Меню Закрыть

Жажда жизни — Саухат Жумагуль – Страница 4

Название:Жажда жизни
Автор:Саухат Жумагуль
Жанр:Биографии и мемуары
Издательство:
Год:2012
ISBN:978-601-292-648-4
Язык книги:Русский, казахский
Скачать:

Осындай үлкен ауқымда іс атқарып отырған Иран алдағы мақсатынан жаңылмай, орталықтың жұмысын арттыра берді. Жарымжан жандардың басын қосып, барлығын бір мақсатқа жұмылдырып, келешегінен үлкен үміт күттірердей ерекше рух берген еңбектерінің жемісіне жан жүрегімен ырза болып, соның рахатына малынып, айрықша шаттанды.

Мүмкіндігі шектеулі болса да, ойы дария, білімі зор, көкжиегі кең, сана-сезімі шектеусіз Иран қоғамның ең қорғансыз адамдарына қамқорлығын күшейте түсті.

Баяғы мүгедектер арасындағы сайыс түрлерін өткізу дәстүрінен де жаңылмады. Екібастұзда, Павлодарда дүниежүзілік мүгедектер арасында өтетін жарыстарда жүлдегер, чемпион атанып жүрген қыз-жігіттердің арасында мерзімді түрде жолдастық кездесулер мен сайыстар ұйымдастырып отырды.

Әсіресе, стол теннисі бойынша өткізген жарыстарына шет елден, атап айтқанда, Германиядан келіп қатысатын сайыскерлер де болды. Спорттың бұл түрінен халықаралық жарыстарда айтулы жүлделерге ие болып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүрген Павлодар мен Екібастұз, тіпті Қазақстанның намысын әлемдік ареналарда қорғап жүрген Ғалия Беспалая, Татьяна Машковская, Галина Шинкоренко, Талғат Смағұлов және абсолютті чемпион Владимир Каплич сынды спортшылар бой көрсетті.

Мүмкіндігі шектеулі болса да спорттан қол үзбеген жандардың тағдыры да әрқилы өрілген екен. Ғалия Беспалая — стол теннисі бойынша облыстық спортакиадаларда алдына жан салмай, үш жыл қатарынан бірінші орынды иеленген спортшы. Оның мүгедек болып қалуы да адам сенгісіз оқыс оқиғаның кесірінен болған. Отыздан енді асқан Ғалия екі баласы, күйеуі бар жарасымды жанұя болатын. Бір күні көп қабатты үйдің кіреберісінде сегізінші қабаттан құлаған бір ер адам тура оның үстіне келіп түседі. Биіктен қатты екпінмен құлаған адамның астында қалған әйелдің омыртқалары сынып, аяқ астынан бейнет шегеді. Әйтсе де, басқа түскен азапты отбасымен бірге көріп, шаңырағын шайқалтпай, екі баласын оқытып, ержеткізіп, қоғамнан қалыс қалмау үшін спортпен айналысады.

Тағы бір тағдыры қиындыққа құрылған жан Галина Шинкоренко — туғанынан мүгедек қыз. Қаншама жыл арбаға таңылып, тағдырдың ауыртпалығын басынан өткерген ол әйелге ғана тән шыдамдылығы арқасында өмірге бейімдеген. Кейіннен қалалық мүге-дектер қоғамдық бірлестігіне нұсқаушы болып жұмысқа тұрады. Онда жарыстар ұйымдастыра жүріп, өзі де спортпен айналысуды бастайды. Иранның бастамасымен жалауын көтерген жарыстарға белсене араласып, біраз жетістіктерге жетеді.

Ал Владимир Каплич болса талай турнирлердің абсолютті чемпионы. Келбеті келіскен, өмірде өзіндік мақсаты бар, танымал спорт-шы. Оның тағдыры да оңай болған жоқ.

Техникумның бірінші курсында оқып жүрген кезі. Жастық қайраты тасып тұрған он сегіздегі бозбала мотоциклге құмар болады. Өзінде мотоцикл боған. Бірақ одан да жақсысын сатып алсам деген ол каникулда қаржы табу үшін құрылыс бригадасына ағаш шебері болып орналасады. Шатыр жөндеп жатқанда төбеден құлап, мойын омыртқасынан жарақат алады. Сөйтіп, ерте арбаға таңылады.

