Меню Закрыть

Ақан сері — Сәкен Жүнісов

Название:Ақан сері
Автор:Сәкен Жүнісов
Жанр:Роман
Издательство:Жазушы
Год:2002
ISBN:5-605-01808-6
Язык книги:Казахский
Скачать:
VK
Facebook
Telegram
WhatsApp
OK
Twitter

Перейти на страницу:

Страница - 5


Енді біраз жүрген соң тағы бір қарайған көрінді. Құшақтасып тұрған екеу. Қадиша қуанып кетті. Әйтсе де қуанышынан гөрі бағанадан қызылмай боп іздеген ашуы басымдау боп, анадайдан сөйлеп келеді:

  • Дүниенің қызығын сендер көріңдер, мен байғұсқа түсер сонда не пайда. Тіпті өздерің құлақтарыңды бітеп алғансыңдар ғой,- деп ыза аралас ашық қалжыңмен жақындай бергенде, әлгі қарайған қатты пысқырып қалды.

Қадиша енді шын қорқайын деді. Ел жаққа қараса, тым ұзап кеткен. Ауыл оттарының өзі көмескі сығыраяды. Алтыбақан басындағы жастардың үні де естілмейді. Аспанда жұлдыз жиі көңілді болғанмен, дала үңірейген қап-қара, үрейлі. Ескі ай жұқара тозып, жаңа ай әлі туа қоймаған - өліара. Қадиша біраз уақыт алқынып басып, жайылып жүрген жалғыз атты ес көріп, тың тыңдап ұзақ отырды. Қыратты жерді шарлап жүріп өзектің шет жағына қиыстап түскен екен — бұл ара қалың көк орай.

Бір жамбастай отырған Қадишаның жадау көңілі әлденеге босап, жабырқай берді. Есіне алыста Үлкен Қараой жақта жатқан елі, төркін жұрты түсті. Ол жақта да қазір тыныш өмір, бейғам тіршілік. Онда да жастар. Олар да қазір екі жағын тал көмкерген жіңішке сұлу өзен бойындағы жайылымдарға, жайлауға шыққан шығар. Онда да алтыбақан, онда да ойын-той. Үйелмелі-сүйелмелі қызыл қарын жас балалары көп момын шаруа - Қадишаның ата-анасы қазір не күйде.

Ана жылы осы былтырғыдай қыс қатты болып, аязды ғана емес, қалың оппа бар ағашты өлке Айыртау, Сырымбет жағын көміп тастады да, жылқы қарға омбылап, малтығып, өз тұяғымен теуіп оттай алмай, титықтай бастаған соң, қайсыбір байлар қарауылдың төрт руы - атқы, жауар, мөнтік, сары жайлаған осы өлкенің, сонау Текеге дейінгі жақын-жұрағаттарын, құдандалы жамағайындарын сағалап, тоғай-бұтасыз адырлы кең жазық далаға малдарын төккен. Ол жылы Қараойдың қары жұқа, қамысты аралына түскендердің ішінде Бақтыбайлардың да жылқылары келді. Жылқышыларды бастап келген Тастан. Со жылы Қадишаның әкесіне Тастанның құты түсіп, қарамағына жылқышылыққа алып, ауыздарынан ақ май ағызды. Ақыры, жер аяғы кеңи келе, қыстан арық шыққан жылқыларынан қалың мал беріп, ағайындарының малымен қоса балалардың ең тұңғышы Қадишаны да ала кетті. Он жетіге жаңа келген қыз, өзімен ойнап-күліп жүретін құрбы-құрдастарымен де қоштаса алмай, бір түнде жат елге бодан боп, аттанып кете барған. Содан бері шаруасы мешел ата-ана төрт-бес күншілік жердегі қызына келген жоқ. Не Тастан барған жоқ, не арада құдалық ырымдары жасалмады. Екі

жақ та бірін-бірі ұмытқан сияқты. Қадишаны аларда өзінің тең құрбысындай әкесінің алдында сызылып, күйеу қалпын сақтап оғаш мінез көрсетпеуге тырысып, жалпақтап, асты-үстіне түскен Тастан енді оның атын ауызға алуға намыстанады. Екі сөзінің бірінде «көрер ем ана күнін көре алмай, битін сығып, қанын жалап отырған үйінде отырсаң. Мол байлыққа күп етіп түсе қалған соң шалқақтайсың ғой!» деп бәйбіше тарпа бас салып, кедейлігін бетіне басса, Тастан оған ара түсіп бір ауыз сөз айтпайды. Қайта Қадишаға бәйбішеден бетер түнере түсіп, «өтірік пе, тәубеңді ұмытайын деген екенсің, жалшының қызы» деп көзіне зекиді. Елін, жұртын сағынып, туған бауырларын, әке-шешесін көргісі келген Қадиша бір жолы бала құсап қыңқылдап еді, Тастан беттен алды: «Сені іздеп отырған шығар олар. Керек етсе, бір рет болса да ат ізін салар еді ғой. Ана шұбырған балаларын асырай алмай, миқата боп жүрген байғұсты сағынып, соған да шынымен ішің елжірей ме? Барарым жоқ. Ал сен барам десең, осы үйден біржола кет!»

Жас келіншектің қазіргі күйі мына саяқ жүрген жылқының халіндей. Бақтыбай жұртында ең жақын тартып сыр ашысатыны, өзімен құрбы сияқты ойнап күлетін Ақтоқты ғана. Араларындағы айырмашылық та үш-төрт жас. Енді осы Ақтоқты кетсе, Қадишаның күні не болмақ. Он екіде бір гүлі ашылмай келген қыз, тұңғыш рет шын еміреніп жақсы көру дегеннің не екенін Ақаннан біліп еді. Ол үшін әшейінгі бозбалашылықтың әуеніндей көрінгенмен, Қадишаға сол келіп - кетіп тұрғанының өзі бір ұмытылмас қуанышты сәттер еді.

Жүнді балақ Тастанды қанша жақтырмай, қараңғы қапаста, уайымда жүргенмен, Ақанмен кездескелі дүниенің бір жарық сәулелі алтын есігі алаулана ашылып, сол саңылаудан бар әлемді тегіс көргендей тіршілігіне шуақ түсіп, жадыраған Қадиша енді қайтадан тұңғиыққа батып бара жатқандай сезінеді. Бірақ оған Ақанды да, Ақтоқтыны да кіналаудан аулақ. Ақан тұңғыш рет бал-шырынды ұмытылмас түнді бірге өткізгенде де, қыз бен жігіт арасында болар құрғақ уағданы айтып, үміттендіріп, жалған жұбатып, имексіткен жоқ. Екеуі де бір-біріне ауадай қажет адамдар екенін айтпай-ақ түсінді. Ұрланып келіп, тәтті мерзім, қызықты, қуанышты сәттерді бірге өткізу екеуіне де жеткілікті еді. Енді сол сәт, махаббат билігі жанындай жақсы көретін қайын сіңлісінің қолына ауды. Әрине, Ақтоқты жеңгесі мен Ақан арасындағы жақындықтан бейхабар. Ол кезде түк түсінбейтін сәби еді. Жаңа қылтиып көрінген қайыңның бір тал сабағындай еді. Енді бала қайыңдай толып, бойлап жетіліп, тамырлана да, жапырағына да күннің жылуын мол тілей бастаған өсімтал шағы. Өсе берсін, өне берсін. Ақтоқтыдай адал құрбыға Қадишаның тілері шын бақыт қана. Әттең көз алдынан кететіні ғана Қадишаның жанына батады. Ертең Ақтоқты ұзатылып кетсе, ол да бұл жаққа жоламайды. Сонда жұртта, көң-қоқырдың арасында елеусіз жатқан кәрлен кесенің сынығындай Қадиша жалғыз қалмақ. Тым құрмаса ермек қылар, басқа тіршілік күйбеңін ұмытарлық бойына нәресте де бітпей қойды. Екі жылдың ішінде ауыл арасында «бедеу» деген атқа ие болса, былтырдан бәрі жұп-жұмыр болып тола бастағаны да оны уайымға салды. Еріккен көлденең жұрт оны да сөз қылып өсекке таңды.

