Ақан сері — Сәкен Жүнісов

Название: | Ақан сері |
Автор: | Сәкен Жүнісов |
Жанр: | Роман |
Издательство: | Жазушы |
Год: | 2002 |
ISBN: | 5-605-01808-6 |
Язык книги: | Казахский |
Скачать: |
Страница - 8
* * *
Су Құсайын таң қараңғысында Жекебояқтан шығысымен жалқау атын борбайлап, қамшы басты.
Жайлаудағы ауылдан бір нәрсе ұрлап, қашып бара жатқандай артына дамылсыз жалтақ-жалтақ қарайды. Таңқылдаған күзгі қара жол да «кетіп барады, қашып барады» деп тыныш ауылға үрейлі хабар бергендей. Қайрақтай жолға тиген ат тұяғының тарсылымен бірге Су Құсайынның жүрегі де қашан ауылдан ұзағанша дүрс-дүрс етеді.
Бұрын-соңды мұндай үрдіс қимылды көрмеген шабдар ат қайта-қайта пысқырынып, басын шайқап, көпке дейін көніге алмады. Ақыры иесі алға қарай қолпаңдап, қоймастан-қоймастан бүйірлей берген соң, буы бұрқыраған біраз жылы құмалақ тастап, тайлақ құсап тайраңға басты. Күн шыға еті қызып алған ақ кез шабдар бұрын-соңды болмаған желіске салып, жел өтіне қарсы тайпалтып келеді.
Жалғыз атын бар затынан артық көретін Су Құсайынның дәл осы жолы есі шығып елірген жандай аяусыз қамшылауында үлкен гәп бар. Осы сарыала күзге дейін зорға шыдап, төзімі таусылған Ақан сері Құлмақ достары арқылы Ақтоқтыға жансыз адам салған.
Ақтоқты, жаным, менде енді төзім таусылды. Ғашықтық оты дегенді сезсем де, анық білмеген, көзбен көрмеген бимағлұм құпия сыр сияқты талып естілген үні, не бір ертегіде айтатын таңғажайып жұмбақ дүниедей ғана бұлдыр елесі ғана тұла бойымды шарпығандай болушы еді. Ал қазіргі күні, сол шарпыған
жалынның, күйдірген оттың ішінде жүрмін, саған деген жаным күнде махаббат шоғында тыжылдай жанып барады. Бұл от мезгілсіз өлтіретін, тәніңді күлге айналдыратын от емес, ауруға шалдықтырар, дертке айналдырар, тілсіз жауға ауысып келеді. Енді шыдар менде күш, қауқар, тіпті ұят та жоқ. Мен бәрінің шегін бұзып, өрескел бір қимылға басармын, ел алдында сенің де, ата-анаңның да абұйырын төгермін деп қорқам. Бұл біреуді қорқытқаным емес. Егер енді екеуіміз қыбын тауып қосылмасақ, байлам біреу-ақ!
Бұл Ақанның Ақтоқтыға жеткізген сәлемі еді.
Ақтоқты зәресі ұшты. Ақан жазым болар деп үрейленді. Ол үшін ешкімді жазғыра да алмады. Бірақ тосыннан тауып кетер айла, амалы да жоқ. Көп ойланып, толғанар да уақыт жоқ. Сері жіберген жансызға айтқан бар жауабы:
─ Ақан аға, менің күйім де қайбір күй дейсіз. Мен сіз айтқан отқа жанып болғанмын. Менде қалған сүлдер ғана. Сол сүлдерде титімдей ғана жалғыз жүрек қалған. Қос қанаты сынған өлмеші көбелектей. Бір тоқтап, бір соғып талмаураған әлсіз жүрек - сіз деп соғар жүрек. Ол да қажыды, бітті. Енді әрекет етсеңіз де, қарсылық етер менде дәрмен жоқ. Тек, бұрын айтқанымдай, әлі де бір сұрарым: дала кең ғой, үйден әкеткенше, түзден әкетсеңіз екен. Қашып кеткен қыздай болмай, алып қашқан қалыңдықтай болсам етті. Сорлы ата-анамды сормаңдай етпейік деген тілек қана! Ал оның реті келмеген күнде не салсаңыз да көндім. Менде іс шыдар шыдам жоқ!
Ақтоқты ылғи сұрай беретін осы бір тілегінің реті осы жолы келіп-ақ тұр. Қыз өзі сұраған жоқ. Жездесінің үйіне апарған басқалар. Егер содан қайтар жолда алып қашса, Ақтоқты мен Ақан серінің ертеден ойлаған әдісі екен, келісімі екен деп ешкім дүдамалданып бос жорамал айтпаса керек.
Міне, осы жолы Ақтоқтылардың қашан қайтатынын анықтауға ел арасындағы сезіксіз. Су Құсайынды жіберуі де осыдан. Тап осы жолы Ақан серінің бір өтінішін, үлкен тапсырысын орындау Су Құсайынға да өзінше орны толмас, ғұмыры ұмытылмас арманындай еді...
Имантау маңындағы қалың тоғайға жете бергенде Су Құсайыннан ес кетті. Ағаш бауырынан қылт етіп көрінген жалғыз салт аттыдан айырылып қалатыннан жаман, жамаулы, молақ құлақ малақайын шешіп ап бұлғап, айғайға салып келеді.
- Аһ-ей, аһе-ей!
Қасқыр тартқандай жан даусы шыққан адамды алыстағы аттылы ағаш бауырында тұрып тосып алды.
- Масқара болғанда ұйықтап қала жаздаппын. Ақтоқтылар бүгін шығайын деп жатыр,- деп дабырлап сөйлей жеткен Су Құсайын жігіттің өңіне де көз тоқтатып қараған жоқ,-Ақан қайда, тез сайланыңдар.
Бөтен жігіт алғашқыда аңтарылып қалды да, Су Құсайынның Ақандар жіберген жансыз екенін сөз ыңғайынан тез ұғып:
- Мына жалғыз аяқ жолға жүріңіз,- деп алдына Су Құсайынды салды.
- Құданың құдіреті, мына түрлеріңмен Ақтоқтыларды аңдамай өткізіп алады екенсіңдер. Мен болмағанда... Ай, өзім де тапқышпын-ау: шақшамды сылтауратып тайып бердім. Шабдарым да есті ат қой. Менің асыққанымды түсініп, желмаядай есті. Ғұмыры мұндай сұрқылтайды көрмеп еді. Қан-жыны араласып кетер ме екен. Тек ет қой. Бірақ Ақаннан аяған малды ит жесін. Тәубә, тәубә! Оу, Ақан, тұрыңдар,- деп ағаш арасымен дыбдырлап сөйлеп келе жатқан аңғал Су Құсайын отау орнындай қара көлеңке қуыста от жағып отырған бір топ жігіттің үстінен шыққанда да ештеме аңғармады. Атынан түсіп:
─ Әй, балақай, мына атты жеке апарып байла, басқа аттармен тебісіп қалмасын, аттарыңды мертіктіріп тастар, мұның тегеуріні тым қатты. Уһ, әуелі жылынып алайыншы,- деп, шабдар аттың үстінде қоқаңдап, пысынап жетсе не, қаннен-қаперсіз маңғазсып кеп қызыл шоқтанып сөне бастаған отқа қақтанды.
- Ақтоқтыны бүгін алла жазып Қараталға апарып, отауға енгізсек тойдың қақ төрі менікі шығар. Солай емес пе, Ақан, еңбегім сіңді ғой,- деп, бетін шарпыған ыстық қоламтадан кіржиген Су Құсайын ер -тоқымға шынтақтай түсіп, сызданып жатқан жігітке бұрылғанда, қисайған жақ сүйегі одан сайын қисая түсті. Көзі жасаурап:
- Өй!- деп, жылайын деп тұрған баладай, иегі дірілдеді.
- Иә, айта бер, Ақтоқтыны қашан апарамыз?- деді әлгі жігіт қабағын шытынып.
Бұл Жалмұқан еді.
- Сені елшілікке жіберді ме, тыңшылыққа жіберді ме? Жаңа Ақандай келдің. Ал, не хабарың бар, айта отыр, біз де тыңдайық,- деп күйеу жігіт жарылардай тырсия түсті.
Жан-жағына алақтап, ағаштарға сүйеулі тұрған сойыл, шоқпарларды көріп, өзін жеп жіберердей төнген қарақшылардай түнек жігіттерден зәресі ұшқан Су Құсайын кімдерге тап болғанын жаңа түсініп, жынды адамдай ыржалақтай береді.
Белінде оқшантайы бар еңгезердей біреу орнынан ауыр қозғалып Су Құсайынға келді де, әр саусағы келінің сабындай жүндес қолымен тамағынан қылғындыра ұстап, тік көтеріп алды:
- Айт, жаның барында, Ақтоқты қашан шығады? Ақандар қайда?
Бұл күмістен мылтық соғатын аты шулы ұста Тулақ еді.
Көзі алақтап қылғынған Су Құсайын көгеріп-сазарып қалды. Тулақ қолын босатып жіберіп еді, сылқ етіп құлап түсті. Көзі аларып, жатып алып, енді жымысқы айлаға да көшті. Өзінің бүлдіріп алғанына өкініп, қателігін жөндемек.
Талып қалған боп үнсіз жата бермек еді ойы. Бірақ Тулақ жатқызбады, құйрықтан бір теуіп, тұрғызып алды:
- Қаярсыма, өлмейсің. Айт бол!
- Өй!- деп орнынан атып тұрған Су Құсайын аузы-аузына жұқпай сөйлей жөнелді. Ендігі ойы - бұларды сөзбен бөгемек. «Ақтоқтылардың қара жолмен өткенін көрмей қалсын» деген арам ой.- Қане сені қылғындырып көрейін - өлер ме екенсің, өлмес пе екенсің. Өнесі-ей, мені шүрегей деп тұрмысың мойнымнан тұзақтап қанжығаға байлай салатын. Үйбай-ай, құйрықтан тепкені несі өзі қан жалақ боп қажалған немені одан сайын айғыздап. Ойбай-ай, ойбай!
- Әй, сөзді бұрма, тура атып тастаймын осы арада,- деп Тулақ сүйеулі мылтығын иегімен нұсқады.
- Туеке, сенің мерген екеніңді айдай әлем біледі. Екі сажын жерде тұрып мені атып өлтірсең, ертең саған жұрт к... ашып күлмей ме. Одан да мен бір шақырым жерге шығып қашайын, ер екенсің, малақайымды атып түсірші.
Жігіттер шыдай алмай мырс-мырс етіп күліп жіберді.
- Неменеге күлесіңдер, бұл жаман оған дандайсып, құтыра береді,- деп Тулақ тағы да бүре түсті.
Осы кезде хабаршы жігіт жетті:
- Жекебояқ жақтан аттылы арбалылар шықты!- Жігіттер алас-күлес тұрып, аттарына жүгірісіп барады.
- Әй, жігітім, менің атымды әкеп бер,- деп Тулақтың қуатты қолынан босаған Су Құсайын оттың қасына отыра кетті.
* * *
Түс мезгілінде Жыландыға жете берер тұстағы жалпақ жазықтың үстін қиқу басты.
- Әкетті, әкетті.
- Қуыңдар, ұстаңдар!
- Е-ей! Е-ей!
Таңертеңнен бері маңайында үш-төрт аттылы торуылшысы бар жалғыз арбалыны алыстан бағып, әр бұта, жылғаны, шоқ-шоқ ағаштарды, қыраттарды бүркеніп, көз жазбай баспалап келе жатқан Жалмұқанның жігіттері әр тұстан қаптай шығып, күзгі сұрқай даланы қою шаңға көміп жіберді.
Бұларды сезбей бейғам жортқан бір топ аттылы тосыннан шыққан айғайдан үріккен үйірлі киіктей тұра шапты. Ә дегенде-ақ оқша атылып, сытылып шыға берген қара бие құлдырай тартқан. Үстінде екі адам. Бұл - қарауылшы жігіттерді ұрмай-соқпай байлатып тастап, Ақтоқтыны алдына отырғызып алып қашқан Ақан еді.
Алғашқыда қалың тоғайға қарай салған Ақан ол беттен не сойыл сүйреткен бес алты атты шыға келген соң, қиыс бұрылып, жалт берген. Бірақ бұл жолы да сәтсіз болды. Қарсы беттен аңырата шапқан он шақты аттылы ұшыртып келеді. Ақан тағы да жалт бұрылды. Бұл жолы енді екі жақтан қапталдай шыққан екі топтың қыспағына түсті. Жер астынан шыққандай көлденеңдей салып тағы бір топ тасырлатып келеді. Қашаған аттай жан-жағына жиі бұлтақтап, саңылау іздеген сері ол қыспақтан да аман өтті. Ақанның астындағы Әлібектің Қарабедеуі еді. Қуғыншы біреу-міреу бола қалса, ақпа, ұшқыр бие құтылуға жақсы деп әдейі мінген. Дегеніндей болды. Қарабедеу найзағайдай жарқылдап, тар қыспақтан жайдың оғындай өте шықты.
Қарусыз, қауіпсіз жайбарақат жортқан серінің серіктері шоқпарларын басынан асыра ойнатып, бастырмалатқан тұтқиыл қуғыншыдан зәрелері ұшып, жан-жаққа бытырай қашқан. Әр бұтаның түбін паналап, жасырынып қала берді. Қарсылық көрсетпеген соң оларға қуғыншылар да аялдаған жоқ. Дүрия көйлегінің етегі желбіреп, Ақанның құшағында бара жатқан Ақтоқтының соңына түсті.
Киікше зымыраған Қарабедеу көзден бұлдырап ұзап кетті. Қуғыншы арты сұйылып, шашырай берді. Тек үзеңгі қағыстырып қатар аққан екі бурыл ғана алғашқы қарқыннан үдеп, бір қыр асты. Бұлар - Жалмұқан мен Тулақ.
Кең жазықта Есілді бетке ұстап құйындай ұшқан Ақан өкініп келеді. Ақтоқтының маңындағы адамдарының аз екенін естіген соң, оңай алып кететіндеріне көзі жеткен. Қосар ат алып шықпай, қазақ ғұрпымен Ақтоқтыны алдына өңгеріп әкетпек еді ойы. Бұл — еріксіз кеткен қыздың белгісі: Ақтоқтыға жабылар жаладан құтқарар жалғыз жол. Әр тоспадан тұрып тосыннан шығар жау боларын күтпеп еді. Енді ұшқыр Қарабедеу ұзақ шабысқа жарамай, үстіндегі екі адамды ауырлай берді. Бірнеше қыр асып, ұзаған сайын адымы тарылып, қалжырай бастады.
Қатар шапқан Жалмұқан мен Тулақ та барған сайын қашқындардың бойын көріп шым-шымдап жақындай түсті. Енді біраздан соң, болдыртып соққан түлкідей, желіп отырып-ақ жетпек.
Жоқ, Жалмұқанның жүрегі аузына тығылып, зәресі ұшты. Көз ұшында белдеуленіп Сары ми жатыр. Баланың еңбегіндей былқылдаған Сары миға жетті дегенше, айырылдым дей бер. Толарсақтан келер ащылы жер ат түгілі, адамды зорға көтереді. Қарға адым жер жүре алмайтын атты тастай беріп Ақан мен Ақтоқты жаяулап кетуінде шек жоқ. Жаяуды жаяудың қуып жете алмауы хақ. Оның үстіне, Сары мидың ар жағында қол созым жерде Есілдің жіңішке бір саласы ағып жатыр. Жағалауы ит мұрыны өтпейтін қалың тал. Оның қай тұсынан өткенін, қайда жасырынғанын табу қияметтің қияметі. Оған жетті деген сөз – қыздан айырылып, бүкіл атығай-қарауылға мәңгі масқара болумен, әке атын қара жерге тірідей көмумен барабар.
Жалмұқан жыларманға келіп қамшы басты. Қабағы қарс жабылған Тулақ та лекітіп, бастырмалата түсті. Қарабедеу титықтай бастаған. Көзіне саулап тер
құйылып, шатқаяқтай берді. Төрт аяғы жан-жаққа бытырап, өгіз шабысқа, одан соң ит бүлкекке түсті. «Қап, асау қайыратын ғана тыз етпе тығырық екен ғой» деп тістенген Ақан қос өкпеге тепкілесе де, Қарабедеу қарқынынан айныған үстіне айни берді. Алда жарықтық Сары ми жатыр көлденең түсіп. Енді бір аз ғана Қарабедеудің қауқары болса, оған да жетеді. Ар жағы Ақанға да мәлім.
Міне, міне жетіп те қалды. Қарға адым жер - қыл көпірдің үстіндей. «Құдай-ай, жеткізе көр» деп Ақтоқты да көзі жаудырап, бар тілекті Қарабедеуден тілеп, Сары миға үміттене қарап келе жатқанда, үстерінен жай түскендей болды. Соңдарынан шаңқ еткен мылтық үнімен бірге, Қарабедеу де омақаса құлады. Ақан мен Ақтоқты мұрттай ұшты.
-Енді құтылып кететін болды, ат!- деп қалғанда, Жалмұқанның бұйрығын күткен қолмерген Тулақ бурыл атты оқыс қарғытып тоқтатқан да, Қарабедеудің тілерсегінен ала ақ мылтықпен басып салған. Орнынан ақсаңдай басып тұрған Ақан Ақтоқтыға жетіп, басын сүйей берді.
— Тоқтым, жаным, бір жерің ауырып қалды ма?!
— Жоқ, серім, өзің амансың ба?!- деп көзінің жасы сорғалаған Ақтоқты Ақанның кеудесіне басын салып жылап жіберді.- Шын бағы ашылмаған сор маңдай екенмін. Бұдан да мерт болып өліп кетсемші.
Сері ғашығының мап-майда салқын бетін бетіне басып қатты қысып отырып қалды. Дүниеде не боп жатыр - онда шаруасы жоқ. Мең-зең. Ақтоқтының көзінен аққан ащы жас жылай ағып, Ақанның ерніне құйыла берді...
Арада бие сауым уақыт өткен, Жалмұқанның жігіттері тегіс жетіп, қоршап алыпты. Ақанның серіктері де алыстан торуылдап жүр. Серіні мерт қылар ма екен деп үрейленіп, бір-екеуі жақындағы ауылдарға шапқыншылап кеткен.
- Жігіттер, екеуін екі айырып, байлап тастаңдар!- деген Жалмұқанның үні зәрлі шықты.
Орнынан ұшып тұрған Ақан қынынан сары кездігін суырып алды:
- Осыдан маңыма бір табан жақындасаңдар, Ақтоқтыға да, өзіме де пышақ салам. Жалмұқан, Ақтоқты саған да, маған да жоқ, тілегенің сол болса!..