Бірнеше жылдан кейін ол сәті түсіп Мәскеуге емделуге барады. Онда ауыр көтеруден цирк әртісі болған, сәтсіз шыққан трюктен мүгедек болып қалған, мүгедектіктен арылу үшін өзінің оңал-ту әдістемесін жасаған Валентин Дикульдің орталығында үш жыл бойы ем қабылдап, жаттығады. Ауруханада жатқан достарына

өзінің бұрын теннисті жақсы ойнағанын айтады. Достарының қолдауымен ауруханаға теннис столын алғызады. Сөйтіп, өзара жарыстар ұйымдастырып, жаттығуды бастайды. Бір күні Мәскеуде қала жүлдесі үшін мүгедектер арасында стол теннисінен жарыс өтетінін естиді. Достарының қолпаштауымен соған қатысуға бел буады. Жарысқа басқа қаладан келген спортшы ретінде қатысуға мүмкіндік алады да, сайыскерлер арасында ресми емес жеңімпаз болады. Бұл 1989 жыл болатын. Одан кейін Новгород, Мәскеу, Белоруссияда өткен жарыстарға шақырулар алады. Бұнда бүкіл елдердің белгілі теннисшілері шақырылып, солардың арасында Володя жеңімпаз атанады. Сосын Еуропа чемпионаты өтетін Англияға шақыру алады. Бұл сапарда дамыған елдердің сайыскерлерінен тәжірибе жинап, қоржынын сыйлыққа толтырып қайтады. Кейіннен бүкіл елге танылып, көптеген шет елдерде Қазақстанның намысын қорғап, елеулі нәтижелерге қол жеткізеді. Оның алыс шет елдердегі жарыстарға баруына Иран Омарбеков көп көмек көрсетеді.

Екібастұздың намысын қорғап, теннистен жеңімпаз атанып жүрген жандардың бірі — Дана Малғаждарова.

Дана кезекті бір жарыстан соң «Жанат» МБОСО дайындаған дас-тархан басында пікір алмаса отырып, келешекте атқарар жоспарлары мен жобаларын ортаға салады. Владимир Каплич пен Дана Малғаждарова мүгедектер арбасында отырып билеу жобасын ұсынады. Оны өз орталарында тез қолға алып, дайындық жүргізу керектігін, оған жаттықтырушы табудың жайын ойластырып қойғанын жеткізеді. Бұл жобалары кейіннен іске асып, республиканың үлкен сахналарында жеке концерттік нөмірлер қояды. Бұл игі істі ілгерілетуге демеуші болған — тағы да Иран Омарбеков.

Иран қыруар жұмыстарды атқара жүріп, өзінің оқыған негізгі мамандығы — геодезия саласын да ұмытқан жоқ. Қаншама жылдар бойы қызмет істеп, жинаған тәжірибелерін пайдаланатын сәт те туды. Алғашқы ашқан кооперативінің тоқтап қалған шаруасын ары қарай жалғастыру үшін топографиялық, яғни жобалау-зерттеу жұмыстарын жүргізуді жолға қойды. Топография техникумынан кейін сырттай оқыған Павлодар индустриалды институтында құрылысшы-

инженер мамандығы бойынша меңгерген теориялық-практика-лық білімін пайдалана отырып, геодезиялық жұмыстар жүргізді. Кейіннен Астанаға ауысқанда да орталықтың дамуына көп көмегін көрсеткен осы саладағы жұмыстары. Себебі бұл салада қызмет еткен әріптестері өте білімді әрі адал қызмет атқарды.

Осылайша мүгедектерді белсенді оңалту спорттық орталығының жұмысы алға басып, қала, облыс, тіпті республика аумағында кеңінен танылды. Иран Омарбековтің де беделі күннен-күнге арта түсті. Енді ол осындай мүгедектерді оңалту орталығын әр аймақта ашсам деп ниеттенді. Бұл үшін міндетті түрде мемлекет тарапынан қолдау керек. Егер осындай шаруаны мемлекет тарапынан заңдастырып жасайтын болса, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін көп мәселенің басы ашылар еді. Иран осы жағдайларды билікке жеткізудің жолын қарастырды. Ол үшін өзін қолдайтын қоғамның аз қорғалған топтары және әлеуметтік көмекке зәру адамдардың арман-тілегін жоғарыға жеткізетін орын — Парламентке депутаттыққа өтуді жөн санады.