Ат тағы пысқырынды. Ол да Қадишаны елемей, жалғыз қалдырып, ұзап кеткен екен. Он жақ бүйірден бөдене «бытпылдық, бытпылдық» деп түннің ауған бір мезгілін хабарлағандай тықылдады да, ол да жым болды.

Қалың ойдан лезде айығып, бойы тез сергіген Қадиша орнынан ұшып тұрды. Есіне ұрын келген күйеу, жоғалған қыз жайлы қайта түсті. «Апырмай бұлай болмаса игі еді ғой. Әлде мен бұрыс кеттім бе» деп елге қарай жүгіре басқан Қадишаның көңіліне мына тастай қараңғы түнде қорқыныш пен күдік қатар енді.

* * *

Бақтыбай намаздыгер кезінде ақ үйінен талтаңдай басып шыққан. Өрістен қайтқан малдарына, желі басындағы биенің соңғы иіндісін сауып, құлындарын қосақтап, түнгі отқа ағытып жатқан малайларына ұзақ қарап тұрды да, көлдің басына барды. Қамысты көлдің бұл арасы алаңқы, ашықтау. Аз күнде көп мал су ішкендіктен, бір қарыс болса да кейін шегінген көлдің жағасы шұрқ-шұрқ. Жылқының жалпақ тұяқтары мен қойдың айырбақай жіңішке, өткір аша тұяқтары батқан. Қорысқа айналған батпақты судан мал қиының күлімсі иісі шығады.

  • Жарықтық малдың иісі-ай, кеңсірігіңді жарып, көкірегіңді ашып жібереді- ау,- деп, үстінде қорасаннан қалған дағы бар, борықтай домаланған мұрнын көтеріп, әлгі иістерді Бақтыбай біраз уақытқа дейін мейірлене тартып тұрды да, көлдің жарқабақтау тұсына келіп, мал баспаған көгалға иығындағы жайнамазын жайды.
  • Ал, енді дөденді қараңдар,- деп екі құлағын ұстап, батысқа қарап намаз оқи бастады.

Бес уақыт намазын қаза қылмайтын Бақтыбай әр уақытта неше бас барын әлі күнге білмейді. Әйтеуір «Аллаһакпар, аллаһакпар» деп бастап, шала жаттаған «пайғамбар сөзін» бірнеше қайталап құдайына сиына береді. «Шолақ қайырмаса болды. Қазақ оқығаннан күнә болмауға тиіс» деп ұғады.

Ол бүгін күндегіден ұзақ оқыды. Қас қарайып, аспанда жұлдыздар бадырайып көріне бастағанда жайнамазын жиып, молда шоқынып отырды да, көлге қарап жымыңдай берді.

  • О, Бақтыбай, Бақтыбай,- деді оңаша отырған өзіне-өзі.- Сені ғой қазір алты алаштың азаматы түгел біледі. Сүтемгенмен құда болды дегенді сонау алтай- қарпық мына жағы Түменнің керейлері, он жақтағы қыпшақтар, сол жақтағы қоңырат, маңдайдағы қаржас, шекедегі қанжығалы, жалпақ жатқан қуандық шалқып жатқан сүйіндік, бегендік, шегендік, ту-ту айдабол, бәсентиын, тобықты, мына тұрған қарауыл, ана тұрған атығай - естімеген ел қалмады. Мына көлдің қамысын тыңдашы өзің, қамыс екеш қамысқа дейін не деп сыбырлайды. Ә, тыңдашы деймін, тыңдашы. Ә, бәлем, жаңа түсіндің бе, түсінерсің әлі. «Бақтыбайға бақ қонды, бақ қонды» деп сыбырлайды. Ал, жұлдыз не деп жымыңдайды. Қатын үйде күлімдейді, жұрт сыртта күбірлейді, жау күндейді. Ә,

солай ма екен. Бақаң қай шешеніңнен кем. Бақаңның тілі де шықты, үні де шықты. Тұра тұр әлі, бәрі де шығады. Өй, Бақаң, жаса. Бақа. Ө-өй!

Бақтыбай жападан-жалғыз өзімен-өзі болып айғайлап жіберіп, өз даусынан өзі шошынғандай тыйыла қалды:

─ Бақа, сап, сап! Сен сабырлы едің ғой. Ертең Сүтемгендермен төрдің нақ төбесінде тізе қағыстыра отырғанда жеңілтектік жасауға болмайды. Жұрт сынай қарайды.- Енді сен сасыған надан бай емессің, шалқыған байсың. Е-һе,- деп, Бақтыбай өз санын өзі бұрап алып, ішек-сілесі қата күлді.

Қуаныштан не істерін білмей болдырғанша сөйлеп, үйге қайтқан Бақтыбай киіз үйдің төріне тағы ұзақ отырып жасиғы оқыды. Намазын аяқтаған соң шаруамен жүрген кемпіріне де бұрылып қарамай, тізерлеген күйі отыра берді. Жаңа жайлауға келген соң, Дәмелі ақ зонттан кең көйлек, дамбал тігіп кигізген. Жерге тиген қолқылдаған шапандай мол көйлектің етегін басып-басып қойып ойға кетті. Тағы сөйлейін деп еді, кемпірінен қаймықты. Екі тізесінің арасындағы күйектей кең ауын шұқылап, жынды адамша жымың-жымың етіп отырды да, көйлегінің астына қолын жүгіртіп, дамбалының бауын шығарды. Кең шалып байлаған салақтаған добалдай баудың ызындысына бұрынғы әдетімен ұзақ тесіле қарап, бір кезде белін қиып бара жатқандай болған соң тартып қалды. Бауы босаған белдігі кең дамбал қап құсап майлы мықынынан түсіп кетті. Толқында тербелген ақ шағаладай осы отырысы өзіне қатты ұнап, кеудесін, иығын сипап орнынан тапжылмады.

Әлден уақытты оның есіне Ақтоқтыға келген қалың мал түсті. Өз малынан гөрі бір күнде ауыл қотанына толып кеткен балаулы қырық жеті Бақтыбайға көктен жаудырған құдай тағаланың құтындай көрінген. Енді ол сол малдың он жылда қанша болатынын ойша есептеп еді, ерні жыбырлап, саусақтарын бүгіп санағанмен шатаса берді. Сосын балаулы дейтін құлын, торпақтарын алып тастап, қырық жетінің өзін жеке есептеді. Бәрін ұрғашы мал санатына қосты. Сонда да есебін шығара алмады.