Ақтоқты да орнынан тұрып Ақанға жабыса түсті. Аттарынан түскен жігіттер бата алмай, Жалмұқанның қас қағысын аңдып, ошарылып тұрып қалды. Бәрі де өндірдей-өндірдей өңшең жас. Бәрі де Ақанның әнін айтып, жаттап өскен бозбалалар. Қайсыбірі әнін сырттай естігенмен өзін бір көруге құмартып жүрген ел серілері. Көмейлерінде күмбірлеп, көкейінде сайраған сол ән иесі қазір сынық қанатымен балапанын қарағұстан қорғаған дәрменсіз құстай орталарында тұр. Ақан серіні бұлай кездестіреміз деп ойлап па. Қазір Баймұрза, Есмұрза, Жалмұрза әулетінен тараған санасыздар баяғыда қаңқасы құрып қалған аталарының намысы үшін кек жұтып, Сүтемгеннің өз қолымен қайраған ұстарадай лыпып тұр. Шаш ал десең, бас алғалы тұр. Бір қарауылды сегізге, сегізді он алтыға, он алтыны отыз
екіге көбейтіп, таратып, бастары біріге қалса жақ-жақ боп болымсыз айтыспен қырық бөлек қырық руға бөлініп өліспей беріспейтін ұсақ, пасық салттың мұрагерлері ата дақпырты үшін өз асылын қиып жіберуге даяр. Ертең өкіне білсе де, бүгін ойлай білмейтін шел көздер тарпа бас салып, өз әнін, өз сәнін қасқырша таламаққа даяр. Олар қазір өз жүрегі қалаған ғашығы үшін күйген Ақан сері дегенді ұмытқан. Ру, ата намысы лайлаған жау тұр деп қана түсінеді. Бөлтірікше баулынған жаужүректер қазір қыл арқанды жазықсыз жандардың мойнына бұғалық етіп тастап, қарауыл қотанында әулекіленіп, дырылдата сүйретуі де ықтимал. Ата намысы дегенді ел намысы деп түсінген зағиптар, айнала қоршаған азулы бөрілердің ортасында ертең өздерінің де осылай тұратынын ойламай, озбырлықтың жыртысын жырта жүргені кәперлеріне кіріп шықпайды. Қабақтарынан қан жауып, ата-бұтасынан қалған асыл мұрасын Ақан ұрлап әкеткендей қуып келіп, меншікті дүниесін қолтықтарына қысып, тақымдарына басып кетпек. Ақан - бүкіл қарауыл атын, қала берді қазақ атын аспанға шығарар ардагер емес, әрқайсысының әкесін өлтірген қаныпезер сияқты. Төніп тұрған көп тобыр, қапысын тауып айдалада жалғыз Ақанды қанға боямақ.
Ақтоқты көптің көзінен осыны көрді. Жан-жақтан садақтың оғынша қадалған мейірімсіз көздер адамдық жанардан жұрдай, бәрі де қанды ауыз қасқырдың көзіндей ажал шашады.
Ақтоқтының зәресі ұшты. Қапылыста қаза табар Ақанының тағдырын ойлап, мына қара нөпірдің, қара күштің алдында амалсыз жуасып, бас иді. Ақбота апасының «Ақанды шын сүйсең, басын сыйла, текке аяқ астында мерт болмасын, Ақан көптің Ақаны, елдің Ақаны» деп басу айтса да асыл айтқан есті сөзі есіне түсіп:
- Ақан аға, кездігіңізді маған беріңізші,- деді. Ақтоқтының бетін қайтарып көрмеген Ақан ештеме ойламастан қолына ұстата салғанын да байқамады. Ақтоқты кездікті шапанының ішіне тықты.- Ақан аға, хақ тағала сіз екеуімізді қосылуға жазбаған екен. Мен үшін жүдеп, мынадай ессіздердің алдында қор болмаңыз. Ақтоқтылар көп, Ақан сері біреу қарауылда. Мен сізге татымайтын сол көп Ақтоқтылардан аса алмаған бір бейбақ екенмін. Сізбен бірге болу қолымнан келмеді. Бұғалыққа мойынсұнар көп жасық жандардың бірі ғанамын. Өмір бойы енді сіздің адал жүрегіңіздің, махаббат періштесінің қарғысы атсын мені. Мен енді сізбен еркін серуен құрар азат Ақтоқты емеспін, көгендегі басыбайлы қара тоқтымын,- деп соңғы сөзін әрең құрап жылап жіберген Ақтоқты Ақанның мойнына асылып, көкірегіне соңғы жасын төгіп-төгіп жіберді.
Енді көзінен ұшқын атып кейін бұрылды да, тура қарай алмай жасқаншақтап тұрған Жалмұқанның алдына барды:
- Сен жеңдің, Жалмұқан, түс атыңнан!
Жалмұқан аттан қалай түскенін де аңғармай қалды.
Тізгінді қолына ала беріп, үзеңгіге аяғы тиер-тиместе бурыл айғырға лып етіп қонған Ақтоқты:
- Ал енді керектерің Ақан сері емес, Ақтоқты ғой. Еріңдер соңымнан, өңкей ұйыққан ұялас бөрілес,- деп оқша атылып, шаба жөнелді.
Салқын түсе күземнен қыстауына ерте оралған Бақтыбай ауылының үсті абыр-сабыр. Күйеулер келген. Ақтоқты ұзатылайын деп жатыр.
Бақтыбайдың ойы өткен-кеткен кінәсін, қызының жеңілтектік жасап, қылтың-сылтың жастықтың әуенімен бүкіл елге салған қара таңбасын жуып-шаю үшін ұзату тойын айта қалғандай етіп жасау еді. Күні бұрын ет жақын туыстарына, көрші-қолаң, ауылдастарға, мойны қашық Қызылжар, Атбасар жағындағы құдандалыларына, ат жетер жерге түгел хабар салып атығай- қарауылдың игі жақсыларын түгел жиып, қызының да, елінің де сағын сындырмай жөнелту еді ғой. Бұлай кеңес берген алдымен, інісі Тастан! Оны жамағаты Дәмелі де қостап, «Тоқтымнан аяған мал мен жаны құрысын. Жат жұртқа барғанда жүдемесін құлыным, тым құрымаса тойын жақсылап атқарайық дегенің аузыңнан шыққан бір тәуір аталы сөзің екен, шалым. Енді барыңды аяма. Шашып қал, жұртты риза ет. Тым құрымаса ашылған абұйырды шашылған ризықпен жабайық» деп көзіне жас алған. Осы ойды Бақтыбай ауылының бетке ұстар азаматтары да құптап, «елден ұзатылар қыздың аттану салмағы бәрімізге ортақ» деп төрт-бес күн ойын-той өткізуді ұйғарысып, аттарын жаратып, балуандарын дайындап, көл жағасына қаз-қатар жер ошақтар қазып тастаған. Сойылатын малдар да тізілді. Құдалармен ойнап-күлетін қыз-желеңдер білектерін сыбанып, әдетке енген сан-сапалақ ырым-жырымның салтына дайындала бастаған.
Бәрі аяқ астынан өзгерді.
