Қазақстан тарихы для 5 класса — Кумеков Б.
Название: | Қазақстан тарихы для 5 класса |
Автор: | Кумеков Б., Жұмағанбетов Т., Игілікова К. |
Жанр: | Школьный учебник по истории Казахстана |
Издательство: | Атамура |
Год: | 2017 |
ISBN: | 978-601-306-753-7 |
Язык книги: | Казахский |
Скачать: |
Страница - 10
§27-28. ОҢТҮСТІК ЖӘНЕ ОРТАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН САҚТАРЫ
Көсемдердің обалары. Жетісу мен Оңтүстік Қазақстандағы сақ обалары құрылымы мен жерлеу дәстүрі жағынан Солтүстік Қазақстан обаларына жақын келеді. Сақтар негізінен Іле мен Есік алқабын мекендеді. Мұндағы қысқы жайылымдарда сақ көсемдерінің обалары — номадтар пирамидалары тұрғызылды.
Жетісудың сақ мәдениеті б.з.б. VIII-III ғасырлар аралығын қамтиды. Б.з.б. 1 мыңжылдықтың ортасына жататын Бесшатыр қорымы мен Есік обасы сақ кезеңінің археологиялық ескерткіштері туралы анағүрлым көп мағлұмат береді.
Бесшатыр қорымы Іле өзенінің оң жағасында, Шылбыр қойнауында орналасқан, бірнеше обадан тұрады. Бұл жердесақ көсемдері және қатардағы қауым мүшелері де жерленген. Сондықтан обалардың, орташа диаметрі 105 м-ден 18 метрге дейін, биіктігі 18 метрден 6 метр, 2 метрге дейін ауытқып отырады. Үлкен Бесшатыр обасының диаметрі — 104 метр, биіктігі — 17 метр. Есік обасы бұдан анағүрлым аласа, оның биіктігі — 6 метр. Жетісудағы жерлеу ғүрпын жаңғыртып сараласақ, оның Алтай ескерткіштерімен көп ұқсастығы барын байқауға болады.
Жетісу сақтары қабір шұңқырларын қазбаған, олар жазық- тағы табиғи төбешікке ағаш сағана тұрғызған. Ол төртбұрышты (төбесінен қарағанда) жерлеу бөлмесі мен дәлізден тұрды. Құрылыстың қабырғалары 15 қатар бөренеден құралған. Бөренелер бір-біріне кіріктірілген, өзара бекітілмеген, қабырға құлап кетпес үшін сыртқы жағына тас тірелген.
Сағана көлденең бөренелермен жабылған. Үстіне арқандармен буылған қамыс төсеніш төселіп, қиыршықтастан біршама биік үйінді жасалған.
Жерлеу бөлмесінің тақтай еденіне киіз, кілем төселген. Көсемнің жанына тұрмысқа қажет заттар, қару-жарақ, алтын, күміс, қоладан жасалған әшекей бұйымдар қойылған. Саз ыдыстарға ас-су құйылған. Құдайдың алдына баратындықтан көсемге салтанатты киім кигізілген. Жерлеу аяқталған соң дәліз тастармен бекітілген.
Қорым обалары тоналғанмен, тонаушылар барлығын әкете алмаған. Темір қанжар-ақинақ, қола ұшты жебелер салынған қорамсақ қалдықтары мен басқа да бұйымдар археологтерге көп ақпарат береді.
Есік обасы Алматыдан шығысқа қарай 50 км жерде, Іле Алатауының баурайында орналасқан Есік обасының өзіндік
ерекшелігі байқалады. Атауы обаға жақын жердегі Есік қаласынан алынған.
Бір үйіндінің, астына екі - орталық және бүйірдегі қабірлер орналасқан. Орталық қабір тоналған, бірақ тонаушылар үйіндінің астында тағы бір қабір барын білмеген. Сөйтіп, 1970 жылы профессор К. Ақышев бастаған археологтер алғаш рет тоналмаған сақ көсемінің жерлеу орнын тапқан.
