Жажда жизни — Саухат Жумагуль – Страница 5
| Название: | Жажда жизни |
| Автор: | Саухат Жумагуль |
| Жанр: | Биографии и мемуары |
| Издательство: | |
| Год: | 2012 |
| ISBN: | 978-601-292-648-4 |
| Язык книги: | Русский, казахский |
| Скачать: |
Жаңа ғасыр
Сонымен жаңа ғасыр табалдырықтан аттады. Жаңа жылдан соң мемлекет басшысының тәртібімен әр аймақтың әкімдері өткен жылдың есебін беріп, ауыл-аймаққа сабылып, халықпен кездесу-лер ұйымдастыруды бастайды. Бұл есеп беру аяқтала салысымен, қалыптаса бастаған дәстүр бойынша ақпанның тұсында Елбасы халыққа есеп беріп, келешекте атқарылар жұмыстарды жоспарлап, өзінің Жолдауын арнайды.
Бұл Жолдауды Қазақстан халқы жыл сайын үлкен үмітін үкілеп, айрықша ықыласпен күтеді. Келер жылдары қандай бағдарламалар іске асарын, мемлекетіміз дамудың қандай тиімді жолдарын таңдағанын зор ынтамен тыңдап, сол бағдар бойынша жұмыстарын жүргізуге дайындалады. Елбасының ғасыр басындағы Жолдауы «Жаңа ғасырдағы жаңа Қазақстан» деп аталды. Онда еліміздің өсіп-өркендеу жолы, сыртқы және ішкі саясатының басым бағыттары нақтыланды. Ендігі кезекте Қазақстан халқының алды-на бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына ену жоспары қойылды. Дағдарыстың шылауынан шығып, енді бәсекеге түсетіндей белді, беделді ел болғанымызды күнделікті болып жатқан жаңаша жетістіктерден-ақ көруге болатын. Жаңа ғасырдағы жаңа Қазақстанның жаңа Астанасы бүкіл елді біріктіретін брендке айналуы тиіс екенін Елбасы қадап айтты.
Күн санап, сағат санап өзгеріп, өсіп келе жатқан Астананың бет-бейнесі айнадан айқын байқалады. Ендігі кезекте Иран үшін де Екібастұздың деңгейінде жасалған жұмыстар таршылық еткендей көрініп, Елбасы бастап отырған сара жолға өзінің азаматтық үлесін қосу мақсаты Жолдаудан кейін қанат қаққандай болды.
Қыстың соңында Иран Астанаға арнайы барып, Елбасының қабылдауына кірмек болды. Миллиондаған адамдардың мәселесімен айналысып отырған Елбасының оны қабылдауына уақыты табылар ма екен деген алашапқын ойлар да мазалап, кейде ойынан жаңылдырғандай еді.
Әйтсе де, 2000 жылдың мамыр айында Астанаға әдейі барып, Елбасының қабылдауына арыз жазып, хат дайындап, кезекке тіркеліп қойды.
Президент Әкімшілігіндегі азаматтар «Тікелей Елбасының өзінің қабылдауына кіру оңай шаруа емес, сондықтан шаруаларыңыз болса, бұны көмекшілеріне немесе тағы да басқа жауапты қызметкерлерге жолығып, айтып жеткізуге болады. Ал Президенттің өзі қабылдауға келіссе, оны көп уақыт тосу керек» деп түсіндірді. Әйтсе де, мақсатынан жаңылмайтын Иран «Мен тікелей Елбасының қабылдауын күтемін. Қашан қабылдағанша тосудан жалықпаймын» деп айтқанынан қайтпады.
Елбасының қабылдауына ену үшін Иран өзінің қысқаша өмірбаянын, мүгедектікке түскен себебін, одан кейінгі атқарған қызметтерін, ашқан орталығын, оның немен айналысатынын, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өзекті мәселелерін, оларға жұмыс орнын табудың, қордаланған проблемаларын шешудің өзіндік түйіндері мен жоба-жоспарларын бастан-аяқ баяндап хатқа түсірген. Енді жоғарыдан тағатсыздана жауап күте бастады. «Талапты ерге нұр жа-уар» деген рас екен. Алланың сәті түсіп, маусымның сегізі күні Елба-сының қабылдауына рұқсат етілгені туралы хабар алды. Иранның төбесі көкке жеткендей болды.
