Меню Закрыть

Жажда жизни — Саухат Жумагуль

Название:Жажда жизни
Автор:Саухат Жумагуль
Жанр:Биографии и мемуары
Издательство:
Год:2012
ISBN:978-601-292-648-4
Язык книги:Русский, казахский
Скачать:

Средняя оценка 0 / 5. Количество оценок: 0

В книге «Жажда жизни...» повествуется об известном общественном деятеле, инициаторе множества новых идей и предложений Иране Елюбаевиче Омарбекове. Он остался в памяти народа человеком, занимавшимся благотворительностью и совершавшим благие поступки для людей с ограниченными возможностями.

Несмотря на инвалидность, И. Омарбеков занимался бизнесом, меценатством, активно участвовал в общественных делах. За свой кропотливый труд Иран Елюбаевич был награжден орденом «Құрмет», медалями «Тәуелсіздікке – 20 жыл», «Астанаға – 10 жыл», стал лауреатом национальной общественной премии «Алтын жүрек», членом координационного совета в сфере социальной защиты при Правительстве РК и города Астаны.

Книга предназначена для широкого круга читателей.

Бұл кітапта белгілі қоғам қайраткері, талай тың ойлар мен ұсыныстардың бастамашысы, мүмкіндігі шектеулі жандарға жасаған қайырымдылығы мен ізгі амалдарымен ел есінде қалған өнегелі өмір иесі Иран Елубайұлы Омарбековтің өмір жолы баяндалады.

Кемтарлығына қарамастан И. Омарбеков бизнеспен айналысып, ме-ценаттық жасап, қоғамдық жұмыстарға араласып отырды. Осынау еселі еңбегі үшін «Құрмет» орденімен, «Тәуелсіздікке – 10 жыл», «Астанаға – 10 жыл» медальдарымен марапатталып, «Алтын жүрек» ұлттық қоғамдық сыйлығының лауреаты, ҚР Үкіметінің және Астана қаласының әкімдігі жанындағы әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің мүшесі болды.

Кітап көпшілік оқырманға арналған.

УДК 821.512.122-161.1

ББК 84 (5 Қаз-Рус)7-44

Ж 19

Выпущено по программе «Издание социально важных видов литературы» Комитета информации и архивов

Министерства культуры и информации Республики Казахстан

Ж 19 Жажда жизни... : Сост. Ж. Саухат. — Астана: Фолиант, 2012. —

176 с. + 20 с. илл. – На каз. и русс. языках.

Иран Омарбековтың рухына арнаймыз

ІҢКӘР ДҮНИЕ...

Қарашаның қара суығы келіп жеткен кез. Арқаның қоян жон төбелерін ақ тұманға орап, күрең күздің соңы бұрқасынға ұласты. Мұндайда Арқа төсіндегі жолдармен жарысып, сынаптай сырғып соғатын жаяу борасынның жанасалай келетіні бар. Әйткенмен, биылғы жылы сыры беймәлім сырғыма сұлқ тоқтады.

Алабозданып таң ата мамыражай тыныштық орнады. Күнмен таласа таңертең Ақсу-Аюлы адырларын алғашқы ақ қар көмкерді. Ақ таңда аппақ дала. Маңайыңдағы таулар да, тастар да ақ мамыққа оранып, көз қаратпайды. Аппақ адырлардың арасымен салынған салт жолдың үстінде ақ қарды қақ тіліп, төбеден тоят іздеген қырдың қыранындай құлдыраңдап келе жатқан қып-қызыл темір тұлпар бірден назарыңа түседі.

Кенет қарды қақ тіліп келе жатқан көлік көлбең ете түсті де, қар астындағы былшылдақ балшық пен қиыршық тастарды жан-жаққа шашырата шыр айналған күйі аударылып кетті. Көз ілеспес жылдамдықпен тас төселген тар жолдың етегіне төбесімен төңкерілген мәшине екі-үш домалап барып, төбесімен қара жерді сүзіп өтіп, айра-жайра болған көліктен адамдар ұшып кетіп жатты. Даңғұр-дұң-ғыр, алаң-елең, аспан жерге айналғандай сәт туды да, көлік етекте жатқан тастың жанына біткен қара ағашқа соғылған қалпы тоқтады. Осының бәрі қас қаққандай қысқа ғана уақыттың ішінде апыр-то-пыр болды. Артынша сілтідей тыныштық орнай қалды.