  • Әй, Дәмелі,- деді бір кезде, салқын қымызды үлкен шараға сүзіп отырған әйеліне.- Қырыққа қырықты қосқанда қанша болады осы?
  • Е, оның не керегі бар, намазың қаза болды ғой, жарықтық-ау, сөйлемесеңші.
  • Намазды оқып болғам,- деді бұрылмастан.
  • Сексен болады, соны да шығара алмай отырсың ба?!
  • Оған жетіні қосқанда ше?
  • Сексен жеті болады да.
  • Оған жетіні қосқанда?
  • Сексен жеті демедім бе.
  • Жо-жоқ, тағы жетіні қос.
  • Тағы жеті,- деп Дәмелі де саусағымен есептеп, тез шығарды,- тоқсан төрт.
  • Тоқсан төртке тоқсан төртті қосқанда ше?
  • Өй, қожанасыр сол, басқа ермек табылмады ма? Қойшы әрман, сен құсап ерігіп отырғам жоқ.
  • Жәрәйді, батыреке, ендігісін өзім де шығарам,- деп Бақтыбай жыбырлап, тағы санай бастады. «Пой-пой, не деген көп мал. Ақтоқтының қалыңы екі-үш жылда-ақ мыңғырып түрегеледі екен-ау. Қыз құт деген ып-ырас. Тоқсан төрт, тоқсан төрт. Оған тоқсан төртті қосқанда...» Бақтыбай намаз оқыған адамша аузы жыбырлап, күбірлеп отыр.

Осы кезде үйге асығыс кіріп келген Тастан қара мұрты жыбырлап жан - жағына қарады да, бозарып кетті. Дін жолынан қатты қорқатын ол ағасының намазын бұзбайын деп, Дәмелі жеңгесіне сыбырлап сөйледі:

  • Ақтоқты қайда?
  • Немене, тағы бірдеме боп қалды ма, жүрген шығар алтыбақан жақта,- деп Дәмелі Тастанның үрейлі өңіне мән бермеді. Қадишаны зәбірлеп, ренжіткенде ылғи Ақтоқтыны іздеп келетін әдеті. Бірге өскен құрбыдай Ақтоқты жеңгесінің көңілін тауып, ойнап-күліп уататын. Тастанның да сыбағасын беретін. -Ол, енді Қадишаға ұрысса, бармаймын. Жетер енді,- деп ашуланып жүрген, барар деймісің.

Бақтыбай үнсіз, өз ойымен отыр.

— Ойбай-ау, жеңеше-ау, кейін айтам деп ем, бағана іңірде күйеу бала ұрын келген, біздің үйде,- дегенде, Бақтыбай құлағы елең етіп, қуанғанынан ұшып кете жаздап, әрең шыдады. «Қой, сабырлық етейін» деп жымыңдап, тыңдай берді.

─ Е, онда Ақтоқты қайда кетті дейсің, жүрген шығар, оны іздеп қайтесің, жеңгесі бар емес пе? Сен осында отыр, жастар өздері еркін ойнап-күлсін,- деген Дәмелінің аузын қаққан Тастанның даусы қатқылдау шықты:

─ Қадишаны жібергелі не заман. Қадиша да, Ақтоқты да жер жұтқандай жоқ. Іздемеген жеріміз шамалы. Менің жүрегім бірдеңе сезетін сияқты. Бетін аулақ қылсын. Бағана жастардың арасында аш қасқырша тіміскілеп Ақан жүр деген. Ол да жоқ...- дей бергенде көзі ақия бастаған Бақтыбай баж етіп, атып тұрды.

— Ойбай, құрыдық, ойбай, аттан!- деп есікке қарай айғай-сүрең сала жүгіргенде, аяғына сыпырылып түскен дамбалына сүрініп, қайта тұрды.

— Тұра тұр, даурықпай, жұрт естімесін,- деп кеудесінен итерген Тастанға болар емес. Домаланып есікке қарай, алыса ұмтылған Бақтыбай, аяғына оралғы болған дамбалын да бақайымен бір серпіп, лақтырып жіберді.

— Аттан, аттан! Ойбой, ат-та-ан!

Тастан ағасының аузын басып, Дәмелі байының етегінен тартып жүр. Бақтыбайдың есі шығып кеткен, жөпшендіге көнер емес.

— Ойбай, аттан! Жау шапты, аттан!

Жазғы түндегі дауыс қандай ащы. Жұқа үйдің шаңырағынан көтерілген үрейлі дауысқа елеңдеп, жер ошақ маңында сүт қайнатып, қой сауып жүрген әйелдер «не боп қалдылап» Бақтыбайдың үйіне қарай ұшты.

Үйге алдымен кірген жас келіншек, әуелі дым түсіне алмай бедірейіп тұрды да, бетін басып, ата жөнелді. Тастан ағасының қолтығынан сүйреп төсекке қарай дырылдата әкетіп бара жатқанда тыр жалаңаш май құйрығын көрген кемпірлер «бетім-ау, байекеңе не болған абұйырын ашып» деп еріндерін сылп -сылп еткізді.

Бетінде жапқан көрпенің астында тыпырлап:-аттан, аттан, Ақтоқты, Ақтоқты,құрыдық,құрыдық,-деп тұншыға барып, Бақтыбайдың үні өшті.

***

Ақан мен Ақтоқты түнеугүні шоқ ағаштың бауырында бірге болғалы, бір - біріне үйренісіп, сағынысып көріскен жақын ағайынды адамдардай, бірге өскен құрбылардың мінезімен шүйіркелесе кетті.

Әдеттегі амандық сұрасу, хал-жай білісуден соң, Ақтоқты ақындық жайына көшкен:

  • Ақан аға, бізге деген тағы қандай жаңа өлеңдеріңіз бар. Ел жастары бұл күнде Қоскөл жаққа елеңдеп, жаңа әнге құлақ түретін болыпты. Бұрын сіздің ауыл жақтан Сарыкөлдің қамысының сыбдырын, Қараталдың шуылын ғана естісек, енді тамаша ән самалы есетін сияқты.

Ауыл арасында көп ұшырайтын іліп -шалма тілімен қалжыңдасатын қыздардай емес, Ақтоқтымен сөйлесу Ақанға жеңіл, әрі көңілді. Сөз арасына кейде тұрпайы, ұшқары сөздерді де жиі араластырып, қисынды -қисынсыз жерінде де мақал-мәтелдеп, қызыл тілін орынды-орынсыз безей беретін кейбір келіншектерден ығыр ақын сөзінің тігісін жатқыза, барынша мәнерлеп, орынды сөйлеуге талпынатын Ақтоқтыны қызыға тыңдайды. Жас та болса түйсігі мол, жаны нәзік қыздың салған жерден сұрағаны да өлең, өнер. Қазақ жұртында есендік-саулық сұрасудың түрі қисапсыз мол болғанмен, тап ән -күй, ақын көңілінен көкала үйректей ұшқан өлең жайын көп адам сұрай бермейді. Ақтоқтының мұнысы өз құрбыларынан ерекше, зерделі екенін көрсетсе, ақынға жан-сезімімен де үйлесетін жақындықты білдіреді.

