Ақан сері — Сәкен Жүнісов

Название: | Ақан сері |
Автор: | Сәкен Жүнісов |
Жанр: | Роман |
Издательство: | Жазушы |
Год: | 2002 |
ISBN: | 5-605-01808-6 |
Язык книги: | Казахский |
Скачать: |
Страница - 13
Әлгі бір әзірде сыртқы есіктен сықырлап, дабырлай сөйлеп біреулер кіргендей болып еді, өзі күткен Сұлтанмұратының даусын естігендей Ақан елегізіп қалды. Бірақ, көрші-қолаң болар - дыбыс қазан аспа жаққа жетіп, тез өшті. Әлден уақытта барып, білегін түрінген, белінде алжапқышы бар Ұрқия асыға кіріп:
— Сүйінші, Ақан аға! Алыстан жолаушы келіп тұр!- деді.
- Ал, ал! Кім ол? Ойпырмай, Сұлтанмұрат емес пе?- дегенде Ақанның жүрегі атша тулап кетті.
Аузын жиған жоқ, қап-қара көмірдей бетінде аппақ тістері ақсиып, Сұлтанмұрат кіріп келді. Жастар аяғынан тік тұрды. Ақан екеуі бас салып құшақтасып, көріскен адамша ұзақ аймаласты.
- Апырай, сен үйге бағана кірген сияқты едің, неғып бөгелдің,- болды қуаныштан аузына сөз түспеген серінің алғашқы сөзі.
- Аяз би сияқты қара лашықта өскен мен де қара құлмын ғой, қазан-ошаққа бұрынырақ тарттым,- деп Сұлтанмұрат қыз-жігіттермен қол алысып жүріп, әзіл айтты.
- О, құдаханна, мұндай да ғажап бола береді екен-ау, жаңа ғана сенің сыбдырыңды естіп, даусың құлағымнан кетпей, елегізіп отыр едім. Бұл жазуға дауа жоқ. Түнделетіп қалай жеттің, жалғызсың ба?
- Жоқ, жалғыз емеспін. Өй, Ыбыраймысың. Мынау Ыбан ғой. Қарағым-ау, дырдай жігіт бопты ғой,- деп, Ақанның етегінен ұстап, ығына жасырынған он -он бірлер шамасындағы серінің өзінен аумаған баланың маңдайынан сүйді
Сұлтанмұрат.- Ал, Ақан аға, ана жақта тағы бір адам бар. Сізді көруге ұялып, рұқсат сұрап тұр.
-He дейсің, Сұлташ, рас па? Келін болды ғой, кірсін-кірсін, лұқсат. Жігіттер, ана жақтан шашу әкеліңдер,- деп, Ақанның жүрегі өрепкіп, айғай салды. -Бәсе, көптен көрінбей, зарықтырып неғып жүр десем!
Көктен тілегенін жерден бергендей Сұлтанмұрат біреу емес, екеу боп келіп тұр.Ұлықсат сұрауының жөні солай. Келіншегі болмаса да, болашақ қалыңдығы екені аян. Бірақ ел ғұрпында үйленбей жатып, ертіп жүру салтта жоқ. Не де болса, бұл жұмбақ қазір шешілмек. Ақан да, үйдегі жастар да көздері жаутаңдап, есікке телмірді.
Осы кезде екі көзі жауһардай мөлдіреп, маңдайы он төртінде толған айдай жарқ етіп Ұрқиямен бірге үйге Қадиша кірді.
-Қадиша !-деп үй ішіндегілер тегіс шу етіп, таңырқап қалды.
-Қа-ди-ша!- дегенде Ақанның маңдайынан суық тер бұрқ етті.
Қадиша да Ақанға тіктеп қарай алмай, көзін бұрып әкетті. Мұны екеуінен басқа ешкім аңғарған жоқ.
Сұлтанмұрат жүгіріп шығып тыстан асыл тастармен әшекейлеген шошақ бас қозы құйрық ер алып кірді.
-Ақан аға, мынау әкейдің Ұрқияға арнайы жіберген тартуы! Онша әшекейлеп, әлеміштемегенмен қайыңнан құраған бір қолмен көтерерлік қаңбақтай жеңіл ер аса ұқыпты жасалған. Қара ала кавказдатып күмістелген құйысқаны, өмілдірік, тартпаларын бірге қосып, былғары тоқым, желдік, тебінгілерімен бірге жіберген бітеу ердің қас маңдайында бармақтай асыл тас.Жастардың көзі сол асыл тасқа ауғанда, Ақанның көзі асыл тастай жарқыраған Қадишаның көзіне ауды.Әзіл, оспаққа жүйрік Қадишаның ашық үнмен саңқылдай сөйлеп отырса да, әлде бір аяулысын жоғалтқандай ылғи мұңмен қарайтын көз жанарында жаңа бір ұшқын түскендей. Әсем басып, белі бұрала кетіп бара жатқанда сәл ырғалып, толқи түсетін толысқан денесі бұрынғыдан таралыпты. Жүзінде жадыраңқы кейіп бар. Қадиша мүлдем өзгерген.
-Ал мына жүрістеріңе жол болсын. Кеше қарындасын қызғышша қорып, жастай алған әйелін жұрт көзінен орынды-орынсыз қызғанып, Ақанмен сырттай жауыққан Тастан енді сол әйелін Сұлтанмұратқа қосып, жақсы тілеумен жіберіп отырғаны қалай?Ақан мұның мәнін сұрай алмады. Сұрауға батылы жетпеді.
Сұлтанмұрат ақын ұстазының қасына отырып, құтты болсын айтқанда, екінші жағынан Қадиша да қосылды:
-Сері аға, Қоскөлдің көгілдірін іле алмай қапы қалып едіңіз,Ақкөлдің аққуы тұзағыңызға түскен екен, қайырлы болсын!«Өзіңде Сұлташтың құрығына түскен екенсің, қайырлы болсын!» деп әзілдеуге серінің аузы бармады. Бірден, екеуінің
арасы әлі жұмбақ. Екіншіден, жұмбақ ойлағанындай шешілген күнде, бұрынғы ісіне кінәсіз болғанмен Ақанның бетіне айықпас шіркеу түспек.
Әйтсе де жөн-жоба білмек боп, Ақан алыстан орағытты:
– Ал, өздеріңе жол болсын, құтты болсын айта келген көңілдеріңе мың да бір рақмет! Екеуің қайдан қосылдыңдар?
– Тағдыр қосайын десе қиын ба, сері аға! Жасағанның жазуы қиыр-шиыр ғой,- деп астарлаған Қадиша сөзін Ақан аса ұқпай қалды.
– Қадиша төркініне барып еді, екі-үш ай сол Қараой жақта болдық. Мен ат қосшы боп бардым, Ақан аға,- деп Сұлтанмұрат та түсін ашып ештеме айтпады.
Сөз осымен доғарылды.
