. Әлгідей болмай жау шапқандай дүрліккен ел қаз-қатар тізіліп, үздік-создық шұбатылып, тауға қарай беттеді. Салдыраған арбалар да, шұбырған жаяулар да қым-қуыт. Қалың нөпір.
Бөгенбай жазығы деп аталатын тау бөктерінің бір пұшпағына әп -сәтте жиналған мың қаралы адам Ерейменнің қарағайынша қара-құрым тартып, алқа- қотан жазылып, қақ айырыла бозға жайғасты. Алыстан қарағанда үйме-үйме бықырлаған құмырсқаның илеуіндей.
Бірнеше қара пәуескені бастап, қос арғымақ жеккен жеңіл фаэтоннан Измайлов әйелімен түсіп, беті жасыл мауытымен жабылған столға омырауларында медальдары жарқыраған бір топ шонжарларымен келіп отырғанда ат жарыс басталды. Көзілдірігінің алтын жиегі күнге шағылысып, оязбен бас шұлғыса сөйлескен паң Нұрмағанбет Саққұлақ биге ымдап еді, анау оң жағына қарап бір аттылы жаршы жігітке қолымен белгі берді.
Аттылы жігіттің үні де зор екен. Жағалай отырғандарды жеңіл бүлкілмен жағалап, тақпақтата жөнелді.
- Уа, жарандар, жарандар! Уа, халайық, халайық! Сарыарқаның белінде, Ақ сары, Күр сары елінде, жасыл құрақ, ақ айдын шалқар Құсақ көлінде, жоңышқасы жайқалған, бәйшешегі шайқалған, ну орманы шулаған, ақ бұлағы тулаған Ерейменнің жерінде, он екі қарыс тай қазан, алты қарыс жай қазан, жүз -жүз қазан, мың қазан, астау-астау ет тартқан, сары қымыз сапырып, мың -мың адам жиналып, әңгіме-дүкен кеп тартқан, атағы кеткен алысқа, байлығы жеткен ғарышқа маңдайының бағы бар, артында алтын тағы бар, оң жағында ақ отау, сол жағында сары отау, алты арыс ұлы тағы бар бабамыз Сағынай асында үш жүзден келген дүбірлеп, неше бір жүйрік сәйгүлік, демеңіз мұны қай мүлік, бағасына күн жетпес, шабысына үн жетпес, ұзаққа талмай салғанда, неше бір дүркін күн жетпес, тұлпарлар мұнда келіп тұр, астың сәнін беріп тұр. Алдынан киік құтылмас, жетпесе, сірә, ұмтылмас, тасқа да салсаң шабатын, басқаға салсаң шабатын Алатаудың Аласы; «Барса келмес» аралда құланды қойша қайырған, жыланның көшкен ордасын, үстінен таптап өткенде қан жоса ғып айырған Кіші 266
жүздің Қарасы; Баянауыл, Қараөткел шаңмен қосқан арасын, қос ауыздың оғындай қатар шапқан қос бауыр Батыраш пен Қотыраш - аты шулы қос байдың Құлайкөгі, Топайкөк; Қорғалжынның Торысы, қаракесек Шабдары; қара дауыл бір күзде жиырма қасқыр, жүз түлкі, отыз қарсақ, жүз қоян, сегіз арқар қайырған аты шулы Көкшенің құс тістеген аузымен Құлагері - дүлдүлі; Алтай ассаң қажымас, Тарбағатай елінің Тарланкөгі - сүргіні; Сабынды көлден бір жүзіп, Жасыбайдан су сүзіп, күн құрғатпай Ертіске күнде барып, түн қайтқан, саумалмен ғана жаратқан Таразының Тарланы; Қыпшабелі қыпшақтың; Құлабесті Құсақтан; желмаядай желісі, нар түйедей тұлғасы нақ жүйрік бар Нарыннан; Нұрлыкөзі найманның; тобықтыдан Тортөбел; бәсентиннің Қызылы; қуандықтың Құбасы, сүйіндіктің Ұлпасы; бегендіктің Бөртесі, шегіндіктің Еркесі; қоңыраттан Сары бар, айта берсем жүз баран, Текежәуміт, жүз қылаң, Ақалтеке, Арабы, бес жүзге тартар сорабы - мұнда, бәрі, бәрі бар, алдарыңнан өтеді, сылаңдаған тұлпарлар айдауға қазір кетеді. Бүгін кешке - күн ұзақ, бақтарын сынап зымырап, намаздыгер болғанда көмбеге қайта жетеді, ал, көріңдер, көріңдер, аттарға бата беріңдер, тілейтінің қай ру, еститінің қай ұран, алыстан құлақ тосыңдар, туысың бар, досың бар тұлпарын шын тілеңдер, аруақтың атымен, сүйегіңнің затымен, ал, жебеңдер, жебеңдер, көрмей қалдым демеңдер, міне шықты кілең ер!
