Меню Закрыть

Ақан сері — Сәкен Жүнісов

Название:Ақан сері
Автор:Сәкен Жүнісов
Жанр:Роман
Издательство:Жазушы
Год:2002
ISBN:5-605-01808-6
Язык книги:Казахский
Скачать:
VK
Facebook
Telegram
WhatsApp
OK
Twitter

Перейти на страницу:

Страница - 12


Ақыры жұрт күлкісі басылып, сабасына түскен соң Нұртаза түтіге отырып сөзін тамамдады:

  • Менің сұрарым сол, он жылғы малымды Қорамса өсімімен қайтарсын. Келін алып отырған мен емес, ол. Егер қайтармайды екен, ояз арқылы ертең бобылық жариялатып Ақанды ұстатамын. Оны ит жеккенге айдатып қана тынбаймын, малымды да қайтарамын. Екінің бірі, көнсе қолынан, көнбесе жолынан. Басқа келісім жоқ.

Жұрт ұзақ дағдарып отырып қалды. Өзара күбірлесіп, бір бәтуаға келе алмай көп талқыға салды. Сондағы бәрінің ойыса беретіні - мал төлемімен дауды басу. Одан өңге Қорамсаны жақтар пышақ ұрар буынды жер табылмады.

Ең артынан билік айтқан Сұрағанның да сөзі осы болды:

  • Дау иесі қалыңға берген малын өсімімен сұрағанында айып жоқ. Жөнге келейік. Он жылғы малдың өлім-жітімі бар, ара-тұра келетін жұт бар, бағушының жалы, мінушінің майы деген сияқты көп себептерді есептей келіп Ұрқияны алған Ақанның әкесі Қорамса Нұртазаңа бес жүз бас ірі қара, екі жүз бас ұсақ тұяқ берсін. Тінәліден барымтамен алған малдың тең жарымын Нұртаза қайтарсын. Екі жаққа да ойлануға екі күн пұрсатана. Екі күнде мал орнына түссе, Ақан мен Ұрқияға кеңшілік, түспесе, қалған іс билердің билігінен кетіп, ояздың закүнімен шешілсін.

* * *

Бұл түні - қара суық жаңбырлы желкем түнде Қорамсаның екі ұлы Рамазан мен Мұхамбет жайлаудағы жылқы басында-ды. Бұрын Қызылжарда дүкенші боп, кейін елге оралған соң да саудамен жиі қала шығып шаһар тіршілігіне бейімделіп алған Қорамса ежелден-ақ жайлау дегенді білмейді. Қысы-жазы қалың қарағай бауырына бөренеден қиып салған ағаш үйінен артық жерұйық іздемейтін ол, екі ұлымен, маңында сағалаған жақын -жұрағаттарын қосып, жаз жайлауға жөнелтетін де, өзі Қараталда бертін «Ақан туған» атанған Сарыкөлдің ығындағы мекенінде бірер сауын биесімен отыра беретін. Жайлаумен екі ортада сабылып, шапқылап жүретін кенжесі Әйберген ғана.

Бүгін сол Әйбергенді шапқыншы етіп ағаларына жіберген. Ағаларының бәрін ерке Әйберген екі аяғын бір етікке тығып, киімдерін ауыстыруға да мұрсат бермей, кештетіп алып жетті. Ақан жайын естіген інілері, әлде не боп қалды деп, әйелдеріне де көп сыр білдірмей өздері ғана келді. Төбелерінен түсер жай оғынан олар бейғам еді.

Екеуі де үйленіп, отау боп жеке шыққанмен сауда тиегін ұстаған Қорамса қанатының астындағы балалардың шаруашылықтары бір, қора-қора қой, үйір-үйір жылқылары, жүздеген қара мал ортақ. Бәрінің үстінен қарап, жөн-жоба айтып отыратын Қорамса оларға әлі енші бөлген жоқ-ты.

Күздің қара суығына төтеп берерлік бұттарына тері шалбар, үстеріне қабаттап күпі-шекпен киген ұқыпты балалары, белдерін босатып ыстық тамақ ішіп жылынған соң барып, бар іске кінәлі жан өзі құсап, басын тұқырайтып көтермеген Қорамса жүдеу қалыпта суық хабарды бастады. Табиғатында көп мәймөңке, көсіле тартатын шұбыртпалы астарлы сөзді суханы сүймейтін Қорамса ұзақ сонарға салмай қысқа сөйледі.

  • Ал, Рамазан, Мұхамбет, сендердің басыңды қосайын деп әдейі шақырдым. Сендер де мал иесісіңдер. Басымызға қара бұлт үйірілді. Бұл да бір келген зауал да. Ақанның Тінәлі қызын алып қашқанын естіген шығарсыңдар?..

— Иә, естідік.

  • Естідік,- деді екі ұлы қосарлана.
  • Бұл күнде тегін жатқан қыз бар ма. Соның қалыңын төлеу керек.
  • Е, алып қашқан қызға не қалың. Ақан ағам қалыңсыз қыз алам, малға сатылған қыздың керегі жоқ, демеуші ме еді,- деді Мұхамбет жастыққа бір жамбастай қисая түсіп.
  • Ақан қашан басы бос қызға ұрынушы еді. Ойнақтаған тайлақ от басады деп Кемелдің Әнапиясына айттырылып қойған қалыңдығын алып кеткен жоқ па?
  • Иә, солай деген.
  • Ендеше солардың малын орнына салу керек.
  • Салғанда... қалай енді... Тінәлі қажының ішіп-жеген малын...- деп күмілжіп Мұхамбет тақыр басын сипай берді.
  • Тінәлі ішіп-жеген малды ғана төлеп қойсаң бір сәрі, өсімімен төлеуді ұйғарып қойды билер...
  • Өсімімен?.. Билер?- деп Мұхамбет жастықтан иығын көтеріп алды.
  • Не дейт?
  • Не дейт?
  • Ол қайта азайтқандары.

Қорамсаның өзіне тартқан жақ сүйегі қушықтау тарамыс етті Мұхамбеттің өңі бозарып, түсі бұзылып кетті. Етсіз, әжімсіз жазық маңдайлы, отырғанда орнықты мінезі момын Рамазан да сыр білдіріп қалды. Желге тотыққан қоңыр жүзіне қан теуіп күреңітіп, мұрын желбезектері лепілдеп, қусырылып барады.