Белгіленген күні Иран Астанаға келіп, Ақордаға аяқ басқан. Үш сағат бұрын резиденцияға кіріп, алдын ала тексеруден өткеннен кейін әр секундты толқулы, қобалжулы күйде өткізіп тұр еді.
Кейін бұл жайлы бір газетке берген сұхбатында «Күзет қызметкерлері де, көмекшілері де не туралы айтуға болады, не туралы айтуға болмайтыны жөнінде ақыл-кеңестерін беріп жатыр. Үш дәлізден өтіп, менің өзім тіпті біртүрлі күйге түсіп, өзімді жаман сезіне бастадым. Сондықтан денсаулығыма байланысты мені бірінші қабылдауын өтіндім. Сол кезде Президенттің жеке дәрігері келіп дәрі беріп, бұның барлығы толқығаннан екенін түсіндірді. Қабылдауға біз төрт адам (үшеуі алматылықтар) бірдей ендік. Әрқайсымызға 5-7 минут беріледі екен. Алайда кездесу регламенттен асып кетіп, бір сағатқа созылды.
Ал Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар баев болса «Бәрекелді, бір аяғыңмен о дүниеде болып қайттың, содан тірі қалып, өзіңе, отбасыңа, басқа адамдарға көмектесіп отырсың. Егер де әрбір азамат осылай жасаса, бізге өмір сүру әлдеқайда жеңіл болатын еді» деп ризашылығын білдірді.
Егер шындығына келетін болсақ, Елбасының қойған сұрақтарының барлығы көмекшілері «Айтуға болмайды» деп ескерткен мәселелер төңірегінде болды. Мен жол апаты туралы, одан кейін қайда емделгенім туралы, «Жанат» мүгедектерді белсенді оңалту орталығын ашқаным туралы айттым. Мүгедектер туралы Заң қабылдауымыз керек екенін, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жұмыс беру керектігін, жалпы өзімді толғандырып жүрген мәселелердің барлығын баяндап бердім.
Ал Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болса «Бәрекелді, бір аяғыңмен о дүниеде болып қайттың, содан тірі қалып, өзіңе, отбасыңа, басқа адамдарға көмектесіп отырсың. Егер де әрбір азамат осылай жасаса, бізге өмір сүру әлдеқайда жеңіл болатын еді» деп ризашылығын білдірді.
Мемлекет басшысы сондай-ақ егер де Павлодарға келетін болса, Екібастұзға соғып, біздің орталықты да көруге уәде берді.
Елбасы мүгедектерді оңалту орталығын барлық аймақтарда ашу қажеттігін, оны алдыңғы саптағы мәселелердің қатарына қою керектігін айтты. Екібастұзда біз ашқан орталық жақсы нәтиже беріп жатса, оны дамытып, Астанаға осы орталықтың негізінде мүгедек-терге қамқор болар бірлестік ашу керектігін айтып, соның жоба-жоспарын қаперге алуға кеңес берді. «Астанаға жаңа қарқын керек. Дамыған елу елдің қатарына еніп, бәсекеге қабілеттілігімізді арттыру үшін әлемдік стандарттарға сай, мүгедектердің құқы қор-ғалатындай мүмкіндіктер қарастырылу қажет. Болашақта ЕҰҚҰ-ға төрағалық ету үшін Еуропа және басқа да дамыған елдердегідей мүгедектерге жағдай жасап үлгеруіміз керек. Біріккен Ұлттар Ұйымы бекіткен «Мүгедектердің құқы туралы» жазылған кон-венцияның іске асуын қадағалауымыз керек», — деді Елбасы.
Жалпы айтқанда, Елбасы бұл орталықты кішкентай бір аймақтың көлемінде тұмшаламай, Астанаға әкеліп, жұмысқа басқа да жандарды жұмылдыруға кеңес берді.
Бұдан соң мен Елбасыға болашақта Астанаға келіп, орталықты осында көшіріп, өзім сияқты мүгедектердің ғана емес, жалпы Қазақстан азаматтарының рухын көтеруге қызмет ететінімді айттым.
Ақордадан осылай қанаттанып шықтым. Мұндай Мемлекет басшысымен біздің республикамыз жуық арада-ақ гүлденген елге айналады. Мен төсекте таңылып жатқанда-ақ елде жүріп жатқан реформалар жемісін береріне сендім және білдім. Енді, міне, оны көріп, көзім жетіп отыр. Ең бастысы — біздің елде, Қазақстанда соғыс жоқ, бұл — тікелей Президенттің саясатының арқасы. Ал қалған дүниенің барлығы ақырын-ақырын өзінің жөніне келіп, түзеледі» деген екен Иран Елбасының қабылдауында болып келген соң Екібастұз қалалық «Голос Экибастуза» газетіне берген сұх-батында...
Жалған дүниеде Жаратушының әр адамға тартар тәбәрігі әр түрлі. Иран Елбасының қабылдауында болып келгеннен кейін бойына ғайыптан жаңа күш біткендей жаңа ойлар мен мақсаттарды алдына қоя бастады.
Иран енді Еуропа елдерінің тәжірибесіне зер салды. Олардың мүгедектерге жасаған қамқорлығына, қоғамның әр саласында олардың өз бетінше жүріп-тұрып, жұрт қатарлы еркін өмір сүруге мүмкіндік жасағанына қайран қалды.
Байқайды, ол елдердегі жағдай мен біздегі жағдайды қараса, айырма жер мен көктей. Кеңестік кезеңде қалыптасқан үлгі бойынша бізде кемтар жандарға кемсітушілік, аяушылық басым. Ал бұл аяу олардың жан жарасын ұлғайтып, одан сайын көптен оқшаулануына әкеп соқтыратынын сезбейтін тәріздіміз. Мүгедек жандарға арналған арнайы мектептер, арнайы кітапханалар, интернат-үйі — мұның бәрі сол кемтар жандарды көзден тасалап, қоғамнан алыстату үшін жасалған. Ал Еуропа елдерінде, басқа да дамыған жерлерде мүгедектер бұлай қоғамнан аласталмай, барлық жерде, барлық са-
лада өзгелермен тең құқықты түрде қызмет істеп жүреді емес пе? Өзгелер кірген дүкенге олар да кіріп шыға алады. Өзгелер барған кинотеатрға, спорт залдарға олар да кіре алады. Өзгелермен бір үйде тұрып, өз бетінше жүре алады. Қоғамдық көліктер де олардың өз бетінше мініп, түсуіне ыңғайланған. Ал өз құқын талап етіп немесе өтінішін, арызын айтып баратын басқару мекемелері, яғни бізше әкімдіктер мен соған қарасты мекемелер қызметін тұтынушы мүгедектерге арнап қоларбаларын да дайындап отырады емес пе? Ал бізде қарапайым үйдің өзіне кіріп-шығатын мүгедектерге арналған лифтілер жоқ.
Расында, біздің қоғамда мүгедектерге қамқорлық оларды мүсіркеп, аяудан аспай жатады. Онсыз да қамкөңіл, жаралы жүректерге бұл мүсіркеу қаяу салып жататынын көпшілік сезінбейді.
Тағы бір мысал, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қайырымдылық шаралары айқайлап айту үшін ғана жасалады. Ал ислам бойынша «Жасаған жақсылықты айтқан сайын сауабы азаяды». Яғни, әлдекімге көмектескісі келген адам «Алланың ризалығы үшін» деп қайырымдылық ісін жарияламай жасауға тиіс.
Иран Елубайұлы жұмысын жаңа белеске алып шықпас бұрын осылай көп ойланды. Байыптаса, мемлекет тарапынан берілетін қамқорлық та айтуға тұрмастай екен. Әсіресе, үкіметтен мүгедектерге арба алып бергенде жалпы халыққа ең сапасыз, нашар қоларба таңдап алынады. Онымен жарымжан бір-екі рет үй алдына шығып серуендегеннен кейін-ақ қоларба шыдамай, шашылып қалады. Сол секілді протездік заттардың да сапасы төмен. Мұның бәрі мүгедек-терге мемлекет тарапынан берілетін көмектің, яғни протездер, арбалар, т.б. заттарды алуға тендер жариялаудың кесірі деп түйді Иран. Ал бұлай арзанға жүгіруге болмайды. Себебі арбаны ол мүгедектер аяғының орынына пайдалану үшін алады. Ал аяқтың ыңғайлы болуы, шыдамды болуы кімге болсын өте қажет.