Ақан кейінгі кезде шығарған төрт-бес өлеңін әуелі сөзімен, Ақтоқты қолқалаған соң, баяу ыңылдап әнімен айтып берді.

Ауылдан алысқа ұзап, еркін күліп, ара-тұра дабырлай сөйлескен екеу, түн тыныштығын бұзып, ұрланып табысқан қыз бен жігіт екенін де ұмытып кеткендей.

Түннің бір уағында Ақан:

─ Көңілімде сайраған, домбыра пернесіне түспеген тағы біраз әндерім бар, бәрі өзіңе арналған, қалқам,- деп әңгіме бетін бұрды.

Осы кезде ғана үйі есіне түскен Ақтоқты үрейленіп:

─ Ақан аға, қыз жолы жіңішке екенін білесіз ғой, бұрынғы еркекшора кез емес, осы күні аңдушының торына түскен қамаудағы құстай күйіміз бар, енді лұқсат болса, мен кетейін,- деді.

Бозбалалық құрып жүрген кездерінде, қыз атаулыны өзіне тез бейімдеп, қаршығадай іліп түсетін Ақан Ақтоқты алдында ондай оғаш мінездерінен тосылып, ыңғайсыздана береді.

— Ақтоқты, айналайын, асықпашы, барасың ғой, біраз жүре тұрайықшы,- деп қиылғаннан бөтен сөз таба алмады.

  • Сізбен жер шетіне дейін жүре беруге жалықпас ем, бірақ...- деп Ақтоқты да көмейіне тірелген сөзін айта алмай бөгеліп қалды.

─ Иә, иә, сөзіңді аяқташы, қалқам, тосылмашы, аз көріссек те көп біліскен екеуіміздің арамызда жасырын сыр болмаса екен, айтшы, жасырмашы.

— Қорқамын, Ақан аға,- деді Ақтоқты жүрексініп, даусы дірілдеп.

— Неден қорқасың? Айтшы, түсінбедім ғой. Неге қорқасың?..

─ Күн өткен сайын, ұзақ зарығып, қыбын тауып кездескен сайын мүлдем сізге бауыр басып, үйреніп барамын. Әуелде аға деудің де, Ақан деудің де есебін таба алмай күбіжіктеп, аузыма лайықты ат түспеуші еді. Енді түн баласына көз ілмей жатып, іштей айта беретін, қайталап жаттай беретін сөзім де басқа. «Яман ұйғы, яман ұйғы» деп махаббат дұғасын үш қайтарғанда, сіздің атыңызды неше рет іштей айтатынымды өзім де білмеймін. Енді іштей емес, сол бір демеу болатын сөзді сырттай да айтып, тек өзіңізге ғана сыбырлап жеткізгенше асық бола бердім, Ақан аға, серім,- деп Ақтоқты соңғы сөзін жаздың майда, жылы желінен де қызғанғандай сыбырлап, тұңғыш рет ауыздан шыққан лебізден ұялып, ақша маңдайын Ақанның төсіне басты.- Қыз бала әу баста жат жұртқа жаратылғандықтан ба, әйтеуір ерте есейіп, өзінен мүшел жас үлкен адаммен теңесіп, ересек тарта қалатынына қайранмын. Қазір сіз екеуіміздің арамызда шек жоқ сияқты, қайта мен өзімді үлкен санайтын секілдімін.- Ақтоқты басын сүйеген қалпы күліп жіберді.

  • Мен де таңмын, күлкіңнен айналдым!- деп Ақан да оның қолаң шашынан еркелете сипап, балаша ағынан жарылды.- Жас болса бұрынғы жиырма бес емес... қалған ғұмырды ел аралап, ат үстінде жүріп «ахахаумен» өткізетін шығармын,

бозбалалық етсем де, шын сүйерлік жүрек жоқ шығар, жүрдек те, тілек те шау тартып есейіп кеткен шығар деуші едім. Сені көргелі бір тіршілік қасиетін жаңа ұққандаймын. Сен мені ұяң, балаң жастығыма қайта шегердің. Мендегі жастық жүрек ырқынан айрылған шығар, кісенделген болар деуші ем. Енді, міне, сол жүректің тізгінінен енді өзім айырылып қалғандаймын.

Ақан Ақтоқтының жұмыр иығынан құшақтап тұрып, қара түнде ештеме көріп жасқанбаса да, өз-өзінен қымсынғандай, өз сөзінен өзі қысылғандай, екі көзін жұмып, терең тұңғиық сезіммен айтты. Өз сөзін өзі ести алған жоқ, тек жүрек дүрсілі ғана тым-тырыс даланы жалғыз кезген ат тұяғының дүрсіліндей асығыс соғып тұрды.

Мұндай жас жандар мерзіммен санаса ма! Жаздың сүт пісірім қысқа таңы жақындаса да, өздерінің қайда екенін ұмытып, үнсіз, ұзақ тұрып қалды. Әлден уақытта барып, көп, бұлдыр ойдың, рақат бір сезімнің құшағында маужыраған Ақан бағана бір айтқан Ақтоқтының сөзі есіне еміс-еміс түсіп кеткенде басын көтеріп алып, оның түнгі салқында тоңазыған бетін етсіз, сіңірлі алақанымен қаздың балапанындай үлбірете ұстап, өзіне бұрды да, анық көрмесе де, өзіне танық қарашығы баданадай тап-таза көзіне ынтыға, құмарлана қарады. Сәл жымия күліп, қайтадан құшырлана құшағына қысты да:

— Айтшы, аққұсым, сен осы неден қорқам дедің! Бір-бірімізге не бауыр басып, үйреніссек оның несі қорқыныш?- деді Ақтоқтының бағанағы сөзін қайталап.

Ақтоқтының қараңғыда күңгірт тартқан сүйріктей ақ саусақтары Ақанның иығынан төмен түсіп, кеуде тұсына келгенде сәл дірілдеп тұрып қалды. Оны сездірмейін дегендей серінің өңірі ашық шапанының түймесін салалы саусақтарымен қозғап, ыңғайсызданған Ақтоқты әлденеге батылы жетпей жүрексініп, тағы да сыбырлап үн қатты:

─ Менің қорқатыным... оң жақта отырып жат жұртқа бодан болуға бет бұрған қыздардың, көптің үркуі емес. Ол қорқыныш әрі кеткенде, жүрексінуден аспас еді. Менің қорқынышымда үрей бар. Ол - тыныштығы бұзылып, мазасы кеткен жүректің, бұрынғы Ақтоқтының емес, жаңа Ақтоқтыдағы жүректің үрейі. Ол жаңа жүрек өзіңізді көрген күннен бастап пайда болған. Содан бері бұрын ештемені білмейтін, әйтеуір бөтен елге барам ғой дегенді алыстағы бір сағымдай ғана сезетін, ырықсыз, ынжық жүрек жаңа талпынып, алысқа ұмтылып, шарқ ұрған қанатты жүрекке айналған. Мен қазір сол қанатпен мүдірмей ұшып келемін, қайда барамын, не боламын? Оны ойлауға мұршам жоқ. Өзіңіз айтатын, бейіштің бағында тек жаным ғана ұшып келе жатқандай, өң мен түстің арасындағы рақат бір дүние. Осылайша кете барсам не болам. Алдымда не күтіп тұр. Жартасқа соғылам ба? Құзға құлаймын ба? Мен одан өлем деп қорықпаймын, әлгі жаңа жүрегімнен айырыламын, содан қорқамын. Ендігі жерде сізден бөтен адам да, бөтен ұя да жат... Не деген үрейлі еді. Неге ғана кездестік екен. Бұрынғы қалпымда, көптің бірі болып кете бармас па ем!- Ақтоқтының тұла бойы қалтырап, үзіп-үзіп күрсінді.