Жаршының даусын күтіп тұрған бастарына өңкей қызыл, көк, ақ шыт үшкілдеп байлаған балалар кекілдерін бунап, үкі таққан аттарын ойнақтатып шыға берді. Жеңіл ер-тоқымды жарау аттар әсем билеп: бір қырындап, ойқастап, ауыздықтарын қарш-қарш шайнап, енді бірі, ортекеше орғып, кейбірі қайраңға шыққан балықша жондары жалт-жұлт етіп аласұрсып, шыр көбелек айналып тулап, көкке шаншыла қарғып, ұзақ жарысты сезіп қатты-қатты пысқырып, тұра қалып шегіншектеп, жер тарпып, өздеріне қадалған мың-мың көздің алдынан лек- легімен өте берді.
Мойнын соза қараған, аттарға ұмтыла түсіп кейін ығысып тәртіпке келтірген аттылардың қамшысынан жасқанған жұрт шулап тұр.
- Әне, Құлайкөк пен Топайкөк!
- Әй, ана бір сүліктей қара кімдікі!
- Ана қазмойын - біздің Көкдауыл!..- дескен жұрт, астыңғы ерні салпиып, жай басып, марғай аяңдап, кекіліндегі тұмарға таққан медалі жарқырап топ арасында Құлагер өте бергенде гу етіп, орындарынан тұрып кетті.
- Әне Құлагер!
- Па, Құлагер шықты әне!
- Сабаздың маңғазын-ай!
- Тұрқыңа болайын!
- Құлагер!
- Құлагер, Маңмаңгер!
- Үркеккер!
Жаршының жағында тыным жоқ: Бас бәйге - бір тай-тұяқ алтын, боталы інген, тай, құлынымен бір үйір жылқы, екінші - бір атан түйе, он құлынды бие, үшінші бәйге - бір қоспақ, бес құлынды бие, он қой, төртінші - үш құлынды бие, бес қой, бесінші - бір құлынды бие, күміс кісе... Бас бәйгеге ояздың медалі бар, екінші күміс сағат, үшіншіге күміс таяқ...
- Ақан бәйшешектей құлпырған бәйгеші балаларға біраз еріп, Мөңкені тоқтатып алды да:
- Ал, қарағым, жолың болсын. Атқа шабудың әдісін білесің ғой. Дегенмен мына бәйгенің сұрқы бөлек. Байқа, Құлагерді тым қыспа, шаң қаптырып топ ортасына, ыққа түсе көрме, жел жағында отырғайсың. Түйе тастан аса бере тақымды бір қысып, қарқындатып ал да, Көк өзекке бұрын түс. Ойлы-қырлы өзек ішінде атыңды сәл теже. Сүріндіріп алма. Одан шыға Құлагердің көзін бір сүртіп, қиқуды салып, басын еркін қоя берсең, ар жағын қанатымның өзі-ақ көрсетеді. Ал, енді құдай жар болсын!- деп Құлагердің кекіліне таққан медальды тұмарды шешіп алып, атының мойнынан құшақтады. Мөңкенің де, атының маңдайынан сүйіп, өз-өзінен торығып қала берген Ақанның көңілі бұзылды. Жүре беріп, кешегідей терең күрсінген Құлагер ең жақын досы, құнанынан серік болған қадірлі иесіне екі-үш рет мойнын бұрып қайырыла қарады да, қалың нөпірдің соңында жібектей құйрығы күлтеленіп тербеліп кете барды.
Көшкен құмырсқадай қаптап, айдаушылардың соңынан ерген бес жүз ат Көк өзектің ойпатына құлағанша, жаңа көтеріле берген сағымға алақанын көлегейлеп қараған Ақан, дел-сал боп көмбеге қайтты...
Бұл кезде өңкей тізелі атқа мінген, білектерін түріп, бастарын қыл бурадай тартып орамал байлаған, төстері жалаңаш қарулы жігіттер ортаға көкпар тартуға шығыпты. Көздері жайнап, алақ-жұлақ етеді.