Көптің ықыласына кенелу

1999 жылы Иран Елубайұлы Екібастұз өңірі бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне депутаттыққа үміткер ретінде тіркелді. Баспасөз беттерінде Иран туралы көптеген мақала, материалдар жарияланып жатқан. Ел ішінде жүріп талай игі істер атқарып келе жатқан Иранға халықтың өзіне деген ықыласын айқындаудың сәті туды.

Депутаттыққа түскендегі негізгі тұғырнамасы әлеуметтік саланы көтеруге бағытталған болатын. «Соғыс және еңбек ардагерлері мәртебесі туралы» Заң жобасын қабылдауға ұйытқы болып, аға буынның алаңсыз өмір сүруіне мүмкіндік жасауды да ойластырып жүрген еді.

Бұл уақытта мүгедектерге берілетін жеңілдіктер мен жәрдемақылар тоқтатылып тасталған. Бұрынғы заң актілерін қайта қалпына келтіру үшін жұмыс істеу қажет. Тағы да бір қажетті әрі маңызды мәселе — бюджеттік сала қызметкерлеріне еңбек етудің тиімді жолын

қарастыруды және еңбекақысын көтеруді қолға алып, үкімет алды-на осы проблемаларды қою еді. Екібастұз өңірінің өндіріс ошақтары МАЭС-1, МАЭС-2 көмір өндіруші кәсіпорындарының әлеуетін арттыру да Иранның жұмыс жоспарына енді.

Иран Омарбековтің жасаған игі жұмыстары халық жүрегіне жылылық ұялатқан. Өзі тағдырлас жандар үшін істеген жансебіл еңбектері үлкен өнеге ретінде бағаланып үлгерген. Иранның тағдырдың тар кешуінде мойымайтын, ауыртпалықты апайтөс кеудесімен көтере алатын азаматтығы да көптің ықыласына бөленген еді. Сондықтан болар, жұрт оның кандидатурасын шын пейілімен қолдады.

Әсіресе, қырық жылдан бері кемтарлықтың зарын тартып келе жатқан Нина Николаевна Моисеева: «Жалғыз арманым — Иран Елу-байұлы депутат болса, шексіз бақытқа кенелер едім», — деп оның Парламент мінберінен орын алуына шын тілектестік білдірді.

Нина Николаевна Волгада тұрған кезінде екі аяғынан айырылған. Кейін Қырғызстанда жиырма екі жыл тұрып, тағдырдың айдауымен Екібастұз қаласына көшіп келген. Мұнда келген соң жалғыз басты, мүгедек жан еш жерден қамқорлық таба алмай, Иран Елубайұлы-ның орталығынан көмек сұрайды. Ол кезде орталық енді ғана ашылып жатқан. Жарымжан жанға қол ұшын созып, Иран жұмысқа алады. Ғаріп әйелге бір бөлмелі пәтер алып беруге де бар күшін салады. Осындай мүгедек, ғаріп-ғасер пенделерге Иран қол ұшын беріп, біріне материалдық жәрдем берсе, біріне моральдық көмек көрсетіп жүрген. Солардың барлығы Иранның сайлау кезінде көптің ықыласына бөленуіне септігін тигізді.

Бірақ сол кездегі әміршіл-әкімшіл жүйе Иранды дегеніне жеткіз-беді. Оның көп дауыс жинайтынын бірден білген биліктегі белсенділер ебін тауып тізімнен алып тастады.

Әйтсе де, бұған Иранның рухы жығылған жоқ. Сәтсіздіктер мен кедергілер жолыққанда ерінің жанынан табылып, ерік-жігерін жанып отыратын Жанат та оның көңіліне көлеңке түсірмеуге күш салды. Жаздай жайнаған жанұясының мейірімінен, жақын достарының

жан сергітер сөздерінен кейін Иран өзінің алға қойған мақсаттары жолында жаңа леппен іске кіріскен еді.