Күн түске тармаса күйеу бала Жалмұқан елу шақты жігітпен келіп түсті. Басында көп адамның қарасынын көрген Бақтыбайлар қуанысып: «бәрекелде, бәсе, осылай болса керек еді. Мына келе жатқан салтанатты құдалар ғой. Ал, енді құдаларды аттан түсірісімен қолға алыңдар. Естерін шығарып жіберейік» деп, келіншектер жағы қалта ақтарып кәде алуға асығып, ел жігіттері аяқтарын асуға, шикі қой терілерінің арасына айран құйып үйге кірерде құлатуға, арбаға жегіп әурелеуге дайындалып тұр еді. Олары болмады.
Күйеу жігіттері өңкей «мен атайын, сен тұр» дейтін ығай мен сығай. Шетінен ұстараның жүзіндей қылпылдаған жастар. Ішінде шоқша сақал біреуі ғана бар. Жұптарын жазбай cap желдіріп келеді.
Қарсы алушы топ алдынан жүгіріп шығып, іркіле берді. Жас құдалардың түсі суық. Қыз алуға келе жатқандай емес, өрт сөндіргендей түнеріп, ауылды шабайын деген барымташылар сияқты. Ауылдың ер-азаматы бас шұлғысып салқын амандасқан құда жігіттерді аттарының шылбырынан алып түсірді де, жеке тігілген сегіз қанат ақ үйге енгізді:
- Бұлары несі, өңдері жаман ғой?
- Қыз алуға келген адамдардың сыңайы жоқ.
- Біреулері өліп, қаралы болған шығар, кім біледі.
- Е-е, онда кейінірек келмес пе еді.
- Уағдалы күн болған соң, амалсыз келген ғой.
- Қой, онда шапқыншы жіберіп, хабарласпас па еді.
— Енді бұларға не болды?
— Не болды дерің бар ма? Тіршілікте не болмайды.
- Бәріміз оң жақта отырып қылмыс жасаған қалыңдығы болармыз ба? Тіпті сәлемдері түзу емес.
- Сәлемді қайтейін деп ең. Амандықты білмеген надандықтың белгісі. Одан біздің неміз кетеді, ішін ұрайын.
- Әй, текке таусылмайық. Біздің де қайбір айдарымыздан жел есіп тұр. Жазықты екенсің, жұртты жазғырма. Не де болса артын күтейік: бұл - онша жақсы келіс емес...- десіп күйеулердің келісін қырық саққа жүгіртті. Әшейінде онша сыйлай қоймағанмен, той иесі - Ақтоқтының ата-анасының қас-қабағына қарап, ешкім естіртіп ештеме демейді. Бәрі сыбыр сөз.
Қызыл шырайлы шоқша сақалдың аты Сапа. Бұл - Сүтемгенмен бірге туған Шәлтіктің үлкен баласы. Жалмұқанның немере ағасы. Ақтоқтыға құда түскенде бас құда болып келген. Сүтемген де, Шәлтік те Бақтыбайға кеп үлкен бастарын июге қорланып, Сапа да жетер деген.
Қазір де, отырар-отырмаста Сапа Бақтыбайды шақыртып алып, ауыл сыртына аяңдап кетті.
Ұлы жүз үйсін елінде қызыл бөрік деген ел бар. Ол елде құпия-сыр айтысқанда топтанбай, екеу-екеу бас қосып, ауылдан жырақ бір дөңеске шығып алып оңаша сұқбаттасатын көрінеді. Оны қызыл бөрікшілеу дейді екен. Сол сияқты, құда өзіңізбен қызыл бөрікшілеуге тура келіп тұр.
- Айт, айт! Қызық екі жаққа да бірдей. Көңілдеріңде не бар, жасырмаңдар. Біз бәріне дайынбыз, айт, айт,- деп түсіне бермейтін Бақтыбайдың «айт, айт» деп айтақтағандай болғанын жаратпай қалған Сапа көп мәймөңкені қойып тоқ етеріне көшті.
- Бақа, өзіңізге мәлім, құдалық жасап, сән -салтанатпен жүретін жарастықтан екі жақ та айырылып отыр.
- Тек, қарағым, олай деме, құда мың жылдық деген. Сүтекең екеуімізді құдай айырмаса, адам айыра алмайды енді.
- Оны болашақ көрсетер. Тап осы ауқымда қыздың ұзатар тойын да, қалыңдық түсірер тойын да мадақтап өткізер сіздерде де, біздерде де бет жоқ.
- Бет күйіңкіреп қалды, иә!
Бақтыбайдың мұны салқын айта салғанына Сапаның жыны келді.
- Күйіңкірегені не, бырысып қалды демейсіз бе? Кімге қарайтын бет бар?!
- Иә, иә, сөзің дұрыс, менде бет жоқ. Мынау әшейін жансыз көн тері ғой тұзға піскен,- деп Бақтыбай екі бетін шымшып-шымшып алды.
- Ендеше, біз асығыспыз. Осы кеште Ақтоқтыны әкетеміз. Сән-салтанаттың қажеті аз - бұл Сүтекеңнің бұйрығы. Сосын, есіңізде болсын, қашан Ақтоқтыны ұзатқанша бұл маңға анау Үлкенкөл, Қоскөл жақтан тірі пенде келмесін. Ақан мұнда аяғын қия баспақ түгілі, аты аталмасын, бір өлеңі айтылмасын.
- Жоқ, айтылмайды, айтылмайды, о не дегенің.
- Олай болса, уәде! Қыздың жасауын әзірлей беріңіз. Түнделетіп жүріп кетеміз. Мәгәркім, осы уәденің бірі орындалмады, өкпелемеңіз!..
«Тоқпағы мықты болса киіз қазық та жерге кіреді». Бақтыбай да төбесінен гүрзімен ұрғандай мәңгіріп, мыжырайып тұрып қалды. Салмағымен жер ойғандай боп, кең нығарлай адымдап, Сапа кетіп барады. «Сен жаманды ма, тұра -тұр, қалыңдықты елге апарайық, содан кейін алдыңа талай келтірермін. Кісі сыйлай білмейтін, қадір түсінбейтін надан!» деп бара жатқанын Бақтыбай күдірейген желкесінен аңғарды.