Тепіректетіп желіп келген бір жігіт алдына өңгерген дәу қара тұлыптай бірдемені жерге сырғытып тастай берді де, көкпаршылардың арасына барып, қайта бұрылды. Қара бұлттай иін тіресе төнген жұрттың ортасына тап болған қара сабалақ тұлып орнынан мәңгіріп тұрды. Бұл - жүні жерге тиген, сақалы шұбатылған қара теке екен. Бұрын мұндай қалың көпті көрмеген ол, жан-жағына тұздай көзімен мағынасыз қарап, түк түсінбеді. Бірнеше күннен бері аяғын еркін жазып жүре алмай байлаулы жатқан алып теке басы айналып, үрейленіп, жан - жағына алақтай бастады. Есін сәл жиып, бір сұмдықтың боларын сезген ол, енді аяғы тәлтіректеп қозғалып, бір жағына бұлтарып қашпақшы болып еді, одан арғысы өң мен түстей болып бұлдырап кетті. Екі жақ қапталынан сартылдатып шауып жеткен екі аттылының қуатты қолы төрт аяғын жерге тигізбей қағып әкетті де, екі жаққа кере жөнелді. Сол-ақ екен жан-жағына қара құрттай қаптап кеткен аттылардың сіңірлі білектері мүйізінен де, сирағынан да қапсыра тартып, қолы еркін жетпегендер сақалына да жармасты. Көк еттері дар-дар айырылып, көзі қарауытып кеткен қара теке бір -екі рет бақылдап та қалды. Одан арғысын түк
сезбеді. Көзіне қан құйылып, бір аттылының алдына өңгеріліп кете барды. Жүз қаралы көкпаршылар жанамалай шауып, жазыққа түсіп, бірінен бірі қара текені кергілеп жұла тартып, дүрсілдетіп, шаңдатып, құйындай ұшты.
Жазықсыз текенің бақылдаған жалынышты, аянышты үні құлағынан кетпей Ақан сары ала атының тізгінін бос қоя беріп, мойны салбырап, Құсақ көліне қарай жападан-жалғыз аяңдап бара жатқан. Манадан бері ақынның қимылын алыстан бақылап отырған Анна Ивановна да, көптің арасынан сытылып шығып, Ақанның соңынан жетті.
- Здравствуйте, Ахан,- дегенде барып, Ақан селк етіп, атының басын тежеді.
Анна Ивановна бүгін атпен серуендеуге шығатындай жокейлерше жеңіл киінген. Аяғында былғарысы жылтыраған қонышы тар етік тоқ балтырмен балтыр. Қара санның үстіңгі жағы сәл делдиген ақ шалбары қандай жарасты. Үстіндегі қап-қара жеңіл пенжак құйып қойғандай, белімен-бел. Құс төсі пенжактың омырауын керіп тұр. Сыртқа шығарған аппақ жаға, ақ мойнымен аса бір келісті жарастық тапқан. Шашын тоқпақтай етіп түйген, басында ақын бұрын көрмеген жағалауы сәл делдиген ақ шляпа. Маңдайынан түскен сирек қара вуальдың астынан көрінген жанары жарқыраған баданадай екі тана көзде тұна қалған ғажайып бір жұмбақ бар. Аса жақын тұрғанмен тым алыс, қол жетпейтін тұңғиық сырлы көз. Бұрын көрмеген жат киімге ақын тосырқап, жатырқап, тереңде бүркеулі қалған жастық сезімі дір еткендей ынтыға қарады. Сонау бір жылдары еркекшора Ақтоқтының ат үстіндегі тұрысына ұқсап кеткендей болып, тісі ақсия күле тұрып, Ақан күрсініп қалды.
Жып-жылтыр сүліктей мойнын құрықтай созып, таңдайына ауыздықтағы трензель батқанда басын кекжитіп, тісін шықырлатқан көмірдей қара атымен жанаса берген Анна көзін төңкере күлімсіреді:
- Неге күрсіндіңіз, Ахан, атыңызды ойлап келе жатырсыз ба? Білем, осыншама көп жүйріктердің ішінен үздік келу оңай емес, әрине.
- Жоқ, жай әншейін. Атымның жеке-дара келетініне күманым жоқ, сыралғы Құлагер ғой. Сізді көргенде өткендегі бір жастық шақтың еске түскені де. Ол күндер де сіз сияқты тым қашық, арамыз алыс,- деп, Ақан сөзді іле-шала басқаға бұрды:- Сіз неге мұнда келдіңіз. Көкпар ойынын көрмедіңіз бе, олар әлі қайтып оралады. Қай жеңгені топтың ортасынан өтеді. Қызық емес пе? Қазір «күміс алу» ойыны басталады.
- Шынын айтқанда маған көкпар ұнамады. Тіпті, тым тұрпайы, жабайы көрінеді. Тірі ешкіні тартқандары жаныма батып кетті. Тым аянышты екен. Жандары неғып ашымайды. Соншама қатыгез болуға бола ма?- Аннаның көзі жасқа толып, үрейлене қарады. Сұлу еріндері дірілдеп кетті.