Ағайынды екеуі де күні-түні мал соңында жүріп, әсте қабақ шытпайтын. Жылдан-жылға мал басы көбейіп, соңына шұбыртқан жас төлдерін ерткен сайын қуанысып, бір талын шашау шығармай қызғышша қоритын. Екеуі кейде от басында отырып күңкілдесіп, болашақ байлықтың көзін есептейтін. Төтенше айтпай келетін жұтқа ұшырап, құдайдың кәріне ілікпесе он шақты жылда орташа байлардың қатарына жететіндерін айтып, түнгі күзетке тәтті арман, игі тілекпен аттанысар еді. От аяғы өртке айналып кетпек. Тез сөндірмесе бүкіл көздің құрты – есіл малды түп-тұянағымен жалмап кетпек. Жоқ, ол болмас.

Мұхамбет қаққан қазықтай тіке отырды да, қалтасындағы шақшасын саптама етігінің өкшесіне жұлына қағып-қағып қалып, ерніне жарты уыс насыбайды тастап жіберді. Ащы насыбайды тілінің ұшымен бір жалап алып, ауыз үйге қарай жіптей созылта түкірігін шаптырды.

Әке балаға сыншы дегендей, қысылшаңға келгенде тынысы тар екі ұлының алқымы ice қалғанын сырттай бағдарлап, үнсіз шыдап отырған кірпияз Жаңыл осы тұста Мұхамбетке зекіп тастады.

  • Тоқтат әрі жыныңды шашпай. Үйренген екенсің жақсы өнерді. Бар, ана жақтан түкіргіш әкел, өнеріңді қатыныңның алдында жаса! О несі-ай.

Мұхамбет оқты көзімен шешесіне бір қарады да, адуынды анадан қаймығып, ештеме айта алмай, ауыз үйге тұра тартты да, босағадағы жез легенге ерніндегі насыбайын саусағымен көсіп алып, атып ұрды.

Сөзді неден бастарын білмей отырған Мұхамбетті осы қимылы ширықтырып жібергендей, төр үйге сыздана кіріп босағадан өте бере:

  • Нұртазаға берер бір тұяқ жоқ. Жұрттың қалыңы үшін жинаған мал жоқ,- деп сандық үстінде жатқан шекпенін, тымағын ала бастады.
  • Тоқта,- деді Жаңыл, сен бермесең бермей-ақ қой. Әкең мен шешең береді. Ақанның да еншісі бар.
  • Енші бөлсеңдер бұрын қайда қалдыңдар. Қысы-жазы шаруаның азабын тартатын Рамазан екеуміз, мал да біздікі.
  • Оны қай жақтан әкеп едің?!
  • Менің еншім де бар емес пе?- деп төтеден Әйберген де қосылды.
  • Енді сен қалып ең. Әуелі қатын алып ал,- деп Мұхамбет ала көздене қарап еді, Әйберген ыққан жоқ:
  • Қатын алам ба, алмаймын ба, оны сенен сұрамаймын. Ал, еншімді аламын. Аламын да түгелдей Ақан ағамның қалыңына беремін.

Өңі Ақаннан аумаған есті кенжесінің мына сөзіне ана жүрегі толқып кеткендей болып, көзіне жас кеп қалды.

  • Қатын, бала-шағаң болмаған соң, әрине, саған малдың керегі жоқ, Ақан екеуің ел ақтап ән айтқаннан басқа қолдарыңнан не келеді,- деп қолындағы тымағын не киерін, не кимесін білмей Мұхамбет бөгеле берді.

Қорамса үнсіз.

  • Жәрәйді, жетер енді қаршадай баламен тәжікелесуің. Қатын-баламды асырай алмай қалам деп қорқады екенсің ғой, о бейбақ. Рамазан, ал, сен не айтасың?- Жаңыл ортаншы ұлына қарады.

Рамазан сәл күмілжіп, бүгежектеп, семіздеу денесімен ырғалып, ыңғайсызданып отырды да, ағасына көзі түскенде маңдайы жарқырап, басын көтеріп алды:

  • Мен... мен енді не айтайын. Осыншама көп мал беретін қалыңды ғұмырымда естісем бұйырмасын. Ақан ағам бұл жаққа келмей қойса, не істер дейсің. Қар жауып, із басылған соң оралса...
  • Қайдағы із басылған,- деп Жаңылдың ерні дірілдеп енді шын жыларманға келді.- Екі-ақ күнге пұрсатана беріп отырған жоқ па. Егер екі күнде мал қолдарына түспесе Нұртаза бобылық жариялатып, Ақанжанды ояздың қолына тапсырмақ. Ертең Ақанды ит жеккенге айдатса, сендердің тірлігіңнен, мал - бастарыңның амандығынан не пайда. Мал-бас садақа Ақанымның жолында, жан пида!

Бұл - мал түгіл ұлы, Ақаны үшін сұраса кеудесінде лүпілдеп соққан жүрегін де қанын сорғалатып суырып беруге бекінген ана сөзі еді. Мұны Қорамса да, Мұхамбет пен Рамазан да түсінді.

Ұзақ созбайға салып түн жарымына дейін шегіншектеп, бірде мөңкіп, бірде қарғып, жалына қол тигізбей дызылдаған ұлдарын Жаңыл күшпен тұқыртып, ақыры жеңді де: Мұхамбет пен Рамазанға елу, елуден жылқы, біраз қой, ешкі қалады да, қалған мал - үш жүз елу жылқы, жүз елу сиыр, екі жүз қой -ешкі түгелімен қалың малдың төлеміне беріледі...

Келесі күннің кешінде өз сыбағаларынан басқа айтылған малды жеке бөліп алып, Рамазан, Мұхамбет, Қараталға қайта жетті. Әйбергеннің алдына салып, күл болмаса бұл болсын деп қалып қойғылары келіп еді, «осынша малды шынымен бермек пе, мүмкін, ойланар» деген мола басындағы түнгі шырақтай болымсыз жылтыраған соңғы үмітпен шұрқыраған жылқы соңынан қайта оралды. Қорамсаны сағалап, малын бірге бағысып жүрген бірер жекжаттары да қоса ілескен.

Қаратал күздің қара суығында дауыл шақырып шулап тұр. Іңір қараңғысымен үңірейген қалың қарағай бауыры кісінеген жылқы, мөңіреген сиыр, маңыраған қой-ешкі үнімен азан-қазан. Топалаң тигендей топырлаған мал иірім бермей, жан-жаққа бытырай қашып, көздері алайып түк түсінбейді. Бар жануарды бір қыспаққа тығып, араластырып жібергенде енесінен айырылып қалған жабағы, тоқты-торым шапқылап, иін тірескен қара-құрым малдың арасына сыналай кіріп жан ұшырады.