Қадиша өздерінен көп үлкен болмаса да, балауса, тең құрбы қыздар Тастан байдың әйелі орталарына келгенде жат адам тәтті отырыстың шырқын бұзғандай томсырая-томсырая қалып еді, тамақ ішіліп біраз отырған соң, қайта жадырап, араласып кетті. Оған Сұлтанмұрат пен Қадишаның сырнайдай қосыла салған әндері себеп болды.
– Сұлтанмұрат, Қадиша, көрмегелі көп болды, үндеріңді сағындым ғой,- деп Ақан қолқалаған соң, екеуі де іркілген жоқ.
Әуелі Сұлтанмұрат біраз шырқап, Қараой жақтан үйреніп келген өлеңдерін араластыра қарқындап алған соң, Қадиша алды кезекті. Аздан кейін екеуі қиқулап ұшқан егіз қоңыр қаздай қосылып кетті. Ана жылы Тастан үйінде отырып қосылғанда көңіліне ой салған екеуі, Ақанның көкейінде көптен сайраған әнін қозғап жіберді. Екі дауыс жаңа әннің тұйыққа тірелген жерін ашып, қиналған пернені тап басқандай, сері баяу ыңылдап отырып іздегенін тапты.
Ақан Сұлтанмұраттың кейбір әнін қабағы түйіліп, бет пішіні кіржиіңкіреп отырып тыңдаған. Әнші аузын ашқанда бүкіл тұла бойы балқып, алқымы ісіп, күре тамырлары білеуленіп кететін еді. Бірақ жүзінде мысқалдай қысылыс нышаны білінбейтін. Осы жолы қоңыр бетіне қан теуіп, күреңітіп, қызбай жатып маңдайынан шып-шып тер шықты. Әнді бабымен созбай қысқа қайырып, тез айтып құтылғысы келгендей алқынып қалды. Үнінде аздаған қарлыққан дыбыс бар.
Ұстаз реніш білдіріп, біраз сөгіс айтайын деп оқталды да: «Ел аралап, көрінген жерде жосықсыз айғайлап, әнді кәсіпке айналдырған соң ешкімнен қағу көрмей, тек қолпаш көріп өз әнінен өзі ығыр болған ғой. Оның үстіне жігітшілік бабы келіскенмен, дауыс бабына күтім жоқ, бар салмақ, ауыртпалық көмейіне түскен екен. Қазір бас салып ұялтпайын деп, оның үстіне шәкірт алдында өзін жазықты адамдай санап, тосылып қалды. Тек ән ырғағы, қайырмасы жөнінен бар әншіге ортақ ойын үлгі ете сөйледі.
– Жігіттер, қыздар, көптен сендерге айтайын деп жүрген бір сөзім бар еді. Сұлтанмұрат айтқан өлең сөзіндегі кейбір мүкіс жерлерін естігенде есіме түсті.
Ол мүкіс бәріңде де кездесетін малдағы соқыр ішектей артық нәрсе. Ол қайырмада.
Ақан лұғат, кеңес айтса зер салып, ынтыға тыңдауға машықтанған әншілер тегіс құлақ түре қалды.
– Жаңа бір өлеңінде, Сұлтанмұрат, «Сәулем-ай» деген қайырманы орынсыз қолдандың. Бұл жерде «сәулем-ай», «қалқам-ай, қарағым» деген сүйгеніне құлақ қағыс мазмұн жоқ. «Шіркін-ай», «дариға-ай, қайтейін» деген дәрменсіздіктен айтылған өкініш, жігері құм болған қайрансыздық бар. Ендеше бұл араға «шіркін- ай», «дариға» сөзі лайық. Сол сияқты өлең шумағынан соң тыныс алып, қайырылатын тұстағы, ән буынындағы «дүние-ай» деп мұң шағатын, «па шіркін» деп тасыған көңілді көтеретін, «ой, пәле, қыз бала» деп құйқылжытатын, қосымша сөздерді өз мәнімен жұмсай білу керек. Әнде бөлек-салақ, артық-тыртық сылыма жерлер көп болса, солғұрлым әсері кемиді. Ән сөзі оқтаудай жұмыр болмай, кедір-бұдырлы болса, салған ән де, бір жері жұқа, бір жері қалың жайылған еттің нанындай түйіртпектеліп, кебір жұтылады. Олақ әншінің көмейінен шыққан кіршең ән де, салақ әйелдің қолынан шыққан күлді-көмеш дәм секілді. Сондай-ақ «Ахау», «еһей», «гегигей», «ойхой», «халалау» деген үстеме бунақтар да ән, өлең мазмұнына лайық, жатық келсе керек. Сендер Біржандай ән тәңірі туған Көкше өңірінің бетке ұстар әншілері екендіктеріңді еш ұмытпаңдар. Сендер салған ән елге үлгі, болашақ әншілерге мәктәп, сабақ болса деймін. Ән де балауса қайыңдай нәзік жаратылыс – қылт етіп көрінген шыбық кезінде бір жерін жаралап, не қисайтсаң, жетілгенде де сол жара қалып қояды. Әннің бапкері, тәрбиешісі әнші.
Сері біраз көсіліп алды да, әншілерге күлімсірей қарап:
- Жаңа Сұлтанмұрат пен Қадишаның қосылып айтқан өлеңдері көкейімдегі бір әнге жан бітірді. Толғағы басталғалы қашан, міне, енді дүниеге келді,- деп жаңа бір ән бастады.– Бұл өзі үш адамның даусымен айтылатын ән сияқты. Ән аты «Үш тоты» еді.
– Мен бүгін ұйықтап жатып көрдім бір түс.
Көргенім Иран бақта үш тоты құс...
Тағы да ұйықтап жатып көрдім бір түс, Шығыпсыз бір ауылдан үш тоты құс,-
деп өңдері қызарып, қысылыс тапқан сұлу қыздарға қарап отырып, өлең аяғын жұмбақтағандай, іштей Қадишаға да құлаққағыс етіп, бұрынғы өкінішті істен арылайық, ендігі жол – дос арасындағы татулық жолы болсын дегендей тұйықтады.
Бір жақсы бір жақсыны өкпелетпес,
Жем жеген ақсұңқарым қолдан кетпес,
Бұйырса тағдыр бізді татулыққа,
Еске алмай мені дағы қапыда өтпес.
Толқымалы қоңыр ән бірде баяулап, бірде көтеріліп барып басылғанда, жастар қорғасындай балқып, толқып кеткен еді. Өңкей өнерпаз әншілер тез қағып алып, жылдам жаттап, екі-үш дауыспен мәнерлеп салғанда «Үш тоты» Иран бағындағы жүз құбылған тотыдай сайрап, құлпырып сала берді.
Бұл бір - Қаратал бауырында туған, Көкше жұрты көптен күткен шоқтықты, сұлу ән еді. Көрші бөлмедегі шалдар да нақысты жаңа әнге амалсыз құлақ түріп, тына қалған. Ұлының өнеріне іштей қуанып, әмәндә көңілі өсетін Жаңыл шешей босағадан тыңдап, тебіреніп тұр.