- «Кім қатыгез? Әрине қазақтар!» Ақан бұл сөзге бір жағы намыстанып, бір жағынан қатты ұялды.
- Анна, сол тірі жанға менің де жаным ауырып келеді. Көкпар ойыны ертеде бұлай болмаған,- деп Ақан енді түсіндіре бастады.- Ертеде, адамдардың бұдан да жабайылау кезінде, аңға шығып, олжалы қайтқан аңшылар осы ойынды ойнаса керек. Қазақ халқының негізгі кәсібі мал болғандықтан, негізгі жауы да, аулайтын аңы да қасқыр. Сол қасқырды соғып әкелгенде, не шала -жансар тірі әкелгенде атты жігіттер ортасына салып, созбайлап, тартысатын болған. Кімде-кім жеңіп, алып кетсе, соның үйіне барып от тұтатып, түтін түтетіп, тамақ асып, сауық құрған. Қазақша қасқырды бөрі деп те атайды. Қысқы, күзгі жүніне қарап көк бөрі дейді. Міне, жаңағы ойынның аты да «Көк бөрі» екен. Кейін келе -келе көне ойын «көкбөрі - көкбөр - көкбар - көкпар» боп өзгеріп кетсе керек. Енді жұрт қасқыр емес, қолда бар оңай олжа - жылқының терісін, жаңағыдай текені, лақты тартатын кәсіпке көшіпті. Тегі адам баласы саналы болған сайын, қатігездікке, тіпті жауыздыққа да бейімделе бере ме деймін. Кейін, келе-келе, текенің орнына көкпарға адам салмасына кім кепіл!- Ақан қабақ шытып үнсіз түнере түсті де, қайта жадырады.- Анна, сіздің көңіліңізді жабырқаттым білем, одан да басқа бір әңгіме айтайықшы.
- Жоқ, Ахан. Қайта сіз адал жандарды, көңілі таза қарапайым адамдарды көп қаражүректерден арашалап алдыңыз. Әлгі ойынды шығарған адамдар кінәлі емес, оны бұзған бұзақылар кінәлі екен. Мен соны ұқтым. Өзіңіз лингивистен кем түсіндірмейді екенсіз.
- Оныңыз кім?
- Тілші, ғалым адамдарды айтады... Ғафу етіңіз, Ахан, сіз осы орыс тілін соншама жақсы білесіз, қайда жүріп үйренгенсіз?
- Қайбір оқсатып біледі дейсіз, Жасымда Петропавл қаласында, қазақтар Қызылжар дейді, үш жылдай оқығаным бар. Сондағы үйренгенім ғой. Бала кезде адам ұғымтал болса керек.
Ақан мен Анна арттарынан дүрсілдете келген аттылыға мойындарын бұрды. Жайынбек екен. Ат үстінде қопаңдағанда көзілдірігі мұрнына түсіп, қайта-қайта көтеріп, әуре боп келеді.
Ойынның қызығымен әйелінің кеткенін байқамай қалған ояз, біреу ұрлап әкеткендей үрейленіп жан-жағына алақтағанда, Жайынбек те, қорқынышты бірдеме болғандай түсін өзгертіп кеп, құлағына сыбырлаған. Ояз мұрты тікірейіп:
- Бар, бірге бол қасында!-деп қысқа бұйрық берген.
- Туһ, әрең жеттім-ау сіздерге, атқа мінуді ұмытыңқырап қалғанмын ба, қалай,- деп Жайынбек ыржалақтап күле берді.
- Аттың үсті қолайсыз болса, жылы орныңызда отыра берсеңіз етті, сізді кім қуып, кім қыстады осыншама,- деп Анна түсін суыта қарады.
- Әшейін... сізге орысша аудару керек бола ма деп...
- Ахан екеуміз сізсіз-ақ ұғынысатын түріміз бар.
- Татарға тілмаш керек жоқ, мен Қызылжардың татарымын, - деп Ақан жай ғана езу тартты.
- Дегенмен, Анна Ивановна, қазақтар жақсы келіншектерді алып қашады. «Сақтықта қорлық жоқ» деген,- деп тілмаш та қулық айтқансыды.
- Сіз де қазақшылығыңыз ұстап Ақанға көмекке келген боларсыз онда... Ғафу етіңіз, үшінші адамның қашан да артық екенін білмейтін бе едіңіз. Біздің өзара әңгімеміз бар еді, сіз бөгемесеңіз екен,- деп Анна Ақанға бұрылғанда, Жайынбек не дерін білмей, беті оттай күйіп, атының тізгінін тартып, қалшиып тұрып қалды. Ахан, сіз жаңа мені біреуге ұқсаттым дедіңіз. Егер тым жасырын болмаса, соны айтсаңыз екен.