Баялы аулы жағынан көп жігітімен топтана жеткен Нұртаза тоқтап, жалы тізесіне түскен торы айғырдың үстінде шіреніп, малды саната бастады. Ысылдаған ұзын бишікпен кіріп, жылқыларды үйір-үйірімен бөліп, шықпырта айдаған жігіттердің қамшысы әр биеге, құнажын, байталдың сауырына тиген сайын Мұхамбет пен Рамазан өз арқаларына батқандай қайқаң ете қалады. Неше жылдан бері құлынынан білетін түр-түсі түгілі әр қайсының төбеліне, шашасына дейін айыратын жылқылары көзден бір-бір ұшып барады. Әне, биік қара айғырдың үйірі шықты бөлініп.

Басы айналғандай шыр көбелек сенделіп, көкке қарғып, аянышпен кісінеп жүрген - Әйберген жақында ғана үйрететін ала тай. Көп жылқыны қабырғасымен 173

қағып, бытыратып жүрген асау тайға ашуланған бір жігіт алыстан бұғалық тастап, мойнын қылғындыра тартқанда ала тай басын бұлғап-бұлғап төрт тағандап тұрып алды да, еріксіз сүйрегенде қатты бұлқынып көкке қарғыды. Артынан кимелей жеткен тағы бір аяусыз әумесердің қылыштай өткір бишігі шатыр етіп тілерсекті орай тигенде, арда емген тентек тай секіріп шалқасынан түсті. Алыстан бақылап тұрған Әйбергеннің даусы да шығып кетті. Бірақ мына ың-шыңның арасында оны кім естісін.

Кезек көк биенің үйіріне де жетті. Өңкей әсем, мойындары құрықтай жиырма ақ боз ат құйрықтары күлтеленіп, көп жылқының ішінде ағараңдап шыға берді. Бағанадан сыр білдірмей, үйінің қасында шапан жамылып тұрған Жаңылдың да көзінен бір тамшы жас ытып кетті. Ертеден бас үйренген жуас сәйгүліктер ана жылы Ақанның жолдастары асқа барғанда мінген аттар. Біркелкі мауыты шапан киіп, жалдарын күзеген біркелкі жиырма көк аттың үстінде өрімдей сал жігіттер әндетіп ұзай бергенде Жаңыл қуаныштан масаттанып көзіне жас алған. Биік көк айғырдың үстінде Құлагерін жетектеген Ақаны жиырма аттың алдында оқ бойы озып Әлібек аулына қарай беттеп, көзден таса болғанша қарап тұрып еді. «Құлынымның сәнін бұзды-ау, жауыздар» деп Жаңыл кимешегінің омырауымен көзін сүртті. Енді бір топ жігіт қақ сойылдарымен сабалап, мүйіздерімен қағысып, аша тұяқтары сартылдаған жүз елу сиырды алдарына салып қуа айдап барады. Ұзын сақалы желбіреп, иір-иір мүйізін көтеріп алға бастаған биік ақ текенің соңынан топырлай ілесіп, жат елге қарай қой-ешкі де ентелей басып, жосып барады. Бөліп-бөліп алған мал көшкен бұлттай, жыртыла айырылып ұзай бергенде, алдыңғы аяғын соза тастап, басын тізесіне салып шірене тұрған торы айғырдың үстінде бір жамбастаған Нұртаза да тебініп қалып, қасындағы екі-үш шонжарымен жөнеле берді. Қорамсаға қайырылып келіп, қоштаспады да. Не мұқатып, не кекетіп бара жатқаны белгісіз. Жалпақ төсі қайқайып, шалқақ отырған қалпы бір илікпей, ымырттай түнеріп кете барды.

Әлгінде ғана азан-қазан шулаған Қараталдың бауыры әп-сәтте құлазып, сап болды. Азынаған күзгі жел ғана енді құлақ түбінен ысқырып, шулайды.

Аттың жалына еңкейе жабысқан Мұхамбет «қарамға кеткен есіл мал» деп екі иіні дірілдеп, солқылдап жылап тұр. Рамазан мәңгірген адамдай есі ауып, безеріп қалыпты. Әр тұстан жиналған жыртық киімді ауыл балалары, кемпір - шалдар бір-біріне үнсіз қарайды. Ұзын ақ таяғына сүйенген Қорамса қой күзеткен түнгі қойшыдай жауырыны құнысып, қимылсыз қатып қалған.

Қаратал үстін қара түнек түн баса берді. Әлгінде ғана шүпірлеген жарықтық ақ адал малдың ойып-ойып тастаған тұяқ іздері жердің миын шығарып кеткен. Қап-қара болған тұл орын. Көп малдың орнында соңғы белгідей жас қидың исі аңқиды.

Қаратал үстін торыған қалың бұлттан күзгі жауынның салқын, ызғарлы исі білінеді.

Көз байлана бере қалың жауынның алды нөсерлетіп, Қаратал үстіне селдетіп құя жөнелді.

5

Ақандар Қараталға қыс түсе оралды. Серісін сағынған ел-жұрт - жақын- жұрағат, дос-жарандар, қыз-қырқын, жігіт-бозбалалар, шын тілеулес жандар кішісінен кәрісіне дейін күн-түн демей «Ақан туғанға» құйылды. Келген күні-ақ басталған Ақан - Ұрқия тойы тойдан тойға ұласып, толастамай созыла берді. Қорамса қолында қалған аз малды аяған жоқ. Сырт көзге сағын сындырмай жарқыратып екі ту бие сойып тастаған. Шәкей, Бәтжан, Ожымбайлар болса, жаңа отауға тарту деп қазақ жоралғысымен бір -бір соғымды ақ сазандай тулатып босағаға байлаған. Ұрқияның шешесі Ырысты да қызын көргенше асығып, бір малмен ол да жетті.

Қаратал бауыры қайтадан әнге бөленді. Кеше ғана өлік шыққан қаралы елдей түнерген ауыл көшесінде сабылған жұрт - қайта реңі кірген сән- салтанаттың белгісі. Малы кем кедей ауыл болса да, Қаратал ән -жырымен, топырлаған жастарымен сауықшыл өнерлі ауылға айналып жүре берді...

Екі-үш күн қызы қолына оңаша тимеген Ырысты төртінші тәулік дегенде барып Ұрқияны жеке бөлмеге апарып, бауырына қысып, мауқы басылғанша аймалап, сүйіп, ұзақ егіліп жылады.