Сапаның хабарын әйеліне үрейлендіре айтайын десе, одан қаймығып, жай - жапсарлап жіптіктей ғып жеткізейін десе, ондайға қыбы жоқ Бақтыбай не жаумай, не қоймай тұрған күздің мына беймаза желді, бұлтты күніндей іші алай-түлей боп аулақта жалғыз өзі селтиіп қапты. Күздің қара суық желі тынымсыз соғып, бүрінен айырылған жусанды, сүмбіленің ұзақ жауынынан түбі шіри бастаған бетегені етпетінен жығып, үрлеп тұр. Бауырында қой бүлдіргеннің жапырақтары, сарғайған қурай аралас бір түп қалың селеу сиреп, сидаң тартыпты. Жел өтінде дір-дір етеді. Бірін-бірі қуып ен далада рабайсыз тоңқаңдап, жосыла жөңкілген ірілі, ұсақты қаңбақтардың бірі осы селеуге келіп, ілігіп тұрып қалды. Тарбиған әлсіз аяқ-қолынан ұстап, жалбаңдаған етегінен тартқандай, жібермейді. Қаңбақ қалтырап, ышқынып, бұлқынғандай болады. Тосқауылға кеп тіреліп, қаңбақтай аңырып дәрменсіз күйде тұрған Бақтыбай да шапанының өңірінен, жеңінен үрлеген суық желге тоңазып, қалтырап кетті. Қураған ебедейсіз қаңбақты бір теуіп босатты да, мықынын бір көтеріп, отауға қарай томпаңдай жөнелді.
Оқшауырақ тігілген отау үйде ауылдың бетке ұстар қыздары ханшаның нөкерлерінше жиылып, Ақтоқтыны киіндіру қамында еді. Дәмелі, Қадишалар да бірнеше пысықша қатындармен бірге қыз жасауын дайындап, құдаларға көрсететін киім-кешек, кілем-алашаларды тау-теңіз ғып ортаға үйіп, санап салып жатыр. Қайсыбір келіншектер жүк аяқ үстіндегі сары ала абдырадан Ақтоқтының киімдерін алғанда, жайып, көтеріп қарап, тамсанып тұрып қалады.
- Апырмай, мына пұшпақ ішіктің тамашасын-ай. Өңкей қызыл түлкінің жонынан тіккен-ау!- деп таңырқаса:
- Мына қимал ішігі қандай әдемі еді,- деп етегіне төрт елі құндыз ұсталған, оның үстінен оқа жүргізген бой ішікті тамашалайды.- Мына алтын қаптырмалардың жарқырауын-ай.
- Өзі, неше ішік тіктіргенсіздер?
- Ойпыр-ау, мына бұрса көйлектері не деген көп еді?!- деп, біресе жалт- жұлт етіп судыраған қатты жібектен тігілген сары, көк, қоңыр көйлектерін созбалайды.
Түс киіз, алаша, текемет, кілемдерді үйгенде тіпті ауыздарының суы құрып:
- Шіркін-ай, Ақтоқтының да арманы бар ма екен,- деп кейбір дарақы әйелдер дүние жаңылдығын көрсетсе, Ақтоқты жаратпай қарап, тыйып тастады.
- Ақандай жары, Жалмұқандай күйеуі бар адамның арманы болушы ма еді?!
- Әй, қойыңдаршы сендер, жоқ жерде сөз шығармай,- деп шешесі де әйелдерге ұрсып тастайды.- Одан да ана ас жаққа барыңдаршы өздерің аяққа оралғы болмай!
Дүниенің ісін тындырып келгендей Бақтыбай сырттан айғайлай кірді. «Қызың киініп жатыр, тұра тұр» дегенге қарамай, «е, өзімнің балам емес пе, киіне берсін» деп баса-көктей кіріп, күйіп-пісті.
- Ойбой, жау алғыр қатындар! Әлі ырғалып-жырғалып, түк бітірмепсіңдер ғой.
- Еһ, не бітіріуіміз керек, сен едің ендігі жетпегені,- деген Дәмеліге Бақтыбай бас салып, қара аспанды жаудыра жөнелді.
- Не бітіруіміз керек, не бітіруіміз керек. Сендер бітіргенше аналар біздің шаруамызды бітіреді.
- Не боп қалды тағы?!
- Сапа құда бүгін түнде жүреміз, тездетіңдер, «ешқандай қызық-шыжық, той-мой керек емес» деп жатыр.
- Сонда не? От ала келіп пе? Не сандырақтары ол. Кергімесін әрі. Сол да сөз болыпты-ау. Апаш-құпаш аттандырып, қанжығасына байлап жіберетін қоянның көжегі деп отыр ма?! Сен де байбаламды салып, дамбалыңды қолыңа ала жүгіргенің не сонша!- деп көп ашуланбайтын биязы Дәмелі шын ашынып тесіле сөйледі. «Дамбалыңды» дегенде жаздағы Бақтыбайдың дамбалсыз қалған қызығын естіген қыздар жүздерін бұрып, еріксіз мырс-мырс етіп күліп жіберді.
- Ой, жуас түйе жүндеуге жақсы. Сорлы-ау, мені төмпештей бергенше, аналарға неге айтпайсың?
– Сен еркек емессің бе? Әке емессің бе?
– Оларың болайын деп тұр ма? Еркек-еркек дейсің қит етсе, сол еркекті саған-ақ бердім, шырағым, қызыққаның сол болса. Еркек те сен, әке де сен. Бар, айтшы, тілің жетсе.
– Басынбасын әрі. Қыз үйден аттамай жатып, о неғылған қоқан-лоқы.
– Сен оны айтасың, тойда Ақан болмасын, әні айтылмасын, ол елдің азаматы келмесін дейді.
– Әй, Ақан деген сөздерін қойсын енді. Ол байғұс та құса боп жатқан көрінеді. Ондағы шаруалары қанша.
Тойға анау келсін, мынау келмесін деген о не билік. Бар, айт, қызды қалай ұзатамыз – ол біздің еркіміз! О несі екен-ай, елде-күнде жоқ бүйректен сирақ шығарғандары.
– Мен бармаймын. Ал не істейсің. Мықты болсаң өзің барып көр... Ойбай- ау, олар ертең шауып алудан таймайды, сақалымның сорасын ағызып... ендігі көрмегенім сол еді,- деп Бақтыбай жыламсырап отыра кетті.
– Әке,- деді Ақтоқты,– сенің жаның менен қалса, өзім-ақ сөйлесейін. Қорықпай-ақ қой. Қадиша, соңғы жақсылығың болсын, әлгі Жалмұқанын шақырып берші. Шақыршы!
– Күнім-ау, күйеу баланы шақыртқаның ретке келмес. Қазақ ғұрпында, жоқ нәрсе. Өз рәсімімен келгенде, бір-біріңді көре алмадыңдар...