- Анна, ол үшін уақыт кеңдігі керек. Және де ол жеке бастың қайғысы, менің өзіме ғана ауыр тиетін көңілімдегі үлкен мұң. Сізге оның қызығы бола қояр ма екен.
- Өз басым композитор, ақын атаулы мұңсыз болады деп ойламаймын. Жаны нәзік жанның сезімі өрмекшінің өрмегіндей болмашы желдің өзін тез аңғарғыш қой. Мен де сіздің жаныңызды тереңірек түсінсем бе деймін.
Жан сезіміне шын үңілгісі келген орыс әйелінің туыс, бауырмал, адамның тебіренісіндей мына сөзі ақын жанын толқытып жіберді...
* * *
Ақан Аннаға өз жүрегіне шемен боп байланған қайғысын баяндап, тірісінде ұмытылмас арманы Ақтоқты мен өлідей айырылған Ұрқия жайын күрсіне әңгімелеп келе жатқанда, ақын басына тағы бір ауыр қайғы бұлтын жасырын үрлеп жатыр еді. Қастандыққа қаны қарайып алған Батыраш есіз қалған киіз үйлердің бірінде, есік, түндігін қымтап алып, жүгініп, ала-көлеңкеде біреумен келісе алмай отыр.
- Менің саған салған соңғы салмағым болсын, бұдан соң жұмсасам иттің баласы боп кетейін,- дейді жалынып.
- Бұл сөзді талай естігенмін,- дейді біреу гүжілдеп.
- Қашан сені алдаған жерім бар?
- Қай уақытта бір сөзде тұрып ең?!
- Енді басқа сүйенерім болмаса қайтейін, ат айналып қазығын табады. Бар табарым сен,- деп мәймөңкелейді Батыраш.
- Сүйенгенім, таянышым дегенше, қанды шоқпарым десейші. Қашанғы жазықсыз жандарды зар жылатып, құдай алдында күнә арқалай беремін.
- Күнә арқаласақ екеумізге де бірдей емес пе?
- Сенің нең кетіп барады, қағанағың қарқ, сағанағын сарқ, малың алдында, қатының қойнында, балаң қасында.
- Сен не көріпсің. Сонша түңілетіндей не көрінді саған, жарқыным?
- Көлгірсіме, Батыраш! Жаныма олай тие берме. Неге өтірік білмегенсисің. Балаларымның бір түзуі жоқ, өңкей ауру, жарым ес. Соның бәрі - көптің көз жасы. Оның саған бір тамшысы да тимейді.
- Әй, лепірме, жетті! Тілегің не деген жаман еді, тілің тасқа, кәпір, не айтып отырсың өзің!
- Айтқаным айтқан, ендеше,- деп анау орнынан тізесі сытырлап тұра берді,- енді сенің мұндай зұлымдығыңа бармаймын. Зайыбымның аяғы да ауыр, құдайдан тілегім бар. Атама, мен бір жақсылыққа шақырды ма десем, ыңғай көрге, өлімге итермелейсің де отырасың, Жетті енді.
- Солай ма, солай қиқаңдайын дедің бе? Есіңде болсын,- деді Батыраш тістеніп,- елге де барамыз ғой ертең. Есілжанның топырағы әлі суыған жоқ. Басқасын қойғанда, соның өзі жетеді. Бар үрім бұтағы естісе, сенің жаныңды табан аузында зәннамға кетіреріне имандай сен!
- Оһ, жауыз, оны өлтіруге де жұмсаған сен емес пе едің?!
- Кімге кімді жұмсамайды. Жұмсау менікі болғанмен, қылғындырған қол сенікі емес пе? Қайсымыз кінәлі екенбіз.
- Аһ, ит сол!- деп анау тұра ұмтылғанда Батыраш кездігін суырып алды. Жүзін жалақтатып тура тамағына тірей қойғанда, анау көзі қанталап, үнсіз, қимылсыз сұрланып, тапжылмады.- Не қалайсың, ал айт, қаныпезер!
- Қайсымыз қаныперез екенімізді бұдан соң сарапқа салғаныңды естімейін,- деп Батыраш кездігін тартып, алақанына жаныды.–Айтарым сол, әлгіні орындайсың. Енді қайталамаймын. Қалай мерт қыласың, ол - өзіңнің шаруаң. Саған оны үйретудің қажеті жоқ.
- Ақысы не?
- Бір ту бие.
- Сен он ту биені жетелеп кеткенде, мен бір ту биені шоқтығынан ұстамақпын ғой.
- Одан артық не керек саған?
- Тапқан екенсің оңай нан жеместі.
- Айт дедім ғой, не тілейсің?
- Бәйгеге не аласың,- соның бәрі менікі.