- Ағасы, сонымен үш тоты кім болды. Үрім, Жамал, Күлзейнеп, Ұрқия, Ғайнижамал, Қадиша апайдың қайсысы. Айырып айтпайсыз ба,- деп раушандай сұлуларды қырмызыдай қызартып, Бәтжан жеңіл қалжыңмен тосын сұрақ қойды.
- Өзің қалай ойлайсың?
- Өй, сен де бір... үш тотыға ен тағып қайтейін деп ең,- деп Шәкей Ақанды тұйықтан шығарғысы келіп еді, серінің Ұрқиясы күлімсіреп, жолдасын біржола құтқарып алды. Ертеде бір хан болыпты.- Жастар көзіне жылт етіп ұшқын атқан Ұрқияға қарасты.- Ханның отыз кәнизәгі болыпты. Отыз күндес күнде қырқысып, қызғаныштың дертіне шалдыққан соң, хан отызына отыз алтын сақина соқтырып, әр қайсысына жасырып берген екен. «Бұл алтын сақина екі арамыздағы құпия болсын. Мен дүниеден сапар шеккен күні саусағыңа киерсің. Оған дейін сандығыңа салып, тереңде сақта» деп оңашада бас-басына жеке айтыпты. Содан күндестер бұрынғыдай «төремнің ең сүйіктісі менмін, менмін» деп таласып, шапұр-шұпыр бола қалған күн болса, үстіне келген хан бәрін тоқтатып: «Оу, жамиғаттар, текке таласып, жүз жыртыспаңдар. Бәріңді бірдей көрмейтінім рас. Менің ең сүйіктім,- алтын сақина кімде болса - сол. Көңілім де сонда» дейді екен. «Е, хан тақсырдың көңілі менде екен» деп отыз кәнизәктің әрқайсысы іштей мәз боп, тоқтайды екен. Сол сияқты Ақан ағаны бұл арада қинап қайтеміз,- дегенде жастар тегіс күлді.
- Ақылыңнан айналдым!- деп Ақан да сөз тапқыш Ұрқиясына мейірлене қарап, мәз болды...
Әдейі келген шаруаларын тындыру орнына Ақаннан таяқ жеген қожа- молдалар ертеңіне зығырмен аттанған.
Тап жүрер алдында Шәмбіл қожа Қорамсаны жеке алып шығып:
- Қореке, бір-бірімізге жат адам емес, тілеулес ек. Шын жаным ашығасын айтамын. Үйіңе жын-ойнақ орнаған екен. Ана қыздардың шімірікпестен, қымсынбастан келіп түней жатып, сайран салулары жақсылық емес. Түнемел қыздың ашуы қатты болатынын білесіз. Әдет бұзған әдепсіздердің үлгісі Қараталдан, сайтандай еліктіруші Ақаннан басталып отыр. Ел мұны аяқсыз қалдырмайды. Тез тыйыңыз. Тыймайды екенсіз, өкінесіз. Ақылым осы,- деп зіл тастап кетті.
Бірақ Ақан ешкімнен ыққан жоқ. Жаз шыға тіпті еркінсіп алды. Оны еркінсіткен ән сүйгіш сауықшыл елдің өзі. Қайда той, қайда жиын болса Ақанды кісі жіберіп шақырып алады. Аужар Ақансыз айтылмайды, қыз серісіз ұзатылмайды, жаңа туған нәрестеге әншісіз ат қойылмайды. Сері жалғыз жүрмейді. Бар тобымен жүреді. Сері тобы азаймайды, күннен-күнге көбейе түседі.
Үнемі Ақанмен бірге жүретін Ұрқиядай, Сұлтанмұратпен қосыла ән салатын Қадиша да жасырынбақ ойнай алмады. Күндердің күнінде Тастанның құлағына сұмдық сөз де, мұздай боп жетті. Ақан Ақтоқтыға ерегісіп Тастанның тоқалын тартып алыпты, Ұрқия екеуі күндес екен» деген өсек бір шығып еді, іле «Ақан өзіне ерген жігіттерге елдің ең тәуір қыздарын алып береді. Қадишаны азғырып Сұлтанмұратқа қосыпты. Сұмдық-ай, бүйте берсе ұрғашы атаулы құтырған иттей көзі қанталап иесінен безер болар, қыз-қырқын әзәзілдік жолға түсер болар» деген алып-қашпа сөз су жыландай сүйреңдеді.
Іші оттай күйіп, есінен танған Тастан өзі қуып жіберген тоқалынан қайтып өш аларын білмей, жұрт алдында масқара боп, ел бетін көре алмай запыран құсып жатып алды. Кек алудың жолын ойлап, қуарған қу шөптей халге жетті.
Өстіп жүргенде Қараөткел жақтан серіге хабар келді. Үш жүздің басын қосқан Аққошқар-Сайдалының асы болғалы жатыр екен. Күннің ыстығында келер алдағы оразаға дейін өткізбек асқа Ақанды шақыртып, даңқы жер жарған Құлагерін бәйгеге қоссын деп, арнайы шапқын жіберіпті.
Ақан бара алмайтын болды. Аяғы ауыр Ұрқияның күні таяу еді. Сері серігін тастап, сауық қуып кете алмады. Көзінің қарашығындай Құлагерін де біреуге сеніп аманатпен жібере алмады.
Шідерленген дүлдүлдей, топшысы қайырылған қырандай тобан аяқ боп отырып қалған тұлпардың тұсауын шешіп, сұңқардың томағасын ағытқан Ұрқия болды.
- Ақан, сіз жалғыз менің Ақаным емессіз, ел Ақанысыз. Елсіз Ақан жоқ. Ақансыз жердің сәні, елдің әні жоқ. Жер сәнінен, ел әнінен айырылмасын. Мен десеңіз бұл жолдан қалмаңыз. Дүниеде бала тауып, ана болған жалғыз мен емес. Менің қабағым кірбің тартсын демесеңіз, ризашылықпен аттаныңыз. Өзіңізді екеу боп қарсы алармын,- деп соңғы сөзіне ұяла тұрып қиылды. Құлагердің ер- тоқымын өзі алып шығып, атқа салды.
Сөзден тосылған Ақан Ұрқияның ақылына риза болып, тілегін қабыл алған. Құлагерін баптап, әнші-күйшілерін, балуандарын ертіп, салтанатпен аттанғалы жатқанда Ұрқия Ақтоқтының белгісі - сары жібек жабуды үлбіретіп өз қолымен жапты Құлагерге.