– Апа, мен қайбір ғұрып іздеп тұр дейсің. Жарайды, барыңдар. Үйден шыға тұрыңдар. Сөйлесетін сөзім бар,- деп Ақтоқты үйден шыға қоймағандарға зекіп тастады.– Сендер не, күйеуіммен сөйлестірмейін деп пе еңдер!
– Е, сүйтші, сүйтші, қарғам, күйеуіңмен сөйлесші,- деп Бақтыбай тібін белбеуі мықынынан түсіп, бүкшеңдеп шыға берді.
Жалмұқан Ақтоқтының хабарын естігенде шын сасайын деді. Қыз қылығы есіне түскенде намысы қозып, «тұра тұр, қолыма түсерсің» деп кіжініп, елінің, әкесінің мықтылығын арқаланып, бұрынғының батырларынша сайланып жеткен жігіт енді қалыңдығын көрерге келгенде ыңғайсызданып, не істерін білмеді. Сапамен ақылдасып еді, ол:
– Қайдам... Өзің қалай көресің. Неге шақыртқанын құдайым білсін. Барсаң бар, тығылып отыра беруші ме ең. Қайта еркін жүріп, еркін ұста өзіңді. Сен несіне қаймығасың, қылмыс жасаған сен емес...- деп неше толқып, екі ұшты жауап берді.
Тек жігіттердің сөзі шын ширатып жіберді.
– Әй, Жалмұқан, байқа, өзіңді оңашада жарып тастамасын, кім біледі,- деп бірі қалжыңдап, шамына тисе:
- Не болса о болсын, өзін жеке жерде бір жәукемдеп алшы,- деп екінші дөрекілеу бірі тісін қайрайды.
- Және өзі жеке келсін де пе ай?! Зарығып отырған ғой. Қайтсін,- деп қызға ренішті жігіттер алақанына түкіріп сырттай мықтап жатыр.
Жалмұқан мең-зең боп ағаш үйден отауға қалай жеткенін білмеді. Ойы он сақта. «Неге шақырды? Сөзді неден бастар екен? Мен не дейім?» деген ой мазалап келеді. Оның үстіне ауыл адамдарының бәрі масқара болған күйеуге сүзіле қарап, әр жерде үдірейіп, көздерімен ұзатып тұр. Тұла бойын аяздағы қыраулы темірдей қарыған мысқылды, ажуалы, кекесін көздерден өтіп, Жалмұқан киіз үйге кірді.
Ақтоқты оң жаққа салған төсегінің үстінде мамық жастыққа бетін басып, қисайып отырған. Оюлы қос есіктің топсасы сықырлап ашылғанда да тапжылған жоқ. Жалмұқан жөткірінгенде барып басын көтерді.
- Ақтоқты, амансыз ба?
- Ә, саламатсыз ба,- деп қабағын керіп, тура қараған Ақтоқтының жүзі ашулы еді. Барынша білдірмеуге тырысып, инабатпен сөйледі:- Төрлетіңіз. Отырыңыз.
Өзін-өзі қайрай келген жігіт үйілген киімдердің арасымен аттай өтіп, төрде төсеулі бітпестің үстіне қалай отыра кеткенін байқамай қалды. Енді аңғарса, қыз биікте, өзі төменде қалған. Басын көтеріп сөйлесу қандай ыңғайсыз. Қайтып тұрудың реті жоқ, қыбын таба алмады.
- Ақтоқты, сіздің бұйрығыңызбен келдік. Не айтпағыңыз бар еді. Айтып қалыңыз...
- Кейін кеш болады демексіз ғой!
- Жо-жоқ, енді өз босағаңызда айтқаныңыз дұрыс қой,- деп Жалмұқан күмілжіп қалды. Әшейінде ауыл қыздарына айтпағанды айтып, тілін де, қолын да жұмсап естерін шығаратын ерке жігіт Ақтоқтының алдында тосыла берді. Қыздың мысы басатын сияқты.
- Қай босағада қалай сөйлесетінімізді болашақ көрсетер. Ал қазір бір сұрағым бар еді.
Жалмұқан үнсіз құлақ түрді.
- Сіздер осында неге келдіңіздер?!
Күйеу селк етті: «Бұл не, кекеткені ме, мазағы ма?»
«Сені қатын етіп алуға келдім» демекке оқтала берген Жалмұқан қалыңдығының еліктің көзіндей мөлдіреген сұлу көзі қадалғанда өзін тежеп, зорлана отырып, қалжыңмен жауап берді:
- Осында көптен ала алмай жүрген Тоқтым бар еді, соған келдім.
─ Болса болар. Адам емес, мал ала келгендерің көрініп тұр.
— Ақтоқты, тұспалдамай-ақ тура сөйлесетін кезіміз жеткен жоқ па осы. Мен де бір елдің қолқандай жігітімін, қашанғы қорлай бересің.
- Кім кімді қорлапты? Тура сөйлескің келсе, ауыл шетінен түспей жатып, не бұл басынғандарың. Менің әкем саған қолжаулық болып па. Әке, әке деп әкеңді арқаланып жүргенің адамға да, құдайға да аян. Әркімнің өз әкесі өзіне.
— Кім қолжаулық етіпті?
─ Оны менен сұрағанша, себебін өзің неге айтпайсың? Қалыңдықтың аттанар жоралғысын ата-анасы билемей, күйеу, құда билегенді қай заманда көріп ең!
─ Бізде қайбір жетіскен жоралғы қалып еді. Жоралғы жасаймын деген жолым ыңғай қырын кетіп, ақ жолмен келіп, қара жолмен қайтқаным өзіңе аян емес пе. Оны еске салып қайтеміз.
- Айтарыңды ірікпей түгелдей осы арада айтып арылып қал. Ішіңді күйдірген шала болса, өтеп ал. Кейін бықсымауға жақсы болады.
- Мендегі шала өртеніп болған, қазір ішім толған қап-қара түтін. Бетім күйе, жүрегім жара.
- Соншама қара аспанды жаудыратындай не күн туыпты басыңызға,- деп Ақтоқты жұмсара сөйледі.- Кетіп бара жатқан қызды қалың топ қара күшпен тартып алдыңдар. Міне, бүгін аяқ-қолын жерге тигізбей әкетейін деп отырсыңдар. Енді не армандарың бар?!
- Иә, ел көзіне мазақ болған жігітте не арман бар екен?- деп Жалмұқан қияқ мұрты дірілдеп, сұрлана түсті.
- Онда ең алдымен мазақ болған сен емес, мен емеспін бе? Ондай қызды несіне аласың, екінші рет мазақ етіп, өз мазағыңнан арылғың келе ме?