Екі бетінің ұшы қып-қызыл боп тұратын Ұрқияның жүзі қазір қара торыланып, желге тотыққан. Күлгенде шұңқырая қалатын ақша бет сәл солып, қыр мұрны бұрынғыдан көрі пістелене түскен. Бүкіл тал бойының еті таралып, жүдегені білініп-ақ тұр. Қалың, ұзын кірпікті екі тана көз ғана бұрынғыдан бетер жарқырап, нұрлана түскен. Не дегенмен өз үйіндегі Ұрқия емес, өзгерген, жат жұртқа мүлдем бауыр басқан бөтен елдің салмақты қызын көргендей аналық қимас көңілмен Ырысты көз жасын тия алмады.

  • Апа, қой енді, бұл қуанышың ба, ренішің бе,- деп өзі де қоса жылаған Ұрқия шешесіне басу айтты.

Ықылық ата отырып көз жасын сүрткен Ырысты даусы жарықшақтанып:

  • Қуанышым да бар, ренішім де бар, жаным! Құтты орынға қондың, алдыңнан жарылқасын! Мұныңа қуанамын. Тек, айтпай кеткеніңе ғана әкең екеуміз өкпеліміз. Жұрт алдында масқаралап кеткенің ғана батады. Қолына таспиғын тартып сопылық құрғаннан басқа әкеңде не қауқар бар. Ана Нұртазалар бар малды барымталап тартып әкетті. Одан артық не басынғандық керек. Шәкейдің түрі анау,- деп көңіліндегі сөздерін тоқтаусыз айтып барып сәл іркілді.

Сөз соңын тосқан Ұрқия:

  • Апа,- деп мұңайып бетін теріс бұрды.- Өкпе айтысып қайтеміз. Екі әйелдің үстіне Әнапияға атастырғанда сендер де менен сұраған жоқ едіңдер ғой... Ал Шәкейді күстаналамаңдар. Ондай аға жұртта бола берсе, ондай

қарындастардың да арманы болмас еді... Мал десең, оның орны толар. Бұрын қалыңға алған малдарың ғой. Тірі болсақ бір оңтайын табармыз...

Айтқанынан қайтпайтын, ұзақ мәймөңкені сүймейтін бірбет қызының мінезіне сыралғы шеше:

  • Жәрәйді, құлыным, әншейін оңашада өзіңе бір өкпемді айтайын дегенім ғой. Енді айтсам, аузымнан айырылайын. Бүгін елге жүремін. Ақан екеуің жата - жастана бізге де келіп кетерсіңдер. Жолдастарыңды ерте келіңдер. Сен де даладан кеткен қыз құсамай, үйде боп, тойыңды өткізіп, жасауыңмен аттан,- деп Ырысты батасын беріп, сол күні құдаларымен де қоштасып жүріп кетті.

Мұхамбет пен Рамазан «той жабдығына жаратарсыңдар» деп екі қой әкеп, үйге бас сұққан да, содан қайтып жоламаған. Өз шаруаларымен, өз бала - шағасымен болып, алыстан ғана сыйласатын ағайын сыңайымен бұл босағаны аттамады. Інілерінің алдында бетті, уытты Ақан бұл тұста іштей кейігені болмаса, шақырып алып айтар сөз таба алмады. Бәріне өзі кінәлі. Не десін. Зорлықпен кеткен көп малдың соңынан қуынып, інілеріне қайтарып әкелмекші боп керіп еді, ел ішіндегі Нұртазаның жақтастары мен ояз Коновалов түгілі, көңілі жақын адамдарының өзі сөнген іс екенін аңғартты. Ғаділдік ауылының алыстап кеткенін сезген Ақан содан қайтып мал дауын, өнбес дауды біржола доғарған.

Қыс болса-ақ қыр елінің әдеті. Әркім өз қадари халінше соғым сойып, жақын-жұрағатын, құдандалы-тумаларын шақырысып, күнде бір -біріне ағылып жатқаны. Қалың қарға түскен тар жолда көсем салған қарағайдай қасқыр ішікті шаналы байлар, жоталы шонжарлар алыстағы ауылдарға сыпыртып, боран - шашыныңа, күн-түніңе қарамай өздеріндей дәулетті адамдармен сауық құрады. Енді қайсыбірі әр тұста қылт етіп көрінген қырмызыдай жаңа бір қауыз ашылса, ауыздарын арандай ашып, бірі інісіне, бірі баласына дегендей, немесе қатын үстіне қатын етіп алмаққа жанұшырып шұбырады. Қыз он беске келді дегенше тұс-тұсынан тіміскіген аңшылардың аңдуына түскен мүсәпір көжектің халіне ұшырады дей бер. Қай аңшының қағуында кететінін білмей, көзі жаудырап, тұла бойы қалтырайды. Елдегі болыс, билердің де өз әбігері өзінде. Алда келе жатқан ұлы сайлауды ойлағанда олардың да халі әлгі балиғаға толған қыздардың ахуалындай. Олар да әрісі Омбы, берісі Көкшетаудағы ұлықтарға шапқылап, қыстай шабуылдап, алдын-ала пара-шараның, айла-амалдың торын төрт қабаттап құрып жүр.

Ел ішінде тыныш, бейғам тіршілікпен жанаса өтіп жатқан әбігер, тыншу өмір.

Ақан тобының - серіге ерген жастардың кәсібі өз алдына бөлек.

Биыл қар қалың. Қаңтардың ортасына дейін дамылсыз түтеген ақ боран тоғайлы өңірді белуардан көміп тастаған. Екі үйдің арасы көрінбейтін долы боран қаңтардың аяғына қарай жуасып, ақпан туа біржола басылған. Енді шыңылтыр аяз басталып, шаңытқан аспандағы күн ене бойы екі жерден құлақтанады да тұрады. Қайрақтай қатқан қалың қар мен қырауытқан қалың ағаш инедей қадалып, 176

темірдей қарыған қызылшұнақ аязға шыдамай шытырлап жарылып жатқандай. Бүкіл ен дала сықыр-сықыр етіп, ызғар шашады. Осындай аязды ашық күндері Ақандар үнемі аң соңында. Бабындағы Құлагер, Басарала, Қараторғай дала аңын қынадай қырды. Биыл қыс басында дала бөрісі ит етіне жеріп, ақ түтек борандарда ауыл қотанындағы сабалақ төбеттерді қоймаған. Далада кезікпесе, мал қоралардың төбесінен түсіп, қармаққа ілінген шортандай тулатып әкетіп жүрді. Ішін талғақ өртеген қаншықтар ауыл шетінен ұзамай-ақ иттерді тоң айырғандай дал-дұлын шығарып, жалап-жұқтап жейді де, мазақ етіп, құйрықтарын қарға шаншып кетеді. Әр ауылдың тұсында шаншылған қара, сары, ақ құйрықтар, шашылған сүйек, түлеген жүн, аққан қан боран астында із-түссіз қалып жатыр.