Иран мұсылман баласы ретінде аруақтарға құран бағыштап, Жаратқан иеге құлшылық етуді де естен шығарған емес. Ислам бойынша «Зират басына екі жағдайда баруға болады: өмір және өлім туралы ойлауға және құран бағыштауға» делінгендей, әулие-әнбилердің басына барып, зиярат етіп отыруды да жөн санады. Сөйтіп, өзінің тағдырын кілт өзгерткен жол апатына ұшыраған жер — Қаракесектен тараған аталас әулие әрі батыр, Абылай ханның тұсында алты Алаштың көріпкелі болған Жидебай бабаның басына барып, зиярат жасап қайтуды көздеді.

Жидебай батыр Қожаназарұлы Әлтіке Дос батырдың немересі, қазақтың асқақ тұлғалы ханы Абылайдың сенімді серігі болған. Қаз дауысты Қазыбек бидің өзі Жидебай батырдың аруағын қадірлеп:

Замана өтпес болсайшы-ай, Жидекем өлмес болсашы-ай, —

деген екен.

Аруақты батыр әрі би, шешен Жидебай Қожаназарұлы XVIII ғасырда өмір сүрген. Ол туралы ел аузында мынадай сөз қалған:

Сарыарқадай жер қайда, Жидебайдай ер қайда?

Қаракесектердің шежіресін жазып отырып Жидебай бабаның әулиелігі мен Абылай ханның жанында болғанын баяндай келе фоль-клоршы ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Құдай рахмет қылсын, Жанғұтты Ботантайұғылында, Әлтіке Сарыда атамның басы, енемнің бірдемесі қалғаны бар ма, Жанғұтты мен Жидебай батырдың аруағы ғой еркіме қоймай жаздырып отырған», — дейді. Мәшһүр Жүсіп Жидебайдың арғы аталары Әлтіке Сары мен Дос батыр және тағы басқалар туралы хикаяттар мен «Жидебай батырдың қойнында Қабанбай батырдан амантқа алған қасиетті қызыл түлкісі барын»

баяндап, одан да бөлек тың деректерді жазып қалдырған. Арнайы Жидебай батырдың жатқан орнын тауып, сол жерге барып дұға бағыштап, оның қай жерге жерленгенін кейінгі ұрпақ үшін жазып кеткен.

Жоңғар шапқыншылығы кезінде елін, жерін жаудан қорғаушылардың көшін бастаған ұлы бабаның мазары Ақсу-Аюлы — Жарық бағытындағы асфальт жолдың бойында, Шет ауданы Шет селолық округінің Тұмсық елді мекенінен алты шақырым жерде, Нұра өзенінің жағасында тұр. Бұл жерде шырақшылық қызметін атқарып отырған — Жидебай батырдың жеті әйелінің бірі Құлғана шешейден туған жетінші ұрпағы Хайролла Нұрбеков деген азамат.

Алматы — Екатеринбург тас жолының бойындағы қоршалған талдың Жидебай бабаға қатысы барын көпшілік біле бермейді. Осы жерде жол апаты көп болатыны да жасырын емес. Өйткені мұнда Жидебай бабаның нөкерлері қаза болған шайқас үстінде. Білген адамдар оған ақтық байлайды. Бұл жерге келгенде жүргіншілер көліктерін баяулатып, тоқтап, дұға арнап өтеді. Оны отыздан жаңа асқан шағында Иран Елубайұлы қайдан білсін?!

Иран да дәл осы жерде жол апатына тап болған. Аяғынан тұрып, балдаққа сүйеніп жүре алатын болған соң, дұға оқып, құлшылық ету мақсатымен әулиенің басына келді. Қасиетті жерден рух алып, жан дүниесі жасарғандай болып аттанды.

Тағы бірде ол Баянауыл өңіріндегі Жасыбайға жақын жатқан Жамбақыдағы Қоңыр әулиенің үңгіріне барған. Онда да құрбан шалып, Аллаға құлшылығын танытып, ғибадат етіп қайтқан еді.

Бұл жердің өз ерекшелігі бар. Әулие үңгірі биік басында орналасқан. Оған сау адамдардың өзі жаяу көтерілуді қиынсынады. Иран болса ешкімнің демеуінсіз, өз балдағына ғана сүйеніп, биік басына жаяу көтерілді. Тырмысып, тау үстіне өрлеудің өзі бойындағы күш-қайратын жанып, жаңа қуат көзін ашқандай сезінді.

Баянауыл — Иранның отбасы үшін демалыс бесігі іспетті. Балалар сабақтан босай қалса, жары Жанат пен екі ұлын ертіп алып, ылғи осы бір Алла ерекше жаратқан сұлу табиғат аясына келіп тынығып тұрады. «Адам ағып жатқан судан, ағаштан ерекше күш-қуат алады»

дейтін сөз рас болса керек. Мұндай жан баса бермес көркем жерлерге келгенде Иранның жаны тазарып, өмірдің бір сәт тыныштығына елтігендей әсем күйге бөленіп қайтады. Табиғатқа ерекше құмарлығы болса керек, Көкшетау, Алматы, Алтай, Баянауыл, Қарқаралы жерлеріне де демалыс ұйымдастырып отырғанды ұнатады. Әлбетте, баяғыда Алатау баурайына қонған сұлу Алматыға, Жетісу жеріне қоныс аударсам деп қызығып жүргені де сондықтан болатын.

Рас, еңбегі алға басқалы Иран шет елдерге де барып жүрді. Ел кезіп, жер көруге құштар еді. Сонда жиі айналып соғатын жері Біріккен Араб Әмірліктерінің көрікті қалалары мен Түркияның Анталия қаласы болатын. Онда сұлу табиғатты тамашалап қана қоймай, өзінің сара жолымен өсіп-өркендеп келе жатқан елдің экономикалық жетістіктеріне ден қояды. Әсіресе, өзге елдегі мүгедектерге жасалған мүмкіндіктер назарын аударады. Бұдан соң, әрине, ол көкейіне «Біздің елімізде де осындай болса ғой» деген арман ұялап қайтады.

Жаңа оқу орнының ашылуы

1999 жылы жары Жанат жұбайын аяғына тұрғызған соң, өзі де еңбекке араласуды көздеді. Алайда бұл кезде Екібастұз қаласындағы баяғы ұстаздар дайындайтын педагогикалық училище жабылған. Енді халыққа педагогтерді дайындайтын оқу орнын ашу қажеттігі туып тұрған. Онсыз Екібастұз, Баянауыл аймағының жас ұл-қызда-рына басқа қалаларға барып білім алу қаржылық қиындықтар тудырып жататын. Осы мәселені ойластырған Жанат Екібастұз қаласынан қайтадан жаңа оқу орнын ашуды көздеді. Сөйтіп, әбден дайындалып Алматыға барды да, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтының басшылығымен келісімге қол жеткізді. Екібастұздан енді алпыс жылға таяу тарихы бар Алматыдағы ордалы оқу орнының бөлімшесін ашпақ. Бұл бастама Екібастұз қаласы әкімдігі тарапы-нан да қолдауға ие болды. Әйтсе де, ішінде пышақ айналмайтын бәзбіреулер көреалмаушылық танытып, Жанаттың жолына тосқауыл болғысы келді. Себебі Жанат Әнуарбекқызы Екібастұз қаласында жабылған педагогикалық колледждің негізгі базасын қайта жаң-

ғыртып, сондағы жұмыссыз қалған бұрынғы кадрларды қайтадан қызметке алмақ. Бұдан хабардар болған Білім басқармасының бастығы педагогикалық колледжден қалған ескі бұйымдарды, тіпті әр кабинеттегі орындық, үстелдерді қызғанып, таласа бастады. Дегенмен қойған мүддесінің үдесінен шығып үйренген қайраткер жан Жанат Әнуарбекқызы педагогикалық колледждің ұсақ-түйегіне қызықпай, болашақ студенттерге негізгі, ең керектісі кітапхана қорын мемлекеттік ақысын төлеп, сатып алды. Ал қалған дүние-мүлікті оған көз тігіп отырған жандардың қолына ұстатып жіберді. Сөйтіп, ер азаматқа тән ірілік танытып, өз мақсатына ұмтылды.

Сол жылдың күзінде Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика инс-титуының Екібастұз филиалы есігін айқара ашты. Білім іздеп алысқа шабылғандар енді қуанысып, өз қаласындағы жаңа оқу ордасына қабылдана бастады.

Әлбетте, жаңа ашылған мекеменің бірден қарқын алып жұмыс істеп кетуі қиын. Оны жан аямай тер төгіп, ерінбей еңбек етіп қана дұрыс жолға түсіруге болады. Жанат Әнуарбекқызы талмай еңбек етіп, Алматы, Павлодар, Томск қалаларына іссапарға барып, жан-жақты әріптестік байланыс орната білді. Қиын кезеңде қайтадан жұмыс орнын ашып, өздерінің нәпақа табуына мүмкіндік берген оқу орнының басшысына ризашылығын білдіріп жатты.

Қыздар институтының Екбастұздағы бөлімшесі «Жанат» мүгедек-терді белсенді оңалту спорттық орталығы ғимаратының екінші қанатында орналасты. Филиалда қаладағы үлкен кітапханаларда кездесе бермейтін біршама құнды кітап қоры болды. Жанат Әнуар-бекқызы ол қорды әрдайым жаңа кітаптармен толықтырып отыруды ұмытпады.

Иран да осы жылдары Томск университеті мен Томск омыртқаны емдеу медициналық орталығының дәрігерлерімен бірігіп, омыртқаны емдеуге арналған жаңа аппарат жасап шығарудың жолында жүрген. Шығыс медицинасы бойынша кез келген ауруды омыртқа жүйесі арқылы емдеуге болатынын түсінген ол адам ағзасындағы барлық ақпарат омыртқа нүктелерінде сақталатынын және омырт-

қадағы жүйке талшықтарын дәл басып отырып, ағзаны сауықтыруға болатынын ол өз денсаулығымен арпалысып жүргенде түсінген. Сонымен адам денсаулығын тек қана омыртқа жүйесі арқылы емдеуге болатындықтан, Иран Томск ғалымдарымен ақылдаса отырып МГАРП-01 аппаратының алғашқы нұсқасын жасап шығарды. Қолмен тұтқаны айналдыру арқылы дөңгелек құрылғыларды омыртқа бойымен сырғытып, массаж жасайтын аппаратқа кейіннен Иран патент алды. Ол мүгедектерді емдеу-сауықтыру орталығына емдеу аппараты ретінде қойылды.

Иран орталықтың жанынан тағы да мүгедектерге тегін, қаланың қалған тұрғындарына ақылы автотұрақ ашты. Бұл ғана емес, орталық ғимаратының ішінен шаштараз, аяқ киім жөндеу цехы да ашылды. Сөйтіп, бұл орталық қызметін сан салада дамытып, жетіле түсті. Енді мұнда мүгедектердің ауыра қалса емдейтін өз емханасы, күтінетін шаштараздары, автокөліктерін тегін қоятын автортұрақтары, көліктерін жөндейтін цехы, үй жиһаздарын жасайтын шеберханасы, тіпті кондитерлік және нанның түр-түрін пісіретін наубайханасы, өз асханалары және спорт залдары болды. Өз қажетін өздері қамтамасыз етіп, бұлар өз алдына бір қауым болып дами берді.

Иранның бұл бастаған істері мен жеткен жетістіктері облыс жұртшылығына, қала берді республиканың басқа аймақтарына да белгілі бола бастады. Оның есімі газет-журналдардан түспей, есімі өзгелерге үлгі ретінде айтылып жүрді.

Әйтсе де, мүгедектердің қоғамдағы қордаланған жайын ойлағанда Иранның бұл еңбегі теңізге тамған тамшыдай ғана. Жалпы елде-гі жарымжан жандардың құқын қорғап, оларды әлеуметтік тұрғыда жан-жақты қамтамасыз ету үшін мұндай қайырымдылық шараларын бүкіл ел болып жолға қою қажет.

Мүгедектердің арман-мүддесін атқарушы билікке жеткізсем деген оймен ол қалалық теледидардан алдымен мүгедектер мәселелерін сөз ететін жеке бағдарлама ашуды көздеді. Алдымен жеке бағдарлама, одан кейін жеке телеарна болса, жігері жасып, төрт қабырғаға қамалып, теледидарға телміруден басқа амалы қалмаған жандарды

қоғамдық құбылыстарға араластырып, олардың да өз еліне пайдасы тиюіне мүмкіндік тудыруға болатынын түсінді.

Рас, қолы не аяғы, көзі не құлағы, әйтпесе тілі жоқ болғанымен, өзгенің қолынан келмеген нәрсе олардың қолынан келуі мүмкін. Бірінің математикаға, бірінің физикаға, енді бірінің әдебиетке, тіпті ән мен биге —мәдениетке қосар үлесі болуы ғажап емес. Ендеше кемтар болғаны үшін ғана олар неге қоғамнан сырт қалуы керек? Неге қоғам мұндай мүгедек жандарды сыртқа теуіп, ортадан бөліп-жаруы керек? Қайта тіршілік жасап, көпшілікпен араласып отыруы бұл адамдардың да өмір сүруі емес пе? Ендеше мүгедек жандардың өмір сүруіне біз неге жол бермеуіміз керек? Неге мен ғана осылай жүруім керек?.. Иранды мазалаған ендігі ойлар осы еді.

Ол тағдырдың жазуымен мүгедек болып қалса да, өзі секілді спортта, өнерде, бизнесте, билікте, тағы басқа қаптаған салаларда жақсы жетістіктерге қол жеткізген азаматтарды өзгелерге үлгі етіп көрсетпек. Сөйтіп, өзге кемтар жандардың өшкен үмітін жағып, жоғалған арманын қайта жалғамақ.

Мүгедек жандардың көбі төрт қабырғаға қамалып, телегей-теңіз дүниенің тұңғиығына кеткендей өзімен-өзі жеке қалып жатады. Сыртқа шығып, еркін жүріп-тұруларына мүмкіндіктер бола бермейді. Адамның мінез-құлқы да әр түрлі жаратылады. Барлығы Иран құсаған қайраткер, іскер, өз керегін таба алатын талантты емес. Сондықтан да көбі шенеуніктермен тәжікелесе бергісі келмей, шетте қала берері анық. Алайда бұлай адамның тірі өлікке айналуына жол бермеу қажет! Қоғамнан жапа шегіп, қиналған адамға көмек қолын созып, оның үмітін жағудың өзі үлкен сауапты іс.

Осындай терең ойдың жетегінде кеткен Иран ақыры Екібастұз қаласынан «Жанат» телеарнасын ашты. Бұл арна арқылы рухы сынбаған жігерлі мүгедек жандар өз ойларымен бөлісіп, орта табуға, көпшілікпен араласып отыруға мүмкіндік алды. Жалпы халыққа осындай тағыры тәлкекке салған, әйтсе де көзінде оты сөнбеген ерекше ер мінезді азаматтар туралы қызықты хабарлар көрсетілді. Равиль Деушев — оператор, Константин Петров — режиссер, Теміртас

Құрманғалиев — орыс тілінде жазатын ақын әрі корреспондент-журналист болып қызмет атқарған «Жанат» телеарнасы жергілікті халықтың сүйікті арнасына айналды. Өзгелердей емес, редакцияға келетін хаттар легі толастамады. Өздерін мазалайтын сауалдарға жауап іздеп, жәрдем сұрап, түрлі психологиялық, моральдық, материалдық көмек тілеген көпшілік телеарна ғимаратын төңіректеп, дамыл таппады. Бұл арна болса шөл даладағы жеміс бағына су құйған бағбан сияқты болатын. Сусаған тамырына нәр барып, қайта түлеген ағаш тәрізді өмірге қайта қызығушылығы оянған мүгедек жандар алғысын да жаудырып жатты...