Жалмұқан не дерін білмей тосыла берді. «Шынында да, қазір бармаймын, сүйген адамым бар деп отырып алса, қалай еріксіз өңгеріп әкетпек. Онда екінші қорлыққа ұшырау ғана қалады. Бұрын берген қалыңына қалың қосып, Бақтыбайды шауып кеткенде не өнбек. Бәрінен бұрын Ақтоқты, қайран Ақтоқты. Мұндай періштені түсте ғана көрерсің. Шынымен тағы айырылам ба» деген Жалмұқан қалыңдығына қиыла қарап, өз -өзінен жасып, жер шұқыды.
- Байқаймын, қимайсың-ау деймін? Айтшы шыныңды.
Тергеуге алғандай батыл сөйлеген, қажырлы ақ маралдың алдында мойындамасқа дәрмен жоқ.
- Рас, басқаға қимаймын, Ақтоқты,- деп Жалмұқанның даусы да дірілдеп шықты.
- Олай болса, басқаға қимағанда, болашақ жарыңды өсекке қалай қиясың?- деп, үнсіз құлақ түріп, қыздың сөзі жағымды естілген. Жалмұқаннан бетін бұрып, Ақтоқты жасына булыға отырып ұзақ сөйледі.- Мен жігіт басынды кемітпеймін, қорламаймын. Саған да ұнаған шығармын. Содан болар, қанша оқталып келгенмен, әлің жетсе де, маған да, Ақан ағаға да қиянат жасаған жоқсың, оныңа рахмет! Бірақ қай өнеріңмен, қай қылығыңмен маған базына айтасың. Сырттан бір көрдім екен деп әкеңнің беделін салып, құда түсірттің. Біраз көріп, сөйлесіп не мен, не сен бір-бірімізге сыралғы болған жоқпыз. Әйтеуір, сырттан ен тақтың да, Бақтыбай ауылында құлағы кесілген бір тоқтым бар, піскесін алам, алдарыңа жайратып салам деп бар ғаламға жар салдың. Мен де тағдырдың жазуына, қазақтың салтына мойын сұнып жүре бердім. Малдың төлеміне баратын көп қыздың бірі едім. Ауылыма Ақан келді, ақ пейілді, ақ жүректі Ақан келді. Ұйқылы-ояу, мең-зең боп, алдым да, артым да қараңғы дуадақша құр далбақтап, атқа шауып, соқыр жапалақша жарбаңдап жүрген кезім еді. Ақан жарыққа алып шықты, көзімді ашты, қыз ертең басына жаулық салар қалыңдық қана емес, ердің қасында серігі, кісі сүйер жүрегі, тебірене білер сезімі бар адам екенін үйретті. Мен Ақаннан қыз қалай аунатсаң көне беретін күлді көмеш емес, күннің сәулесін, жаздың шуағын сүйетін, аялайтын алақанға, ұрық шашар ұрпаққа жаратылған нәзік гүл екенін түсіндім. Жігітке ерлік, өнерліге талап, ақынға жыр, әншіге күй беретін қыз екенін түсіндім. Қыз адам екен, құдаға, күйеуге, сыйлы қонаққа тартар соғымның мүшесі емес, жалпақ ел, қалың жұрттың белді бір мүшесі екен. Ақан шын сүйді. Сол себепті ол өз сүйгенін жамандыққа бұйырмады. Ол ғашықтық жарасын жанға салғанмен, тәнге салған жоқ.
Жалмұқан осы тұста басын көтеріп алып, шын ба, рас па, не айтып отырсың дегендей, көзі жасаурап кетті.
- Сен болсаң алмай жатып, елдегі сасық ауыздарға қосылып, бірге байбалам салдың. Мені сыйламасаң да, өзіңді сыйласаң етті. Намысыңа тиген екем, намысыңа тимейтін басқаны іздеуің керек еді. Намыс жолында кегіңді алатын мен жауың емес, егеске тұратын жігіт емеспін. Менің атым қыз емес пе? Ақанның ашса алақанында, жұмса жұдырығында жүрдім. Ол не десе де тартынар менде хал қалмап еді. Қыз абұйырын сен үшін сақтайын деген ой болған жоқ. Мені сақтаған Ақан - ақын жүрегі. Оның сендердің бәріңнен артықтығы сонда. Тым құрмаса, соның жүрегін, адал жүректі жараламасаңдар етті. Жасырмаймын, тағы да айтам, сені кемсіткенім емес, бірақ саған шын сүйіп қосылып отырғам жоқ. Олай екен деп кейін қорласаң оныңа да көнбеймін. Әкеңнің, қараңғы әкеңнің, бұрынғы салған ескі салттың құрбанымын. Сол үшін ғана кетіп барам. Айтарымды айттым. Басқаңмен сөйлеспеймін. Мені алатын сенсің, сенімен ғана сөйлестім. Бар қаупің, жаныңның жарасы - қыз тәнінің жарасы екен. Егер оған Ақан жазықты болса, ертең көк есекке теріс қаратып жіберсең, ренжімеймін. Ал, аттанар тойымда, мен не істесем, соған көнесің. Ақылсыз топас қалыңдығымның айтқанына көнбеймін деп шіренсең, оныңды қазір айт.
Жалмұқан осы сөзді күтіп отыр еді.
– Ақтоқты, айналайын, мен қайтейін, ел көп қой. Көп айтқан соң өсекке ергенім де шын еді. Онымды кешіре гөр. Көзім жаңа жетті. Енді неңе болсын көнейін, Ақтоқты. Бірақ өтінерім сол болсын, бүгін ана жақтағы ел де күтіп отыр. Мүмкін болса тойдан соң аттанып кеткеніміз жөн болар.
– Мен де бұл арада сауық-сайран құрып жатқым келмейді. Менде де масайраған көңіл жоқ. Бірақ өз елімнен қыз күнімде, Ақтоқты атыммен кетсем деймін. Егер, есіңде болсын, ана әумесер жігіттерің қара ниеттік жасап, шырқ бұзса, мені бұл арадан енді күшпен әкете алмайсың. Оған мына Ақанның кездігі куә,- деп Ақтоқты жастық астындағы анада өзі әкеткен сары кездікті шығарды,- Уәде осы! Келгеніңе мың да бір рахмет!
...Жалмұқан орнынан шұбатыла тұрып, күнәдан пәк Ақтоқтыны құшақтағысы кеп оқталды да, бата алмай, шыдамын тежеп шығып кетті. «Мен не істесем де көнесің» дегені несі? Оны Ақтоқтыдан сұраған жоқ.