Үнсіз дала бойындағы үлкен жолдың үстіндегі техниканың тентектігі басылды. Аппақ даладағы қып-қызыл автокөліктің маңы қып-қызыл қанға боялды. Адам айырып көзге ілінер көріністің кейпі — арпалысып жатқан өмір мен өлім. Жапалақтаған жабысқақ

қардың астында жамандыққа жолыққан жанұя денені түршікті-рер суықта жанның аман қалуын ғана сұрап жалбарынар жанталас сәт.

Болған оқиғадан кейін тіршіліктің бар екенін білдіргендей алғашқы қимыл байқалды. Аударылған мәшинеден он-он бір жасар бала лезде болған жайдан шала-жансар есін жинаған бойы орнынан тұрды да, қиралаңдап майысып қалған есік жақтауын жалп еткізіп ашып, сыртқа шықты. Түк түсінбей, есі кіресілі-шығасылы күйде анасын іздей бастады. Бұл Талант болатын. Денесі ұйып, қабағынан аққан қан бетін жуып, үстіндегі киімдеріне сіңіп жатыр. Білегі мен тізесіндегі жаралар жанына батып барады.

Ол жанұшырып мәшиненің алдыңғы жағына қарай барды. Анадайда інісі ыңыранып жатыр екен, орнынан тұра алар емес. 4 жасқа енді толған кіп-кішкентай Ержан, қалай болғаны белгісіз, көліктің алдыңғы жағына арқан бойы жерге дейін ұшып кетіпті. Таланттың көп үлкендігі болмаса да, басына күн туған соң ересек кісіге айналып кеткендей еді. Ол жүгірген беті келіп, ағалық мейіріммен Ержанды бауырына басты. Екеуінің де етегі жасқа толды. Оқыс жағдайдан үрейі ұшып, жарақаты жанына батқан Ержан жұбанар емес. Оған «Қазір келем, қазір» деп Талант енді әке-шешесіне қарай ұмтылды.

Қалбалақтап, қолымен жер тіреп, етектен жығыла-сүріне көтеріліп, тас жолдың үстіне шықты. Жан-жағында жан көрінбейді. Жолдың қай жағынан келгендерін анықтап алайын деп оңы мен солына қараса, екі жақта да шоқшиған шоқылар. Күн төбеден ауып қалған екен. Арлы-бері жүгіріп, айналаға көз сүзе қарағанда жүз қадамдай жерде ақ қардың үстінде қызыл қанға малынып жатқан адам бейнесін көрді. Көзінен парлаған жас қабақтан аққан қанмен араласып, бет-аузын жуып жатыр. Сүртейін десе қолы икемге көнбейді. Сүйретіліп, аяғын сылти басып, әлгі адамға қарай жүгірді. Жақындаған сайын қиналып ыңыранған үні естіліп жатыр. Тас жолдан төменде жатқан анасы екен. Әйтеуір тірі. Қолы қиралаңдап, аяғы сүйретіліп әзер-мәзер келе жатқан жас бала бір сүрініп, бір тұрып, анасына қарай ентелей жетті.

Анасы аяғын қозғай алатын емес. Бір жамбастап жатқан күйі Талантқа ғана сенім артқаннан басқа дәрмен жоқ.

— Бар, әкеңді ізде... Ержаным не болды екен?.. Олар қайда?.. — деді даусы әзер шығып.

— Қазір, мама! Қазір!

Талант өзіне сенім арта сөйлеген анасына қамқор болмаққа бекініп қояды. Әйтсе де, өзі де жарақат алған. Қабағынан аққан жас тоқтар емес. Қанша дегенмен бала емес пе, анасының бауырынан да шыққысы келмейді. Әбден қорқып қалған, өне бойын үрей билеген Таланттың денесіндегі діріл басылар емес. Сөйтсе де, анасының тілегі бойына күш бітіргендей, бұлқына орнынан көтерілді де:

— Мама, мама, қорықпашы, мен қазір әкеме айтамын. Ол келеді. Сені көтеріп аламыз да, үйге барамыз. Әкемді білесің ғой, білесің ғой оны... Ол қазір келіп екеуімізді де көтеріп алады. Білесің ғой. Шыда-шы, қазір, мама! — деп орнынан тұрды.

Айналаға шола қарады. Әкесі көрінер емес. Амалсыз:

— Папа! Папа! Қайдасың?! Мамама көмектесші! — деп айғайлады.

Сүйретіліп анасының қасынан тұрған күйі тас жолдан төмендегі қара ағаш жақта қалқиып жатқан автокөлікке қарай беттеді.

Автокөліктің алдына түскен Ержаннан бес-алты адымдай әріде әкесі жатыр екен. Мәшина аударылғанда әкесінің қалай ұшып кеткені белгісіз. Алланың екінші өмір сыйлағаны болар, аман қалыпты. Талант күш-жігерін жинап, бар пәрменімен әкесіне қарай жүгірді. Қарлыққан даусымен «Папа, папа!» деп айқайлап келеді. Жанына жақындай беріп еді, әкесінің де «Аяғым... аяғым... қозғалтпайды... аяғым...» деп ыңыранғанын естіді. Бұл сөзді кейін әкесінің 20 жыл бойы қайталап өтерін, осы апаттың салдары өмір бойы оның соңынан қалмайтынын Талант ол кезде сезген жоқ. Тек қана жанының аман қалуын тіледі.

Жанталасып жүріп-тұруға жарайтын тек Талант қана. Жанардан аққан жасқа булығып, анасы жатқан жаққа қарап еді, үлкен жол үстінде кетіп бара жатқан машинаны байқады. Өздерінікіндей жеңіл автокөлік болуы керек. Амалы таусылған бала елпеңдеп, жол жаққа қарай жүгірді. Жылап-жылап даусы қарлыққан баланың айқайын

естімеді ме, әлде байқамады ма, мәшине тоқтамастан, зу етіп кете барды. Көмекке біреулерді тоқтатайын деп тас жолдың үстіне қарай көтерілді. Анадайдан қатты жылдамдықпен тағы да бір мәшине зымырап келе жатыр екен. Қолын көтеріп, жанталаса жүгіріп еді, ол да нәтиже бермеді. Шоқыны жаңа ғана асқан УАЗ автокөлігі қасынан зу етіп өтті де кетті. Қас қарая бастады. Алакөлеңкеде анасы бір жақта, әкесі бір жақта жатыр. Жаны қысылған бала шарасыздыққа налы-ған күйде бақырып жылап, тас жол үстіне етпетінен құлап, талық-сып кетті.

Біраздан кейін апатқа ұшыраған мәшине өзге көліктердегі жолаушылардың назарына ілігіп, алдымен тоқтағандары жапа шеккендерге көмек қолын созды. Иран мен Жанат жеңіл автокөлік «Жигу-лиге» отырғызылды. Иранның омыртқа жұлынына зақым келген екен. Оған мүлдем отыруға болмайды. Мойны тіптен ұстамайды. Жанында шыр-пыр болған жұбайы Жанаттың бір жамбасы шығып кетсе де, шамасының келген-келмегеніне қарамай, Қарағандыға дейін 170 шақырым жол бойы Иранның мойнынан бір елі қол үзбей ұстап барды. Иран «Аяғым... аяғым... ештеңе сезбейді...» деп қатты қиналып келеді. Балалар «КамАЗ» жүк көлігіне отырғызылды. Қара күздің алғашқы ақ қары осылай бір отбасындағы жандардың жаны мен тәнін мұзға қарытып, жаралай берді.

Бұл Алматы — Екатеринбург тас жолының бойындағы қаймана қазақ елі тәу ететін қасиетті мекен, Қаракесектен шыққан әулие, Абы-лай ханның қолбасшысы болған, қойнында киелі қызыл түлкісі бар Жидебай бабаның ақтық демі таусылып, жерленген тұсы болатын. Жидекеңнің жатқан жері жиде ағашының жаны еді.

Қарағандының Шет ауданының аймағында, өзінің әулие бабасының басында жол апатына душар болған жанұя Омарбековтердің отбасы болатын. Көптің бірі болмай, көктің күні болам деп қолын қияға созған, отызында оттай жанып, ормандай ойды арқалаған жігіттің жол апаты болған жерде екінші өмірі басталған-ды. Иә, өмір деген шынымен бес күндік жалған дүние екен! Бүгін барсың, ертең...

Омарбековтер отбасына, не де болса, артының қайырын бер дегеннен басқа қолдан келер қайран болмады...

Болашақтың бал базары

Иран Омарбеков 1959 жылдың 3 желтоқсаны күні қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Жарма стансасында дүниеге келген. Тағдырдың тап басып берген белгісі ме, әлде кездейсоқтық па, Иранның туған күні 3 желтоқсандағы Бүкілдүниежүзлік мүгедектер күніне дәл түседі. Бір қараған адамға осы сәйкестік спортпен шұғылданған, тепсе темір үзетін азаматтың кенеттен мүгедек болып қалуына алдын ала белгі бергендей болып көрінетіні анық. Не десек те, бұл күнді Алла тағала Иранның мейірімге зәру жандардың шапағатшысы болуы үшін бұйыртқан тәрізді.

...Иран Жармада жастықтың жайма-шуақ күндерін есте қалардай елеулі өткізді. Әкесі Елубай — қарапайым еңбек адамы, анасы Төлеуқайша — үй шаруасындағы адам. Жанұяларында жалпы жеті бала бар. Үлкені — Иран.

Арғы ата-бабасы Орта жүздің ішіндегі аға жұрт Арғынның Қаракесек руынан, Қаракесектің ішінде Көшім деген үлкен атадан тарайды. Жалпы Қаракесек руы екі үлкен атаға бөлінеді — Ақша және Түйте. Ақшадан — Бошан, одан — Байбөрі. Көшім — Байбөрінің бесінші баласы. Байбөрінің ішінде дербес ру атына ие болып, біршама өсіп-өнген ел. Ұрпақтары Жаңа Семей, Шар, Аягөз, Қазыбек би аудандарын мекен еткен. Көшім атадан Жаныс, Жақсыбек, Елшібек тарайды. Жаныстан — Жәменке, бұдан — Жидебай, одан — Мергенбай. Мергенбайдан — Әділбек, одан — Омарбек. Омарбектен — Балтабек, одан — Елубай. Елубай әкесінің елу жасында дүниеге келген, сондықтан есімі солай қойылған. Иран, міне, сол кісінің шаңырағында дүниеге келген бала.

1932 жылғы колхоздастыру кезеңінде қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы, Қу аудандарында тұратын Қаракесек қазақтарын жан-жаққа көшіріп, таратып жіберген. Айрандай ұйып отырған Қаракесек руының Көшім атасынан тарайтын ұрпақтары сол бір зобалаң кезеңдерде бірі Семейдің арғы жағына, біразы Павлодар облысының Ақсу, Ертіс, Май аудандарына көшіріліпті. Атажұртынан адасып қалғандықтан, олардың біразы нақты тек-түбірінен

ажыратылған теректей теңселіп, туыстарынан, енді бірі ата-анасынан айрылып, қиын күй кешеді. Иранның әкесі Елубай да сол зобалаң кездерде ата-анадан айрылып, балалар үйіне тапсырылады. Тағдыр тәлкегіне түсіп, мемлекет қарауында орысша ортада, кеңестік тәртіпте жетіледі. Сондықтан кейбір аталарының жай-жапсарынан мардымды мағлұматқа ие бола алмай, жетімдіктің азабын тартып өседі.

Кесапат кезеңнің шылауына іліксе де, Елубай тамырынан қол үзбей, Көшімдердің көбі мекен еткен Жаңа Семейде өседі. Бұл қалашықта олардың әкесінің үйі бар. Шар өңірінде ағайын-жама-ғайындарын тауып, табысып, отбасын құрады. Сөйтіп, ұрпақ сүйіп, балаларын білім жолына баулиды. Жеті баланың әкесі, немерелерінің атасы атанған ол тұңғышы Ираннан көп үміт күтетін. Көзінен от шашқан осы бір баласының болмысы ерекшелеу екенін байқап, әрдайым тілекші болып, батасын беріп отырушы еді.

Осындай адамның тәрбиесін көрген Иран бірыңғай төрелікке жақын, бірбеткей, алдына қойған мұратқа жетпей қоймайтын, мақсаткер жігіт болып ержетті. Батырға тән аңғалдығы да, мәрттігі де, мызғымас жігері де бар жігіт көпшілік ортасында бірден назар ауда-рарлықтай көрікті де еді.

Ешкімдікіне ұқсамайтын өзгеше өмір сүріп, ерекше болмысымен ел есінде қалған Иран бертінде балалықтың бал дәуренін былайша еске алғаны бар.

...5-сыныпты бітіргенше бала Жарма стансасында тұрады.

Ауыл баласына тән далалық пейілмен атқа аса үйір болыпты. Бұл— он бес республиканың барлығына, бүкіл Одаққа тараған Буян деген аттың кереметтерін бейнелеп түсірілген көркем фильм көрсетіліп жатқан кез. Балалардың бәрі Буяндай әрі ақылды, әрі жүйрік сәйгүлік-ті баптап мінуді армандап жүрген дәуір еді. Иран да тай кезінде үйреткен торы төбел құнанын күні-түні күтіп, баптап, желдіріп, тері алдырып, мүсініне қызығып, тамашалауға тоймайтын.

Ауыл баласы үшін аттың қызығы ешқашан таусылмақ емес. Құнаны кейде жайылымға жіберілген жерінде жоқ болып кетеді. Сондайда жылқысын іздеймін деп дала кезіп, ауылдан алыстап, адаса жазда-

ған күндері де аз болмады. Өзінің ең бір балалық ақ жүрегімен сүйген жүйрігін соғымның кезінде союға әкелгенде көз жасы көл болып, көкірек шері қарс айырылып жылаған екен. Баптап жүрген жүйрігін соғымға сойған әкесіне біраз уақытқа дейін наразы болып, іштей реніште жүреді. Ең бір жақынынан айырылғандай ауыр күндерді бастан өткізеді.

Сол жолы бала Иран өмірдің әділетсіздігімен алғаш рет бетпе-бет келген болатын.

Өнер өрімдей өсіп келе жатқан балаға рухани тәрбие құралы екені белгілі. Әкесінің Саша деген досы бірде сырнай әкеліп, Иранға сыйға тартты. Сырнай тартып үйрену баланың біраз күнгі ермегі болды. Сол аспаптан төгілген сырлы әуендер жүрегін жұмсартып, өнерге деген құштарлығын оятқандай еді. Өмірге құштар бала бұл өнерді де біразға дейін әуес қылды. Ауылдағы достарымен қосылып, қолы босаған сәттерде үлкендерге ермек етіп сырнай тартып береді. Солай ол ортасының ерке әрі сүйкімді баласына айналды.

«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, Иран адамның логикалық ойлау қабілетін дамытатын шахмат ойынына әуес болды. Ойының жүйріктігі бірден байқалатын бала бұл салада да қабілетті болып шықты. Әкесінің достарымен ойнап, жүрісінен жаңылдырып, шах-маттан жеңе білетін. Кей кезде әкесін де ұтып, соған мәз болып, өзі жадырап қуанатын. Ең алғаш мектеп ішінде өткен дойбы жарысында топтан озып келіп, сонау бір кеңестік кезеңдерде қол жеткізбес қаламсап ұтып алғаны да бар.

Иран кішкентайынан саяхат жасағанды да ұнататын. Өзіне деген сенімділіктен бе, ауыл арасы былай тұрсын, қалаға да қорықпай, жалғыз өзі жол жүріп кете береді.

Бірде мынадай жағдай болды. «Сабақты жақсы оқысаң, үй шаруасын ерінбей істесең, айтқан тілді бұлжытпай орындасаң, ақша берем», — деп еркелететін атасы мен жақын ағайынның барлық талаптарын бұлжытпай орындап, Иран біраз ақшаға кенелген. Жиған-тергенін бір мақсатқа пайдалануды бала кезінен бойына сіңіре білетін ол қаражатын қалтасына салып алып, Семейге жол тартып кетеді. Бар болғаны 12 жаста. Қытымыр қыстың суығына қарамай,

Жармадан Семейге аттанып отыр. Қалада Мұрат дейтін ағайы оқитын. Арқаның қақаған аязында ешқандай жаурағанды, тоңуды білмей, қаланы аралап, қыдырып шығады. Содан соң елден сұрастыра келе Мұрат деген ағасын оқуынан тауып алады. Бұл өзгелердің де Иранға деген сенімін оятқандай болды.

Өзіне ғана тән тәуекелшілдік пен батылдығы бар бала ештеңе-ден мойымады.

Әйтсе де, балалығына сай аңқаулығы мен аңғалдығы аңғарылып жататын. Үшінші сыныпта оқып жүргенінде тәртіптілігі мен жақсы оқығаны үшін үлкендер оған «Урал» велосипедін әперген. Таңнан кешке дейін сол көлігін қызықтап, жуып, сүртіп, әуре болатын да жүретін.

Бірде велосипедін жанына сәндеп қойып, ауыл балаларымен асық ойнап жүргенінде жандарына қою мұртты бір орыс келеді. Велосипедті көріп: «Сәні де, өзі де келіскен екен», — деп мақтай жөнелген бейтаныс адам ауыл сыртында орналасқан темір жол депосы-на барып келу үшін Ираннан темір тұлпарын сұрай бастайды. «Қазір тезірек жетпесем, бастықтан сөгіс аламын, бір сағатқа бере тұр», — деп жалынады. Өзгені аяп, жаны ашып тұратын бала танымайтын адамға сенім артып, велосипедін әлгі орысқа беріп жібереді. Кеткен соң бір сағат тосады, келмейді. Екі сағат тосады, әлгі орыс мүлдем қара көрсетпейді. Сөйтіп, қас қарайғанда әлгіні күте-күте көзі талған бала жұлдыздардың жарығымен денесі дел-сал болған күйі үйіне сүйретіліп жетіп, құлай кетеді. Адамды алдаған арсыздың қылығына күйінген ол жаны жабырқап, кәдімгідей қорланып қалады.

Осындай ию-қию кереғарлық пен кереметтерге толы балғын балалық та өте шықты. 8-сыныпты аяқтаған соң автомеханик-тер дайындайтын техникумға түспек болып, құжаттарын жинап алып, Иран Семейге аттанады. Бозбала екі емтиханды қатарынан үздік тапсырады да, соңғы емтиханын тапсыратын сәтте Мұрат ағасы: «Оныншы сыныпты бітіріп бір-ақ кел», — деп ауылға қайтып, оқуын жалғастыруға кеңес береді. Оқыған, көкірегі ояу, көзі ашық ағасының ақылын тыңдайды да, Иран ауылға қайтып келіп, оқуын жалғастырды. Ауылдағы спорт кешеніне барып, дене тәрбиесімен шұғылдана бастайды. Айтулы азамат болып өсуі үшін жігіттің

қарулы әрі денсаулығы мығым болуы шарт. Бұл салаға бет бұрғалы Иран ерінбей-жалықпай, жаттығулардан қалмай, таңнан кешке дейін спорт залынан шықпай, қабілетін танытып, бар жанын салып, жақ-сы-жақсы көрсеткіштерге қол жеткізеді. Спорттың волейбол, баскетбол түрлерінен облыстық, аудандық жарыстарға барып, 1-санатқа көтеріледі. Сонымен қатар ауылдағы бокс жаттығуларына қатынасып, күшін сынап, достары арасында да біршама білекті екенін байқатады.

Иранның алысқанды алмай қоймайтын, айласына амалы сай әдіскер, алып та, шалып та жығатын білекті болғанын достары, әріптестері, таныстары әлі күнге дейін елжіреп еске алады.

Иә, солай Иран жүрегіне білегі сай қайтпас қайсар спортшыға айналды.

1977 жылы мектепті бітірген соң Семей педагогикалық инсти-тутының денешынықтыру факультетіне құжаттарын тапсырды. Алайда емтиханның барлығынан өтіп тұрып, конкурста ұпайы жетпей, оқуға түсе алмады. Әйтсе де, спортпен шұғылдануды тастаған жоқ. Ол атасының айтуымен Семейде жаңа ашылып, талапкерлерді топырлата қабылдап жатқан Семей топографиялық техникумына барып, инженер-геодезист мамандығы бойынша оқуға қабылданды. Сонда студент бола жүріп спорттың түрлерімен шұғылданып, жаттығу залдарына қатынасып, денешынықтыруға толықтай көңіл бөлді.

Қайран, жастық!

Иранның студенттік өмірі есте қаларлықтай әсерлі оқиғаларға толы болды. Жастықтың жалынды сәттерін өз мамандығын жетік меңгеруге арнаған Иран алған бағыты айқын жігіт еді. Оқуға түскеннен кейін мамандығын сұрағандарға «Келешекте топограф боламын» деп масаттана жауап беретін. Алайда бұл мамандықты көпшілік біле бермейтін еді. «Құдай-ау, біз сені әжептеуір бір маман болып шығады деп жүрсек, фотограф болады екенсің ғой» деп таңғалысатын ағайындары. Осылай топограф пен фотографты айыра алмайтындар кезігіп жатты.

Жер қабаттарын зерттеп-зерделейтін, геологияның үлкен саласы геодезия жас жігіттің арман-қиялын жаулап алды. Таңдаған мамандығының қыр-сыры тереңде екен, соны ақтарып, ұққанша асықты. Сабақ барысында студенттер тау-қыраттарды, сай-саланы кезіп, далада зерттеу жүргізіп, тәжірибе жинақтайды. Жер қабаттары мен жер бедерлерін арнайы мамандандырылған қондырғылармен, құрылғы-құралдармен өлшеу, үлгі мен ұлағатқа толы ұстаздардың бұл саладағы қызықты әңгімелерін, сабақтарын тыңдау келешек маман үшін өте қызықты көрінетін. Ол осы мамандығын жанымен сүйді әрі оның биік шыңдарына жетіп, өзінің жеке кәсібіне айналдыра білді. Студенттік өмірдің естелігіндей бозбала болып, шаш қойып, қызға қырындайтын қызықты кезең де осынау бір 18-20 жастың арасында болады.

Иран бастапқы жылдары өскен ортасы мен достарын қимай, үйін сағынып, ауылға тартып кететін. Бірде жолы түсіп елге барғанда достарынан ауылға жақында ғана Жанат деген сұлу қызы бар бір отбасы көшіп келгенін естіді. Алдында ағасы, артында тетелес інісі бар, өзі ерке, еркін өскен қыз ешкімнің құрығына ілікпей, тәкаппарлық та-нытып жүрген секілді. Достарының әңгімесінен байқағаны, ақша жүз, алма бет, сұңғақ бойлы, талдырмаш, ашық-жарқын, әдемі қыз көбінің аузының суын құртып жүр екен. Ақылына көркі сай аруды Иранның да көргісі келді. Сөйтіп, достарымен ақылдаса отырып, ауылға келген сұлумен кездесуді ойластырды.

Ақыры сәті түсіп, Иран Шар қалашығының шағын спорт алаңына волейбол ойнауға барып Жанатты көрді. Жанат та спортқа әуес екен. Жаздай жадырап, еркін өскен ерке қылықты қыз Иранның назарын өзіне аудара берді. Доп әдіре қалған. Жігіт қысылмастан қызға бас-тан-аяқ қарап, көзін алмай үзіле тұрып алды. Мұны сезген Жанат іштей қысыла бастады. Бұл да қыздың ер жігіттің жанарынан жасып, алғаш рет ұялуы болатын. Екі беті ду етіп, қызарып шыға келді. Өйтпей ше, өзіне қадала қарап тұрған жігіт те бұрын-соңды көрмеген, аққұба өңді, қасы-көзі қап-қара, сымбаты келіскен ұзын бойлы жігіт. Қыз сасқаннан маңайына маңғаздана қарады да, ойын алаңын тастап, бұрылып, үйіне қарай жөнелді.

Бұған дейін өзін ұл баладай көріп, араласып жүрген бозбалалардың дәл осындай жігіттерше назар аударғанын байқамайтын қыз осы сәттен кейін алғаш рет өзінің бойжеткенін аңғарғандай. Тұла бойы тұншығып, ерекше бір толқынысқа тап болды. Жүрегі құрғыр дүрсілдей соғады. Өне бойын ыңғайсыз бір сезім билеп кеткен тәрізді. Бірақ ғашықтық па, махаббат па, әлде жай ұялу ма, өзі ештеңе де аңғара алар емес...

Осы кездесуден кейін Иран да Жанатқа есі кете ғашық болды. Сезімі тулап, өзіне бағынбастай. Қызға ынтықтық бойын билеп сала берді. Тағы да бір көрсем, сөйлессем, сырлассам деген арман мен аңсар пайда бола кетті.

Бүкіл әлем мен алты құрлықта дәл мұндай ару жоқтай көрінеді. Ауылына арнайы айдың аузынан, күннің көзінен жаратылып, пейіштен келген періште ме дерсің? Бойын ынтызар сезім билеген жігіт қызбен жақынырақ танысып, сырласуға асыға берді...

Алғашқы көрген сәт әрқашан есте қалады. Алайда бір көргеннен ғашық болғандардың, ілуде біреуде болмаса, болашағы баянсыз, келешегі кемелсіз болып келеді. Мұндай сезімді таңдағанына табанды, ұнатқанына тұрақты, қиындығына шыдамды нағыз адамдар болмаса, көбі көріп ғашық болып, аз-маз күйіп-піседі де, көрсеқызар-лыққа салынып кете береді.

Алайда Иран мен Жанаттың бір-біріне деген ынтызарлығы ондай лап етіп сөнер сезімге айналған жоқ. Махаббат алауы бүкіл өмірге серік болар жылуына, бақытына, тірегіне айналды.

Похожие книги

С любовью — Ваш Ашимов — Ашимов Асанали
С любовью — Ваш Ашимов — Ашимов Асанали Живая легенда казахского театра и кино, актер Асанали Ашимов написал мемуары, где рассказывает о своем детстве и юности, о карьере, о трудностях профессии, о безвременно ушедших… Читать
Собрание сочинений. Книга 1 — Әлихан Бөкейхан
Собрание сочинений. Книга 1 — Әлихан Бөкейхан Қазақтың ұлы қоғам және мемлекет қайраткері, ғүлама ғалымы Әлихан Нүрмүхамедүлы Бөкейханның есімі кеңес дөуірінде бір жақты қаралып, соның салдарынан оның өмірі мен ғылыми шығармашылығы мүлдем зерттелінбей… Читать
Личность и Время — Дмитрий Снегин
Личность и Время — Дмитрий Снегин Книга известного литератора, историка и политолога Владислава Владимирова дает емкое представление о светлом облике крупного  поэта и прозаика, переводчика, публициста, драматурга, общественного и государственного деятеля, вдумчивого… Читать
1 жыл 11 ай 3 күн — Ермұханбет Қуандық
1 жыл 11 ай 3 күн — Ермұханбет Қуандық Кітаптың авторы 1986-ның Желтоқсанында студенттер арасына қозғау салып, алаңға шығуды алғаш ұйымдастырушылардың бірі. Азаматтық құқығын талап еткені үшін отаршыл-озбыр жүйе тарапынан қатал қуғынға ұшырап, жазықсыз сотталып,… Читать
Свет Очага — Шамшиябану Сатпаева
Свет Очага — Шамшиябану Сатпаева В книге представлены новые, малоизвестные материалы о ближайшем окружении К. И. Сатпаева и о его ранних трудах политературе и искусству. Преподавателям, студентам вузов, школьникам, широкому кругу… Читать
Герольд Бельгер. Личность и время — Жанна Ескуатова
Герольд Бельгер. Личность и время — Жанна Ескуатова Герольд Карлович Бельгер - человек уникального таланта и необычной судьбы, писатель, переводчик, публицист создающий произведения на трех языках - казахском, немецком и русском. В данной книге… Читать
Истоки — Зауре Омарова
Истоки — Зауре Омарова Посвящаю светлой памяти дорогих родителей Копена Жиенбаевой и Садвакаса Нысанбаева. Предисловие Я не писатель и не журналист, по специальности — горный инженер. Начиная с шахты и… Читать
НӘЗІР ТӨРЕҚҰЛОВ
НӘЗІР ТӨРЕҚҰЛОВ Токаев К.К. (Почетный президент фонда) Найманбай А. (Президент Фонда) Айтаханов К., Алтынбеков. С.С., академик Бердибай П., Бердияр К.Т., Куандык М., профессор Сапарбаев А., Исмаил М.Г. ПРОБЛЕМЫ… Читать