Бұл археологиялық ескерткіш қандай шартты атауга ие болды?
Қабір ағаш лақат 3x1,5 м3 жерлеу бөлмесі мен дәлізден тұрады.
Жақсы өңделген 10 тақтайдан еден орнатылған. Еденнің мәйіт жатқан тұсына алтын қаптырмалармен безендірілген мата төселген. Матаның үстіне сәнді киім кигізіліп, бес қаруы түгел асылған мәйіт қойылған. Ол шалқасынан жатқызылып, басы батысқа қаратылған. Ғалымдар қайтыс болған адамның жасы 17-18 жаста, бойы 165 см болғанын анықтады.
Оңтүстік қабырғаға жақын ағаш ыдыстар: табақша, теге нелер мен ожау қойылған. Осы жерден сабында аққұтанның басы бейнеленген күміс қасық, жазуы бар күміс тостаған табылды. Бас жағындағы алтын жалатылған тостағанда сиқырлы бойтұмар — жыртқыш құстың тырнағы мен тұмсығы тәріздес алтын қапсырмалар жатты. Сол қолының қасына алтын ұшты жебе қойылған.
Металл әшекей. Белдіктің оң жағына қызыл қынға салынған ұзын семсер, сол жағына ақинақ - қанжар ілінген. Қанжар жүзінің ортасына алтыннан ирелеңдеген жылан бейнесі салынған. Есік обасы б.з.б. IV ғасырға жатады.
«Алтын адам» неліктен еліміздің мақтанышына айналды?
Тас қоршау бағандармен (менгир) қоршалған көсем обаларымен қатар қатардағы қауым мүшелері мен қарапайым жауынгерлердің обалары да орналасқан. Қабірде басы батысқа қаратылған адамның сүйегі жатыр. Жерлен- ген мәйіттің жанында тұрпайылау өңделген саз ыдыс, жебенің қола ұштары, ағаш садақ, темір пышақ тәрізді заттар қойылған. Қабір үстіне онша биік емес үйінді үйілген.
Тасмола мәдениеті. Орталық Қазақстанның Мұғалжар тауларына дейінгі аумағында б.з.б. VII III ғасырларда Тасмола мәдениеті қалыптасты. Ол өз атауын қорымдар орналасқан Тасмола қойнауынан алды. Бұл мәдениетті сақ исседондар қалдырды деген болжам айтылады. Бірақ бұл обалардың сыртқы түрі мен мазмұны басқа аумақтан табылған сақ обаларына ұқсамайды.
Тасмола мәдениетіне жататын обалардың шет жағында тас тізбектері бар. Вұл обаларға төбеден қарағанда тас тізбектер мұртқа ұқсайды, сондықтан шартты түрде оларды «Мұртты обалар» деп атайды.
Сақ исседондар көсемдерін қыстық жайылымдағы жерлеу орнына апарған. Жауынгердің мініс атына да адам тәрізді құр метпен қаралды. Сондықтан өлген адамның аты да иесімен бірге жер- ленген. Қайтыс болған адамды тереңдігі екі метрге жуық шұңқыр етіп қазылған жерлеу орнына жеткізген. Мәйітті қамыспен, киізбен жабылған ағаш зембілмен лақатқа түсіріп, басын солтүстікке қаратқан.
Қабірдің ішіне ілмекті сабы бар қола айналар, тас қүрбандық ыдыстары, темір пышақтар және ақинақтар, үш қырлы қола жебелер салынған.
Сақ исседондар алғашқы болып темірден жебе үштарын дайындады. Өйткені Орталық Қазақстанда темірдің бай қоры бар еді.
Адам қабірінің шығыс жағындағы шұңқырға қыш, ағаш ыдыстар қойылып, жылқы көмілген. Қазбалардан қола ауыздық және жүген табылған. Кей кезде жылқыны өртеген. Мұндай кезде археологтер оттың орнын немесе күйген қабатты ғана тапқан.
Қайтыс болған адамның үстіне үлкен оба, ал жылқы көмілген жерге кіші үйінді тұрғызылған. Сөйтіп, үлкен және кіші обалар пайда болды. Кіші обадан шығысқа қарай бағытталып доға тәрізді тас тізбектер қаланған. Бұл тізбектер алып қоңыздың мұртын еске түсіргендей.
Б.з.б. V—III ғасырлардағы Сақ көсемдерінің жерленуінен алғашқы мемлекеттік басқару жүйесі қалыптасқанын байқаймыз. Есік пен Тасмола т.б. қорымдардан табылған жәдігерлер сақ қоғамы көсем, жауынгер, абыз, қатардағы қауым мүшелерінен тұратын күрделі әлеуметтік құрылым екенін айғақтайды.
- Бесшатыр қорымын сипаттаңдар.
- Есік обасы туралы не білесіңдер?
- Картадан Тасмола мәдениетін көрсетіңдер.
- Сақтардың жерлеу орындары қандай мәліметтер береді?
Жұп болып талқылаңдар.
Б.з.б. V-III ғасырларда Оңтүстік және Орталық Қазақстан сақтарында алғашқы мемлекеттік құрылым болғанын дәлелдейтін дәйектер мен деректер келтіріңдер.
Қосымша тапсырма
«Оңтүстік Қазақстан мен Орталық Қазақстанның археологиялық ескерткіштері» салыстырмалы сызбасын құрыңдар.
§29-30. САВРОМАТТАР МЕН МАССАГЕТТЕР
Жазба деректер. Савроматтар б.з.б. VII-ІV ғасырларда Дон өзені мен Азов теңізінен Жем өзеніне дейінгі аралықты мекен еткен. Олар ішінара егіншілікпен де айналысқан. Бұл тайпалар жөніндегі жазба деректер аз. Олар туралы Геродоттың I Дарийдің жорықтары жайлы еңбегінде алғаш рет айтылады. Парсылар мен скифтердің арасындағы шайқаста савроматтар өздеріне туыстас скифтерге сенімді одақтас болған. Грек тарихшысы Геродот оларды «ержүрек», «мал соңынан шүйгін жайылым мен су іздеп көшіп жүретіндер» деп сипаттайды. Геродот савроматтар иелігінің шегарасын дәл анықтап, олардың амазонкалардың құпия тайпасынан тарайтындығы жайлы аңызды да баян етеді.
Рим тарихшысы Диодор: «Мидиядан шығып Танаис (Дон) өзенінің маңына қоныстанушылар савроматтар деп аталады» деп жазған.
Қалай ойлайсыңдар. Геродот неге савроматтарды «ержурек». «мал соңынан шуйгін жайылым мен су іздеп көшіп журетіндер» деп сипаттады?
Скифтер мен савроматтардың арасындағы достық қатынас б.з.б. IV ғасырға дейін созылды. Тарихшылар скифтер мен савроматтардың әскери жорықтарға бірге қатысқандары туралы айтады. Б.з.б. IV ғасырда скифтердің билігі құлаған соң, савроматтар Днепрге дейінгі жерлерді жаулап алған.
Савромат тайпалық бірлестігі мемлекеталды ұйымдасу сатысында болған. Гректер «басилевстер» деп атаған савромат билеушілері тарихтан белгілі. Гректер әдетте мемлекет басшыларын солай ұлықтаған. Савроматтардың көсемі Скопасис (Скопаса) б.з.б. 512 жылы Скифияны бағындырмақ болған Парсы еліне қарсы соғыста ерекше көзге түскен. Б.з.б. IV ғасырда ғылымда «ерте сар- маттықтар» деп аталған тайпалар савроматтарды Солтүстік Кавказ даласына ығыстырды. Сол жерде олар ыдырап кетті.
Савромат мәдениеті. Савроматтардың шығу тегін ғалымдар қима және андронмәдениеттерімен байланыстырады, өйткені онда мәйітті өртеу ғұрпы, қабір үстіне тас қою, қыш ыдыстарға салынған жекелей өрнектер сияқты екі мәдениеттің дәстүрлі белгілері сақталған.