Екі ай бойы дала жүзін көре алмай аңсыраған Басарала, бауырын жазып көсіліп шаба алмаған Құлагер күн ашылысымен ойнақтап шыға келген.

Бұл жылы түлкі де адам айтқысыз көп. Алыс сапардан оралысымен жылы шошалада мүлгіген Қараторғайын Ақан бір ай баптап, қоясын түсірген қыранды жарыққа алып шыққанда, үш түлектегі бүркіт маржан таққан томағасын алғанша шыдамай, борсық терісінен киген биялайға қондырған иесінің қолында талпынып, шаңқ-шаңқ етеді. Қияннан көрінген түлкі болса, балтыры үсімес үшін жүнін ішіне келтіре қаптаған тері балағын алып, томағасын ағытар еді иесі. Ытқымға толмас сан етінін бұлшықтары шиыршық атып, болат тұяқтарымен тері қолғаптың сыртынан бүрістіре сығып ашуланған шәулі бүркіт, басы ашылысымен дүр сілкініп, қайрақ тұмсығын тақылдатып шегір көзі жайнап кетер еді. Шыжымын шешіп, серпіп жібергенде сыптығырдай құс қаршығадай лып етіп аспанға бір -ақ атылады. Ызғарлы көгілдір аспанда қалықтаған қыран жал-жал оқапты қардың бетінде жан ұшырып бұлаңдай тартқан қызыл түлкіні жазбай таниды. Қызылшыл қыран көп ойланбайды. Көк аспанды матадай дар еткізіп, қақ айырғандай қос қанатты сатыр еткізіп қағып қалып, жүзіктің шоқтай жайнаған қызыл асыл тасты көзіндей түлкіге садақтың оғындай құйылады. Мұндайда қызық көрген аңшылар аспаннан құдия сорғалаған шәулі қанатының ысқырығын ғана естіп қалар еді. Қайда тығыларын білмей жанталасып, амалы құрып, аузын арандай ашып шалқасынан түскен түлкінің кеудесінде отырған Қараторғайды бір-ақ көрер еді.

Ала көбеден аң аулап, қанжығаларын толтырған аңшылар қыраулы аттарын бұлаңдатып, аязға нарттай қызарып, әзіл күлкімен көз байлана ауылға - Қараталға оралады. Ақан тобындағы аңшы серіктері де бір жосын. Қазақ жұртында, аңшылық ғұрыпта бұрын-соңды болмаған жаңа топ. Ожымбай, Бәтжан, Шәкейлерден бөлек жаңа қосылған жастар бар. Олар өңкей жүйрік сәйгүлік мінген ерке қыздар тобы. Ұрқияның құрбылары - Нұралы қызы Ұрқия, Майқақ қызы Үрім, Жүсіп төренің Жамалы, Шыңғыстың Күлзейнебі, Әлібектің Ғайнижамалы. Бірінен бірі өткен өңкей сұлулардың ортасында Ақанның Ұрқиясы. Ана жылы Ақтоқты мен серінің обалына қалған ұста Тулақ, өз туысы Ұрқияны алған соң, өткен айыбым деп арнайы бұйырып соққан күмістеткен мылтық әкеп тартқан. Алты қырлы оғы бар, сүйменді, перен мылтық Ұрқияның қолында. Үйреткенді тез қағып алғыш зерек, өжет қыз мылтыққа тез төселіп кетті.

Тегі нағашыларына тартқан жаратылысына мергеншілік дарыса керек. Аз күнде Ұрқия құралайды көзден атқан мерген болып алған. Ақ қармен қар боп, көзге зорға іліккен салпаң құлақ ақ қояндар мергеннің алдынан құтылған емес. Шаңқ еткен мылтық дәрісінің түтіні тарамай жатып, тыпырлаған қоянды қос құлағынан көтеріп, тісі ақсия күлген Ұрқияны аттан домалай түскен Ақан бауырына қысып, жұрт көзінше тойымсыз сүйер еді. Сері ақын асыл жары атып алған аңды өзі құлатқандай қуанып, қашан елге жеткенше ыңылдап, көңілді ән салатын. Осындай көп ыңылдың артынан Ұрқияға арнаған «Мылтық пен мергеншілік» өлеңі, әнімен қосарланып аңшылықта туған еді.

Аң соңында жүріп Ақан Ұрқиясының екі мінезіне риза боп, бір жағы қатты қайран қалды. Ұрқияның есінен де сол екі оқиға кетпей қойды.

Қыс ортасында қалың қар жауып сонарға шыққан Ақан тобы Қараталдан ұзап, шалғайдағы Сырымбет тауының баурайына жеткен. Күн екіндінің кезі еді. Сырымбеттің шығысындағы Шошқалы көлінің (кейін ел мұны Қылы деп те атайды) тұс-тұсынан аңшылар дара-дара бөлініп түскен. Ұшқыр торы атпен жортқан Ұрқия сапаның бел ортасына дейін қалың қар басқан үкілі сары қамыстың жанынан жалғыз өте берді. Жайбарақат келе жатқан тор ат бір кезде оқыс осқырынып қап, шоқ басып алғандай шоршып, жалт бұрылып ала қашты. Аңдаусыз отырған Ұрқия сыпырылып қала берді. Оппа қарға құлаған мерген тай- тай жүннің үстіне түскендей тез атып тұрып, қолынан ұшып кеткен ақ мылтығын алды да, алыстау барып, құлағын қайшылап осқырған атына қарай малтыға аяңдады. Жалт қараса, тұмсығына дейін қарға көміле жатқан қара қабан орнынан тұра берген екен. Жүрегі су еткен Ұрқия көзін қабаннан алмай шегіне берді. Сығырайған өлімтік көзін аңшыға қадап, он шақты сажыннан аңдысқан қабан сулы танауы шұрылдап, былжырақ аусыл аузын салп-салп еткізіп, үңірейіп тұрды да, танауын тыржитып, бір-ақ атылды. Тоңқаңдап өлерменде шапқан қара албасты қар боратып, сойдиған екі азуын езуінен ақситып, тура Ұрқияның алдына төніп келіп қалды.

Бұл кезде көлдің екінші ығында жүрген Ақан мен Ожымбайлар да көрген. Көздері шарасынан шығып олар да құйғытты. «Қабан жете бергенде жалт бұрыл, жалт бұрыл» деп айтуға Ақанның тамағына тас тығылғандай бітеліп, іштей күбірлеп, дыбысы шықпай қалды. Оны айтуға да үлгермес еді. Шаңқ еткен мылтық түтінінің ішінде Ұрқия да, қабан да көрінбей кетті.