Ішуге, жеуге дегенде қай заманда да сылтау көп болған-ау. Ақандар аттанысымен ауыл-үйдің қатын-қалаштары жиналып, Ұрқияға тоқымқағар жасатты. Бір қойды сойғызып, өзді-өзі мәз боп тарағандардың ішінде Мұхамбет
пен Рамазанның әйелдері де бар еді. Биыл қыс бойы Ақан үйі сауықшыл жастардан арылмай, бәрі топтанып аң аулап, Қаратал бауырын думандатып жатқанда, ерінің қас-қабағына қарап, бұл жаққа аяқтарын қия баспаған абысындар алыстан қызығып, бір келіп кетуге құмартушы еді. Келін боп түспей жатып ата - енесінің алдында еркін еркелеп, қайнағасымен далада мылтық атып, құс салып бозбалаша бірге жүретін сұлу Ұрқияны сырттай күндейтін. Өздерінің өңсіздігіне де іштей күйініп, босағаны аттамай жатып осы төңіректің ауызға іліккен ең сұлуларын маңына топтап, құрбы көбейтіп алған жас келіннің бақытын өзара қызғаныш етуші еді. Оларды жеңге боп, үлкендік жолмен шақыртып алған да Ұрқия.
Алғаш келгенде екі келіншек те аса сыр бермей, қатар отырып, қатар сызданған. Басқа әйелдер үйді басына көтере ән салып, дарақы күлкіге басып, көңілдері масайып тарағанда, бұл екеуі үнсіз тымырайып сұрланып қайтқан. Неге екенін өздері де білмейді, әйтеуір бар малды тұп-тұйнақтай етіп қайғымен алған келіннің салған әні, сөйлеген сөзіне дейін қызықтап, айналып-толғанып мәз болған Қорамса мен Жаңылдың, өзінен бір-екі-ақ жас үлкен жеңгемен бірге туған апалы-інілі балалардай ойнап, жарасқан Әйбергеннің мінездері ұнамады.
Бірақ, сол бір барып қайтқан күннен соң, екеуі де ерлерінің көздерін ала беріп, бір қаға берісте Ұрқия үйіне қарай томпаңдайды. Тоқымқағар арты бастаңғыға айналып, жан-жақтан қыз-қырқын ағылып, серінің үйі келімді-кетімді кісіден арылмады. Бұлар барған сайын бауыр басып, өздерімен жылы сөйлесіп, үйіріп алған Ұрқияға да үйренісе бастағандай.
Бір күні, ойда жоқта, екеуі отырып көңілдерінде жүрген сырын ақтарды.
- Әй, шынында да, cepi ағам түгілі осы Ұрқияға өзім ғашық боп барамын. Әйелге әйелдің құмартқаны қызық екен,- деп еді Мұхамбеттің әйелі Қайныкеш.
- Рас-ай, мен де солаймын. Пендешілік десейші, әуелде ағайынды адамдардың арасына сайтан кеп түскендей ытырынып едім, енді періште көргендей мен де құмартып барамын, өзінің кісі тартар сиқыры бар шығар, қажының қызы ғой,- деді қара қайыстай арық Уәзипа.
- He сиқыры бар дейсің. Оның орнында біз болсақ, қызығына ортақтаспай жатқан қайынбикелер сыртымызды беріп, маңымызға жуытпас ек. Жақсының аты жақсы да.
- Иә, ақылды екен. Құдайтағала көңілі түссе көлдей-ау, бар жақсылықты бір басына үйіп берген. Сымбат, көрік қандай. Тіпті бар ғой, тым құрмаса ана жұп- жұмыр аппақ білегін бізге бермеген,- деп Уәзипа көк тамыры білеуленген көсеудей білегін кең жеңінен шығарып, қорашсына қарады.
- Не керек, cepi ағам теңін тапты ғой. Қалай еркелетсе де тұрады. Киген киіміне дейін жарасып тұр, біздей кең етек сал бөксе емес.
- Оның рас. Бірақ, еркектің еркегіне де байланысты-ау. «Жібекті түте алмаған жүн қылады» деп кейбір еркектер алтын асықтай әйелдерін алмай жатып
жүн қылып жібермей ме. Сері ағам бөлек жаратылған жан ғой. Малым кетті деп мойып, қажыған ол жоқ. Қайта бұрынғыдан да құлпырып, Ұрқияны қатынындай емес, қарындасындай мәпелеп отырған жоқ па?!
- Иә, қызығын көрмеген малдан не пайда. Көбейген сайын көбейтем деп, қалтырап отырғанша, аз өмірінде сері ағам мен Ұрқиядай тату-тәтті қызық көргенге не жетсін. «Бөрі азығы мен ер азығы жолда» демекші, тату, қызық өмір кешкен адам аштан өліп, көштен қалмайды. Шіркін, Ұрқияштың не арманы бар екен?!
- Соны айт! Тек арманы баянды болғай. Сен естідің бе, осы, көре алмайтын күншілдер cepi ағамды тағы да өсекке таңып, шулап жүрген көрінеді ғой. Үйіне өңкей сұлу қыздарды жиып алып, хат жазысып айтысып, жастарды аздырып жүр дейді. «Әсіре қызыл тез оңады, әлі Ақан, көрерсің, Ұрқияның үстіне бірнеше әйел алады» дегенді шығарыпты.
- Е, әйел затының бағасын малмен өлшейтін тоң мойындар не демейді. Сері ағамның жанын қайдан ұқсын! - деп Қайныкеш қабағын шытты.- Басқа түгіл, кеше Мұхамбет те төсекте жатып бүйірімнен темірдей қолымен нұқып қалды. «Әй, сен қатын ана үйге барғыштап жүр дейді. Немене, жастығың есіңе түсіп жүр ме. Саған сауық не керек. Шуыңды шұбатпай, балаларыңды, шаруаңды бағып ал!
Бұзылғың келмесе, енді аяғыңды қия басушы болма!» деп теріс қарап жатып алды. Намыстан қорланып түні бойы ағыл-тегіл жыладым. Одан басқа не келеді қолдан. Мұхамбет аяп, тым құрмаса бір рет аймалар ма деп ем, сезген де жоқ. Түні бойы қорылдап, таң ата малға тұрып кетті.
- Иә, ой. Осы cepi ағамның жүріс-тұрысын тек жамандыққа бұратындары қалай? Сүйтіп жүріп, бар жерде соның өлеңін айтады өздері...
- Жап-жас Ұрқияның ақылына бұлардың тағы да бір көздері жетті. Асқа кеткен Ақандарға он шақты күн болған. Қасиетті ережеп айы өтіп, ауыз бекітер рамазан айы басталған. Екіндіге қарай екі күйме салдыртып келіп, серінің үйіне тоқтады. Ішінен Шыңғыстың, Жүсіптің, Нұралының, Майқақтың ерке қыздары, тағы бір әйелдер түсіп жатыр. Ақанның «Үш тоты» әні шыққалы ел осы өңірдегі бес-алты бойжеткен сұлу сылқымдарды үш тоты атап кеткен.
Мойындарындағы ақ торғындары желбіреп үйге кірген тотыларды көргенде Қайныкеш пен Уәзипа да солай қарай жөнелді.
Қыздармен ере келген ұзын бойлы қара әйелді көргенде қос қайын бике бірін-бірі шымшып алып, бойжеткендермен зорға амандасты. Күлкіге булығып отыр. Жарылардай боп, бір-бірінің құлағына сыбырлап, келіндерін байқаса да, байқамаған болып Ұрқия құрбылары әкелген тартуларын көре бастады.