Батыраш қолын шығарды.
- Сенің күндегі кәсібің. Оңай байиын деген екенсің.
- Сенің жаның қиналып жүрген шығар.
- Жетті енді, тәжкелеспе. Бір жолға айтқаның болсын, бәйгінің жартысын аласың.
- Жоқ, түгелдей!
- Жоқ, жартысы!
Шомбал қара жігіт Батырашқа төне түсіп, көзінен от шаша қарады:
- Егер, осы жолы уәдеңнен қайтып, бір тұяғын кем берсең, есіңде болсын, бәрібір өлім,- деп қынынан ұзын қанжарын жалт еткізіп суырып, қайта салды,- тура қойдай бауыздаймын. Ұмытпа, менің қанжарым сенің кездігіңнен ұзындау, жүзі де өткір. Қолым да қаттырақ, жылдамырақ. Енді қайтып есіңе салады деп ойлама, өзің айдап әкеп бересің. Бұдан қайтып менің қолыммен жасаған жауыздығыңды екінші қайтара тісіңнен шығардың,- қызыл ала қанға батасың. Енді аянарым жоқ. Мына сұмдығыңды тағы да орындаймын. О, жасаған, өзің кешір! О, жасаған!
Қанды қол жігіт алақанын аспанға жайып, тісін шақырлата қайрап, құдайына жалбарынып, ішін ыстық аптап күйдіріп бара жатқандай аузын арандай ашып демігіп, жолбарыстай есінеп тұрды да, киіз үйден атыла шықты.
Жер қайысқан бес жүз аттың шет жағын ала Мөңке де желе жортып келеді. Үш жүзден келген жасы да, бойы да, киімі де сан қилы бес жүз бала масаты даланың қызыл ала, сары ала гүліндей жайнап, топ-топқа бөлініп, өзді-өзі жеке- жеке даурыға сөйлесіп барады. Қайтар жолдағы бақталас балалар әзір сәби мінезбен бірімен-біре жылы тіл қатысып, кейбірі ауылдарын, ел-жұртын айтып, танысып, ұлы бәйгеге қатысып, ат басына мінгендеріне мәз.
Қарауыл жұртынан Ақан сері жалғыз келгеніндей осы әр рудың балалары ішінде Мөңке де жалқы. Даңқы жер жарған Құлагерге мінген баланы басқалары да ұнатпай, қасына жуытпай, суық көзбен қарап, шет қақпай еткен сыңайлары білінеді. Дүниедегі жарыс атаулы мен күншілдіктің егіз келетіні несі екен. Бірақ оған ығар Мөңке жоқ. Өзімен-өзі болып, шуақты күнге маужырап, алыстағы сағымдай көрінген бір арманын ойлап келеді.
Мөңкенің бойы шарғылау болғанмен, осындағы бәйгеге түскен балалардың көбінен жасы үлкен. Биыл тура он алтыда. Жасында әкесі қайтып, атасы Байбатырдың бауырында өскен. Кішкене күнінен атасы ыстық-суыққа бірдей салып, қысы-жазы жылқы бақтырып, қызылшұнақ аязға, ми қайнатар ыстыққа «пісіріп», ат құлағында ойнатып, көнбіс, шымыр етіп өсірді. Атасы бір-екі рет түнгі барымтаға да апарып, қара-құрым жылқыны зырылдауықпен үркітіп, қалай айдап әкетудің әдісін де көрсеткен.
- Балам, мұны да біліп қой. Ұрлық - өнер, ердің ері ғана жасай алатын ержүректік дейтіндер бар. Бірақ ұрлықты кім жүректілігінен, бойына күші сыймағандығынан жасайды дейсің. Әйтеуір өлмешінің күні де. Екі қошқар
сүзіссе, солардың шашбауын көтеріп, намысын жыртып, барымташысы боласың. Жүзді, мыңды айдап келсең де алатын ақың бір жылқы. Елден еститін алғысың – «атақты ұры», «жүрегінің түгі бар» дейтін қолпаш. Оған өзіңнің де бойың үйреніп, етің өліп алады екен. Тіпті, кейде, дәрежең өсіп, көптің арасында өзіңнің төбеңді бір елі болса да биік санайтын кездеріңде болады. Бұл кәсіпке де үйреніп алатының сонша, қашан қожаң шақырып біреуді малына барымтаға жұмсар екен деп, алақаның қышып, делебең қозып, тағатсыз күтетін күндерің де болады. Мен сені ұрлыққа үйреткім келмейді, бірақ, ердің басына не келіп, не қоймайды. Мұның да керек күні болып қалар: аумалы-төкпелі заман ғой, - деп атасы бір күні, пеш түбінде отырып Мөңкемен өзінше сырласқан.