Ақандар жеткенде тез сейілген түтін астында боп-боз боп тұрған Ұрқия мен тоңқалаң аса құлаған қабанды көрді. Өңі қашқан сері де аттан құлай түсіп, Ұрқиясын бас салды:

  • Қалқам-ай, амансың ба? Шошып кеттің-ау,- деп аяулысының аман қалғанына қуанып, бетіне қан жүгірді. Ендігі қорқынышы Ұрқияның бойына біткен бала еді. Көңілін жадыратып, тез ұмыттырайын деп Ақан сөз аяғын қалжыңға бұрды.- Бәсе, бәсе, менің Ұрқиям осылай болса керек етті. Не деген жүрек, не деген мергендік. Қабанды жақындатып алып атуға қай еркегіңнің жүрегі дауалар. Жүрегіңнен айналдым!

Қорғасын көп салған қасқыр оқ қабанның тап маңдайының мылжа- мылжасын шығарыпты.

Бұл жолы Ақан Ұрқияның ерге бергісіз өжеттігін, батылдығын көрді...

Арада біраз уақыт өткен. Ара-тұра ашылып, алдап соғатын боранды күндердің бір толасында Ұрқияның құрбылары келіп, аңға шығайын деп жатқан Ақандарға ерген.

Бұл жолы аңшылар Ахмет Сайының қабағындағы қалың шілік ішін аралап, қоянның жымына түсті. Соңдарында иттер. Көзі шалғанды қағып түсер ұшқыр тазылар.

Сол күні аңшылық сәтті болып, бұлар көп қоян аулады. Ұсақ оқпен оқтаған мылтықпен Ұрқия да үш қоян атып алды.

Әттең төртінші қоян... Ақанның оң жағында қалың шілік арасында омбылап ұзақ жүрген Ұрқия төртінші қоянды атқан. «Енді үйге қайтайық» дегісі кеп Ақан соған қарай жүрді. Ұрқия қарға малтығып оқ тиген қоянды ұзын құлағынан көтерген күйі мелшиіп қатып қалыпты. Төрт аяғы тыпырлаған жан-дәрмен қоянды бауыздап жіберіп, тілерсегінен тесіп беліне өткізе салатын Ұрқия, қазір қолындағы қоян емес, шашынан көтерген адам басындай, немесе өзіне қарап ысылдаған жыландай үрейленіп, көзбен арбасқандай үнсіз тұр. Ақан да қарға малтығып жетті. Ұрқия әлі үнсіз. Қолындағы семіз, жуан ақ қоянды не бауыздауға, не лақтырып жіберіп, тұра қашуға батылы жетпеген адамның сыңайы.

  • Оу, Ұрқияш, неғып тұрсың, енді кетейік, - деп сөйлей келген Ақанның көзі қабан атқан жолғыдай түсі қашқан Ұрқияның өңіне түсті. Аялы кең көзінің шарасы жасқа толып, бетіне тамып кетті. Қып-қызыл омпақ ерні дірілдеп:
  • Бе-ке-ер, атқан еһ-екен-мін!- деп кемсеңдеп, жылап жіберді. Көзінен тарамдана аққан жасын тия алмады.- Обалына қалдым-ау. Байғұс көжектер жарық дүниені көре алмайтын болды. Не деген сұмдық! Не деген қатыгездік! Кім шығарды екен осы мылтығы құрғырды.

Ұрқияның сол қолынан ақ мылтық түсіп кетті.

Ақан сонда барып көрді. Ақ қоянның өкпе тұсынан тиген оқ орнынан қан саулап, емшегінен бұрқырап аққан ақ сүтпен араласып, балтырынан тамып тұр. Аппақ сүт. Қанға араласқан аппақ ана сүті. Ұрғашы қоян айы-күніне жеткен буаз екен.

Бұл жолы Ақан Ұрқияның жаны үлбіреген торғындай нәзік, жүрегі аянышқа толы екенін көрді.

Сол күні Ақан мен Ұрқия Қараталға селсоқ оралған. Бірақ маңындағы жолдастарына көңіл-күйлерін сездірмей, ештеме аңғартпауға тырысып бақты.

Жол бойы бірімен-бірі жарысып, ойын-күлкімен жеткен жастар, «бүгін бір қоянның жас етін жеп, таң атқанша сауық құрамыз» деп Қараталға қас қарая түскен. Қорамса Ақанмен бірге еді. Қора-қопсысы көл-көсір, араны кең ағаш үйдің алдындағы биік күресін қардың ығында бірнеше ат тұр. Үсті-басын қалың қырау басқан таң асқан жүргінші көліктері қатарымен оқыранды.

Жолаушылар үлкен үйде екен. Ақан жігіттерін бастап:

  • Ассалаумағалейкүм!- деп сәлемдесіп, сонда кірді. Қыздар жағы Ұрқиямен отау үйге енді.

Қонақтар - етектей сақалдары кеудесін жапқан өңкей қожалар: Шәміл, Шәмбіл, Мұхаммедрахым. Арасында төре тұқымынан Шепе, Ғабдрахман молла, Ақандардың сәлемін жамыраса алған жолаушылардың бірі аузының ұшымен ғана қайырлы болсын айтты.

  • Ақан бала, әйтеуір көп лаңмен жүріп құсыңды қондырған екенсің, енді артын қайырлы қылсын!
  • Айтсын, айтсын! Қайырлы болмағанда қашанғы жел өтінен шыға берсін! - деп жауапты Шәкей берді.

Шәмбіл Шәкей сөзін жақтырмай басы кекжең ете қалды:

  • Қой, фәнде, асылық айтпа. Бұл фәни жалғанда құдіреті күшті құданың кәріне ілектіре көрмесін де. Тәубә, тәубә де! Күпіршілік айтпа!
  • Иә, соны айт,- деп түнеріп отырған Мұхаммед-рахым да қостады.- Аңнан қайттыңдар ғой тегі. Осы күні қыздар да желігіп, мылтық атып аң аулайтын көрінеді, мал құлағы саңырау. Аял бала мылтық ұстады деген не сұмдық! Алла, Алла! Әйтеуір қыз ойнақтарың жын ойнаққа айналып кете көрмегей!

Қонақтардың мына келісін сөз сыңайынан аңғарған Ақан қара мұртын сипап, зорлана күлді де:

  • Мылтық ұстаушы аял Ұрқия, ақсақалдар! Жаз шыға сойыл ұстатып, қасқыр соғуға үйретейін деп жүрмін,- деп шамдарына тие сөйледі.
  • Мейлің, шырағым, сойыл ұстатпақ түгілі гүрзі ұстатсаң да,- деп ұзақ сөзге шыдамы жетпейтін Шепе шіңк ете қалды.- Ұрқия өз иелігіңдегі қатының ғой. Бірақ басқа қыз балаларды бүлдірмесең болады.

Ақан үнсіз түйіліп отырып қалды.

  • Иә, Ақан қарағым, жата-жастана айтармыз деп едік. Ел ішіндегі қыздардың бұлай бүлінуі жақсылық емес. Мұсылман жолынан кетіп, жайылып бара жатқан түрі бар. Тасып кетпей тұрып, басу айтпасаң, ел ішін жын -шайтан жайлап алуы ықтимал. Көпе-көрнеу отырып, үндемей қалсақ, ертең құдай алдында күнаһар болармыз,- деп Шәміл де ұзақ сонарға түсті.

Бұдан, әрі айтар сөздері белгілі. «Жастар бүлінді. Шариғат жолымен атастырған жеріне бармай, қашып кетіп жатқан қыздар көбейіп барады. Діннен безіп, қорқу-үркусіз барам деген жеріне барып, айтам дегенін айтатын әйелдер шыға бастапты. Қатын бүлінді дегенше жатын бүлінді дей бер. Қыз қызықты дегенше, жігіт ұйықты дей бер. Әдептен айырылу - әдеттен айырылу. Қазағыңның әдеті, ғұрпы, діні бұзылса, сөгілмеген қай іргесі, қайыспаған қай қабырғасы қалды. Желік ізін салушы Ақан. Бәрін бұзушы Ақан».

Бұл сарынды кейінгі кезде Ақан сері әр жерден ести бастаған. Естіген сайын ерегісе түседі. Ерегіскен сайын ел өсегі көбейіп барады.

Ақанның үнсіз түнерген қалпын көріп, қожалар сөзін аяқсыз қалдырғысы келмей Шәкей:

  • Әй, Бәтжан, осы көп мыжыған сөз не керек, кәне бірер ауыз өлең айтып, мына арқасы құрысқан шалдардың терісін жазайықшы,- деп, домбыраны алып, шертіп-шертіп жіберді.Тамағын кеней түсіп, ән бастағысы келіп еді, домбыра үніне тыжырынып отырған Шәмбіл аузын қақты:
  • Әй, Шәкей! Әкең жақсы адам, осы сен қайдан жел өкпе боп туғансың?!
  • Е, ақсақал, бір енеден ала да, құла да туа береді. Мен күземде, шешем бие сауып жүргенде жел өтінде туыппын, жел өкпелігім содан шығар,- деп Шәкей тісі ақсия күлгенде Бәтжан, Ожымбай, Аяғандар да қарқылдап күлді.

Қонақтар ытырынып отыр.

  • Біз сенің күнде зар қақсайтын өлеңіңді тыңдай келгеміз жоқ. Ән - әңгіліктің ісі, домбыра - сайтанның жынысы. Ақан, аз оқысаң да, көп тоқығаның бар деуші еді. Одан да ақиреттен сөйле,- деп серіге көзінің қиығымен қарады.

Әңгіме бетін дінге бұрып, Ақанды біраз сүріндіріп алмақ еді ойлары. Сөйтіп отырып жаңағы сөзді қайта қоздату.

Жолаушылап келгендей әдейі ат басын тіреп, өз үйінде басынып, жолына кесе-көлденең тұрған мына қожа-моллаларға Ақанның жыны түсіп, арқасы қозды. Сырттай кектеніп, зығыры қайнаған Нұртаза секілді ел билеген шонжарлар жұмсап отырған қолжаулық, надандардың бетін қайтарып алмаққа бекінген сері көзі шоқтай жайнап, Шәкейдің қолындағы домбыраны алды. Алды да бір -екі шертіп, қожаларға кекесінмен қарады.

  • Ақиреттен сөйлеп, шариғат айтатын шамаларыңыз болса қағысуға мен даяр. Дүмше молла ел бұзар, күлше қожа ен бұзар, әуелі өздеріңіздің кім екендіктеріңізді, жолдарыңызды біліп алсаңыздаршы. Байқаймын, оттығуға емес, соқтығуға келген екенсіздер. Онда мен әуелі кім екендіктеріңді мына жігіттерге таныстырайын,- деп Ақан домбырасын қайта шертіп, жыраулардың жеңіл мақамымен тақпақтай жөнелді:

Мұндайлар күндіз жусап, түнде өреді,

Ұрлықты түнде қылған кім көреді.

Жегені қожалардың адал емес,

Баланың шөтейімен күн көреді.

Жігіттер ду күлді. Баласының уытты тілінен жасқанып, қожа-моллаларға тілі тиіп кетер ме екен деп, қабағын түйіп, құнысып отырған Қорамса да, Жүсіп төренің жұмсауымен Шәмбілдерге қосылған Шепе де шыдай алмай иіндері дірілдеп, күлкіге булықты. Жүздері қуарған қожаларға Ақан шүйліге түсті.

Білмей жүр қожа-молла кім екенін,

Қайдан келген, білмейді, әм мекенін.

Тентіреп Түркістаннан келіп едің,

Келе сала биледің қазақ елін.

Момын қазақ сендерді жетілтіп ед,

Семіріп көтермеңдер кеуделерің.

Қонақтар не тұрып кетерін, не мейман боп отыра берерін білмей сақалдарын салалап, жөткірініп төмен бұқты.

  • Жігіттер,- деп Ақан енді көзі жайнап, Шәкейлерге қарап, езу тарта жымиды да, сайқы мазақ мысқылмен бітірді сөз соңын:

Жігіттер, ең әуелі іс біліңдер,

Дем салып, қожа-молланы үшкіріңдер.

Сүннәтін пайғамбардың көп айтады,

Алдымен осыларды піштіріңдер.

Жігіттер қыран-топан. Шәкей шек-сілесі қатып, «пышағым қайда, пышағым»,- деп сөзін зорға құрап, ішін басып, отырған жерінде домалап қапты. Ақанға тиісем деп зәрдей сыбағасын алған қожалардың өңі сұп-сұр.

Ауыз жақта сөз төркінін құлағы шалған Жаңыл да езуін жия алмай, миығынан күліп есіктен басын сұқты:

– Әй, Ақанжан-ай, жұртты күлдірмесең отыра алмайсың-ау, ал, меймандар, ас пісті, қол жуыңыздар,- деп сөзді бұдан әрі ушықтырғысы келмей, тамақты сылтауратты.