— Жақсы айттың-ау, жаным! Бұрын көзсіз сүйіп, шарапқа мас болғандай елтіп, есім ауып жүрсе, енді сен сол махаббатыма мағына бере бастадың. Өз сезімімнің алдамшы емес, нәрлі сезім, болжамы дұрыс, ойлы сезім екенін түсінгендеймін. Тек сұрарым болсын, кездескенімізге өкінбеші.

Ақтоқты тағы күрсінді. Бүгін өзінің ашыла сөйлегеніне іштей риза боп, көңіліндегі бар сырын ақтарғысы келді.

  • Құдай-ай, неден ғана қыз баланы осынша шідерлеп жаратты екен. Жүрегің, жаның кімге дәрі, ол түгілі, әр қадамың санаулы. Әр аттаған сайын жалтақтап, құры адамша жан-жағыңа қаранумен боласың, қарманарың жоқ. Бұ дүниеге біреу үшін, басқаның қызығы, мазағы үшін ғана жаратқан сияқты. Бала - шағаның қолындағы қуыршақ не, қыз не. Күні бірдей. Естіп, көріп білмеген адамыңнан жетегінде жәрмеңкеде алған жылқыдай бүлкектеп кете барасың. Жынды ма, нақұрыс па, ойлы ма, жігерлі ме, таз ба, соқыр ма - оны да білмейсің. Білсең де тулауға дәрменім жоқ. Көнуің керек, не мойныңа түскен бұғалыққа қылғынып өлуің керек. Ал ол сенің бас-аяғың бүтін бе, кеміс пе - қарамайды, кейде ұнамаса да зорлықшыл әкенің аз тіршілігінің күйкі есебі үшін ала салады. Кейін, тағы бірін, тағы бірін. Ал сен...

Елден тым ұзап кеткен Ақан Ақтоқтының иығынан қапсыра құшақтап, кері бұрылып жүріп келеді. Қазір өз тағдырын, сүйгенінің тағдырын ойлаған ғашықтай емес, қыз атаулының маңдайына жазған айықпас сорын ойлап, Ақтоқтымен бірге қиналып, егіліп келе жатқан құрбысы, не ағасы тәрізді.

Шығыс жақ есінеген жылқыдай ақ таңдайланып, қараңғылық сейіле бастады. Ұзақ, үнсіз жүріп келіп, тағы да Ақтоқтының жүзін өзіне бұрған Ақан, қинала тұрып ойын айтты:

  • Ақтоқты, қалқам, кетсек қайтеді бірге. Аттар да дайын.

Ақтоқты ә дегенде төбесінен жай түскендей, ләм демей үнсіз мелшиіп қалды да:

  • Не дейсіз, Ақан?- деп мағынасыз қарай берді.

Бағанадан еңкеңдей басып, жоқ іздеген адамдай жиі шоқаңдап, бір отырып, бір тұрып келе жатқан ауыл жігіті тап қастарына келгенде, беттеріне үңіле түсіп:

  • Ә, Ақтоқты мұнда екен ғой, бәсе...- деп міңгірлеп, сөйлеп барады,- Қараңдағанға оттап жүрген мал екен десем...

Екеуі дәл тұсына жете бергенде, бір топ шидің түбінен состиып шыға келген ақсақ әйел күйбіжіктеп:

─ Бұлары кім еді тағы, жапанның жалпақ түзінде де жөндеп отыра алмайсың,- деп кейіген боп, қираң-қираң етіп ауылға қарай о да елбектей жөнелді.

Бұл кезге дейін ауыл кәдір түнін күткендей ұйықтаған жоқ еді. Ұрын келген күйеуді Тастан жасырғанмен Бақтыбайдың «аттандаған» айғайынан соң-ақ жұрт

тегіс құлақтанып, жайлау үстінде сыбыр-сыбыр сөз лезде су жыландай жүріп өткен.

— Жалмұқан келіпті.

— Ақтоқты қайда?

— Жоқ дейді. Таба алмай жүр.

— Бір жаққа қашып кетпесе игі еді.

— Ойпырым-ай, масқара болды-ау!- дескен ауыл адамдары істің артын күтіп, бір-бірімен жиі хабарласып жатқан.

Суық сөз Жалмұқандарға да жетті. Қалыңдықтың ұзақ келмеуінен секем алған күйеу бала жолдасын жұмсап, Ақтоқтының қайда екенін біліп келуге жіберген. Алтыбақан басына қараңғыда көрінбей барған жігіт жастардың аузындағы үрейлі сөзді естіп, Жалмұқаннан жасқана отырып айтқан. Ақтоқтыны жоғалтқан Тастан да қашан табылғанша бетінен басып, үйіне келмей қойды. Бағана көрініп кеткен жас тоқал да жоқ. Жер ошақ маңындағы екі жігіт те отты көсеп, есінеп отырып, жас талдан жасаған істікке жас еттен түйреп біраз құйқалық жеген де, кетіп қалған.

Таң біліне келген Тастан мен Қадишада өң жоқ. Күйеулердің көңілін аулайын дегендей, көздері ұры мысықтың көзінше жылтыңдай күліп, қайдағы бір қисынсыз сөздерді айтып қалжыңдаған болады. Бірақ түстері келмейді.

Қадиша түні бойы бұрқылдап қайнап, сүйегінен сыпырылып түскенше жидіген қой етін табаққа салып әкелді. Сығырайған май шамның астында бәсең инені сабақтай алмаған суды көз кәрілер құсап үй иелеріне сығалап қараған күйеу жігіттер табаққа қол салмастан тысқа шықты.

─ Күйеу бала, бір сәтсіз күнде келуіңді қарашы. Ақтоқты қатты ауырып жатқаны, жайлауға келгелі тымау-сүзбеден айыға алмай жүр байғұс бала. Әйтеуір артын қайырлы қылсын,- деп Қадиша Тастанға көзінің астымен ұрлана қарап, өзінше тапқырлық жасаған.

Жалмұқан ләм деп жауап қайырмады, түнерген күйі босағадан аттап, қолын да шаймастан аттарына келді. Үй маңында қызық көруге жылтыңдап жүрген бір - екі қыз бұларға әдейі естірте сөйлеп тұр:

  • Әлгі күйеу бала ғой, соры қайнап, киіз үйде таң күзетіп отыр.
  • Енді қайтсын байғұс, қалыңдықтың қызығына батам деп келген ғой. Иә саған, қызыққа белшеңнен батарсың.
  • Ақтоқтының өз қызығы өзінде. Дәу де болса Ақанмен кетті, көрерсің. Кеше ұйқы ашарда қатар отырған түрлері жаман еді.
  • Бәсе, бәсе, менің де мына жаман көңіліме сол келіп еді. Ақан ағай тиген жерін ойып түспей, аман жіберер ме.
  • Күйеу сорлыға несі қалады. Құрымай қапты-ау, сорың құрғыр, Сүтемгеннің жалғызы. Өзі де тірі пендені менсінбей кекіреңдеген жел кеуде деуші еді. Сол керек, шоқ-шоқ! Өй, ана аттардың қасында біреу қараңдай ма,- десіп, ағараңдаған таң сәулесінде анық көрсе де, танымаған боп сықылықтай күлген қыздар үйді айналып жүгіріп кетті...

Ел қалың ұйқыда шығар деп, Ақан мен Ақтоқтының қаперлеріне түк келмей, ауыл тұсына жақындап кеп тоқтағанда, таң да аппақ боп атқан.

Ажырасуға бірін-бірі қимаған екі жас, кете алмай бөгеле берді.

  • Ақтоқтым, жаным, не істейміз! Сені қашан ұзатқанша жіпсіз байланып, дәрменсіз отыра бермекпіз бе?!- деген Ақанға:
  • Ақан аға, сәл шыдайықшы. Күзге дейін әлі көп уақыт бар емес пе? Мүмкін басқа бір шарасы болар,- деп Ақтоқты қиыла қарады.
  • Не шара, қалқам, менде қазір басқа шара қалған жоқ. Елге салып, ата - ананың алдынан өтетін хал жоқ. Сенің тағдырың сырттай шешілген. Барар жерің анық. Енді, не де болса тәуекелге бел байлап, қол ұстасып, бірге кету ғана қалды. Егер сен осыған тұрсаң, мен жазмыш салған ауыртпалықтың қандайын болса да көтеруге бармын. Аянып, тартынып қалар жай жоқ. Оқ тиіп мәңгірген құстай сенделіп өтер ендігі уақытқа шыдар дәрмен жоқ. Тек қана сенің бір-ақ ауыз сөзің керек.

─ Жан аға, Ақан аға, бір жолға шыдаңызшы. Күзге дейін өзім бір хабарын берем. Барам деген әлгі жолыңыздан да қалмаңыз. Одан тартынсаңыз, ренжимін. Сізбен бір тілдеспей, үнсіз кете барсам, ант ұрсын. Анталаған қасқырлардың ортасындағы сорлы әкем мен аяулы анамды аяймын. Тым құрмаса, соларды иіп көрейінші, қанша қорқып, үрейленсе де мүмкін өз балапанын түсінер, илігер. Көнбеген күнде басқа амалын жасармыз. Асықпаңызшы, Ақан аға!- деп көзіне жас кеп қалған Ақтоқты Ақанның мойынынан құшақтап тұрып қалды.

Тап осы кезге дейін әр киіз жаппаның ішінен сығалаған көп аңдушы сарт- сұрт еткізіп есіктерін жауып алғанда барып Ақтоқты мен Ақан селк етіп, бойларын түзеді.

— Хош бол, Ақан аға, енді қашан көрем, хош,- деп Ақтоқты да ұзай берді.

Бұлардың бар қимылын алыстан болжап Тастан үйінің сыртында түтіккен Жалмұқандар да аттарына қонып, қара жамылғандай түнеріп, беттерін терістікке бұрып, жүріп кетті.

4

Ел орынға отырғанша көрші ауылға тығыз шаруамен жүгіртіп барып келе қояйын деген Еркімбай айдалада ербиген біреуді көріп атын бұрды: «Тегінде, болдырған көлігін шалдырған жолаушы болса керек». Cap желдіріп жақындай берген Еркімбай тізгінін тартып, қасына арсалаңдап, лекітіп келуді лайықсыз санап, бұлаң құйрықпен таяна берді.

Жолаушы елең етер емес. Басы салбырап кеткен. Атының тізгінін де жимайды. Біреу өлтіріп жансыз тұлып денені ер-тоқымға шандып, байлап тастағандай міз бақпайды.

Еркімбай үрейленіп, не де болса көрейін деп, ердің қасына еңкейе қарап жеткенде бір-ақ таныды: Су Құсайын. Жамбасы жалақ кәрі шабдар ат. Қанжығаға байлаған атамзаманғы ала қоржын, үстінде түйе жүн жыртық шекпен.

Бәрі баяғы қалпы. Бәрі Су Құсайынның өзімен бірге жасап келеді. Еркімбай қуанғаннан жарылардай боп: «Ау, Құсеке» деп айғайлап жібергісі кеп, өзін зорға тежеді. Су Құсайын қалың тәтгі ұйқыда екен. Аузынан сілекейі шұбырып, жапан түзді басына көтере қорылдап, ара-арасында «айт, айт» деп қояды. Бұл қызықты бұрыннан білсе де, Еркімбай мырс етіп күліп жіберді.

Жасынан әке-шешеден жетім қалып, жоқшылық тауқыметін тартқан жетім бала байлардың қойын бағып, қозысын жайып күнелткен. Жігіт болып есейгенше осы кәсібін талшық етті. Мінезі момын қойшының бойындағы бір қасиеті аса ертегішіл. Ертегінің неше атасын біледі. Келе-келе өзі де жанынан шығарып әңгіме де айтуға дағдылана бастаған. Әңгімесі әрі қызық, әрі шылғи өтірік. Қызық өтірік айтатын тазша бала құсап, қисынын келтіріп соғатын Құсайынды жұрт аузын ашып, көзін жұмып тыңдайды. Ел күземде отырған кез болатын. Қара суықта қотанға иіріп тастайтын қойды күзететін де осы Құсайын. Өзінде құстың ұйқысындай ұйқы жоқ. Түн баласына көзінің шырымын алмай, қойды айнала жүріп, дала бөрісіне сес көрсетіп, айғайлап шығады. «Айт, айт» деп жағы тыным таппайтын Құсайын күндіз де жамбасы жерге тиіп, ұйықтап көрген емес. Жұрт таң қалып, «Құсайын-ау, осы сенің ұйқың қайда, түн болса қой күзетіп, ит айтақтап шығасың, күндіз болса, тыным таппай ел ақтайсың» десе, «Е, ұйқы деген өліммен тең нәрсе. Өлім қайда қашар дейсің, мен тіршілікке аса құштар адаммын, бір күн ұйықтасам өзімді тірі өлікке санаймын, ұйқыны сендерге-ақ бердім» деп күлетін. Бір күні ауыл жастары қой маңында ұйқы ашар жасап жүріп, Құсайынның өтірігінің үстінен шығады. Бір-екі қыз бен жігіт сырласып, қойды айнала келе жатса, таяғына сүйеніп, селтиіп тұрған Құсайынды көреді. Түн қараңғысында жасырынып келіп қорқытпақшы болып қылжақбастау жігіт қасына таянса, қойшы түк сезбейді. Сүйтсе, ұйықтап тұр екен. Және ұйқысы бір жосын. Қатты бір қор ете қалып, демін алғанда, «айт» деп қояды, тағы қорылдап, тағы «айт!» дейді. Жастардың ішек-сілесі қата күліп, келесі күні жұртқа жаяды. Сүйтсе, жасынан қой бағып, көзі шыққан Құсайынның күндегі кәсібі осы екен ғой. Ұйықтап жатып та, қалғып тұрып та ит айтақтау әбден терісіне сіңген әдет екен. Ел содан бері бұрын да өтірік әңгімелер айтатын Құсайынды «Су Құсайын» атап кетеді.

Су Құсайын - әлі үйленбеген адам. Алдында бір тұяғы жоқ жетімге кім қызын беруші еді. Бірақ оған қыңатын ол жоқ. Ұрғашы затынан гөрі өзінің шабдар атын артық көретін сопы адам. Орта жасқа келгенде белінен құяң болып, алыс ағайынының қолында біраз төсек тартып жатып қалған ол, кейін байлардың малын бағудан да қағылған. Содан бері басқа кәсіпке ауысты. Ел арасындағы

өсек-аяңды қағып алып, құлақтанбаған алыс ауылдарға барып мәнерлеп, қисындырып жеткізетін өнер шығарды. Келе-келе бұған да жаттығып, машықтанып алды. Маңдайына басқан жалғыз атымен қыдыратын. Су Құсайынға әбден үйреніп, жұрт сағынып көрісетін халге жеткен. Ол келе жатқанда-ақ құлақтары елеңдеп, елегізіп отырған өсек құмарлар қолға тигізбей қағып әкетеді.

Еркімбай да осындай зеріккен өсек құмарлардың бірі. Су Құсайынды көргенде «қап!» деп, біраз тұрды да, «қой, шаpya өлгенде ғана бітер, жау шауып бара жатқан жоқ, ертең барармын. Бүгін мына ұзынқұлақ қу көсені үйге апарып, өз құлағыммен ел жаңалығын тыңдайын, кейін естіген өсектің дәмі жоқ» деп ойға кеткен Еркімбай:

— Ау, Құсеке, Суеке!- деп айғай салды.

Су Құсайын оянар емес. Шабдар ат қана, «қарағым ерікпей, жөніңе кетсейші, ұйқыдағы адамның мазасын алып не жұмысың бар» дегендей басын көтере жаратпай бір қарады да, бөтен аттылы кете қоймаған соң, «тфу, ұятың жоқ саппас екенсің» деп, танауы делдие қатты пысқырып, қайтадан оттай берді.

Су Құсайын он шақты күн тынымсыз ел кезіп, өлердей шаршаған. Қарауыл жайлаған қалың елдің бір шетінен түре түскен ол, қазір екінші басына зорға жетіп, мал өрістен қайта Жекебояқ жайлауына құлады. Астындағы арбиған биік жалқау шабдар аты тоңқ-тоңқ етіп өнімсіз бүлкілдеп, ішін ауыртқан соң аяңға түсірген.

Он шақты күннен бері Су Құсайынның тамағы тоқ. Өсек сөзге, жаңалыққа жаны құмар еріккен жұрт жол бойы қонағасын мол беріп, мелдегінен шығарған. Күнде ат үстінде жүрген онда еш уайым жоқ, тек ағаш ер қажаған жері ғана удай ашып, ұзақ уақыт екі жамбасына алма-кезек қисая отырып, мазасызданып, орын ауыстырып келеді. Біраз жүрген соң еті қызған Су Құсайын ол қайғыдан да арылды. Енді жиі кекіріп, көмейінен келген тәтті қымыздың иісіне мас болып, самайынан тарамдана тер ағып, маужырай бастаған. Аяңға түскен адымы кең шабдардың үстінде түйе өркешіндегі жазыдай ырғалып, басы салбырап, қалғып кетті. Иесіне сыралғы ат өзіне таныс қорыл шыққанда жалғыз аяқ жол жиегіндегі қалың көдеден жұла оттап, қыл шылбыр сусып алдына түскенде жолдан шығып, қалың қауға жабыса қалды. Ауыздығымен оттап үйренген шабдар бозғылт қаудандай қалың қияқ жалы бармақтай ноғаласы бар көзіне түсіп, шөпті тамырымен жұла жайылып, жолдан ұзай берді. Желсіз тынық ауада кешкі бозторғай ұзақ шырылдап, ашық аспанда қанаты жыбырлап, ән салады. Сары гүлдердей титімдей шымшықтар қалың шөп арасында өзді-өзі сөйлескендей шиқылдап, тыпың-тыпың еткен шидей аяқтарымен тынымсыз жорғалайды. Тарыдай көздерімен шабдар атқа қызыға қарап, еті үйренген сайын тұмсығына жақындай түседі. Белінде отырған шүйкедей иесінің салмағына үйренген ат оны жаңқа құрлы көрер емес. Келесі күнге дейін жүре берсе ауырсынар түрі жоқ. Бабымен мініп, жиі оттатып, аузынан жем-суды айырмайтын иесіне риза шабдар жиі пысқырып, қарнын бүрістірген артқы қайыс айылдан ғана тынысы тарылғандай анда-санда ыстық леппен ішін тарта күрсініп, басын жерден көтермей, жылжи берді. Қасына келген салт атты адамды керек қылмады.

Жақындай бере оқыранған бөтен атқа да мойнын бұрып дыбыс бермеді. Шабдар ат өз қожасынан басқаны менсінбейтін маңғаз. Ғұмыры үйірлі жылқыға қосылып көрмеген саяқ. Жал-құйрығының түбіндегі аздаған қышымасы қозғанда ғана өзі секілді бос жайылған жауыр атты тауып алып, айқасып тұрып ұзақ қасынатыны бар. Онда да қышуы қанған соң, «жарайды, біраз күнге жетер» дегендей, әлгі атқа қайрылмастан кете баратын тәкаппар.

Анда-санда мазақтағандай «айт-айт!» деп қойып қорылдаған Су Құсайын мен керенау шабдар аттың мына қылықтарына ыза болған Еркімбай енді ай даланы басына көтере:

— Құсайын, Су Құсайын, сутәк Құсайын!- деп жәрмеңкеде орыстардан үйренген сөзін араластыра дәл құлағының түбінен баж ете қалды.

Бұл жолы басын оқыс көтеріп алған шабдар ат шын жаратпай, «өй, жүрегінің қабын жарайын деп пе ең, есің дұрыс па өзіңнің, үйбай қайтеді, шайқы болармысың, өзіңді тістеп алайын ба!» дегендей ноғалалы айран көзімен ұзақ едірейе қарады да, құлағын жымитты.

Қатарласа тоқтаған Еркімбай Су Құсайынды иығынан сілкіп-сілкіп қалғанда барып қорылын басқан. Біраз пысылдап, айтағынан жаңылған ол сәл бұрылып, бір көзін ашты. Өзі әлі үнсіз отыр. Кең ашылған көк көз кірпік қақпай өзіне ұзақ қадалғанда Еркімбайдың зәресі ұшты. Жүзіктің бетіндегі тозған гауһардай көз өңменінен өтіп, ішіп-жеп барады. Еркімбай сасқанынан:

— Оу, Құсеке, мен ғой, Еркімбаймын, танымай тұрсыз ба!- деді.

Енді Су Құсайынның екінші көзі ашылды. Бірақ әлі мәңгіріп, түк түсінбей үнсіз қадалып отыр.

  • Ассалаумағалейкүм,- деді Еркімбай.

Ұзақ отырып, әлден уақытта аузын кере есінеген Су Құсайын:

  • Әлікімсалам,- деді...

Еркімбай үйіне келген соң Су Құсайын ширап кетті. Ауыл адамдарының біразы жиналып қалған. Киіз үйдің сыртына төсеніш жайғызып, дәл ортаға молдас құрып жайғасқан Су Құсайын әуелі біраз бұлданып ширатыла түсті:

  • Еркімбай, сен ана әйеліңе алдымен қазан көтерт, тамақтың иісі мұрныма келмей, сөзімнің нәші де келмейді; сосын самауыр қойғыз, мына күннің ыстығында барлығып, маңдайым кеуіп отыр. Кірпіш шайларың бар ма еді, ет піскенше жеңіл-желпі құймақ құйғыза қойсаң да жаман болмас еді. Е-е, өздерің тауық та ұстайды екенсіңдер ғой,- деп, үйден алысырақ жерге төккен күлге аунап жатқан қарала-торала ақ тауықтарға қарады.- Самауыр ішіне он шақты жұмыртқа тастай салыңдар. Бірақ тым қатты пісіп кетпесін, сол бәлекеттің аршуы қиын. Бәрінен оңайы - соны қаймақ қайнатып пісіргендерің жөн болар. Сосын ана шабдар атты отқа қойғызсаң. Жарықтық өзіме тартқан тамақсаулау неме.

Еркімбай - Ақтоқтының апасы Ақботаның күйеуі. Шаруасы мығым бұл үйдің иелері қонаққа да барын беретін қолы ашық, қонақжай жандар. Бұл ауыл үстінен өткен адам мұнда ат басын тіремей кетпейді. Кер маралдай керілген аппақ Ақбота ақ жібек жаулығы, көк атылас кең етек көйлегі көлбеңдеп бәйек болып жүр. Сықпа құрт, ірімшік жайған шидің биік қазықтарына қақтаған қойдың жас етін қазанға жуып салып, астына даладан терге қаңылшық тезекті қалап, әп-сәтте ду еткізді. Сыртына орыс патшаларының суреті оймышталған жез самауыр да оттығынан қызыл жалыны шығып, кебу түйміштер шытырлай жанып, гүжілдей жөнелді.

Тер сіңген атамзаманғы сырмалы тақиясын алшысынан киіп, масаттанған Су Құсайын әлі де маңғазданып, шабдар атын тармақ қададан шешіп, үзеңгіге аяқ артып жатқан жалаң аяқ балаға әмір етті:

- Әй, балақай, мына тұрған көлге жетектеп барсаң да болмай ма? Алыстан келген атты қинап қайтесің. Ауыздығымен су ішкізіп жүрме. Ерді байқап ал. Шоқтығында жарасы бар, беті алынып қалмасын. Ана жырымда байлаулы тұсамысты көремісің, тым алысқа ұзамай-ақ көлдің бергі қабағына жіберсең де болады. Суарған соң аунатып ал, түнде аунаймын деп үйелеп қап, көзімді ағартып жүрмесін. Құнын төлейтін әкеңнің артық аты бар ма еді,- деп шылбырынан жетелеген қонақуар балаға қарап, басын шайқады.- Өзінің ат жандысына не берерсің, құйтымдай боп ап.

Ел арасында еркін сөйлеп, ерке боп алған Су Құсайынның аузына шал - кемпірлер жұтынып қойып қарап отыр. Биыл қыста Ақанның Бірішек жайындағы әңгімесіне жамау-жасқауды көбірек қосып, Нұртазаларды оңдырмай сілейтіп, әжуалағаны бұл маңның адамдары аузының суы құрып жүретін. Бір кезде ол ерніне насыбай салып әңгімесін бастамаққа қозғалақтады да, жер ошақ басында күйбеңдеген Ақботаға тағы қарады:

— Айналайын, ана самауырдың түйміші қайың-ау деймін. Кейін оттығын қағарда күлін төге көрме. Осы үйде үккіш бар ма еді. Насыбайым таусылып қалыпты.

— Бар, бар. Мына көрші үй алып кеткен, алдырамыз ғой,- деп Еркімбай да жөппелетіп жатыр.

— Ал, енді тыңдаңдар,-деп, бар мұқтажын жайғастырып алған Су Құсайын сөзге кірісті.- Апырай деймін-ау, бұлай болар деп кім ойлаған. Тап Сүтемген бұлай масқара болам демек түгілі, үш ұйықтаса түсіне кірмеген шығар. Аузы күншығыстан бір-ақ келді. Мейманасы тасып, қара қазақты менсінбей, төрелердей асқақтаған неме белі шойырылған қасқырша шоңқиып қалды. Бәлемге сол керек. Онымен иық теңестірер қазақ тумады деп жүрген шығар. Енді көрсін қалай екенін».

Ақтоқтының болашақ атасы Сүтемген құда жайындағы суық хабарға Еркімбайдың көзі шарасынан шықты. «Оған не боп қалды. Тоқтым аман болса игі

етті» деп елеңдеген Ақбота да кебісін ұшымен басып, аяқ астында тапталған сарғыш шөптесінге бір жамбастай сылқ етіп отыра кетті.

- Еркімбай, сен де бөтен емессің. Ақтоқтыға бір адамның жаны ашыса, сенің жаның ашыр. Жасы балиғаға толар-толмаста ана Сүтемгеннің қатынсыз жүрген Жалмұқанына атастырып, қартайғанда Бақтыбай да алжыды ғой. Бірақ ол байғұс та қайтсін, күштінің арты диірмен тартар деп, ана Сүтемген екі құлағын басып отырып зорлықпен көндірген жоқ па? Және мал да көздің құрты ғой, қызықпайтын пенде бар ма!- деп Су Құсайын ерніндегі насыбайын баппен алып шертіп жіберді де, сыздықтата бір түкіріп, ерніне тағы да жаңа насыбай салды.

- Осы бір насыбайдың ашуы жоқ па, әлде күлінен болды ма, қоға татиды.

- Айтсаңызшы, тезірек, Ақтоқтым аман ба, құдай-ай, тағы не боп қалды.

- Жаулығының шетімен жасын сүрте берген келіншекке күле қараған Су Құсайын:

- Еһ, Ақтоқтыға не болсын, қағанағы қарық, сағанағы сарық, қасында ай мен күндей жігіті бар,- деп шырт түкірді.- Асықпа әлі қызығы алда. Жақында Сүтемгеннің баласы ұрын келген. Сол күні Ақтоқты жоқ боп шықты.

- Иә, қайда кетіпті?!

- Қашып кеткеннен сау ма?!- десіп кемиек кемпірлердің иектері бүлкілдеді.

- Қашып кетіп қайда барсын. Аттандап, бүкіл ауылды тік тұрғызған Бақтыбай әкең ел болып іздеу салады. Алдында ғана алтыбақанға тербеліп ән салған қыз үшті-күйлі жоқ. Басқа ауыл қыздары түгел. Бақаң қайта-қайта келіп, қыз-қырқын, келіншектерді шетінен тізіп санайды. Бәрі түгел. Зәресі ұшқан жұртқа ұрын келген ұры күйеу де қосылып іздеу салады. Айсыз түнде көзге түртсе көргісіз екен. Ауыл малын торып, маңайда өріп жүрген қасқырларды көргенде үрейлері ұшып, жұрт жылап -сықтап, дауыс қылып, Ақтоқтыдан күдер үзе бастайды,- деп, Су Құсайын әңгімесін аздап қорқыныштылау етіп қойды.


Перейти на страницу: