Меню Закрыть

Жажда жизни — Саухат Жумагуль – Страница 2

Название:Жажда жизни
Автор:Саухат Жумагуль
Жанр:Биографии и мемуары
Издательство:
Год:2012
ISBN:978-601-292-648-4
Язык книги:Русский, казахский
Скачать:

Сол күннен кейін ебін тауып ғашығымен кездесе бастаған Иран-ның сезімі мен ыстық ықыласы асуды аласартып, төменді биіктетіп, дауылға, боранға қарсы төтеп беріп, жайма-шуақ жазына жадырап, қанатын талдырмай қияға ұшып, ұяда балапанын баптап, ақтық демі шыққанша қайрат пен мейірім дарытатын қайырлы сезім болып шықты.

Спорт алаңында көріскеннен кейін Иран Жанаттың үйінің жанын торуылдап жүріп алатынды шығарды. Ақыры мақсатына жетіп, жақынырақ танысып үлгерді. Енді Жанаттың жанынан адам

жүрместей, үйінің маңынан бөтен жігітті көрместей қылып, өзіне ғана тиесілі аруды сақтап, қорғап-қорғаштау қажет.

Жанат бұл ауылға мектепті жаңа бітірген жылы келген. 1961 жылдың 14 тамызында қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы Ақсуаттың ақ шуақты өлкесінде Әнуарбек деген кісінің шаңырағында дүниеге келген. Қызық пен қуанышқа толы балалық балғын шағы Тарбағатайдағы тау сілемінде өткен.

Руы — Найман, оның ішінде — Төртуыл. Әкесі Әнуарбек — өз ортасында белгілі, беделді қызметтер атқарған халықтың қалаулы азаматы. Оның әкесі — Абзолда Шатанұлы бес ағайынды болған екен. Арғы аталары Ақсуаттың қыры мен қыраттарын мекендеп, мыңғыртып жылқы айдаған, өріс толы мал ұстап, жазықты жайлаған дәулетті әулеттен.

1928-1932 жылдары бай-манаптармен күрес басталып, кулактармен есептескен, кедей мен бай арасында тартыс туып жатқанда ынтымағы ұйыған жергілікті халық тіршілігінің сәні кетіп, әркім әр сайға бас сауғалаған. Міне, сол кезде Абзолда Омбыдан білім алған, орысша еркін сөйлейтін, сауатты, қайраткер азамат ретінде елде қалып, Қызыл үкіметке еңбек сіңірген. Ал өзіндей оқыған тағы бір інісі Ақсуатта қалады да, өзге үшеуі Тарбағатай тауларын асып, Қытайға қоныс аударады. Олар кейіннен Қытайдан Ауғанстанға, одан Иранға, Түркияға тұрақтап, одан әрі Еуропаға өтіп, сол үш ағайынның балалары Франция, Италия жерлеріне қоныс тебеді. Олардың балалары бөтен елде білім алып, ата-бабасына тән тектілікті сақтай отырып, жаңа заман жетістіктерін де ерте меңгерген. Физика-математика саласы бойынша Еуропаның айтулы оқу орындарында, яғни Оксфорд университеттерінде дәріс оқып, білім-ғылымның да шыңына жетеді. Кейіннен Қытайда қалған қыздан туған жамағайындары елге оралып, жергілікті туыстар аталарының Еуропаға өтіп, сол жақта тұратынынан хабардар болады.

Бұл әулеттің бір ерекшелігі — әркім өз биігіне өз күшімен жету дәстүрі қалыптасқан. Әрбірі жеке бөрі секілді өз азығын өзі тауып, шығар шыңына өз қажыр-қайратымен көтеріледі.

Жанаттың әкесі Әнуарбек Абзолдаұлы 1931 жылы дүниеге келген. Жары — Гүлсім Мүкішқызы 1937 жылы Ақсуатта туған екен. Мектепте үздік оқыған ол Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтын бітіреді. Студенттік кезеңде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, қалалық, республикалық, тіпті бүкілодақ-тық сайыстарға қатысып, ұстаздық жолдың қыры мен сырын терең меңгереді. Мәскеуде өткен халық өнерпаздарының бүкілодақтық фестиваліне де қатысып, Қазақстанның намысын қорғап, өнерін паш етіп қайтады. Кейін Ақсуатқа, еліне оралып, ұстаздық қызмет жолын бастайды. Сол жақта өмірлік жары Әнуарбек Абзолдаұлы-мен жолығып, шаңырақ көтереді. Тату-тәтті ғұмыр кешкен олар бес бала тәрбиелеп өсіріп, бәріне жоғары білім әперген. Немере сүйіп, ардақты ата-әже атанды. Әнуарбек 2004 жылы өмірден озған. Әйтсе де, қазіргі кезде Жанаттың шешесі Гүлсім ана қоғамдық жұмыстан бір сәт қол үзбей, көптің сыйлы қариясы болып отыр. Шар қалашығындағы әжелер бірлестігінің төрайымы болып, қыруар жұмыстар мен келелі мәселелерге араласып жүр. Әсіресе, жас ұрпақты тәрбиелеуде дәстүрлі және халықтық педагогиканың арнайы әдістемелерін пайдаланып, өлшеусіз еңбек етуде.

Жанаттың Шар қаласына көшіп келуінің негізгі себептерінің бірі әкесінің қызмет бабыменен Шар қаласының Тұрмыстық үйінің директоры болып келуімен тығыз байланысты еді.

Әнуарбек Абзолдаұлы балаларын тарықтырмай, баршылықта өсірді. Үнемі әкелік мейірімнің шуағына шомылдырып, қыздарын қызықтап, ұлдарын ұлықтап, алақанына салып аялаған асқар тау-дай әке бола білді. Жанат әр кезде әкесіне арқа сүйеп қана қоймай, оның көңілінен шығу үшін ерінбей еңбек етіп, жалықпай сабақ оқып, өзін үлгілі, үздік, қоғамдық жұмыста белсенді көрсетуге тырысып бақты.

Ол Ақсуатта оқып жүрген шағында мектептің белгілі, белсенді оқушыларының бірі әрі бірегейі еді. Мектептегі комсомол жастар ұйымының жетекшілігіне сайланып, мектеп ішінде өтетін шаралардың негізгі ұйымдастырушысы болды. Қатарластарын қоғамдық істерге жұмылдырып, бір мақсатқа біріктіре алатын. Тіпті мек-

теп басшылығы кей шаруалар жөнінде қаршадай косомол қызбен ақылдасып отыратын.

Мектепті бітірген соң өзі бастаған, бірақ Кеңес елінің барлық аймақтарында жүріп жатқан шаруашылыққа жастарды тарту бағдарламасы бойынша жастар бригадасына келіп, еңбекке араласады. Комсомол жұмыстарын мектептен меңгерген бойжеткен бұған тез үйренісіп кетеді. Шаруашылықтағы ұйымдастыру жұмыстарының барлығын қолына алады. Ақыры ұжымның қоғамдық белсенділігін арттырған Жанат басшылық назарына ілігеді де, бір жылдай жұмыс істеген соң Семейге оқуға аттанады. Сөйтіп, Семейдің педагогикалық институының физика-математика факультетіне оқуға түседі.

Физика-математика Жанаттың ертеден таңдап қойған саласы болатын. Мектепте оқып жүргенінде-ақ ол олимпиадаларға қатысып тұратын. Өзінің шығарған есептері мен теориялық білімін жетілдіру үшін Ленинград физика-математика меткебімен хат алысып, сол жақтан арнайы әдістемелік құралдар мен оқулықтар алғызып оқыды. Осының бәрі қыздың физика-математика факультетіне оқуға түсуіне септігін тигізді.

Шар қаласында көрші тұрған Иран екеуінің арасындағы достық келе-келе шынайы махаббатқа ұласты. Олардың бір-біріне деген іңкәрлік сезімі үйлену тойына жалғасты...

Жанат бірінші курсты бітірген кезде тұла бойы тұңғыштары Талант дүниеге келді. Сәбиін де қарап, оқуын да жалғастырған ол институттың қоғамдық жұмыстарынан да қол үзбеді. Өзімдікі дейтін төрт қабырға баспаналары жоқ болса да, өмірдің өріне қол ұстасып қатар қадам басқан екі жас әр кезіккен қиындықты қуанышқа айналдыра білді.

Ерен еңбек бастауы

Иран топограф мамандығын алғаннан кейін бастапқы бетте Семей қаласында «Казсельмаш» кәсіпорнында қызмет істеген. 1980 жылдан бастап «Семейауырқұрылыс» тресіне прораб-шебер болып орналасты. Таңертең кеткеннен кешке дейін жұмыста жүреді. Жұмыстан

келген соң отбасын тарықтырмау үшін вагоннан жүк түсіруге барып, қосымша қаражат табады. Жас жігіттің табандылығын тани білген «Семейауырқұрылыс» мекемесінің бастығы Иранды өзіне көмекші етіп тағайындайды.

Иран осы кәсіпорында инженер-геодезист ретінде көп еңбек сіңіріп, жақсы нәтижелерге, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізеді. Солай келе-келе ұжымның үлкен құрметіне бөленеді.

Осы аралықта Иранның ата-анасы Павлодар облысының Екібастұз қаласына қоныс аударған. Екібастұз қаласы жаңадан салынып, өсіп-өркендеп келе жатқан болатын. Өндіріс-индустриалды дамыту үшін жаңа ашылып жатқан кәсіпорындарға Кеңес Одағының барлық аймағынан жастар шақырылып жатқан кез еді. Жас отбасыларды пәтермен қамтамасыз ететіні де белгілі болған. Екібастұз қаласына барып қайтқан Иран да Жанатпен ақылдасып, ақыры жаңа өсіп келе жатқан өлкеге қоныс аударуға бел буды.

1983 жылы олар Екібастұз қаласына көшіп келеді. Жанат педагогикалық училищеге оқытушы болып орналасады. Ал Иран 1984 жылы «Экибастузшахтастрой» кәсіпорнына маркшейдер болып қабылданады. Ол кезде өндіріс орындарына жұмысқа тұру — қиынның қиыны. Иранды мұнда Николай Иванович Петренко өзі оқыған саласы бойынша геодезист маман ретінде жұмысқа алады. Ештеңеден ерінбейтін, әр нәрсеге алғыр Иран жұмысын бар ынтасымен беріліп істейді. Бұл мекемеде екі жылдай маркшейдер, прораб, учаске бастығы болып қызмет атқарған соң, 1986 жылдан бастап «Экибас-тузуголь» кәсіпорнына бас маркшейдер болып ауысады. 1986 жылдан 1989 жылға дейін осы мекеменің маркшейдерлік, геологиялық, геодезистік саласында қарқынды қызмет атқарып, сатылап өсіп, құрметті қызметкер санатына қосылады.

Ұзамай Кеңес өкіметінде саяси өзгерістер басталды. Кеңес Одағы Компартиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы, кейіннен Президенті болып М.С. Горбачев тағайындалды. Жаңа мемлекеттік басқару жүйесі енгізіліп, қаншама жылдардан бері сірескен сең қозғалып, «Қайта құру» мемлекеттік бағдарламасы қызу қолға алынды. Кеңес өкіметі құрылғаннан бері қағаз жүзінде жүргізіліп келе жатқан асы-

ра сілтеу көрсеткіштерінің жалғандығы мен өндірістің дамуындағы тоқыраулардың ақиқаты ашыла бастады. Бұл Иранды серпілткен-дей болды. Ескі жүйенің жұмыс істеу тәсілі жасынан адалдық пен әділеттілікке жаны құмар Иранға да ұнамайтын. Сондықтан ол жаңаша көзқарастағы «Қайта құру» бағдарламаларын ашық қолдады. Ең бастысы, бұл жүйе бойынша жекеменшік кәсіпорындар, коопе-ративтер құрып, айқын қызмет істеуге кең жол ашылатынын түсінді.

Қоғамда туған мүмкіндіктерге сүйенген Иран 1987 жылы өзінің жекеменшік кооперативін ашады. Алайда өзі бас маркшейдер болып қызмет етуін жалғастыра береді. Бұл кезде топограф-геодезистерді арнайы Мәскеу жақтан шақыратын. Олар келіп жұмыс істемесе де, өздерінің кооперативтерінің мөрі мен қолын қойғаны үшін Қа-зақстаннан қыруар қаржы алып кететін. Ал негізгі қара жұмысты Иран сияқты қазақ азаматтары жасайтын еді. Жергілікті мамандарда геодезиялық анықтама беретін рұқсаттары жоқ, әйтпесе оның жұмысын атақара алатын білім мен білігі жеткілікті. Осының барлығын бастан-аяқ аңғара білген Иран көштен қалмай жекеменшік кооператив ашып, мемлекеттік тұрғыда қорытынды беретін рұқсат алуға бел буды. Сөйтіп, бір жылдай алдағы жұмыс барысын жоспарлап, мамандарын дайындап, кооператив ашудың дайындығын жасады. Алайда әкімшіл-әміршіл, бюрократтық жүйе жас жігіттің жекеменшік кәсіпорын ашуына қарсылық танытты. Тіпті жас еңбеккердің жолына бөгет болуға тырысқандар да табылды. Әйтсе де, жігіт мойыған жоқ. Заңдық негіздемелер мен азаматтарға берілетін мүмкіндіктерге сүйене отырып, алға басудан таймады.

Қалалық атқару комитетінен рұқсат алу қияметтің қылкөпірінен өткенмен бірдей болды. Бірақ алған бетінен таймайтын қайсар жігіт мақсатына жетіп, «Азат» кооперативін ашып алды. Мұнда геология-лық-геодезистік жұмыстармен айналысып, сол кездегі халыққа, жалпы мекемелер арасына дендеп енген, есеп айырысудың «Взаймоза-чет» деп аталып кеткен әдісі бойынша жұмыс атқарып, бизнестің тетігін тауып, алғашқы кәсіпкерлердің қатарына енді.

Иранның бастаған бизнесі уақыт өткен сайын өркендей түсті. «Әрекетке — берекет» демекші, күні-түні дамыл таппай еңбек етудің арқасында мүмкіндігі молая бастады.

Жаңа белестер

1986 жылы Екбастұзда жас мамандарға арнайы үй салынғанда Иранның отбасына да үш бөлмелі пәтердің кілті тиген. Осылайша Иран мен Жанат өндірісті қалада өмірдің тың белесіне жаңаша қадам басқан.

Үй алған кезде де Иран мен Жанаттың отбасы үшін кездейсоқ қуаныштары аз болмады.

Бір күні су жаңа пәтерге енді көшіп келіп, абыр-сабыр болып жатқанда біреу келіп есік қаққан. Есікті ашқан Жанат қарсы алдында тұрған сыныптасы Елтай Батхолдинді көріп аң-таң болып тұрып қалды. Сөйтсе, жас дәрігер ретінде Елтай да осы үйден пәтер алыпты. Тіпті ең жақын көрші болып, оларға қарама-қарсы пәтерге орналаспақшы. Өзі үйін алып, енді Семейден бала-шағасын көшіріп әкелмек жайы бар. Мұны естіген Жанат төбесі көкке жеткендей қуанды. Ескі танысы, тілектес досы өзіне көрші болмақ. Осы сәтте үйдің ішкі бөлмесінен гүрілдеп Иранның даусы шығып жатқан. Елтай елең ете қалды:

— Бұл кім?

— Менің күйеуім Иран ғой. Жүр, таныстырайын.

Иран мен Елтайдың арасындағы айнымас достық осылай басталды. Сол күні-ақ үйінің кілтін Иран мен Жанатқа қалдырып, Елтай Семейге жүріп кетті. Олар құдайы көршісін тағатсыздана күтіп, үйінде қалған еді.

Артынша отбасыларымен аралас-құралас болып, жақын араласа бастады. Біріне келген қонақ екіншісіне соқпай кетпейтін болып алды. Иран мен Елтай ағайынды адамдардай жақын достарға айналды.

Иран өзінің ақжарқын, елгезек, адал мінезінің арқасында Екі-бастұзда өзіне ниеттес достарға кенде болған жоқ. Марат Жаназа-ров, Экібастұз қаласының сол жылдары бас архитекторы қызметін атқарған Жеңіс Қайдарұлы, тағы басқа еңселі азаматтармен тіл табысып, жақын-жұрағатқа айналды.

Әсіресе, Жеңіс Қайдарұлы Иранмен қоян-қолтық араласып кетті. Дене бітімі спортшыға тән, қиымылы жылдам, шешімі тез, еті тірі, жанарында оты жанып тұрған Ирандай жігіттің жігерін бірден аңғарған сыңайлы. Шағын бизнеспен айналысып, кооператив ашып, алғашқы кәсіпкерлердің қатарында жүрген жігіттен бас архитектор жәрдемін аямады.

Бұл — Кеңес өкіметінің құлайын деп қылкөпірдің үстінде тұрған кезі. Бұрынғы мемлекеттің есебінен күн көріп келген мекемелер жекеменшікке айналып, жұмыскерлердің жалақысын, коммуналдық төлемақыларды мезгілінде өтей алмау себептерінен көптеген кәсіпорын жабылып жатқан. Осы тұста банкротқа ұшыраған бір мекеменің көптен жөндеу көрмеген ескі ғимаратын бас архитектор ретінде Жеңіс Қайдарұлы Иранның жеке кооперативінің кеңсесі қылып пайдалануына рұқсатын берді. Осы бір ауызша келісімге сүйенген Иран шағын кәсіпорнын әлгі ғимаратқа орналастырып, жұмыс істей бастады. Ғимарат әкімшілік арқылы заңдастырылуға тиіс. Алайда бюрократтық жүйенің шарықтап тұрған шағында бұның қиынға соғатыны да анық. Сөйтіп, қағазын заңдастырғанша бұл ғимарат басқа қоғамдық бірлестіктің қолына заңды түрде өтіп кеткен болып шықты. Ғимаратты Екібастұз қалалық мүгедектер қоғамдық бірлестігі өзіне меншіктеп алған екен. Қоғамдық бірлестіктің төрағасы — аяғы протезделген Үсен Қожаназаров деген азамат.

Заңды түрде иелігін айтып Үсен Қожаназаров келгенде Иран ғимараттан оңайлықпен кете қоймайтынын сездірді. Сөйтіп, екеуі ғимарат үшін бірнеше рет тәжікелесуге дейін барды. Алайда «Кі-сідегінің кілті аспанда» болса да, Иран — адаммен адамша сөйлесе алатын азамат. Өңі келіскен, көрікті, сөзі де орнықты жігіт Үсен Қожаназаровты келісімге шақырды. Ақыры заман талабына сай, талғамы жоғары, көзі ашық, жас кәсіпкердің болмысынан дегдар-лық таныған Қожаназаров жібіп сала берді. Сөйтіп, екі мекеменің басшысы ортақ мәмілеге келіп, бір шаңырақтың астында қызмет ете бастады.

Бертінде Иран Елубайұлы бір әңгімесінде «Тағдыр маған болашағымды сездіргендей мүгедектер қоғамдық бірлестігімен ойлама-

ған жерден бірігіп жұмыс істеуге жазды. Бұл менің мүмкіндігі шектеулі жандармен әрі тағдырлас, әрі жұмыстас болатынымның алғашқы белгісіндей еді.

Үсен Қожаназаровпен өте жақын араласып кеттім. Мүгедек жандардың мәселесімен танысып, олардың қиындығына қанықтым. Өзімнің он екі мүшем сау болса да, сол кезде жарымжан адамдардың мұңы жанымды ауыртқан еді. Бұның бәрі кездейсоқтық болмағанын кейін білдім...» деп толғанған еді...

Арада біраз уақыт өткенде Үсен Қожаназаров Қазақстан Парламентінің екінші шақырылымына депутат болып сайланып, Алматыға қоныс аударды. Иран мен Үсеннің арасындағы бизнестік әріптестік пен тосыннан болған таныстық кейін келе нағыз достыққа ұласып, жанашыр ағалы-інілі адамдарға айналдырған еді. Үсен Иранның асау тайдай жүгенге бағынбай, жұлқынып тұрған жігері мен алға қойған мақсатынан жаңылмайтын табандылығына риза болып отыратын. Сол себепті жас кәсіпкерге қолдау танытып, оны бастаған ісін дамыту үшін сол кездегі ел астанасы — Алматыға шақырады. Таулы жерден оған арнап жер учаскесін таңдап қойғанын айтады. Бұл шақыруға Иран көп ойланады. Әзірге тірі жанға тіс жарып айтпай, өз ішінде сақтаса да, іштей Алматыға көшудің жайын ойластырады.

Халық саны көп, табиғаты тамылжып тұратын Алатаудың баурайы, Жетісудың жеріне Иран ертеден-ақ құштар болатын. Әйтсе де, шаруасын әлі де біраз дөңгелетіп, бизнесін аяғынан нық тұрғызуға ниет етіп жүрген. Бірақ Үсен Қожаназаров оған «Жеріңді көріп, бір тілдесіп қайт» деп шақыруды жиілете берді. Алыстан қол бұлғап арайлы Алматы тұрған соң, Иран жұмыс қарқынын күшейтіп, Жетісу жеріне қоныс аударуға іштей дайындала бастады...

Бұл кезде бизнесінің есеп айырысуы «өзара есептесу — взаймо-зачет» түрінде жүргізіледі. Геологиялық зерттеу жүргізіп, жерді бұрғылап, топырақ құрамын анықтап берген бұлардың геодезиялық жұмыстарының ақысына көмір разъездері көмір немесе жылу, әйтпесе жанар-жағармай, тағы да басқа сол еңбек көлеміне тиесілі

заттай төлейтін. Ол көмірді тұрмыстық техникалар сататын дүкендерге өткізіп, оның орнына тоңазытқыштар немесе кір жуатын машина, тағы басқа заттар алып, Иранның мекемесі айырбас жасап отырушы еді. Бұл тауарларды керекті материалдарды алу үшін тағы басқа мекемеге айырбастайды. Жалпы бизнестің алғашқы барысы осылайша өрбіді. Ол кезде ақшаның құны жоқ. Көпшілік оны «сабан сом» деп атады. Қазақстан Тәуелсіздігін алған соң, 1993 жылы ғана жаңа ақша — теңге қолданысқа енген. Оған дейін жұмыс беруші мен орындаушының арасындағы есеп айырысу осылай шешілетін.

Кеңес өкіметінің соңғы жылдары одақ құрамындағы он бес республика экономикалық құлдырауға шындап бет алды. Халыққа қажет өнімдер өндіріліп үлгермеді. Көптеген тауар түрлері дефицитке айналды. Ондай қат заттарға қолы ұзындар мен тамыр-таны-сы барлар ғана ие болды Әсіресе, жеңіл көлік алу үшін мемлекеттік тапсырыспен он-он бес жыл кезекте тұруға тура келетін. Ақыры одақ ыдырап, әр республика өзінің тәуелсіздігін ала бастады. Бұл кезде орда бұзар отызға аяқ басқан Иран бизнесін жүргізе отырып, жеңіл автокөлікті кезексіз-ақ сатып алды. Жап-жаңа ВАЗ-1007 машинасы дамыл таппай еңбек етіп, шапқылайтын Иранның бойына қанат бітіргендей болды...

Осылай тынбай еңбектеніп, тыраштанған Иранның ісі алға өрлеп келе жатқан. Алайда баяғы Алматыға шақырған ұсынысты ол бір сәт те ойынан шығара алмады.

Бір жолы Иран отбасын алып Қарағандыға бармақ болған. Іскерлік кездесулер бар, одан қалса, қонақ ретінде шақырып жүргендер бар. Отағасы іштей Қарағандыдан соң Алматыға барып қайтуға бекінді. Сөйтіп, баяғы танысы Үсен Қажаназаровқа барып, жерді көріп, жан жары Жанатқа тосын сый жасамаққа ниеттенді.

Қарағандыда қонақта болды. Одан әрі алдағы іскерлік кездесулер-дің күнін белгілеп, жоспарын құрды. Сол аралықта енді Алматыға сая-хаттап әрі жаңа ортаны көріп қайтуға жолға дайындалды.

Алматыға көшу туралы ойын отбасы, әрине, жылы қабылдады. Сөйтіп, өз қызығы өзіне жететін ынтымағы ұйыған, алдан күтері көп

берекелі отбасы бала-шағасымен көлікке мінгесіп, Қарағандыдан Алматыға аттанды.

Айнала аппақ қар. Жол алыс. Айдалада жыландай ирелеңдеп, қарсы алдыңда созылып жатқан тас жол бейне аспанға алып шығатын бір тепкіш тәрізденеді. Барған сайын жіңішкеріп, созыла түсіп жатады да, көкжиекке сіңіп жоқ болып кеткендей болады.

Отбасына, туған-туыс, еліне қызмет етсем, әлі талай асуларды алсам деп ой кешетін тепсе темір үзетін жігіт көлік тізгінін шырқ үйіріп отыр. Алайда ойы сан саққа шашыраулы еді. Бизнесін биіктете түскісі келеді. Сөйтіп, нәсіп болса, Алатау баурайындағы әсем Алматыға қоныс аударып, сол жерде өз қызметін үлкен арнаға бұруды армандайды. Бас қалада кәсібін өркендетіп, ұрпағын өсіріп, айналасына да үлкен игілік жасауды мұрат етеді. Отбасын бірге алып келе жатқаны да сол, жер жаннаты аталған Жетісу өңірін көрсетіп, атағы алысқа жайылған алқызыл апорт алмасымен мақтанатын Алматы сынды қаламен таныстыру. Өздеріне болашақ мекен болар шаһардың шырайын көріп, ондағы өздеріне арнап Үсен ағасы алып қойған жеріне табан тигізу.

Иә, жан дүниесі жайсаң, ерік-жігері бекем, талабы таудай, ары-ны асау өзеннің ағысындай Иранның алға қойған мақсат-мұраты өміршең еді. Қырандай қанат қаққан қиялы астындағы зулап келе жатқан темір тұлпарынан да оза шауып, қияндарға қол созып жатқан. «Жүрмеген жердің ойлы-шұңқыры көп» емес пе? Атам қазақ әрқашан сақтанып отыратын жол кесірі де сәт талғамайды ғой. Ой-арманы алып ұшқан Иран қара жолдың қырсығына тап боламын деп ойлаған жоқ-тын. Жалындаған жас талабы әрдайым алға жетелегеніне Иран айыпты да емес сияқты...

Алайда «Апат айтып келмейді» деген рас екен. Қарашаның қара суығында суыт келе жатқан автокөлік Қарағанды — Алматы тас жолында кенет аласапыран апатқа душар болды. Өрлеп, өсіп, өндіріп еңбектеніп, барлығына үлгеремін деп келе жатқан жас жігіт аяқасты болған апаттан бір-ақ күнде, бір-ақ сәтте кемтарға айналды...

Екінші өмір

Омарбековтер жанұясы алапат апатқа ұшыраған соң Қарағанды қаласының жарақаттанғандарды емдейтін қалалық ауруханасына келіп түскен. Періштесі қаққан Талант дін аман екен. Кішкентай Ержанның қол-аяғы жарақаттанып, төсекке таңылды. Жанаттың бет сүйегі жарылып, жамбас сүйегі тайып кетіпті. Ол да ауыр халде ауруханаға жатқызылды. Іштеріндегі ең ауыр зардап шеккен — Иран. Екі аяғы бірдей жансызданып қалған оның қолын көтеруге шамасы болмады. Денесінде дәрмен жоқ. Екі көзі ғана жылтырайды. Басын да қозғай алар емес. Мойын омыртқасы сынған, ішіндегі ми қабаттары мен жүйке талшықтары зақымданған.

1991 жыл да келіп жетті. Заманнның таршылық кезі еді бұл. Дәрігерлердің көбі сауда-саттыққа кетіп, бюджеттік мекемелерде жылдап жалақы алмайтын адамдар құлықсыз қызмет етіп жүрген. Ауруханаларда мардымды дәрі-дәрмек жоқ. Бір тілім бинт, мақта, медициналық алғашқы көмекке керекті дәрумендердің өзін табу қиямет-қайымға айналды.

Барлық жерді жауапсыздық жайлаған. Елдің күн көруі қиынға соққан еді. Әйтеуір, бұған дейін жиған-терген қаржысы, жүріп тұрған бизнесі болған Иран ұсақ-түйек керек-жарақтардан қысылмады.

Ерлі-зайыпты екеу қаланың екі шетіндегі ауруханада жатқан. Бірін-бірі көре алмады. Ал кішкентай ұлы Ержан тіптен басқа емделу мекемесінде. Расында, кімнің қандай халде екенін білудің өзі мұңға айналды.

Кеше ғана арындап жүрген жігіттің ойламаған жерде төсек тартып жатуы қиынға соқты. Алайда қолдан келер қайран жоқ. Иран-ның жаздай жайнаған өмірін күл-парша еткен қара түнек, қара бұлт қабағын ашар болмады. Омарбековтердің отбасына осылай ұзаққа созылатын сын сағат туды...

* * *

Иран ауруханаға әкелінген соң үш күн ес-түссіз жатып, әрең есін жиған. Денесін таспен бастырып қойғандай, ешқандай қимыл жа-

сай алмайды. Үй іші, бала-шағасының халдері нешік? Әрең-әрең тілге келіп, дәрігерлерден отбасының жағдайын сұрастырып қояды. Талай жанның тағдыры шешілетін жан сақтау бөлмесінің бөлекше аурасында бір ұйықтап, бір оянып, есі кіресілі-шығасылы күйде біраз уақыт жатты. Жанаттың басқа жерде, балалардың одан бөлек екені өзегін өртеп, жанын күйдіріп әкетіп барады. Өкініштің ащы дерті жанын жегідей жей түседі.

«Көлікпен неге қатты асығып жүрдім? Балаларыма, отбасыма зияным тиді. Ары қарай не болмақ?.. Өз аяғыммен жүре алмасам бұл өмірдің маған керегі не?.. Не істедім? Енді кімге керекпін? Қозғала алмай жатқан адамға кім қарайды? Өмірмен қоштасудың қандай жолы бар?..»

Осындай қорқынышты ойлар Иранды қаумалай түсті. Қаптаған қара түнек ойлармен арбасып, арпалысып жатып ұйықтап кетеді. Лезде шошып оянады. Төбеге қарап сарылып жатқанда көзіне көлбеңдеген неше түрлі көріністер елестейді. Қимылсыз жатқанда күн ұзарып кетеді екен. Иран әрең дегенде таң атырып, күн батырып жатады.

Осындай қиын сәтте жан жары Жанаттың жазған хаттары ғана көңіліне медеу болды. Өзі ауырып, ем алып жатса да, ерінің рухын оятып, өзінің сүйіспеншілігін, сүйкімді ұлдарын, олардың болашағынан көп үміт күтетінін, әлі алда күреске толы қызық өмір күтіп тұрғанын айтып үздіксіз хат жазады ол. Осылай әйелге тән ақылмандықпен жан жары, ер азаматы Иранның өмір сәулесін сөндірмей ұстап тұруға тырысады. Иран болса әр хатты жүрек тол-қынысымен оқып, көзіне жас алады. Жігерлендіріп, рухтандырып отырған жарын Алланың үлкен сыйы, адал періштесі деп ұғады.

Бір күні ауруханада жатқан Иранға кішкентай Ержанның қолы салынған хат келді. Оны көрген жігіт өмір шырағы жарқ етіп жана түскендей, қуанып, кәдімгідей жігерленіп сала берді. Әрине, ержетіп үлгермеген ұлдары бар. Оларды әлі өсіріп, жетілдіру қажет. Сол үшін Иран өз-өзіне келуге, мықты болуға тиіс!

Иран осылай өмір үшін іштей күресіп жатқанда мұны сыртынан ажал төңіректеп жүрген. Иранды емдейтін жан сақтау бөлімінің

дәрігері Георгий Дош науқастың хал-жағдайын сұрай келгендерге «Сырқаттың көп дегенде үш жұмалық өмірі қалды. Осы бастан жерлеуге дайындала бергендерің жөн...» деген кеңесін айтып, шарасыздық танытып отырған.

Аяқ-қолы, тіпті басы қозғалмаса да, Иранның кеудесінде арыстанның жүрегіндей мықты жүрек дүрсілінен жаңылмай, менмұнда-лап тұр еді. Жігер мен рух тұнған көзі жанып, ой-қиялмен Иран сан тарапты шарлап, төсегінде жатқан.

Иранның дәрігерінен «Аз күні қалды» дегенді естіген ата-анасы не істерін білмей дал болды. Күндей көтеріліп келе жатқан ұлының күрт төмендеп, күлдей болғанына қатты күйзелді. Біресе балаларының тірі екеніне тәубе етсе, біресе қара суықта қатқақ болатын қара жолға неге шықты деген өкініш өзегін өртеп бара жатты.

Апат қарашаның 26-сы болса, содан тура бір апта өткенде, яғни желтоқсанның 3-і Иранның туған күні болатын. Ол отыз екіге толатын еді. Туған күнін жылда бірге атап өтіп жүрген дос-жаран-дары Қарағандыға ағылып, ауруханаға келіп жатты. Жан жолдастары Марат Бекпаев пен Елтай Батхондин Иранның дәрігері Георгий Дошқа жолығып, кәсіби мамандар ретінде сырқаттың жағдайы туралы ақылдасып кетеді. Иранға, негізінде, бір аптадан соң ота жасау белгіленген. Алайда оның бүйректері операцияны көтере алмайтын болғандықтан, дәрігер ота жасауды кейінге қалдырған екен. Марат пен Елтай Георгий Дошпен кеңесе келе, тура бір аптадан соң ота жасау керек деп ұйғарғанын айтты.

Елтайдан соң Иранның ағасы Серік келеді. Ол мойын омыртқасы зақымданғанын білісімен бұған міндетті түрде бірінші кезекте халықтық ем жасайтын сынықшы керек деп шешеді. Семей жақтағы, Павлодар өңіріндегі елден сұрастырып, қолының шипасы бар сынықшыны табады. Негізгі мамандығы құрылысшы болып істейтін семейлік Рысбек атты сынықшыны арнайы Иранға алып келеді. Ол Иранның шығып кеткен омыртқасын салуға бел байлап, қолдан келген емін жасайды. Рысбектің әрекетінен соң Иран саусақтарын қимылдата алатын жағдайға жетеді. Бұның өзі мүлдем қыбырсыз жатқан адамға үміт сәулесін жаққандай болады.