Қолдарынан өнер тамған ісмер қыздардың әкелген сыйлары көз тартады: өңкей асыл тас, тана қадап, оқа жүргізген қуыршаққа кигізерліктей алақандай шапан, үлбіреген көйлек. Ылғи жас нәрестенің киімдері. Бүгін-ертең деп отырған
аяғы ауыр Ұрқияға тарту - ақ ниетті жақсы ырым. Жұдырығына кигізген жасыл шапанды айнала қарап Ұрқия күліп жіберді.
- Өздерің ырымшыл ғана емес, білгірсіңдер ғой. Мына екі иыққа қадаған есек тас, жылан бас, жауырынындағы түйе шудасы көз тимес үшін қадалған-ау. Әжем айтып отырушы еді,- деп, бір кезде лып еткізіп Жамалдың алдына тастай салды.- Тығыңдар, апам келе жатыр. Ұят-ай, көріп қалмасын.
- Е, ештеме етпейді. Балаға алдын ала киім дайындағанның не оғаштығы бар,- деп қара әйел, сәби киімдерін алдына жиып алып, жарыққа көтеріп көре бастады...
Кешкі ауыз ашарға дейін мәре-сәре болған қыздар Ұрқиядан серінің өлеңдері сақтаулы сандығын суырып алып, кешке дейін өлеңдерін көшіріп, бұрын қыздарға жазған ғашықтық хаттарын дауыстап оқып отырған. «Бәтима қызға», «Ақшабақ», «Шамшикамар», «Ақсаусақ», «Ғашық жарға», «Бибіғайша», «Ж...ға», «Зағипаға», «Базар қызға», «Жанатай қажының қызына» деген тәтті өлеңдерді қабағын шытына отырып, жақтырмай тыңдаған қара әйел бір кезде ернін сылп еткізіп, кекесінмен күлді:
- Осы менің таңым бар. Ұрқияш, шыныңды айтшы, Ақанның мына өлеңдерін естігенде қалай шыдайсың? Өңіңе қарасам, масайрап, шаттанып отырған адамның өңі. Әшейін бер жағың болар. Әйтпесе қызғанбаймын дейсің бе? Бұрын желіккен жастығында жазған өлеңдерін енді неменеге сақтап жүрсің, жыртып тастамайсың ба? Бұл түгілі жұрт «Үш тоты» деп мына қыздарға шығарған өлеңіне күліп, сенің мінезіңе қайран қалып жүр. Қалай басындырасың. Ұят-ай! Өзіміз болсақ...- деп ернін тағы да сылп еткізді.
Ұрқияның да, басқа қыздардың да беттері өрттей жанып мосқал әйелге үнсіз қарай беріп еді, Қайныкеш шыдай алмады:
- Жұрт не демейді. Онда тұрған не бар екен. Сіз, не, осында араға от сала келдіңіз бе?!
Ұрқия шамданған жоқ, беті шұңқырая күлді де, қасын керіп биязы жауап берді:
- Апай, мені аяғаныңызды түсіндім, рақмет! Бірақ серінің қамын неге ойламайсыз. Егер сері сұлу қызға, жақсы құрбыға ән шығарып, өлең айтпаса кім болар еді. Қолынан домбырасын, көмейінен әнін тартып алсам, менің де бұл үйге келуім бекер болған. Мен дүние жиған малшыға емес, жыр қуған әншіге тиген ем. Егер серінің бұрынғы өлеңін жыртып, ендігі өлеңін тыйсам, сері қуыс қурай біреу болып қалмай ма. Сіз бұл базынаңызды өз үйіңіздегі сері ағайға жасасаңыз етті.
Қайныкеш те, Уәзипа да қатарымен жарылды:
- Айтқандай, сіздің үйде де сері бар ғой.
- Әні жоқ, сәні жоқ неғылған сері.
- Сері емес, тыраш қой,-деп сөздеріне булығып, шек-сілесі қата күлгенде, қара әйел шыдай алмай үлкен үйге шығып кетті.
Екі әйелдің бағана кіре бере күлгендері де осы еді. Қара әйел бүкіл көкшеге әйгілі Ожан серінің жамағаты. Біржан, Ақан сияқты сал-серілерге «мен де олардан кем емеспін» деп еліктеп, әуре боп жүрген бір жан. Алдында мың қаралы малы бар Ожан неше түрлі әлеміш киімдерді киіп, ел аралайды. Барған жерінде аттан құлап, қашан үйге көтеріп кіргізгенше шалқасынан түсіп тырайып жатып алады екен. Үйге кіргендегі кәсібі де сол. Еліне аттанарда жұрт жабыла кілеммен көтеріп, қолтығынан демеп, атқа мінгізіп мазақ етеді. Жұрт мазағын шын көрген Ожан өзін cepi санап ертеден қара кешке бүлінеді де жүреді. Не елге, не өзіне тигізер мысқалдай пайдасы жоқ, досқа күлкі, дұшпанға таба пенде.
Ақанның бірде: «Кейбіреулер қыз алдым деп, қызғаныш алады, онысы асыл жар емес, масыл қар боп шығады» дегені есіне түскенде серісін сағынған Ұрқия:
- Қазір келем, қыздар,- деп қора ішіндегі шошалаға кетті.
Күн де етекке жақындап, ауыз ашар мезгіл таянып қалған. Жаңыл шешей Ұрқияның аяғы ауырлағаннан бері «келінімнің жүрегі айниды» деп қазан -ошақты үйден алыс ұстап, жаз шыққалы есік алдындағы жер ошақты қалың қарағай бауырынан қаздырған. Ауыз ашарға дәмді ас даярлап, алыста бүгежектеген енені көрген Қайныкеш пен Уәзипа да:
- Ой-бой, күн батып қалыпты-ау, әлгілер дігірікті сала келетін болды-ау,- десіп үйлеріне жүгірді.
Ұрқия Ақанмен отасқалы серісінен тұңғыш айырылысуы. Өзі лұқсатын беріп, қолқалап аттандырса да, аз күнде қатты сағынды. Есіне түсіп кетсе-ақ шошалаға жүгіретін әдет тауып алған. Онда екі бүркіт бар. Бірі томағалы Қараторғай. Екіншісі бала қыран. Биыл бауырынан сүті сорғалаған буаз қоянды атып алғалы Ұрқия ара-тұра түнде шошитынды шығарған. Бір күні түсіне тағы да қоян еніп, қос аяғы әлсіз тырбаңдаған қоян тыр жалаңаш әйелге айналып кетті. Құлағынан көтердім деп тұрғаны қос бұрымы екен. Қарны шермиген әйел, сүтті қан сорғалаған қос анарын қысып, сөйлеп қоя берді: «Әй, Ұрқия-ай, сен де ертең перзент күткен мендей ана емессің бе. Күнәсіз сәбилеріме жарық дүниені көпсінгенің неғылғаның!» дегенде Ұрқия шошып оянып, солқылдап тұрып жылаған. Түні бойы көжекше бүрісіп, ықылық атқан Ұрқияны бауырына қысып, аймалаған Ақан, көзінен, ашық иығынан, тұла бойынан сүйіп, уата алмаған. Келесі күні, «қардың басын қар алар, ханның басын хан алар» дегендей, аңның басын да аң алады, енді мылтық атпасаң, құс салуға үйретемін. Сонда қояныңды ұмытасың» деп, жақында екі балапан қыран алып келген. Біреуін келе қаптан алысымен ұшырып жіберді. Ұрқия:
- Одан да мынаны неге жібермедің, ананы алып қалу керек еді,- дегенде:
- Оның несіне қызықтың?- деп Ақан күлген.