– Ал, ақсақалдар, айыпқа бұйырмассыздар, ақиреттен сөйлегенім, бар білгені осы. Енді көп қышына бермейік, тәуір атты жауыр атқа айналдырып алармыз. Апа, мына сый қонақтарды әкем екеуің-ақ атқарарсыңдар. Бізге қоян етін салып па едің? Ана жақтағы сұлулар қоян етін жейміз деп отыр,- деп Ақан жігіттерін бастап, отау үйге кетті.

Орындарында мелшиген қожалар есеңгіреп қалғандай, мәңгіріп отыр. Серінің бұларға айтқанын Шәкей қыздарға қайталаса керек, көрші бөлмедегілер үйді басына көтере күлгенде, «баланың шөтейімен күн көреді», «әуелі осыларды піштіріңдер» дегенді қалай ұмытарын білмей, мына дардай адамдарды піштірудің сөлекеттігі елестеп ыңғайсызданған Шепе мен Қорамса тағы да жарылды. Артында батпандай зілі болғанмен, өткір әжуаға шыдай алмаған Шәмбіл, Шәміл, Мұхаммедрахым, Ғабдрахмандар да мырс етіп, иықтары селкілдеп күліп, алдарына келген жез легенге қолдарын зорға жуды...

Ұрқия осы босағаны аттағалы Ақан маңына үйірілген қыздар - бірінен-бірі өткен, шетінен үріп ауызға салғандай он жеті, он сегізге келген. Есілдің талындай бұралған Көкше өңіріне әйгілі, атақты, әнші сұлулар. Бәрі де хат таниды, бәрі де саусағынан оймағы түспейтін ісмер Үрім, Ғайнижамал, Ұрқия, Жамалдардың атастырылып қойған жерлері бар. Соған қарамай, сері қасында серілік құрып жүр. Шыңғыстың Күлзейнебі болса, Қызылжардың атақты көпесі Қарағайдың баласын менсінбей бармай отыр. Ұрқия құрбылары Ақанға еріп, ел салтын бұзғалы көркіне еркелігі барабар қыздардың көңілдері өсіп, арқалары кеңігендей аз мерзімді еркін ойын-сауықпен өткізгендеріне мәз. Іші күйгендер сырттан өсекке танып, ешкімнен зәбір көрмесе де бұлардың жүрісін қырық саққа жүгіртіп, Ақанды кінәлай бастаған. Әлгі қожалардың келісі серіге деген қаскөйлердің шабуылының алды еді.

Отау үй мұнтаздай таза, саңғыраған кең бөлме. Төрден есікке дейін тұтас төселген көк жапырақты жасыл кілем үстіне айдында сыланған бір топ аққудай тізілген қыздар бірінен-бірі өтеді. Шұңғыма өзен жиегіндегі түй табан жалпақ жапырақтардың бетіне шыққан аппақ жауқазындардай. Жастар өзді-өзі ойнап, әлде не әзіл әңгіме айтып, жайнай күлгенде, әдепті үндері желідегі құлыншақтардың мойнына таққан қоңыраудай сыңғырлайды. Бір-бірімен апалы- сіңлідей тату құрбылардың бойындағы жарастыққа Ақан тойымсыз көзбен қарап отыр. Бір-біріне ұқсамайтын, бірақ бәрі де Көкшенің жұпар иісті әртүрлі гүліндей әсем қыздарды мадақтауға ақын көңіліндегі әсерлі сөз жетер емес. Әннің де шамасы келер ме екен. Ертең жұптары ажырасып, «жел жеріне, жекен суына» дегендей өз қоныстарына кететін ел аруларына әннен тұмардай белгі қалдырғысы кеп, ақын толғанғалы қашан. Көмейіне тірелген не бір сұлу әуендер лықсып келсе де, бұларға арнаулы әнін қорашсынып, сыртқа шығара алмайды. Қазір де тілі жоқ, мақау Ыбаның алдына алып, баласының мағынасыз уілдеп, ыңыранған үнімен қосылып, Ақан әлдебір әуезді ыңылдап отыр.

Сыртта алдамшы боран тағы көтерілсе керек. Терезе түбіне жақын отырған ақын құлағына жарыққа ұмтылған көбелектей әйнекті дамылсыз сипалап, болымсыз ұйтқыған қар ұнтағының ысылы келеді. Бірде ән салып, бірде ортаға қос уыс асықты шашып жіберіп, бес асық, хан ойнап, қызыл асық алшы түссе талапайласып мәз болған қыз-жігіттерден оқшау қалған Ақанның көңілі өз -өзінен құлази берді. Оның есіне, күндегідей, тағы да Сұлтанмұрат түсті. Бұдан төрт-бес жыл бұрын Ақан мына Бәтжан мен Ожымбайды Құлагердің бәйгесінен қалың беріп үйлендірген. Төре есігінде жалшы боп жүрген Бәтжан еркіндік алып, өз 183

алдына үй боп шықты. Бүгін өзімен бірге келген томпиған, бұйығы келіншегі қазір Ұрқиямен бірге қазандық үйде ас қамдап жүр. Ожымбай болса, әйелі келе үш құрсақ көтеріп, төрт жылда өзі сияқтанған қалың ерінді, шот маңдай үш ұл тауып берді. Алдына аздаған мал салып, он жасынан бері қысы -жазы салпақтап баққан байдың малынан аз да болса мойны босаған. Екеуі де тәп-тәуір үй боп кетті. Шәкей мен Аяған болса әкелерінің аздаған дәулетінің арқасында серілік құрып үйленбей жүр. Ал Сұлтанмұрат ше. Шешесі өлген қолы қысқа әйдік әнші жігіт күн көріс үшін әр ауылды тентіреп әнін жалдап жүр деген. Қысқы соғымға кенеліп, кекірігі азған еріккен байлар шақыртып алып ән салғызады. Таң атқанша, даусы қарлығып зорыққанша хисса айтқызып арқасынан қағып, болымсыз тиын- тебен беріп шығарады... Кейін бұл төңіректе аты естілмей кетті. Қазір қайда жүр екен? Неге хабар-ошарсыз кетті?.. Ақан үй-ішінің жылуымен қырауы еріген терезе шынысына қарады. Дала үңірейген қараңғы. Май боранның майда ұнтағы шыныны сипап, ішке енгісі келіп жалбарынатын сияқты. Ақын көзіне ар жағында даусы қарлыққан қырау кірпік Сұлтанмұрат телміріп тұрғандай. Ол да алақанымен терезені аймалай сипап, жылы үйге, достарына енгісі келетін сияқты... Ақын әнші шәкіртін сағынып, көңілі босады...


Перейти на страницу: