Меню Закрыть

Ақан сері — Сәкен Жүнісов

Название:Ақан сері
Автор:Сәкен Жүнісов
Жанр:Роман
Издательство:Жазушы
Год:2002
ISBN:5-605-01808-6
Язык книги:Казахский
Скачать:
VK
Facebook
Telegram
WhatsApp
OK
Twitter

Перейти на страницу:

Страница - 6


- Кейбір қыздар «Ақтоқты тысқа үнемі жалғыз шығатын» деген сайын Бақаңда ес қалмайды. «Ойбой, даланы кезіп жүрген бөрілер қағып әкеткен екен ғой» деп, Дәмелі де ойбайын салып, шашын жұлады. Сол екі арада таң да атады. Қарбаласып жүрген ауыл адамдарымен бірге Жалмұқан да ақыры қалыңдығын табады ғой. Тапқанда қайдан тапты дейсіңдер ғой... ал өздерің табыңдаршы.

Су Құсайын күлімдеп, маңындағыларға қарап, отырып қалды. Ақбота «Уһ, аман екен ғой әйтеуір» деп ауыр бір күрсінді. Шал-кемпірлер көздері алақтап, «қайдан білейік» дегендей иықтарын қозғайды.

- Құдыққа түсіп кеткен бе?- деді Су Құсайын.- Әлде суға кеткен бе? Аю алып кеткен бе?

Ақбота қайта үрейленді.

- Қасқыр жеп, сүйегін қалдырған ба?.. Әлде ат теуіп мертіктіріп кеткен бе?

Әбден ызасы келген Ақбота:

  • Ойпырмай, айтсаңызшы, тірі ме?!- деді.
  • Аман-сауын бір құдайым білсін,- деп әлі де жұмбақтап отырды да, тоқ етерін бір-ақ айтты.- Ондай сұлу қыз құдайға жанын тегін берсін бе? Сүйтсе, бұрыннан көңіл қосқан жігітімен бірге жүрген Ақтоқтыны терең сай ішіндегі қалың қурайдың арасынан тауып алыпты.

— Не деп отырсыз?!- деп Ақботаның жан даусы шықты. Еркімбай қызарақтап, жер шұқыды.

— Жігіті кім екен?

— Ол маңда тап ондай жүрек жұтқан кім болды?- десіп, шалдардың көзі жылтыңдап, құмарта түсті.

— Ол кім болушы еді. Қарауылдың ардагері Ақан,- деді Су Құсайын.

— Ақан?

— Онымен қашаннан бері көңіл қосты екен?

— Апырай, Ақан да қыран-ау алыстағыны көзі шалатын, тегі көптен-ақ ілген-ау құсын.

— Итім білсін ол жағын. Әйтеуір былтыр қыстан бері бір-бірімен табысып, шариғат жолына түскен деседі ғой,- деп Су Құсайын қабағын керді.

— Онда бойына бірдеме бітіп қалған шығар-ау?- деп бір кемпір сыбырлап, күлім қағып, шиқ етіп күліп жіберді.

─ Е, бітпегенде, жігіт пен қыз сай ішінде омпы ойнап жүр дейсің бе? Қазір шермиіп, қамауда отыр. Ақанға енді қалай бермес екен.

— Ендігі енді, доғарыңыз сөзді. Осыны айтуға келіп пе едіңіз,- деп Ақбота тамағы кеберсіп, даусына булықты.

— Әлі жеткен жоқ. Қызығы бар. Қарғам, ана самауырың сөніп қалды ма, одан да от салғаның жөн болар еді.

— Енді қызығыңның керегі жоқ, естімеймін. Сіздер де тараңыздар,- деп Ақбота ашу шақырып, маңындағыларға үлкен көзімен от шаша қарағанда ауыл -үй адамдары орындарынан сүйретіле тұрып, жылыстай берді. Миықтарынан күліп барады.

— Қалғанын кейін айтам,- деп жалғыз шоқиып қала берген Су Құсайын, солқылдап жылап үйге кірген Ақботаны уатуға кеткен Еркімбайға үй сыртынан айғай салды.- Әй, Еркімбай, мында кел, басқа бір қызық айтайын. Қарағым Ақбота, қыз күнінде сен де сондай болған шығарсың. Есіңе түсіп кетті-ау, шырағым! Ақандай жігітке кім құштар емес дейсің. Бағы ашылып қосылып кетсе жарар еді.

  • Намыстан өлердей боп, өксіп-өксіп жылаған Ақботаның даусы күшейе түскенде Су Құсайын қазандық астындағы сөне бастаған отқа қарап күбірлей берді:
  • Қарағым-ау, соған да жылайды екен-ау. Шын сөзді айтқанға кінәлі боп қалдым ба? Е, бірақ оның несі айып. Жігітпен түнде сайран құрған қыз жүкті болмағанда қайтуші еді. Оң жақта отыр демесең, Ақаннан алтын асықтап ұл туса, Дайыршасы өлген Бақтыбай да немерелі болмай ма? Әу, қарақтарым,- деді енді Су Құсайын дауысын көтеріп,-қазандық, қазанды-ы-ық сөні-п қалды. Самауырда да дыбыс жоқ.- Әу, қарақтарым! Өздеріңнен гөрі самауырды ызыңдатыңдар!

Су Құсайын күйген томардай шоқиып, қас қарайғанша отырды. Оты сөне бастаған жер ошақ маңы да, шам жағылмаған киіз үй іші де үңірейіп суық тарта берді. Әлгінде ғана жарқылдап отырған үй иелерін де қараңғы түн басты. Ойнап жүрген балаларын ерте жатқызған үй маңы тым -тырыс. Қонақтың барын да ұмытқан сияқты.

Су Құсайынның бұл екінші рет көрген тауқыметі. Биыл «Бірішек» әңгімесін өсіріп айтам деп, соңына салып қойған Нұртаза болыстың әумесер бір жігітінен таяқ жеген. Пісейін деп тұрған мына астан бірінші қағылуы.

Әлден уақытта барып орнынан зорға тұрған Су Құсайын ашық есігінен от көрінген басқа киіз үйге қарай үнсіз аяңдады.

5

Күн етекке қарай еңкейіп, байи бастаған. Шала сарғайған дала сілтідей тынып тұр.

Атақты Зілқараның Әлібегінің аулы. Аты шулы батырдың ауылы. Арасын ел көшкендей етіп алшақ-алшақ далита тіккен қарасы жиырма шақты ақ шаңқан үйлердің маңында бейсауат жүрген адам, жайылған мал жоқ. Қотаны кең ауыл көшесінің қалың шөбі де әлі жапырылмаған.

Қыркүйекке қарай ауған тамыздың соңғы күндері екіндіден былай күз нышанын білдіріп, салқын тарта қалады. Құрғақ табаға қуырған бидайдай күнұзақ көде арасында дамылсыз ыршыған көкала, қоңыр шегірткелер, тынымсыз жортқан құрт-құмырсқа, көбелек атаулы бұл кезде шөп арасындағы жылы орнына жайғасып, тым-тырыс күйге енеді. Мал өрістен қайтатын кез болса да, мөңіреген сиыр, кісінеген жылқы даусы естілмейді. Оларға бұл ауыл қотанында орын жоқ. Әлібек аулы тыныштықты сүйеді. Даңғаза -айғай ғұмыры естіліп көрген емес. Батырдың қабағы қалай көтеріледі, солай ауыл түндігі ашылады. Қалай қабағы түседі, солай да жабылады. Әсіресе батыр бас қосты дегенше, ел аяғының ұшымен, асыра айтқанға төбесімен жүреді. Бұл әдетке жаздағы табиғат жәндіктері де үйренгендей. Қазір шоқ-шоқ ағашы бар әсем, ен дала - бар табиғат жым-жырт. Ауыл түбіндегі жатаған көк төбеде әңгіме дүкенін құрған бес-алты адамның сөзін тыңдау, аузына қарап, ұйып қалғандай.

Отырғандар мосқал адамдар. Ұзақ, қысыр кеңестен соң, сөз аяғы бұл арадан шалғай жатқан жат елде өтер бір асқа кеп тірелген. Еріндеріне ширатылған көк бұйра насыбай салып түкірген, өңкей барқыт шапан киген елдің өзім деген бектері бұл арада қателесіп кетпейін дегендей аңдап сөйлейді. Өздерінің үстінен қараған, өңкиген Әлібек батырдың алдында қымсына береді. Сөзге доғалдау болса да, қисық сөзді, көкейге қонбайтын былжыр ақылды тез аңғарғыш Әлібек күндей күркіреп, «өй, ішіңді ұрайын, ақылыңды да...» деп үлкен-кішіге қарамай зекіп тастауына шек жоқ. Сондықтан да бәрі бас изесіп:

  • Дұрыс қой ол, мұныңыз тапқан ақыл,- дегеннен бөтен ештеме алып - қосарлары жоқ. Отырғанда ана-мына түрегеп тұрған тапал адамның бойымен барабар алып Әлібектің сол жақ тізесінің үстінде көлденең түсіп «патшадан алған» сарала қылышы жатыр. Ол қынынан суырылып шығып, біреудің жазықсыз басын қағып түспесе де, Әлібек әйтеуір осы бір суық қаруын қасынан әсте тастамайды. Бауырын көтергеннен бері, тірі пенденің етегінен алып көрмесе де, тіктеп қарағанда қызыл көзі өңменнен өтетін тайыншадай сарала иті оң жақ тізесіне басын салып ол жатыр. Осынын бәрі Әлібекті ертегінің батырынан да сұстылау етіп көрсетеді.
  • Сонымен сөздің тоқ етері, бұл асқа ешкімнен жылу жинамай-ақ өзім-ақ жеке сауын апарамын,- деді Әлібек күректей алақанымен сараласының басын сипап.- Ішіңді ұрайын, атығай-қарауылдың шіріген байларына салық салып қайтемін. Шақырған екен атымды атап, ендігі салмақты Әлібек қарақан басы жеке көтереді.
  • Ол дұрыс қой, бірақ, Әлеке, елдің елдігі, қазақтың қазақшылығы болмаушы ма еді,- деп күлімсіреді отырғандардың бірі,- сіз екі елдің атынан ұзақ сапарға аттанғалы отырсыз, жәрәкім алла, иншалла жолыңыз болады екен.
  • Бағанадан бері бір тал шөптің сабағымен тісін шұқып отырған кемиек, шарқы шал енді мұрнына жүгіртіп жібергенде бырс еткізіп түшкіріп салды да, «Иә, иә, мен де бір қартайғанда сәбимін ғой, жолың болады екен, қарағым» деп көзі жасаурай қалды.- Иә, айтпағым сол, Әлеке, жалғыз сізге ауыртпалық түсіріп, біздің де бейғам қалғанымыз жарамас, айтыңыз, азаның малын біздің де қосқанымыз жөн ғой.
  • Керек емес! Мен ол үшін шақырып отырғаным жоқ, өз байлығым өзіме жетеді біреудің қалтасына қол салмай-ақ. Менің кеңесейін дегенім басқа,- деп Әлібек сәл бөгелді.

Жаңағы бір шөптің қырсығынан әлі де мұрны жыбырлап, аузын ашып, маңдайы тершіген кемиек түшкірігін басайын деп, жөппелете сөйлеп, қыстырыла кетті.

  • Иә, қарағым Әлібек дұрыс айтады. Өлім «бардың атын шығарам, жоқтың артын ашам» деп келеді екен, с-с- сол а- айт-қан-да-ай, а-аһ-атпшу!
  • Әй, шал, түкірігіңді жұртқа шашпай, әрі қарап отыршы өзің,- деп Әлібек тыжырынып, жақтырмай қалды. Сарала да басын көтеріп, шалға бір қарап

қойды.- Менің сендерден сұрайын дегенім - осы асқа апаратын жігіттер жайы, жүйріктер жайы. Күреске кімді, бәйгеге нені апарамыз. Әрине, жігіт те, ат та көп, бірақ ана жылғы іштегі астай масқара боп қалмауымыз керек. Ойланыңдаршы, ал сен қағазыңды алып, жазып отыр.

Әлібектің қасындағы жігіт төс қалтасынан бүктеулі сары қағазын шығарды. Бәрі қабақтарын түйіп ойланып, таңдаулы -таңдаулы деген атығай-қарауылдың жігіттерін есіне түсіре бастады.

Тым-тырыс мүлгіген дала осы кезде бір сәт селт еткендей елең етіп, қайтадан демін ішіне тартып, әлденеге құлақ түре қалғандай болды. Отырғандар да бастарын оқыс көтерісіп, батып бара жатқан қызыл ала шар жаққа қолдарын көлегейлеп, «бұл кім?» дескендей қарасты. Алыстан әсем ән естілді. Жанға жайлы, жаймашуақ ән қоңыр, жұмсақ дауыспен еркін басталып, кешкі ауада толқып барады. Жазық даланың қалтарыс-бұлтарысы аз даңғыл жолына салып жібергендей, өзі де кең жазылған жазық ән көмейден еркін шығып, бірте-бірте күшейіп, жақындап келеді. Бала қайыңның қожырсыз қабығынан қайнатқан қаймақ-сағыздай созылған қайырмасында көтерілген көңілдің, тауы шағылмаған албырт жастықтың күйі аңғарылғандай. Не деген келісті әсем ән, не деген әнге лайық сұлу үн. Қысылмайды да, аптықпайды да, бетегенің шашағындай жайқалып осы өңірді тербеп келеді. Әнші ат үстінде сияқты, ырғағы аттың ырғағымен бірге баяу шайқалып та қояды.

Әлден уақытта ауылдан бір шақырымдай жердегі қызылдың қалтарысынан қылт етіп аттың басы көрінді, ат тізгінін бос қоя беріп, көгілдір аспанға қарап, келісті шырқаған әнші көрінді. Соңында жүген-ноқтасыз екі құр ат құлын құсап еріп келеді. Бар алап, бар ағаш, көк күмбезге құлақ біткендей. Қыбырсыз тыңдап қапты. Ауыл үйлерінен асыға шыққан қатын-қалаш киіз есіктерін көтерген қалпы ауыздары ашылып, үй сыртында уыққа ала құрттап аяқ бау есіп отырған кәрі- құртаң белін жазып, самауыр тұтатқан бойжеткен түймішін оттыққа апарған күйі қолын қайтып алмай, тұрып қалыпты. Әңгімелері үзілген Әлібектер де үнсіз. Кемиек те түшкіруді ұмытып, насыбай салған ернінен сілекейі шұбырып отыр. Қайықтай қалқыған ат, сол жүріске айналған ән. Жақындай бере, әншінің қайталап салған сөзі де естіле бастады:

«Маңмаңгер, кекілің келте, жалың майда, Жүйрік жоқ сенен озған құнан, тайда.

Жүрісің желмаядай, жануарым, Көрейін қызығыңды осындайда».

  • Оу, мынау Ақан ғой,- деді отырғандардың бірі.

Жұрт гуілдесе жөнелді.

- Бәсе, бәсе, бұл кім десем Қорамсаның Ақжігіті екен ғой. Ана соңындағы аттарына жол болсын. Мен арда еміп жүрген тай екен десем, ересек жылқылар ғой.

– Е, олар құр аттар. Ақан үйретіп қойған екі ат қайда барса да соңынан салпақтап еріп жүреді деуші еді, рас екен-ау.

– Бәсе, бәсе, ел іші Ақан деген атына сері дегенді қоса бастапты. Өзі де сері жігіт екен-ау.

– Ақанның киім киісі, бар қалпы жұрттан ерек. Ақындық та қонған ғой, тегі. Өзінің аруағы бар деседі қозып кететін.

– Әй, өзі де сері десе, сері-ау. Анада бір жиында көріп ем.

– Бүкіл қарауылдың маңдайына біткен асылы болайын деп тұр.

– Қарауылың не, бүкіл арғынға десейші.

– Бүкіл қазаққа десең де сияды, әшейін сөздің рәсімімен айтып жатқаным ғой.

Үндемеген Әлібек қана. Ол не десін. Ақанды әлі көрген жоқ. Оның үстіне әшейінде сыпайышылық сақтап батыр алдында үндері шықпайтын маңындағылардың қарғаша шулай қалғандары шамына тиіп отыр. Әнші ауылға жақындап қалды. Әні тоқталмайды, үдей түседі, пысықтап келе жатқандай қайталап-қайталап айтады. Жаңа ән-ау, тегі...

«Бәтір-ау, мұнысы несі? Қанша әнші, сері болса да, Әлекеңнің қотанына айғайлап ән айтып кіргені қалай? Апыр-ау, тоқтатар емес. Ауылдың шетіне кірді!» Манадан бері ән ырғағымен бірге ырғалып, елтіп отырғандар, енді шошып оянғандай көздерін ашып алып, Әлібекке үрейлене қарады. Осы сәтті күткендей, жалпақ терісі қалың шойын беті одан сайын күреңітіп, әрқайсысына қойдың тобығы еркін сиятын қос танауы желпілдеп, батыр орнынан гүр етіп түрегелді. Маңғаз төбет те «ғ-ғыр» етіп ұшып тұрды.

– Бұ не деген әдепсіз, бассыз неме еді, шауып тастайын басын!- деп Әлібек те ұмтыла берді.

Бұған ерегескендей, әнші де:

– Ax-a-ay, жігіт epi,

Дерсің мені,

Деп салған

Маңмаңгерге

Ақан сері»,-

деп қотанда тайпалтып, тура Әлібектің ақ үйіне келіп тірелді де, атын белдеуге байлай салып, жып етіп үйге еніп кетті. Екі бос ат басын төмен салып, айналып жүр. «Маймаңгер, ән қосайын жүрісіңе, Дер екен қалқа қалай келісіме» деген әнші жалғыз отырған Ақшабақтың үстіне кіргенде, Әлібектің тынысы тарылып, булығып, жүрісінен жаңылды. Аяғы алға емес, артқа сүйрегендей, шалысып келеді. Үйге жақындай бере, қынапқа салды қолды. Көкжиекте маңдайы ғана көрінген қызыл күннің соңғы сәулесіне алмас қылыштың жүзі жарқ етті. Соңынан

ілесе бере іркілген мәжілісқорлардың да көздерінің оты жарқ еткендей зәрелері ұшып, үрпиісе-үрпиісе тұрып қалды.

Жасынан атжанды, аңшы, саятшы Әлібек белдеудегі атқа қарамай өте алмады. Тұрқы ұзын кер ат иегін дөдегеге салып, танауы делдиіп, керіліп тұр. Қасына таянған сұсты адамға отты көзінің қиығымен тосырқай, үрке қарады. Бірақ иегін дөдегеден алған жоқ. Талтайып тұрған құлабестінің бұтына көзі түскенде Әлібек таңдайын қақты. Салбыраған ұмада қатқан қан ізі бар, жақында ғана піштірген екен жануарды.

Аттың тұрысынан-ақ шын жүйрікті таныған сұңғыла батыр: «Аһ, атаңа нәлет, сендей тұлпарлар тұқым алмай қалған еліңнің екі дүниеде таңдайы ағармас» деп тістеніп, басын шайқады.

Ақан есіктен аттай бергенде-ақ, алыстан салған даусынан танып, қашан жеткенше дегбірі кетіп, жүрегі лүпілдеген ұзын бойлы, қызыл шырайлы, көзі сәл бадырайғандау, он жеті-он сегіздердегі қыз алдынан шығып бас салған. Мойнына асылып, қатты қысқан қарулы, ерке қыздың құшағынан босай алмай, қапыда қақпанға түскен аңдай, ә дегенде, Ақан сасып қалды. Қара көлеңке үйдің ішінде ешкім жоғын аңғарған соң ғана жүрегі орнына түскендей боп:

  • Ақшабақ, айналайын, жіберші,- деп, бірақ өзі денесі толысып, найқалып тұрған арда емген құлындай уыз қыздың екі иығынан қапсыра құшақтап, бауырына басты.

Ақшабақ Ақанды бертін ғана біледі. Былтыр Бекқұлыда күземде отырған нағашыларына барғанда түнгі күзеттегі қыз-қырқынның ұйқы ашарында көрген­ді. Содан бері қайда кездесе қалса-ақ ашық, тентек қыз Ақанды «ағалап» бас салады. Бірақ өзге ағаларындай емес, ақын ағасының «туыстығы» бөлек секілді. Құшақтай алғанда-ақ Ақшабақ тұла бойының қалай дір ете қалғанын сезіп, бетіне ыстық қан жайыла береді. Ақан құшағында өзін жып -жылы ұяға кірген балапандай сезінеді, сол ұяда бұйығып, тұра бергісі де келеді. Қазақ жұртындағы «аға», «қарындас» деген сөздің септігінің тиетін жері көп-ау!

Қылышын жалақтатып Әлібек кіріп келгенде екеуі құшақтарын ажыратып, сескеніп, шегіншектей берді. Сыртта қанды бұт Құлагерді көргенде алғашқы райынан қайтып қалған Әлібек қотанында ән салып басынғаны аздай енді өз табалдырығынан уыздай қызын еліктіріп тұрған отыздарға таянған келбетті жігітті көргенде қайта ашуға мінді. Тісін қайрап, қылышын көтере бергенде «Көке» деп Ақшабақ шар ете түсті. Бірақ әкенің морт мінезіне қанық қызы, шамына тиермін деп жақындамады. Үстіне қара бұлт жамылған албастыдай төнген батырдан шын зәресі ұшқан Ақан қыз даусы шыққанда барып бойын жинап алды:

  • Ағасы, дат! Дат, тақсыр!

Басы төмен салбырап, ұрлық жасаған кінәлі адамдай шегіншектеген жігіт енді басын көтеріп алып, өткір көзін қадай қалғанда Әлібек қылышын көтерген қалпы іркіле берді.

– Не айтарың бар еді. Бол, тез!

– Айтарым емес, сұрарым бар. Сосын, талша мойным қылша.

– Сұра, бол!

– Мені не үшін өлтірмекшісіз?

«Иә, не үшін өлтірмекші». Батыр ағаттау кеткенін жаңа аңғарды, әйтсе де бір тосылтып, бетін қайтарып алғысы да келді.

─ Бейбастақтығың үшін!

─ Бейбастақтығым үшін. Түздегі ме, үйдегі ме?

─ Түздегің үшін де, үйдегің үшін де.

─ Тым арзан емес пе?

─ Неге арзан?

─ Неге екенін айтайын.

─ Әй, сенің сұрағың да, жауабың да көбейіп барады ғой.– Әлібек қылышын төмен түсірді. Ендігісі баланың ойынындай көріне берді.

Дегенмен, жұрттың аузының суы құрып жүрген ақын не айтар екен деп тыңдағысы да келді.

─ Үлкен адам «неге?» деп сұрап тұрғанда, сөзін жауапсыз қалдырып, шаһит боп кетсем, ұят қой. Сіз де артымда армансыз қаларсыз.– Ақшабақ мырс етіп күліп жіберді.

─ Түздегі бейбастақтығым – қотаныңызға өлең айтып кіргенім шығар,- деп, енді сері жігіт қауіп бұлтының сейілгенін сезіп, еркін көсіле жөнелді.– Мен сіздің қотаныңызға дауыс айтып, үн салып, қаралы хабармен енгенім жоқ, әнмен ендім. Соғыссыз жатқан батырдың бейбіт аулына ән, думан жат емес шығар деп білдім. Қала берді, алты алашқа өзінің билігімен қоса «Жиырма бес», «Тоқсан бес» сияқты әсем әндерімен мәлім Зілғара Әлібегінің аулы әннен үрікпейтін шығар, шошымайтын шығар дедім. Оның үстіне, менің Маңмаңгерімдей жылқыға мінген адам өзін пыраққа мінгендей айналасында аузынан жалын шашқан әбжыландар емес, жемісін көтере алмай сабағынан үзілердей майысқан миуалы бақ ішіндегі хор қыздары жүргендей сезінер еді, сондай пейіштің ішінде, пырақ үстінде келе жатқан пенде жар астынан шығар жау болар деп кәперіне де алмаса керек.

─ Жетті, екінші бейбастақтығыңды айт!– Әлібек ақын сөзіне қызыға түсті.

─ Екінші, үйдегі бейбастақтығым – Ақшабақты бауырыма тартып құшақтағаным шығар. Жалғыз отырған қызға жігіт құштарлығы бозбалалық әуені

болса болар, бейбастақтық болмас. «Қызға сөзді кім айтпайды, қымызды кім ішпейді» дейтін бозбала аңдушыны әкеден күтпеуші еді. Егер әке көре қалғанда, көп болса, жігіт құлағын бір бұрап жіберер еді, бірақ қынабынан қылыш суырмас еді. Және, сөздің шынына келсек, Ақшабақ алдымен қыз қылығымен назданып шықпай, қарындас мінезімен еркелеп келіп, ағалап құшақтаса, Қоскөлдің сүйрігіндей қарындас білегін Шалқардың жел өтіндегі қара қоғасындай майыстырып, ағасы қалай кері қайтармақ.

- Нобайыңа қарағанда тіршілігің жаман емес сияқты. Ендеше өліміңді арзанға байлайтының қалай?

- Жоқ, мен өз елімді еш уақытта арзанға бағаламақ емеспін. Сіз үшін арзанға түспей ме дегенім ғой. Егер жаңағы өзіңіз айтқан «бейбастақтықты» Хазіреті Ғалы істеп, соның басын алам деп ұмтылсаңыз, сіздің батыр атағыңызға лайық: ерлік пен қымбатқа түскен өлім болар еді. Сіз үшін мені өлтіре салу не тәйірі. Арзан өлім болмай ма деуім осы еді.

- Ә, жігітім, жар-райды... Жаррайсың, ішіңді ұрайын. Қорамсаның ақын, әнші Ақжігіт деген ұлы бар деп естігелі бір көрсем бе деп жүруші ем, айтса айтқандай екенсің, бетіңнен жарылқасын, отыр, қонағым бол, айыбымды арқалауға әзірмін, ішіңді ұрайын!- деп Әлібек өзіне ұсынған Ақанның қолын алды.

Үй сыртында үзіктің етегін қайырып, сулы көзі жылтыңдап, жабықтан сығалаған кемиек шал басқаларын ішке бастап кірді.

Қазақ даласында хандық жойылып, сұлтандық дәуірдің күні өткенде бұрынғы ел батырларының да дәрежесі төмендеген. Батыр деген ат «мықты, жүректі» деген сөзге айнала бастаған. Әлібек - сол өткен батырлардың жұрнағы. Ел жауға салып қайратын көрмесе де, бұрынғы рәсіммен - батыр дейді. Әлібекке де осы ат ұнаушы еді. Түс, тұлғасы, ожар тік мінезі батырға лайық ол да өзін батырларша ұстайды. Осы мінезіне сырттай қанық Ақан да оның ық жағына келіп, көңілін дауалады.

Сері жігіттің жауабына, батырға тәжім еткендей сыпайы, әрі алғыр сөйлеген сөзіне мейлінше риза болған Әлібек дөнен қой сойдырып, ақынды қолына түсіре алмай жүрген сыйлы қонағындай күтті.

Ел орынға отыра жиналған ауыл ақсақалдары Ақанға ән салдырып, дуылдасып, таңға дейін тараған жоқ.

Жиын соңында, елге аттанар кезде Ақан Әлібекке келген себебін айтты:

─ Әлеке, алыс сапарға жүргелі қамданып жатқан көрінесіз. «Асқа барсаң, асып бар» дейді, тегінде, азаға апарған мал, ас-судың молдығы ғана емес, бұл сөздің төркінінде «сән-салтанатың, айтар ән, тартар күйің де озық болсын, жиналған жұрттан кем қалма, кем түсерің бар -бекерге тыраштанба» деген мән жатса керек. «Көрген жерге бой сый, көрмеген жерге тон сый» дегендей, киген киім, жүріс-тұрыс та бөтен елде сын болса керек. Сырттай бағдарлауым бойынша,

тойға, асқа барам деп көңіліңіз өрекпігенмен, тойға жіберетіндер жіберсе барарсыз,- деп салмақпен сөйлеп, езу тарта қарады.

─ Айтқаныңның бәрі дұрыс. Бүгін мына шалдардың басын қосып, ақылдасқаным да астың жайы еді. Көктемде топтанып ұшқан құзғындарша бас шұлғысқаннан басқа қосары жоқ өңшең меңіреулерден бір аталы сөз, ақылды кеңес ести алмай қор боп ем. Жас та болсаң көпті аңғаратын жігітсің ғой, сөзің ұнап барады. He ақылың бар қосар? Тойға жіберетіндерің кім? Соныңды түсіне алмай қалдым. Ішіңді ұрайын, мені ұстап тұратын кім бар. О не дегенің?- деп Әлібек те соңғы сөзді ауыр алып қалған сыңай білдірді.

— Асқа барамын дейсіз,- деді Ақан,- көп болса, бір-екі жүйрігіңіз, бір үйір жылқы, ашытып жатқан қымызыңыз бар шығар. Көкше өңірінен Зілғараның Әлібегі келді дегенде кез келген сасық байлардың жемімен ғана келген сізді көріп, ел не дейді. Көкшенің әні қайда, Бурабайдың сәні қайда демей ме? Сынмен қараған елден мінмен қайтпай, үлгі-ұлағат көрсетіп, артыңызға белгі қалдырып, мереймен оралғаныңызды тілер ем.

─ Miнe, міне, ей, ішіңді ұрайын, осы емес пе еді көңілімде сайраған. Тап үстінен түстің, бәсе, ай, серім-ай, адамның құйқа тамырын шымырлатар перісің бе, жынсың ба?!- деп қарқылдады Әлібек:

─ Олай болса, осы жолға мен де жақсының шашпауын көтеріп барсам ба деп ем. Құнан, тай жарысында үздік шығып жүрген кербестінің бағын сынап, ұлы тойға салсам ба деп ем. Әнші-күйші, балуан — жиырма жігітім бар. Қалжыңға, әзілге алмастай өткір, отырса отырысқа жарайтын, жүрсе жүріске шыдайтын бес аспап қылшылдаған жастар. Құран шығарып, бас шұлғып қана қайтатын өлекселер емес, Көкшенің әні мен жырын таратып, жат елдің өнерін еліне әкеп жаятын, ездікті көтермей, ерлікті сөз қылатын ардагер азаматтар. Асқа барып бас жеп қана қайтпай, жақсыны, ұлағатты істі паш ететін өрендер. Мен солардың атынан келіп отырмын,- дегенде:

— Па, па!

— Қалай, қалай сілтейді!

— Өй, айналып кетейін!- деп отырғандар дуылдасып кетті.

— Жарайды, Ақан, көңілімді бір сергіттің. Ылайым барар, қайтар жолымыз осылай болсын. Енді өз көңіліңде не бар, айт, тартынба. Тағы кімдерің бар, ертетін. Бердім тізгінді қолыңа,- деп Әлібек жадырап, шаттана түсті.

— Басқа апарар әзірге ойымда ешкімім жоқ. Ал тізгінді өз қолыңыздан шығармасаңыз да болады. Батыр қолы қуаттырақ қой,- деп әлденеге мегзеп тұспалдаған Ақан енді басқа бір тосын сөз айтып, асқа барамыз деп күмпілдеп дәмеленген ел ақсақалдарын, байларды ренжіте сөйледі.— Сізден сұрар бір ғана тілегім бар. Әлеке, егер маған салсаңыз, «өлімді жерде молда семіреді» дегендей, ас десе қалмайтын, «ас ішіп, аяқ босатарларды», құран шығарып, аят оқып, шариғат айтатын қожа-молдаларды, кісесі үзілгенше шіреніп, арқандай

ширатылған дүңгірлеген қуыс кеуде бай-манаптарды ертпесеңіз. Ондайлар қыпшақ елінен де табылады. Сіздей батыр осы өлкеде біреу-ақ болса, соңыңызға ерткен топ та сондай елден ерек болса екен. Жаңа тілек, жаңа мінез көрсетіп қайтсақ екен деген ойымды қабыл етсеңіз, одан басқа қосарым жоқ. Қалған билікті ел ағасы өзіңіз-ақ шеше берерсіз.

Құты түскен батыр маңындағыларға қарап ойланған да жоқ, қоңқ етті:

  • Ішіңді ұрайын, қыпшақ шақырса, осынау атығай-қарауылдан басқа біреуді көрмеп пе. Ендеше мен ерткен барады, ертпегеннің ішін ұрайын! Болды, мақұл! Батырда екі айту жоқ...

Арада бip жұма өткен соң уағдалы күні Ақан cepi жиырма жігітпен ауыл қотанын дүрліктіріп, шырқата ән салып, Әлібектің үйінің алдына кеп түсті.

Бұрын қотанында ән салдырмақ түгілі, жұртты аяғының ұшымен жүргізетін, жалған сыпайылықпен басы жерге жеткенше жастарды тәжім еткізетін төрелердің салтындағы меңіреу, өлі ауылдың үстіне жаңа жарық сәуле құйылғандай, мүлгіген сылбыр жұрттың енжар көңілі сергіп, шырт ұйқыдан оянғандай болды.

Үйден атыла шыққан Әлібек те тісі ақсиып күліп тұр. Анадайдан қарағанда жиырма ақ боз атқа мінген жиырма жігіттің түрі-түсі, үстіндегі киімдері біркелкі. Өңкей қаракөк шапан, бастарында пұшпақ бөрік. Қолдарында үкілі домбыра. Жетектерінде жүйрік ат. Ақан тәрбиесінен өткен жас әншілер Сұлтанмұрат, Аяған, Бәтжан, Нұралылар сырнайды құлаштай тартып, әнге салғанда дауыстары бір кісідей сыңғырлайды. Ат үстінде аяқтары жерге салбыраған Ожымбай, Қойкүзет балуандар да беттерінен нұры шығып, жайнаң қағады. Жастардың ішінде Су Құсайын да жүр.

Ертеңінде Әлібек те әкесі Зілғараның сары ала оқалы офицерлік киімін киіп, қылышын тағып шыға келді. Полковник эполеты күнге шағылысып жарқ-жұрқ етеді. Қала киімімен сәнді киінген Ақан сері екеуі қос күрең қасқа арғымақ жеккен қара пәуескеге отырды. Асқа баратындай әдеттегі кәрі -құртаң, бай-манап емес, жиын-тойға, сауыққа баратын кілең жастар Көкше аспанын әнге бөлеп, артында қол бұлғағандарға биіктен қоштасып ұзай берді.

Ақан бастаған жаңа топ алыстағы қыпшақ еліне қарай жаңа салтанатпен аттанып барады.

6

Жайлаудағы Бақтыбай, Тастан, Шағатай ауылдары ұйқы -күлкіден қалғалы не заман.

Ақтоқты қаралы келіншектей үйден шықпай, жұрт көзіне көрінуге бетінен басып, жатып алды. Қасына анда-санда ата-анасы келіп, ақыл айтып, қыз көңілін аулайын десе де, маңына жуытпайды.

  • Сөздерің керек емес, мені аямай-ақ қойыңдар. Ұл орнына ұстап жүр екен десем мал орнына ұстаған екенсіңдер, армандарыңа жеттіңдер енді. Несіне мүсіркейсіңдер,- деп жанындай жақсы көретін шешесі Дәмелінің де бетін қайырып тастады.

Heшe күндей нәр татпай жатқан кездері де болды. Жеңгесі келгенде ғана басын көтеріп алып, «не хабар бар, айтсайшы» дегендей мұңайып, Қадишаның жүзіне жалбарынғандай қарайды, үй ішіндегі адамдардан қаймыққан жеңге тіс жарып ештеме айта алмай басын шайқағанда, дәрменсіз мүгедек жанның мүшкіл халіндегі Ақтоқты қайта қисаяды. Қадиша бір қаға берісте сыбыр етіп, Ақанның алыстағы бір асқа кеткенін айтқан. Одан басқа хабар жоқ. Тастан қолынан жетелеп, тоқалын алып кетті. Көп араластырмайды.

Бақтыбай үйінің маңы күні-түні күзетте. Үш ауылдың ер азаматтары кеш түссе-ақ қой күзеткен боп, қолдарына қару aп, бай үйін кезекпен торуылдайды. Ұйықтар кезде Дәмелі қызын аймалап, сүйген боп, іргесіне алып жатады.

Ең арты түн ішінде тысқа шықса да әр жерде қылтиып, состиып жүрген қарауылшылардан Ақтоқты әбден ығыр болды. Ашуға булығып талай рет жыларманға келіп, қыбын тауып қашып кетейін десе де қыз баланың қылдай жолы жібермейді. Және қашқанда қайда бармақ? Ақан аулына өзі іздеп жетпек пе? Жоқ, мұндай ой әлі басына келген емес.

Қамаудағы басыр күндер керенау жылжып өтпейді. Үй ішінде аяқ-табақ та салдырамай, құрбы қыздары да қатынай алмай, не сырттан, не іштен жылы қабақ көрмеген Ақтоқты аз күнде сары ауруға шалдыққандай көзі кіртиіп, өңі жадау тартты.

Күнде тыста селтиіп, Сүтемген аулына көзі талғанша сығырая қарайтын Бақтыбай кешке аһылап-уһілеп келіп, құмалақ тартады. Өз-өзінен күбірлей отырып, Дәмеліні қасына шақырып алып айтатыны бір сөз:

–Мына қарашы, құмалақтың жатысы қандай жақсы. Оң жағы да, сол жағы да тұйық, маңдайы ашық, босағасы берік,- деп құмалағын уыстап алып қайта шашады.

─ Аһ, бәрекелде, құдай жарылқады ғой, қатын, мына қара, аттың басын босағаға тіреді, құйысқаны берік, енді ар жағын айтып керегі жоқ, күйеу бала келе жатыр, қамдана бер. Тұра тұр, тұра тұр, мына біреу кім болды екен, апырай өзі атын қара терге малындырып, жанұшырып келеді ғой.

Ақтоқты құмалаққа да, сәуегей әкеге де сенбесе де, тап осы тұста «Ақан болмаса игі еді» деп болымсыз үмітпен басын көтеріп алады. Бірақ Бақтыбай тағы да оның көңілін су сепкендей басады.

─ Е-е, білдім, білдім, бұл келе жатқан құдалардың хабаршысы екен ғой. Пой-пой, жүрісіне болайын, құйысқанының сартылдауын қарашы, әй қатын, өзі шөлдеп келе жатыр екен, таңдайы кеберсіпті байғұстың, қымыз әзірле, қымыз,-

деп жынданған адамдай іштегі арманын құмалаққа айтқызған шалына аянышпен қарайтын Дәмелі:

— Байғұс-ау, әуелі келсінші, кәне, кеберсіген таңдайы қайсы? - деп шалының көңілін жықпай, құмалаққа үңіледі.

— Дәмелі-ау, сен де қыз күнінде құмалақшы едің, қартаяйын дегенбісің. Мына ортадағы таңдайы, мына екі жақтағы сыңар құмалақтар ат үстінде салбыраған екі аяғы емес пе? Өзінің жаны жайлау, жағасы бос. Пой-пой, өзі де серейген ұзын адам екен... Әй, ол елде мұндай ұзын бойлы кім бар еді?.. Е-е, білдім, таптым, бұл Тулақ болды, Тулақ.Ұста Тулақты білмеуші ме ең. Әй, ерің- ай, екі өкпесін қолына алып ұшқан екен -ау, қайтсін... Дәмелі, Дәмелі, мына қарашы, мына жатқан құмалақ күйеу баланың жүрегі. Өй, айналайын, жүрегіңнен. Өзі жүрегі күптілеу ме қалай... Е, енді қайтсын, алғашқы қызығына келе жатқан баланың жүрегі күпті болмағанда, қайтсін. Баяғыда сені аларда менің жүрегім аяқ қаптай болған... Жарайсың, құмалағым, жарайсың. Енді жинап қояйын. Қайталап тарта берсең, құмалақ алжып кетеді,- деп өзі де алжи бастаған Бақтыбай бір-бірлеп теріп, жинай бастайды.

Бірақ келеді деген күйеу де жоқ, құда жағынан естілер хабар да жоқ. Қос жайлаудың екі арасын аспан мен жерге тірескен көк шымылдықпен бөліп тастағандай қыбырлаған адам көрінбейді, кісінеген жылқы үні естілмейді. Құда жағы өлі даладай тым-тырыс.

Бір күні Бақтыбай ұзақ қайғыға түсіп, егіліп жылады. Түн іші еді. Дәмелі де, Ақтоқты да үн-түнсіз. Әрқайсысы өз ойымен әлек боп түндігі жабулы тастай қараңғы киіз үй ішінде ұйықтай алмай жатқан. Өз -өзінен сыңсып жылаған Бақтыбайдың үнінен екеуі де шошып кетті. Алғашқыда, ұйқысырап жатқан болар деп үндемеген Дәмелі күйеуінің үні үдей түскенде, «бастығырылып қалған екен» деп:

  • Бісміллә, бісміллә, сухан алла, сухан алла, сүфу, сүфу, кет, бәлекет, кет!- деп жын-шайтанға алыстан айбат шегіп үшкіріп,- Бақтыбай, Бақтыбай!- деді.

Бақтыбай жаны ашыған кемпірінің даусын естігенде одан сайын үдей түсті:

  • Құдай-ай, мына байғұсқа не боп қалды,- деп жылы орнынан іш киімі ағараңдап тұра жүгірген Дәмелі ұмарланған көрпеге аяғы ілініп, ұшып түсті. Қараңғыда серең етіп құлаған әйел одан сайын зәресі кетіп қайта-қайта жерге түкірініп, дұға оқып жатыр.
  • Инна ағытайна кәлкәусар, пәсәлли лирапбика, оныхар инна шанияка өллә бітәр. Сүфу, сүфу!

Ақтоқты мырс етіп күліп жіберді де, қайта томсырайды. Жасынан ауыл моллаларынан неше түрлі дұғаны жаттап өскен ол биыл Ақанның: «Сіздің ауыл молласы көп ауыл деуші еді: қағаз, қалам табылмағаны қиын болған екен»,- деп өзімсініп, өкпелегені есіне түсіп, қайтадан қалың тұман ойға кетті.

Дәмелі әр жерді сипалап, жыпылық шамды таба алмаған соң, боздай бастаған шалының қасына барып:

  • Бақтыбай, Бақтыбай, саған не болды,- деп иығынан жұлқылап еді, мұрны бырс-бырс еткен Бақтыбай:
  • Ж-ж-жатшы қ-қ-қасыма, ж-жатшы,- деп ықылық атты.
  • Не қорқып жатырсың ба?
  • Қ-қ-қорқып мені қ-құ-дай а-а-алар дейсің бе?

Бақтыбай көпке дейін өксігін баса алмай, үнсіз жатты да, әлден уақытта барып, басын көтеріп, көрпеге көзін сүртті.

  • Өзім де біліп ем,- деді сосын, жылаған даусы әлі де түзелмей кемсеңдеп.

— Нені білдің?

— Бүкіл малымды жаудай шауып, өзімді жұрдай ғып тонап кетерін білгем. Өлетін бала молаға қарай қашады деп, Қожахметтің әулетіне қайдан килігіп ем.

Ертең анау Баймұрзасы, Жалмұрза, Есмұрзасы аяғынан тік көтеріліп, жаудай шауып алмай ма? Шетінен шіренген бай, болыс та, би де солардан. Қалыңдығына келмей жатқанында сыр бар. Бір -ақ күнде атой сап, түп- тұянағымды қоймай өртше жалап кететін алапат емес пе? Қыз тумадың, қырсық туған екенсің ғой!

─ Тек, қайдағыны айтпай. Сондай сөзге аузың қалай барады. Қайдағы жоқ сұмдықты қайдан шығарып отырсың. Биыл күзде той жасаймыз деген. Қамданып жатқан шығар. Несіне асығасың. Ақтоқтының да көңілі Ақаннан суыған сияқты. Шыдасаңшы, бақыр-ау, байбаламды сала бермей.

─ Мен шыдамаймын дейді дейсің бе? Бірақ шыдамның да шыдамы бар. Түсімнен қорқам. Жаңа жаман түс көрдім.

— Е, түс түлкінің қиы емес пе? Не көрдің соншама?- деп түске сенгіш, ырымшыл Дәмелі де басын көтеріп отырды.

— Түсімде... Өңімде дейінші...

— Қой, жаман түс болса, өңімде деме.

— Иә, айтқандай түсімде, аспан қап-қара құрымдай бұлт екен деймін. Күн жарқ ете қалғанда жалбай етіп, ақ сақалы желкілдеген бір қарақұс құлдилап келеді екен. Тұмсығы қоңқиған тобан аяқ бір кәрі әтеш құрқылдап қашып барады. Қарақұс найзағайдай жарқылдап, олай бір, бұлай бір жанап өтіп, қағып әкетейін деп жүр. Әтеш жан ұшырып, шыбын-шіркей боп жанталасып, қайда тығыларын білмейді. Бір кезде қарақұс сорғалап кеп, іліп кетті. Әтеш байғұстың қиқ еткен ғана даусы шықты. Екі аяғы салбырап, аспандап кетіп барады. Жүні ұшып, қарша жауады. Астағыпыралла, саған өтірік, маған шын, әлден уақытта байқасам, әтеш өзім екем де, қарақұс Сүтемген екен... «Өй, әкеңнің» деп ащы тырнағын

батырғанда, қабырғам сытырлап, екі өкпем қыса түсті. Аузымды ашып, бірдеме дейін десем, тілім күрмеліп сөзге келмейді. Бір кезде, екі-үш рет шыр айналып, аспаннан тастап-ақ жіберді. Енді өлдім-ау, өлдім-ау деп жатқанда шошып ояндым.

Дәмелі күлген жоқ:

  • Қойшы әрі, мен одан басқа бірдеме түсіңе енген екен десем... Мына бұлтты күннің амалына көрінген ғой,- деп жуып-шайып жатыр.

Ақтоқты күлерін де, жыларын да білмейді. Өз қызынан өзі құтыла алмай, әуре-сарсаңға түскен сорлы әке мінезіне ашулана да алмай, өзінің қыз боп туған бақытсыздығына іштей күйінді.

Өз үйі өзіне жат бола бастаған жас қыз ыстық тәнін пысынатқан ауыр көрпені серпіп тастап, ауыр дем алды. Жан-жағын тұмшалап, бүркеген тас қапастай қапырық үйдің ішінде тынысы тарылып барады. Кеудесінде дірілдеген ып-ыстық бауырдай тып-тығыз қос анарын сығымдай ұстап: «Құдай-ай, бұл қапастан қашан кетем. Жылы ұя емес, азынаған көрдей болды ғой. Тентіреп кетсем екем»,- деп қараңғыда көзіне жас алды...

Көп ұзамай Ақтоқтының тілегені болды.

Түн ортасына дейін жасырын бас қосқан ата-ана, туыстары кеп қызын киіндіріп алды. Есік алдына қос арғымақ жеккен талдан тоқыған жайлы қорабы бар трәшпенке тоқтаған. Ешқайсысы тіл қатпастан қызды қалың шөп салған жеңіл арбаға отырғызды. Ақтоқты «қайда барамын» деп сұрағысы келді де, Тастанның сұсты жүзін көргенде, қара аспан жамылып жүрген пасық ағамен тіл қатысып сөйлесуге намыстанды. «Мейлі, әйтеуір, осы бір бейбақтардан, өңшең үркек елден кетсем болды қайда барсам да мейлі!»- деп Ақтоқты үнсіз кеп трәшпенкеге отырды.

Арба маңында сойыл сүйреткен төрт-бес салт атты жігіт бар. Ләм деп олар да аузының жігін ашқан жоқ. Ұйқыдағы ауылға да сыбысын білдірмей аттанған жолаушылар түн жамылып, белгісіз бір жаққа қарай шөптесін сүрлеумен ұзай берді.

7

Сүтемген ауылы. Ну орманның үзілген жеріндегі айдын көлдің жағасын жайлаған қалың елде жылдағыдай салтанат жоқ. Малшы төлін аяқтандырып, малын жайып, қойын құрттап, ұрғашы атаулы құртын қайнатып, жібін иіріп, жер ошақ маңында күнұзақ үнсіз шоқиып, әр адам өз шаруасының күйбеңімен әуре. Жастар жағы да бұрынғыдай ән айтып, сауық құрудан қалған. Бір -екі рет алтыбақан теуіп, ақсүйек ойнаймыз деген қыз-қырқынды үлкендер жағы тыйып тастаған. Ауыл қаралы ауыл сияқты.

Түнеукүнгі Жалмұқанның қайнына ұрын барып, масқара боп қайтқан сол түні Ақтоқтының Ақанмен серуен құрғанын естіген аталастар намыстан жарылып

кете жаздап, іштен тынып жүр. Аз күнде бүкіл атығай-қарауылға, қала берді іргелес отырған керей жұртына тегіс тарап, Үрім мен Қытайға жайылып бара жатқан бұл қорлық - жалғыз Сүтемген емес, Қожамбеттен тараған бүкіл Баймұрза, Жалмұрза, Есмұрза әулетіне түскен жара. Елдің еркек кіндік азаматы қорланып, түнеріп алған. Биылғы қан жайлауда осы елдің басын біріктіріп отырған ұйытқысы, пайғамбардай Сүтемген ақсақалдың баласын үйлендіріп, қашан қыстауға қайтқанша қырық күн ойын, қырық түн тойын өткіземіз деп лепірген жел көңіл су сепкендей басылып, жайлау үстінен тілсіз жау - өрт алапаты өткендей.

Жалмұқан болса Бақтыбай аулынан қайтқалы еліне көрінуге бетінен басып, басы ауған жаққа кетіп қалған. Өз елінде алдынан ешкім шықпай ерке тотай боп өскен бұла жігіт оқ тиіп қансыраған жаралы аңдай сенделіп, бөтен елде жүр. Жүйрік ат та, алғыр қыран, сұлу қыз да өзінікі болып, еркін иемденіп, ешкімнен қағажу көрмеген Жалмұқан есейгенше үйленбеген. Ештемеден беті қайтып, тауы шағылмаған бозбалаға қыз атаулы ұнамады. Ақыры бір тойда осы Ақтоқтыны көріп, есі шығып құлай сүйген. Бұрын сүю-күю дегенге күле қарап, мысқыл, әжуамен айтып, «шынымен ғашықтық деген бола ма екен? Әлде күйрек, осал жандардың бұл да бір бойына біткен айықпас дерті, ауруы ма екен» дейтін. Ел арасында айтылатын ертегі, хиссаларды естігенде ғашықтық жолында опат болған қыз бен жігіт жайындағы дастандардың әшейін қызықты оқиғасына елікпесе, олардың жастық сезіміне албырт көңілі онша ұйи қоймайтын. Әшейін бір аусарлық, ессіз құмарлық деп қана ұғатын. Ал Ақтоқтыны бір -ақ рет, онда да алыс отырып көрген Жалмұқан сол хиссалардағы албырт жігіттердей өзгеріп, күннен күнге күлкі ететін дертке шалына бастағанын сезгендей. Бұрынғыдай алдың-дұлдың бос селтекбай ойсыз кезбелік жоқ, жатса-тұрса бір көрген Ақтоқтыны ойлаумен әуре. Басында «қыз емес жын, пері шығар менің басыма пәле боп жабысқан» деп, ойламауға тырысса да, күн өткен сайын ол дертіне дауа таба алмайтын күйге ұшыраған. Жүзін қайда бұрса да, тек Ақтоқтының аулы, Ақтоқты жүрген, Ақтоқты күлген жақ қана қызықты, ыстық көрініп сол жаққа барғысы келеді де тұрады. Бірақ өзі барып сөйлесудің қыбын таба алмай, ақыры ұятты қойып ағайындарына сөз салып еді, олар бірден мақұлдап, көп ұзамай құдалыққа барып, Бақтыбаймен оп-оңай келіскен. Олай болмас деп Жалмұқан да ойлаған жоқ. Бірақ тап мынадай сүрінермін деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеп еді. Құдалық түскен соң көңілі жай тауып, атастырған қызды өзінің меншігіндей көрген жігіт, оң жақта отырып сайран салған қалыңдығының қылығына қара жердей боп өліп кете жаздады. Бұдан кейін елін көріп, әркімнің сырттан айтқан пыш-пыш өсегін тыңдап, өзі менсінбей жүрген қыздарының алдында масқара болғанша, қаңғырып өлгенді артық көрді.

Сүтемген болса баласынан әрі қан жұтып төсек тартып жатып алған. Сарыарқаны жайлаған иісі қазаққа мәлім мыңғырған малында, сән-салтанатында қисап жоқ, тасы өрге домалаған атақты бай қартайғанда көрген баласының қызығы үстінде осындай қазаға ұшырармын деп ойлап па?! Оның үстін кім басынып отыр. Ел ішінде мазаққа айналып, топас, надан атанған, жаман

Бақтыбай. Не деген масқара! Қазақта ең көп дау не - жесір дауы, жер дауы. Жер үшін неше бір қырғын қан төгісті басынан өткермеді. Сол қасиетті жерге де тарылмай, өзім дегенге кең қол Сүтемген жаман Бақтыбаймен құда болған соң, жат жұртқа қыр көрсеткендей інісінің жайлауын беріп, көрші қонып еді. Енді іргесіне келіп алып қызын басқаның құшағына қосып, ойнақты өз жайлауында салып отыр. Екі аяғымен жер тіреп, төбесімен көк тіреп жүрген Сүтемгенге бұдан артық қорлық, бұдан асқан мазақ бар ма?!

Табиғатында мінезі сабырлы, әр нәрсенің қыбын ақылмен тауып, аптықпай пішетін саясатқа жүйрік бай осы тұста сең соққандай қатты алдырып қалды. Сөз көтере алмайтын кісі, қайғыны жеңе алмайтын күйрек боп, күннен-күнге төмендей берді. Үйінің маңынан бала сөйлеп өтсе де, алыста біреулер күлсе де, қабағын тыржитып, ашу шақырады. Тіпті босағасында тұрған сабаны да шығартып тастады. Көрші киіз үйден күмпілдеген піспек даусы шықса да, «тоқтатыңдар, миымды шағып бара жатыр» деп кейиді.


Перейти на страницу: