Жажда жизни — Саухат Жумагуль – Страница 3
| Название: | Жажда жизни |
| Автор: | Саухат Жумагуль |
| Жанр: | Биографии и мемуары |
| Издательство: | |
| Год: | 2012 |
| ISBN: | 978-601-292-648-4 |
| Язык книги: | Русский, казахский |
| Скачать: |
Ал Елтай Иранға ота жасалатын күнге дайындалып жүрген. Бір күні оған Жанат қоңырау шалады да, ота жасау бейсенбіге ауысты-рылғанын айтады. Бейсенбі күні таңмен таласа тұрып, Елтай Екібас-тұздан Қарағандыға келеді. Иран жатқан жан сақтау бөлмесіне жетіп келсе, Иранның орны бос жатыр. Жүрегі тас төбесіне шыққан ол аңтарылып тұрып қалады. «Иран өмірден өтіп кетіп, моргке алып кеткен екен ғой...» деп ойлайды. Өз ойынан өзі үріккен ол Иранның жанында жатқан сырқатқа ақырын келіп:
— Кешіріңіз, мына жерде жатқан сырқат қайда екен, білмейсіз бе? — деп сұрайды.
—Иран Омарбеков пе? Оны алып кетті таңертең... — деді ыңыранып жарақаттан қиналып жатқан сырқат.
—Қайда әкетті екен?
—Оны бүгін Семейге ұшақпен алып кетті деп естідім.
Елтай «Тірі екен ғой, тәуба» деп тулай соққан жүрегі қайта орнына түскендей жаны жадырап сала береді. Сөйтсе, мойын омыртқасын салғанда пайдасы тигенін көрген Серік күнде сынықшыға сипатса, шипалы қолының дауасы тиер деген үмітпен Иранды Семейге алдырған екен. Сонымен Иран Семейде екі айдай жатады. Аяғына ауыр гипс салынған Жанат та балаларын алып келіп, ерінің жанында болады.
Ирандар Семейге барған соң Серіктің үйінде жатып, оған Рыс-бек келіп-кетіп ем жасап тұрады. Семейде екі ай жатқан соң бұл жақтағы дәрігерлер оған операция жасау керек деп шешеді. Қолы аз-маз қимылға жарап қалған Иранды Елтай сәуір айының басында жанұясымен Екібастұзға алып келеді. Жанат балдақпен жүреді. Ал Иранға белден төмен, тұтас аяғына гипс салып тастаған. Келгелі бері Елтай да қол үзбей массаж жасайды. Денесін түк қоймай уқалап, басынан төмен, мойын омыртқасы тұсынан бастап, аяғына дейін массаж жасайды. Денесі терлеп-тепшіп болбырайды. Бір күні Елтай гипсті шешіп тастайды. Сөйтіп, қарсылық танытқанына қарамастан, Иран-ды көтеріп әкеледі де, су бассейініне тастай салады. Иран бірден судың астына кетіп қалады. Дегенмен жан керек, аяқ-қолын тырбаңда-тып, тал қармайтын хал жинап, әзер-мәзер су бетіне шығады. Елтай:
— Қалай, өлгің келмей ме? Жан керек болған соң шықтың ғой су бетіне, — деп қалжыңдап оны қайрап қояды. Иран:
— Елтай, қинама әдейі. Болды енді... — деп жалынып, жалбарынып жатады. Бірақ су массажының көп көмегі барын білетін Елтай оны судан шығаруға асықпайды. Осылайша нағыз жанашыр жақын досы жанынан бір елі қалмай жүріп бірде суға түсіріп, бірде қолымен уқалап, Иранды бетін бері қаратады.
Массаждың көп пайдасы барын түсінген Жанат та қол үзбей уқалаумен болды. Ол тіпті көптеген әдебиеттерді алып, газет-журнал қарап, мойын омыртқасынан жарақаттанған сырқатты емдеу жолдарын қарастырады.
Басына қиыншылық түскенде әркім әр түрлі қабылдап жатады. Омарбековтердің отбасы қиындыққа қайыспас қайсарлықпен төтеп берді. Мысы басылып, бордай үгіліп қалатын әлдебіреулердей емес, бірден етек-жеңдерін жинап алды. Алда үлкен қиыншылықтар тосып тұрғаны тағы белгілі. Тағдырдың үкімімен Иран төсек тартып жатыр. Басталған бизнесі орта жолдан тоқырап қалар қаупі тағы бар. Барлығына ие болады дейтін балалар жас. Ендігі ауыртпалықты көтеріп, ер азаматтың да, әйелдің де жүгін арқалау үшін Жанаттан басқа үміт артар ешкімі жоқ.
Осындай қиын сәтте Жанат педагогикалық колледждегі жұмысын қойды. Ендігі уақытын жан жары Иранды күтіп, емін жасауға арнады. Ол ғана емес, балапандарын тарықтырмай, тұрмысқа керек нәпақасын тауып, Иран бастаған жұмысты ары қарай жалғастыру жағын да мойнына алды.
Жол апаты болғанға дейін жиып-терген ақшаның да түбі көріне бастады. Жанатқа өзінің әшекей бұйымдарын сатуға тура келді. Үйдегі бағалы жиһаздар мен киім-кешекті де ақша қылып, сүйікті жары Иран үшін барын аямады. Әйтеуір, қиындықтан шығудың жолын ойлады.
Қайта түлеу
Жанат жер жобалау-зерттеу жұмыстарын жүргізетін кооперативтің жұмысын жүргізуге кіріскен. Қызметтік әңгімелер болса, Иранның
құлағына телефон тұтқасын тосып сөйлестіреді. Келісілген шарт бойынша жұмысты тиянақтауға өзі барады. Онда бәрі айтқанындай бола қоймайтыны тағы белгілі. Жұмысты соңына дейін қадағалап, жолын, есебін табу тағы да Жанаттың мойнына түседі. Еріне қиналғанын сездірмеу үшін Жанат қайраттана түседі.
Қол-аяғы сал болып, төсекке таңылып жатқан жігітті жас нәресте-дей күтіп-бағу, көңілін табу жол апатынан өзі де жарақат алған Жанат үшін оңай міндет болған жоқ. Бұған тек жігері мықты, рухы бекем адамдар ғана төзе алады. «Қыздың қырық жаны бар» деп қазақ тегін айтпаса керек. «Басқа салса баспақшыл» демекші, тағдырдың маңдайға жазғанына Жанат көндіге берді. Тосыннан тиген ауыр соққының салмағын шыдамдылықпен көтеріп шықты. Бірақ бір кездегі алпамсадай атпал азаматтың шөгіп, қаңылтақтай болып қалған бейнесін көрудің өзі жан ауыртатын еді. Өзінің отбасына деген сүйіспеншілігі, жан жарының адалдығы мен махаббаты үшін Жанат Алладан төзім тіледі.
Бұл, шындығында, бейнелеуге тіл жетпейтін зор ерлік, адамдық асыл қасиет. Мойнына қамыт болып ілінген осы бір жүрек сыздатар қиындықты Жанат Алладан келген сынақ деп қабылдады. Жамандықтың соңында бір жақсылығы боларына бек сенді. Жарқылдап жүріп әрекет етіп, берекетін күтті. Оның барлығы да нәтижесіз болмады.
Осылайша күндер, айлар, жылдар өтіп жатты. Иранның көрінбеген жері жоқ. Қаншама ауруханалар мен шипажайларды, бейімдеу, оңалту орталықтарын пана тұтып, шамасы жеткен жердің бәріне бара берді.
Дертке дауа іздеп жүрген күндердің бірінде Бурятияда тибет-моңғол медицинасын меңгерген Лама деген емші бар деп естіді. Жан-жақтан сұрастыру арқылы оның да мекенжайын анықтап алған соң, Бурятияға жол тартты.
Достары мен туыстарының сүйемелдеуімен Ламаның қабылдауына келген Иран өзіне өмір сүруді үйрететін керемет ұстаз тап-қандай қуанды.
— Иран, біз бұл өмірде бәрібір кездесуіміз керек болатын. Сондықтан Жаратушының жазуымен жүздесіп отырмыз, — деді Лама әуелгіде.
Әңгімені әріден тартқан емшіге Иран таңырқай қарады:
— Неліктен бұндай жағдайда кездестік? Басқаша жолмен-ақ жүздесуге болушы еді ғой, — деді мұң шаға.
Әйтсе де, Ламаның сөзі ерекше әсерлі болды:
— Сен тым асығып, асып кете жаздадың, сені Жаратушы тоқтатты. Бұны бейнет деп есептемеуің керек. Өйткені артында үлкен береке бар. Әрбір қасіретті қайғының артынан Жаратушы иеміз қасиетті қайырын береді. Егер бұлай тоқтамағанда, сенің бойың-дағы ерекше энергия қандай жағдайға апарары белгісіз еді...
Иран «Бұл не деп тұр?» дегендей, түсініксіз күйде үнсіз қалды. «Егер асқан-тасқан энергиям болса, мұндай дәрменсіз болмас едім ғой» деген пендешілік ой да орын алып үлгерген.
Ал Лама сөзін жалғап жатыр:
— Сенің ендігі іс-әрекетіңнің барлығы мұң-мұқтажға толы мү-гедектерді, ғаріп-ғасірлерді қолдау, қорғаштауға арналады. Сен еліңе, жеріңе, жанары жәудіреген жәутең көз, мүмкіндігі шектеулі жандарға керек болғаннан кейін осы өмірге оралдың. Сенің жаныңды Жаратушымыз аман сақтады. Мұны сен бүкіл болмысыңмен қабылдауың керек!
Иранның ойы сан саққа жүгірді. «Шынымен айтқаны орындалып, табаным жерге тиер ме екен?» деген үміт те қылаң берді. Оның ішкі толқынысын Лама да сезе қойған тәрізді:
— Қорықпа, Иран. Маған сен, мен сені аман болсам, аяғыңа тұрғызамын. Сен әлі халықты емдейтін ғұлама емшіге айналасың. Тек қана осы айтқандарымды жадыңда ұста. Сені кемел келешек тосып тұр. Соған күмәнсіз дайын бол. Алдыңа қойған мақсаттырыңның барлығына да жетесің. Елдің тұтқасын ұстаған азаматтардың қасында жүресің. Биіктерден көрінесің, — деді ол біраз ойға шомып. — Мен сенің атамекеніңе де барамын. Бұның барлығы менің қалауым емес, Жаратушының қалауы.
Иран өшкені жанып, өлген үміті тірілгендей жан дүниесі ерекше күйге бөленіп, арман аспанында қалықтағандай болды.
Осылайша басталған таныстық үлкен парасатқа толы ерекше жарастыққа ұласты.
Айтқандай, моңғол-тибет медицинасының докторы Лама Су-гар Цэдэн Ху Екібастұзға келіп Иранды балдақпен басып жүретін жағдайға жеткізді. Екібастұзда жергілікті халықты қабылдап, жарымжан жандарға, кемтар ғаріптерге, түрлі аурумен ауыратын сырқаттарға шипасы тиіп, жақсылығын көрсетті. Иран мұндай әрекетке үлкен мүмкіндік жасады. Оған емделушілердің легі толассыз ағылып келіп жатты. Ұзақ жатуға мүмкіндігі болмаған Лама екінші қайтара келуге уәде етіп, еліне қайтқан болатын. Бұл оқиға сол кездегі облыс әкімі Даниял Ахметовтің құлағына жетіп, арнайы шақыруымен Сугар Цэдэн Ху Павлодар, Екібастұз қалаларына екінші қайтара шақырылды.
Тағы бір кездескен сәтінде Иранның кеңдігі мен ерлігіне, жалпы болмысына сүйсінген Лама:
— Мен о дүниеге кетсем де, сені рухыммен қорғап, демеп жүремін, — деп зор ықылас білдірді.
Иран Ламаның емінен кейін ерекше рух алғандай қайта түлеп, жауыннан кейін жапырақ жайған қайсар емендей еңсесі көтеріле түсті. Қолы мен аяғы икемге келіп, қимылдай бастады.
Әлсіз болса да, қолдарымен оны-мұны заттарды өзі икемдей алатын күйге жетті. Ақырын-ақырын еңбектеп, бір жерден екінші жерге жете алатын шамаға келгенде Жанат шексіз бақытқа кенелді.
Сөйтіп, Лама үйретіп кеткен емді шеберлікпен қайталауының арқасында Иран да қатарға қосыла бастады. Күні-түні қол үзбей Жанат массаж жасап отырады. Иранның өзі игерген денешынықтыру жаттығуларын жасап, жалықпай, алға тырмысады. Нәтижесінде санаулы күндерден соң кеше ғана дәрігерлер өмірі үзіледі деген азамат балдақпен тұрып, қадам басатын болды.
Айтпашқы, Иран сал боп жатқан кезде достары оған мүгедек-тер арбасын әкеліп берген. Бұл Жанатқа ұнай қоймаған.
— Иран мүгедектер арбасына таңылып отырмайды. Құдай қаласа өз аяғымен жүреді. Ол үшін барлық мүмкіндікті жасаймын, — деп арбаны балконға шығартып тастаған еді көреген әйел.
Бірде кішкентай Ержаны әкесіне қағазға мөрдің суретін салып әкеліп, қолына қалам мен қағаз, портфель ұстатты да:
— Папа, міне, саған мөр мен папкаңды, құжаттарыңды әкелдім. Енді орныңнан тұр да, жұмысыңа бар. Сені жұмыста тосып отыр, — деді еркелей тіл қатып.
Бала болса да оның осы бір ауыз сөзі әкесіне әрқандай емнен артық әсер еткендей еді. «Құланның қасуына мылтықтың басуы дәл келіпті» демекші, осы оқиғадан кейін көп өтпей үйіне досы Жеңіс Қайдарұлы келді. Жай келмепті, ұсынысын айта келіпті:
— Маған сенің қол-аяғыңның керегі жоқ, ойлау қабілетің мен білімің, басың керек, — деді бас архитектор.
— Иран, сен біраз жаттың. Қазіргі жағдайың жаман емес. Балдақпен жүріп-тұрар жағдайға жеттің. Енді ақырындап жиналып, жұмысқа шығып көр. Біздің мекеменің архитектура бөлімінде жо-балау-зерттеу саласы бойынша қызмет дайын. Жұмысты алып кететініңе мен толықтай сенімдімін, — деп ағалық, достық көңілмен жігер бере өтініш айтты.
Бұндай тосын ұсынысты күтпген Иран не дерін білмей сасқалақтап қалды:
— Мына түріммен қалай жұмыс істемекпін? Басқа қызметкерлер қалай қарайды? Көрінгеннің көзіне түрткі боламын ғой, — деп сұраулы жүзбен Жеңіске қарады.
— Маған сенің қол-аяғыңның керегі жоқ, ойлау қабілетің мен білімің, басың керек, — деді бас архитектор.
Жеңіс Қайдарұлының көңілге қонымды сөзінен кейін Иранның келіспеске амалы қалмады. «Жатқанға жан жуымас» деп шешкен ол ертеңіне шынымен жұмысқа шығуға дайындалды.
Әрине, жұмысқа шықса, қимыл-қозғалыс көбейеді. Адамның ойы тазарады. Өзінің тірі екенін сезінеді.
Иранның бұл қадамын Жанат пен балалары да қуана қолдады.
Иран балдаққа сүйеніп бір-екі қадам жасағаны болмаса, әлі еркін жүріп үйренбеген. Ертеңінде таң атпай жолдастары келді де, Иранды арқалап апарып мәшинеге отырғызды. Мекемеге жеткен соң көтеріп, кабинетіне апарып жайғастырды.
Осы тірлік күнде қайталана бастады. Кешкілік те достары кезектесе үйіне алып қайтады. Сал болып төсек тартып жатқан достың қатарға қосылып, жұмысқа барып-қайтып, ел қатарлы жалақы алып, еңбекке жарағанына барлығы ерекше қуанысатын. Кеше ғана аттай шауып жүріп, бүгін енді біреудің арқасына мініп, жұмысқа барып қайтуы бастапқыда Иранға біртүрлі ерсі көрінді. Кездескендерден, әріптестерінен қысылып-қымтырылып берекесі қашады. Алайда уақыт өте келе бұған да еті үйрене бастады.
Мүгедектікті мойындау арманы асқақ адам үшін өте ауыр еді. Әйтсе де, «Жазмыштан озмыш жоқ». Тағдырдың бұйрығы солай болған соң, оған қарсы шығу пенденің еркінде емес екен.
Жеңіс Қайдарұлы осынау күндерді өз естелігінде:
— Иран білігі мен білімінің арқасында берілген жұмысты бірден меңгеріп кетті. Тіпті менің қабылдауымнан гөрі Иранның кабинетіне адамдар толассыз келіп жататын. Жұмысты үйіріп алып кететін қабілетіне таңғалатынмын, —деп еске алады.
Осылайша Иран жол апатына ұшырағаннан кейін араға екі жыл салып алғашқы жұмысын архитектура бөлімінде бастады. Кейіннен өз кәсібі бойынша жалғастырып әкетті.
Адамға берілген саулық, адамның әр ағзасы Алла тағаланың адамға берген аманаты екен. Қандай жағдайда да оған көңіл бөліп, денсаулықты барынша күту — адамның парасаты мен ішкі мәдениетінің бір белгісі. Ал Иранда олай етпеске шара да жоқ еді. Сондықтан жұмыс істеп жүрсе де ол емделуді тоқтатқан емес. Өзін-өзі алып кету үшін оқып, іздене берді. Қай жерде мықты дәрігер бар десе, соны іздеп, аяққа тұруға ұмтылды. Келе-келе өзі де медицина саласынан әжептеуір сауатты болып алды. Бейнетке тап болған
Иран емделудің тиімді жолдарын енді өзі ойластыра бастады. Өзі сияқты мүгедектерге жәрдемі тиетін оңалту орталығын немесе мүгедектерді емдейтін емхана ашу керек деген тоқтамға келді. Алпауыт ойлармен алысып жүріп оған керекті қаражат табудың жайын қарастырды.
Бейімдеу орталығына барып, нар тәуекелге бел буып, сіресіп қалған аяғына ота жасату Иранның арманы болатын. Сол мақсаттың жетелеуінде сәті түскен күні Елтай, Иран, Жанат, Ғасыланым – барлығы Қарағандыға жол тартты. Бірақ мұндағы бейімдеу орталығында қолы немесе аяғы кесілген жап-жас, өрімдей қыз-жігіттер-дің арбаға таңылып отырғанын көріп, аласұрып келген көңілдері су сепкендей басылды. Әйтсе де, достарымен ақылдаса келе, «Шешінген судан тайынбас» деп ота жасатуға бел буды.
Елтайдың айтуынша, «Бесінші омыртқа орнынан шығып кеткен, соны ашып, ми қабыршағымен қапталған жұлынның сыртындағы жұқа пленканы ашып, жүйке талшықтары мен жұлынды жөндеп қайта жапса, аяққа мидан бұйрық беріліп, өздігінен қимылдауға жарап қалуы кәдік». Өкінішке қарай, ол үміт ақталмады. Операция жасалғаннан кейін омыртқада ешқандай өзгеріс байқалмады. Осыдан кейін Иран ешкімге сенбей, өзінің түйсігі мен мүмкіндігіне ғана үміт артуды жөн санады.
Тағдыр тауқыметі қайсар мінезді Иранның тауын шаға алған жоқ. Алдағы күндерін бір Аллаға тапсырып, ендігі уақытта өзі сияқты жаны жарым, мүмкіндігі шектеулі жандарға қорған болып, көмек қолын созу үшін жеке тіршілігін бастауға белін бекем буды.
Ақ қанатты періште
Тәлкегі мен теперіші қатар жүретін тағдырда, өкініші мен өкпесі көп өмірде сайдың тасындай қаншама ұл-қыздарымыз басқа түскен қиындықтарды көтере алмай, еңсесі езіліп, жігері жасып, замана салмағына шыдай алмай морт сынып, бордай үгіліп жатыр. Әсіресе, жүре келе кезіккен кесапат кемтарлықтарға шыдай алмайтындар көп. Бірі жол апатына түсіп, бірі өндірістен алған жарақаттардың кесі-
рінен, енді біреулері ауруын асқындырып алғандықтан мүгедектік тағдырға тап келіп жатады. Ал тау мен тасқа секірген еліктің лағындай еркін жүріп-тұрудан қол үзу деген өмірдің барлық бақытынан бас тартумен бірдей. Бұндай тоқырауға көндігу көрінгеннің қолынан келе бермейді. Ауыртпалықтың азабынан психологиялық құлдырауға түсіп, бірі арақ ішіп азаптан арыламын десе, енді біреулер қайғы жуатын басқа жолдар іздестіреді, өзіне қол жұмсайды, азады, тозады, ешкімге керегім жоқ деп қиындыққа бой алдырып жатады. Көшеде қолын жайып, қайыр сұрап, түк істемей табыс табуды кәсіпке ай-налдыратындар да болады. Қоғаммен де, өмірмен де араласпай, төрт қабырғаға қамалып, үкімет берген жәрдемақыны қанағат тұтып, не өзіне, не өзгеге зиянын да, пайдасын да тигізбей, өмірден тірідей қол үзетіндер де кездеседі.
Қилы-қилы қиындыққа толы тағдырмен тайсалмай күресіп, тіршіліктің ауыр соққыларымен батырлардай тіресіп, келешегінен қол үзбей, жеңемін деген жігерін жанып, тағдырдың тауқыметін қара нардай көтерген тарландар да баршылық. Асқақ рухты бұндай азаматтардың Алланың мейіріміне бөленуін тілейсің. Аялы алақаныңды алдына тосып, көмек қолыңды ұсынасың. Ал туғаннан не қолы, не аяғы жоқ балаларын бауырынан ажыратпай мәпелеп өсірген ата-анаға қаншалықты тағзым етсең, осындай мүшкіл халде бола тұра, өзін-өзі күтуге, тіпті тағам дайындауға, спортпен айаналысу-ға бейімделген пақырларға соншалықты сүйсініп, олардың алдында басыңды иесің. Бірақ бір-ақ рет берілетін өмірдегі азды-көпті пендешіліктерің үшін Жаратушыдан жалынып кешірім сұрап, тәу-беге келесің. Біздің кейіпкеріміз Иран Омарбеков те рухы биік, жігері ешуақытта жасымаған, шыдамдылығы шексіз, шапағаты шуақты азамат еді. Ол жол апатына ұшырап, тас төсекте қанша жыл жатса да, жігерін жасытпай, рухын құлатпай, қиындықтың барлығын жеңіп, балдақпен жүріп жұмыс істеп, өзіндей мүмкіндігі шектеулі қаншама адамның көшбасшысы бола білді. Қоғамдағы ғарып-ғасерге жебеуші, демеуші бола білген ол бейне қамқорсыз жандардың бақытқа кенелудегі үмітін қайта жаққан ақ қанатты періштедей еді.
Мүгедек, мұқтаждар мұңын билікке жеткізіп, ел назарын кемтарлар қауымының проблемасына аудара білді.
Алла оған көп кәсіпкердің бірі болуды емес, ел үшін еңбек ететін тарландарға тән тағдыр сыйлады.
Әдетте, мүгедектер бірігіп, өздері қоғамдық ұйымдар құрады. Онда өзара пікір алысып, бастан өткен қиыншылықтарын ортаға салып, оған төтеп берудің психологиялық, моральдық, физиологиялық жолдарын шешу үшін ортақ проблемаларды мемлекеттің, үкіметтің, одан қалды халықтың, қоғамның алдына қоюды көздейді.
Екібастұз қаласының мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайы-мы — көп жылдардан бері жарымжан адамдардың проблемаларының билік тарапынан шешілуіне үлкен ықпалын тигізіп, аянбай еңбек етіп келе жатқан Светлана Иосифовна Качура. Иран алдымен осы қоғамдық бірлестікке тіркеліп, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеді. Кейін келе мүгедектерді белсенді оңалту және спорттық орталығын ашуды ойластырды. 1994 жылы ол ойын да жүзеге асырды. Бұл жауапкершілігі шектеулі серіктестікті өзін күн демей, түн демей, жас баладай мәпелеп, қиындықты тең бөлісіп, басқа түскен ауыртпалықты азаматқа ғана тән қажыр-қайратпен көтере білген екі ұлының алтындай анасы, сүйікті жары Жанаттың атымен атауды ұйғарды. Сөйтіп, «Жанат» мүгедектерді белсенді оңалту және спорттық орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктесігі құрылды.
Орталықтың да негізгі мақсаты мүмкіндігі шектеулі азаматтардың басын біріктіру, жұмыс тауып беріп, қордаланған проблемаларын бірігіп шешу, спортқа тартып, әр түрлі сайыстар мен басқосулар ұйымдастыру, әр түрлі жарыстарға қатысатын мүгедек спортшы-ларға қаржылай жәрдемдесу, тағы көптеген мәселелерді шешу болатын.
Иран бастапқыда өзінің жан жолдасы әрі арқа тұтар ағасы Жеңіс Қайдарұлының жәрдеміне сүйеніп, қалалық архитектура ғимаратының бір бөлмесінде жұмысын бастады. Алдына қойған үлкен мақсаттарға жету үшін бұл кабинеттің тарлық етері анық еді. Алға қойған жоспарларды жүзеге асыру жолында қалалық әкімдіктен өздеріне ыңғайлы әрі кеңдеу жеке ғимарат беруін сұрады. Бұл
ұсынысын қала билігі қолдап, оларға қаңырап бос қалған бұрынғы №44 балабақша үйінің бір қанатын пайдалану үшін жалға алуға рұқсатын берді. Балабақша ғимаратын бір жылдан соң спорттық орталық өз балансына енгізіп, меншігіне қаратып алды да, қарқынды жұмыс бастап кетті.
Ең әуелі құлазып, құлағалы тұрған ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның үлкен бір бөлмесін спорт залына айналдырып, соған лайықты жабдықтады. Балабақшаның асхана бөлмесін қайта жөндеуден өткізіп, қызметкерлерінің тамақтануына жағдай жасады. Демалыс күндері той-томалақ өткізуге жалға беріп, қаржы табудың көзіне айналдыра білді.
Иранның маңайына топтасуға ниет еткен қыз-жігіттердің күшімен нан пісіретін наубайхана ашылып, өндіріске енгізілді. Бұл жұмыс алғашында түрлі қиындықтар туғызғанмен, кейін елеулі қарқын алып, қалаға танылып үлгерді. «Жанат» наубайханасы тәтті бөлкелер, сапалы нандар мен тоқаштар, торттар пісіріп, халықтың сүйікті өндіріс орнына айналды.
Иран қолының шеберлігі бар азаматтарды топтастырып, жұмыс беріп, тапсырыс беруші мекемелердің қажеттілігін өтейтін тігін це-хын да ашты. Мұнда түрлі өндіріс ошақтарына қажетті арнаулы киімдер, қолғаптар, тағы басқа бұйымдар тігілді.
Сондай-ақ жүк көтергіш механизмдермен жұмыс істейтін техникаларды жөндейтін және қызмет көрсететін учаскесі іске қосылды. Техниканың тілін білетін жігіттер бұл жұмысты да қиналмай алып кетті.
Ағаш өнімдерін шығаратын, яғни терезе, есік, стол, үй жиһаздарын жасаумен айналысатын жігіттердің бас қосуы нәтижесінде үлкен бір цех өз жұмысын бастады. Ол да жақсы жетістіктерге жетті.
Көп ұзамай құрылыс жұмыстарымен айналысатын дәнекерлеуші, сылақшы, кірпіш қалаушы, ағаш шебері, сантехника саласының білгір азаматтары бірігіп, өздерінің бригадасын құрып үлгерді. Бұл са-ладағы жұмыстар бір-бірімен тығыз байланысты болғандықтан, еңбек қарқыны еселене түсті. Жұмыс таба алмай жүрген он екі мүшесі сау азаматтар жұмыспен қамтылып, отбасын асырайтын жағдайға
қол жеткізді. Ал жұмыс істейтін мүгедектердің жалақыларының мемлекеттік салықтан қалатын қаржылары орталықтың өсіп-өркен-деуіне, өздерінің жеке қорларына құйылып отырды.
Жұмыскерлерге айтулы мерекелерде дастархан жасалып, жетістікке жеткендері марапатталып, концерттік бағдарламалар қойылып, әр түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылып отырды. Орталықты құрғандағы мақсаттардың бірі жүйелі түрде мүгедектер арасында сайыстар мен спорттық жарыстар, турнирлер өткізіп отыру болатын. Бұл істер де өз үдесінен шықты. Қалалық, облыстық деңгейде стол теннисінен, отырып ойнайтын волейболдан, тағы басқа спорттың түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Қысқасы, мүмкіндіктері шектеулі адамдардың үмітін жаққан, жігерін жаныған, көңілдеріне шуақ сепкен, тағылымға, тәрбиеге толы күндер жалғасын тауып жатты.
Мүгедектерді толғандыратын тағы бір үлкен мәселе — олардың өздері барып, тегін, әйтпесе өз жалақыларының есебінен емделетін аурухана немесе емхана ашылуы. «Қалауын тапса қар жанар» демекші, Иран бұның да жолын табуға бел буды. Сөйтіп, бұрынғы «Энергоқұрылыс» АҚ-ға қарасты «Денсаулық» емханасын жөндеуден өткізіп, «Жанат» мүгедектерді белсенді оңалту спорттық орталығы» жауапкершілгі шектеулі серіктестігінің («Жанат» МБОСО ЖШС) қарамағында қайта ашты. Энергоқұрылысшылардың жатақханасының бірінші қабатына орналасқан емханаға қажетті барлық мүмкіндіктер жасалды. Кәсіби жоғары санатты, қолының шипасы бар, қалаға белгілі дәрігер К.Ш. Байшиннің басқаруымен білікті деген дәрігерлер бас қосып, емхананың есігін айқара ашты. Мұнда тіс емдеу, тіс салу қызметтерін көрсететін арнайы жабдықталған кабинет те жұмыс істеді. Мүгедектерге қызмет тегін көрсетілді. Ал өздерінің қаржы қорын толтыру үшін қала тұрғындарына қызмет ақылы болды.
Сондай-ақ офтальмолог, нарколог, иглорефлексотерапевт, гинеколог, тіпті балалар психологі де сырқаттарды зор ықыласпен қабылдады. Емханада мүгедектерге ғана емес, олардың отбасы мүшелеріне де тегін көмек көрсетілді.
Сол кезеңде сырқаттар дәстүрлі медицинадан гөрі халықтық емшілерге сенім артатын. Соны ескерген Иран емханада халық емшісінің де қабылдауын ашып қойды. Жарымжан жандардың ризашылықтарында шек болмады. Әсіресе, тірек-қозғалыс мүшелері зақымдалған азаматтардың аяғына тұруы үшін көптеген медицина-лық зерттеулер мен тәжірибелер жасалды. Иран енді түрлі аппараттар ойлап табуды қолға алды. Соның нәтижесінде кейіннен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен арнайы комиссияның шешімімен қорғалған МГАРП-01 аппаратының алғашқы негіздемесі осы емхана дәрігерлері мен Иранның өзінің зертханалық жұмыстары нәтижесінде дүниеге келді.