- Мынаның көзі шағыр аттың көзіндей екен. Ананың көзі қап-қара мойылдай әдемі еді. Және мынадан үлкендеу, ірілеу.- Ақан одан бетер күлді:
- Оның көзі қара, сұлу болғаны - шата туған.
Ұрқия өрескелдеу қалжыңға өкпелеп бұртия қалып еді, Ақан күлкісін тыйып, қара көз кұс жайын шын түсіндірді.
- Рас айтам, Ұрқияш. Оның қара көз болуы - ұябасар бүркіт қарақұспен шағылысқан. Сол себепті мына шегір көздей ол өжет болмайды, жасық кұс. Сосын ірі болуы, ол да ұябасар. Есіңде болсын, қашанда адал құстың еркегі ірі келеді де, арам құстың ұрғашысы ірі болады.
Содан соң қанаты қатқан балапан бүркіттің балағына балдақ салып, шыжымдап, екі жақ басын қайысқа ілген әткеншек секілді жұмыр ағашқа қондырып, тербетіп қойған.
Мұны селкілдек дейді. Қашан қолдан тамақ жеп үйренгенше осылай тербетіп қажытады. Әбден қажығанда барып тамақ жейді. Тамағы ет. Мына істіктің басына қадап береді. Мен келгенше өзін бақыларсың. Кейін бұл сенің қыраның болады,- деп кеткен.
Ұрқия қараңғы шошалаға кіргенде томағалы Қараторғай бұрыштағы тұғырда мүлгіп, үнсіз отыр екен. Бала бүркіт жүнін үрпитіп, талпынып тамақ іздеп отыр. Ұрқия жалма-жан істіктің басына туралған етті қадап, Ақанша «кәл, кәл, алабас!» деп тұмсығына тақап еді. Шегір көзімен етке тесірейе қараған балапан бір кезде бас салып, бір-ақ қылғытты. Ұрқия тағы берді... Тағы берді. Өзі күндегісінше оңашада еркін сөйлесіп жүр.
- Алабас, Алабас. Сен Ақанды сағындың ба? Ә, айтпайсың ба? Мен сағындым. Бүгін ол кеткелі неше күн, білесің бе? Он бір күн... Өзің үндемейсің ғой. Қарның ашқан екен, ә! Биыл сені аңға үйретеміз. Сен менің қолымда боласың. Ақанның бүркіті Қараторғай... Түсіндің бе. Мә, же, же. Ақан келгенше тойынып ал. Ол келісімен сені баулиды. Тыныштық көрем деп ойлама. Қасқыр алатын қыран ғып шығарады. Қазір ет жеп ал. Әлі қоянды түсірерде тұзды киіз де жұтасың, асықпа. Ақан, Алла амандық берсе, жақында келеді. Мен де күн санап жүрмін...
Ұрқия балаша сөйлесіп шошалада ұзақ жүріп қалды. Бұл кезде күн де байыған еді. «Енді құрбылары есіне түсіп үйге ауыз ашарға бұрыла берген... Көзінің алды түк көрмей, басы шыр айналып кетті. Шыға берістегі ашадан қармана берген Ұрқия қалай бүктүсіп отыра кеткенін де білмей қалды. Мұнысы несі. Көзінің түбі суырып, басы шыңылдап барады. Қараңғы шошалада көп айналып қалғандікі болар... Жоқ, құлақ түбі дүңгірлеп, жермен бірге өзі де шыр көбелек айналып бара жатқандай. Әлде тамақ ішпегендікі ме. Мына ораза да Ұрқияның жүкті кезіне дәл келер ме. «Өзің аяғың ауыр, ауыз бекітем» деп әуре болма. Зорығып қаласың. Одан да тамақты жақсылап іш» деп кеткен Ақан. Жаңыл апасы да: «Қарғам, оразаның басында, ортасында, аяғында үш күннен ұстасаң
болады. Ережеп айында ырымын жасадың ғой. Сол да үлкен сауап» деген. Бірақ алты жасынан бері ауыз бекітуге үйренген қажы қызы бұрынғы әдетін тастамады. Алғашқы ауыз бекіткен күннен былай асқа зауқы соқпай, тәбеттен айырылған. Қазір аш өзекке түсіп кеткен-ау. Іші де бұрап барады. Мең-зең боп шөгіп қалған Ұрқия бүк түсіп, бүрісе берді. Орнынан тұруға мұрша жоқ. Әлден уақытта, ессіз талықсып, құлап түсті. Бұл - толғақтың басталғаны еді.
Жыландының бауыры абыр-сабыр. Қоңсы қонған көп ауылдың жастары лақабы жер жарып келе жатқан асыл қонағын қарсы алуға бір обаның басына жиналған. Үкісі бұлғақтаған қыз-қырқын, аттарын тайпалтып ерсілі-қарсылы жосылтып жүрген бозбалалар. Бәрі де әбігер. Бәрі де Ақан тобын күтуде. Алыстағы Қуандық жұртына - Аққошқар Сайдалының асына барған Ақан сері бүкіл қауымды аузына қаратып, әнімен де, сал-сері достарын ерткен сәнімен де жұрттың құмарын, елдің айызын қандырған. Апарған балуандары жығып мерейі өссе, Құлагері үш жүз аттың алдында қара үзіп келіп, алты алашты тағы да таң қалдырыпты.
Жыланды жері қарауыл жұртының ең қалың отырған тұсы. Атығай -қарауыл жайлаған өлкенің ашылар биік қақпасы. Астың хабары бұл араға күн құрғатпай жетіп жатқан. Кеше Ақандар осыдан бір түстік жердегі Ащылы жайлауына қоналқыға келді деген. Енді бұл ауылға соқпай өтпейді.
Күн етекке қарай еңкейе бастаған шақ еді. Тып-тынық далада Көкшетау жерінің о шеті мен бұ шеті. Айна көлге түскен жарқын сәуледей көрініп, ерекше құлпырады. Соңғы сағымға жүзіп, сол жақта Зеренді, Айыртау таулары, алыстан Бурабай мұнартады. Арт жақтан Имантау, көз ұшында сүйірленген Ақан тауы бұлдырайды. Бір кезде бар тау, бар алапқа үн біткендей жаңғырығып, ен даланы қуанышты үн кернеп кетті.
- Әне, шықты.
- Ақан сері келеді!
- Көрінді, көрінді!
Жап-жасыл Жыландының белесіне шыға келген қалың топқа қарай жұрт лап қойды. Қатар тізіліп, аттарын ентелеткен сал жігіттер өздерін күткен лек -лек жастарды көргенде шырқатып әнге салды. Кешкі ауаға шымырлай шыққан ширатылған ән аспанға шырқай көтеріліп, Жыландының көк баурайын әсем күйге бөлеп келеді. Ежелден еркін тіршілік пен соның қошаметшісі әнді жанындай сүйетін, дала бозторғайынан бастап көл патшасы аққу әніне дейін тұра қалып құлақ түретін қауым - дала гүліндей құлпырып, бар асылын киген жастар бір - біріне қуана ұмтылысты. Сыңғырлаған күлкі, биязы амандықтан бұратыла басып, тобылғыдай майысқан бойжеткендер сал -сері жігіттердің шылбырына оралып, енді бір тобы Ақан мен үкілі домбыраларын көкке бұлғап ән салған Бәтжан, Сұлтанмұраттарды ат үстінен кілемге түсіріп алып, ауыл шетіндегі көк шалғынға
тіккен үлкен боз үйлерге қарай шұбыра жөнелді. Аққошқар-Сайдалы елінен оралғалы серілерге қосылған үш аттылы тізгіндерін бұрып, Жыланды жұртының ақсақалы Қарауыл Қылышпай қарттың ауылына бет алды. Бұл - екі жігітің қасына ерткен алтайдың атақты байы Батыраш еді.
Талай аста үздік келіп жүрген Құлагердей дүлдүлді көргенде одан ұйқы қалған. Біреудің жылтыраған күміс шақшасын, сары ала қамшысын көрсе де қағып түспей көңілі көншімейтін Батыраш Көкшенің тұлпарына өлердей қызықты. Қызыққанын сұраудан жүзі жанбатын, оны не қалап, не қорқытып алғанша тыным да таппайтын ол Ақан серіге той артында қолқа салған. Бірақ сері маңына жуытпады. «Бір үйір жылқы берейін» деп шын қиылса да болмады. Ақыры серіге керегі қыз ғой деп, «бүкіл қуандықтан тараған алтай руының өзіне қарасты жиырма ауылынан таңдаған сұлуыңды қалыңдықсыз берейін» деп те салды. Cepi сонда да етегіне отырғызбады. Әйтсе де әншінің көзіндегі күлкіден дәмеленген Батыраш түп етектен айырылмай, қарауыл жеріне бірге аттанған. Шығарып сап, құрмет көрсетіп, тағы да қиылмақ.
Осы жолы араға қадірменді қарт Қылышпайды салмақ еді ниеті. Айтқанын бұл өлкенің ер-азаматы екі қылмайтынын, Қылышпайдың кедейлеу тұратын қолы қысқалығын еститін Батыраш оған біраз мал беріп, Ақанды июді ойлаған. Бірақ орта жолдан кері бұрылды. Қылышпай бөтен ауылға бата оқырға кетіпті.
Ақан жиырма бес жігітімен өздерін қарсы алған, арасында ақсақалдары бар жастармен ауыл шетіндегі көлшіктің жағасына барып, киімдерін қағынып - соғынып, жуынып, көгалда дем алуға жайғасқан. Ел жігіттері бір саба қымызды осы араға жеткізіп, Аққошқар-Сайдалы асы туралы әңгіме-дүкенді енді құра бастағанда, алыстан сәлемдесіп Батыраштар да келіп, аттан түсті.
Шылбырына оралған меймандос балаларға Батыраш тізгінін ұстатып:
- Жақын жерге тұсай тұрыңдар, ерімен аунап қояр ма екен,- деп қуанып айтып Ақанның қасына теңкие кеп отырды да, бір аяқ қымызды басына көтере сап, сөзге кірісті.
- Ал, Ақан, біз енді осы арадан тура елге қайтамыз. Асқа жиналған үш жүздің азаматынан өзіңнің мойның биік тұрған соң сақалды басыммен салпақтап, қошаметшің боп шығарып салдым. Арамызда айтылған оғда да бар еді. Қыңқылдаған балаша мазаңды алмайын дедім. Енді, міне, қарауылдың қара шетіне кірдік, серілігіңді көрсетер кезің келді. Оғада - құдай сөзі деген,- деп тағы да бір аяқ қымызды жөремелдете қолына алды.
Елдің көзі Батырашта. Сөйлеген сайын жалпақ бұжыр беті жыбыр етіп, оң көзін оқыс қысып қалып зілдене сөйлейтін сүреңсіз адамның жүзіне қарап отыр.
Ақан Батыраштың кішірек отты көзіне ұзақ тесіліп, үнсіз қалды. Батып бара жатқан күнге қарсы малдас құрған байдың бұжыр беті отқа ұстаған қаңылтыр кәкпірдің бетіндей. Әлден уақытта сері жеңіл мырс етті:
– Батеке, жасыңыз ғана үлкен емес, бір тайпа елдің бетке шығар тұздығысыз. Үлкен адам да жалған сөйлейді екен. Қашан уағыда беріп ем? Әлде құлағыңыздың қағыс еститін мүкісі бар ма?
Батыраш қолындағы ыдысын жерге қойып:
– Ойланайық дегенің қайда.
– Ә, ойлану мен уағданың арасы жер мен көктей емес пе. Мен сіз де ойлансын деп едім.
– Мен ойланатын не бар. Сен жә десең, неден болсын тартынарым жоқ, айтқаным айтқан, қуандық тұқымы екі сөйлеп көрген емес!
– Онда, мына отырған көпшілік естісін, не қалайсыз, естіртіп айтыңызшы,- деп Ақан жан-жағына қарады.
– Оның да болсын,- деп сараң езу тартқан Батыраш қозғалақтап алып сөзін жалғады.– Атадан балаға мирас боп келе жатқан қасиетті дәстүріміз бар. Ер азамат бір-біріне қолқа салады, ұнағаны болса қалап алады. Қартая бастаған шағымда мен де көңілім ауған соң інімнің атын қалап алсам ба деп едім. Талай жыл қызығын көрдің, енді Құлагеріңді маған қисаң...
Жұрт шу ете түсті:
– Не дейді?!
– Құлагерді ме?
– Мына кісі не айтып отыр?!
– Мен сұрасам сендерден емес, қолы ашық серіден сұрап отырмын,- деп Батыраш шулағандарға жақтырмай қарады. – Және алмақтың да салмағы бар, Құлагердің қармыжысы да олқы емес.
– Батеке,- деді Ақан.– Ел шетіне дейін үлкен басыңызды кішірейтіп шығарып салғаныңызға рақмет! Алла риза болсын! Cepi деген ат халқым, жұртым берген ат, ол асқа тастар көпшік емес. Менің ашық қолдығымды Құлагерді алып, қанатымнан қайырып, сынамай-ақ қойыңыз.