Қоғамда қалыптасқан осындай келеңсіздіктерге күйінген Иран не де болса Елбасының алдында берген уәдесін орындау үшін қайратына мінді.
Жас қаладан — Астанаға
Балдаққа сүйенген адамның бір қаладан бір қалаға көшуі былай тұрсын, бір бөлмеден бір бөлмеге баруы қиямет-қайым. Алайда тұла бойына күш пен қайрат тұнған Иран өмірінің жарқын белесіне бет алды. Аяғы тұсауланған тұлпардай еді ол. Қанша жылдан бері бойына жабысқан кемтарлық тартқылап, тоқтатпақ болса да, тұла бойына біткен қуат-күш дертке бой алдырмады. Мұндай өзіне деген сенімділік қалыптастыруға жан жары Жанаттың қосқан үлесі мол. Оның сыртында, Иранның сал болып, төсек тартып жатқанын қаламай, оны өмірге құлшындырып отырған адал достары да жетерлік. Осының бәрі ер азаматқа Алланың шапағатын төгіп, мейірленіп тұрғаны емей немене?!
Иран отбасымен ұзамай Астанаға көшіп келді де, үш бөлмелі пәтер сатып алды. Үйі оған әрі кеңсе, әрі баспана болды. Арқа тұтар ағасы әрі жақын жанашыр досы ретінде әрдайым қасынан табылатын Жеңіс Қайдарұлы бұған дейін Астанаға қоныс теуіп үлгерген болатын. Келген бетте архитектура саласына қызметке тұрып, орнығып алған еді. Иранға қаладан учаскесін алуға көмектесті.
Қалаға келгендегі Иранның алғашқы жұмысы баяғы Томск ғалымдарымен, Екібастұздағы дәрігерлермен кеңесе жүріп өзі жасап шығарған МГАРП-01 омыртқыларды емдеу аппаратын атестация-дан өткізіп, авторлық құқығын алу болды. Ол үшін Денсаулық сақтау министрлігіне барып, қажетті құжаттарын тапсырды.
Екібастұз қаласында ашылған «Денсаулық» емханасының жанындағы зертханада зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы Иран бұл апппаратты пайдаға асыруға болатынын дәлелдеген. Оның алдында Ресейдің Кемерово қаласындағы дәрігер-ғалымдармен бірігіп, іске қосуға талпынғаны бар. Ол жақта медицина ғылымдарының докторы, профессор Михайл Михайлович Клеменкомен ақылдасып, зерттеу жүргізген болатын. Содан кейін аппаратты әкелу де оңайға соқпаған еді. Екібастұз қаласындағы көмір өндіретін «Богатырь Аксесс Көмір» корпорациясы екі аппаратты елге жеткізуге жәрдемдескен. Содан бері өзі де осы аппарат арқылы емделіп,
Екібастұздағы науқастардың да денсаулығын біршама оңалтуына септігін тигізген.
Ойлап қараса, Екібастұзда осы МГАРП-01 омыртқыларды емдеу аппаратымен үш мың адам емделіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізіпті. Соның бәрі Астанада Денсаулық министрлігінің құжаттама-ны қабылдап, рұқсат беруіне түрткі болды.
Астанаға келген соң ұзамай Иран қала ішінен «Жанат» мүгедек-терді белсенді оңалту спорттық орталығын ашты да, МГАРП-01 аппаратын іске қоса бастады. Аппарт астаналық мүгедектердің тұтынуына берілгеннен кейін жергілікті халық қуанып, оң бағасын беріп жүрді. Емдеу құрылғысын пайдалану әдістемесі мен құрылымы жайлы Қазақстан ғалымдарына ұсыным қағаздарын әзірлетіп, оны өндіріске енгізуге жолдама алды.
Мүгедектерді оңалту орталығын өркендету үшін оған демеу болар бизнес кәсіпорыны қажет. Осыны түсінген Иран тағы да өзінің алғашқы мамандығына бет бұруды ойластырды. Алған біліктілігі бойынша Иран — геологияның үлкен саласы — геодезиялық жоба-лау-іздестіру жұмыстарының маманы.
Жалпы геолог — қияндарды аралайтын саяхатшылыққа ұқсас, қиындығы мен қызығы көп кәсіп түрі. Алыс-алыс жерлер мен тылсым табиғаттың қат-қабат қатпарларын анықтайтын мамандықтың қауіп-қатері де көп болып келеді. Оған бел буу үшін құрылатын командалық отряд та мықты болуы шарт. Геологтар мамандығында еңбек ететіндер үшін шыдамдылық — таптырмайтын табыстың көзі. Көбіне экспидицияларға шығуға тура келеді.
Астанада әлі де танылып үлгермеген, жаңадан ғана ашылған із-дестіру-жобалау жұмыстарымен айналысатын бұл мекемеге алғашқы беттегі қиыншылықтар адам төзгісіз ауыртпалықтарды алып келді. Иран Екібастұзда өзімен бірге жұмыс атқарған білімді деген мамандармен арнайы хабарласып, Астанада жұмыс бастауға шақырды. Олар — Иранмен алғашқы күннен бастап бірге жұмыс істеген, осы кәсіптің ащысы мен тұщысын бірге татып, ғажабы мен азабын бірге көріп келе жатқан Галина Сергеевна Мудригель және Нина Васильевна Орловец. Қазіргі таңда Галина Мудригель — «Жанат» мүгедектерді
белсенді оңалту спорттық орталығы геология бөлімінің бас геолог маманы, ал Нина Орловец жетекші геолог маманы қызметтерін атқарады. Басшылары Иран Омарбековтің арқасында олар геолог жұмысының жөнін бір ізге салып, бірге еңбек еткен жылдарда кездесіп отырған қиындықтарға мойыған емес.
Бұл мамандықтың жеңілдігі де, ауыртпалығы да қатар өрілген. Себебі көптеген алыс жерлерге баратын іссапарлар барысында әр түрлі жағдайларға тап болып отырады. Жалпы бұл геология бөлімінің құрылғанынан бастап, бүгінгі күнгі жеткен жетістіктеріне де-йінгі қысқаша тарихын Иранның әріптестері былай еске алады.
2003 жыл болатын. Ол кезде Галина Сергеевна да, Нина Васильевна да Екібастұзда еңбек етіп жүрген. Бір күні оларға бұрыннан таныс көз, білікті ұйымдастырушылары болған, әріптестері Иран Омарбе-ков телефон арқылы хабарласады.
— Қыздар, осы іздестіру жұмыстарымен Астанада айналысқыларың келе ме?
Бұлар бірауыздан:
— Әрине, барғымыз келеді. Бұл жұмысты жүргізудің бізге ешқандай қиындығы жоқ, — деп бірден келіседі.
— Қалайша қиындығы жоқ? — Иран әрі қарай өзі қазбалап сұрай бастайды.
Қыздар болса:
— Бізге берілген алаңды бұрғылаймыз да, жұмыстың зерттеулерін Екібастұзға келіп жүргіземіз, — дейді.
Әрине, бәрі осылайша оп-оңай шешіледі деп ойлаған.
— Ендеше, дипломдарың мен басқа құжаттарыңды дайындаңдар, жаңа жерге барып жұмыс бастаймыз, — дейді Иран бірден шешімін айтып.
Арада біраз уақыт өткен соң Иран Елубайұлы қоңырау шалады:
— Лицензияны алдық. Астанаға келіңдер. Жұмысымызды бастаймыз. Сендерге жуық арада Астананың жанындағы Учхоздан уақытша тұрақтайтын баспана дайын болады, — дейді нық сенімменен.
2004 жылы 31 мамырда геолог мамандар Астанада болады.
Келген соң алдымен жұмысқа қажетті құрал-жабдықтарды алады. Бірінші кезекте бұрғылайтын құрылғы, лаборатория және тағы да басқа қажетті заттар қажет болатын. Осы алғашқы жұмыс күндерін Иранның әріптестері былай еске алады: «Біз ең алғашқы Астанаға келген 31 мамыр жұмыс күні болатын. Елорданың вокзалынан бізді Иран Елубайұлы өз көлігімен күтіп алды. Кеңсеге алып келіп, аз-маз мән-жаймен таныстырды. Ол кезде кеңсе әлі толық дайын емес болатын. Қазіргі қосымша құрылыстары әлі жүргізілмеген еді. Мекемеде бір ғана компьютер бар екен. Бірақ бізді қарсы алған адамдар жақсы еді.
Иран Елубайұлы бізді көлігіне отырғызып алып қаламен таныстырып, аралатып шықты. Содан кейін Есілдің жағасындағы Учхоз-дағы коттедж үйге алып келіп орналастырды. Бұл өзі бақалары бақылдап, құстары сайрап, теректері жайқалып тұрған жұмақтай жер екен. Табиғатты көріп көңіліміз көтеріліп қалды».
Қалада шаруашылыққа арналған орындар да бар екен. Ол жерде лаборатория, бұрғылайтын құрылғы, тағы керек-жарақтар жинастырылған. Иран барлық жұмыскерлеріне ұялы байланыс телефондарын әперді.
Жұмысқа кіріскеннен кейін екінші аптасында Галина Сергеевна-ны Қарағанды қаласына іссапарға жіберді. Инженерлік-геология-лық, яғни өз саласы бойынша біліктілігін арттыру үшін. Қарағандыда оқып жүргенде ол дәріс беретін ұстаздардан институтқа компресті станоктар, қозғалмалы және лабораториялық жабдықтар алынғалы жатқанын естиді. Өздерінің Астанадағы кәсіпорындарына да осындай құрылғылардың қажет болатынын ойлаған ол құрылғыларды сататын мекемені сұрастырады. Лекция аяқталған соң оның мекенжайын тауып алып, станоктарды көруге барады. Сөйтіп, көрген-білген ақпаратының бәрін Иран Елубайұлына жеткізеді. Ұзамай жаңа кәсіпорындары қажетті құрылғылармен жабдықталады.
Бір айта кетерлігі, Астанадағы өмір басқаша екен. Екібастұзда өмір ағысы баяу өтетін сияқты еді. Асығыс ештеңе жоқ, бір күннің бір күннен айырмашылығы жоқтай көрінетін. Ал Астанада тоқтау дегенді білмейтін еңбекқор, қызуқанды Иранның жанына келген соң мүл-
дем өзгеше, қызу тіршілік басталып кетті. Бірінен соң бірі шығып, бірі-біріне ұласып жатқан жұмыстар... Адам мұнда конвейер сияқты екен. Жұмыстың бітпейтіні соншалық, кей күндері кешкі он бірге дейін жұмыста отырып, тіпті кеңседе ұйықтай салатын күндер де болды. Ең бастысы, қазаны қайнаған тірлікте көңіл тоқ, тұрмыстық қиындықтар орын алған жоқ.
Геология мамандығы шығармашылық еңбекті талап етеді. Өйтпейінше жұмыстың жақсы жүруі екіталай. Алғашқы жылдары геологтар кеңседе камеральдық жұмыстармен айналысып, Учхозда лабораториялық жұмыстармен шұғылданды. Жермен байланысты болғандықтан ба, бұл саладағы адам шаршау дегенді білмейді. Жерден энергия алып, бойға дарытатын секілді.
Әрине, жаңадан ғана ашылған мекеме тапсырыс берушілерді бірден өздеріне баурап әкете алмады. Қалада іздестіру-жобалау жұмыстарына тапсырыс қабылдайтын орталық бар. Сол жерге барып бұлар өз фирмасының белсенділігін айтып, тапсырыс алуға тырысады.
Алайда орталықтың басшылары маңайлатар болмады.
— Бұнда неге келдіңдер? Сендерді кім шақырды? — деп қабақ шытады орталық басшысы.
— Бізді арнайы шақырған ешкім жоқ. Бірақ біз бұл жерден тапсырыс алып, жұмыс істегіміз келеді, — дейді бұлар тайсалмай.
— Мұнда сендерсіз-ақ жұмыс істейтіндер жетеді. Барыңдар, босатыңдар бөлмені! — дейді бастық бақырайып.
Мұндай жауапқа қаймығып қайта салуға бола ма? «Шешінген судан тайынбас» дегендей, белді бекем буған Иранның қызметкерлері басқаша амалын ойластыра бастайды. Ұзын сөздің қысқасы, орталық басшылары бұларға Астанадан жұмыс беретін емес. Амалы таусылған Нина мен Галина соңғы мүмкіндікке сүйенеді де, Иранның фотосуретін алып, бастықтың столының үстіне қоя салады:
— Міне, мына кісі — біздің бастығымыз. Бірақ ол сізге көтеріле алмайды. Себебі мекемелеріңізде жоғары қабатқа көтерілетін лифті жоқ, — дейді тұнжырап.
Маңғаз бастық қолына суретті алады да, біраз бөгеліп, ойланып қалады.
Мұны көріп мекеме басшысының жұмсара бастағанын сезген Галина мен Нина енді тоқтамай сөйлей жөнеледі:
- — Сіздердің мекемелеріңізде лифт жоқ екен. Сондықтан ол кісі төменде тұр. Қаласаңыз, өзімен сөйлесіңіз. Қиналса да жоғары көтерілер...
Бұдан соң, әрине, әлгі бастық шыр-пыр болады:
- — Жоқ, керек емес. Ол кісі қиналып, жоғары шықпай-ақ қойсын. Мекемемізде лифтінің болмауы бізге сын. Бірақ біз мынадай мүгедек болса да еңбек етіп, тыраштанған адамға қолдау көрсетуге тиіспіз.
Сөйтіп, мүгедек адамның балдағына сүйеніп алып жұмысқа шығып, топ бастап жүргеніне разы болған басшы енді Иранның фирмасымен бірге жұмыс істеуге ыңғай таныта бастайды.
Астананың үлкен рыногына ену — көрінгеннің уысына түспейтін несібе. Соған қарамастан, өз істеріне тыңғылықты, майталман мамандардан құрылған Иранның фирмасы аз ғана уақыттың ішінде елордадағы қаптаған кәсіпорындардың арасынан суырылып алдыңғы қатарға шығады. Иран Елубайұлының білікті басшылығы мен асқақ абыройы болмағанда, үлкен құрылыс майданына айналған аймақтың рыногы бұларды езіп, жаншып, таптайтыны анық еді.
Арада жылдар өткенде Иранның кәсіпорны Астанада да таныла түсті. Жер қыртысын зерттеп, анықтату үшін бірыңғай тапсырыс беретін фирмалар да пайда бола бастады. Сөйтіп, таласып-тарма-сып жүріп, өз аяғына тұрған фирма табысқа кенеле бастады. Иран-ның мүгедектерді оңалту орталығы өткізетін түрлі қайырымдылық шаралар — мүгедектерге арналған мерекелік кештер, спорттық жарыстар, тағы да басқа мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты жасалып жатқан жұмыстар осы геология бөлімінің тапқан табысы арқылы жүргізіліп отырды.
Жиі-жиі өткізілетін мүгедектерге арналған шараларға, кездесу-лерге, іссапарларына мемлекет тарапынан қаржы бөліне бермейді. Ал геология бөлімінің тапқан табыс көзінің қызметкерлеріне бе-
рілетін жалақысынан басқасы үнемі осы орталықтың аясында ұйымдастырылған шараларға пайдаланылып отырды.
Иранның фирмасына бірінші болып тапсырыс берген — «Бекзат» фирмасы. Бұдан кейін «Астанақалажобалау» және тағы басқалар серіктес мекемеге айналды. Келе-келе тұрақты тапсырыс берушілер қалыптаса бастады. Бұлар: Инженерлік жобалау институты, ППК, ПСК, «USB GROUP», «Конструктив А», «Азат НТ Құрылыс», «Жаналық серали» және тағы басқа фирмалар мен құрылыс кәсіпорындары.
Осы жұмыстардың нәтижелі болуына Иран Елубайұлы зор мүмкіндіктер туғызды. Мұнда жұмыс қарқыны қатты, сыбай-салтаң артық жүріске мұрша жоқ. Істің ілгері басуына Иран Елубайұлының жағымды аурасы мен қызметкерлер үшін жасалған жақсы жағдай да ықпал етті. Кеңсенің ыңғайлы әрі ұйыған ұядай жайлылығы жанды жадыратып, барлығына күш-жігер беріп тұратын.
Олар өзге облыстар мен Астананың басқа да фирмаларының геологтарымен танысып, тіл табыса білді. «Жақсыда жаттық жоқ» демекші, қарағандылық әріптестері Вячеслав Алексеевич Дранников және Эльшан Велиев сияқты геологтармен ойлары бір жерге тоғысып, достасып кетеді. Осындай мамандар Иранның командасында, Астанада жұмыс атқарса, фирманың жұмысы үсті-үстіне дами түсетін еді деген ойларын да ортаға салады. Өйткені бұларға дәл солардай тәжірибелі де білікті бұрғылаушылар керек болатын. Бірақ енді ғана қаз-қаз басқан мекемеге ондай көп штат ашып, үлкен ауқымда жұмыс істеу әзірше ертерек еді.
Ол үшін алдымен жаңа технологиямен жабдықталған лаборатория мен жаңаша жасалған, заманауи үлгіге сай бұрғылайтын станок алу керек болды. Қарағандыдан алған станоктар мен лабораториялар елорданың қызу қарқынды жұмыстарының талаптарына жауап бере алмайтыны сезілді. Ал жаңа жабдықтар табу да оңай емес. Бірде Майқайың өндіріс орнынан осындай жаңа бұрғылайтын станокты байқап қалады. Бірақ оны зауыт басшылығы сатуға көнбей, әне-міне деп ұзақ уақытқа созып жібереді. Әйтсе де, олар жаңа бұрғыларды Алматыдан алуға болатынын айтып, мекенжайын береді.
Сонымен Иран бастаған мамандар Алматыға жол тартады. Келе сала бұрғы станоктарын сататын фирмаға барып, құрылғыларды көреді де, алуға шешім қабылдайды. Астанадан ала барған екі жүргізуші жігіт заманауи бұрғылау станоктарын Алматыдан Астанаға алып кетеді. Осылайша мақсатынан жаңылмайтын мамандар жұмыстары жандану үшін жағдайларын қамтамасыз етеді. Алған құрылғыларын қымбат бағалы аспаптармен толықтырады. Тапсырыс берушілер де көбейіп, бұлардың жұмыстарына шын ризалықтарын білдіріп жататын. Енді штатты кеңейтуге де жол ашылып, бұрыннан таныс, білікті мамандар Вячеслав Дранников пен Эльшан Велиевтерді қызметке шақырады. Олар Иран Елубайұлы-мен қайнаған қызу жұмысқа араласып кетеді.
Қазіргі күні «Жанат» мүгедектерді белсенді оңалту спорттық орталығы жанындағы геология бөлімінде он бірден астам білікті маман қызмет атқарады. Олар өздерінің табыстарын мүгедектердің мәселелерін шешуге арнап, олардың тұрақты демеушісіне айналды. Бүгінгі күнге дейін Иранның салған сара жолын жалғастырушы геолог мамандар алты жылдан астам уақытта Астананың бәсекеге қабілетті үлкен еңбек ұжымына айнала білді. Бұл, шындығында, Иранның қайтпас қажыры мен қайратының арқасында қалыптасқан, өз қолымен құрған авторлық ұжымы еді.
Бұрғылаушылар Астанаға көшкен оңалту орталығының ары қарай дамып жетілуіне көп еңбек сіңірді. Сол саланы қалыптастыру барысында Иран көптеген астаналық азаматтармен танысып, бірімен пікірлес, бірімен жолдас бола жүріп, оңалту орталығының қанатын кеңге жаюға күш салды.
Иранның Екібастұздан Астанаға қоныс аударуын қолдап, жақыннан жәрдем берген қарамағындағы жұмыскерлер мен қызметкерлер алғашқы кездегі барлық қиындықтарды бірге көтерісті. Кейін жемісін де бірге көрді. Оңалту орталығында 1994 жылдан бері бір елі қалмай есеп-қисабын жүргізіп, Иранның шарапаты мен шапа-ғатын көп көрген жанның бірі — Зауқия Омарбекова. Бұл кісінің фа-милиясы Омарбекова болған соң, оны көбі туысқаны немесе апайы екен деп ойлайтын. Иранның бір ерекшелігі, өз жұмысына туыс-
туған, жақын-жамағайынды жинаудан аулақ болатын. Оның негізгі ұстанымы — жұмыстың мәні өз деңгейінде, ал туысқандық жол өзінше бөлек сақталу керек дейтін. Бірақ туыс-туған, тамыр-таныс, жора-жолдастарына қаржылай көмек беріп, жәрдемдесуден ешқашан бас тартқан емес.