Иран Астанаға ауысқаннан кейін телеарна жұмысын тоқтатқан. «Арнамыз неге жабылды, бізге рух беретін, сырласатын, мұңдасатын серігіміз неге тоқтады?» деген аянышты да жалынышты хаттар Иран-ның енді Астанадағы мекенжайына да келіп жеткен. Жылатып баласын тастап кеткен анадай жан жүрегі езілген Иран қарап жата алмады. Сөйтіп, министрліктің табалдырығын тоздырып жүріп жаңа жобасын орындауға қол жеткізіп, республикалық көлемде халықтың рухын көтеру үшін «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан «Асқақ рух» телебағдарламасын авторлық жоба ретінде жүзеге асырды.

Иран Елубайұлының жүргізіп отырған жұмысы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатымен үндес-ті.

Мемлекет басшысы да халықтың рухын көтерудің саясатын сан қилы жолдармен қарастырған. «Біз енді дағдарыстан шықтық. Елдің күйі түзеліп келеді. Өз ұлттық қорымызда қысылтаяң кезде қиыншылықтан алып шығар қаржы-қаражатымыз бар. Сондықтан барымызды бағалап, алған асуларымыз бен жеткен жетістіктерімізді айтып, дамушы елдердің арасында алдыңғы қатарға жеткенімізді мойындауымыз керек. Біздің қиыншылықты жеңіп шыққанымызға өзіміз сенуіміз керек», — деп елдің еңсесін көтерудің жолын ойлаған Елбасының ұстанымдарын ол жан-тәнімен қолдаушы еді. Болашақтан күдер үзбеу керектігін ерте түсінген Иран Қазақстанның әрбір азаматы ел үшін аз да болса өз үлесін қосуы керек деп түйген. Сол жолда аянбай еңбек етуге тырысатын. Мемлекет басшысының баянда-

малары мен халыққа арналған Жолдауларын мұқият тыңдап, қолдап отырушы еді. Әрі Елбасының қойған талаптары мен бағдарлама, жобаларының міндетті түрде орындалатынына толықтай сенім артатын.

1999 жылдың аяғы болатын. Жыл тартыс пен тайталасқа толы өткен. Бұл жыл қызығы мен шыжығы, ауыры мен жеңілі, қайғысы мен қуанышы, дауылы мен шуақты күндері мол үлкен бір ұлы ғасырды аяқтағалы отырған өте жауапты, салмақты жылдың соңы ғана емес, ғасырдың соңы болып отыр. Сондықтан келесі ғасырдан, жылдардан, айлардан, күндерден сағаттардан сәттілік күтіп, ескі жылды есірке деп шығарып сап, жаңа жылды жарылқа деп күтіп қарсы алатын кезең келіп жеткен еді.

Иранның жанұясы Жаңа жылды ерекше дайындықпен қарсы алатын. Отбасында ғана емес, жыл сайын бұл мерекені жұмыс ұжымында да ұйымдастырып, жарымжан жандардың көңілін бір серпілтетін еді. Қаланың танымал әншілері мен асаба-ақындары да Иранды жақсы көреді. Себебі той-томалақтарда кездескенде өнерпаздарға қолдау көрсетіп, көтермелеп отыруды да ол ұмытпайтын. Сондықтан да өнерпаздар Иран ұйымдастыратын осындай мерекелік кештерге шын ықыластарымен келіп, өнерлерін көрсетіп, жақсы көңіл-күй сыйлауға тырысады.

Бұдан бөлек Жанат басқаратын Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтының Екібастұз филиалының студенттері мен ұстаздары да келіп мүгедек жандарға арнап қайырымдылық концерт-тері мен қойылымдарын ұйымдастырып отырады.

Адам өміріндегі ең қызықты шақтар эстетикалық сұлулық, жан тербетер нәзіктікке толы өнерден алар ләззат пен рахатқа бөлену болып табылар, бәлкім. Иран да жанұясымен өнерпаздардың сезімді сергітер өнерлеріне бар ниетімен тәнті болатын.

Осылайша Иран жанұясымен, ұжымымен бірігіп, ескі жылмен қоштасып, жаңа ғасырдың жаңа жолын бастап келе жатқан Жаңа жылды шат-шадыман шабытпен қарсы алды. Келер 2000 жылдан, яғни ХХІ ғасырдан күтетіні көп еді өйткені.