Бірде атасы Байбатыр алыс сапарға аттанып, бір жұмадан соң бір-ақ оралды. Алыстағы қыпшақ елінің үйір-үйір жылқысын қуалай жөнелгенде, артынан қуғыншы шығып, екі жақ түнек түннің астында шартпа-шұрт сойылдасады. Ұзын сойылды бір қолымен үйіріп ойнатқанда қасық құрлы көрмейтін Байбатыр талай жігітті соққыға жығып, аттан түсіріп, құтылып кетеді. Із тастап отырып, жат елдің жылқысын өз байының үйіріне тоғытып та жіберді. Бірақ со жолы өзі де жараланып келді. Алғашқыда ет қызуымен білмеген екен, үйге жылқышылар көтеріп әкелгенде есінен танды. Сөйтсе, оң жақ аяғынан тиген сойыл жіліншігін уатып жіберіпті. Ат шаптыртып, алыстағы ауылдан сынықшы алдырды. Еңгезердей үш-төрт жігіт атасының иығына қонжиып, кеудесінен басып, сынықшы ұсақ сүйектерді қалпына келтіріп, сере шыққан қазыны тартып, орап тастады. Көзін тарс жұмып, бұлқынып, қатты дауыс шығармай ыңыранған атасы моншақтап терлеп, екі күн қатарынан тапжылмай ұйықтады. Есеңгіреп, мәңгіріп оянған Байбатыр ұзақ күндер нәр татпай қатты жүдеген. Екі-үш айдан кейін барып беті бері қарай бастаған еріне кемпірі тамақ беріп отырып, жасқана қарап, ақыл айтқан еді.
- Осы бір құрғырды енді тастайтын кезің болды ғой. Кім үшін осынша соққыға жығылдың. Біреудің қолшоқпары болам деп жүргенде, біркүні басыңнан айырыласың. Далаға тастай алмай жүрген басың, бар ма? Не жетпейді. Бәрібір осымен көсегеміз көгеріп, жұрттан асып жатқанымыз жоқ. Одан да, енді басқа бір кәсіп етпейсің бе? Қой қайырып тыныш жүргендер де аштан өліп, көштен қалып жатқан жоқ. Екі қолға бір жұмыс. Кеудеңде жаның болса, асырарсың бізді. Шүйкедей екі-ақ жанбыз қолыңа қараған.
Сары май салған қою жапырақ шайды ұзақ сімірген атасы түнеріп, көпке дейін үндемей отырған да, бір кезде дүңк ете қалған:
- Жәрәйді, жетті, тышқан артын көріп жаралы деп, осы айтып отырғаның не? Мені енді қатарға қосылмастай қор болып қалды деп пе ең. Сөзді қой, әуелі жазылып алайын!- деп кейін, қисая кеткен.
Әжесі одан әрі сөз қайыруға бата алмай.
- Қойдық. Бір күні боқ басында өліп қаласың ғой, сорлы-ау, қайтейін!- деп атасын жылы қымтап, кетіп қалған.
Атасының қажырлылығын, сойылгер мықтылығын Мөңке балалар арасында мақтан ететін. Көзге түрткісіз қараңғы түндерде күзетшілерге білінбей баспалап барып, талай жылқыны шетінен әкетіп, терең бір сайға апарып біріне-бірін матап, жым-жылас тайып отыратын ептілігіне, немесе жүз қараны бір-ақ үркітіп, соңынан түскен қуғыншыны баудай түсіріп кете баратын қажырлы, қайсарлылығына сүйсініп, өзі де атасына тартып «атақты ұры» болғысы келеді. Ұрының баласы деп құрбылары да Мөңкеден кәдімгідей тайқақсып, ұрыса қалса жасқанады. Тек атасы екеуінен жасқанбай жүрген Қадыр жылқышының әйелі ғана.