Батыс Қазақстанда зерттелген савро- мат ескерткіштерінің анағүрлым айшықты деректері Елек өзенінің бойындағы обалардан табылды. Бұл жерде бүкіл Батыс Қазақстанның тайпа көсемдері, әскери ақсүйектер жерленген. Савроматтардың ескерткіштері қорым түрінде кездеседі. Олар биік төбешіктерге орналасқан.
Ру мүшесі қайтыс болғаннан кейін оның қауымдағы орнына орай қабір шұң қыры дайындалған. Жерленген адамды ұзынынан жатқызып, қасына сиыр, жылқы, қой еттері салынған қыш ыдыстар қойылған. Өлікті киіндіріп, қаруымен, ат әбзелдерімен бірге жерлеген. Қабірдің үстіне көлденең бөренелер жабылған. Кей де құрылыс тұрғызылып, жерлеу дәстүрі кезінде өртелген. Құрылыс жанып біткен соң тайпа мүшелері оба үйіндісін тұрғызған. Қайтыс болған адамның дәрежесі жоғары болған сайын үйінді де биіктей түскен. Оба топырақтан үйілген. Ол үшін тайпа адамдары топырақты қапқа жинап, қабір үстіне төккен. Сондықтан савроматтардың алып обалары бір жағына еңіс болып келеді. Кейбір обалардың биіктігі 16 метрге дейін жетеді.
Көсем обаларының маңында қауым мүшелерінің обалары да орналасқан. Бір қабір шұңқырына төрт мәйітке дейін жерленген, яғни топтап жерлеу де кездеседі.
Ежелгі адамдар өлген адамды "ұйқыға кетті, басқа өмірге өтті" деп түсініп, оның жаңа жерге орнығуына мүмкіндік беру қажет деп ойлады. Сондықтан қайтыс болған адамға о дүниеде қажет болатын азығын, садағы мен жебесін, құдайға қызмет етуі үшін қару-жарағын қоса көмген.
Археологиялық деректер савроматтар қоғамында әйелдің орны жоғары болғанын көрсетеді. Ақсүйек әйел де қару- жарақ, ат әбзелдерімен қоса жерленген.
Абыз әйелдің мәйіті жанынан құрбандық үстелі, бояу езетін ыдысы т.б. заттар табылған.
Археологиялық қазбалар мен жазба деректердегі мас- сагеттер. Массагеттердің мал өсіруші тайпалары б.з.б. VIII— IV ғасырларда солтүстік Аралдың бойын мекендеген. Тарих ғылымында бүл тайпалар сақтар мен савроматтардан бөлек қарастырылады. Геродоттың жазуынша, «массагеттердің киімі мен өмір сүру дағдысы скифтерге ұқсас. Олар ат үстінде және жаяу да соғыса береді. Найза, қылышпен қаруланған және әскери балта ұстаған. Барлық бұйымдары алтын мен мыстан жасалған. Олар найзаның, жебенің, әскери балтаның металл бөлігін мыстан жасаған. Баскиімдері мен белдіктерін, ер-тұрмандарын алтынмен әшекейлеген. Сонымен қатар олар аттардың сауытын да мыстан жасаған. Ауыздық, жүген, өмілдірігін алтынмен зерлеген. Темір мен күмісті пайдаланбайды, себебі бұл металдар олардың елінде кездеспейді. Есесіне алтын мен мыс өте көп. Олар егін екпейді, мал еті мен балықты азық еткен, сонымен бірге сүт ішкен».
Массагеттер күн бейнесіндегі құдайға табынған. Күнге арнап олар жылқыны қүрбандыққа шалған. Күн-құдай аспан күмбезінің бойымен күймеге мінін қозғалады деп сенген. Массагеттер күн- құдайға ғана табынды деген Геродоттың пікірі дұрыс емес. Массагет одағына бірлескен тайпалар ата-баба аруағына, табиғат күштеріне де сиынған.
Рим тарихшысы, географ Страбон да массагеттер Қазақстан аумағындағы ең ежелгі тайпалық одақты құрған деп есептейді. Массагеттер қола дәуірінің соңында тайпалық одаққа бірігіп, парсы билеушілері Кир мен Дарий кезінде ыдырап кеткен. Ыдыраған массагет қоғамынан алан, аорс, дах, қаңлы т.б. тайпалар шыққан. Сырдарияның төменгі бойындағы ірі массагет қорымдары Үйғарақ пен Түгіскенде орналасқан. Қазба жұмыстары олардың б.з.б. ҮП-Ү ғасырларға жататынын, яғни массагеттер материалдық мәдениетінің шарықтап дамыған кезеңінде салынғанын айғақтайды.
Үйғарақ қорымында ақсүйек массагеттер жерленген. Қазба барысында көптеген бағалы бұйымдар: көзе шарығымен жасалған саз ыдыс, керамика, тас құрбандық ыдыстары және қайрақтар табылған. Тағы бір жерлеу орнынан ағаш сабында қасқыр бейнелі қаптырмасы бар темір қылыш, ат әбзелдерінің бөліктері, айылбасы бар ауыздық шықты.
Сондай-ақ қолданбалы өнердің бұйымдары: бұғы, киік, жылқы, таутеке, арыстан, барыс, жыртқыш құстар бейнеленген алтын салпыншақтар көп кездеседі.
Массагеттер мәдениеті б.з.б. 1 мыңжылдықтың ортасында шарықтау шегіне жетті. Осы кезде Арал бойында ертедегі Хорезм мемлекеті қалыптасқан еді. Отырықшы аудандар мен даланың арасында экономикалық, мәдени байланыстар дамыды. Хорезмдіктер мен парсылардың әсерімен массагеттерде отырықшы қоныс, қалалар пайда болды. Оларға археологтер тапқан Шірік-Рабад, Бәбіш-молда (Жаңадария) және Іңкәрдариядағы Баланды қалашықтарын жатқызуға болады. Қалашықтардың қасынан ежелгі суару жүйесінің қалдықтары табылды.
- Геродот Қазақстан аумағындағы савромат тайпаларын қалай сипаттаған?
- Савроматтардың қоғамдық бөлінісі туралы әңгімелеңдер.
- Геродоттың деректерін пайдаланып, массагеттердің негізгі кәсіптерін атаңдар.
- Массагет мәдениеті қай кезде ерекше гүлденген еді? Негізгі мәдени ескерткіштерді атаңдар.
- «Савроматтар мен массагеттердің тарихы туралы жазба деректер» атты сызбаны толтырыңдар.
Автор | Қандай дерек қалдырды? |
Жұп болып талқылаңдар.
Савроматтар мен массагеттердің археологиялық ескерткіштерін салыстырыңдар.
Қосымша тапсырма
Савроматтар мен массагеттердің тарихына қатысты қосымша ақпарат тауып, таныстырылым әзірлеңдер.
Мулыпимедиалық таныстырылымга қойылатын талаптар:
- Тақырыпқа сәйкестігі.
- Көркем безендірілуі.
- Мәтіннің нақтылығы.
- Түрлі деректермен жұмыс жасау білігі.
Рәсімделуі:
- Таныстырылым үйлесімді, эстетикалық талапқа сай безендірілуі мазмұнына сәйкес келуі керек.
- Таныстырылымның бейнеленуі тартымды, қызықты әрі мәтіннен ауытқымауы тиіс.
- Мәтін жеңіл оқылатын және слайдтар соған сәйкес келуі керек.
- Тізім, кесте, диаграмма мен сызбалар таныстырылымда ретімен орналастырылғаны жөн.
Таныстырылымды қорғау:
- Таныстырылым материалын мүмкіндігінше толық меңгеру.
- Анық және түсінікті етіп жеткізе білу.
- Аудиториямен еркін қарым-қатынас орнату (қызықтыра білу, сұраққа сауатты жауап беру).
- Регламент сақтау.