– Серінің атына емес, мынау атағына ауыз салу ғой,- деп қалды бір жігіт.
– Атағыңа, атағыңа!- деп Батыраш ол жігітке сүзеген малдай шүйліге қарап, шытынай қалды.– Ақанның атағын ойласаңдар, оу, бүкіл қарауыл, күні кеше еліңнен бір сұлуды бұйыртпай, бәрің де серіні осырған сиырдай қылғандарыңды ұмыттыңдар ма? Енді қималарың қыши қалған екен. Арашашыл болсаңдар Ақтоқты кезінде қайда қалдыңдар. Мен Құлагерді сұрасам, төлеміне өзіме қараған жиырма ауыл алтайдың ішінен таңдаған қызын әперем. Серіге лайық сыйым ол. Қай қарауылдың қолынан келіпті. Қаласа, бір үйір жылқыны жасауымен қоса берем!
– Кеш қалдыңыз, Батеке!
- Білем, Ақан, дау-дамаймен жүріп әкеңнің жиғанын төгіп, Тінәлі қызын алғаныңды да білем,- деп Батыраш жұмсара сөйледі.- Бірақ ер жігітке әйел көптік етуші ме еді! Және қалыңсыз қатын болса...
- Егер мен таңдаған қыздың айттырылған жері болса қайтпекпіз, Батеке?
- Мың жерден айттырылып қойсын, әкесінің аузын ұрып, жұлып әпермеймін бе? Кім менің қолымды қағады, көсе-көлденең тұрып көрсін, қара суын теріс ағызайын!- деп Батыраштың отты көзі кеңи түсті.
- Әкесінің аузын ұрып алған қыз маған қатын болса болар, бірақ жар болмас.
- Әй, Ақан-ай, шырағым, жар-мар деген қайдан шыққан. Қыз алғанша жар, алған соң бәрінің аты қатын емес пе,- деп бай ырқ етіп күліп жіберді.- Бір кезде жүз теңге ақша мен бір құлынды биеге алған атыңды тым бұлдай берме. Далада жатқан қыз жоқ.
- Саудаласып отырған мен де жоқ.
- Әкең Қорамса дүкен саудасымен байып еді бір кезде, саған жұқпаған екен, сауданың құнын тақырға отырғанда ғана біледі бұл жұрт.
- Жәрәйді, Батеке!- Ақан төмен қарап біраз ойланып қалды. Жұрттың көзі серіде. «Апырмай, сері бір ру елдің сұлуына қызығып, шынымен құлайын дегені ме? Құлагерін құрбан етпек пе?» десіп, іштей қобалжып отыр. Әлден уақытта барып Ақанның отты көзі жарқ етіп, томағасын ағытқан қырандай басын көтеріп алды.- Батеке, ойнасақ та біраз жерге шаптық-ау деймін. Енді мені тыңдаңыз... Егер тілек біріктіріп, көңіл қосып, алтай ішінен бір қыздарыңды алып кетсем алдымен атой салып, соңыма түсіп жолбарысша жұлынып, екі иығыңды жұлып жеп өзің жетер ең. «Исі алтайға таңба салды, сағымды сындырып, барымды баса - көктеп, шаңырағымды ортасына түсірді» деп шоқпарыңды қалың қарауылға қарай көзсіз сілтер ең. Екі елді арасын шаңдатып, шамаң жетсе шімірікпестен жайлауын өрт, қонысын құл етер ең. Ал өз есебіңе келгенде, біреудің бүлдіршіндей қызын бір мәстекке айырбастап құрбан етіп, алшаңдай басып, қарық болып, қарқылдап күлмексің.
Ақан ашынғанда сіз деп отырып жұмсақ бауыздамай, сен деп мірдің оғындай ататын мінезіне басты.
Батыраштың өңі күреңітіп, қабарып кетті. Күн батып барады. Алаулаған беттің қызылы батқан күнмен бірге сөніп, күн ұясына кіргенде қара бұжыр бет оттан алып тастаған майысқан ескі кәкпірдей қара қошқылдана қалды.
- Қалың қуандық, «сенің атың тұра тұрсын, менің атым жүре тұрсын» деп елге көрсеткен жуандықтарыңды қашан қоясыңдар. Біреудің қолына құс қонса, қызыл көрген құзғындай жиналып, қашан шоқығанша шыр айналасыңдар. Сен мінер дүлдүлді мен неге мінбеймін. Сенің тақымың алтын да, жұрттың тақымы бақыр ма екен. Елдің салты дейсің. Өз пайдаңа келгенде ата салтын салт дейсің,
егер ол салттан зиян шегер болсаң, салтыңды да, ата жолын қуар нарқыңды да ант ұрады. Біреуден сұрағанда да, бермеске келгенде де қиянатшыл бетің бүлк етпейді. Зорлықшыл, зұлымдықтан басқа ой дарымаған сендердей қаңылтыр бет қарауылда да көп, бар ауылда да көп. Талай көріп, талай кезіккен безерген беттерден безер күнім болса да, құтылар күнім болмағаны ғой. Қонағым боп келсең, қол қусырып қарсы алар ем, бар қызығымды тонағың кеп ерген екенсің соңымнан, енді көп тақымдай берме, хош бол! Аяусыз болсаң аянба. Ел жуаны, ендігі жерде зорлығыңа көнсем де, қорлығыңа көне алман! Азабыңды тартсам да мазағыңды тарта алман!
Кешкі тынық ауада Ақанның даусы қия таста отырған қыранның үніндей саңқылдады. Батырашқа шақырған ашуын бар қиянатшыл шонжарға арнап, ел аузынан ертең жетер өз жұртындағы Нұртазалардың да құлағына саңқылдағандай болды...
Орындарынан ширақ тұрып, тұсаулы аттарына қонған Батыраштар лекітіп келіп, отырған иынның тұсына жете бере тізгіндерін шірей тартты.
- Әй, Ақан,- деді Батыраш,- еліңе дейін әкелгендегі берер сыйың осы екен ғой. Батыраш Батыраш болғалы таудан, тастан қайтпаған бетімді қайтардың. Аға боп созған, ел боп ұсынған қолымды қақтың. Жалғыз маған емес, киелі ата қуандыққа тіл тигіздің. Өз жеріңде де орақ орған осы тіліңнен тартып жүрсің. Әлі сазайыңды одан көбірек тартасың. Әттең не керек!.. Көлбеңдеп өткен қыз болса, көзіңді салмай, бір ауыз өлең айтып қырындамай кетпеуші ең. Әйелге жарыған күнің жоқ еді. Бүгінде жетілген екенсің. Бір тышқақ атыңды әйел затына айырбастамаймын деп шатылдың. Күпіршілік ұзаққа кетпес, бір зауалын тартарсың! Алтайдың аруағы ұрсын!
Ызаға булыққан Батыраш атын тебініп қалып шоқыта жөнелді. Жыланша ирелеңдей жортқан үш аттылы Жыландының бауырын бүркеген іңір қараңғысына лезде сіңіп, көзден ғайып болды...