Қадырдың Мөңкемен түйедей құрдас, өзі де киіктің асығындай жұтынған Мәлике атты кішкентай қызы бар. Бойы ғана демесе, қара торының сұлуы. Мөңке де қайбір бойға жарыған бала. Кейде тіпті, «Мәлике енді осыдан өспесе екен» деп те тілейді. Өз бойының осы қалпында қалатынына көзі жеткен сияқты - бір жылдан бері бір елі өскен жоқ. «Әкесі жастай өліп, қатып-семіп қалған қатпа мегежін ғой, қайтсін» деген жұрттың намысқа тиер сөзін де Мөңкенің өзі іштей мойындағандай. Бойы өспесе де, ойы өсіп, өзінің ер жетіп қалғанын да біледі. Оны алғаш рет балалық мінезден шығарып, көңіліне әлде бір бұлдыр сезім әкелген де жаңағы Мәлике. Екеуі де жастайынан бірге ойнап өскен қыз бен бала, кейін де жұптарын жазбай бірге жүріп, есейе бастағандарын екеуі де сезетін тәрізді. Ал, ата-аналары болса, осы бір жарастықты бұлардан да бұрын сезген. Кейінгі кезде Мәликені бұрынғыдай тым еркін жібермей, бейуақыт болса үйге шақырып, араларын жиі айыра беретінді шығарды. Жалаңаш арқаларын күн қақтап, таңның атуы, күннің батуы көл жағасында ойнаудан қалғандары қашан. Мұндай алшақтаған кезде Мөңке қасында жүргенде аса байқамайтын Мәлике қадырын тез аңғарып, өз -өзінен жалғызсырап, көңілі жабырқап, құлазып қалады. Не дегенмен Мөңке бұрынғыдай емес, атасы мен әжесінің көз алдында өзгере бастаған.
Байбатыр да бұдан бейхабар емес еді. Бір күні үй-іші боп жеке күңкілдесіп, дастарқан басында өздерінше кеңес құрды. Кеңес басшысы атасы, кесімді сөзді сөйлеген де сол, әжесі болса тек қана құптаушы.
- Балам, жасым болса келіп қалды,- деп Байбосын ұзын сөздің ұрғасын әдеттегі белгілі сылтаудан бастады.- Бойда қуат барында біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүрдік. Жақсылық та қиянат та жасаған шығармыз. Пенде болған соң не кешпейді адам баласы. Бірақ байдың малына құрық салып, ұрлық етуді де өз басым қиянат көрмеймін. Ұлан-ғайыр малдың дала бөрісінен, адам ұрысынан жауы болмаса, бай атаулы малын қайда қояды. Одан олардың ырызығы да кемімейді. Тек екі ортада шыбын өледінің кебін киіп қасқыр мен ұры байғұс қана қашанда күнә арқалап, жаза кешетін. Ұры мен қуғыншы ұшыраса қалса, екеуінің бірінің күні қараң. Не ұры, не қуғыншы жараланып аттан түспей беріспек жоқ. Айдалада бірі қансырап қалмақ керек. Сонда не үшін, кім үшін? Жоқ, бұл жол әу баста шатасып түскен қараңғы жол екен. Енді сол ұрлықты тастап, көп қатарлы қалған өмірімде тіршілік етсем бе деймін. Сүйенер жалғызым да, қызық көрсетер ұлым да сен ғана. Он үште отау иесі дейді, құдайға шүкір тең құрбыңнан кем 275
болмай өстің. Шаруаға да, басқаға да қыбың бар. Өз бетіңмен бір үйдің жұмысын дөңгелетіп әкететін пысықтығың да байқалады. Ата балаға сыншы деген. Енді аяқтандырып, бір шүйке бас әперіп, қызық көрсем деймін. Ә, кемпірім?!
Мөңке «аса кет әрі» болмаса да, тұңғыш естіген сөзден қысылып, қызарақтап қалды. Әжесі күлімдеп, шалына қулана қарады:
- Сонда, көздеген жерің бар ма? Мөңкежанның өз ойлап жүрген біреуі бар шығар, ондай болса айтсын.
- Сөзбұйдаға салып қайтеміз. Біз де білмей жүрген жоқпыз, қаратанаудың көңілі осы ана Қадырдың қызымен жаман емес сияқты.
- Е, несі бар,- деді әжесі де жаңа естігендей болып,- екеуі де жастайынан бірге өскен, егіздің сыңарындай, бір қыздың қос бұрымындай балалар емес пе? Жарап жатыр, бір-біріне тең. Ай, өзі де болайын деп тұрған бала-ау. Ана өгей шешесінен аздап жетімдік көріп, жүдеулеу өскені болмаса, өзі шаруаға да ықтиятты, ісмер, ертең-ақ үй бола кетейін деп тұр. Балам бала-ақ. Құдай алдарынан жарылқасын.
- Кемпір-ай, батаңды беретін күн алда. Әуелі құда түсейік те.
- Е-һ, Мөңкеге қызын бермейді деп отырмысың. Ана қайыс ауыз әуелі өзінің қыздарын бағып алсын.
- Әлі сол қайыс ауыздан шығады пәленің бәрі.
Шынында да қайыс ауыздан шықты пәленің басы. Қайыс ауыз деп отырғандары - Қадырдың жамағаты Күлзипа дейтін қара таспа қатын. Бірінші әйелі өліп, соңына ерткен екі қызымен Қадыр осы Күлзипаны алған. Мәлике алғашқы әйелінен қалған қыз.